«Адамзаттың алтын бесігі – Қазығұрт» (Экскурсиялық мәтін)



бет1/3
Дата14.04.2024
өлшемі2.48 Mb.
#498648
  1   2   3
Адамзаттың алтын бесігі-Қазығұрт


«Адамзаттың алтын бесігі – Қазығұрт» (Экскурсиялық мәтін)
Қазығұрт ауданы - Түркістан облысының оңтүстік-шығысында орналасқан әкімшілік бөлік. Ауданның территориясы 4 мың 95 шаршы метр немесе облыс территориясының 3,4 % құрайды. Аудан орталығы - Қазығұрт ауылы.

Сурет 1. Қазығұрт ауданының картада көрсетілуі

Қазығұрт ауданы Оңтүстік Қазақстан облысының оңтүстігінде, солтүстік жағынан Арыс, Сайрам, Төлеби аудандарымен, оңтүстік-шығысында Өзбекстан Республикасымен, оңтүстігінен Сарыағаш ауданымен, Тянь-Шань тау сілемдері арқылы Қырғызстан Республикасымен шектеседі.


Іргесі 1905 жылы қаланды. Алғашында Шұқырбекет, 1916 жылы Алексеевка, 1924-1993 жылдары Ленин ауылы аталған. Қазығұрт ауданы әкімшілік бірлігі ретінде 1928 жылы Ленин ауданы болып құрылған. Алғашында аудан орталығындағы Тұрбат ауылында, кейін Шарапхана ауылында орналасқан. 1931 жылдан бастап Шымкент қаласынан 74 км қашықтықта орналасқан Қазығұрт ауылы орталыққа айналған. 1993 жылы 4 мамырда Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Ленин ауданы Қазығұрт ауданы болып өзгертілді.
Қазығұрт ауданының көп бөлігі Қазығұрт, Өгем және Қаржан таулары аймағында орналасқан. Қазығұрт ауылының Солтүстік Шығысынан Тянь-Шань тауымен ұласқан Қаржантау тауы көрінеді. Келес және Өгем өзендері Қаржантау қыратында бөлініп, солтүстік шығыс жағындағы Сайрам тауларының етегіндегі Бадам өзеніне құйылады. Қыраттың орташа биіктігі теңіз деңгейін алғанда 2000-2500 м.
Аудан климаты тез құбылмалы болып келеді. Таулы өлкелерде ауа райы салқын, ал орталық және батыс аймақтарында ыстық. Қаңтар айындағы орташа температура 20-28 градус суықты көрсетсе, шілде айында 35-44 градус ыстыққа көтеріледі. Орташа жауын шашын мөлшері 200-400 мм құрайды.

Қазығұрт ауданы бойынша 13 ауыл округі, 64 елді мекені, 490 көше бар.


Қазығұрт аудандық статистика басқармасының мәліметіне сәйкес қазіргі таңда ауданда жалпы 106225 (2019ж.) халық, 12 ұлт өкілдері тұрады. Оның ішінде қазақтар 98922 құраса, қалған 7303 халық өзге ұлт өкілдерінің үлесінде. Пайыздық мөлшер бойынша қазақтар – 92,78%, өзбектер – 6,32%, басқа ұлт өкілдері – 0,90%.

Ауданда 71 мектеп, (оның ішінде 56 жалпы білім беретін орта мектеп, 5 негізгі мектеп, 7 бастауыш мектеп) 2 мектептен тыс мекеме, мектепке дейінгі тәрбие беретін 77 мекеме жұмыс атқаруда.

Ауданның өсімдіктер және хайуанаттар дүниесі ерекше. Мұнда сүт қоректілердің және құстардың 90 түрі мекендейді, әсіресе қасқырдың, түлкінің, борсықтың, кемірушілердің, бөкендердің, кірпілердің бірнеше түрлері мекен етеді. Тауда ұлар, бүркіт, қар барысы, аюлар сирек кездеседі. Ауданның жануарлар әлемі (көптеген) табиғи тазалығымен көпшілікті өзіне тартады. Таулы өңірі мен өзен бойларында итмұрын, долана, тобылғы, жабайы алма, арша, шырша, т.б. өседі. Жануарлардан қасқыр, түлкі, таутеке, қоян, саршұнақ т.б. кездеседі.

Өзендері – Өгем, Келес, Қаржан және де 20 кіші өзендер бар. Аудан орталығынан ағып өтетін негізгі су жинау алабы «Келес» өзені болып табылады.Оның ұзындығы 140 шақырым. Келес өзеніне Ұя, Су, Суықбұлақ, Қаржан сияқты кішкене өзендер келіп құйылады. Ауа райының күрт ысып кетуіне байланысты өзеннің суы азаяды. Келес суы Сырдарияға құйылады.



Қазығұрттың басында кеме қалған...
Дүниенің төрт бұрышын шарлап, табиғаттың талай таңғажайыптарына куә болып жүрген саяхатшының кез келген көрікті өлкеге қызыға қоймасы анық. Мұндай жандарға сол мекеннің тарихымен қоса, құпия аңыздарын айту арқылы ғана құштарлығын оятуға болады. Дүниенің тұтқасына айналған Қазығұрт тауы міне дәл сондай, қиял-ғажайып аңыздарға толы қасиетті мекен. «Қазығұрттың басында кеме қалған, Ол әулие болмаса неге қалған?!», - деген өлең жолдары баршамызға таныс. Қазығұрт десе көз алдымызға бірден шыңында кемесі бар тау елестейтіні де рас. Адамзаттың алтын бесігі болған бұл киелі мекенге табан тіремес бұрын оның тарихымен сусындап алған жөн.
Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан Қазығұрт тауы Тянь-Шань тауларының сілемдері болып табылады. Өркениеттен бар-жоғы 40 шақырым қашықтықта, инфрақұрылымы дамыған Ташкент – Шымкент – Самара тас жолының бойындағы Қазығұрт тауын көрген жан ертегі әлеміне енгендей күй кешеді.
Әлемнің кез келген мемлекеті мұндай жердің туристік әлеуетін барынша пайдаланар еді. Дүниенің түкпір-түкпірінен сан түрлі саяхатшылар келіп, қазір құлазып тұрған бұл мекенде ине шаншар жер таппас едік. Өкінішке орай, біз өзімізде бар мүмкіндікті пайдалана алмай отырмыз. Әйтпесе, Пайғамбардың кемесі қалған Қазығұрттай қасиетті тау әлемде санаулы ғана. Палестинада - Синай тауы, Араб Әмірлігінде – Аль-Жуди, Арменияда – Арарат және түркі әлеміне ортақ киелі Қазығұрт тауы. Бүгінде осы аталғандардың ішінде Синай мен Арарат тауы әлемдік деңгейде туризмнің орталығына айналып, атағы алты қырдан ары асып отыр. Ал біздің Қазығұрт болса әлемдік туристердің назарынан тыс қалуда. Тек жергілікті тұрғындар мен бауырлас көрші мемлекеттерден келетін бірлі-жарым адамдар болмаса, адамзаттың түп-тамыры тараған киелі тау қаңырап бос тұрады.

Жер жүзін топан судың басуына байланысты аңыздың сан түрлі нұсқасы бар. Соның ішінде бізге белгілісі: Нұх пайғамбар апат басталған кезде кемесіне мініп жеті ай, жеті күн, жеті сағат жүріп Қазығұрт тауының басына келіп тоқтайды. Пайғамбар кемесіне балалары мен жақын туыстарын және түрлі аң-құстарды отырғызған. Кеме таудың басына келіп аялдаған кезде адамдар тіршілік белгісі бар ма, жоқ па білу үшін ең бірінші құстарды жіберген екен. Сол сәтте босатылған құстардың барлығы ұшып кетіп, қайта оралмапты. Тек қарлығаш қана бұтақтың жасыл жапырағын тістеген күйі ұшып келген екен. Міне осы кезеңнен бастап, қарлығаш қазақ халқы үшін адалдық пен молшылықтың, бірлік-берекенің символы болып қалған. Сондықтан да халқымыз қарлығаштың ұясын бұзбайды және бұл құс ұя салған жерге бақ қонады деп білген. Міне осылайша, Қазығұрт тауында адамдар жаңа өмір бастап, ұрпақ таратқан.


Аңыз бойынша кемеге мінген халықтың ішінен тек Нұх пайғамбардың үш ұлы мен үш келіні ғана аман қалған екен. Бүгінгі адамзат солардан таралады. Бар әлемді топан су басқаннан кейінгі өмірдің бесігіне айналған тауға әділдікті ту еткен қасқырдың есімі берілген деседі. Ежелгі аңыз бойынша топан судан кейін аштық кезеңі болады. Міне осы тұста «тірі жандыны өлтіруге болмайды» деген тиымға қарамастан қасқырдың ұрғашысы жыртқыштығына басады. Бұған ашуланған қасқырдың еркегі оны жазалайды. Бұл оқиғадан кейін тау тұрғындары оны «әділ қасқыр», яғни «Қазығұрт» деп атап кеткен екен.

Сурет 2. «Кеме қалған» монументі
Қазығұрт туралы аңызда өмірге деген ынтықтық, адамзаттың шыққан түбі бір деп ынтымақ пен бірлікке шақыру басым. Қазығұрт асуынан табылған динозавр сүйегінің өзге де жаратылыстарды зерттеген дүние жүзі ғалымдарының пікіріне сүйенсек, Қазығұрт, Қаратау, Қаржан, Өгем таулары аралығында тіршілік ерте пайда болып, алғашқы адамзат баласы осы маңда тіршілік еткенін мақтанышпен айтуға болады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет