Ақ боз үй. Смағұл Елубай



Pdf көрінісі
бет7/9
Дата30.04.2024
өлшемі5.43 Mb.
#500203
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Ақ боз үй. Смағұл Елубай

ЗОБАЛАҢ
1
Соңғы кездері Шəріптің қуанышында шек жоқ. Қалай куанбасын. Етікші деп етектен
тартып жатқан ешкім жоқ. Жалғыз жауы Жорға еді. Оның да ақылы кірсе керек. Бас иіп өзі
келді. Ауыл арасында беделі одан сайын өсе түсті Шəкеңнің. Тағы бір қуанышы — жалғыз
ұлы Шегесі. Тпə, тпə, осы жаман немесі соңғы кезде көзге түсіп жүр. Əсіресе, кəмөнес
болғаннан кейін есейіп кеткендей. Сөзі де, жүріс-тұрысы да салмақты. Пыт, жаман неме,
кімге тартқан өзі! Соңғы кезде Тентексайды байлап, бөгет жасаймыз, Сарыжазыққа су
жіберіп жайқалтып егін егеміз дегенді тауып алыпты.
Сонымен, сайдың екі жағына өтіп екі топ тұра қалып кетпен сілтеді.
— Қи-и! Жабыл кедей, жабыл! — деп Шəріп жұрттың делебесін қоздыра ұрандап қояды.
Сөйткенше, бір қызыл көйлекті қыз бала ауылдан шығып бұларға қарай тұра жүгірді.
Көйлегінің етегі делеңдеп ұшып келеді.
— Біздің Гүлжан емес пе жүгіріп келе жатқан? — деді Шəріп, қолымен көзін көлегейлеп,
шұқшиып.
— Ай, ай, не болды?!


— Ағамды... ағамды... екі мелиса шақырып жатыр! Тез келсін деп жатыр! — деп
шіңгірледі анадайдан тұлымшағы желпілдеген Гүлжан. "Ағасы" — Шеге.
— Мелиса дейсің бе? — Шəріп қайталап сұрады.
— Мелиса! Екі мелиса! — деді Гүлжан. — Біреуі Қозбағар ағам. Оның да қылышы бар.
Ағамды тез келсін деп жатыр.
Шеге үйге жеткенше əрі ойлап, бері ойлап өкімет алдында не кінəсінің барын біле алмады.
Сонда да, жүрегі құрғыр секем алып қалтыранып есікті ашты. Аяғына оратылған қара
күшікті итеріп тастады. Бірден көзі төр алдында құс көпшікгі шынтақтап шалжиып
жатқан нəшəндік мелиса Сұржекейге түсті. Сырлы тостағаннан сыздықтатып айран
жұтқан Сұржекей бұның кіргенін көзі шалса да айылын жимады. Одан төмендеу қомпиып
Қозбағар отыр. Үстінде — мелиса форма.
Қозбағар мелисаның оқуында еді осы қыста. Бітірген екен ғой. Өзіне бірақ мелиса форма
жараспай тұр.
— Ассалаумағалейкум! — деді Шеге. Қозбағар қалбақтап түрегеп бұған қол беріп
амаңдасты. Шұбат құйып отырған шешесі жалтақтап екеуінің бетіне қарады. Сұржекей
басын сəл тіктеп қол ұшын ғана ұсынды. Қол ұшы сұп-суық екен. Сұржекейдің сазарған
өңі анау қабырғаға сүйеулі қылыш, мылтықтардың сұсындай ызғарлы.
Бұл тізе бүкті. Үй ішінде тыныштық орнады. Бұл қалыпты бұзуға Сұржекейдің ғана хұқы
бар еді. Жұрт соның аузына қарады. Сұржекей əдейі сол ауыр күйді соза түсіп, тостағанды
кейін асықпай ысырып дастарқанның шетін қайырды. Орамалмен ернін сүртті. Содан
кейін Шегеге қарады.
— Жолдас Қаспақов... ауданға жүресің... Жинал! — деді.
Əңгіменің шамамен осылай боларын іштей əлгінде есіктен бас сұққанда-ақ сезген Шеге.
— Ауданға дейсіз бе? Жарайды... — деді бұл.
Сұржекей енді Қозбағарға жүзін бұрды. Қомпиған
Қозбағар жылан арбаған көжектей тыпыршып кетті. Бастығына бір, Шегеге бір жалтақтап
шекесі тершіп:
— ... Шеге, — деді дауысы божырап. — Мəселе былай...
Жайбаскан мен Шеге Қозбағардың аузынан тағы бір сұмдықты есіткелі құлақ түрді.
— ...Мəселе былай... факті бар. Пахраддин құлақтың алтын-күмісі осы сіздің үйде тығулы
көрінеді. Күйеу баласы болғандықтан сізге тапсырып кетіпті деген арыз бар. Соны
тексеруге келдік...
— Не дейді жазған Құдай! "Алтын-күмісі" несі?! — деді Жайбасқан.
— ... Тексеріңдер! Тексеріндер! — деді Шеге өңі сəл қуқыл тартып.
— Апа, ендеше кебеже, тендердің аузын ашыңыз! — деді Қозбағар желкесін сипап.
— О, жазған Құдай, тағы не таптық?! — деп, Жайбасқан кебеже, теңдердің үстіндегі
көрпелерді лақтыра бастады.
Алдымен қара кебежені ашты. Кездеме, мата, киім-кешектен өзге нəрсе шықпады қара
кебежеден. Қасындағы теңнің де аузын шешті. Бір қалы кілем мен текемет бар еді онда.
Бойжетіп қалған Балжанның жасауы еді, Жайбаскан қамдап жүрген. Мелисалардың
іздеген алтын, күмісі одан да шықпады. Енді сыртын өрнектеп ақ киізбен қаптаған жалғыз
темір сандық қалды ашылмаған.
— Ана сандықты неге ашпайсыз! — деді Сұржекей, қоңыз мұрты жыбыр етіп, аузын
томпайтып.
— Ибай, ол келіннің сандығы! Кілті менде жоқ! — деді Жайбасқан бет бақтырмай.
- Келіндерің қайда ол? — деді Сүржекей, аузын томпайтып.
— Жұмыста. Бөгет салып жатыр.
— Давай! — деді Сұржекей Қозбағарға. — Давай, алып кел!
Қозбағар есікке ұмтылған, сол арада одан бұрын есіктің өзі ашылды. Екіқабат Хансұлудың
бойы көрінді. Хансұлу астан-кестені шығып жатқан үй ішіне қарап, аңырып тұрып қалды.
— Мінеки, өзі де келді. Келін, кел, сандығыңды ашшы! Мына жүрттың бір іздегені бар
көрінеді! — деді Жайбасқан дауысы қобалжып.
Хансұлу екі аттап ішке кіріп тағы іркілді. Əлі ештеңені ұға алмай тұр.
— Кілтін əкел сандықтың! — деді Шеге шырт ашуланып.
Сонда ғана Хансұлу селк етіп ес жиғандай арқасында жатқан шолпысын бір ырғап алдына
түсірді. Шашбауынан кілтті шешіп алып енесіне берді. Жайбаскан əшекейлі ақ киізбен
қапталған сандықтың кілтін тетікке сала алмай:
— Ит жегір! — деп сілкіп, түйгіштеп əрең ашты сандықты. — Ал көріңдер, түге!
— Давай, давай тексер! — деп, Сұржекей тартыншақтап тұрған Қозбағарға иек қақты.
Қозбағардың мұрын ұшы тершіп қоя берді. Өңі алабұртып ұялды, əйелдің затын ақтаруға.
Бірақ бұйрықтың аты бұйрық, сандықтың бетінде жатқан Хансұлудың жаз киетін қос етек
ақ көйлегінен бастап, орамал, бешпет, қамзол, іш киімдеріне дейін қопсытып шығарып
текеметтің үстіне тастай бастады.
Сұржекей шылымын бұрқыратып шеткерірек теңнің үстіңде қайқайып отыр. Екі көзі —
сандықта. Кенет Қозбағар сандықтың түбінен кішкене, алтын жалаткан ағаш құтыны
суырып алды. Хансұлу ышқынып калды.
— Тиме! — деп шыр етті.
Сол арада Сұржекей шіреніп орнынан тұрды. Шылымы бір езуінде.
— Бері əкел! — деді. Қозбағардың қолындағы құтыны өзі алды. Салмақтап көрді.


— Хм... Бұның кілті қайда? — деді, танауының астындағы қоңыз мұрты жыбыр етіп. —
Кілті жоқ оның! Оны қайтесіз? — деді Хансұлу жұлып алғандай.
Сұржекей құтыны құлағына тақап сілікті. Əлденеге көзі жеткендей аузы томпайды, мұрты
тағы жыбырлады. Содан кейін құтыны басына көтерді де, жерге тартып ұрды.
— Аһ! — деп қалды Хансұлу, бетін басып. "Əлдеқандай күн болады, əлдеқандай заман
болады. Қысылсаң керегіңе жарар" деп, көшерде шешесі тастап кеткен асыл тас, алтын,
күмістен соққан зергерлік бұйымдар еді. "Ешкімге көрсетпе!" деп еді. Содан, бұл Шегеге
де көрсетпей сақтап жүрген.
Құтының быт-шыты шықты. Текемет үстінде асыл тасты күміс алқалар, алтын, күміс
білезіктер, сақина, жүзіктер, мойынға тағатын толып жатқан моншақтар, Мекалайдың
басы бар күміс теңгелер шашылып жатты.
Бір шылымы езуінде, жүрелеп отырған Сұржекей ап-ауыр алтын білезікті алақанына
салып салмақтап көрді. Басын шайқады. Танауынан осқырынып күңк етті:
— Коммунистпін дейді еще...
— Ініңіздің жазығы жоқ, аға! — деп без-без етіп бетін басып отыра қалды Хансұлу. — Ол
білмейді! Мен... Мен...
Қозбағар бастығының айтуымен текемет үстінде шашылып жатқан əлгі асыл бұйымдарды
жинап теріп, былғары сөмкеге салды.
Шеге тілден айрылған адамдай. Өң жоқ, түс жоқ.
— Қаспақов!.. Кеттік! — деді Сұржекей, шылымы езуінде.
Шеге жейдесін ауыстырды. Бастық болғаннан кейін алған драп пиджагін киді. Шешесінің
"Айран іш, ең болмаса!" деп бəйек болғанына қарамады. Документтерін қалтасына салды
да, үйден шығып жүре берді, бір ауыз тіл қатпастан түнеріп барып мелисаның арбасына
отырды.
Шешесі ізінен апыл-ғүпыл ере шығып ораулы бір нəрсені əкеп қойнына тықты. Нан екен.
— Шу! — деді, делбе ұстаған Қозбағар. Арбаға жегілген қос айғыр ауыздығын сүзіп
дүсірлей жөнелді, "Жаңа жол" аулының бала-шағасы, кемпір-семпірі түгел сыртта. Андап
қарап тұр. Анау Тентексайды бөгеп жатқан жұрт та қарай қалыпты жұмыстарын іркіп.
Ауылға қарай қалбақтап жүгіріп Шəріп байғұс келеді. Əлдене деп айқайлап шырылдайды.
Оны тек Жайбасқан ғана естіп тұр. Арқыраған қос айғыр жеккен мелисалар қаперіне де
ілер емес. Шаңдатып теріскейге қарай құйғытып барады.
— Құдай, не жаздық? Не жаздық? — деп күңіренді қапелімде ғаріп болған Жайбасқан.
Үйінен алтын шығып талайдың басы кетіп жатқан заман емес пе?
Ойламаған жерден өстіп, Шəріптің от басының ойраны шықты.
2
Шегелер аудан орталығына түс ауа жетті. Апанас бұны кабинетінде күтіп отыр екен.
— Ал мынау не? — деді, ə дегеннен латын əрпімен жазылған табақтай хатты алдына қоя
беріп. Шеге қағазды қолына алды. "Арыз" делініпті. Калашниковтың атына жазылыпты.
— Оқы! Оқы! — деді Апанас. Өзі орнынан тұрып, махорка орауға кірісті.
Шеге бөркін стол үстіне койып арыздың əрбір əрпіне үңілді. Шегені бүге-шігесіне дейін
жақсы білетін адам жазыпты кім болса да. Мəселені əріден қозғапты. Шегенің Хансұлуға
үйленуінен бастапты. "Таптық көзқарасы бұлыңғыр, былқылдақ болғандықтан Кеңес
өкіметінің тап жауы, Пахраддин құлақтың қызын алды, сөйтіп, боржоймен ауыз жаласты"
депті. "Соңғылықта таптық пердесін ашқан Бұлыш бандиттің, сөйтіп, бажасы болды"
депті, Бұлыштың өлген əйелі Əйтіштің Пахраддинге қарындас болып келетінін көрсетіп.
"Шегенің Бұлыш бандыға іші бұратынын Мажанның кəмпескесінде тамам жұрт көрген"
депті "28-ші жылы Пахраддин кəмпескеленгеңде өкіметке алтын-күміс өткізген жоқ.
Өкіметке бермеген алтын-күмісін туған күйеу баласы Шегеге өткізді деген кəуесет бар.
Жолдас, аудандық секретарь! Əлдеқашан жоғарыда көрсетілгендей, тап жауларымызбен
ауыз жаласып партия жолынан ауытқып, Тротскі жолына түсіп алған Қаспақов сынды
оңшылдардың таптық бет-пердесін ашатын мезгіл жетті" депті. Астында "Бір топ белсенді
кедейлер" деп қол қойыпты.
Шеге хатты оқып болып басын көтерді. Апанасқа қарады.
— Ал кім жазған дейсің бұны? — деді Апанас бұрылып.
— Күрең... Күрең болар, — деді Шеге. -Мен де солай ойлаймын.
— Бірақ жазуы онікі емес, Афанасий Васильиевич!
Апанас қолын сілтеді.
— Ой-й, жазғыштар табылады ғой. Одан да сен қазір бюрода қалай жауап беретінінді
ойлан. Бүгін қаралатын мəселенің бірі — сенің мəселең. Жарай ма, ойлан! — деп,
Апанас Шегенің қолындағы "домалақ" арызды алып есікке беттеді.
Шегеден бұрын Калашниковтің кабинетіне бес-алты кісі кірді. Олардың ішінде Шеге
танитындардан — аудандық комсомол хатшысы, мейіздей қатқан арық қара қыз Нұрила,
аудандық прокурор Сұранышев, Сұржекей бар. Қалғандарын білмейді. Аздасын есіктен
Сұржекей басын қылтитты:
— Кір! — деді.
Калашниковтың алдында ұзынша столдың екі жағын ала отырған бір қауым кісі Шегеге
жапа-тармағай қарады. Кейбір көздер ажырайып тесіле қарады.
Сталиннің үлкен суретінің астында отырған Калашников шашы тікірейіп есіктен кіре
тоқтаған Шегеге шаршаулы назар ірікті. Қаламсаптың ұшымен қабырғаға жақын тұрған


орындықты нұсқады. "Отыр!" дегені еді.
Шеге отырды.
— Читайте!1 — деді Калашников, манағы табақтай арызды Нұриланың қолына ұстатып.
Нұрила орнынан ыршып тұрып дауысы саңқылдап арызды əп-заматта оқып шықты.
"... Қаспақов сынды оңшылдардың таптық бет-пердесін ашатын мезгіл жетті" деп барып
бір-ақ іркілді. Кең бөлме ішінде біруақ зіл тыныштық орнады.
Калашников Сұржекейге иек қақты.
— Ну-ка!1 — деді. Сұржекей газетке ораулы нəрсені столдың үстіне қойды да, орауын
ашты. Шегенің беті ду жанды. Стол үстіңде жайнаған алтын-күміс бұйымдар. Ұяттан,
намыстан, нақақ жаладан өртенді, жанды, зығырданы қайнады.
— Это — анонимка! — деді Калашников, хатты көрсетіп, —А это... факты!..
Орысшаға шорқак, Шеге одан əрі Калашниковтың не дегенінің бірін түсінсе, бірін
түсінбеді. Əйтеуір, бұны ондырмай төпеп жатқанын білді. Бір кезде, Калашниковтің тік
қабағы астындағы тұздай көзі бұған қадалды. Шегенің жүрегі суылдап қоя берді, Өн-
бойына сұп-суык, үрей жүгірді.
— Орныңнан тұр! — деді Нұрила хатшының сөзін қазақшалап.
Шеге түрегелді, аяқ буыны қалтырап. Көздер бұған тағы да жапа-тармағай қадалды.
— Мына арызға байланысты не айтасың деп отыр сенен Семен Харитонович! — деді
Нұрила тағы да.
Шеге өзіне сөз соншалықты шапшаң тиеді ғой деп күтпеп еді. Терезеге қарады.
Кіші бесінге еңкейген мұнарт Күн. Неге екені белгісіз, көзіне Хансұлу елестеді. "Жаңа
жолда" ол да осы Күнге қарап күтіп отырғандай елестеді.
— Хат — жала,— деді Шеге.— Оны жазған белсенді кедейлер емес! Оны жазған сол
"белсенді" деген атты жамылып жүрген кісі. "Бұлышты қорғады" дейді. Бұлышты
қорғасам мен, бандит болмай тұрған кезінде қорғадым. Қате жолға түспесін дедім.
-Құлақтың қызын алғаның да өтірік пе? — деді
Сұранышов желкесін беріп теріс қарап отырған күйі жіңішке дауысы ызыңдап.
— Рас... Өтірік емес, — деді Шеге дүңк етіп. Шегенің сөзін Нұрила қолма-қол
Калашниковке аударып отырды.
— Сонда, тап жауымызбен ауыз жаласқаның емей немене? — деді əйел дауысты
Сұранышов.
— Кешіріңіз! — деді сол арада Апанас тықыршып, Сұранышовтың сөзін бөліп,
Калашниковке қарап. — Разрешите!
— Мен ешкіммен ауыз жаласқаным жоқ! — деді Шеге дауысы шығыңқырап. — Құлақтың
қызын алсам да, құлақпен ауыз жаласқаным жоқ! Сіз өйтіп жала жаппаңыз!
Калашников тықыршыған Апанасты ишарамен тоқтатты.
— Əй, сен өзің неменеге қызарақтайсың? Кімді ақымақ қылғың келеді? — деп, ап-ащы
дауысты Сұранышов Шегеге қарай жалт бұрылды. — Немене, мына алтын, күміс, үйіңнен
шыққан, бұл да жала ма?
— Во, во! — деді өңкиген Калашников, орындығын сықырлатып серпіле түсіп. — Что ты
скажешь, насчет этого! Это — факты, товарищ Қаспақов!
Шеге осы арада тосылып қалды. Сөзіне ешкім сенбейтін тəрізденді, қалай айтса да.
— Бұл нəрселерді, Құдай ақына, мен көрген де емеспін, білген де емеспін. Милиция келіп
сандықты ашқанда ғана көрдім. Келіншегім жасырып келіпті менен, — деді дауысы
бəсеңсіп, қоңырланып.
Сұранышов мырс күлді, осы арада басын шайқап. Мына асау жігіттің сөзінің божырап,
өзінің қобырағанын көріп көңілденген еді.
Калашников Апанасқа қарады.
— Пожалуйста! — деді.
Афанасий Васильевич құлшынып түрегелді орнынан.
— Семен Харитонович! Дорогие товарищи! — деп бастады сөзін Афанасий Васильевич,
Шегеге жалтақ-жалтақ қарап тұрып. Апанас сөзін орысша сөйледі. Шеге толық тусінбесе
де оның не айтып жатқанын болжады. Мен Шегені жақсы білем дейді Апанас. Жауынгер
ретінде өткен жылы бандымен айқаста көзге түскен, ер жүрек жауынгер деп жатқаны
байқалады. Кеңес ісіне шын берілген жас деп айтып жатыр.
— Афанасий Васильевич! — деп бір бүйірден қойып қалды, кенет Калашников. — Это мы
знаем... Вы лучше скажите...
Шеге одан ары Калашниковтың не дегенін тағы түсінбей қалды. Нұриласы құрғыр да
Калашников пен Апанастың арасындағы болған қақтығысты аудармай тым-тырыс отырып
алды. Калашниковтың тегеуріні қаттылау. Апанас əлгі жорғасынан жаңылыңқырап қалды.
Стол үстінде жатқан алтын, күміске қарап кібіртіктеңкіреп қалды. Шеге доспейіл
Апанастың бұл үшін отқа түсіп жеңіліс тауып тұрғанына бір қорланса, орысша айтылып
жатқан пікірлерге жете түсіне алмағанына екі қорланды.
Апанастың сөзін Калашников тағы бөлді.
