Жүйенің мақсатты-мазмұндық компоненттеріне тоқталсақ. Аға және орта буын өкілдеріне білім берудегі негізгі мақсат – студентті бір мамандық иесі етіп шығару еді. Алған білімін ол саналы ғұмырында осы салаға арнайтын, жақсы жетістіктерге жетіп, өз ісінің маманы болатын. Объективті қажеттіліктерден орта буын өзгеруіне, басқаға бейімделуіне тура келді. Аға буын кезіндегі n түрлі мамандық, соңғы буын кезінде 1000 еселеніп кеткені айқын. Қазір бір мамандық иесі болу жеткіліксіз, неғұрлым көп меңгеруге бағытталдық. Олай болса білім беру институтының мақсаты маманды дайындау ма?
Мүмкін кәсіптік білім беру болар. Қазіргі заманда қалаған ақпарыңды интернет желісінен еш қиындықсыз таба аласың. Оны есте сақтап та әуре болудың қажеті жоқ. Кез келген графигіңді салғызып алуға болады, түрлі программалар жеткілікті деңгейдегі, аудиторияда шығарып жүрген интегралдарыңды еш қатесіз шығарып береді.
Мүмкін кәсіптік біліктілікті жетілдіру болар. Кәсіптік біліктілікті жетілдіру үшін студенттің ертең барып істейтін лабораториясы жасалып, сонда ол жаттығуы қажет. Әрине жоғары оқу орны мұндай "завод-фабрикаларды" өз ішінде жасай алмайды.
Бірқатар психолог ғалымдардың зерттеулері «жоғары оқу орны тұлғаның психикасына, оның тұлға болып қалыптасуы мен жетілуіне қатты әсер етеді» деген тұжырымға саяды. Өйткені, тұлғаның бейімделуі ортаға байланысты, демек тұлға сол ортаға бейім болуы үшін, өзінің құзіреттілік қабілеттерін жетілдіріп, өзін-өзі тәрбиелеуі қажет. Студенттің шығармашылық бастауы, ұйымдастыру түрлері тұлғаның өзіне байланысты болады, яғни, бір жағынан, студенттің іс-әрекетінің сыртқы сипаты болса (педагогикалық басқару, оқу тапсырмалар жүйесі, дидактикалық құрал және т.б.), екінші жағынан, өзіндік ізденіс барысындағы субъектінің ішкі (шығармашылық сипат, іс-әрекет тәсілі мен мазмұны, мотив, өзін-өзі басқару) сипатында болады. Осы айтылғандардан білім беру институтының қазіргі қоғам дамуына сай мақсаты студенттің оқу-зерттеу іс-әрекеттерін қалыптастырып дамыту.
Шынында да, үйде, мектепте, жоғары оқу орнында болып жатқан әрекеттер кешегі бала, оқушы, бүгінгі студент санасына әсер етеді, ол жетіледі, қалыптасады дамиды. Бұны іске асырған ата-ана еңбегі немесе оқытушының кәсіби мамандығы ма, әлде олардың мақсатты іс-әрекеттері ме? Бұл екіжақты, дамушы мен дамытушы, әрекеті, әсері, екеуіне ортақ. Сондықтан да бұл жерде іс-әрекетті жеке категория ретінде қарастырамыз.
Зерттеулік іс-әрекет балада білмекке құмарлық түрінде көрініс табады. Абайдың жетінші қара сөзінде бала не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі - жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген. Осы сипаттамадан баланың белсенді іс-әрекеті көрінеді. Жеткіншекке үйдегі тәрбие, бала-бақша, мектеп ұжымының өзіндік нормаларына сәйкес тәрбиесі мен оқытуы, басқаша айтқанда қоршаған ортаның әсері нәтижесінде баланың іс-әрекеті мынадай білім мен дағдының қалыптасып дамуына әкеледі:
- жаңа құбылысты өз бетімен түсіндіру, дәлелдеу;
- өзі білетіндермен жаңаны салыстыру, талдау, жіктеу;
- өзі жасап көруге әрекет ету, болжамын дәлелдеуге тырысу;
- қатынастардың себеп-салдарын анықтауға тырысу;
- бір құбылысты бірнеше тұрғыдан қарап талдау;
- мәселені шешудің бірнеше жолын қарастыру, ең тиімдісін таңдау;
- өзінің және достарының зерттеу жұмыстарына баға беру, пікірін жеткізу.
Бұл әсер ету процесіндегі көзделетіні нәтиже емес, негізгісі зерттеушіні қызықтыру, жетелеу, зерттеу процесіне енгізу, жаттықтыру.
Бұдан кейінгі кезеңге Абай зерттеуінде "... құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екеміз? Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді..." деп ой қортады [5]. Оқытушының жетекшілігімен мақсатты түрде ұйымдастырылатын оқу-зерттеу іс-әрекеті - оқушының танымдық деңгейіне бейімделген, жоспарлы түрде объектілерді зерттеу іс-әрекеті.
Әдіскер ғалымдардың бір тобы танымдық ізденімпаздықты көп аспектілі жеке білім ретінде қарастыру қажеттігін айтады. Зерттеуші студенттің танымдық ізденімпаздығының даму жолдары ретінде проблемалап оқытуды, оқытудың параллель әдістерін, интеграциялап оқытуды, студенттердің оқу-зерттеу және ғылыми-зерттеу жұмыстарын бөліп айтады. Сол себепті, танымдық ізденімпаздықты танымдық іс-әрекеттің кез-келген түрінің тиімділігіне себепші болатын және болашақ маманның кәсіби қасиеттерін анықтайтын студент тұлғасының қасиеті ретінде қарастыруға тура келеді. Оның қалыптасуының жоғары деңгейі жоғары мектеп оқытушысының мақсатқа бағытталған, жүйелі және арнайы ұйымдасқан жұмысына тәуелді болып келеді.
Студенттердің танымдық ізденімпаздығын қалыптастыру үшін оқытушының тарапынан дұрыс басшылық пен студенттердің өздерінің белсенді болу шарт. Ал студенттің жеке басының дамуын белсенді болуы үшін оны қажетсінуі қажет, сондай-ақ іздену, бағдарлай білу, зерттеу біліктері болуы қажет. Мұның өзі жүйелі түрде оқылатын лекция сабақтары мен өз бетімен істейтін әрекеттері нәтижесінде қалыптасатыны даусыз.
Студенттердің шығармашылық ойлау қабілеті мен дербес, белсенді ой еңбегін дамытуды ұйымдастыру – оқу үрдісіне жаңа құралдар мен әдіс-тәсілдерді енгізуді қажет етеді. Оқытудағы болатын мұндай өзгерістер педагог еңбегін жетілдіруді және әрдайым психологиялық-педагогикалық талдауды талап етіп отырады.
Ал оқу-зерттеу іс-әрекеті – бұл студенттердің танымның ғылыми әдістері мен тәсілдерін өз бетімен қолдануға басымдылық берілетін және нәтижесінде білімді белсенді түрде игеретіндей, сонымен бірге олардың зерттеу біліктері мен қабілеттерін дамытатындай заңдылықты, байланыстар мен қатынастарды, эксперименттік тұрғыда бақыланатын немесе теориялық тұрғыда талданатын фактілерді, құбылыстарды, үдерістерді түсіндіру мен дәлеледеулерді іздестіруге бағытталған педагог ұйымдатыратын іс-әрекет.
Оқу-зерттеу іс-әрекеті кезінде зерттеуші тұрғысындағы студент пен зерттеуші ғалым арасында өзіндік ұқсастықтар мен өзгешеліктер бар. Ұқсастықтарға мақсаттың бірлігі - екеуінде де жаңалық ашылады; мәселені қою, ақпарат жинау, талдау, болжам айту, оны тәжірибе арқылы тексеру, теориялық негізеу, қорытынды жасау; зерттеу тәсілдерінің ұқсастығы - бақылау, эксперимент, салыстыру, моделдеу, индукциялық және дедукциялық тәсілдер. Ал өзгешеліктерге - зерттеу нәтижесін алуға болады, ғалымда - объективті жаңа дүние болса, студентте - субъективті нәрсе; орындалу деңгейінде, ғалым өз бетімен зерттеу жүргізеді, ал студент оқытушы жетекшілігімен жұмыс жасайды.
Сонымен, қазіргі білім кеңістігіндегі өзгерістерге сәйкес білім берудің негізгі мақсаты адамды болашақ қоғамдағы іс-әрекетіне дайындау деп есептейміз. Осы реттегі білім берудің мазмұны студенттің оқу-зерттеу іс-әрекеттерінің әдістері мен түрлерін меңгеруі. Ал пәндік мазмұн, дербес жағдайда, математика мазмұнды оқыту құралы ретінде қарастырылады.
Мазмұнмен жұмыс жасағанда мынадай міндеттер шешілуі керек:
1) Математиканы меңгеруге келген оқушының немесе студенттің өз бетімен жұмыс жасауын, нақтылы жағдайда шешім қабылдай алуын, оқу үрдісіне талап қоя білуін қаматамасыз ететін субъективті көзкарасын қалыптастыру керек. Ол үшін мазмұн студенттің өз оқу бағытын, деңгейін, көлемін таңдауға, оны меңгеру уақытын мөлшерлеуге, нәтижеге жетуіне жауапты болуына мүмкіндік беретіндей етіп құрылуы керек;
2) Студен алдына қойылған мақсатқа жетуі үшін мазмұнды, жекелеген модульдерге бөлінген оның әрбір бөлігін, әрбір жаңа ақпарды бұрынғы бар біліммен ұштастыра отырып жоспарлау;
3) Студентті дамыту технологиясын іске асыру, яғни мазмұн студенттің ақпарды жинауына, саралауына, нақтылы жағдайға бейімдеуіне, кәсіптік мәселені шешуіне бағытталып құрылған болуы керек;
4) Мазмұн кезекті деңгейді меңгергендігін тексеретін механизм ұсынумен қатар, студентті кәсіптік қабілеттілігін бағалауға мүмкіндік беретіндей материалмен қамтамасыз етуі керек.