Ақ боз үй. Смағұл Елубай



Pdf көрінісі
бет5/9
Дата30.04.2024
өлшемі5.43 Mb.
#500203
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Ақ боз үй. Смағұл Елубай

ЖАҢА ӨМІР
1
Ел шетіне кіргеннен бастап Хансұлудың таңырқауы көбейді. Бұлар қуғын-сүргінмен
жүрген жыл ішінде ел сиқы қатты өзгерген. Бұрынғы, əр төбенің астында бес-он үйден,
балгердің құмалағындай шашылып жататын ауылдар азайыпты. Оның есесіне құдық,
бұлақ бастарында мол шоғырланып, желбіретіп қызыл жалау көтеріп, сапырылысып
кірпіш құйып, қабырға қалап жатқан жұрт. Бұл ауылдар баяғы көп айтылатын "жаңа
өмірге" қарай жүйткіп кетіп қалған. Шегенің айтуынша ауыл жиналып Жылыбұлақ басына
қонған. Серіктікке ұйысқан. Енді ауыл "Жаңа жол" деп аталады.
Хансұлудың көзіне тастақ төбе етегінде мыңғырған қала тұрғандай көрінді. Сары беткей
төсінде халық жыбырлап, той өтіп жатқандай. Өткен жыл ішінде дүние таза өзгеріп
кеткендей.
Хансұлудың есіл-дерті тезірек əке-шешесін көру.
Назары — ауылдан шеттеу тұрған ақ боз үйде. Танып келеді өз үйін. Бұрқ етіп көзіне жас
келді.
— Ай, қасқалдақ, жаса кəллектеп! Қарашы Шеге, мектепті қасқайтып салып тастапты! Əй,
маладес, Қозбағар! - деп Ждақай ат үстінде едіреңдеп айқайлап ұшып кете жаздады.
Хансұлудың есіне Шеге айтқан əңгіме оралды. Жаңа ауылға Қозбағар басқарма болыпты.
Баяғы жаман Қозбағар, сөйтіп, елге тұтқа болған. Осының бəріне Хансұлу сенер-сенбесін
білмейді.
Жақындай келе ауыл бедері айқындалды. Бұлақты жағалай тізіле қонған елу шақты уй.
Ауыл жұртшылығы жұмыстарын тоқтатып, иттерді шулатып жақындай берген шолақ
көшке самсап қарап тұр. Бір қатын жай тұрғанша Торқа кемпірді сөйлеткісі кеп:
— Шешей-ау, көзайдын, кім десек қашып кеткен келініңіз екен ғой келе жатқан! — деді
дауысын саңқылдатып жұртқа есіттіре.
— Əдірамқалсын... "келін" болмай, "құлақтың" қызын!! Баламнан аулақ, о несі түге! —
деп Торқа кемпір тұрған жерінде тулады.
Шағын көш ауыл шетінде іркілді. Бала-шаға алдарынан жүгіріп шықса да, үлкендер жағы
қарсы алуға асығар емес. Шеге Қозбағарды көріп тұрса да:
— Ау, басқарма қайда? Басқарма!? — деп дауыстады əдейі.
Сүйменшотпен жерді төмпештеп жатқан Қозбағар маңдай терін жеңіне сүртіп, тіктелді.
— Ау, жолдас! Мына еліңді қарсы ал! — деп Шеге жанын қуырып барады. Қомпиған
Қозбағар қолайсыз күйге түсіп, көшке қарай аяндады. Сол-ақ екен, Торқа кемпір:
— Əй!— деді.— Қаншама қатынжанды болсаң да қайт кейін!
— Апа-ау... міндетім ғой...
— Дəл "міндетіңнің" ішіне сиейін... сенің! Қайт! Қайт деген соң! — деп шақ-шақ етті
шешесі.- Ойбай, бұндай ынжықты көрсем көзім шықсын!
Торқа кемпір отыра қалып сары беткейдің құрғақ топырағын жұдырықтады. - Апа! — деді
инабатпен адуын кемпірдің жанына келіп еңкейген Шеге. — Апа, сабыр етіңіз! "Құлак",
"банды" деген сөздерді аңдап айтыңыз! Бұл үйлер біздің ауылға ГПУ-дің бұйрығымен
келіп отыр. Астанавит откошовкі прказібайт табарыш Сталин, —деді Шеге дауысын
қатайтып, əдейі орысшалап. — От соңдай саясат!
— Ойбұй! — деп Торқа кемпір түйелерге қарай тұра жүгірді. — Ойбұй, жамалдатқыр,
емізіп қойды-ау ботасын!
Ай, шу!
Жұрт қыран-топан.
Шынашақтай кемпір шаңдаққа қарай жүйткіп барады. Хансұлу да күлді. Даукес кемпірді
бір ауыз сөзбен қашырған Шегенің тапқырлығына іштей құлай риза болды.
2
Жалғыз көш құм ішін көп шарлады. Алғаш арттан қуғын-сүргін бола ма деп бет алды
қашты. Қуғын-сүргін болмады. Содан бағытын шығысқа таман өзгертіп күн-түн демей
үдере тартты. Жал-жал құмдар таусылмады. Екі күн жүріп үшінші күні дегенде құм
арасында бір жасыл жантақты, шырмауықты шұқырға кезікті. Кідірді. Жүктерін түсіріп,
екі түйе, бір ботаны тұсап жантаққа жіберді. Екі көлік аттың да ер-тұрмандарын сыпырды.
Көштегі адам саны да екеу еді. Бір еркек, бір əйел. Еркегі малды жайғап жүргенде, əйелі от
түтетіп су қайнатты. Екеуінде де үн жоқ. Екі кереге басын қосып жіберіп лезде есекарқа
күрке жасады. Сосын, сол қуыс күркеде шүңкиіп отырып шай ішті. Ыстық шайдан
мандайлары жіпсіп, терлегеннен кейін ғана еркегіне тіл бітті:
— Сен үйді тіге бер! Шаңырағын көтеріп берейін! Мен құдық қазулы... — деді.
— Ух, рахат-ай, көсіліп отырып шай ұрттайтын да күн туады екен ғой,— деп шайға қанған
ақсары келіншек жігітіне еркелеп, мысықтай керіліп көрпеше үстіне құлай берді.
Маужырап есінеп мол сəулелі тарғыл көзін бір ашып, бір жұмды. Бұл Балқия еді. Жігіті —
Бұлыш. Елді шулатып етегінен ұстаған Бұлышы.
Көзін ашса да, жұмса да көретіні — Бұлыш. Шойын қара Бұлыш. Түсі қалай сұсты болса,
жаны сондай жұмсақ Бұлыш. Бүкіл жарық дүниеден жалғыз өзін ғана таңдап алып,
өмірдің өзге қызығын тəрк еткен. Балқияға да осыдан артық өмірдің керегі жоқ, Тек


Бұлыш аман болсын.
— Қимылдайық. Аттар шөлден қатты. Жатуға болмас,— деді Бұлыш жанында бұратылып
жатқан келіншегінің назын іштей ұната отырса дағы. Кірпігін айқастырып сəл миық
тартып жатқан келіншегі көзін ашты. Жабайы мысықтың көзіндей...
Жігіт жүрегі дүрсіл қақты. Келіншегінің мықынына көз тастады. Күркенің аңырайған
есігінен төңіректі білеулеп қоршап тұрған орасан жайқын құм əлеміне көз жіберді. Піскен
нандай қызғыш құм жалдардан жоғарыда далиған зеңгір аспан. Түпсіз тұңғиық аспан.
Сілтідей тұнған тыныштық. Көптен ұмыт болған жанға жайлы тыныштық. Əлдеқайдан
шегіртке шырылы естіледі. Пыр-пыр пысқырады аттары.
Балқия есінеп тағы да керілді. Жалаң аяқ жатқан. Кестелі етек ақ көйлектің етегінен толық
ақ балтыры жаркырап шығып жатыр. Ұндай таза сусыма құмға жалаң өкшесі тиіп жатыр.
Жігіттің басына қаны шапшыды. Жүрегі аласұрып иығындағы шекпенін шеше беріп
Балқияның жүзіне назары іркілді. Ерні сəл-пəл шөліркей ашылып дидары масаурай
қалған. Ақ ұлпа бұғағы тұрымтайдың тамағындай бүлкілдейді. Бұлыш еңкейер-
еңкейместен Балқия қарсы ұмтылды. Келіншектің тегеурінді құшағы жігіттің қабырғасын
қаусатып жібере жаздады. Екеуі тар күркеге сыймай жалаң құм үстіне шығып кетті.
Күз аспаны биік, тұңғиық. Қанатын кең жайған тыныштық. Шегірткенің шырылы əлдилеп
тұр əлемді.
Түс ауа Бұлыш пен Балқия тірлік қамына кірісті. Балкия үй тігіп, Бұлыш ойпаңнан құдық
қазып жатты.
Құдық біткеннен кейін қақпан, мылтығын алып Бұлыш кішкентайынан үйренген кəсібі аң
аулауға шықты.
3
Бүгінде ел іші аласапыран. Кеш болса жиналыс. Қызыл кеңірдек айтыс. Біреу "құлақ",
біреу "құйыршық", біреу "бадырақ" боп жарғыласады да жатады. Ел кезген өкіл. Өкілге
қарап аузын ашқан надан халық.
Шегелер қашқан елді қуып жеткенде Жылыбұлақта қалған ауылдың соңғы көрген өкілі
баяғы Бұқабай мелиса еді. Бұқабай бұ кезде "Бұқа" деген лақапқа ие болған. Сол "Бұқа"
мелисалықты қойып, ендігі жерде елге жол сілтейтін өкіл болып жүр.
Ауыл арсы-гүрсі кірпіш құйып жатқан. Намаздыгер, намазшам шамасында Хантөрткіл
төбе түстан солбырайған бір жалғыз атты сопайып көрінді. Өкіл екені білінді. Бұрынғы
өкілдер арсы-гүрсі екпіндетіп, құйындатып келуші еді. Мынау ат үстінде қалғып келе
жатқандай. "Ал бала, жүгір алдынан! Мынау дəл "Бұқаның" өзі..." деді, жолға қарап түрған
Шəріп, ешкі сақалын умаждай түсіп.
Қозбағардың түсі қашып кетті. Шыбын жанын қоярға жер таппай бебеу қақты. Сүріне
аттап өкілдің алдынан шықты. Қайкы бел, кəрі жирен үстінде бүгінде үрген местей орасан
семірген кілбік көз, қабан желке Бұқабай отыр. Көзі тарс жұмулы. Шынымен ұйықтап келе
жатқаны ма? Екі иығынан дем алып жүгіріп жеткен Қозбағар байғұстың ол сəлемін де
алған жоқ. Бірақ оны арсынатын Қозбағар емес. Дөкей қонақтың шылауына оратылып
"ағалап", жайылып жастық, иіліп төсек болды. Бұқабай онан ары ыңыранды. Керіліп
созылды.
— Бала, жиналысты, сходу өткізейік,— деді, аттан бөксесін əрең сүйреп түсіп жатып.
Бұрынғы Бұқабай Бұқабай ма? Өкіл болғалы мінезі көрінеу өзгерген. Бала күннен көз
көріп өскен Қозбағарды танымайтын кісідей ерін ұшымен əрең сөйлеседі. Ыңыраньп
сараң сөйлеп Қозбағар пақырдың жанын қас-қабақпенен-ақ қуырып барады.
— Жақсы! Жарайд, Бүке! — деп Қозбағар ышқынып тұра жүгірді елді жинауға.
Бұқабай темекі шегіп түтінін бұрқыратып шалқайып тұр.
— Так, жолдастар! Жеке меншік! — деп сөз бастады жұрт жиналғасын Бұқабай. — Қазіргі
біздің қас жауымыз, жолдастар, жеке меншік! Жеке меншігі көп адам — бай-құлақ! Жеке
меншігі шағын адам — орташа. Ал жеке меншігі жоқ адам қас батырақтың өзі! От так!
Сəтсəлізмді кім жасайды? Сол батырақ-кедей жасайды. Түсіндік пе? От так!Тəртіп солай!
Алғы қатарда отырған Шəріп алақанын шапаттап:
— Əп, бəрекелді! Қандырдың-ау құлағымның құрышын, Пай! Пай! — деп айқайлап ұшып
кете жаздады. — Қайран жаңа заманның жастары-ай! Жаса! Бас! Аяма!
— Та-ак! Сөйтіп, едриттімат жеке меншікті жоймай біз алға баса алмаймыз! Калашников
солай деген. Түсіндік пе?
Жойылсын жеке меншік! "Сенікі-менікі" болмасын!
Жасасын кəллектип!
Жұрт жапа-тармағай қол соқты.
Өкіл суық демін бір алып, көлдей орамалмен тершіген жалпақ шекесін сүртті. Жанында
отырған Қозбағарға еңкейді:
— Бала, бір шай ішетін мезгіл болды-ау деймін!
Қозбағар үшып тұрып жаңа өмірге бет бүрған '"Жаңа Жол» аулының атынан мазмұнды
сөзі үшін өкілге үлкен алғыс айтты. "Ақыл-кеңес, нүсқауларыңызды бұлжытпай
орындаймыз" деді.
Оңаша қалғаннан кейін өкіл Қозбағарды қолтықтап:
— Ал бала, енді бір... дастарқаны кеңдеу үйге баста! — деді.
Қозбағар ойланып қалды. Өкіл бүйірден нұқып қойды . —Бойжеткен қызы бар үй
болсын!... — деп бырс-бырс күлді.


Қозбағар тықыршып тершіп кетті. Желкесін сипап ойлана қалып бір кезде "Жүріңіз" деді.
Жұмаш деген орташа шаруа бар еді. Үйінде бойжеткен Нарқыз деген қызы да бар. Жұрт
ірілігіне қарап "Нарқыз" атап кеткен. Қызы бойжеткесін бе, əйтеуір, келді-кетті қонаққа
Жұмаш үйі бейілді еді. Өкілді Қозбағар ауыл арасымен солай бастады.
Жұмаштың үйіне келді. Жұмаш ақ құбаша арық кісі, қолтығында жалтыр қарын бала,
қалбақтап орнынан тұра берді. Төрге Нарқыз көрпеше жайды. Бүгін кірпіш құйып еді.
Сондағы жұмыс киімін шешпеген екен. Етік, шалбары өзі ірі кісіге жараспай-ақ тұр. Өкіл
қабағы кіртиіп үрке қарап отырды қызға. Бір қаға берісте Қозбағарға қарап еді. "Бұдан
басқа үй таппадың ба?" дегендей реніші сезілді көзінен. Күмпиген Қозбағар қаңбақтай
қозғалақтап кетті.
Самауырды алып сыртқа шығьп кеткен Нарқыз біршама уақыттан кейін үйге қайта кірді.
Үстінде төгілген қызыл ала шыт көйлек. Белі тырсиған қоңыр мақпал қамзол. Өңірі
малынған моншақ. Білегі толған білезік. Өзі жуыньп, таранған.
"Бұқа" үй иесінің əңгімесін тарс ұмытып қызға қадалды. Түсі жылыды. Кеудесіне жан
кірді. "Бұқа" көп ұзамай ыржалақтап күле бастады. Қозбағардың жүрегі орнына түсті.
"Бұқа" осы үйде түнеп, таңертең оны Қозбағар шығарып салуға келетін болып тарасты.
Жұмаш дегенің бір жылауық сорықайнаған екен. Кеш бойы шаруашылығын айтып,
жағдайын айтып мезі қылды. Бұқабай қайтсін, қонақ болған соң лажсыз тыңдады. Бүгінде
алым-салықты айтып жыламай отырған үй бар ма? Оған еті үйренген Бұқабайдың.
Шашбауы сылдырап-гүлдіреп Нарқыз төсек салу қамына кіріскенде, Бұқабай серпіліп
қатты қуанып кетті. Əйелдер төсек сала бастағанда қонақ сыртқа шыға тұру лазым.
Бүқабай бұлты бар қараңғы түнде сыртқа шыққан бойда "ух" деп, көкірегін кере салқын
ауа жүтты.
Қынама бел қамзолды, сəл бойшаңдау, сəл ірілеу, бірақ аяқ, қолы балғадай құлын денелі
бойжеткен қыздың əсем тұлғасы көз алдынан кетпей тұрып алды. Өзі неткен тəрбиелі. Күн
ұзақ тіс жарып бір сөз айтпады-ау.
Шам сөніп тас қаранғы үйде тыныштық орнады. Сыртқа шығып кеткен Нарқыз біраздан
кейін оралды. Есікті ішінен ілдірді. Шолпысы сылдырап үйдің оң жағындағы салынулы
төсекке жақындады. Кішкентай інісінің қасына жатуға ыңғайланды. Үйдің сол жағында
əке-шешесі жатыр. Қонақ Бұқабай жалғыз өзі — төрде, ортада. Үй іші тас қараңғы
болғанмен, Бұқабай үшін дүние жап-жарық тəрізді. Тас қараңғы үйде сырт киімін
шешінген құлын мүсінді қыздың сүлбасын шырамытады. Жүрегі кеудесіне сыймай
өрекпіп, танауға жеткен нəзік əтір иісінен таза мас болғандай Бұқабай. Қыз жып беріп
төсегіне кіріп жатып қалды. Не қимыл, не дыбыс жоқ. Тынысы да сезілмей қалды.
Бұқабайды өстіп жазалайын дегендей.
Ауылдың о жақ, бұ жағынан иттер үріп қойып, ақыры олардың да жағына құм құйылды,
Мұрны шуылдап отағасы мен əйелі тəтті ұйқы құшағына енгендей. Қыз бейне өліп
қалғандай жым-жырт. Дəу де болса демін ішіне тартып Бұқабайды күтіп жатыр. Жаным-
ай, неткен ақылды. Жылдай жылжып бір сағат əрең өтті. Қыздың əке-шешесі ұйқы
арасында сандырақтады. Енді ұрып жатсаң да оянбас. Киіз үйдің жыртығынан сынық
айнадай түнгі аспан көрінеді. Бұлт ыдыраған-ау.
Бұл кезде Бұқабай талай тəтті қиялдарға шомып, қол созым жерде қимылсыз жатқан
қызды енді құшақтап құшпаса, бұл өмірде зəредей мағына қалмайтынына көзі жеткен.
Сондықтан төсегінен шығып, қыз төсегіне таман төрттағандап жылжыды. Ойын билеген
арманы баяу тыныстап шалқасынан жатыр. Беті бері қарай бұрулы, бір бұрымы жастықтан
түсіп кеткен. Білезікті, сақиналы сол қолы көрпе сыртында болмашы көтеріліп басылған
кеуде үстінде. Жақындап үңіле қарап, не істерін білмей шоқиып жүрелеп отырды жігіт.
Содан кейін қыздың қолын ұстады. Ып-ыстық екен. Оянсын деп қысыңқырады. Қыз
оянды. Басын көтерді. Қолын тартты. Шошына қарағанын болжады Бұқабай.
— Не керек... сізге?! — деді қыз. Сөз саптасы қатаңдау. Абыржып қалды Бұқабай. Асау ма
деп қалды. Манадан бергі ыстық сезіміне салқын су шарпығандай.
— Мен ғой бұл... шошымаңыз!.. — деді дауысы дірілдеп.Масқара-ай, дырдай өкіл
Бұқабайдың дірілдегені несі?
— Сіз болсаңыз қайтем? Орныңызға барыңыз!
— Нарқыз! Сізге айтпақ сөзім... бар. Өзіңіз бойжеткелі осы бүгін көрдім... Көрдім де
ұнаттым... Менің мақсатым сізді тəлкек қылу емес... Сіз қаласаңыз... Қаласаңыз өмірлік
жар ету...
— Ол ой қашан кірді басыңызға?!
— Ол ой... бұрыннан да бар ғой... Бүгін сізді көргесін... анық шештім... — деп абдырады
Бұқабай.
— ... Асықпаңыз... ойыңыз пісе тұрсын... шыдаңыз... Өмір бойы өкініп жүрерсіз...
əйтпесе... — деді қыз. Дауысында əзілі де, кекесіні де қоса байқалды. Бұны Бұқабай
қыздың беті бері қарағандығы деп ұқты. Енді тек уəдені көлитіп ең болмаса құшақтап,
сүйіп бір шер тарқату керек.
— Құрбым, шыным осы... Бір қызды бақытты етуге
Бұқабайдың құдіреті жетеді. Тек мені бетімнен қақпаңыз!
— Беттен қақпағанда не істе дейсіз?
— Түк те істеме, қалқам! Осылай монтиып отырсаң болғаны... — деп Бұқабай қапсырып
құшақтай алды қызды.


Қыз қапелімде мойнын олай бір, бұлай бір бұрғаны болмаса,тырп ете алмай қалды.
— Ғашығым! ... Жаным! — деп, қабан желке Бұқабай Нарқызды ұмар-жұмар бауырына
басып мойыннан, алқымнан өліп-өшіп сүйе бастады. Шөлдеп ындыны кеуіп қалғандай.
— Жіберіңіз! — деді Нарқыз сыбырлап. Бұқабай одан бетер екілене түсті.
— Мен аламын... Үйленемін... — деп бастырмалата сыбырлап жанталасып қызды
жастыққа құлатып омырау астына салды. Бір ғажабы қыз айқайлар емес. Үнсіз
қарсыласып бұны кеудеден итеріп көтеріп барады. Қолдары неткен қарулы. Оң қолымен
Бұқабайды иектен тіреген. Бұқабай енді төсімен қыздың толық омырауын езгілейін деп
қанша ұмтылса да иектен тіреген тегеурінді білек бұның басын шалқайтып кейін қайырып
барады. Ендігі жерде екеуі үнсіз қасарысып тіреседі. Білекке білек айқасып калған. Қыз
біртіндеп бұны кеудесінен ысырған сайын Бұқабайды намыс өртеп барады. Ойпырм-ай,
бір қызға əлі келмегені ме? Ызаланып басын шайқап қалды. Қыз қолы иегінен тайып кетті
де, Бұқабай екпінімен алға құлады. Қыз бұлқып төсектен шығып кетті. Бұқабай белден
күшақтай алды. Бұқабайдың аяғы ербең етіп былқ еткен бірдеңені басып кетті. Бала шар
етті. Қызды төсекке қарай тарта берген Бұқабайдың маңдайына елдене сарт етті. Көзінің
оты шықты. Сол күйі өз төсегіне секірді. Бала жылап қараңғы үйді басына көтерді.
Нарқыз інісін жұбатып жатыр.
— Не болды, Нарқыз? — деп шешесі оянды.
— Ештеме емес... — деп шолақ жауап берді қыз.
...Қозбағар байғұстың түнімен кірпігі ілінбеді. Таң қараңғысымен ақырын тысқа шықты.
Назары еріксіз Жұмаш үйіне ауды. Өкілдің қайқы бел жирені үй сыртында байлаулы
тұрған еді. Қараса ат орнында жоқ. Зəресі зəр түбіне кетті Қозбағардың. Құрыды деген
осы. Жұмаш үйіне қарай бүлкілдеп жүгірді Қозбағар. Кенет, қалт тоқтады. Қараса сонау
ауыл алдындағы қабаққа тырмысып атын қамшылап ентелеп біреу барады. Қозбағар
шүқшия кеп қарады. Қараса сол, өкілдің өзі! Атын қамшылап зытқып барады. Сол күні
жұмыс басында Жұмаш бүған:
— Үйге қонақ əкелгеніңе қарсылығым жоқ, інім... бірақ... Бірақ... сен кешегідей үйге
"бұка" əкелгенді қой, — деді. Қозбағар ұяттан жерге кіріп кете жаздады.
4
...Соңғы күндері Шеге үйге түн баласы кешеуілдеп келуін жиілетті.
Шам сөнген шақ. Жайбасқанның ірге жағында жатқан Шəріп көзі іліне берген еді,
күңгірлеген бір үннен оянып кетті. Жайбасқан екен.
— Сен осы не ойлап жүрсің? Балаң болса ержетті...— дейді. Үйқысы шайдай ашылған
Шəріп шоқша сақалын тұтамдап жаман үйдің жыртығынан жылтыраған жұлдыздарға
қарап ойланды.
— Е, комсомол болғасын, қайдан білейік... өзі білер деп жүргенбіз де... — деді.
Жайбасқан күрсінді.
— Балаң ендеше бүлдіріп жүр. Өзі білгені сол болса...— деді.
Шəріп жастықтан басын жұлып алды, Жайбасқанға қарап ажырайды. Жайбасқан:
— ... Ана ұрғашымен байланысып жүрген көрінеді.
Торқа апамыз кеп бүгін тағы бұрқылдап кетті, — деді.
— Ой, кіспүрыш-ай, кіспүрыш! — деп Шəріп баласынан түңіліп басын шайқай берді. —
Осы кіспүрыш бір нөрсені бүлдірмей неғып жүр деп ем-ау өзім де! Тура ойлағаным келді...
Қайда өзі? Əй, кіспүрыш, қайда жатсың!
— Жоқ үйде. Жоқ, міне түннің біруағы болды.
...Елсіз жазыққа шығып қос атты сыдыртып келеді. Темірқазыкты маңдайға алып соқтырта
тартады. Екеуі де үнсіз. Ғұмырында бұңдай көңілді сапарды көрген емес Хансұлу. Бойын
ағарып атқан мына таңдай уыз сезім билейді. Көз алдында керіліп оянған кер дала
келбетіне сұқтанып қарайды. Неткен кең, неткен ғажайып дүние. Қылт етіп айтақырдан
сызып киіктер қашады. "Пырр" етіп аяқ астынан бұлдырық ұшады.
Күн шыға шөпке жабысқан боз қырау еріп жылт-жылт етіп ат шашасын жуа бастады.
Сəскеге таман бірырғақ жүрістен Хансұлуды ұйқы қыса бастады.
— Қой, ұйқың келсе, дем алайық, ат шалдырайық! — деді Шеге. Хансұлу қарсы болмады.
Елсіз бір жарқабақтың күнгей бетіне іркіліп, шөбі от сайтабанға аттарды шідерледі.
Қараған ығына көрпеше төсеп, қоржынды басқа жастап, екеуі киімшең қисайып көз
шырымын алуды ойлады. "Ұйықтайық, көз ілдірейік" десті. Бірақ əлгінде есінете берген
ұйқы, жатқасын шайдай ашылды. Шеге тас қып құшақтап алды қалыңдығын. Хансұлу
үстінде белін үзілдіріп түрмемен ораған қырмызы қамзол, зəгран шалбар, сымдай созылып
жатыр еді. Жігіт құшағынан босағысы кеп қайқы кірпігі дір етіп қабақ шытты.
— Сұлу! — деді Шеге күліп. — Сұлу!
"Сұлу" үндемеді. Сүзіле кеп қарады.
— Бүгіннен бастап екеуміз енді ерлі-зайыптымыз!
— Оны кім айтты саған? — деді, "Сұлу" кекеткендей.
— Мен айттым.
— "Ерлі-зайыпты" деп некесі қиылған жандарды айтады! Есінде болсын!
Шеге сөзден жеңілді. Ұйқы келмегеннен кейін екеуі атқа қайта қонды.
5
Хансұлу мен Шегенің аудан орталығы Нарқамыстағы ерлі-зайыпты өмірлері ерекше тату-
тəтті басталды. Шеге мекеменің жылқысын бағады. Кешкісін келіншегі екеуі ликбезде


оқиды. Бірін-бірі жарты күн көрмесе сағыныштан өле жаздайды. Хансұлу өзіне беймағлүм
жаңа Шегені көргендей. Ер-азаматқа тəн асыл қасиеттің бəрі осы Шегенің бойынан
табылғандай.
Ал, Шегеде тіпті жан жоқ. Дүниедегі ең сұлу көп жұлдыздың ішіндегі жарқыраған
Шолпанын алғанына мəз. Аты аңызға айналған Хансұлу — Шегенің жары! Бірақ не үйі, не
күйі жоқ екенін ойлай бастаса болды, берекесі кете бастайды.Бұлар пəтер жалдаған.
Хансұлуды үй, күйі, қызметі бар, қалаша шаш қайырған бір суқиттың көзіне түсіп қала ма
деп қауіптенеді Шеге. Аудан басшылары мінетін жылқыларды бағады. Өріске кетсе, қашан
үйге жетіп Хансұлудың əсем түлғасын өз көзімен көргенше көңілі көншімейді. Басына
сан-сапалақ ойлар кіреді.
Бүгін ауылдың өзен жағынан келді. Аспан сірескен бұлт. Кеш ерте үйірілген. Өрістен мал
қайтып, ауыл іші апақ-сапақ қарбалас. Есік алдында Хансұлу көрінбейді. Шеге жылқыны
қораға қамап тастап үйге қарай беттеді. Жаяу. Аяғында ауыр етік. Үстінде қалың күпі.
Белін қайыспен буған. Жел қаққан өңі түтіккен, тұнжыраңқы. Керең кемпірдің
жыпырайған тамы ауылдың өзен жақ шеті еді де, бұл қазір соның төмен қора жағынан
келе жатты. Үйдің ар жағы — көше. Кенет, сол көшеде, үй тасасында тұрған мəшиненің
тұмсығын көрді. Мəшиненің есігіне жақындап еңкейген Хансұлуды көзі шалды. Шеге қалт
тоқтап ес жиып үлгіргенше, мəшине ішінен бір жігіттің басы қылт етіп Хансұлуды
қолтығынан көтеріп ішке тартты.
Шеге тұрған жерінде сілейді де қалды. Бір сəтке құлағы тас бітелгендей. Беті дуылдап
кетті. Бұрын-сонды бастан кешпеген бір дүлей сезім жан-жүйкесін өрттей шарпыды.
Санасына у боп құйылды. Сөйткенше, гүр етіп мəшине қозғалды. Əлгі сезім улаған
Шегеге Хансұлу қазір дүниедегі ең ақымақ, дүниедегі ең жеңілтек "шүйкебас" боп көрінді.
Осындай шүйкебасқа үйленген дүниедегі ең ақымақ еркек те өзі боп көрінді. Төбесіне
аспан құлап түсіп, аяқ асты жер жылжығандай. Осы оймен ауызғы үйге, одан солбырайып
ішке кірді. Сорайып пеш жанында іркілді. Үйдің бір бүрышын бөліп тұрған қызыл ала
батсайы шымылдыққа қарады. Осы шымылдық іші, жалғыз-ақ төсек сиятын ұжмақ ұядай
еді. Сағынышты ыстық құшақтары жалындап қауышатын, небір шырын сөздер айтылып,
сезім шəрбатынан ұрттап, бақыттан талай басы айналған жар төсегі еді. Енді соны өрт
шалғандай. Ақ сезімі алданғандай. Ыңыранып қиналып жаны ауырды. Алашаның бір
шетіне сылқ түсіп отыра кетті. Жаралы болған жыртқыш аңдай ызалы ыңыранады. Сөйтіп
отырғаңда шоланға екпіндеп біреу кірді. Іле есікті ашты.
— Шеге! — деп, мəз-мейрам, екі беті балбырап жанып үйге Хансұлу кірді. Көңілді.
Əрине, оқыған жігіт қолтығынан ұстағасын көңілденбей қайтсін. Шегеде үн жоқ, тырсиып
отыр.
— Шеге, қызық болды! Мəшинеге міндім... — деп елеуреп саңқылдап күліп, хабарын айта
бастады Хансұлу.
Бөлме іші алакөлеңке еді. Хансұлу Шегенің түтіккен түрін байқай қоймаса керек.
— "Ə" деп қозғалған кезде, қорыққанымнан бір селтиген темірді ұстай алыппын.
"Болмайды!" деп баж етті Ибрагим.Құрысын, сөйтсем, ол əлгі мəшинені жүргізетін темір
екен. Қайдан білейін. Ибрагимнің күлкіден ішек-сілесі катты.
"Ибрагим" деп тұрғаны Калашниковтің мəшинесын айдайтын қала модысымен шаш
қайырған татар жігіті. Білмейтіні жоқ, пысық. Белгілі болды сыңғырлаған күлкіңнің
төркіні. Өзіне мəшине де, Ибрагим де ұнап қалса керек. Мал баққаннан басқа білері жоқ
Шегені қайтсін.
— Шеге, не болды? Неге үндемей отырсың?! — деп
Хансұлу бір кезде бұның алдына кеп жүресінен отыра қап бетіне үңілді. Күліп қарайды.
Күлгені бұны табалағаңдай болды. Шапалакпен жақтан осып кеп жіберді. Шегенің қолы
қатты еді. Шапалақ шарт ете түсті. Хансұлу шалқалап барып екі қолымен жер тіреді. Үй
іші күңгірт болса да Хансұлудың жарқ ете қалған көзін көрді. Оң жағын басып бүк түсіп
бүгіле берді. Бір кезде шарасынан шыға ашу бүріккен отты көзін оқша қадап:
— Не болды? — деді жан дауысы шырқырап шығып.
— Білмейсің бе, не болғанын? — деп қарсы ақырды Шеге.
— Білмеймін!.. Білмеймін!.. — деп ышқынып жіберді
Хансұлу. Сөйтті де, үйден ытқып шыга жөнелді. Жəй кеткен жоқ. "Жынды!" деп, есікті
тарс жауып кетті. Үйге кіріп келе жатқан керең кемпірмен тар шоланда қақтығысып
қалды.
— Көтек! Құдай зекет! — деп, шошып кеткен кемпір алақтап есік алдында сəл бөгелді.
Содан кейін ішке кірді. Үй іші қараңғы еді.
— Ибай-ау, Құдай зекет, бұларың не... шам жақпағандарың?.. — деп қайран қалды кемпір.
— Балам-ау, бұларың не? — деп, пеш жанында күйбелендеп сіреңке іздеуге кірісті.
Шеге үнсіз. Осы сəт қараңғы бөлме іші тар қапастай көрінді. Тұра ұмтылды бұл да сыртқа.
Есік алдына шыға келсе ымырт үйіріліпті. Ызғарлы желеміктеу мазасыз түн. Көрші-қолаң
қораларына малдарын қамап болып, əрқайсысы жылы ошақ бастарында саябыр тапқан
шақ. Сыртта жалғыз ғана Шеге. Осы үйдің ала күшігі Шегенің мұңына ортақтасқандай
қасына келді. Құйрық бұлғақтатты. Кемпірдің жыңғыл шарбағының төңірегінде ешкім
көзге шалынбады. Шеге Хансұлуды іздеді. Бірақ келіншегі жым-жылас жоқ. Жігі айрылып
қақыраған дүние одан сайын қақырай түскендей.
Ойы құйындай ұйытқып не істеп, не қойғанын білмейді. Бір кезде қараса, солбырайып


шарбақты орап өтіп өзенге беттеп келеді екен. Ала күшік жігіттің мүшкіл халін
түсінгендей селтең қағып қасында келеді. Ұйытқыған жан құйыны кем-кемдеп толас
тапқан шамада бүгінгі уақиғаны ақыл таразысына салып ойлай бастады.
Шеге кенет іркіліп аспанға қарады. Төбені бүркеген түн. Ауыр бұлт бар. Іркілген себебі
басына бір сұмдық ой келді. "Ешкім де емеспін мен. Революционер де емеспін. Комсомол
да емеспін. Жаңашыл жас та емеспін. Ескілікпен айқасқаны рас, бірақ, одан жаңашыл да
болып жарытпаған... Бір байғүс жандайшаппын..." деген сұмдық ой келді. "Ие,
жандайшап!", "Жандайшап!". Бұны алдыңғы қатарлы жас деп ізіне ерген Хансұлуды аяп
кетті. Жанын өкініш оты шабақтады.
— Хансұлу! — деп дауыстап, бүлкілдеп жүгіре түсті.
Отыра қап үңілді. Түк көрінбейді. Əлде таныс келіншектерінің бірінің үйіне кетті ме екен?
Он шақты күннен бері Хансұлу қоймада, тұқым тазалайтын бригадада істеп жүрген. Əй,
бірақ өйтуге түн жамылып баруға намысы жібере қоймас. Жүгіре басып кемпірдің
қорасын, шарбағын, үй сыртын тағы бір айналып шықты.
— Хансұлу! — деп сұңқ ете қалады. Қатты дауыстауға естіп қойса жұрттан ұят. Үй
төңірегінен таба алмай өзен сайға қарай бүлкілдеді. Күшігі де ереуілдеп үріп шəуілдеп
қалмай келеді. Бұ жолы өзеннің тура жағасына дейін барды.
Ойы сан-саққа жүгіреді. Кім біледі. Өмірде мандайынан жан шертіп көрмеген
Пахраддиннің еркебұлан қызы ашу үстінде суға секіріп кетті ме?
Отырып қарауытып жатқан су бетіне үңілді. Жым-жылас. Тым-тырыс.
— Хансұлу! — деп тағы дауыс шығарды. Мелшиген түн. Мелшиген өзен аңғары.
Қоймалжың қараңғы Хансұлуды жұтып қойғандай. Əлде өзеннен өтіп ап елге тартты ма
екен?
Төңірегінде селтеңдеп жүрген күшіктің дауысы өше қалған. Бір кезде өзеннің жоғарғы
жағынан үргені естілді күшіктің. Əне-міне дегенше арсалаңдап жүгіріп жетті. Көрінеу
қуанып , құйрық бұлғап, аяғына оралды да, дереу келген жағына қарай қайта жүгірді.
Шеге соңынан жүгірді. Құмсақ болушы еді жағалауда. Құмсақтың дəл ортасында шоқиып
отырған кісі тұлғасын көрді. Жақындай түссе ақ жаулығы қылаңытып теріс қарап отырған
Хансұлу! Бетін құбылаға беріп, намаз оқыған молдадай шоқиып отыр. Келіншегінің
табылғанына қуанып кетті Шеге. Ақырын келіп жанына тізе бүкті. Жағаға шылп-шылп
соғып Жем жатыр. Аздап уіл жел бар. Екеуінде де үн жоқ. Ала күшік "ауф" деп қояды,
бұларға қарап жалтаңдап.
— Сұлу! — деді Шеге тілі əлден уақытта əрең шешіліп. Хансұлу былқ етпеді. Түн ішіне
қарап бездиіп отыра берді.
— Жə, айып менен... — деді Шеге. Хансұлу тас керең.
— Үйге барайық. Тоңған шығарсың! — деді Шеге. Осы арада келіншегіне тіл бітті.
— Жаның ашымай-ақ қойсын! — деді жұлып алғандай.
— Отыра береміз бе, сонда, құла дүзде?!
— Кетемін!.. Сенімен тұрмаймын!
— Түн ішінде ме?.. Ертең кетерсің... күн шыққасын!
Хансұлу тырсиып отыр. Дыбыс жоқ.
— Біреудің мəшинесіне мініп... жаулығың желпілдеп баратсың... Бұны қалай түсіндік?!
Сол-ақ екен, Хансұлу дүрсе қоя берді.
— Өзің емес пе едің "Əйел мен еркек тең!" деп, "Слабода!" деп айқайлап жүрген?
Мəшинеге мінгенің үшін мен сені соқсам қайтер едің?
Шеге "ымм" деп тосылып біраз отырды. Хансұлудың айтқаны шындық еді.
Насихаттаңқырап жіберген "тендігі" бүйтіп бір күні өз шекесіне тиер деп ойламаған ғой.
Жаман қиналды, не дерін білмей ызалана бастады. - Ал неге үндемейсің? — деді Хансұлу
əдейі қажап.
Шеге бұрқ етті.
— Сен! Сен!— деді. — Менің əйелімсің бе, əлде сол... "слабоданың" əйелісің бе? Соны
айтшы, сен?!
— Сенің, əрине.
— Ендеше сөзді доғар! — деді Шеге. Хансұлу жасқанғаңдай үнсіз қалды. Содан екеуі
тымырайысып ұзақ отырды. Ала күшік "бұлардың ұрыстары қашан бітеді?" дегендей
құмға иек төсеп жатып алған.
Ауыл жақтан кемпірдің:
— Хансұлу! Шеге! — деген айқайы шықты. Сүйретіліп екеуі де орындарынан тұрды. Үн-
түнсіз үйге қарай жүрді.
Ала күшік қуанып кетіп шауып ала жөнеді ауылға қарай.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет