Абдиева Н. А. МӘтін және мәтінтүзу ұҒымдары


Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы



бет5/24
Дата10.05.2023
өлшемі242.01 Kb.
#473464
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24
абдиева нураш

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы.
-жалпы тіл біліміндегі және қазақ тіл біліміндегі мәтін лингвистикасының
зерттелуіне шолу жасалды;
-мәтін категориялары сараланып, жіктелді;
-көркем мәтіндегі мәтінтүзуші фоносемантикалық және лексика-семантикалық факторларды анықталды;
-фоносемантикалық доминант, дыбыстық қайталамалар мен дыбыстық символика мәтінтүзуші фактор ретіндегі қызметі сараланды;
-қазақ көркем мәтініндегі мәтінтүзуші лексика-семантикалық құралдар ретінде мәтіндегі тірек сөздер, сөздердің тақырыптық топтары мен және ассоциативтік қатарларының, фразеологизмдер мен сөз-символдардың, синонимиялық, антонимиялық парадигманың мәтінтүзімдік қызметі ашылды;
-көркем мәтіндегі мәтінтүзуші грамматикалық факторлар мен олардың мәтінтүзу және мәтіндегі ойды дамыту қызметтері ашылды;
-мәтінтүзімнің прагматикалық және коммуникативтік аспектілері айқындалды;
-көркем мәтіннің коммуникативтік-прагматикалық ұйымдасуы мәтінтүзуші фактор ретіндегі қырынан айқындалды;
-көркем мәтіндегі субьект категориясының мәтінтүзушілік қызметі талданды;
-мәтін астарының имплицитті-коммуникативтік сипаты анықталды.
Зерттеу жұмысының теориялық және тәжірибелік маңызы Қазақ тіліндегі мәтінтүзуші мағыналық-құрылымдық және стилистикалық компоненттерді зерттеу барысында алынған нәтижелер мен тұжырымдар мәтінтүзуші тілдік-стильдік құралдарды айқындауда және олардың мәтін құрылымындағы қызметін тануда жалпы мәтін лингвистикасы мәселелерінің толығуына үлес қосады. Сонымен бірге қазақ мәтінін оқытудың лингвистикалық-теориялық негіздерін анықтауға үлес қосады.
Жұмыстың жариялануы.


Жұмыстың құрылымы. Жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І МӘТІН ЖӘНЕ МӘТІНТҮЗІМ ҰҒЫМДАРЫ

    1. Мәтін лингвистикасының зерттелуі

Мәтінді зерттеу өте көне замандардан бастау алады. Алғашқы зерттеулер діни кітаптар мәтінін қарастырудан басталса, кейіннен заң және әдеби мәтіндер, мәтіннің басқа да түрлері ғалымдардың назарына ілікті. ХІХ ғасырдың аяғына қарай мәтінді зерттеумен этнологтар айналыса бастады. Ал мәтінді тілдік құрылым ретінде арнайы қарастыру 19-20 ғасырларда басталды. Мәтін туралы алғашқы мәліметтер қатарында орыс фольклористі, әдебиеттанушы ғалым В.Я. Пропптың 1928 жылы жарық көрген «Морфология сказки» еңбегін атауға болады [15 ].


1950-60 жылдары В.Я. Пропптың бұл кітабы ағылшын және француз тілдерінде жарық көрді. 1960 жылдары Чех лингвистикалық мектебінің ықпалымен мәтіннің лингвистикалық теориясы қалыптаса бастады. Бұл бағытта П. Хартманн, Р. Харверг, З. Шмидт, Т. ван Дейк, В. Дресслер, Я. Петефи, К. Гаузенблаз, П. Сгалл, И. Беллерт, Н. Энквист және т.б. ғалымдардың еңбектерін атауға болады.
Бұл кезеңдердегі зерттеулерге тән ортақ сипат мәтіннің құрылымдық әдіспен зерттелуі болды. 1970 жылдардың ортасына қарай мәтінді коммуникативтік үрдіс ретінде қарастыру қолға алынды. Кеңестік дәуірдегі мәтін лингвистикасына қатысты мәліметтер И.А. Фигуровский, Н.С. Поспелов еңбектерінен басталады.