— Я Вас понимаю. Это вы дали ему рекомендацию в партию. И вы обязаны защищать
его... Но, товарищи! — деп, гүрілдеп орнынан тұрып кетті Калашников.
Серейген ұзын борбай. Дауысы да зор. Суырылып қызу сөйлеп кеп берді. Енді əлгіден
бергі əңгіменің бəрі түкке татымай қалғандай. Тіпті, Шегенің көзінде құдіретті кісі
саналатын Апанастың өзі бір тұтам боп шүңкиіп шөгіп кеткендей. Қалған жұрт


Калашниковтың ауызына қарап, əрбір сөзін қылғытып "жұтып", бас шүлғысады.
— Но, где наша партийная принципиальность! — деп, гүркіреп айқайлады бір кезде
жұдырығын жүре түйіп сөйлеген Калашников, тура Апанастың тұсына келіп іркіліп.
Апанас қозғалақтап жөткірінді. Əлдене дегісі келгендей, бірақ Калашников кең адымдап
барып орнына шұғыл отырды да:
— Товарищи! Вы прекрасно знаете, что по всей стране идет чистка партии... — деді. Деді
де сəл үнсіздіктен кейін қаламсабын Шегеге қарай шошайтты.
— ... От таких сорняков... — деді. — Хорошо, что он у нас пока кандидат. Иначе бы он нас,
дорогой Афанасий Васильивич, — деп, тағы созып кетті. Ол сөйлеген сайын Шеге өзінің
кінəсі ауырлап бара жатқанын сезді. "Опозорил бы4" деген сөзді де есітті. Калашников
сөйлеген сайын бұл өзін қараптан-қарап отырып құбыжыққа айналып бара жатқандай
сезінді. "Шыннан да бүлдірген екенмін ғой..." деген өкініш тырнады жанын. "Бүлдірген
екенмін ғой... Əйтпесе, мына бірінші хатшы бұнша ашуланбас еді ғой..."
Басын көтерсе тағы біреу сөйлеп тұр. Сұранышов. Күлдібадам орысшасымен төпеп тұр
Шегені.
Шеге мəселенің бүны партия қатарынан шығару жайлы болып жатқанын ұқты. Соңғы
сөйлеушілер бір ауыздан "шығару керек" деп жатқанын ұқты.
Шеге Калашников өзіне қарап сөйлей бастағаннан-ақ орнынан тұрған. Бірақ, бірінші
хатшының сөзінің соңғы жағын ұқпай қалды. Осы арада мейіздей қатқан Нұрила тақылдап
қоя берді.
— Партиядан шығарылдың, жұмыстан шығарылдың, түсіндің бе? Енді заң алдындағы ақ,
қараңды шешу үшін ісің тергеу орындарына берілетін болды.
Қос қолдап бөркін мыжғылап сопайып тұрған Шегенің жүзі ду-ду жанды. Күн қаққан, жел
каққан шекесінен, самайынан тері ақты.
— Жүр! — деп қалды Сұржекей күңк етіп. Сол дауыс Шегені есікке қарай жалт бұрды.
Сұржекейдің дорба ауызы томпиып, қоңыз мұрты жыбыр-жыбыр етті. Бұған "Алға түс!"
дегендей иек қақты. Мелисанын алдына түсіп дəлізбен емпеңдеп келеді. Етігі еденге
рабайсыз дүрсілдейді. ''Арыстыбай" болған деген осы екен ғой. Есіне баяғы Əзберген
түсті. Мелиса еңкілдетіп айдап бара жатқанда бұлар бүкіл ауыл боп сыртынан қарап тұрып
еді-ау.
Көшеге шыққасын таныс біреу кездесіп қалмаса екен деп тіледі. Сұржекей ту желкеден
"Олай жүр", "Бұлай жүр!" деп, бұйрықты беріп келеді. Ауылдың ортасындағы жалғыз
көшеге түскен. "Мелисахана" көшенің аргы шетінде еді, сонда апарып қамайын дегені ғой.
Жан-жакқа қараса, жарықтық ерте көктемнің иісі аңқып, қырқа, сайлар түлегелі жатыр.
Жемнің жағасының көгі көтеріліп те қалыпты.Əлдеқайдан үйіріліп самал еседі. Сонау
мандай алдында нарттай қызарып Күн еңкейіп барады қабаққа.
Өткен жылы Хансұлу екеуі түрған керең кемпірдің үйінін түсына да келіп калды. Таныс
аула. Таныс қора. Жыпырайған балшық үй. Жүрегі шымырлады. Естен кетпес қызық
күндер екен-ау! Бірде ұрысып, бірде табысып жүргендерінің өзі қызык, екен-ау!
"Мелисахана" төбесі қаңылтыр ұзынша барақ үй. Сонда жеткесін Сұржекей "арыстыбай"
Шегені Қозбағарға тапсырды. Қозбағар Шегеден көзін ала қашып өз-өзінен абыржъш
құты қашты. Қолында бір бума кілт, үйді айналып қомпаңдап Шегені алып жүрді.
— Сотқа дейін жатады екенсің... — деді, үнінен Шеге үшін қиналатынын сездіріп.
— Солай... — деді Шеге, болған іске көнгендей. Бала күннен бірге өскен мына
Қозбағардың мелиса болса да мінезі өзгермепті. Сол, баяғы Шегенің бетіне келмей
жасқанып өскен қалпы. Тіптен, қалындығы Хансұлу кашып кетіп, одан кейін Шегенің
жары болғанда да Қозбағар күйінен өзгермеген. Кішкентайдан Шегені жақсы көріп, оның
əділетшіл мінезіне тəнті болып өскен қалпынан танбаған.
Шеге Қозбағардың сол айнымас адал пейілін жақсы біледі.
Оның мына тұста, Шеге ұсталар тұста қысылатын себебін де түсінеді.
— Тергеуші таныс жігіт еді... Сөйлесіп көремін... — деді тағы сəлден кейін Қозбағар.
Шеге үндемеді. Бірақ өзінің қаншалықты мүшкіл халге түскенін сезді. Іштей үнсіз
қорланды.
Қозбағар барақтың екінші басындағы темір құрсаулы ауыр есікті екі кілтпен ашты, Есік
ашылғанда алакөлеңке іш жақтан ызғар лебі аңқып тұрды. Шөп төселген екен еденге.
Алакөлеңке бұрышта жатқан кісілердің сұлбасы байқалады.
— Осында... жата тұрасың!.. — деді Қозбағар тағы да өз-өзінен қысылыс тауып.
— Жарайд... — деді Шеге ішке аттап ене беріп. Оң жақта жалғыз терезе бар екен. Оның
өзі торлаулы. Желке тұсынан қарап тұрған Қозбағар сықырлатып ауыр есікті жапты.
Жердің астына түскендей ап-ауыр меңіреу тыныштық орнады. Қараңғы бұрышта жатқан
адамдар бастарын қалқитты. Ұйқыларын əрең ашып қараңғы түкпірден тесіле қарады. Ін
түбінен қараган жыртқыштардай. Денесі түршікті.
Жерге төселген қалың селеу төсек үстінен тізе бүгер орын көздеді. Терезенің алдынан
орын сайлап сылқ түсіп отыра кетті. Шөп төсек тысырлады.
— Өй! — деп бір жалпақ бет қара дəл қарсы алдына кеп жүрелей берді. Азуы ақсиып, бітік
көзі жұмылып күледі.
Бір кездегі мелиса, соңғылықта өкіл болып кеткен атақты Бұқабай.
— Өй! — деп келсаптай қолымен бұны иықтан дүрс еткізді. — Шеге! Жолдас Қаспақов!
Бұнда неғып жүрсің?


Шеге ызалы көкжалдай езу тартып:
— Бұнда неғып жүруші еді? — деді кекесінмен.
— "Асыра сілтеу" ме?
— Жоқ, — деді Шеге. — "Ауыз жаласу".
— "Құлақтың қызын алдың" дейді ғой, баяғы.
— Солай дейді.
Келсаптай алақанымен иықтан дүрс еткізіп тағы періп қалып Бұқабай тіктеліп қарқ-қарқ
күлді. Бүкіл семіз денесі де селкілдеп өзімен бірге "күлді". Жалаң етіне сырма күпі киген
екен. Қарны жылтырап көрініп тұр.
— Нешауа. Жасыма! — деді Бұкабай еңді сабасына түсіп, Шегені мүсіркегенсіп. — "Нелер
келіп, не кетпес ер жігіттің басына". Атасына нəлет, мені де екі-үш күн болды осында
тығып койғалы. "Асыра сілтедің" дейді. Бəрі қырт осындағы басшылардың. Біресе, "план
давай, план давай!" деді. "Жүз прəсент! Ойбай, жүз прəсент!" деп жанымызды қуырды,
Калашников бас болып, Тұра келе шаптық. Қарап жатқан елге қасқырша тидік. Піркəздің
аты піркəз. Көнбегенді көндірдік. "Жүз прəсент кəллектип боласың" деп. Надан халық
саясатқа түсінді ме? Бытырап қашты. Бірі Иран кетті. Бірі — Ауған кетті. Бірі Қалпаққа
қашты. Енді оған кім бинауат? Тағы да Бұқабай бинауат! От кебенемат!
Бұқабай ашудан бұрқ-сарқ қайнап бір орында бəйек таба алмай онды-солды зыр қақты.
— От кебенемат! Қалай да Бұқабай бинауат! Ол бола қоймас. Ерегіскесін мен арызданам!..
Ана жаққа арызданам!!! — деп, Бұқабай бұның алдына кеп шабынып тұра қап, айқайлап
аспанға саусағын шошайтты.Сөйлеп тұрған Бұқабай кілт тыйылып Шегеге иек қақты.
Терезені нүсқады.
— Əкең келді ғой!
Шеге терезеге бүрылса бөркі жыпырайып əйнектен ішке үңіле қарап əкесі тұр. Шеге бой
тіктеп үлгергенше қапалақтап əлдеқайда жүгіріп те кетті. Тірсегі майысып есік алдындағы
мелисаға қарай жортақтап барады екен. Аулада бақырауық жарбай тұр, торанғылға
байлаулы. Əкесі таңертең іздерінен тура шапқан екен ғой.
Қозбағар есікті ашып Шегені əкесімен кездестіруге сыртқа шығарды. Ымырт үйіріліпті
сыртта.
Шəріп байғұс бір күннің ішінде өңі солып, жағы суалып жүдеген баласын көріп, жүрек еті
езіліп, құшақтап бауырына басты. Көз жасы бырт-бырт үзілді. Ары қарай еш нəрсе дей
алмай теріс айналды.
- Тергеу болады. Сот шешеді... енді қалғанын, — деді Шеге.
— Ал, сүйінші! — деді көкесі. — Келін босанды.
Түгелхан деген бір жаман немелі болдық!
Лып етіп бетіне қаны тепті Шегенің. Екі езуі екі құлағына жетті.
— Басымыз түгел болсын деп атын Түгелхан қойдық.
- Көке,бұлар мені босатпайтын сияқты... Жауапқа Хансұлуды да тартатын сияқты...
Шəріп шошып кетті.
— Көке! — деді, Шеге. — Əке-шешесіне апарып таста Хансұлуды!.. Басқа амал жоқ.
— Ау, ертеңгі сотқа... сонда мен...
— Жоқ, көке! — деді Шеге. — Ауылға қайт!.. Басқа салғанды көрерміз.
Содан, Шəкең бақырауық жарбайдың беліне отырып ауылға қайта шапты.Ертесіне
бөпесімен Хансұлуды алып жолға шықты.
Түн қараңғысы сұйылып алагеуім тарта бастаған шама. Алып дала көкжиегі сəл-пəл
білініп алысқа шақырып алдарында жол жатыр. Ескі керуен жолы. Сарғая бастаған таңғы
аспанның шекесінде жарқырап Шолпан тұр. Сол жұлдызды оң иыққа алып итінген бір ат,
бір түйелі жолаушылар. Түйе үстінде — Хансұлу. Құндақтаулы баласы бауырында түйе
жүрісіне ырғала түсіп отыр. Жанары боталап, ұйқысынан енді ояна бастаған кең дүниеге
назар салады.
Алда жол жатыр. Ұлы Үстіртті басып өтіп, сонау итарқасы қияндағы Бесқалаға,
қарақалпақ, түрікпен елдеріне алып баратын ұзақ жол.
Осылайша бөпесін құшақтап Шегесіз қалған Хансұлудың аумалы-төкпелі жылдардағы
ұзақ та шырғалаң сапары басталды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет