Абдиева Н. А. МӘтін және мәтінтүзу ұҒымдары



бет7/24
Дата10.05.2023
өлшемі242.01 Kb.
#473464
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   24
абдиева нураш

1.3 Мәтінге тән категориялар
Мәтін дегеніміз – құрылымдық элементтерінің сапасы және қасиетімен ерекшеленетін күрделі құрылым. Мәтін лингвистикасының қарастыратын басты мәселелері – мәтін түзуші бірліктерді айқындау, мәтіннің негізгі категорияларын сипаттау, әр түрлі деңгейдегі тілдік бірліктердің мәтін бойындағы ерекшеліктерін көрсету.
Мәтін лингвистикасы мәтінді тұтасымдық және байласымдық қасиетке ие жоғары деңгейдегі жүйе ретінде зерттейді. Мәтінтанушы ғалымдардың зерттеулерінде мәтінге тән белгілерге тұтастық және байланыстылық (И.Р. Гальперин); аяқталғандық (Г.В. Колшанский, Н.А. Купина, И.Р. Гальперин); бөлшектену (Т.В. Трошина); прагматикалылық (И. Р. Гальперин) жатқызылады.
Мәтіннің өзіне тән категориялары, өзіндік сипаттары болады. Мәтін категориялары мәтінге тән ең негізгі белгілерді топтастырады. «Мәтін категориялары» ұғымы лингвистика ғылымында 70-ші жылдардың ортасында ене бастады, бірақ осы күнге дейін мәтінге тән категориялар нақты анықталмаған деуге болады. Категория дегеніміз бұл – объективті әлемнің құбылыстары мен заттар аралығындағы қатынастар мен байланыстары, белгілері мен ортақ маңызды қасиеттері анықталған ұғым; бұл құрылымы жағынан өзгере алатын мәтін сипатының, мазмұны мен форма бірлесімдерінің екі жақты болуы. Жалпы айтқанда мәтін категориясы деп, барлық мәтіндерге тән белгілерді айтуға болады және бұл категориялар мәтінге тән міндетті сипат болуы қажет. Осы мәселені қарастырып жүрген зерттеушілер еңбектерінде де мәтін категориясының сипаттамасы әртүрлі болып келеді. Мәтін категориясын белгілеу ұстанымдарында, атауы мен санын белгілеуде де айырмашылықтар бар.
Мәтін категориялары семантикалық және құрылымдық, прагматикалық және функционалдық өлшемдерге негізделеді. Мәтін категориялары туралы зерттеуші ғалымдар арасында бірізділік қалыптаспағандықтан, олар мәтін категориялары ретінде әр түрлі сипаттарды атайды.



Гальперин И.Р.

Ақпарат, бөлшектеу, байласым, континуум, мәтін бөліктерінің автосемантиясы, ретроспекция, проспекция, модальдылық, интеграция, тұйықтау

Н.С.Болотнова

коммуникативтілік, концептуалдылық, прагматикалылық, ақпараттылық, құрылымдық, интегративтілік, регулятивтілік, мағыналық аяқталғандық, бөлшектік, тұтастық, мүшелену, когезия, модальдылық, экспрессивтілік, эмотивтілік, проспективтілік, ретроспективтілік

Л.Г. Бабенко

тұтастық, ол мәтін мағынасының концептуалдылығымен байланысты болады; байланыстылық, ол ақпараттық, интегративтілік, аяқталғандық, хронотопа т.б. категориялар арқылы қамтамасыз етіледі; аяқталғандық (контекстік-мағыналық); көркем мәтіннің антропоцентристік сипаты, диалогтік сипаты; көркем мәтіннің ішкі және сыртқы формаларының бірлігі; мазмұн толықтығы және бірізділігі (немесе логикалылығы), күрделілігі (эстетикалық қасиетіне қарай прагматикалылығы, концептуалды болуы, бейнелілігі);
түсіндірілуі

Г.Смағұлова

хабарлау, қосымша хабар, уақыт бірлігі, модальдық



А. Әділова

мәтін категорияларының мынадай түрлерін көрсетеді: концептуалдылық, бірігу (сцепление), информативтілік (ақпараттылық), континуум, бөлшектенушілік, интеграция, ретроспекция, проспекция, модальділік, аяқталғандық (тиянақтылық-завершенность), байласымдық пен тұтастық

И.Р. Гальпериннің пікірінше мәтіннің тұтастығын және байланыстылығын қамтамасыз ететін категориялар мағыналық және формальды құрылымдық деген екі үлкен топқа жіктеледі [42.37]. Н.С. Болотнова мәтіннің категориялық белгілеріне коммуникативтілік, концептуалдылық, прагматикалылық, ақпараттылық, құрылымдық, интегративтілік, регулятивтілік, мағыналық аяқталғандық, бөлшектік, тұтастық, мүшелену, когезия, модальдылық, экспрессивтілік, эмотивтілік, проспективтілік, ретроспективтілікті жатқызады [43, 31]. Л.Г. Бабенко «мәтіннің универсалды категорияларының негізіне тұтастық (мазмұн межесі) және байланыстылық (тұрпат межесі) алынады, олар бірін-бірі толықтырады, иерархиялық қатынаста болады», –дей келіп [43, 56], мынадай категориялардың маңыздылығын атап көрсетеді: тұтастық, ол мәтін мағынасының концептуалдылығымен байланысты болады; байланыстылық, ол ақпараттық, интегративтілік, аяқталғандық, хронотопа т.б. категориялар арқылы қамтамасыз етіледі; аяқталғандық (контекстік-мағыналық); көркем мәтіннің антропоцентристік сипаты, диалогтік сипаты; көркем мәтіннің ішкі және сыртқы формаларының бірлігі; мазмұн толықтығы және бірізділігі (немесе логикалылығы), күрделілігі (эстетикалық қасиетіне қарай прагматикалылығы, концептуалды болуы, бейнелілігі); түсіндірілуі [43, 57].


А. Әділова мәтінге тән ең басты категориялар ретінде байласымдық пен тұтастықты көрсетеді. «Мәтіннің құрамындағы әрбір сөз, сөз тіркесі, сөйлем өзінің алдындағы немес өзінен кейін орналасқан сондай тілдік бірліктермен ерекше – тақырыптық-самантикалық, парадигматикалық, синтагматикалық қатынаста болады, белгілі бір өріске бірігіп, байланысады да, бір оқиға, тақырып көлемінде ақпар береді. Бұл тұтастық пен байласымдылық – автор интениясы мен оқырман қабылдауының жемісі, соның нәтижесінде көркем мәтіндегі оқиға немесе құбылыс туралы біртұтас түсінік пайда болады [43, 60].
Г. Смағұлова: «Мәтіннің негізгі категорияларына хабарлау, қосымша хабар, уақыт бірлігі, модальдық т.б. жатады. Бұлардың мазмұны, берілу жолдары мен формалары мәтіннің типтеріне (көркем мәтін, публицистикалық мәтін, ресми мәтін, ғылыми мәтін), олардың дұрыс құрылуына байланысты» [43] - деп көрсетеді.
И.Р. Гальперин көркем мәтіндегі ақпараттың үш түрін атайды: мазмұндық-фактілі (мазмұндық-нақты), мазмұндық-концептуальды, мазмұндық астарлы.
Мазмұндық-фактілі ақпаратқа шығарманың нақты лексика-фразеологиялық қабаты жатады. Ал мазмұндық концептуалды ақпар автордың қоғамдық өмір құбылыстарын өз бетінше саралауынан, түсінуінен, бағалауынан, оқырманға жеткізуінен көрінеді. Мазмұндық-астарлы ақпар мәтіндегі тілдік бірліктер тудыратын түрлі ассоциацияларға, коннотацияға негізделеді.
И.Р. Гальперин мазмұндық-астарлы ақпар (содержательно-подтекстовая информация) және подтекст терминдерін синоним ретінде қатар алып, мынадай анықтама береді: «мазмұндық-астарлы ақпар дегеніміз – тіл бірліктерінің ассоциативті және бағалаушы мағына тудыра алу қабілетіне, сондай-ақ күрделі фразалық тұтастыққа кіретін сөйлемдердің мәнін өзгертуқабілетіне орай мазмұндық нақты ақпардан алынатын жасырын ақпар» [43, 28]. Подтекст терминіне анықтама берушілердің пікірлері әртүрлі болғанымен олардың бәрі оны дерексіз, сөз арқылы вербалданбайтын, мәтіннің бүкіл өн бойынан оны тұтас оқып шыққанда ғана танылатын мән деп түсінеді. А.Әділованың пікірінше, астарлы ой – қаламгер тарапынан мәтінге салынғанмен, оқырманның мәтінді қабылдап, интерпретациялау нәтижесінде туындайтын шығарма мәні. Подтекст немесе мәтіннің астарлы ойы (мазмұндық-астарлы ақпар) лингвистикалық (горизонталь) және вертикаль контекст арқылы ашылады. Вертикал контекст терминін В.Я. Мыркин комуникативтік контекст аясында қарастырса, румын ғалымы Т.Салама-Казаку глобалды контекст, Г.В. Колшанский контекстер торшасы (сетка контекстов), И.Р. Гальперин тезаурус, З.И. Тураева пресуппозиция деп атауды ұсынады. Вертикаль контекст терминін ұсынған О.С. Ахманова мен Ю. Гюббенет «Вертикаль контекст – берілген әдеби туынды мен оның бөліктерінің тарихи филологиялық контексі деп түсіндіреді [44, 49].
Мәтіннің астарлы ойын ашатын лингвистикалық контекстпен вертикал контекст маркерлеріне тілдік бірліктердің жүйелілігі, қарама-қарсылығы, бір-біріне ықпал-әсері, мағына сыйымдылығы, сығымдылығы, тақырыптық-мағыналық ұйтқы сөздер тән болады. Мәтіннің концептуалдық категориясы (негізгі идеясы) мәтіндегі ақпардан, жекелген сөздер мен сөз тіркестерінің, мәтін құрамындағы түрлі бөліктердің мазмұнынан алынады.
«Мәтінде берілетін ақпарат иә эмпирикалық сипатта, деректік мәнде келуі мүмкін, иә теориялық сипатта концептуалды-болжамдық мәнде болуы мүмкін; ақпаратты қабылдау тәсілдері мен жолдарын түсіндіруге құрылған әдістемелік сипатта, моральдық-этикалық, эмоционалдық, бағалауыштық категориялармен байланысты эстетикалық сипатта; белгілі бір әрекетке жетелейтін нұсқаулық сипатта келуі мүмкін. Ақпаратты жеткізуде мәтіндер құбылыстың сапа-белгісін, қасиетін, оқиғаның өту сипатын анықтайды, оқиға мен оның өту процесін динамикалы түрде әңгімелейді. Мұндай мәтіндерде ой себеп-салдарлық және шартты-мерзімдік қатынасқа негізделеді» [44].
М.Маретбаеваның пікірінше, мәтіннің ақпараттық мазмұнын кеңейтудің екі жолы бар: интенсивті және экстенсивті. Интенсивті жолмен мәтіннің ақпараттық мазмұнын арттыруда мәтін көлемі азайтылады, бірақ аз көлемге көп мағына-мазмұн беріледі. Алайда мәтін көлемінің азаюы әрдайым оның ақпараттық мазмұнының кеңеюін көрсетпейді. Мәтіннің ақпараттық мазмұнын экстенсивті жолмен кеңейтуде ақпарат молынан беріледі. Осының нәтижесінде мәтіндегі сурет нақты әрі бөлшек-бөлшегімен (детализация) суреттеледі. Бұл суреттелініп отырған құбылысты терең тануға, оның сыртқы өмірмен қатынасы мен байланысын бақылауға әкеледі. Мәтін мазмұнын экстенсивті жолмен кеңейту мәтінге баяндалып отырған құбылыс, оқиғаны анықтайтын, нақтылайтын, түсіндіретін, бейнелейтін қосымша ақпараттар енгізу арқылы жүзеге асырылады.
Мәтіннің континуум категориясы әдебиеттануда – хронотоп –мекеншақ терминімен беріледі. Континуум – мәтіндегі уақыт пен кеңістік ұғымдарының көрінісі. Континуум – баяндаудың нақтылығы мен шындығын қамтамасыз ететін категория [44,89]. Көркем мәтіндегі континуум етістік семантикасынан байқалады.
Мәтінге тән категориялардың тағы біреуі – мәтін модальділігі. Бұл категория әрқашан дара, эксплицитті түрде көріне, беріле алмайды. «Фразалық модальділік грамматикалық немесе лексикалық құралдармен берілсе, мәтін модальділігін ерекше тәсілмен жұмсалған осы құралдармен қатар кейіпкерлер мінездемесі, айтылымдардың предикат және релятив бөліктерінің өзінше орналасуы, сентенциялар, нақыл сөздер, мәтіннің жекелеген бөліктерінің өзектенуі және т.б. көрсетеді [44,15].
Көркем мәтіндегі ретроспекция және проспекция категориялары уақыт және кеңістікпен тығыз байланысты. Зерттеушілер реткроспекция категориясының екі жағын көрсетеді: объективті және субъективті ретроспекция. Объективті ретроспекция автор тарапынан мәтіннің өзінде вербалды түрде беріледі, субъективті ретроспекция шығарманың мазмұнын толық түсіну үшін оқырман жадында қалып отырады. Ретроспекцияның тілдік рәсімделуі сан алуан болып келеді. Проспекция категориясы мәтінде баяндалып отырған оқиғадан соң не болатынына тілдік құралдар арқылы сілтеу жасайды. Оқырман оқиға қалай өрбитінін білгендіктен де, оның жай-жапсарын, себеп-салдарын толық түсінгуге ұмтылады. Проспекция көркем мәтіннің бәрінде үнемі көріне бермейді.
Мәтіннің тағы бір категориясы – бөлшектенушілік. Бұл категория комуникативтік, әрі прагматикалық ниеттен туындайды. Сондықтан екі жақты, яғни автор өзі баяндап, суреттеп отырған оқиға, құбылыстың жекелеген қырларына назар аудартып, олардың өзара байланыстарын көрсетуді және оқырманның сол алған ақпарды түсіну интерпретациялануына жеңілдік жасауды көздейді. И.Р. Гальперин мәтінді бөлшектеудің екі түрін көрсетеді: мәтіннің көлемді прагматикалық бөлшектеу. Мәтінді бұлайша бөлшектеу – тұтас шығарманың ең үлкен бөліктерінен бастап ең кіші бөліктеріне дейін қамтиды. Мәтінді бөлшектеудің екінші түрін контексті-вариативті түрі деп атайды. Оны құрайтын сөйлеу актілері қатарына автор сөзі, баяндау, табиғатты, кейіпкерлердің сыртқы келбетін, жай-күйін, жағдайын, оқиға орнын т.б. суреттеу, автордың пайымдауы, бөгде сөз, диалог, (авторлық ремаркалармен қоса), цитата, қосүнді сөз т.б. жатқызады [44].
В.А. Звегинцев «Предложение и его отношение к языку и речи» атты еңбегінде екі термин енгізеді – сөйлем және квазисөйлем. Сөйлем – белгілене алатын мәтіннің бөлшегі бола тұра оның құрамынан алынбайтын бөлшек болып табылады. Квазисөйлем – бұл нақты мағынаға ие емес абстракция, яғни, мәтіннен тыс сөйлем. В. А. Звегинцев пікірінше лингвистер бүгінгі күнге дейін квазисөйлемді зерттеді.
Сөйлем айтылымға тән бірлік болса, квазисөйлем – тілдік бірлік.
Сонымен, квазисөйлемнен үлкен, одан жоғары деңгей бар, ол – мәтін [45]. Егер мәтінді қарапайым сөйлемдер қатары деп есептесек, мәтіннің сипаттық ерекшелігі оның көлемі болады, яғни, сандық сипат. Осы пікірді И.Р. Гальперин де қолдайды. Ал тілдегі, мәтіндегі, айтылымдағы ақпар тұрғысынан қарағандағы сөйлемдер қатары мен мәтін – бұлар «көлемі жағынан ғана емес, деңгейлік иерархия жағынан да әр түрлі деңгейлерге жататын бірліктер» екенін көру қиын емес. Сөйлем мен мәтін қатыстығын қарастыра отырып, Л.Н. Мурзин мен А.С. Штерн «сөйлем мәтіннің конституенті және оның интегранты» деген қорытынды жасайды. Мәтінді деңгей жүйесіне енгізу ұқсас бірліктер аралығындағы қатынасты орнатуды талап етеді. Мәтін басқа мәтіндермен синтагматикалық және парадигматикалық қатынастарға түсуі қажет. Тұтас мәтінмен бірге оның бөлшектері де мәтін болып есептеледі. Олар бір бірімен синтагматикалық байланысқа түседі.
«Синтагмалық қатынас – бұл атау алғашқыда бір нәрселердің қосылуы, жалғасуы деген мағынаны білдірген. Қазіргі заман тіл білімінде тілдік элементтердің бір-біріне тіркесе жалғасуы дегенді білдіреді. Синтагмалық қатынасқа алдыңғысы кейінгісіне тіркесе, жалғаса айтылатын я жазылатын элементтер байланысы жатады.
Тілдік түлғалар байланыстары ішінде синтагмалық қатынастың мәні ерекше. Тіл өзінің қатынас құралындық қызметін элементтердің синтагмалық қатынасы, байланысы арқылы атқара алады. Сөйлеу сөйлеу процестері кезеңінде тілдік тұлғалардың бір-біріне тіркесе, жалғаса байланыстары нөтижесінде іске асады. Синтагмалық қатынас элементтер байланыстарының ең алғашқысы. Синтагмалық қатынасқа жататын бір тектес тұлғалар: морфема мен морфема, сөз бен сөз (үй-шік, от-ағасы, қоралы қой). Құрылымы, мағынасы, қызметі жақтарынан әр тектес болып келетін тұлғалар синтагмалық байланысқа келе алмайды. Мысалы: дыбыс пен морфема, сөз бен сөйлем т.б.» [45].
Тіл жүйесіндегі синтагмалардың, синтагмалық қатынастардың негізінде тіл жүйесін зерттеудің негізгі аспектілерінің бірі синтагматика қалыптасқан. Синтагматиканың қарастыратыны — жүйелі түрде орналасқан тілдік түлғалардың сөйлеу процесінде (немесе мәнін құрастыруда) бір-бірімен тікелей байланысқа түсіп тіркесуінен туатын синтагмалық қатынастарды талдап зерттеу. Синтагматика парадигматикаға қарама-қарсы қойылып қарастырылады, өйткені ол тілдің бір мезгілдік деңгейіндегі күйін, яғни тарихына бармай, оның көлденең (горизонталь) бағытта байланысатын күйін зерттейді.
Грек тілінен ауысқан бұл атау мысал, үлгі деген мағынаны білдірген. Қазір де ол — бір тектес элементтердің тобы, класы деген мағынаны білдіреді. Парадигмалық топ құрамына енетіндер — мағыналық, құрылымдық жақтарынан бірыңғай болып келетін тұлғалар. Мысалы, септік жалғаулар парадигмасы, фонемалар парадигмасы т.б. Парадигмалық топ құрамына, класына өзара синтагмалық қатынасқа келе алатын тұлғалар енеді.
Тіл жүйесіндегі парадигмалардың, парадигмалық қатынастардың негізінде тіл жүйесін зерттеудің негізгі аспектілерінің бірі парадигматика қалыптасқан; Парадигматиканың қарастыратыны — парадигмалық қатынастардың құрылымын, топтарын, жіктелуін, қызметін зерттеп анықтау. Парадигматика синтагматикаға қарама-қарсы қойылып қарастырылады, өйткені ол тілдің бір мезгілдік емес, әр мезгілдік күйін, яғни ассоциациялық қалпын, тіл элементтерінің тік бағытта (вертикаль) байланысуын зерттейді [45].
Мәтіндер бір бірімен ұқсастық, яғни парадигматикалық жағынан да байланысады. Мәтіндер ауызша әңгімелеу немесе түрлендіру барысындағыдай ауыспалы болуы да мүмкін. Мәтіннің кез келген өңделуі, мысалы, екіншілік жанрлар мәтіндерін (аңдатпалар, пікірлер және т.б.) өндіру барысында бастапқы мәтінмен парадигматикалық қатынасқа түседі. Мәтін мен оның атауы да парадигматикалық қатынаста болады. Бірақ аталған синтагматикалық және парадигматикалық қатынастар сөйлем арасында немесе басқа да тілдік деңгейлерде көрінетін айырмашылықтарды мәтін арасындағы нақтылық сияқты ашық көрсетпейді. Бұл ең жоғары деңгейдегі бірлік ретінде, мәтінге қатысты азғантай нақтылықты Л.Н. Мурзин мен А.С. Штерн жалпы заңдылық деп түсіндіреді: «деңгей қаншалықты төмен болса, синтагматикалық және парадигматикалық қатынастар соншалықты қатаң болады». Сонымен қоса аталған қатынастардың болуы - тілдің мәтіннен де жоғары деңгейі бар екендігінің дәлелі. Мәтін деңгейінде бірліктер саны, нақты айтқанда, шексіз болады және синтагматикалық, парадигматикалық қатынастар алдын ала белгіленіп, берілмейді. Олар ағымдағы жағдайлар ықпалымен құрастырылып, бұл жағдайлар өзгеріске ұшыраса, мәтін деңгейінде жаңадан құрылатындай еркіндікке ие болады.
Мәтін және оның тілдік сипаты, құрылымдық ерекшеліктері, мәтінге тән категориялар орыс тіл білімінде біршама толық зерттеліп, бір жүйеге түсірілген. Алайда орыс тіл білімінде де мәтінге қатысты түрлі көзқарастар жүйесі орын алады. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, тілдің жоғары деңгейі мәтін емес мәдениет болып табылады. Ю.М. Лотманның айтуы бойынша «мәдениет мәтіндер арқылы іске асады және онда заттанады» [45,4]. Бірақ мәдениет мәтінге ғана емес, социумға да байланысты болады. Ол көптеген семиотикалық жүйелерге «байланған» және олардың ауыспалы болуынан мәтіннің бір бөлшегі жоғалуы мүмкін.
Деңгейлік теорияға сай мәтін:
а) қабылдауға келеді;
б) интермәтінді;
в) қол жеткізерлік;
г) грамматикалық тұрғыдан түзу [45].
Байласымдылық пен тұтастықты салыстырған кезде бұл қасиеттер қосалқы сияқты көрінеді. А.А. Леонтьевтің айтуынша, мәтіннің тұтастығы мен байласымы өзінің психологиялық табиғатына қарай түрлі болып келеді: тұтастық психолингвистикалық сипатқа, байласым лингвистикалық сипатқа жатады. Мәтін белгілі бір жанрдың бүтін тілдесім туындысы немесе функционалдық стиль ретінде, яғни әлеуметтік-тілдесім, көркемдік, функционалдық аспектілерінде бүтін мәтін 60-шы және 70-шы жылдары ғана лингвистиканың негізгі объектілерінің бірі болды. Бұл кезде зерттеушілер назары бүтін мәтінге тоқталған еді. Мәтін лингвистикасының дамуына тіл білімінің коммуникация теориясы, әлеуметтік лингвистика психолингвистика сияқты салалардың ықпалы күшті болды [46].
Мәтін құрылымының негізгі категориялары – бұл мазмұн және форма категориялары. Біріншісі, өз алдына, екі түсініктен тұрады: тақырып және нақты мазмұны. Мазмұны – тақырыпты ашу үшін тілдік талдауға түсетін материалдар – фактілер мен құбылыстар. «Мазмұн» және «тақырып» деген ұғымдардың ара қатынасы тілдің әр саласында және мәтіннің түрлі типтерінде өзгеріп отыратынын айта кету керек. Тақырып, әдетте, еңбектің (немесе құжаттың) ең басында немесе типті атауында тұжырымдалады. Мәтін қаншалықты жалпы халық тіліне жақын болса, соншалық бұл ара қатынастар күрделі болады. Ғылыми мақаланың атын оқи сала, біз бұл мақаланың қандай мәселеге арналғанын, мұнда әңгіме не жайында болатынын ұға аламыз. Көркем туындының тақырыбы туралы бұлай айта алмаймыз. Мұнда көбінесе тақырып аты мен мазмұн ара қатынасы күрделі болып келеді.
Сонымен, тақырып - бұл автордың құбылысқа қатынасын өз шығармасында зерттеу үшін, көрсету үшін сұраптап алған басты ойы немесе ой жиынтығы.
Форма категориясы негізгі екі ұғымды қарастырады – «композиция» және «тіл». Тақырып пен мазмұн сияқты композиция мен тіл де өзара тығыз және белсенді қатынаста болады. Соның нәтижесінде жаңа екі ұғым пайда болады, «тақырып» пен «мазмұнның» қатынасының нәтижесінен – идея; «тақырып» және «комопозицияның» қатынасының нәтижесінен – сюжет; «композиция» және «тіл» ұғымының қатынастарынан – тәсіл анықталады. Барлық ұғымдардың қатынастары жалпы нәтиже – мәтіннің құрылымын жасайды. Мәтіннің стилистикалық талдауы осы құрылымға негізделеді.
Мәтінді стилистикалық талдау оның бір ғана компоненті – мазмұн немесе тіліне емес, олардың ара қатынасына бағытталады.
Көркем мәтін тілін - тіл стилистикасы; тақырып, сюжетін, композициясын – поэтика; тәсілін – мәтін стилистикасы зерттейді. Сөз стилистикасы бұл компоненттердің ара қатынасын, мәтіннің жалпы құрылымын зерттейді.
Сонымен қатар, мәтіннің жалпы құрылымдық ерекшеліктерін талдауда, тақырып және идея маңызды орын алады. Өйткені көркем мәтіннің стильдік ерекшеліктері шығарма тақырыбы және идеясымен астасып, оның образдылығын күшейтіп тұруы қажет.
Көркем әдебиет мәтініне жақын келетін мәтін көркем публицистика. Мәтін әдебиет пен публицистикадан анағұрлым алшақ болып, ресми салаға немесе ғылыми қатынасқа жақын болған сайын, сөздің қолданысы соғұрлым байсалды да қарапайым және нақты болып келеді. Бірақ көркем әдебиетке тән стилистикалық ерекшеліктер мүлде жойылып кетпейді.
Соңғы жылдары мәтін лингвистикасының зерттелуі әлемдік лингвистикада да жалғасуда және мәтіннің тілдік табиғатын зерделеген бірқатар еңбектер жарық көрді. Г.Г. Москальчук мәтіннің құрастырылуына, яғни мәтін түзушілікке назар аударады. Ол: «Адам белгілі бір ақпаратты беру мақсатымен реттеген, сөйлемдер (айтылған пікір) бірізділігі мәтін болып табылады» [46, 21] -деп жазады. Мәтін құрылымының градациалық моделдер жүйесін талдай отырып: «Мәтін – көп өлшемдік құрылым, ондағы жазушы пайдаланатын барлық құралдар жалпы ойды эмоционалды түрде ашуға бағытталған» деп көрсетеді. Әр мәтіннің өзіндік синтаксистік-логикалық жобасы бар, оның компоненттері тұтастық форма ішінде ашылады. Н.Ф. Алефиренконың мәтінге берген анықтамасы бойынша: «Мәтін – бұл тұтасқан, коммуникативті құрылым, оның компоненттері автордың коммуникативті интенциясымен ұйымдастырылып, иерархиялық семантикалық құрылымға бірлескен» [46, 24].
Осылайша, бір қатар зерттеушілер мәтінді тілдік форма мен мазмұнның мағыналық өзіндік бірлестігі мен өзіндік заңдылығы бойынша құрастырылған ерекше бірліктер ретінде қарастырады. Мәтінді белгілі бір ақпараты бар, коммуникация барысына қатысатын, күрделі құрамды белгілер құрылымы ретінде қарастыру қалыптасқан. Осы орайда мәтін байланыстылық және бүтіндік (тұтастық) сияқты сапалық белгілерге ие болуы қажет. И.И. Ковтунова: «бүгінгі ғылым шешуін қарастырып жатқан, мәтін құрылымының күрделі мәселелерінің бірі
Байласымдылық және тұтастықсыз мәтін коммуникациясының болуы мүмкін емес. Кез келген байланыссыз компоненттер бірлесуінің лингвистикалық нысан – мәтін рөлін атқаруға мүмкіндігі болмайды. «Мәтін» ұғымының түсінігіне деген көзқарастардың көп болғанымен, зерттеушілер мәтін байласымын оның тіл бірлігі ретінде қызметі мен құрылуын қамтамасыз ететін ең негізгі сипаттамасы ретінде қарастырады. Мәтіннің байласымдылық қасиетін анықтау үшін оған мағыналық талдау жасау қажет. Анықталған байланыс құралдарының түрлері сан алуан болып келеді және сарапталуы да әр түрлі. К. Кожевникова мәтіннің байласымдылық аспектісін мағыналық тұрғыдан қарастырады:
1) байласымдылық тілдесім арқылы жасалып, берілетін екі немесе одан да көп фактілер мен құбылыстардағы жалпы ұқсастықтың болуы;
2) байласымдылық тілдесім арқылы жасалып, берілетін фактілер, құбылыстар бірлестігінің мағыналық тұрғыдан бір тұтастық шеңберіне бірігуі. Мәтін байласымының мәні бір тақырып туралы ақпаратты мәтіннің бір бөлшегінен екінші бөлшегіне беріліп отыруында дейді. Оның ойынша, байланыстылық ұстанымдарын жасау түрлі болып келеді: ол семантикалық ассоциация ұстанымы, уақытша немесе каузативті қатынастар ұстанымы арқылы, рекурренция ұстанымдары арқылы жасалады [47].
Байласымдылық мәтін сипаттарының бөлінбес бір бөлігі екенін ескере отырып, В.А. Бухбиндер мен Е.Д. Розанов: «Мәтін байланыстылығы бірнеше факторлардың әрекеттесуінен туындайтын нәтиже. Бұл, алдымен шынайы болмыс құбылыстары мен оның даму динамикасы арасындағы қатыстылықты білдіретін, баяндау барысындағы логика; бұл, фонетикалық, лексика-семантикалық және грамматикалық тілдік құралдардың ерекше ұйымдастырылуы және олардың функционалды – стилистикалық жүктемесін ескеру; бұл коммуникативтік бағыт – осы мәтіннің шығуына ықпал еткен мақсаттар мен уәжділікке, талаптарға сай болуы; бұл композициалық құрылым – мазмұнын шығаруға ықпал ететін, бөлшектердің мөлшерге, бірізділікке сай болуы; соңында мәтін мазмұнының өзі, оның мағынасы. Осы аталып өткен факторлар бір тұтастыққа үйлесіп, мәтіннің байласымын қамтамасыз етеді» [47]. М.П. Котюрова тілдесімнің байланыстылығын «тілдесімнің логикалық, мағыналық, композициалық аспектілерін қамтып, функционалды-семантикалық категория ретінде мағына элементтерінің лексика-грамматикалық және функционалдық – синтаксистік құралдар арқылы баяндау логикасымен байланысын білдіреді» [47] – деп түсінеді. Байласымдылықты зерттеу дәстүрі осы құбылыстың механизмдерін фразадан тыс бірліктер ішінен, фразааралық семантикалық байланыстарды талдау негізінде анықтаудан басталды. Байласымдылық мәселелеріне қатысты кейбір әдістер мен ұғымның түсінігі туралы көзқарастардың түрлі болып келуіне қарамастан, байланыстылық мәтіннің лингвистикалық, функционалды-семантикалық категориясы ретінде оның негізгі қасиеті болып табылады. Ол тілдің барлық деңгейіндегі бірліктер жүйесін пайдалану арқылы мәтін сөйлемдерінің ақпараттық-логикалық бірізділігін білдіреді. Олар осы категорияны іске асыру әдістері мен оны білдіру құралдарының әрекеті ретінде қарастырылады. Осы байланыстылықтың арқысанда сөйлемдердің қарапайым бірізділігі мәтінге айналады. Қазіргі лингвистикада мәтін байласымын білдіру үшін когезия (ағылшын тілінен cohesion – ілінісу) деген термин қолданылады. И.Р. Гальперин анықтамасы бойынша «когезия – континуумды, яғни, логикалық бірізділікті (темпоралдық немесе кеңістіктік) бөлек хабарламалардың, фактілердің, қимылдардың әрекеттесуін қамтитын, байланыстылықтың ерекше түрі» [47].
Лингвистикада байласымдылықты зерттеу мәтін тұтастығын зерттеумен тығыз байланысты, өйткені мәтіннің дәл осы қасиеттері оның интеграциялығын қамтиды. Тұтастық мәтіннің жетекші категориясы, өйткені ол оның коммуникациялық құралы болып табылады. Ол тақырыптық, концептуалдық, модальдік тұрғысынан ескеріледі. Мағыналық тұтастық тақырып бірлігімен қамтылады. Тақырып бірлігі кілт сөздердің, синонимдер, қайталанатын номинациялар, құрылымның синтаксистік параллелизмдері арқылы аракідік қайталанып отыруымен белгіленеді. Барлық гуманитарлық-философиялық ойлаудың бастапқы болмысы мәтін болып табылады және ол осы пәндердің бастамасы бола тұрып нағыз шынайы болмыстың өзі болады. Кеңес одағының ғалымы М. М. Бахтин айтып кеткен бұл ой тіл білімінің мәтін лингвистикасы деп аталатын жаңа саласының бағдарламасы болды. Бұл оймен белгілі неміс зерттеушісі 3.И.Шмидт те келіседі, ол мәтін алғашқы мағлұмат (данность), базалық категория деп жазған. Мәтінді лингвистикалық зерттеулердің альфа және омегасы деген пікірлерді қазіргі көптеген зерттеушілердің еңбектерінен кездестіруге болады. Олар тілдің негізгі бірлігін сөз емес, сөйлем емес мәтін деп есептейді. Мәтін (сөйлем емес) ең жоғарғы тәуелсіз тілдік бірлесім болып табылады.
«Мәтін байласымы – оны құрастыруға ықпал етуші маңызды категория. Мәтін көпқабатты құбылыс, ол мәтіннің семантикалық, лексика-грамматикалық, бейнелі, прагматикалық негізгі деңгейіне сәйкес келетін мәтінішілік байланысты таңдауға да ықпал етеді. Мәтіннің күрделі табиғатына байланысты мәтінтүзуші тілдік бірліктер фонемадан сөйлемге дейін жүйелі сабақтастықта қызмет көрсетеді. Олай болса, мәтін – сөз, сөз тіркесі, сөйлем сияқты тілдік бірліктердің ұйымдасқан жоғары формасы» [47,18].
Бүгінгі күні мәтін лингвистикасы ғылымның жаңа саласы ретінде өз аясына түрлі бағыттағы ғалымдардың назарын шоғырландыруда. Соңғы он жылдық барысында отандық және шетел тіл білімінде қарқынды даму алған бұл ой, трюизм пікір ретінде қабылданады. Мәтін лингвистикасына арналған көптеген монографиялар мен мақалалар жарық көріп, оқу құралдары жазылды, конференциалар мен симпозиумдар өткізілді.
Мәтін теориясы саласында қажырлы да жемісті еңбек етіп жүрген неміс лингвисті П. Хартманн қазіргі кезде мәтінді зерттеуге бағытталған лингвистика бар екенін атап өтеді. Лингвистиканың бұл саласы тілдік зерттеулердің ең жемісті де озық тәжірибесі болып табылады. Ол лингвистика мүддесі аясын кеңітіп, бұрынғы, жаңарған, жаңа, озық деген, барлық лингвистикалық идеялар кіретін жаңа сала ашады.
Мәтінді зерттеуге деген қызығушылық бүгінгі тіл білімі тұрғысынан, тілді ғаламдық құбылыс ретінде, коммуникацияның бүтіндік құралы ретінде түсіндіруге ұмтылу, мәтін арқылы іске асатын адамның түрлі қызметтерінің тілмен байланысын терең зерттеуге ұмтылыс ретінде түсіндіріледі. Бұл қызығушылық мәтін арқылы әрқашан қозғалыста болатын, сан қырлы тіл болмысын меңгеруге деген ұмтылыс ретінде де, сөйлемнен гөрі ұзағырақ тілдік бірліктер арқылы, қозғалыста ғана мәні ашылатын заңдылықтарын меңгеру арқылы түсіндіруге де болады. Бұл орайда зерттеу нысаны болып, тілдің негізгі қызметі – мәтін жасау қызметі. Мәтін лингвистикасы – адам коммуникациясы талаптары мен мәні, ұйымдастыру алғышарттары туралы ғылым. Мәтінді қарқынды зерттеу тіл лингвистикасынан тілдесім лингвистикасына көшуді көздеп, коммуникация актісіне деген назардың күшеюіне ықпал етеді. Байласымды мәтінді зерттеу идеясы түрлі структурализм мектептерінің өкілдері ұсынған, «атомизм» түсінігінің орнына және соңғы тілдік бірліктерді зерттеудің сараптаушылық (таксономикалық) әдісінің орындарына шыққан идея. Құрылымдық лингвистика идеясы ұсынған бірқатар құбылыстардың жобаға сай келмеуі құрылымдық лингвистика негізінің құлдырауына әкеліп соқты. Структурализмдер тілдесім ағымын соңғы (дискреттік) бірліктерге және оның сарапталуына бөліп қарастырды. Фонология мен морфологияны біржақты қарастыру, мағынаға жете мән бермеу, олардың мектептерінің біреуі де тілдің толыққанды теориясын беруге мүмкіндіктері болмады. Олардың барлығын антименталды деп біріктіруге болады. Мәтін деген көпжоспарлы жүйені сипаттау, түбегейлі жаңа талдау әдістері мен түсінік жүйелерінің келуін болжап, тіл білімінің бұрын ашқан жаңалықтарын пайдалануды меңзейді. Мәтін лингвистикасының ғылым ретінде қалыптасуы бүгінгі филология ғылымының даму жолымен ескерілді. Отандық ғылымда жоғарыда аталып өткен антименталды үрдістер болмаған. Кеңес одағы кезеңіндегі тіл білімінде тіл теориясының мағыналық аспектісі жан-жақты өңделген болатын. В. В. Виноградов, Л.В. Щерба, И.И. Мещанинов, В.М. Жирмунский, Б.А. Ларин, С.Д. Кацнельсон т.б. ғалымдардың еңбектерінде тіл тәжірибе жүзіндегі шынайы сана ретінде қарастырылды, тілдің ойлау қабілетімен, мәдениетпен, психологиялық әрекеттерімен байланысын қарастырды. Отандық ғылымда тіл білімінің мәдениеттанумен, психологиямен, семиотикамен, логикамен тығыз байланысы орын алады.
Байласымды мәтін ұғымы айтылым (высказывание), дескриптивист пікірлері теориясынан және Л.В. Щербаның тілдік материал ұғымының үш түрлі теориясынан бастау алады.
Мәтін анықтамасының көптеген түрі бар, олардың көп болуы «мәтін» табиғатын және оның мағынасының түсіндірудегі зерттеу әдістемелерінің әртүрлілігіне байланысты. Мәтінге беріліп жүрген түрлі анықтамаларды қарастыра келіп, біз мәтінді – күрделі синтаксистік тұтастық немесе фразадан тыс бірлік деп аталатын, өзіндік бірліктері бар тіл мен сөйлеудің (ауызша және жазбаша) ерекше деңгейдегі құрылымы деген қорытындыға келеміз. Күрделі синтаксистік тұтастық зерттеушілердің анықтамалары бойынша бір бірімен мағыналық жағынан және синтаксистік жағынан да тығыз байланыста болатын, бірнеше сөйлемдер топтамасы. Жеке сөйлемдерге қарағанда ойдың толық дамуымен ерекшеленеді. Күрделі синтаксистік тұтастық мағыналық бүтіндікке, ішкі элементтер (сөйлемдер) байланыстылығына ие микромәтін болып табылады. Кей жағдайда оның шекарасы абзацпен сәйкес келуі мүмкін, бірақ оларды бір ұғым ретінде қарастыруға болмайды. Сонымен қатар бұлар әр түрлі қызмет атқарады. Абзац зерттеушілердің пікірінше, мәтіннің композициялық-стилистикалық бірлігі деп танылса, күрделі синтаксистік тұтастық – құрылымдық-семантикалық бірлік болып табылады. Г.Я. Солганик немесе И.Р. Гальперин еңбектерінде көрсетілгендей, мәтін міндетті түрде, қалдықсыз күрделі синтаксистік тұтастыққа жіктелуі қажет еместігін атап өту керек. Күрделі синтаксистік тұтастық функционалдық және прагматикалық қызметі жеке сөйлемдерге қарағанда өзгеше. Мәтінде фразадан тыс бірлік автор өз ойын білдіргісі келген кезде ғана емес, оны автор ойын толығырақ жеткізгісі келіп, оқырман дұрыс түсінсін деген ниетпен пайдаланады. Мәтіннің дербестену категориясын талдай отырып, автор интенциясын толық түсіну үшін мәтін құрастыру барысында күрделі синтаксистік тұтастықтарға мән беру қажет.
Ғалымдардың көпшілігі категорияны құрылым және семантика деңгейінде белгілейді, яғни оларды құрылымдық және мазмұндық деп бөледі (И.Р. Гальперин, З.Я. Тураева, тағы басқалар). Құрылымдық категорияларды формалды немесе тілдік категорияның жалғасы, оны толықтырушы ретінде және оларды бірлесімдегі тұтастық деп қарастырады (В. Дресслер мен Р. Богранд), бұл жағдай әр уақытта мәтінге ғана тән категорияларды анықтауға мүмкіндік бере бермейді. Бірқатар ғалымдар мәтін категориясын функционалды-семантикалық категориялар үрдісіне сүйеніп белгілейді (Т. Глушак және С. Семенова). Бұл жерде олар тілді екі ұшты мағынаға әкелуі мүмкін болатын, тілдесім (речевая) әрекеті мен жүйе ретінде кең ауқымда түсінеді. (тіл мен тілдесім деп дәстүр бойынша жіктеумен салыстырғанда). З. Тураева мен М. Кожина, Т. Матвеева, А. Баранованың еңбектерінде функционалдық-семантикалық категориялардың жаңа түсінігі қарастырылады. М. Кожина функционалды-семантика-стилистикалық категорияларды белгілейді. Функционалды-семантикалық категорияларға қарағанда олар тілге ғана жатпайды және өз маңыздылығын мәтінде, яғни тілдесім әрекетінің соңғы нәтижесінде ғана алады. Мәтін деңгейінде функционалды-семантикалық категориялар мен басқа да тілдік жүйелер қайта ұғынылады: семантикалық, функционалды-коммуникативтік аумақ мен тақырыптық топтар. Бұлардың барлығы А. Барановтың атап өткен, тілдік аумақтың мәтінде жүзеге асуы функционалдық-прагматикалық шеңбермен корреляциаланады. Бірақ мәтін аймағы тілдік аймақпен кейбір қатынастарға түскенімен мәтіндерге ғана тән ерекше аймақ жасап оларға сай келе бермейді. Осылайша қазіргі кезде, біздің ойымызша, мәтін қызметі мен табиғатын сипаттауға аймақтық құрылымы бар біршама релевантты категориялар жатады. Мәтіндік категориялар әлі көпшілікке танымал болған және ешқандай күмән келтірмейтін деңгейге жете қойған жоқ. Бірақ біздің ойымызша, олардың арасындағы ең маңыздысы: дербестік, тақырыптылық, логикалылық, үндестілік, бағалауыштық, темпоралдық, шоғырлық категориялары. Бұлардың ішіне жеке типтер енуі немесе олармен қиылысуы мүмкін. Басқа мәтіндік категориялар жүйесінде дербестік категориясын зерделеу мәтіндер категориясы иерархиясында дербестік категориясы басты орынға ие екендігі жөнінде, сондай-ақ модальдылық пен темпоральдық, бірізділік, тағы басқа осы сияқты категориялардың бастау алу көзі екендігі жөнінде қорытынды жасауға болады. Ол негізгі мәтін түзуші категория болып табылады Егер мәтіндік категория мәтіндік деңгейінде көрінетін категория болса, мәтін түзуші категория мәтінді құрауға қатысатын категория болады. Мәтіндік категория үнемі мәтін түзуші қызмет атқара бермейді және ол міндетті де емес. Ал мәтін түзуші категория үнемі мәтіндік категория болып табылады. Барлық мәтіндік категорияларды мәтін түзуші және мәтін түзуші емес деп бөліп қарастыруға болады. Біріншілерге дербестілік, темпоралдылық, шоғырлылық, байланыстылық, модальдылық, және т.б. жатады, ал екіншісіне – сыпайылық, сан-сапалық, себеп-салдарлық және т.б. жатады. Біз дербестілік категориясын мәтіндік категориясы ретінде ғана қарастырмаймыз. Дербестік категориясын екі түрлі деңгейде зерттеуге болады (екі түрлі сипаттамада): морфологиялық және мәтіндік. Дербестіктің морфологиялық категориясы А.В. Бондарко еңбегінде [47] сипатталған, ол орыс тіліндегі жалғауларға негізделіп, ағылшын тілінде етістіктер жіктелуінің флексиясында орын алады(осы шақтың үшінші жағы, жекеше түрі), «быть» етістігі парадигмасының супплетивтік формасы, есімдіктердің жіктік және тәуелдік формалары, және мағынасында дербестілік белгілері бар сөздер. Оларды сөйлем деңгейіндегі категориялар деп атауға болады.
Мәтіндегі дербестік категориясы грамматикалық және лексикалық құралдар арқылы жасалады. Оған сөйлемнен де үлкен бірліктер енеді және ол күрделі синтаксистік тұтастық ұғымымен тығыз байланысты. Ал дербестіктің мәтіндік категориясы үшін тілдесім шығармашылығына сөйлеуші позициясы және оның бсқа сөйлеушілердің баяндау жоспарларымен әрекетке түсе алатын, баяндау жоспары ең маңызды болып есептеледі. Олардың барлығы бір автордың ойына бағынады, соған сай шығармалар жасалып, оқырмандардың мәтінді қабылдауы модельденеді. Дербестікті мәтін түзуші категория ретінде алғанда зерттеушілер еңбегінде көбінесе «автор бейнесі» категориясы ретінде қарастырылады. Автор бейнесі деп, шығарманың ұйымдастырушылық күшін айтамыз, ол мәтін бөлшектерін біртұтас жүйеге біріктіріп, біртұтас көзқарасқа негізделеді. Біздің пікірімше, «дербестік категориясы» мен «автор бейнесі» ұғымдары тең келеді. Модальдылықты дербестіктің ұғымының құрамдасы ретінде қарастырамыз. Модальдылық - сөйлеушінің айтылған пікірі мазмұнына деген көзқарасы білінетін және айтылған пікірдің шынайы болмысқа (хабарланып тұрған ақпараттың шынайылыққа жанасуы) деген қатысын білдіретін, ұғымдық категория. Субъектілік модальдылық, яғни сөйлеушінің өз айтқандарына деген көзқарасы негізінде мәтін мен мәтіннің дербестік категориясы қалыптастырылады. Авторлық модальдылықты авторлық интенцияның жүзеге асуы деуге болады. Авторлық модальдылық категориясы автордың коммуникативтік интенциясы мен мәтін модальдылығы категориясын жүзеге асырады. Яғни, автор модальдылығы мәтін модальдылығын жүзеге асыратын, модальдылық жоспарлар арасындағы қатынастар жүйесін анықтайды.
Дербестік категориясын білдіретін, жалпы лексика-семантикалық құралдарына жататындар: эпитеттер, ассоциативті бейнелі салыстырулар, эмоционалды-экспрессивті лексика, антропоморфизмдар, сөздердің коннотативті мағыналары, «автор сөзі» (автордың пікірлері). Сонымен, пікірдің бағалауыш-экспрессивтілігін қалыптастыру үшін жазушы эпитет ретінде сын есімдерді пайдаланады. Эпитет – бұл, стилистикалық троп, ол құбылыстың немесе заттың сипатын бейнелі, айшықты, эмоционалы түрде анықтайтын құрал. Көркем мәтін ішінде кездескенде бейнелілік сипат біршама қарапайым анықтамаларға тап болуы мүмкін: осылайша автор белгілі бір эмоционалдық әсерді жүзеге асырып, көркем мәтіннің негізгі мақсатына жетеді. «Автор сөзі» көркем туындының тілдік арқауын құрудың күрделі саласы болып табылады. Алайда автор өзінің кейіпкермен «таныстығын» жанама түрде білдіре алады (осының нәтижесінде автор сөзі бейнеленген адам сөздерімен қосылып кетеді) немесе бөлек кейіпкер ретінде де орын алуы мүмкін, бұл жағдайда оның айтқан сөздерінде аузекілік реңк пайда болады. Көркем мәтіндердегі антропоморфизмдер автор модальдылығы аясын қалыптастырады, сондай-ақ, іс-қимыл етістіктерін пайдалану нәтижесінде жеке кейіпкер бейнесіне де ие болады. Антропоморфтық кейіпкерлер санасында заттар мен адамдардың сипатталу элементі болып табылады, сонымен қоса шығармадағы қойылған мәселе бойынша автордың пікірін нығайтады. Автор модальдылығы мен антропоморфизмдердің әрекеттесуі нәтижесінде кейіпкер өміріндегі автордың ойы бойынша жасалған фактілер мен құбылыстар бейнелік тұрғыдан қайта ұғынылады.
Мәтіндегі баяндаудың субъективтенуіне эмоционалдық-экспрессивті лексика ықпал етеді. Эмоционалдылықтың негізгі қызметі тілден тыс болмыс объектілерінің сезімдік бағалауы болып табылады, ал экспрессивтілік деп, тыңдаушыға айтылған пікірдің әсерлілігін, айшықтығын, оның эстетикалық сипатын ескере отырып, мақсатты түрде ықпал етуін айтамыз. Экспрессивтілік – белгілі адресатқа бағытталған категория, яғни прагматикалық мәні бар. Эмоционалды-экспрессивті лексика арқылы автор кейіпкерлерге деген көзқарасын білдіре отырып, оған оқырмандардың мінездемесін қалыптастыруға ықпал етеді. Осылайша, жазушының кейіпкерлер мінез-құлықтарына деген құптарлық немесе жақтырмаушылық көзқарасы белгілі болады. Көркем мәтіндеріндегі дербестік категориясы кейіпкерлердің портреттік мінездемесін сипаттау барысында анық көрінеді, осы орайда «автор көзімен» деген әдіс сыртқы бейнені сипаттауда пайдаланылады. Автор көзқарасын білдіруде эпитеттер маңызды рөл атқарады. Солардың көмегімен оқырман қабылдайтын көркемдік бейне жасалды. Көркем мәтіндегі дербестік категориясын білдіретін грамматикалық құрал – одағай, парцелляцияланған құрылымдар. Одағайлар модальдылық мағынасын, болмысқа деген көзқарасын, шынайылық және ирреалдық модальдылық мағынасын, адамдардың толғаныс сезімдерін білдіретін, сөйлеудің эмоционалды-этикеттік жағын білдіріп, көрсете алады. Одағайлар объектілі-субъектілі модальдылық мағыналардың эмоционалды-реңкті күшеюін көрсете алады; таң қалу, сөгу, өкіну жақтырмау, болжау, сену; күдіктену, сенімсіздену, белгісіздік, т.б. мағыналарын білдіре алады. Олар әр түрлі эмоцияларды білдіреді. «Оһ» бұл жерде таң қалуды білдірсе, (қорқуды, ауырсынуды, т.б. білдіре алады), «аһ» ләззаттануды білдіреді (бұл қайғылану, таң қалу, аяушылық т.б. да білдіруі мүмкін). Автордың қалауы бойынша, бір одағай әр түрлі реңктегі мағыналарды білдіре алады. Авторлық баяндаудың псевдоавторлық аясына енудің көрсеткіші ретінде қыстырма сөздер, сөйлемдер алынады [47].
Дербестік категориясын білдіретін құралдарды талдау көркем мәтіннің прагматикалық аспектісін ескеру керектігін көрсетті. Мұнда нақты вербалды түрде берілген мәтінге ғана емес, субъект жөніндегі жалпы ақпаратқа, оның ниеті мен қарым-қатынас жағдайларына, мақсаттарына баса назар аударылады. Прагматикалық аспектіде дербестік категориясын қарастыру барысында сөйлеушінің тілдесім әрекеті нәтижесінде пайда болған мәтін ғана ескерілмейді, мұнда назарға сөйлеуші мен оның айтқан пікірлері алынады. Дербестік категориясын білдіретін құралдар біршама прагматикалық мүмкіндіктерге ие. Осы орайда, мәтіндік фрагменттерді зерттеу барысында белгілі болғандай осы құралдардың маңызды сипаттамалары; олардың бағалауыштығы, бейнелілігі, ақпараттылығы. Лингвистикалық талдаудың антропоцентристік деп аталатын парадигмасы, қазіргі кезде жаңа субъектілі центристік әдіспен толықтырылған, ал лингвистикалық дискрипция орталығына абстрактілі тілдік тұлға қойылмайды дискурстың, мәтіннің, нақты бір коммуникация субъектісі қойылады. Субъектоцентризм (субъектіні өзектілендіру) деп субъектінің өз ой-өрісін, руханилық тұрғысынан көркем баяндау арқылы абсолюттендіру деп түсінеміз. Субъектоценнтризм көркем мәтінді тұлға ретінде түсінудің негізгі талабы болып табылады. Ол мәтіннің барлық бейнелік жүйесін ұйымдастырады, туындының жалпы көркемдік-стилистикалық маңызын жүзеге асырады, ондағы авторлық тактиканың пайдалануын белгілейді. Осылайша, субъектоценнтризм көркем мәтінді анықтайтын аспекті болып табылады және мәтін дербестігі категориясының тілдесім талабы ретіндегі репрезентациясы. Көркем мәтіндегі автор позициясы қандай формада берілсе де, мәтін «артында» тұрған мәтінтүзуші - автор өзі жасаған көркемдік әлемге қатысты «барлығын білуші» болып, жанама түрде сөйлей алу қасиетіне де ие болады. Авторлық дискурстың жалпы диалогтық стратегиясы белгілі бір тілдесім тактикалары арқылы сөйлесу аймағын жасаған әрбір жағдайда жүзеге асады. Бұл диалог жасау құралдарын таңдау барысында көрінеді. Бұл таңдау әдебиет маскаларын ауыстыру жағдайымен байланысты және әр маскаға өзінің диалогтық маскасы тән. Осылайша, режиссерлік тактика деген белгіленеді, мұнда автор баяндау жолын анықтап, түсіндіреді; сот тактикасы, мұнда автор бейнелеуіне сын тұрғысын пайдаланады; философиялық тактика, бейнеленіп жатқан құбылыстар мен оқиғалардың, мінездердің мәнін ашады; лирикалық тактиканы түйісу аймағында автор эмоционалдық атмосфера жасауды пайдаланады; лингвистикалық тактика, мұнда бейнелі тілдік құралдарды, сөздерді таңдауға баса назар аударылады. Автордың қатысы деңгейіне қарай баяндаудың түрлі субъективациялық деңгейі жөнінде сөз қозғауға болады. Автордың субъективті қатысын бейтараптандыру көркемдік ойды дәлдеп ашуға мүмкіндік береді. Сөйлеушінің сезімі, жігері, ақылы оның когнициясы негізінде, яғни көзге көрінбейтін виртуалдық психикалық үдерісте орын алады. Өзі туралы айту барысында біршама объективті түрде субъект қана, яғни сөйлеуші ғана айта алады. «Мен» - категориясы одан гөрі жалпырақ дербестік категориясы негізіне жатады. Дербестік категориясы темпоралдық, локалдық, категориялармен қатар мәтінтүзуші қызметін атқарады және функционалдық құралдар ретінде қолданылады. Функционалдық құралдар арқылы (мәтін авторы) сөйлеуші тақырыпты (бір оқиғадан екінші оқиғаға ауысу) және «мен» субъектісін (бір баяндаудан екінші баяндауға көшу) ауыстырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   24




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет