Ақ боз үй. Смағұл Елубай



Pdf көрінісі
бет3/9
Дата30.04.2024
өлшемі5.43 Mb.
#500203
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Ақ боз үй. Смағұл Елубай

МАЗАСЫЗ ЖАЗ
1
Тойға санаулы күн қалғанда құрбан айт басталды. Жұрт елең-алаңнан тұрып, қорадағы
малдан соярлық бір-бір жандықтарын ұстап байлады.
- Айт құтты болсын!
- Айтқаның келсін!
Бүгін барлық үйдің есігі ашық. Пейілдері кең. Дастарқандары жаюлы. Осыдан үш күн
ұдай жиылмайды ол дастарқан. Үш күн ұдай айттап қыдырушылар да толастамайды.
Есігіңді кім ашса — сол қонағың. Бүгіндері жұрт ең таза киімдерін киеді. Кебеже, теңдер
ашылып, дүние-мүлік, киім-кешек, кездеме маталар көрнекке ілінеді. Үй іші бай қызының
жасауындай саусап жайнайды. Ата-ананың да қабағы ашық. Жастардың күні-түн ауыл, ел
аралап, сауық-сайран жасауына тарлык жасамайды. Түске таман Жем жақтан құйында-
құйын шауып болыстық кеңес ағасының шабарманы келді. Аты ақ тер, көк тер, тура
Шəріптің үйіне тұмсық тіреді. Содан əбзаматта ауыл іші жаңа хабарға толды да кетті.
"Өкіл келе жатыр екен", "Ауданның бастығы екен". Хабар дүңкілдеп алдымен естіген
Шəріптің өзінен бұрын тарады ауылға. Кішкентай Шəріп аяғы маймаңдап үйден үйге
жүгірді. Болыстық кеңес ағасының бұйрығын əр үйге жеткізіп тызаттап ауыл арасында
жортақ қақты.
— Ау, халайық, ошақ бастарыңды реттеңдер! Аудан басы келеді. Халықтың хал-күйін
білуге келеді. Қамданыңдар! Ау!!!
— Құдай безгелдек, қамданғанда не істейміз?— деді Торқа кемпір торсаңдап. — Жаз
болса өкіл қаптап кетеді екен түге, іннен шыққан суырдай.
— Əй, ондай сөзді қойыңдар! — деп Шəріп шыр ете
түсті. — Бұл келе жатқан ойнайтын кісілерің емес сеңдердің!
— Ау, халайық, қамданыңдар! Жаңа басшы келеді! Қалаған есікті ашады! Қалаған үйіне
түседі! Ау, халайық! — деп, үйден-үйге жортқан Шəріп, жұрттың бəрін əбігерге салып,
дүрліктіріп жіберді. Пахраддиннің үйінің тұсына келіп бір тоқтады.
— Ал құда, сен де қамдан! Аудан басы келе жатқан көрінеді. Сенің үйіңе түсе ме, кім
білсін! Бұл ауылда оңды үй де жоқ...
— Е, мейлі де. Қам жеме, құда! — деді, Пахраддин Шəріптің арқасынан қағып
жұбауратқан боп. Үйде Хансұлу жоқ еді, əлгіңде жастарға ілесіп Көлқұдық жаққа айттап
кеткен.
Мылтығы шошайған екі мелиса ерткен күткен қонақтары талма-тал түсте ауыл шетіне
келіп аттарынан түсе бастады. Елден бұрын шəуілдеп ұмтылған иттерді Шəріп қолына
таяқ ала қуып тоздырып жіберді. Сөйтіп, өзі майпаңдап келіп серек бойлы басына
былғары кепка киген, иығына жамылған сұр кительді, ауылға шаршаған түрмен қабақ
шыта қарап тұрған орыс жігітіне қос қолын ұсынды.
— Здрəсті! — деп дауысы шығыңқырап қалбалақтап сəлем берді. Бұған оң қолын ұсынған
ұзын серек жігіт:


— Здравствуйте! — деп қоңыр дауыспен салқындау амандасты. Басшыны сырттан келген
жас орыс жігіті деп естіп еді Шəкең. Қонақ Шəріпті танымай "бұның кім?" дегендей
жанындағы көзəйнекті, шүңкиген арық, мосқалдау Апанасқа қарады. Апанасты Шəріп
танитын. Апанас пат-
шаның қысымымен осы елге Мекалайдың кезінде жер
аударылып келген орыс. Темірде өкіметке дейін школда сабак, беріп, өкімет келгеннен
кейін уезге қызметке ауысқан. Қазір осы ауданға РИК бастығы боп келе жатқан көрінеді.
Өзі казақшаға судай.
Апанас Шəріпті арқадан қағып:
— Жолдас Қаспақов дегеніміз осы кісі. Қазақша айтсақ Шəріп аға! — деп таныстырды.
— Да, Қаспақов, Қаспақов! — деп Шəріп күлегештеп бас шұлғыды. Содан кейін қабақ
шытып тұрған бірінші бастық түсі жылып, бас изеді. Апанас қазақтың жалпақ тілімен:
— Ие, Шəріп аға! Қоныстарың құтты болсын! Айт құтты болсын! — деп ілтипат білдірді.
— Жақсы. Жақсы. Айтқаның келсін, Апанас!
Қонақтардың касында болыстық кеңес ағасы Дүкенбай, баяғы Шəріпті ауылнай ететін
Асан деген өкіл жігіт, содан кейін екі мелиса бар еді. Оның бірі осы елден шыққан, баяғы
Əзбергенді айдап кететін палуан денелі Бұқабай мелиса да, екіншісі Шəріпке бейтаныс
қатпа, қара сұр жігіт еді. "Жекей" деп таныстырды оны Апанас.
Осы арада қонақтарға Пахраддин бастаған ауыл кісілері келіп сəлемдесті.
Апанас аудан басшысына Пахраддинді таныстырып жатыр.
— Семен Харитонович! Бүл кісі əлгі мен өзіңізге айтып келе жатқан Пахраддин мырза.
Кеңес ісіне қыруар көмегін тигізген осы ауылдың ақсақалы. Ал бүл кісі, — деп Апанас
келген бас қонақка жұрттың назарын аударды. — Жаңа ашылып жатқан аудандық партия
комитетінің бірінші
хатшысы жолдас Калашников Семен Харитонович. Ел аралап шыққан бетіміз. Семен
Харитонович қазақ арасында түңғыш болуы. Сондықтан бұл елдің хал-күйін, тұрмысын,
ауылдық жердегі кеңес ісінің барысын өз көзімен көріп жүр.
— Хош келіпсіздер! Көріңіздер! Аралаңыздар! Қонақ болыңыздар!— деді Пахраддин
орысша. Калашников Пахраддиннің кең иықты зор тұлғасына, бір шекесіне сырма тақия
қондырған күнқақты ашық мандайына, əдемілеп дөңгелетіп бастырған көк бурыл сақал-
мұртына, ойлы, инабатты дидарына назар іркіп тұр еді. Еңді кеп бұ кулактың орысша
сөйлеп, əлгі айтқан жылы лебізі тіптен таң қалдырды.
— Пахраддин мырза орысша да сауатты екен ғой, —деді бас шайқап, жымиып.
— Нан сұрап жерлігіміз бар, жолдас басшы, — деді,
Пахраддин мұртының ұшын ширатып.
— Ал жүріңіздер! Өздеріңізге арнап мына Пахраддин мырза дастарқан жайып қонақасы
дайындап отыр! — деп Шəріп жортақтап қонактардың алдына түсті. Шəріптің ұсынысын
Апанас орысшалап Калашниковке жеткізіп еді, ол "алдымен ауылды аралап көрейік" деді.
Калашников қай үйге бас сұқса да жайнатып керегеге іліп тастаған дүние, мүлік, зергерлік
бұйымдар, əр түрлі аң терілері самсап алдынан шықты да отырды. Төрге төселген оюлы
текеметтер. Ілінген кілемдер. Қат-қат жиналған көрпе, төсек. Сүйек кебеже. Адалбақан.
Кілемнен тоқылған кермелер. Бір жақ қапталда керілген жібек шымылдық. Үйдің
босағасында түрегеп ысырылып ізет білдіріп тұрған əйелдер, қыздар. Бəрі малынып
киінген. Білекте, саусақта, құлақта, шашбауда сылдырап, күлдіреген алтын, күміс, асыл
тастар.
Ошақ басы таза. Жаюлы дастарқан. Калашников көрмеген бауырсақ, құрт, ірімшік, майсөк,
жент төрізді тағамдардан қайысып тұр əлгі дастарқандар.
— Кедейдің үйін көрсетіңдерші маған! — деді Калашников.
— Əлгі кіріп шықкан үйіңіз кедейдің үйі, — деп жауап берді Шəріп. Ол кіргендері
Бұлыштың үйі еді.
— Қанша малы бар?
— Ойбай, түгі жоқ тақыр кедей. 20—30 қой-ешкісі,
ботасымен қосып есептегенде үш түйесі, жалғыз аты бар.
— Мырзаның қанша малы бар?
— Мырза малды азайтты ғой. Кезінде дəулетті еді. Өкіметке етке өткізді, сатты, сойды —
бітірді ғой.
— Қалғаны қанша?
— Екіжүзге жуық қойы, қырық-елу жылқысы, оншақты түйесі қалды.
Калашников сөзге құлақ түре тұрып кездескен қыз-келіншектердің киім киісіне, жүріс-
тұрысына қарайды.
Пахраддин қонақтарды ақ боз үйінің есігін өзі ашып кіргізді. Сыртта Бұқабай мелиса
қалды.
Төрге өтіп отырған Калашников бейне бір музейге кіріп кеткеңдей ашық таңырқаулы еді.
Əлгі бас сұққан үйлеріндегі байлық мына мырзаның үйіндегі сəн-салтанатпен
салыстырғанда қайыршының лашығындай екен. Бұл үйде жалғыз ғана малынған байлық
емес, сырбаз талғам да байқалады. "Қу жапанда бұ не шіренген салтанат?" Оның үстіне
"Бара жатқан жағың қазақ даласының ең бір артта қалған аймағы. Кеңес ісінің етек ала
алмай, жандана алмай жатқан қаға беріс тұсы. Бəрін де нөлден бастау керек" деп
Казкрайком секретары Филип Исаевич Голощекин қоштасарда айтқан сөзі есінде. Сырға


бəйбіше сызылып басып, өз қолымен үлкен қара сабадан иісі бұрқыраған сары қымыз
құйды. Ортада тұрған жатаған дөңгелек стол үстіне бірнеше керсен толы қымыз келді.
Пахраддин өз қолымен екі шөлмек "чекушке" арақты ортаға қойды. Қонақтар су жаңа
көлдей парсы кілемінің үстінде кең отырып асықпай қымыз сімірді.
— Чудесно! — деп бас шайқап кояды Калашников.
Бірінші рет ішуі еді қымызды.
— Пахраддин мырзаның үйінде бəрі бар, байлық та бар, тамақ та көп, но, əйел аз көрінеді,
ол неге? — деп сұрақ қойды бір тостаған қымыздан кейін сусыны қанып, маңдайы жіпси
қалған Калашников əзілге сүйеп. Апанас оны қазақшалап берді. Қонақтарға қызмет
көрсетіп, тостағанды жалғап отырған Шəріп шақылдап қатты күліп жіберді.
— Сол ғой манадан бері бұл кісіні "үлгілі мырза" деп мадақтап отырғанымыз. Ол ол ма?!
— деп əңгімеге киліккен Шəріп жұртқа дес берер емес. — Ол ол ма, тақсыр, бүл кісі
есігіндегі малайына өз қызын беріп, осы айтқа жалғас той бергелі жатыр! Ол аз болса,
қалыңсыз бергелі жатыр!..Мінекей əділетті кісі!
— Өз кызыңыз ба шынымен? — деп шұқшия қалды
Калашников.
— Ие, өз қызым... жалғыз қызым... — деді Пахраддин жасаурай қалған назары
төменшіктеп.
— Қызық!.. — деп таңырқап бас шайқады Калашников.
Босаға жақта ас қамымен үнсіз козғалып жүрген ашаң тұлғалы Сырға бəйбіше бұрқылдап
қайнаған самауырдың оң бүйірін ала, сызыла кеп тізе бүкті. Жаңа түскен келіндей бір
тізерлей отырып шайсаңдықтан су жаңа орыс фарфорын шығарып, қытай жібегімен
сүртіп, жұмыртқадай тізілтіп қойып жатыр. Əлден соң əдемі гүлді шыны аяқтарға
құйылған хош иісті үнді шəйі дастарқанды жағалап кетті.
Бас қонақтың жіті назары соның бəрін қалт жібермей байқап отырды.
Кең жағалы ақ көйлектің сыртынан жасыл жібек шапанды желбегей жамылып малдас
құрып кең отырған Пахраддин еңсесін көтеріп Калашниковке тіке қарады. Сөйлеуге
ыңғайланды.
— Өкімет саясатын естіп жатырмыз. Түсініп жатырмыз, — деп Пахраддин тың əңгіме
бастады. — Өкімет артық малды,мүлікті алады. Ортаға салады. Мақұл делік. Оған өз
басым қарсылығым жоқ. Алсын. Кедей-кепшікке үлестірсін. Бірақ бір нəрсеге зердем
жетпейді, ойлай келсем. Мал-мүлкін алып, өзін, бала-шағасымен тоздырып жіберетіндей
не кінөсі бар сонда бай сорлылардың?
Калашников көпшікті іргеге таман ысырып, сəл ойлана түсіп басын көтерді.
— Бұл сұрақты беретініңізді білгем,— деді. — Бұл сұрақты жалғыз сіз емес, үстем таптың
сойыл соғарларының бəрі береді. Біріншіден, сіздің халықта "мал — баққандікі, дүние —
тапқандікі" деген мақал бар көрінеді. Бүл халықтың көкейтесті сөзі. Партияның бүгінгі
саясаты халықтың осы арманын іске асыру ғана. Ыклымнан байдың малын батырақ
баққан. Партия, енді сол батырақ өзі баққан малына өзі қожа болсын дейді. Рас, жалшы
ұстаған ірі байлардың маңдайынан Совет өкіметі сипамайды. Өйткені, бай — бай, жалшы
— жалшы болғалы бері өз жалшысының мандайынан бай да сипамаған. Өкімет кедейдікі.
Пахраддин анық жеңіліс тапты. Əңгіменің бетін бұрып жіберді.
— Жоқ, ə, жолдас! Мен қазіргі өкімет саясатына қарсы
емеспін, асасы. Қайта қосыламын деп отырмын. Өз еркіммен өкімет қажет етсе, мейлі,
артық байлығымды алындар деп отырмын. Сұрап отырғаным — өкімет аларын алғаннан
кейін өзімізді жүнін жұлған тауықтай бүрсендетіп, елден шығарып қаңғытып жібермей ме,
асасы, деп отырмын, — деп Пахраддин маңдайы тершіп, қозғалақтап кетті.
— Жо-оқ...— деді жұбауратып Апанас— Бері заңға сəйкес əділ жасалады. Сіздің жөніңіз
бөлек. Өкімет алдындағы еңбегіңіз ескеріледі!
— Би аға, шындай келсек, сіз ірі бай санатына да кірмейсіз ғой. Алып-қашпа сөзден қорқа
бермеңіз! — деп Дүкенбай да басу айтты.
— Түз-дəмдеріңізге рақмет! — деп Калашников Сырға бəйбішеге қарап бас иді де серең
етіп, əскери адамша шапшаң ырғып түрегелді.
Өзге қонақтар да оған іле-шала өре түрегелді.
Қара сұр мелиса Жекей үйден жұрттан бұрын шығып еді, мана қалдырған орнында
Бұқабай жоқ. Сұржекей жүрегі зірк етіп "бұған не болған'" деп алақтап, үйді айналса
Бұқабай үй артында екі жас жігітпен тəжікелесіп тұр. Жас жігіттің бірі — жуантық
төртбақ келгені, үйге қарай елеуреп ұмтылады. Бұқабай зор денесімен оның алдын кес-
кестейді. Сұржекей шапшаң адымдап қастарына жетіп барды.
— Бұ не тұрыс? — деді сұрланып.
— Өй, кезінде бірге қозы баққан таныс жігіттер ғой.
Байдың қызын құтқарамыз, бізді өкілмен сөйлестір дейді. Болмайды десем көнбейді, —
деді Бұқабай мандай терін сүрткіштеп.
Ждақайдың екі көзі шарасынан шыға жаздады.
— Жолдас мелиса! Біз əділдік үшін күресіп жүрміз!
Өкілге арызымыз бар!
— Əй, қайдағы өкіл? Бұл ауданның хатшысы, — деп Сұржекей түсіне ашу жинады. —
Көне тайыңдар! Марш!
— Ағасы, арызымыз бар еді айтатын! — деді Шеге, сұр жігітке оқтай қадалып.


— Қайдағы арыз?
— Пахраддин қызын еріксіз беріп жатыр...
— Сіздер кімсіздер?
— Кедей жастармыз.
— Ендеше тайыңдар! Зорлық көрсе арызды қыздың өзі берсін! Марш! — деді Сұржекей,
Шеге мен Ждақайды кеудеден итеріп.
— Əділет үшін күресуге болмай ма? Кеңес өкіметі қайда?!
— Марш! — деп ақырып қалды мелиса. Ждақай мен Шеге жылыстап кейін шегінді.
Келген қонақтар атқа мініп жүріп те кетті. Бет алыстары Мажан ауылы. Ауылдан ұзап
шыға бере Калашников:
— Шынында да бұл өлкеде əлі еш нəрсе болмағандай. Революция дауылы бұл төңіректі
айналып өткендей. Эх, көп шаруа жасау керек. Көп шаруа! — деп күрсініп бас шайқады.
2
Өмірінде талай тойды көрген Хансұлу. Бірақ бұндай көңілсіз тойды көрмеп еді. Ол —
Хансұлудың өз тойы болды.
Əкесі бар тапқан-таянғанын осы тойға рабайсыз шашуда. Ауылдың екі қанатын ала
жүзден астам үй тігілді. Əлденеше жүз қой сойылды. "Той бастар" айтқан жыршыға ат
мінгізді. "Ошақ бəйгенің" өзіне басын бір бие етіп талай мал шашты. Аламан бəйгеге екі
жүздей ат қосылып, бас бəйгесіне өркеші тайқардай қос нар тікті. Палуан күрестің бас
бəйгесіне бір бие қойды. Хансұлуды солардың ешқайсысы селт еткізбеді. Үйдің жартысын
ала керілген шымылдык ішінде топ қыздың ортасында ұлы дүрмек, ырду-дырдуға кереге
көзінен ғана жылаулы назар салып отыра берді. Тілден, естен айрылғандай халде. Əкесі
бас болып, үлкені бар, кішісі бар, мыңғырған қалың ел, жер қайысқан көпшілік бұның жан
шырылын есітпес тас керең қатал тағдырдай. Жалғыз Хансұлуды асау ағысқа түскен
жаңқадай қанкөбелек ойнатып əкетіп барады. Əкетіп барады. Қарсы тұрып қимыл
қыларлық қауқары жоқ. Ұзынша қайқы кірпігінен мөлдір тамшы əлсін-əлсін түсе береді.
Тойда өтіп жатқан өнер сайыстарының ішінен Хансұлуды елеңдеткен жалғыз-ақ жырау
өнері болды. Алғашында оған да бармаймын деп еді. Бірақ жыр Хансұлу отауынан онша
алыс емес шағын төбешік үстіңде жырланды. Содан, кешкісін əлгі төбешік үстіне,
төңірегіне бүкіл ауылдың алаша, кілем, текеметтері жайылды. Ай туа тойға жиылған
мындаған жамиғат сол төсек үстінен жапырлап орын ала бастады. Əлден уақытта Ай
астындағы үйден ақ шапанды, ақ сəлделі, сақал-шашы аққудай, ұзын бойлы, сексеуілдей
қураған тірі аруақ шал шықты. Қолында — домбыра. Лабақ ахун еді бұл.
Лабақ ахун қасында екі-үш кісі бар, Ай сəулелі алаңның ортасындағы кілем, көрпеше
төселген төбешіктің басына шығып тізе бүкті. Сыртқа түгел ере шыққан жұртшылық
дүрлігіп, жырау отырған алаңға ұмтылды. Тойға келген елдің тайлы-таяғы қалмай, ең азы
бала-шағаға дейін ахун отырған төбешікті айнала қоршап жайғасып, көлге қонған аққудай
сыланған күміс сақал-шашты, кəрі жыраудан көз алмай қарайды. Ел түгел жиналып,
жүріс-тұрыс саябырлаған кезде Лабақ ахун домбырасын қолға алды. Мың сан жұрттың
абыр-сабыры су сепкендей басылды.
Лабақ ахун кең құрсақ үлкен қоңыр домбырасын күмбірлетіп құлақ күйін келтіріп біраз
созаландап отырды.
Хансұлудың қасындағы қыздар дүрк көтеріліп, əддеқашан үркердей тобымен жыр
тындауға кеткен. Жалғыз Балжан қалған қасында.
Сөйткенше, шаршы топтың ортасында айдыннан ұшатұғын аққуша иығын қомдаған
ахунның кəрі көкірегінен қоңыр боздау үн шықты. Сабырлы, есті сарын. Жемнің жазғы
жылым ағысындай баяу шымырлап, ұзаққа сілтер ыңғай танытады. Қадым заманнан, түу
тарих қойнауынан жеткен бағзы ата-бабалар əуезіңдей. Күңіренген абыз əуен. Жұрт
сілтідей тынды. Кезінде Бұхар медресесінен дəріс алған ахун араб, парсы тілдеріндегі
кітаптарды емін-еркін оқып-тоқып оларды жыр-дастанға айналдырып, осындай шаршы
топқа ылғи шашу етіп отыратын.
Жырау толғап жатыр. Дастандарды көштей тізіп атап жатыр, қалағанынды тандап ал деп
жатыр.
Лабақ ахун енді жырын іркіп, көшпілік қалауына құлақ түріп, алдыңдағы шайдан ұрттады.
Көпшілік жамырап дауыстап гулеп кетті. Əркім керегін атап, отырған жерінен айқайлап
даурығып жатыр. Дауласып, шауқымдаса келіп, əлгі аталған дастандардың көбін бұл ел
жатқа білетін болғандықтан, əлі далаға көп таралмаған қалпақтың "Қырық қызын"
тыңдауға ұйғарды.
Лабақ ахунның қоңыр домбырасымен қоса ызындап Ай астында көсілген сары дала
сыңсыды. Ай астында көсілген көделі, селеу, сабанды ақ күміс жайқын жазық бетімен
үздіксіз толқын жүгірді. Үйге ұсталған шилер сарнады. Лабақ ахунның сонау ықылымнан
сыр тартқан кəрі мақамынан Ай асты əлемі түгел тебірене беймазаланып қозғау тапты.
Əлсізді əлді басып алып, қатын-бала шулаған, жоқтау, сықтаудан құлақ тұнған зарзаман
сесі келді құлаққа. Аспанда жұлдыз дірдекгеп, Ай жылжып ауыл үстіне еңкейді. Ақ шаңыт
тозаңытып, "Құс жолы" жатты түтіңдеп. Дала дөңбекшіп, күрсініп, жел боздады ботадай.
Желдей ескен жыраудың сөзін жұтып тамсанып қалың жұрт отырды. Əке менен бала, əже
менен ата отырды. Қыз, келіншек бəрі отырды. Біресе күліп, біресе жылайды. Біресе
айқайлап, біресе тынады. Күңіренеді, толқиды.
Қырық қыздың сардары, өзі батыр, өзі сұлу Гүлайымның тағдырымен тағдыры ұқсап та


кетеді Хансұлудың. Одан сайын көкірегінде құйын ұйытқып, тебіреніп, кірпігінен жасы
үзілді. Ай шалқайып батыс аспанға аунады.
Хансұлудың ақ отауы Қозбағар үйінің жанына тігілген екен. Сонда əкеліп кіргізді.
Қайып молда бір кесе суға дүға оқып '"дем салып", бөлек екі үйде отырған күйеу мен
қалыңдыққа ризашылығын білдіріп, əлгі кеседегі дуалы судан бір ұрттам ішуге жіберді.
Хансұлу кесені ерніне тигізді де ішінен "риза емеспін, екі дүниеде риза емеспін" деп
қайтарып берді.
Жатарға таман, төрт күн ұдай қасынан бір елі қалмай жүрген қыз, келіншектер бірсін-
бірсін азайып, ең жақын деген досы Балжанның өзі де бұны отауда жалғыз қалдырып
"қарасын батырды".
Сөйтіп, тойдың ду-дабыры су сепкендей басылып, шымылдығы түсірілген, төсегі
салынған оңаша отауда шошайып жалғыз қалды Хансұлу.
Енді қараса басында ақ жаулық. Некесі қиылған. Қозбағардың Құдай қосқан некелі жары.
Қараңғы үйде отыр.
Көп ұзамай есік алдында күбір-сыбыр естіліп "Кір! Қағынды келгір!" — деп
сықсындасқан жас əйел үндері естіліп, ішке біреуді итермелеп кіргізіп жіберді. Ішке кірген
пенде есік алдында состиып тұрып қалды Үй іші қараңғы. Хансұлу бұл келгеннің
Қозбағар екенін біліп отыр. Дəмесінің зорын! Сонда бұл өзін Хансұлуға тең көреме екен?
Барлық пəле осыдан. Осыдан ғой. Осы тек жүргенде, баяғы ойыннан бүйтіп от шықпас
еді". Хансұлу өлердей ызалы.
— Ие, сені кім шақырды? — деді есік алдында пыс-пыс тыныс алып тұрған Қозбағарға.
Қозбағар жалт беріп, шыға қашпақ боп есікті итеріп еді, аша алмады. Ар жағынан
жеңгелері басып тұрған. "Қағынды келгір, тырп етпе, өз үйің
ғой!"— деп сылқ-сылқ күліп жатыр. Қозбағар есікті əрі итеріп, бері итеріп шыға алмады.
Мына кеудесі аяққаптай Қозбағардың зердесіздігі Хансұлудың жынын одан бетер
қоздырды.
— Тұра қашатының бар, үйлену не теңің еді? — деді дауысы ашулы шығып.
Қозбағар сөйлегісі келгендей теңселіп, тамағын қайта-қайта қырнады. Жөтелді. Сосын
есікке бұрылып:
— Кетіңдерші, Құдай ақына! — деп жалынды, есік сыртында дымдары өше қалған
жеңгелеріне. Жеңгелері сыбырласып күліп есіктен аулақ кетті. Қозбағар əзер дегенде
сөйлей бастады.
— Хансұлу! Мен не істейім... Маған айтты... Үйленесің деді... Ұрысты...
— Сөзінің түрін! — Хансұлу осқырынып іргеге бұрылды. Ірге түрулі еді. Ауыл сыртында
бақасы құрылдап, жалтырап көл жатыр. Жағалаудағы жыңғыл арасында су шалпылдады.
Жылқы жүрсе керек. Бұта арасынан үркіп қанаттары сатырласып құстар ұшты. Көл
жақтан судың қоңыр салқын лебі еседі. Жағадағы ызғар топырақтың иісі де үйіріліп
танауға келеді.
— Хансұлу!
Хансұлу дір ете түсті. Үйде Қозбағардың барын ұмытып барады екен.
— Ух... Ие, не дейсің?
— Хансұлу... мен... мен... сені ренжітейін дегем жоқ, оллаһи!
— Жəне не айтасың?
— ... Жақсы көремін...
— Жақсы көрмей-ақ қой! — деді Хансұлу жұлып
алғандай. — Мен сені жақсы көрмеймін!
Қозбағар дыбыс шығармай танауы шуылдап біраз тұрды.
— Не кінəм бар менің, Хансұлу?..— деп бір кезде Қозбағар қорсыддап жылап жіберді. —
Осылай боларын білгем, баяғыда-ақ. Бəрі ұрысты маған... Енді не істейім?!
Қозбағар еңкілдеп ал кеп жыласын.
Ашық іргеден əлгінде туған Айдың жарығы түсіп, үй іші ала көлеңкеленді. Шымылдық
алдында бұратылып отырған Хансұлу сырға, шашбауы сылдырап түрегелді. Үстінде
шұбатылған үзын етек ақ жібек көйлек. Көз жасын сүрткіштеп отырған Қозбағар
Хансұлудың қозғалғанын көріп жүрегі жарылардай қуанып кетті. Осылай жылағанда
шешесі Торқа байғүс жібіп кетіп, "Пошымыңнан-ау сенің!" деп келіп басынан сипайтын.
Қазір де Хансұлу сөйтетін шығар, басымнан сипайтын шығар деп ойлады. Бірақ шолпысы
сылдырап үй ішінде қозғалып жүрген Хансұлу келмеді қасына. Сипамады басынан. Босаға
жаққа бір көрпе-жастықты лақтырып тастады.
— Ал, əне төсегің! — деді. Дауысы қатқылдау естілсе де Қозбағарға майдай жақты.
Бұндай сөз естимін деп күтпеген ғой Хансұлудан.
Босаға жақтан өзі өзіне төсек салып жата кетті. Өз қасына жатқызбаса да Хансұлудың
қолы тиген нəзік əтір иісі сезіліп тұр көрпе-жастықтан. Қозбағар жүрегі дүрсілдеп, осы сəт
өліп кетсе де риза өмірге.
Шолпысы сылдырап, түн перісіндей биязы қозғалып басып, майда самал үлбіреткен
торғын шымылдық ішіне кіріп кеткен айдай сұлу тəкаппар жарына мың мəрте риза. Осы
сəт егер "күйеу" деген аты болмаса жалаң аяқ, жалаң бас анау көлге қарай тайраңдап
жүгірер еді. Сақылдап күлер еді-ау, айқайлар еді-ау... бақытын айдай əлемге паш етіп.
Ай жылжып бұлтқа кірді. Ауыл шырт ұйқыда. Күйіс қайырып шандақта маңқиып түйелер
жатыр. Ит дыбыстары баяғыда өшкен. Тек көл аңғарында ғана үздіксіз тірлік белгісі


білінеді. Шегірткенің шырылы, бақаның құрылы, құс сыңқылы, көл бетінде ойнаған балық
шолпылы.
Көл жағасында ерттеулі екі аттың сағағынан ұстап, жыңғыл арасында бір кісінің бұғып
отырғанына бірсыпыра уақыт болған. Екі аттың бірі Əзбергендікі еді. Əзберген ауыл
ұйықтады-ау деген шамада бұғып жатқан орнынан тұрып Пахраддиннің еңселі ақ боз
үйіне қарай жылжыды. Пахраддиннің есектей төбеттері бастарын көтере түсті де,
Əзбергенді танып, құйрықтарын бүлғады.
— Бұ кім? — деді Пахраддин есік тықырлаған соң.
— Менмін... — деді Əзберген дүңк етіп. Пахраддин
шапанын жамылып есік ашты. Сырға да оянып шам жақпақ болып еді, "Жақпа!" деді. - Бұ
не жүріс? — деп Пахраддин киіздің шетіне тізе
бүккен інісінің сұлбасына қарады.
— Тойға келдік! Шақыртпасаң да! Сəбет өкіметімен құда болып, көңіліңді жайлапсың!
"Құтты болсын" айта келдік!—деді Əзберген кекетіп.
— Сəбет өкіметімен мен құда болмағанда, сенің басың
түрмеде шірір еді бұ кезде! Не тантып отырсың! — деді
Пахраддин ашу шақырып.
— "Тантыған" мен емес, сенсің! — деді Əзберген
түксиіп.— Қызыңды, малынды түгел көгендеп беріп жатсың сəбетке. Сендей алжыған бұл
елде жоқ. Жұрт қарсыласып өледі! Сен жағынып өлесің, білдің бе?! Көрерміз ертең
мандайыңнан қалай сипар екен сол сəбет.
— Жə, естіген жырым! Хабарыңды айт! Қайда жүрсің?
— Қайда жүргенімді саған айтпағаным. Хабарым сол —
сəбет құлайды. Ана жақтан ағылшын, мына жақтан түрік
бас салады. Жылқы керек маған!
— Шырағым, сендей елеурегендердің талайын көргенбіз.
Өйтіп алжаспауға керек! Жылқы берілмейді.
— Ит те болсақ бір құрсақтан шықтық. Əйтпегенде,
жалғыз оққа жалынтар едім!..
Əзберген ұшып тұрып есікке беттеді. Табалдырықтан аттай бере іркілді де, əлдене дегісі
келіп оқталып тұрды да, есікті тарс жауып шығып кетті.
Қозбағардың ұйқысы қатты еді. Есік қағылып, Хансұлу тұрып ілгішті ашқанын, одан үйге
Əзбергеннің кіргенін сезген жоқ. Албастыдай зілбатпан біреу үстіне қона түсіп,
алқымынан ұстағанда ғана апалақтап көзін ашты. Бұлқынып еді, үстіндегі албасты тырп
еткізбеді. Содан кейін өңім бе, түсім бе деп көзі жыпылықтап үстіндегі кісіге бездиіп
қарап аз-кем жатты. Үй іші ала көлеңке. Кеудесіне қонған албастының Əзберген екенін
тани бастады. Бір қапталда Хансұлу жүр жүйткіп əлденені жинастырып.
— Таныдың ба?— деп бет-аузын түк басып түксиген Əзберген гүр етті— Дыбысыңды
шығардың ба, мына пышақпен жатқан жерінде бауыздаймын, күшік! Пахраддиннің
жылқысы қайда?
Əзберген Қозбағардың алқымын мытыңқырап жіберіп сəл босатты.
— Түгіскеннің... шығыс жағасы...— деді ентігіп Қозбағар.
— Шының ғой?
Қозбағардың табақтай беті талақтай боп, жөтеле түсіп, бас изеді.
— Мен тірі тұрғанда Хансұлудың енді маңынан жүрмейтін боласың! Мынаны көрдің ғой?
Əзберген пышағын жалаңдатты. Қозбағар шапшаң бас изеді.
— Əзеке, өлтірмеңіз! Бəрін істеймін... айтқаныңыздың!—деп еңкілдеп жылап жіберді.
— Өшір үніңді! "Талақпын" де Хансұлуға!
Қозбағар түсінбей қалып:
— Не дейсіз? — деді қырылдап.
— Хансұлуға "талақпын" деп айт, атаңның!..
Қозбағардың көз жасы бетін жуды.
— Айт, күшік!.. Əйтпесе...
— ... Талақпын! — деді Қозбағар жасын жұтып, əрең тілге келіп.
Аузына сүлгіні тығып, Қозбағардың аяқ-қолын домалантып байлады. Содан кейін,
құйрықтан ыңқита бір тепті. Теріс қарап жатқан Қозбағардың көз жасы бірсін-бірсін ақты.
Əзберген мен Хансұлу жүкті аударыстырып, төңкерістіріп жатыр. Аздасын үйді айналып
жүріп кетті.
Орнынан тырп етуге қорықты Қозбағар. Содан, таң атқанша жатты. Ақыры таң ағарып
атып, жұрт тысырлап сыртқа шығып, түндіктерін ашып, ауыл ояна бастады. Желі жақта
боталарын емізген түйелер ыңырсиды.
— Келін-ау, келін! — деп шойнаңдап келіп Торқа кемпір, ашық есіктен ішке бас сүғып,
аяқ-қолы байлаулы, көзі аларып жатқан баласын, түрулі шымылдық, келіннің бос төсегін
көріп баж ете түсті. Қолын сермеп, бет алды
"ойбайлап" тұра қашты.
— Жау шапты! Жау! — деп бажылдап шынашақтай
кемпір шойнаңдап зытқып барады.
— Астаһпыралла! Тағы не тапты таң атпай! — деп ауыл
адамдары үрпиді.


— Адыра қалғыр, жау шапты! Ойбай, жау шапты!
— Шешей, қайдағы жау?
— Ойбай, бала жатыр байлаулы! Өлі-тірісі белгісіз. Келін жоқ, ойбай! Жау шаппаған несі
қалды?!..
Жүрт дүркіреп отауға ұмтылды. Ең алдымен үйге Шеге кірді. Шымылдық түрулі тұр.
Төсек салулы. Хансұлу жоқ. Үйдің бір қапталында аяқ-қолы шандулы Қозбағар жатыр.
Ыңырсиды. Аяк-қолын босатқасын Қозбағар сықсыңдап жылап отырып түндегі болған
уақиғаны айтып берді.
— Пошымыңнан-ау сенің! Қой, жылама. Құрсын... Қа-
тыны құрсын! Жаныңнан садаға! — деп Торқа кемпір бала-
сының басын құшақтап жылады. — Атаңа нəлет, бандит! Қарасы батқанға қуанып едік...
Аш бөрідей айналып соққанын қарашы, имансыздың!
Ауылда ауылнай Шəріп жоқ еді. Жаңа ауданның жиналысы болады деп кеше сонда кеткен.
Бұндайда, қуғын-сүргіннің төбесі көрінгенде, ауылдың бетке ұстары Бұлыш еді. Ол да
жоқ. Аң аулап кеткен. Ауыл адамдары құр қауқылдасқаны болмаса, əрекетке бармады.
— Е, алып кеткен өз ағасы екен. Ашуы тарқаған соң əкеліп тастар қарындасын, — десті
жиналғандар.
3
Жаз биыл ыстық болды. Күн шықса кілкіп көкжиек сағымға толып кетеді. Даланы
бұралаңдап құйын кезеді.
Сондай бір күні, талма-тал түсте Торышолағын сүмірейтіп, жападан-жалғыз Жем жақтан
шошайып келе жатқан Шəріп көрінді. Бөркі астында көлдей ақ орамал. Алқа бел торының
үстінде жапалақтай жарбиып отыр. Жаман торы аяғын əзер алады.
— Алақай, көкем!.. Көкем келе жатыр! — деп Шəріптің
үй толы қызы шуылдасып алдынан жүгірді. Көрші-қолаң
түрулі іргеден сығалады.
Шəріп, о несі екені белгісіз, қорғасындай салмақты бола қалыпты. Ат үстінен еңкейіп ең
кішкентай қызын алдына көтеріп алып, бетінен иіскеді. Қолына əлдене ұстатты. Кəмпит-
сəмпит болуы керек.
"Мына жазғанның үні шықпайды, бір өзгеріс болды-ау шамасы" деп ойлады үйінде
отырып Пахраддин.
Шəріп үйіне басын сұғар-сұқпастан ауыл ішін жаңа хабар шарлады да кетті.
— Ибай-ау, келіншек-ау, "Шырылдауық" қайнағаны
алып тастапты дейді ғой.
— Көтек, "алғаны" несі?
— Ибай, əлгі ауылнайлықтан да.
— Өш қасқа! Рас па?
"Басымның сақинасы үстады" деп қабағын шытып,
Шəріп үйіне кірген бойда теріс қарап бүркеніп жатып қалған. Шайға бір-ақ тұрды.
— Хансұлу келінің қашып кетті...— деп ақырындап ауыл жаңалығын айтуға кіріскен
Жайбасқан. Шайдан ұрттай берген Шəріп əйеліне қарап бақшырайды да калды.
— "Қашқаны" несі?!
— Əзберген ағасы... ұрлап əкетті.
— Сауап бопты, — деді Шəріп жирен мұрт тікірейе
қалып. "Бір қатынның кесірі қырық есекке жүк болды"
демекші, Хансұлудың тойы еді басына пəле боп жабысқан.
Осы тойда рабайсыз мал сойылғаны үшін "таяқ жеді" Шəріп ауданда.
Шайды екі-үш ұрттағаннан кейін көпшікті шынтақтап жатқан Шəріптің маңдайынан шып-
шып тер шықты. Сол-ақ екен, осы үйге қарай бұрқылдап келе жатқан Торка кемпірдің
дауысы естілді. "Адыра қалғыр, тоқтай тұр, бандит! Үскен тау асырмасам ба сені! Торқа
атым құрысын!" деп келеді. Шойнаңдап келіп табалдырықтан аттады. Апасының осы
келісін ұнатпады Шəріп.
— Əй! — деді қып-қызыл боп шайды сораптай берген Шəріпке Торқа кемпір. — Ана
бандиттің табасы əбден батты! Өкімет екенің рас болса... Аяқ-қолын байлап əкеліп бер
алдыма, тақа!
Торка отыра қалып жерді төмпештеді.
Шəріп апасының шолтаңдап тулақты соққан жұдырығынан көз айырмай қарап, керең
кісіше шайды сораптай берді. Торқа кемпір сабасына түсті-ау деген сəтте жамбасын
сипалап шалбарының қалтасынан əлдене іздеді. Торқа кемпір де, Жайбасқан да тосылып
қарай қалған. Əлден уақытта, Шəріп мыж-мыж болған бір шүберекті қалтасынан суырып
алып, апасының алдына тастады. Кəдуілгі ішінде ботатабан мөр жүретін бүрме ауыз
шүберек қалта.
— Көтек, мөрі қайда ішіндегі? — деді Торқа кемпір.
— Бəсе, мөрі қайда? — деді Шəріп те қырсығып. Сөзге Жайбасқан араласты:
— Е, оны арқалап жүрген сен білмесең, біз қайдан білдік?
— Білу керек... Білмегендерің жаман сол!.. — деп Шəріп саршекерден "қыт" еткізіп тістеп,
шайын ұрттады. "Əңгіме осымен бітті'' дегендей сыңай танытты.
— Құдай тас төбесінен ұрыпты ғой... — деп ашу да
жоқ, айқай да жоқ Торқа кемпір сүйретіліп орнынан тұрды да, аяғын сылтып басып есіктен


шығып жүре берді.
4
Пахрадцин үйде таң намазын оқып отыр еді. Текірекгеп шапқан ат дүрсілі дəл үй іргесіне
дейін келді. "Бүл қай көргенсіз?" дегендей ажырайды Пахраддин бəйбішесіне қарап.
Сырға биязы басып сыртқа шықты. Пахраддин құлақ түрді тысқа.
— Маған Би ағаның өзі керек! Тез шықсын! Ауданнан
пркəз бар! — деп бір дауыс тақылдап алып барады.
Пахраддин жайнамазын жинап, дегбірі қашып намазын бұзды. Сырға кірді.
— Сені шақырып тұр. Жорға Күреңнің баласы. Ждақай
деген.
— Ау, үйге неге кірмейді!
— Белсенді білем... Мойнында сөмкесі бар...
Иығына шапанын іліп тысқа шықса, жирен қасқа аттың
үстінде шіреніп жуантық келген, жапалақ көз, шұбар бет бозбала отыр. Бала болса да
көзқарасы өңменіңнен өтердей тік, өткір.
— Ассалаумалейкум, Би аға. Пркəз бар ауданнан! Салық
төлейтін болдыңыз!
— Айта бер!
— 120 кілə жүн. 60 кілə сарымай. 80 қой терісі. Срогі —
бір жүма.
— Сен кім боласың, бала?
— Салық жинайтын агентпін. Қилыбайдың орнына.
Есіңізде болсын, уақытыңда айтылған салықты тапсырмайды
екенсіз, ісіңіз КПУ-ге түседі, — деді Ждақай. Пахраддин
тықақтаған мына баланы көрінеу жақтырмай:
— Əй, Жорғаның баласы! Есіттік, жетер! "КПУ" емес
ГПУ деп сөйле! Мойныңдағы сөмкеңнен айрылып қалып
жүрерсің! — деді. Соны айтты да сыртын беріп үйіне бұрылды.
— Би аға! Сіз бекер ашуланасыз. Анау Жарасбай, Ұлман, Құлман, мынау Мажандардың
көрген күнінің қасында сіздікі ойыншық! Нағыз қасқайып жатқан солар! — деп айқайлады
Ждақай.
Пахраддин оның сөзін жүре тыңдап үйге кіріп кетті.
Ждақай кенет өз-өзінен сақылдап күліп жіберді де, дүрсілдеп шауып ала жөнелді.
Ауылдың бүкіл итін шулатып ертіп ала кетті.
5
Пахраддин салықтан құтыла алмай жатқанда, ел шетіне "Қызыл отау" дегені келді. Мажан
аулына орын теуіп күнде ойын, күнде той, кернейлетіп-сырнайлатып жатып алды.
Жастарды жинап билей ме, ойнай ма, əйтеуір, білгенін істеп жатыр. Күндіз-түні жиналыс.
Дүниедегі жаңалықтың бəрін айтатын көрінеді. Кəзит-журнал оқитын көрінеді.
Ауырғанды емдеп жатқан доғдыры да бар дейді. "Кəнцерт" дегенді бұрын қалада,
жəрмеңкеде көруші еді. Бүлар сол "кəнцертті де" əкеліпті ел ішіне.
"Қызыл отаудың" басшысы баяғы Шəріпті ауылнай сайлап кететін Асан дейтін бəлшебек
екен. "Қызыл отаудың" бірінші жиналысыңда-ақ сөзінің тоқетері "Жаңа өмірге барар
жолдағы ортамыздағы басты кедергілер — бай мен молданы арамыздан аластау керек"
депті.
— Ал бай мен молданы құрттық. Ары қарай не болады?—депті жүрт.
— Кəмпескеленген байдың мал-мүлкін кедейге бөліп
береміз. Серіктікке ұйымдасамыз. Бір атаның баласындай
бірлесеміз. Жер жыртып, егін саламыз. Үй салып, отырық-
шылыққа көшеміз. Оқу оқып білім аламыз. Үлкен қалаларда тұрамыз. Сөйтіп гүлденген
жаңа өмірге, мəдениетке жетеміз!— деп Ұжмақты бір-ақ күнде орнатыпты. Жастар жағы
қол шапаттап мəз болыпты. Ұзын тұра Уəп, қойшы Қауқаш,
жылқышы Жаңбырбай тəрізді кедейлер:
— Уай, інім! Бізді қайтесің, сол, қартайғанда жер
тырмалатып! Біз сол үйренген ата кəсіппен малымызды бағып, көшіп-қонып жүре берелік
те! Əлгі айтқан "қала" дегенің де қазаққа жараспайтын нəрсе, біз осы мына жаман киіз
үйде туғанбыз, сонда өлсек те ризамыз ғой! Қайтесің сол, бізді қалаға сүйреп! — десе,
Ждақай:
— Өлгісі келген жұрт сол киіз үйінде өле берсін! Біз
тұрамыз қалада! — деп айқай салыпты. Оны жастар түгел
қол шапаттап қолдапты. Асан бəлшебек:
— Ақсақал ондай кертартпалықты койыңыз! Болашақ
жастардікі! — депті. Жиналыс соңында Асан:
Кел, кедей жастары. Үйымдас жалшымен! Бай менен молданы Қойдай қу қамшымен'—
деп ұран тастапты. Жастар ду-ду етіп оны сол заматта жаттап алыпты. Содан алгі тақпақ
ауыл балаларының аузынан түссінші енді. "Ақсүйек" ойнап жатып та, "Айгөлек" ойнап
жатып та:
Кел, кедей жастары, Үйымдас жалшымен! Бай менен молданы Қойдай қу қамшымен!—
деп түнгі аспанды бастарына көтеріп шуылдап жүргені. Тақпақ біртін-біртін құлаққа сіңіп


жатталып, ел ішіне тез тарап кетті. Кемпір-шалдар күңіреңді. "О, жасаған ие, осынша
жасқа келсек те, көрмегеніміз көп екен-ау!" деп. "Заман азды ғой!" деп.
Пахраддин сан саққа ой сабылтып іштей тыңды. Осылай боларын бұл əу баста-ак
болжаған-ды. 18-19-шы жылы қазақтың ірі байлары ұсталды. "Өгізге туған күннің бұзауға
да туарын" сонда-ақ сезген Пахрадцин.
Мінеки, сол зауалдың тықыры енді таянды.
Кел, кедей жастары, Үйымдас жалшымен! Бай менен молданы Қойдай қу қамшымен!
Іргесі түрулі керегеден алыс созылған тұлдырсыз құба далаға қарап, Пахраддин жанарына
жас тұнып ұзақ отырып қалған екен. Сағымға батып бұлдырап бедері жидіп балқыған
көкжиекте бұлындап шайқақтап жалғыз құйын өтіп барады. Қайдан шығып, қайда барары
белгісіз. Бір парықсыз тірлік. Айдау желдің алдына түсіп қанкөбелек айналып дедек
қаққан тағдырдай. Кай сайда қаларын Құдай білсін. Сол құйын, жел айдаған жалқы құйын
емес пе бұл дағы? Қаңбақтай қуалап, келеді емес пе замана желі, тамырынан жұлып алып.
Арқа сүйеген елі, табан тіреген жері қайда? Гулеп соққан дауыл, Құдай білсін, қай күні
таптап өтерін!
— Көкесі! — деп Сырға ақырын үн қатты ту сыртынан.
Пахраддин өз ойымен өзі, үйде Сырғаның барын да ұмытып кеткен екен.
— Ау! — деді, дауысы дірілдеп. Бұрылмады. Көзінде
жас бар еді. Ғұмыр бойы бұның қас-қабағын ауа райындай
болжап дағдыланған жамағаты қазір де сергектік, сезімталдық танытып отыр. "Көкесі!"
деген үнінде Пахраддинге ғана ұғымды тілмен мейірімі, махаббаты, үрейі түгел қоса
айтылған еді. Сыңсыған ел ішінде отырып Пахраддиннің соңғы кезде жалғызсырап
жабығып жүргенін сезеді Сырға. Қайран асыл жар. Өмірінің сəні Сырға. Ағайын кетті.
Бауыр кетті.Қыз кетті. Кетпеген осы жалғыз жары Сырғасы ғана.
Үнсіз Пахраддин тұйық қалпын бұзбағаннан кейін үнсіз Сырға ысырылып басып келіп,
иығына асыла отырды. Жібектей майда саусағымен арқасынан сипады.
— Саған қарап... мен де сырқатты болдым... Құрсыншы,
таусыла бермеші!.. Жазғанын көрерміз тағдырдың! — деп
арқасына маңдайын сүйеді.
Жалғыздықтың құлазыған жапан даласынан ұмтылып кеп ибалы, сұлу жарының
құшағымен құшағы табысып, мейірім, махаббат шуағын сансырап сағынған жаны бордай
езілді. Жарының жас жуған сопақша сұлу жүзіне бетін басып солықтап жіберді.
— Қойшы! Не болды саған? — деп шошып кетті Сырға.
Өмірде бүйтіп əлсіздік танытпаған ғой Пахраддин. Кең иығы толқын ұрған талдай дір-дір
етеді. Сирек сөйлейтін, сөйлесе дауысы құлаққа күміс қоңырау үніндей жағымды,
тəрбиелі жан еді Сырға. Кісіні есті, назды қылығымен табындыратын.Қазір де сөйтті.
Жүзінен иман нұры төгіле отырып, күйеуін балаша аймалап жұбатты. Пахраддиннің
басын тізесіне қойып, бейне сынықшыдай сипап, аймалайды.
Тұмсығы қоңқиып шалқасынан жатқан Пахраддин əлдене есіне түскендей езу тартты.
— Асасы, осы жұрт та ақымақ. Пахраддиннің байлығы деп күн құрғатпай өрістегі малын
санайды. Əй, қандай ессіздер-ай! Əй, Пахраддиннің байлығы үйінде емес пе? Ол мына
отырған бəйбішесі емес пе? — деді.
Монтаны пішін, бидай өңді Сырға бəйбішенің түндей тұнық қара көзі жарқ етіп, ақ тісі
ашылып күлгенде бет ұшына қаны тепті. Күйеуіне еңкейіп сыңғырлап күлді.
— Бұнынды біреу естіп қалмасын! Онда бəйбішең де кетті дей бер, кəмпескеленіп... —
деді.
6
Биылғы жаз бір ерекше жаз болды. Сағыздай созылып өтпей тұрып алатын баяғының
жазы емес. Таң атса əне-міне дегенше Күн де батады. Əңгіме көп. Жүріс-тұрыс көп. Атқа
мініп, селтеңдеп, ауыл-ауылдың арасын шандатып құйғытып жүрген белсенді жастар.
"Комсомолмыз" дейді. Оның не екенін білмейтін сахра жұрты үрпие қалады. Əйтеуір,
өкімет адамы ғой деп. "Қызыл отаудың" ойын, жиынынан қалмай, бəлшебек Асанды
төңіректеп жүріп, ақыры, Шеге, Ждақай, Қозбағар, Балжан сияқты жастар да "комсомол"
болып кетті. Қозбағар "комсомол" болғанда Торқа кемпір қуанғаннан шойнаңдап жортып,
бүкіл ауылды айналып шықты. "Адыра қалғыр, ал керек болса! Ойындарың келген екен
бадырақпен" деп. Ауыл көзінде жастардың беделі өсті. Кешегі жалшы бүгінгі "комсомол"
Қозбағар келе жатқанда Пахраддин сияқты зиялылардың жүрегі зірк етеді. Комсомол
жастар:
Қара табан бадырақ, Күнің туды жадырап. Егін салып, жер ексең, Бай боласың қазір-ақ,—
деп əндетеді.
"О, Құдай шебер! Жаңа заманның да жарапазанын есіттік-ау!" деп кемпірлер тамсанады.
"Қызыл Отау" меңгерушісі Асан бəлшебек жастардың ұйытқысы, етене жақыны болып
алды. Дүниеде білмейтіні жоқ. 16-шы жылы окопқа алынып, орыс-герман соғысына
қатысқан. Мəскеу, Петербор дейсіз бе, көрмеген жері жоқ. Асанның ықпалымен Шеге бір
жиналыста түңғыш рет сөз сөйледі. Сөзін былай бастады:
— Ескіліктің түп-тамырына балта шабатын мезгіл жетті!— деді. — Онсыз біз жаңа өмірге
аттап аяқ баса алмаймыз!
Аяғымызды шырмап отыр ескілік!
— Көтек, тағы бір Асан шыққан ба арамыздан? — деді бір шайпауыз келіншек, Шегені


əжуалап.
Алажабыр жиылған жұрт қыран-топан күлді.
Жиылыс соңынан күн үзын қалғып отырған кілбік көз Бүқабай мелиса əукесі салбырап,
орнынан тұрып мылтығы бар үйлердің тізімін оқыды. Онда аталынбаған үй қалмады.
Мылтық əңгіме болғаннан кейін жұрт секем алып, дағдарып бір-біріне қарады. Бұқабай:
"Орталықтан бұйрық бар, мылтық біткеннің берін өкіметке өткізу керек. Тəртіп солай", —
деді түсін суытып. "Мылтықты жинаймыз" дегені ешкімге ұнай қоймады. Мылтығын
тапсырмаған Мажан аулынан Мажанның үш баласы мен Пахраддин аулынан жалғыз
Бұлыш еді.
— Бере алмаймыз мылтықты! — деп Бұлыш күңк етіп,
Бұқабайға сыртын беріп, кеше қақпанға түскен арлан көкшолақтың құлаш жарым терісін
кергілей бастады.
— Бұлыш аға! — деп мəн-жайды тəптіштеп айтуға кірісті Бұқабай.
— Тəртіпке қарсылығым жоқ. Бірақ аңшы екенімді күллі жұрт білулі. Астымдағы атымды,
жетегімдегі итімді, қолымдағы мылтығымды кім сұраса да бере алман, — деді Бұлыш
көмірқара өңі түтігіп.
— Бұлыш аға, тəртіп солай... — деп келе жатыр еді
Бүқабай, қараша үй жақтан:
— Əй, Игенсарттың баласы!— деп Дəу апа ақырып қалды. — Əй, өйткен тəртібіңнің ішіне
сиейін түге! ... Аңшының қолындағы мылтығына жабысқан ол неғылған тəртіп?! Мылтық
берілмейді! Дəу апа айтты де, түге, айтатын жеріңе! Шауып алатын жау келіп мені-ақ
шауып алсын!
Əңгіме осымен бітті. Бұқабай мелиса лəм деп аузын ашпай атына қайта отырып жүріп
кетті. Бұлыштың шешесі Дəу апаның кім екенін жалғыз Бұқабай емес, бүл төңіректегі
дүйім ел білетін. Қыз кезінде шашты желкеге түйіп алып ерлермен бірге жауға қарсы
шауыпты деп айтады жұрт. Төркіні — адайдың құнанорыс деген тайпасы. Бойжеткесін
ағайынның ырқына көнбей табын арасында аңшылығымен аты шыққан Бұлыштың əкесі
Арша мергенге қашады. Арша мерген 1916 жылы солдатқа алынады да, содан хабар-
ошарсыз кетеді. Жетім бала, жесір əйел 21-дің аштығына ұрынады. Дəу апаның есі кіріп,
адам болып қалған он екі, он үштегі екі ұлы шешектен шетінейді со жылы. Аштықтан
малсыз, күйсіз шыққан Дəу апа кəсіп іздеп үлкен ұлы Бұлышпен базаршыларға еріп, Ойға
/қарақалпақ жеріне/ түседі. Қоңыраттың базарыңда түрікпеннің бір байымен кездесіп,
соған түйекеш болып жалданады баласы екеуі. Байдьң аты Пірімқұл екен. Пірімқұл
жылына бір түйе аласың дейді еңбек ақыңа. Дəу апа жалғыз ұлы Бұлыш екеуі байдың
түйесін екі жыл бағып елге қайтуды ойлап бір күні еңбек ақысын сұрайды. Сонда, бай
бұларға келенің ішіндегі ең жаман қотыр тайлақ пен қатпа маяны береді. Жетім бала,
жесір əйел есесін қалай дауласын, жұлым үйін қиқитып қотыр тайлаққа артып, өздері
маяға мініп, сараң байды қарғап-сілеп қырдағы алыс елге қайтады. Күн жүріп Үстіртке
көтеріледі. Əрі қарай қазақтың кең даласы. Дəу апа сол арада бір іске бекінеді. Шолақ
көшті іркеді. Түйелерді шөгереді. "Жүкті түсір!" дейді баласына. Бұлыш таң қалады, бұл
ыздиған қыр үстіне неге қонып жатқанын білмей. "Балам! — дейді Дəу апа. — Мені енді
ана сараң байдан есем кайтпайынша, осы жерден қозғалады екен деп ойлама! Қотыр түйе
мініп елге барғанша, менің осы арада өлгенім артық. Атаңа нағылет Пірімқұлдың бізге
қылғанын, өзіне қыл, бар! Келесінің ішінен қос нарын таңдап тұрып бөліп ал да айдап кел,
менен туған ұл болсаң!" дейді.
Бұлыш бір ауыз сөзге келместен шиті мылтығын қолға алып, қотыр тайлаққа қарғып
мінеді де кейін қарай тартып отырады. Түн ортасы ауа жүрек жұтқан жас жігіт байдың
сандық өркеш қос нарын сүргітіп қуып келеді анасы отырған жерге. Дəу апа, сонда: "Əп
бəрекедді, міне енді үялмай елге де баратын болдық!" деп қабағы жадырап орнынан
түрегелген екен дейді. Бұл хикая, батыр мінезді Дəу апаның көп ерлігінің бірі ретінде ел
ішінде аңызға айналып кеткен.
Оны Бұқабай мелиса да білетін. Сондықтан Дəу апамен салғыласып жатуды бекер санады.
Бірақ "Хантөрткіл" ауыл советі бойынша өкіметке қару-жарағын тапсырудан бас тартқан
азаматтардың тізімінің дəл ортан белінде бадырайып "Бұлыш Аршаұлы" есімі де кеткен
еді.
7
Күздің басы бұл елге "кəмпеске" атты ұлы дүрбелеңін ала келді. "Кəмпеске" Бас Оймаут,
Орта Оймаут, Сарыбай құм, Доңызтау жақтан басталып Хантөрткіл, Түгіскен төңірегіне
жайлаған қалың елге қарай жағалап келе жатты. Бір күні Жарасбай, Тегінберді
"кəмпескеленсе", бір күні Байтақ, Үлман, Құлман "сорлапты", малын, дүние-мүлкін солдат
шығып сыпырып алып, өздерін "арыстыбай" етіп, Темірге айдатыпты деген дақпырттары
жер жарып жатыр.
Сондай бір күні, көлеңке басы ұзарған кіші бесін шамасы еді. Əлгіндей хабарларды есіте-
есіте тырс еткенге елендеп отырған Пахраддин аулына Мажан аулы тұсынан жалбақтап
шауып жалғыз атты келе жатты. Ауыл өріп тысқа шықты. "Астапыралла" деп Тəңіріне
сыйынып, "Жəне не хабар келеді?" деп жалпылдап шапқан жалғыз аттыны тосты. Жалғыз
атты жау келе жатқандай айқайлай кірді ауылға. Ждақай екен кəдімгі.
— А-а-а... халайық! Бірің қалмаңдар! Шақырып жатыр, кəмисия! Шақырып жатыр
митинг! "Кемпеске" болады!


Мажан "кəмпеске" болады! Көм-пес-ке-е-е! Бірің қалмаңдар! Митинг!
— О, жағың қарыссын! "Митыңы" несі тағы?!
— Соншама өрекпігені несі, жетпегірдің! — деп əйелдер
Ждақайды қарғап-сіледі. Бірақ "кəмпеске" дегеннің не екенін көзбен көруге бəрі де
құмартулы еді. Аттысы — атты, жаяуы —жаяу тай шаптырым жердегі Мажан аулына
қарай қатын-қалаш, бала-шаға түгел шұбырды.
Қарақасқа айғырын ерттеп мініп, жұрттың соңын ала Пахраддин де шықты ауылдан.
Көлденең белден аса бере кең алапқа көлбей қонған бай ауылы көрінді. Ауыл үсті
ханбазардай қайнап жатыр екен. Одағайлап ауыл шетінде тұрған қызылтулы "Қызыл отау"
төңірегі ығы-жығы адам. Тізілген ат арба. Құмырсқадай бала-шаға. Ауылдың алды
шаңытып иірілген қаптаған қалың мал. Мыңғырған қой. Үйір-үйір жылқы. Түйелер. Мал
қайырып селтеңдескен аттылар. Ит үріп, қой маңырап, жылқы кісінеп, ауыл үсті ию-қию.
Ел шетіне тиген ланды көргендей, Пахраддин тітіркеніп кетті. Естуінше ірі қарасы 300-ден
асатын байлар ғана ілігуте тиіс бұл науқанға. Сатты, сойды, қолды болды, əйтеуір,
Пахраддинде бес-он түйе, жүз қаралы ұсақ жандықтан артық мал қалмады. Бұл есеппен
қарағанда Пахраддин "кəмпеске" құрығынан құтылуға керек.
Жұртты жиып арбаның үстіне шығып Асан бəлшебек сөз сөйледі. Бай мүлкін көмпескелеу
жайлы Каз.ЦИК-тің декретін оқыды. Асанның қасында бір топ адам. Ішінде жаңадан
болған ауылсовет бастығы — Жорға Күрең. Жорға Күрең жымсиып күліп алға шықты.
Қолындағы тілдей қағазына үңілді. Бастық болуға Шəріптен гөрі епті, оңтайлы екені
көрініп-ақ тұр. Тілі де майда, жатық. Үні де жұмсақ.
— Жолдастар! Енді сөз кезегін тап жауымыз Мажан бай Ұлмановтың есігінде қой бағып
өмірін өткізген жалшысы, жолдас Қауқаш Көшекбаевқа береміз! — деді. "Жолдас Қауқаш
Көшекбаев" деп жұрт қайталап айтып жамырап күліп жатты.
— Ау, қайдасың, жолдас Көшекбаев?
— Уа, түбің түссін, бол тез! Теңдік тиді саған да, сөйле!
Жетегіндегі жарбай түйесінің бұйдасын қасындағы
біреудің қолына ұстатып, жапырайған кішкентай қатпа қара кісі аяғы маймаңдап арбаға
қарай жүгіре түсіп келеді. Басындағы мақтасы бұркыраған ескі бөрігін бір қолымен басып-
басып қояды. Көпшілікгің көңілді күлкісі толастар емес. Ортаға шығып арбаға жақындап
тоқтаған Қауқаш батырақ бұрылып елге қарады. Бөркін басып, ыржиып қойды.
— Жолдас! Арбаға шығыңыз! Жұрт көрсін!
Арбаға шыға алмай тырбаңдаған Қауқашты Асан бəлшебек қолтықтан көтеріп алды.
Биікте, бастықтардың қатарында тұрып, ескі терідей мыжырайған Қауқаш қаумалаған
көпшілікке қарап тағы ыржиды.
— Ойхой, Қауқаштың да күні туды-ау!
— Ойындарың келмесін Қауқашпен! — деп гуілдеп жатыр жұрт.
— Ал, жолдас! Сенің сөзің халықтың сөзі! Каз.ЦИК-тің декретіне қалай қарайсың?! Соны
айтшы!— деді Асан бəлшебек.
— Бас, Қауқаш, аяма! Көсілт! — деп қиқу салды Шəріп. Қауқаш иегін уқалап тосылып,
басындағы бөркін біресе шекесіне, біресе желкесіне апарып, аузына сөз түспей састы.
— Ау, жөніне қойса, сорқайнаған бөрікті! Онсыз да ыдырап бітіпті ғой! — деп артқы
жақтан ұзынтұра Уəп айқайлады.
— Кһа... кһа... жиылыста сөйлейсің деген соң... кһа... кһа... кеше осы бөркімді ең болмаса
бүтіндейін деп... кһа...
Мажанның бəйбішесіне бардым... — деп жөткірініп сөз бастады Қауқаш.
— Əнеки, тағы жабысты бөрікке! Уа, ішің өтсін Қауқаш!
— ... Барсам Жамал бөйбіше кебежесін ақтарып жатыр екен. Бөркім қолымда. Келген
шаруамды айтып, бір суыртпақ жіп сұрадым бəйбішеден... Кһм...
— Уай, сөзің бар болсын... Арғы жағын айтпай-ақ қой, түсінікті!
— Жоқ. Айтсын! Айтсын!
— Айта бер, жолдас Көшекбаев! — деп құптап қойды Асан Айтжанов. -Кһм... Сөйтіп бір
суыртпақ жіп сұрадым. Бəйбіше "кəні, бере тұршы!" деп қолын созды бөркіме. Бердім.
Қайдан білейін ашулы екенін. Жітірді кеп бөрікті ашық есіктен далаға. Содан бөркім күлге
барып түсіп...
— Пай, бөркің де құры, өзің де құры, Қауқаш! Лақпай "кəмпескені" айт! Өкімет саясатына
қосыласың ба, жоқ па, соны айт! — деп күйіп-пісті Шəріп.
— "Кəмпескеге" қосылам-ау... тек... кһм... ертең осы... Мажан бай жіберген жақтарыңнан...
қайтып келіп... бізді сорлатып жүрмесе неғылсын... Құрысын... сол байдың малы
құрысын... Өзімнің он шақты қойым өзіме бұйырса да... жетеді.
— Жолдас Көшекбаев! Сабыр етіңіз! — деп оның сөзін бөлді Асан. — Сенің қорқуың
бекершілік. Өйтіп жұртты үркітпе! Егер, осы жиналыс Мажан бала-шағасымен жер
аударылсын деп тапса... Мажанды үрім-бұтағымен енді қайтып көрмейсіздер! Сен, жолдас
Көшекбаев, сөзіңнің енді тоқ етерін айт! Мажан бай мал-мүлкі кəмпескеленіп, жер
аударылсын ба? Əлде жоқ па? Кəні, соны айтшы!
Самсап тұрған қауым Күнге шекесі жылтырап мұрын ұшы тершіген бір жапырақ қара кісі
Қауқаштың аузына қарады. Қауқаш койшы жаны иненің ұшында тұрғандай абдырап,
аузына сөз түспей, өзіне қадалған сан алуан көздерден қашып құтылатын тесік таба алмай
тығырыққа тірелді. Мажан мен бəйбішесі арба алдында көрнектеу жерде отыр еді. Олар да


Қауқаштың аузына қарап қалыпты.
— Сөйле! — деп күбір етті Жорға Күрең арт жақтан нұқып.
— Аударылсын... Өкіметтікі жөн ғой!.. — деді Қауқаш байғұс тілі əрең шешіліп. — Кһм...
өкімет білмей істемейтін шығар...
Жұрт гулеп кетті. Қолдап та жатыр. Қарғап та жатыр. Жамал бəйбіше дауыс салды. Екі
қолымен бүйірін таянып, үрген местей етжеңді бəйбіше дауыс етіп теңселді.
— Тұз-дəмім ұрғыр Қауқаш! ... Тұз-дəмім ұрсын!.. Ой-бо-ой! Не жазығым бар еді?
Бір жапырақ Қауқаш көпшіліктің шауқымынан шошып кетіп "не істеп қойдым?" дегендей
алақтап бастықтарға қарады. Ат жақты, сылыңғыр ұзын қара Асан бəлшебек күліп
аркасынан қақты. "Жарайсын!" деп. Сонда ғана жүрегі орнына түсті байғұс Қауқаштың.
— Ал, енді сөйлеймін деушілер бар ма? — деп Жорға
Күрең дабырлаған қауымға жымсиып қарады.
— Мен! — деп Ждақай топты жарып, арбаға қарай тұра ұмтылды. — Мен сөйлеймін!
— Ал, енді сөз алатын — тап жауымыз Мажанның кішкентайдан қозы-лағын баққан
бадырағы Ждақай Күрең баласы. Кəмпеске жөніндегі кəмиссия мүшесі.
Жуантық келген, тығыншықтай Ждақай анадайдан барысша атылып, секіріп мінді арбаға.
Көзі шырадай жанып, шашы тікірейіп алыпты. Жұдырығы түюлі.
— Батырақ байғұстың... біз сияқты қасқиған... Əлгі
Қауқаш сияқты... байда кеткен кегін қайтарған... Жасасын революция!!! — деп қолын
аспанға тік көтеріп айқай салды
Ждақай. — Жа-са-сын!!!
Арба үстіндегілер шарт-шұрт қол шапалақтады. Сендей соғылысып сөйлеушіге қарап
тұрған көпшілік не істерін білмей бір-біріне қарады.
— Жасасын революция!— деп Шеге айқайлады арт жақтан.
— Жаратқан ием сақтай гөр!
— Жақсылықтың нышаны болса жарар еді... — десіп
күңкілдесті кəрілер.
— Кəмпескелеп тек мал-мүлкін алып қою аз!.. Жер аудару деген де түк емес! Байлар ана
жақта тайраңдап жүреді деген сөз ол! Қауқаш айтқандай тірі жүрсе олар, оллаһи, қайтып
келеді! Келеді де, біз сияқты байғұстарды қасқитады да салады (жүрт күлді). Оу,
күлмеңдер! Осы айтқаным келмесе қара да тұрыңдар! Сондықтан бұл қасқалдақтарды
қатыру керек! Аяқ-қолдарын матап мəңгі-бақи шыға алмайтын темір тордың ішіне тығу
керек! Сол менің айтарым!
— Уа, аузың желкеңнен шықсын... Ждақай! Көктей сол!
Көктей солғыр! — деп Жамал бəйбіше жерді төмпештеді.
— Ал шуды тоқтатыңдар! Қаулы оқылады! — деді Жорға Күрең жымиып, қолындағы
табақтай қағазға үңіліп.
— Оқы, оқы! Құлағымыз сенде!
— "Хантөрткіл ауылсоветіне қарасты, 5-ші ауыл кедей-батырақтарының жалпы жиылысы
қаулы етеді: Бірінші. Біз өз жиылысымызда аулымыздың ең ірі байы, тап жауымыз Мажан
Өтешовтің ісін қарадық. Мажан ірі бай. Жеті атасынан бері еңбекші халықтың қанын
сорып, еңбегін пайдаланып келе жатқан жауыз. Сондықтан оның мал-мүлкі түгел
кəмпескеленсін, өзі бала-шағасымен жер аударылсын жəне көзі тірісінде бұл жерге қайтып
айналып келмесін.
Екінші. Осы ауылсовет қарамағында тағы бір тап жауымыз тұрады. Ол — бұрын патша
заманында бай болған, билік құрған Пахраддин... Оның қазіргі қолда бар малы бай
дəрежесіне жетпейтіндіктен ол "құлақ" деп танылсын. Мал-мүлкі кəмпескеленсін. Бірақ
Кеңес өкіметіне өз еркімен жылқы берген, ет берген зиянсыз "құлақ"' болғандықтан ол
"жер аудару" жазасынан құтылсын". Қаулы осы, жолдастар! — деді Жорға Күрең қағаздан
тұмсығын көтеріп. — Жолдастар, айтпақшы жəне бір айта кететін жəйт бар. Ол бай да
емес, "құлақ" та емес, Кеңес тілегіндегі кедей де емес, "құйыршық" мəселесі. "Құйыршық"
деп кімді айтамыз? "Құйыршык" деп тап жауымыздың шашбауын көтеріп жүрген
кейбіреулерді айтамыз...
— Ол кім ол? Бас! Аяма! Айт! — деп еліріп елпілдей түсті Шəріп.
— Айтсам ол — дəл сен, Шəріп! Өзіңсің! Тап жауымыз
Пахраддинге біраз құйыршық болдың, құда болам деп!
— Не дейсің, əй?! — деп Шəріп түсінбей қалды алғашында. — Əй, қайталап айтшы!
Араның ұясындай гуілдеп кеткен көпшілік бір жанжалды сезіп тына қалды. Жорға Күрең
жымысқы күліп:
— Пахраддинмен құда болғаның, шапан киіп ауыз жаласқаның өтірік пе, Шəріп?! Сөйте
жүріп өзіңді "белсенді кедеймін" деп төске ұрасың! — деді.
— Əй, əй, Жорға! Сен, сен, не оттап тұрсың, əй!— деп ышқынып қалды шырылдауық
Шəріп. Дыз етіп елдің алдына жүгіріп шығып, басындағы бөркін жерге бұлғап ұрды.
Жердің шаңы бұрқ етті. Жорға Күрең селк етті. Жұрт үрпиіп қалды.
— Мен екем ғой, сонда "құйыршық!" Уа, атаңның көрін...с...Уа, Мажан байдың базар
сайын мініп жүретін жорға байталы! Сен қайдан кедей атынан сөйлей қалдьң? Терін
саумай тілін сауған саудагер суқит! Мен Пахраддинмен құда болғаным рас! Бірақ ол бай
емес — орташа! Оны неге жасырасың сен суқит!
— Сабыр... сабыр етіңіз, Шəріп аға! — деп Айтжанов тəртіпке шақырды. Жорға Күрең:


— Əнеки, бұл елге шындығын айтсаң жақпайсың, — деп беті бүлк етпей ырқ-ырқ күлді.
Екі мелиса бірі — Бұқабай, бірі — баяғы Сұржекей, Шəріпті қолтыктан көтеріп дедектетіп
ала жөнелді.
— Жіберші! Көн табан қара бетінен бір ұрайын кіспұрыштың! Жіберші! — деп Шəріп
бұлқынады.
— Жолдас, жиналысқа кесайт етпеңіз!
Шапшаң Шəріп қолтықта бара жатып-ақ етігінің бір сыңарын шешіп алып, мелисаның
төбесінен асыра лақтырды. Арба үстіңдегі Күреңді жіберіп ұрды.
— Мə, саған "құйыршық"!
Ұлтаны ауыр қара етік қарғадай далпылдап ұшып барып Күреңнің оң жақ шекесін жанап
өтті. Күрең сол жаққа, Асан оң жаққа құлады. Қыран-топан күлкі. Шəріпті "Қызыл отауға"
апарып қамады. Шəкеңнің Жорға Күреңді сыбаған ащы дауысы бəрібір тынбай естіліп
жатты.
Күн ұясына қарай еңкейген. Нарттай қызарып тегіс алапта отырған ауылға қырмызы
нұрын төгеді. Бұл кезде жұрт жапа-тармағай Мажанның кең бүйірлі қоңыр үйіне қарай
лықсыған. Ат арбалар да солай қарай қозғалды. Əудемде жиналыс болған алаңда шашын
жайып батар Күнге қарап жылаған жалғыз бəйбішеден өзге жан қалмады. Жұрттан бұрын
əлдене деп айқайлап атын қамшылап екпіндетіп жеткен Ждақай бай үйінің үзік, туырлық
бауларын қиып жіберіп, киізді екпінмен сыпырып ала кетті. Үлкен қоңыр үйдің бір жақ
шекесі уықтары ырсиып ашылып қалды. Оған іле атымен кидірмелетіп жеткен Шеге бауы
кесілген үзікті шалқайтып сыпырып алды. Сүйек ағашы жалаңаштанып үйдің бір жақ
қапталы түгел ашылды. Атынан қарғып түсіп жұрттан бұрын үйге жүгіріп Ждақай кірді.
Үйдің бір бұрышында Мажан бай тұқшыңдап теріс қарап тұрып əлденені орап жан
қалтасына тыққыштап жатыр екен. Ждақай барысша атылып кеп, Мажанның қолына
жабыса кетті.
— Əй, көргенсіз! — деп Мажан шынтағын шолтаң еткізгеңде орамалға ораған бір бума
ақша қопырап шашылып жерге түсті. Өңшең қызыл отыздықтар.
— Көрдіңдер ме! Сабатаж! — деп жиналған жұртқа қарап айқайлап, екі қолын көтеріп
секіріп-секіріп түсті Ждақай. —Көрдіңдер ме, қасқалдақ, дүниесін қалай жасырып
жатқанын! Мə саған! Мə саған ақша!
Ждақай қопыраған ақшаны уыстап, жынданып, шаңыракқа қарай лақтырып жүр. Мажан:
— Өй, ант атқыр! Ант атсын сені! — деп отыра қалып ақшасын жинауға кірісті.
Мелисалар Мажанды қолтықтап алып арбаға апарып мінгізді. Мажан бүгіліп жылап əрең
отырды. Біреулер бəйбішесін сүйемелдеп ертіп келеді.
Жаландаған жас жігіттер үй ішінің ойран-боткасын шығарып, кебеже, тең, сандықтарды
ту-талақай тартқылап арбаға апарып тиеп жатыр. Керегеге ілулі түскиіз, кілемдердің
бауын шешпей бырт-бырт үзіп арба үстіне лақтырады. Əп-сəтте кең үйдің іші қаңырап
босап қалды. Ашық іргені қуалап, жылт етіп тышқан қашты.
— Үйді не істейміз? Үйді де кəмпескелейміз бе? — деп еліріп сақ-сақ күлді Ждақай.
Жалаңдаған кедей жастар өршеленген үстіне өршеленіп:
Кел, кедей жастары, Ұйымдас жалшымен! Бай менен молданы Қойдай қу қамшымен!—
деп қосыла əндетіп, шапқылап жүріп уықтарды сыпырғаңда, шайқалып кеткен қара
шаңырақ, бақанмен тіреуге үлгертпей үйдің ортасына келіп гүрс ете түсті.
Күлдіреуіштерінің күлпаршасы шықты.
— Құдай бетін көрмегір! Көз жасым жібермегір! — деп аңырады бəйбіше.
Күлпаршасы шыққан шаңырақты көріп жиналған жұрт тіксінді.
— "Жайлауыңды — жау, қыстауыңды — өрт шалды" деген осы да!
— Кесапаты тиер! Қой, балам, кетейік! — деп, жаулығы дағарадай бір кемпір немересін
сүйреп үйіне беттеді.
Шаңырақ əлгінде ортаға түсіп күлпаршасы шыққанда бейне өз ордасы құлағандай төбе
шашы тік тұрып еді Пахраддиннің. Бүкшеңдеп ақшасын жинаған Мажан, оның қолына
жабысқан төртбақ бала жіііт Ждақай — Пахраддиннің бұл өмірде көрмеген сұмдығы. "Бұл
ел оңбас. Оңбас. Ендігі жердегі тірлігіміз осы болса, өз ұрпағымызбен өзіміз жағаласып
өтетін болсақ, біткен екенбіз. Біткен екенбіз" деп іштей омырылды Пахраддин. Ары қарай
беруге дəті шыдамай Мажанмен иек қағып қоштасты да, атына мініп аулына қарай жүріп
кетті.
Қираған шаңырақты көріп, Ждақайға қатты ұрысты Асан бəлшебек. Ждақай безілдеп қоя
берді.
— Асан аға-ау, бұл зəнталақтың шаңырағы қирағанға ұрсасыз, бұлар менің қабырғамды
қиратты емес пе! Міне, қараңызшы! — деп, жейдесін түріп жіберіп қамшы ізі айшықтаған
арқасын көрсетті.
— Давай, бұзақылықты доғар! Айтқанды істе! — деді Асан шолақ бұйырып. Арық қара,
талдырмаш көрінгенімен өңі сұсты, ашуы қатты еді Асанның. Ждақай майпаңдап сала
берді.
— Құп, аға, құп! Қасқа Ждақай екі айттырмайды ғой!
Екі айттырмайды.
Ымырт үйіріліп те қалды. Бұл кезде комиссияның Жорға Күрең бастаған бір тобы
жалшыларға азын-аулақ малдарын бөліп беріп, халықтың нобайы үймелеген Мажан үйіне
қарай беттеген. Жылап-сықтау, шаң-шүң айқай да осы манда. "Жер ауып, келмеске


кеткелі" жатқан Мажанның үйін қоршаған ел кеш қараңғысын жамылып келіп тұрған
жалғыз аттыны байқаған жоқ. Бұл — жалғыз атты аңнан қайтқан Бұлыш еді. Соңында —
тазысы. Иығында — мылтық. Екі кештің арасында боздаған бəйбішенің дауысын алыстан
құлағы шалып осылай бұрылған.
Ждақай, Қозбағар, Шегелер Мажанның үлкен үйіндегі дүние-мүлікті арбаға тиеп бола
бергенде, бүйір қапталда түрған отау үйден шаң-шүң айқай шықты. Ышқынған əйел
дауысы:
— Шық үйден! Шық! — деген Балқияньщ үні. Іле отаудың есігі сарт ашылып, бүрмелі ақ
көйлектің етегі көлең етті.Жалаң бас, шашы тарқатылып кеткен Балқия, үн-түнсіз
жабысқан бір еркекгі қараңғы үйден сүйретіп сыртқа ала шықты. Жеңсізінің өңірі
ағытылып кеткен қайқы төс мықынды келіншекгің белінен ұстап алыпты Бұқабай мелиса.
— Жібер! — дейді Балқия жұлқына алысып.
— Əй, кəмпескеге қарсысың ба? Мына алтын- күмістерінді өткіз, тəртіп солай! — деп
кілбік көз, əукесі салбыраған гүжбан қара Бұқабай қарулы келіншекке əлі келмей күле
береді.
— Мə, мына қызықты қараңдар! — деп шу еткен бала-шаға, қатын-қалаш дүркіреп отауға
ұмтылды. Сөйткенше, Балқияның білезікті ақ білегі жарқ ете қалды. Сақина, жүзікке толы
ауыр жұдырығы, ебедейсіз құшақ жая берген күмпек қара Бұқабайдың тұмсығына сақ етті.
Бұқабай танауын басып бүгіле қалды.
— Қағынды келгір, сазайың! ~ деп ашуға булыққан Балқия басын сілкіп тастап, шашын
жөндеді. Омырауын түймеледі.
— Бұл не? — деп жүртты қақ жарып жүгіріп жетті нəшендік мелиса Сұржекей.
Бұқабай:
— Мажанның тоқалы... дүниесін кəмпескелейін десем... сабатаж жасап... алыса кеткені! —
деп бастығына болған жайды баян етті.
— Ие саған! Қараңғы үйге кіріп кеп... "Кəні шешін, табарыш!" деп алыса кеткен кім? —
дел Балқия да бет бақтырар емес.
— Е, "шешін" демей не дейін, үсті-басың толған байлық! Оны кəмпескелеу міндетіміз!
Тəртіп солай!
Сұржекей:
— Дүрыс айтады. Кəнеки, өз еркіңізбен беріңіз мүлкіңізді! Əйтпесе, тартып алуға
хақымыз бар! — деп дікектеді
Балқияға.
— Дүние керек болса ала бер ана байдың малын! Менің қолымдағы сақина-білезікте не
əкелеріңнің құны бар? — деп қайтпады Балқия да. Көпшіліктің сыртында түн жамылып
келіп тұрған Бұлышты көріп, əсіресе, батылданып кетіп еді. Балкияны баяғыдан сүйетін
Ждақай не істерін білмей жаны кыдырып, осындайда арқа тұтар Асанды іздеп "Қызыл
отау" жаққа ұмтылды.
— Асан аға! Асан аға! — деп айқай сала жүгірді. Асан алдынан қарсы шықты.
— Асан аға! Анау Бұқабай Мажанның тоқалымен шатысып... қиқу болып жатыр! Асан
аға!
Бұлар жеткенше ақ отаудың есігі алдында опыр-топыр жағалас басталып та кетті. Ымырт
қараңғысында ақ көйлегінің етегі ағарандап еркекпен алысып жүрген əйел көрінді.
— Иттің балдары! Бұ қайсың! Доғар! — деп қатты жекіп ұмтылды Асан бəлшебек.
— Ойбай! Көтек!
— Құрсын! Масқара!
— Мынау масқара ғой! — деп шу-шу етті қатын-қалаш. Шеге:
— Жəке! Бұ не сүмдық! — деп атылып кеп Сұржекейдің кеңірдегін жүлып алатын кісіше
иек астына жетіп барды.
— Қаншай сабатаж! — деп Сұржекей кабурге жабысты.
Сөйткенше, Балқияның:
— Хайуан! — деп ышқынып жылап жіберген үні шықты.
Бұқадай көзі аларып алған Бұқабай асау келіншекті тақымын жарқыратып жығып салып
тізеге басқан. Үстіңдегі асыл тас моншақтарын бытырлатып үзіп, қолындағы сақина,
білезіктерін сыпырып жатыр. Төңірек у-да шу. Қызық көргісі кеп итермелесіп үймелескен
бала-шаға.
— Көте-ек!!! — деп бір қатын баж етіп қапталға ыршып кетті. Ортаға екпіндетіп кірген
атты кісі ысқыртып қамшы көтеріп келіншектің үстінде тұқшындаған бітіккөз Бүқабайдың
аю жотасынан тартып-тартып жіберді. Бұл Бұлыш еді. Бұқабай қайқаң етіп ұшып тұрғанда
жағасына жабысқан темір шеңгел ес жидырмай дірдектетіп, көкпарша сүйретіп ала
жөнелді. Шегенің:
— Ойбай, Бұлыш аға, пəлесіне қаласыз! — деген жан дауысы шықты. Дүрсілдеп қуған
адам.
— Сабатаж! Сабатаж! — деген айқай, оған іле тарс-тұрс мылтық атылды. Оқ ызыңдап
Бұлыштың төбесінен ысқырып өтті. Бұлыш жібермеді Бұқабайды. Иттер қосыла қуып аты
үркіп ауылдан оқшау шығып та кетті. Қырылдап, Бұлыштың қолына жабысқан Бұқабай
кімнің тақымында келе жатқанын енді біліп, ауылдан ұзай бере: - -Жазығым не еді, Бұлыш
аға?! — деп зар-зар жылады.
— Иттің баласы, осы елден шыққан боқмүрын емес пе


ең! Көзіңе шел біткен екен сенің, сыпырып алайын!
— Бұ-бұ... Бұлыш аға... Не жазығым бар? Б-байдың тоқалы...
— Тышқақ лақша бауыздайым... қазір... иттің баласы!
Ауылдан ұзап оңаша шыққасын атты іркіп, қапталда салаңдаған Бұқабайдың жағасынан
көтеріп, алдына өңгеріп алды. Тұншығып онсыз да жалпақ беті қамырдай ісіп кеткен
Бұқабай шалқасынан "қырр", "қырр" етіп алдында жатыр.
— ... Иттің баласы... Балқияға қолыңның ұшын екіншілей тигіздің екен өз қолыммен
бауыздаймын! — деді Бүлыш.— Есіттің бе?
Бұқабай бас изеп "қырр", "қырр" етті.
— Есітсең... ұмытпа осыны! — Бұлыш тынысы тарылып əлсірей бастаған Бұқабайды
жерге лақтырып тастады. Анау жаны жоқ денедей сылқ ете түсті. Ауыл жак азан-қазан.
Бұлыш түнге сүңгіп жоқ болды.
Мажан аулындағы кəмпескенің аяғы былай болды. Мажан бəйбішесімен со түні Темірге
айдалды. Одан əрі қайда кетерін Құдайдың өзі біледі. Балқия Асан бəлшебектің көмегімен
байдан бас бостандығын алып, ермей қалды. Сұржекей мен Асан қатты қақтығысты сол
түні. "Бұның солшылдық" деп ұрысты Сұржекейге Асан. "Ал сенікі барып тұрған
"байшылдық" деп Сұржекей Асан Айтжановтың өзіне тарпа бас салды. Мажанның малы
ауданға айдалды. Ертесіне ертелетіп Айтжанов басқарған комиссия бірнеше арбамен
Пахраддин аулына қарай бет алды.
Пахраддин мен Сырға бəйбіше со күні түнімен ұйқы көрмей үйдегі дүние-мүліктің бəрін
сыртқа, есік алдына үйді. Кеше кешке Мажанның ауылынан түсі бұзылып келген
Пахраддин үйге кірер-кірместен:
— Көрпе, төсек, қазан-табағыңнан басқасының бəрін шығар үйден! Үйді босат! — деді.
"Ошақ басымызды ойран етпей тұрғанда артык нəрсені, құрысын, өзіміз-ақ бөліп берейік"
деді. Бұл ақылды Сырға бөйбіше де костай кетті.
— Құрысын... дүниесі құрысын... Басыңның аман қалғанын айтсай... — деп жүр Сырға
бəйбіше.
Ауылға таңертең мал өре келіп кірген комиссия Пахраддин үйінің алдындағы үюлі дүние
— қат-қат кілем, тең-тең мата, қымбат ішік, тондарды, ірілі-ұсақты жиһаздарды көріп
қайран қалды. Есік алдына шығып құрметпен Пахраддиннің өзі күтіп алды комиссияны.
— Бір киер киім-кешек, көрпе-төсегіміз, қазан-табағымыздан өзгенің бəрі осы, жігіттер!
Үйге кіріп көріңіздер!— деп Айтжановқа есік ашып ізет қылды. Құрамында Жорға Күрең,
Шеге, Ждақай, Қозбағар жəне түндегі екі мелиса бар комиссия үйге кірді. Саудырап кіріп
келген түсі суық конақтардан ығыса үркіп босаға жақта тұрған Сырға бəйбішеге комиссия
мүшелері түтел сəлем берді. Есіктен кірген кезде іркіліп үй ішіне қарады бəрі. Басы артық
дүние көре алмай таң қалды. Жалғыз ғана босағаға ілулі күміс ер-түрманды қолтыққа
қысты Бұқабай.
— Бұ кісі жаяу жүрсін дегенің бе? — деді Айтжанов.
— Нешауа, жаяу жүрсін! — деді, Бүқабайдың орнына Сүржекей жауап беріп.
— Алсын! Алсын! — деп бəйек қақты Пахраддин. Жүк астында жалғыз қара кебеже тұр
еді, Сырға іріктеп киім-кешегін салған. Оған ешкім тиіскен жоқ. Сөйтіп, есік алдындағы
үюлі
мүлікгі алдымен тізімдеп, қағазға түсіріп, содан кейін арбаға тиеп комиссия сəске түсте
ауылдан аттанып кетті,
Бұл ауыл, өстіп, көптен күткен "кəмпескені" де бастан кешті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет