13. Дыбыс. Әріп. Фонема
Дыбыс. Әріп. Фонема
Сөздің айтылуы бар да, жазылуы бар. Әдетте мынадай көзқарас кездеседі. Шын – тіл жазылған (көзбен көріп отырған) тіл, яғни сөзді қатесіз жазу, жазылуындай етіп оқу. Ал айту (сөйлеу) оның шылауында кете береді. Тілдің фонетикалық құрылысын дұрыс меңгеру үшін алдымен осындай қате түсініктен арылу керек.
Дұрысы, жазудан гөрі айту әлдеқайда маңызды. Басқаны айтпағанда, әрбір адам алдымен сөйлеуді үйренеді де, содан соң жазуға көшеді. Күнделікті өмірде де адамның сөзді жазуынан гөрі айтуы, оқуынан гөрі тыңдауы көп орын алады. Тіпті үндемей ойлау, оқу, жазудың өзі де дыбыстарды іштей айтумен байланысты. Олай болатыны, сөздің өмір сүру формасы – дыбыс. Әріп – сол дыбысқа берілген шартты таңба. Бір ғана дыбысты әртүрлі (мәселен, д, d, т.б.) өрнектей беруге болады. Өзімізге мектептен таныс қағида: дыбысты айтамыз және есітеміз, ал әріпті жазамыз және көреміз. Әріпті оқу, айналып келгенде, дыбысты айту болып шығады.
А.Байтұрсынов өзінің алғашқы «Тіл – құрал» деп аталатын еңбегінде осыны айрықша қадағалап айтқан: «Дыбыс таңбасын қарып деп атаймыз. Сондықтан жазған сөз ішінде пәлен қарып бар дейміз». Дыбыспен екеуі екі басқа нәрсе. Біріне бірін қатыстырып, шатыстырмасқа тиіс. Дыбыс естілетін, көзге көрінбейтін нәрсе, қарып көрінетін, естілмейтін нәрсе. Содан бері 80 жыл өтті. Алайда осы бір қарапайым қағиданы әлі күнге пайымдай Алмай келеміз. Фонетика оқулығының өзінде әріп пен дыбыс бірінің орнына бірі талғаусыз қолданып жүр.
Әріп пен дыбысты шатыстыруға әсте болмайды. Әріп кейде жеке дыбысқа сәйкес келсе (мәселен, о, ө, ұ, ү), кейде бір әріп (мәселен, ю, я) бірнеше дыбыстың қосындысын (йұу, йүу, йа) өрнектейді. Керісінше, кейбір әріптердің (ь,ъ) дыбыстық мәні жоқ.
Әріп пен дыбыстың бір-біріне ылғи да сәйкес келе бермеуі сөздердің жазылуы мен айтылуының арасында ала-құлалық тудырады. Мәселен, адам, ана, жер, кісі, ойла, ат, қара, қызыл, кел, ескер, мен т.б. сөздердің жазылуы мен айтылуы бір-біріне жуық. Ал оқы, ойланба, тонға, басшы, көзсіз дегендер айтуда оқұ, ойланба, тоңға, башшы, көссүз түрінде болады. Әңгіме дыбыс туралы болған кезде әр кез сөздің айтылуы ескеріледі.
Тіл дыбыстары – адамның дыбыстау мүшелері қызметінің жемісі. Дыбыс – тілдің бір жақты единицасы: дыбысталады, бірақ мағынасы жоқ. Ал олардың белгісі бір тілде қалыптасқан тіркестері мағыналы сөздерді білдіреді. Олай болса, дыбыстар – тілдің мағыналы единицалары сөз бен морфемаларды (сөз бөлшектерін құрастыратын) материалдар қызметін атқарады.
Сөздер мен морфемаларды құрастыру үшін әр тіл өзінде бар толып жатқан дыбыстардың ішінен санаулы ғана дыбыстар типтерін (түрлерін) пайдаланады. Дыбыстық құрамының арқасында бас, көз, жер, су, адам, үй, қоян, сиыр, ауыл, қала сияқты сөздерді бір-бірімен шатастырмай, мағынасын дұрыс түсінеміз. Олай болатын болса, дыбыстар (дыбыстар типті) сөзді тануға қызмет етеді.
Қазақ тілінен хабары бар әрбір адам бал, мал, қал, жал, сал, тал, жай, жақ, жап, жар, жас, жат, жау, бар, бер, бор, бұр, бір сияқты дыбыс тіркестерінің әр түрлі сөздер екенін бірден ажыратады. Өйткені бұлар бір-біріне ұқсамайтын дыбыстар. Егер бір ғана сөзді (мал) тіліміздің заңына сәйкес түрлендіретін болсақ дыбыстар оларды бір-бірінен ажыратуға тағы да тірек болады (малдың, малға, малды, малы, малда, т.б.)
Қысқасы, тіл дыбыстары сөздер мен морфемаларды құрастыруға (жасауға), тануға (түсінуге), ажыратуға қызмет етеді. Бұл дұрысы, фонемалардың негізгі функциясы (қызметі)
Фонема деген не?
Фонема (phoneme – дыбыс ) – сөздер мен морфемаларды құрастырып, оларды бір-бірінен мағына және морфема жағынан ажыратуға септігі бар ең кішкене функциялық единицасы.
Тілде, әдетте, біз ойлағаннан әлдеқайда көп әр түрлі дыбыстар бар, олар әрбір жеке тілде сөздердің мағыналары мен формаларын ажырата алатындай санаулы ғана дыбыстар типіне, фонемаларға топтастырылады. Мәселен, ат, ет, от, өт деген сөздерде біздің түсінігімізше бір-ақ т дыбысы бар.
Шынтуайтқа келгенде, дауысты дыбыстардың әсерімен ол (т дыбысы) бірде жуан (ат, от), бірде жіңішке (ет, өт), бірде еріндік (от, өт), бірде езулік (ат, ет) болып біршама ауытқу, ерекшеліктермен немесе әртүрлі реңмен айтылады да, қызметіне қарай бір-ақ фонема деп танылады. Бір дыбыстың айтылуындағы мұндай ауытқу, рең тіл білімінде аллофон (гр. аllos-басқа) делінеді. Сондықтан сөз дыбыс емес, фонемадан құралады десе де болады.
Фонема туралы ілімнің алғаш негізін салған орыс және поляк зерттеушісі И.А. Бодуэн де Куртенэ. Осы уақытқа дейін түркологияда, соның ішінде қазақ тіл білімінде де фонема сөзі қолдауын тауып келеді. Тіліміздің дыбыстық жүйесін тыңғылықты зерттеп жүрген Ә.Жүнісбеков осы ұғымның түркі тілдерінің табиғатына аса үйлесімді еместігін түркологтардың ішінде алғаш аңғарды. Ол үндіевропа тілдеріндегі фонемаға оңтүстік-шығыс тілдерінде тонема сәйкес келетін, ал құрылым-жүйесі бұлардан мүлдем бөлек, түркі тілдерінде бұған сингармема деген атаудың лайықты болатынын дәлелдеді. Мұның өзі біздің тіліміздегі ең күшті заң - сингармонизмнен туындайтынын аңғару қиын емес.
Алда Ә.Жүнісбековтың есімі әлденеше рет қайталанатын болады. Ол тіліміздегі дыбыстардың саны мен сапасы, сингорманизмнің сипаты әсіресе сөз екпіні жайында түркологияда қалыптасқан қасаң түсініктерден өзгешелеу, өзіндік пікірімен ерекшеленеді.
Сингорманизм – қазақша үндестік. Олай болса, фонеманы сингармема, синема деп аталғаннан гөрі үндеспе деп атасақ керек-ті. Үндіевропа тілдерінен түркі тілдерінің құрылымдық жүйесі қаншалықты алшақ болса, фонемадан үндеспе де соншалықты бөлек. Мәселен, орыс тілінде сөз ішінде, тіпті буын ішінде жуанды-жіңішкелі дыбыстар қатар тұра береді. Бұл қазақ тілінің табиғатына жат. Осыдан-ақ бұлардың мән-мағынасын, қызметін аңғаруға болады. Олай болса, кітаптан фонема сөзін оқығанда, ойымызда үндеспе тұрғаны мақұл.
Ендігі жерде дыбыс – сөздің өмір сүру формасы, әріп – сол дыбыстардың таңбасы деп түсінсек керек. Жоғарыда келтірген ат, ет, өт сияқты сөздердің құрамындағы т әріп – акустикалық, артикуляциялық жақтан (жасалу, айтылу, естілу жағынан) бір-біріне жуық дыбыстардың ортақ таңбасы. Ол дыбыстар бізге жуық, елеусіз көрінгенімен, сөзді сөз етуге өз үлестерін қосып тұр. Сондықтан бірінің орнына бірін қоюға болмайды және оларды бас-басына таңбалаудың қиындықтары көп. Олай болса, әліппедегі (алфавиттегі) т (айтылуы ты) әрпі жуық дыбыстардың басын біріктіріп тұрған фонеманың (үндеспе) таңбасы. Бұдан дыбыс пен фонеманың негізінен жуық (бір деп қарауға әсте болмайды) ұғым екені аңғарылады. Сондықтан бұлар бірінің орнына бірі (көбіне фонеманың орнына оның өкілі дыбыс) қолданыла да береді.
Достарыңызбен бөлісу: |