Қазақ тіл біліміндегі мәтін теориясы жөніндегі зерттеулер соңғы уақытта кеңірек қолға алына бастады. Алайда, мәтін лингвистикасына қатысты, кейбір ойлар қазақ тіл білімінің негізін қалаушылар Ахмет Байтұрсынұлы мен Құдайберген Жұбанов еңбектерінде де кездеседі.
А.Байтұрсынұлы мәтінді «шығарма сөз» деп атайды: «Сөз өнерінен жасалып шығатын нәрсенің жалпы аты шығарма сөз, ол аты қысқартылып шығарма деп аталады. Ауыз шығарған сөз болсын, жазып шығарған сөз болсын бәрі шығарма болады» [15, 344]. Құдайберген Жұбанов «сөз бұйымы» деп атайды [15].
Кейінгі жылдары мәтін лингвистикасы кеңінен зерттеле бастады. Мәтін лингвистикасы мәселелері Р. Сыздық, Б. Шалабай, А. Жұбанов, Г. Смағұлова, Н. Уәли, Г. Әзімжанова, А. Әділова, Ж. Жақыпов, С. Мұстафина, С. Құнанбаева , Ж. Қайшығұлова, Ж. Кеншінбаева, М. Ахметова, М. Маретбаева т.б. ғалымдардың зерттеулеріне нысан болса, М. Балақаев, Е. Жанпейісов, М. Серғалиев, Х. Кәрімов еңбектерінде көркем мәтіннің ерекшеліктері сараланады. Б. Момынова, Қ. Есенова, А. Алдашева еңбектерінде газет мәтінінің, С.Әлісжанов зерттеуінде ғылыми мәтіннің ерекшеліктері қарастырылады. 1950-60 жылдары мәтін құрылымы туралы тұжырымдар Н.Ю. Шведова, Т.Г. Винокур, Е.В. Подучева, Ю.С. Мартемьянов зерттеулерінде кездеседі. Бұл еңбектерде абзац құрылымы, мәтіндегі фразааралық қатынастар семантикасы туралы мәселелер көтерілді. Орыс тіл білімінде 1970-80 жылдары мәтін лингвистикасының өзекті мәселелері Т.М. Николаева, С.И. Гиндин, И.И. Ревзин, М.И. Откупщикова, В.Г. Гак, Б.М. Гаспаров, З.Я. Тураева, Е.А. Реферовская, И.И. Ковтунова, В.А. Бухбиндер, Г.В. Ейгер, Ю.А. Здоровов т.б. ғалымдар еңбектерінде көрініс тапты. Бұл зерттеулерде мәтіндегі интонация мен просодия, мәтін құрылымындағы ең кіші тілдік бірліктердің көрінісі (фонема, морфема) мәтіннің жалпы құрылымы, мәтіндегі уақыт пен модальдылық, мәтін референциясы, мәтін типологиясы туралы сараланады. Мәтін құрылымы, мәтін түзуші бірліктер және олардың бір-бірімен байланысуы сияқты мәселелер А.М. Пешковский, Н.С. Поспелов, И.О. Москальская, И. Гальперин, Г.Я. Солганик, Л. Ельмслев, т.б. ғалымдар қарастырған.
Мәтін лингвистикасы туралы маңызды еңбектердің бірі М.И. Откупщикованың «Синтаксис связного текста» атты оқу құралы болды [16]. Ғалым мәтін бірліктері, мәтін байласымы, мәтінді өзекті бөлшектеу сияқты ұғымдар мен олардың зерттелуіне тоқталады.
Мәтінді зерттеу оның қолданбалылық сипатына да байланысты жүргізілді. Компьютерлік лингвистикада У.Манн мен С.Томпсонның риторикалық құрылым теориясы бастапқыда мәтіндегі байланыс типтерін анықтауға бағытталған қолданбалы зерттеу ретінде қалыптасты.
ХХ ғасырдың екінші жартысында кеңестік тіл білімінде мәтін грамматикасы (лингвистикасы) бағыты қалыптаса бастады. И.Р. Гальперин, О.И. Москальская, З.Я. Тураева және т.б. ғалымдар мәтінді ұйымдастырудың лингвистикалық заңдылықтарын қарастырып, сөйлем мен айтылымның ара жігі, мәтін және оның бірліктері мәселелерін зерттеуде қолданылып жүрген әдістердің жеткіліксіздігін, терминдік аппаратты бірізге түсіру және нақтылау қажеттігін анықтады. Сонымен қатар, дәстүрлі құрылымдық-семантикалық әдіс мәтіннің тұтастығы және байласымдылығы сияқты басты ерекшеліктерін зерттеуде әлсіздік танытты.
Қазіргі уақытта мәтін әр қырынан, әр түрлі бағытта жан-жақты зерттелу үстінде. Онтологиялық тұрғыда – мәтіннің болмысы, алатын орны, ауызекі сөйлеуден айырмашылығы қарастырылса, гносеологиялық тұрғыда мәтіндегі объективті шындық бейнесінің берілуі сипатталады. Лингвистикалық тұрғыда – мәтіннің тілдік ұйымдасуы, психологиялық тұрғыда – мәтіннің қабылдануы, прагматикалық тұрғыда – мәтін авторының объективті болмысқа және мазмұнға деген қатысы анықталады. Бүгінгі таңда мәтін тіл білімі ғылымы саласында лингвоцентристік, текстоцентристік, антропоцентристік, когнитивтік сияқты бірнеше бағыттар бойынша зерттелуде. Мәтін лингвистикасы мәтіннің түрлі аспектілеріне кешенді талдау жүргізеді. З.Я. Тураева оның қазірде белгілі болған онтологиялық, гносеологиялық аспект, жеке лингвистикалық, психологиялық, прагматикалық аспектілерін көрсетеді [17].
Бүгінгі таңда мәтін лингвистикасындағы маңызды мәселелері ретінде мыналарды көрсетуге болады: негізгі қасиеттері тұтастық пен тығыз байланыстылық болып табылатын, ең жоғары жүйе ретіндегі мәтіндік зерттеулер; мәтін типологиясының коммуникативтік көрсеткіштері және соларға қатысты лингвистикалық белгі-қасиеттерімен бірге қарастыру; мәтінді құрайтын бірліктерді, ерекше мәтіндік категорияларды анықтау; мәтін әсерінен болатын тілдік бірліктердің сапалық дәрежелерінің жүзеге асырылуының әртүрлі деңгейлерін айқындау; фразааралық байланыстар мен қарым-қатынастарды зерттеу.
«Мәтін» ұғымының көптеген анықтамалары бар, ол ұғымның күрделі болуына және білімнің басқа салаларында қарастырылуына, басқа да түрлі аспектілерге байланысты. Солардың бірқатарында мәтін тек жазба формадағы сөз туындысы ретінде сипатталады. Алайда, мәтін деп кез келген форма түріндегі ауызша және жазбаша айтылымдарды айтамыз. Мәтін (лат. тілінен textus – ткань, өрілім, қосылым) – негізгі қасиеттері бүтіндік пен байланыстылық болып табылатын, бірізді мағыналық байланыс арқылы белгілер бірліктерінің ұйымдасуы. И.Р. Гальперин мәтін - сөйлеу шығармашылығының туындысы ретінде анықтайды. Аяқталған, объективтелген жазба құжаты ретінде, құжаттың түріне қарай әдеби тұрғыдан өңделген, бірқатар ерекше бірліктері (фразадан тыс бірліктер) мен атауы бар, түрлі лексикалық, грамматикалық, логикалық, стилистикалық байланыстармен біріктірілген, белгілі бір мақсат пен прагматикалық бағыты бар сөйлеу шығармашылығының туындысы деп сипаттайды [17].
Лингвистикалық терминдер сөздігінде «Текст – это реально высказанное (написанное) предложение или совокупность предложений, ... могущее ... служить материалом для наблюдения фактов данного языка» [18, 365] деген анықтама беріледі.
Мәтіннің тілдік тұрғыда зерттелуіне О.И. Москальская да зор үлес қосты, ол коммуникативтік маңыздылық пен мазмұндық бірлестіктің екі крийтериін ұсынды. Соның нәтижесінде төмендегідей тұжырымдар жасайды: бір немесе бірнеше сөйлемнен құралған кез келген айтылған пікірді мәтін сөзінің тар мағынасында мәтін деп айтуға болады, ал кең мағынасында мәтін бір кітап формасында болуы да мүмкін. Ол: ««мәтін» деп бір жағынан, бір немесе бірнеше сөйлемдерден тұратын, сөйлеушінің ойы аяқталған, кез келген айтылған пікірді түсінсек, екінші жағынан, повесть, роман, газет немесе журнал мақалалары, ғылыми мақалалар, түрлі құжаттар тағы басқа осы сияқты тілдесім туындылары» [19]. Л.М. Лосева мәтінге «құрылымдық және мағыналық жағынан аяқталған және хабарламаға автордың белгілі көзқарасы берілген, жазба түріндегі хабарлама ретінде» [20] анықтама береді.
Синтаксистік тұрғыдан мәтін өзара лексика-грамматикалық құралдар арқылы байланысқан, сөйлемдер бірлестігін (бір сөйлем сирек кездеседі) құрайды. В.В. Одинцовтің пікірінше, «мәтін, сапасы мен элементтер қасиеті жағынан айырмашылықтары бар, түрлі қатынастар арқылы жасалатын күрделі құрылым» [21, 42]. Мәтінде айтушының ойы ашылады. Мәтін сөзжұмсам қызметінің нәтижесі. Сөз қызметінің себебі мен мақсаты бар. Оның тақырыбы мақсат пен себепті айқындайды. Мәтін – өзіндік сипаттарға ие күрделі тілдік құрылым.
Мәтіннің құрылымы мен мәтінтүзуші мағыналық-құрылымдық бірліктер, олардың өзара байласым ерекшеліктері – мәтін лингвистикасының негізгі зерттеу нысаны. Мәтін танушылар мәтінді әдеби-филологиялық жағынан, стилист ғалымдар көркем мәтіндегі тілдік бірліктерді автордық стильдік мақсаттарға орай шебер қолдануы тұрғысынан қарастырып келді. Бұл зерттеулер дайын мәтінді талдауға бағытталды. Ал мәтінтүзім және мәтінтүзуші бірліктер туралы мәселелерді зерттеу кейінгі жылдары ғана қолға алынды. Бұл мәселені тіл білімінің жаңа саласы болып табылатын мәтін лингвистикасы қарастырады. Қазақ тіл біліміндегі мәтінтүзім мәселелері Р. Сыздық еңбектерінен бастау алады. Ғалым мәтінтүзім жөнінде мынадай пікір айтады: «Текст түзілісінің өзіне тән шарттары болады. Кез келген көркем шығармада немесе оның кез келген тұсында текст түзіле бермейді. Қазақ көркем сөзінде текст түзудің айқын көрінісі Абай өлеңдерінен басталады деуге болады. Текст түзілісінің бір белгісі – шығарманың бір бөлігінде немесе бір өлеңнің өн бойында мағыналары бірін-бірі айқындайтын, модальдық реңктері біртектес сөздерді шоғырлап беру. Модальдық реңк дегеніміз сөйлеушінің (жазушының, ақынның) айтылған ойға жағымды, жағымсыз көзқарасын білдіретін мағыналық реңк жеке сөздердің өн бойларында (лексикалық мағынасында) да болады, немесе шылау, одағай, көмекші есім, етістік, етістіктің рай тұлғалары, сын есімнің шырай тұлғалары, дауыс әуені (интонация) сияқты лексика-грамматикалық құралдар арқылы да беріледі [22, 74]. Сонымен қатар ғалым Абай өлеңдеріндегі мәтінтүзім мәселелеріне тоқтала келіп, мынадай қорытынды жасайды:
«Текст түзу жетілген жазба әдебиетінің көрінісі. Және ол қаламгердің зор талантын талап ететін құбылыс, өйткені текст түзу үшін сөз топтарын, грамматикалық амалдарды таңдай білу керек, әр сөздің лексикалық мағынасы мен модальдық өңін тап баса білу керек» [23,79].
Мәтінтүзуші тілдік бірліктерді қазақ тіл білімінде зерттеуші ғалымдардың бірі – С. Мұстафина. «Текстообразующие средства казахского языка» атты зерттеуінде ғалым мәтінтүзуші тілдік бірліктерді қарастырады [24]. Мәтін лингвистикасының шетелдік тіл білімінде және кеңестік лингвистикада зерттелуіне шолу жасайды, мәтінді талдаудың грамматикалық, семантикалық, прагматикалық және психолингвистикалық бағыттарын көрсетеді. Ғалым қазақ тіліндегі мәтінтүзуші бірліктерді фонетикалық, лексикалық, грамматикалық және синтаксистік-стилистикалық фразааралық байланыс құралдары деп жіктейді. С. Мұстафина мәтінтүзуші тілдік бірліктер ретінде шылауларды, есімдіктер мен етістіктің шақ көрсеткіштерін атайды. Сондай-ақ, ғалымның пікірінше қазақ мәтіндері түзілімінде морфологиялық гетерогендік лексемалар мен фразалық тіркестер ерекше рөл атқарады. Оларға қыстырма сөздер, есімдік, үстеу, шылау, одағайлар жатады. Мәтін бөліктерінің байланысын жүзеге асырушы тілдік бірліктерді С. Мұстафина мәтінтүзуші құралдар (текстообразующие средства) деп атайды. Мәтінтүзуші құрал ұғымын кең мағынада және тар мағынадағы деп қарастырып, кең мағынадағы мәтінтүзуші құралдарға интонация, сөздердің орын тәртібі, қайталамалар, етістіктің шақ көрсеткіштерінің қатысы, синтаксистік-стилистикалық тәсілдерді жатқызады.
Тар мағынадағы мәтінтүзуші құралдар деп мәтінтүзуші аналитикалық бірліктерді атайды. Тар мағынадағы мәтінтүзуші бірліктер құрылымдық ерекшеліктерімен айқындалады. Оларды біртұтас құрылымды (демек, яғни, айталық) және тұтас емес құрылымды (не үшін десең, олай болса, содан бері, кім білсін т.б.) деп жіктейді. Мәтінтүзуші тілдік бірліктердің синтагматикалық ерекшеліктеріне олардың жалғаулықтармен (бірақ, сонда да), септеуліктермен (аздан соң), демеуліктермен (шынымен-ақ) тіркесе келуін жатқызады. Олар сөйлемнің басқы позициясында келіп алдыңғы фразадан тыс бірлікпен байланыстырып тұрады. С. Мұстафинаның зерттеуінде мәтіннің реляциялық құрылымы яғни фразадан тыс бірліктер компоненттері арасындағы мағыналық қатынастың түрлері көрсетіледі. Ғалым мұндай логика-семантикалық байланыстың мынадай түрлерін анықтайды: жалғаулықты, түсіндірмелі, санамалылық, өтпелілік, каузальды, темпоралды. Құрмалас сөйлемдердің өзара байланыстарынан тыс мәтінтүзуші құралдар арқылы жүзеге асатын басқа да жаңа ақпараттардың қосылуы, айтылым бөліктерінің мазмұнын жалпылау сияқты байланыс түрлерін айқындайды.
Фразааралық байланысты жүзеге асырушы лексикалық бірліктер ретінде зат есімдер, есімді тіркестер, синоним, антоним, етістіктер, есімдіктер, үстеу, сын есімдердің мәтінтүзу қызметін талдайды. Морфологиялық тұлғалардың мәтінтүзу қызметін төмендегіше көрсетеді:
1) етістіктің шақ және етіс тұлғалары мәтіннің семантикалық және құрылымдық тұтастығына қызмет ететіндігін дәлелдейді;
2) есімдік және үстеулердің сөйлемдер арасындағы байланысты қамтамасыз ететіндігін анықтайды. Олар алдыңғы сөйлемде айтылған ойды нұсқайды немесе айтылған ойды қайталай бермеу үшін қолданылады.
3) реттік сан есімдердің мәтіннің композициялық құрылымын ұйымдастыруда белсенді қызмет атқаратындығын көрсетеді. Олар айтылған хабардың ақпараттық кеңістігін бөлшектеуді, сипатталатын оқиға немесе фактілерді санамалау, материалды маңыздылығына байланысты ретімен беру сияқты қызметтерімен ерекшеленеді.
Фразааралық байланыстың грамматикалық құралдары ретінде шылау және шылау мәндес сөздердің, қыстырма сөздердің, синтаксистік парллелизмдердің, ақпараттың тема-ремалық берілуін, деривациялық және меншіктілік аффикстерді қарастырады.
Жалғаулықтардың мен, бен, пен, да, де, та, те, я, яки, егер деген түрлерінен басқа барлық түрлері мәтінтүзуге қатысады. Қыстырынды құрылымдардың мәтінтүзушілік қызметі және психологиялық параллелизмнің мәтін құрылымын түзудегі қызметтері ескеріледі. Фразааралық байланыстың синтаксистік-стилистикалық бірліктеріне анафора, эпифора, градацияны жатқызады.
С.Мұстафинаның ойынша, фразадан жоғары тұтастыққа – әрі синтагматикалық, әрі функционалды ұғым, оған байланыстылық, тұтастық тән. Оның құрылымдық тұтастығы анафоралық қайталаулардан және есімдіктерден, етістіктердің шақтық тұлғаларынан, жалғаулықтардан т.б. көрінеді. Ал байланыстылығы мазмұнның мағыналық бір тұйық тұтастыққа бірігуінен көрінетінін айтады [25, 24]. Ғалым қазақ мәтінінің құрылымындағы логика-семантикалық қатынастардың эксплицитті құрамдары, т.б. мәселелерге тоқталады.
Мәтін лингвистикасы ширек ғасырға жуық тарихы болса да, үздіксіз даму үстінде. Мәтін лингвистикасына қатысты зерттеулердің көптігіне қарамастан, қазақ мәтінінің құрылымдық ерекшеліктері бүгінгі таңда әлі де зерттеуді қажет ететін күрделі мәселелердің бірі.
Мәтіннің басты сипаты – оның тұтастығы. Мәтін тұтастығы туралы Г. Әзімжанова мынадай пікір білдіреді: «Мәтін тұтастығы былай сипатталады: 1) айқындауыштық, яғни мәтіннің өзіндік шекарасы бар (басы және соңы);
2) байланыстырушылық, барлық мәтін компоненттері белгілі бір құрылымға өзара бірігеді. Осы өзінің бөліктері арасындағы байланыс нәтижесінде мәтіннің қол жеткізген үрдісі ерекше, бұл жай компоненттердің қосындысы емес» [26,43].
Мәтіннің бұл белгісі оны сөйлем мен күрделі синтаксистік тұтастықтан ерекшелейді. Кей жағдайда көркем шығармаларды автор белгілі бір стильдік мақсатқа орай аяқтамай бітіруі мүмкін. Мәтіннің аяқталғандығы белгілі бір дәрежеде салыстырмалы ұғым. Себебі автордың мәтінді қалай аяқтауы, қай жерде аяқтауы оның өз қалауына байланысты.
Мәтіннің келесі бір белгісі – оның байласымы. Г.Я. Солганик мәтін байласымының екі түрін көрсетеді: тізбекті және параллельді байласым [27].
Л.М. Лосева мәтін ішіндегі сөйлемдер байласымын екі топқа бөліп көрсетеді:
1 аралық/дистантный/байласым – сөйлемдердің алшақ тұрып байланысуы;
2 жанаспалы /контактный/ байласым – мәтін ішіндегі сөйлемдердің қатар тұрып байланысуы [28, 49].
Мәтіннің құрылымы мен мәтін түзуші мағыналық-құрылымдық бірліктер, олардың өзара байласым ерекшеліктері - мәтін лингвистикасының бүгінгі таңдағы өзекті мәселелері. Мәтіннің өзіне тән болмысы мен табиғатын зерттеудің өзектілігі мен қажеттілігі күн санап артып келеді. Себебі ол қолданыстағы, қоғамдық өмірдің барлық саласына белсене араласқан, қоғамдық қарым-қатынас барысында сұрыпталған, шыңдалған, қалыптасқан, сол қатынас нәтижесінде өмір сүруге бейімделген тіл болып табылады. Шынайы тіл тілдік қарым-қатынастың барлық түрлері арқылы жүзеге аса алатын, эмоциялық көңіл-күй сезімдер, ақиқат өмір туралы ақпарат бере алатын тіл болып табылады.
Қ. Ахмедияровтың еңбегінде [29] мәтін – коммуникативтік-когнитивтік ақиқат ретінде түсіндіріледі.
Г.Ә. Мұратованың «Абайдың тілдік тұлғасы: дискурстық талдау мен концептуалды жүйесі» атты докторлық диссертациясында мәтін лингвистикасына қатысты бірқатар мәселелер сөз болады. Зерттеуші Абайдың тілдік тұлғасының көркемдік әлемін бейнелеуші мәтінді тіл біліміндегі антрополингвистикалық, когнитивтік лингвистика теориясы тұрғысынан талдайды. Еңбекте Абай шығармалары мәтініндегі концептілердің танымдық ерекшелігі, семантикалық өрісі талданады. Көркем мәтіндегі тіл арқылы танылатын концептілер, мәтін дискурсындағы әлемнің индивидуалды көркем тілдік бейнесі, Абай дискурсындағы метафораның қызметі анықталады. Сонымен қатар тілдік тұлға дискурсында қолданылу жиілігі жоғары бірліктерді концептуалды деңгейде жүйелеп, когнитивтік мәнін, көркем мәтінде қолданылған этномәдени лексика мазмұнын, қолданылу уәжі мен сипатын антропоцентристік ұстаным негізінде айқындайды. Г. Мұратова мәтінді: «ұлт тілінен, оның әлеуметтік-қоғамдық өмірінен, ұлт мәдениетінен құнды ақпарат беретін семиотикалық тілдік таңба» деп танып, оған мынадай анықтама береді: «Мәтін - коммуникативтік бағыттағы, нақты бір ақпаратты өз бойына жиған, әрі өзгеге жеткізе отырып, белгілі бір уақыт пен кеңістіктен мәлімет (дерек) беретін, жеке тұлғаның рухани әлемін ашуға ықпал зор күрделі тілдік таңба» [30]. Сонымен қатар ғалым бұл тілдік тұлғаны мәтіндік деңгейден биіктеп, мәдениет деңгейіне дейін көтерілді деп есептейді.
Мәтін лингвистикасы жеке ғылым саласы ретінде ХХ ғасырдың екінші жартысынан негізі қаланып, бірнеше ғылымдар тоғысынан пайда болған ғылым саласы. Мәтін лингвистикасы – тіл көркемдігін сипаттайтын дәстүрлі стилистикадан бастап, адам танымына жетелейтін когнитивтік лингвистика, философияға дейінгі аралықты қамтиды. Мәтіннің сан алуан қырларын ашуды мақсат ететін мәтін стилистикасы, мәтін прагматикасы бойынша зерттеулер, мәтіннің танымдық қырларын зерттеу мәтін лингвистикасының қарқынды дами түсуіне ықпал етті. Кейінгі уақытта мәтіннің прагматикалық қызметі туралы зерттеу мәтін лингвистикасындағы маңызды мәселелер қатарынан орын алады. Бұл бағытта Әлкебаева Д.А. [32], Ерназарова З. [33] зерттеулерін атауға болады.
Ғалым Б.Момынова «Шәкәрім поэзиясының тілі» атты еңбегінде поэзия тілінің мәтінтүзімдік ерекшеліктеріне тоқталады [34].
Қорыта келгенде, мәтін - тіл жүйесіндегі ең жоғары бірлік. Мәтін – сөйлеу барысында қалыптасып, сұрыпталған, тұрақталған айрықша типтік сигналдардың жиынтығы болып табылады. Оған айрықша форма мен композиция, құрылым тән болып келеді. Мәтінге қатысты зерттеулердің сан алуандығы оның күрделі құбылыс екендігін дәлелдейді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет