Қадірлі қазақстандықтар! Қымбатты отандастар!


БІЛІМ ЖӘНЕ КӘСІБИ МАШЫҚ – ЗАМАНАУИ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНІҢ



бет4/5
Дата11.06.2016
өлшемі289.5 Kb.
#128842
1   2   3   4   5

4. БІЛІМ ЖӘНЕ КӘСІБИ МАШЫҚ – ЗАМАНАУИ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНІҢ,
КАДР ДАЯРЛАУ МЕН ҚАЙТА ДАЯРЛАУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒДАРЫ
      Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек.
      Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс.
      Сондай-ақ балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды.
БІЗДІҢ ЖҰМЫСТАРЫМЫЗДЫҢ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ БАСЫМДЫҚТАРЫ
      (1) Бүкіл әлемдегі сияқты, Қазақстан мектепке дейінгі білім берудің жаңа әдістеріне көшу керек.
      Сіздер білесіздер, мен басты міндеті балаларымыздың бастапқы мүмкіндіктерін теңестіру болған «Балапан» бағдарламасы бастамасын көтердім.
      Ол жүзеге асырыла бастаған сәттен бері 3 956 жаңа балабақша мен шағын орталықтар іске қосылды.
      Туу көрсеткішінің жоғарылығын, жалғасып жатқан демографиялық өсімді ескере келе, мен «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға дейін ұзартуға шешім қабылдадым. Үкімет пен әкімдердің алдына балаларды мектепке дейінгі білім беру және тәрбиемен 100% қамтуға қол жеткізу міндетін қоямын.
      (2) «Қазақстан-2050» Жаңа бағытын ескере отырып, Үкіметке 2013 жылдан бастап халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылы инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді тапсырамын.
      Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді.
      Жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қалмауы тиіс. Олар қолданбалы және ғылыми-зерттеушілік бөлімшелерін құруы және дамытуы қажет.
      Біз академиялық автономия кепілдігін берген жоғары оқу орындары тек оқу бағдарламаларын жетілдірумен шектелмей, өздерінің ғылыми-зерттеушілік қызметін де белсенді дамытуы тиіс.
      (3) Жеке бизнестің, үкіметтік емес және қайырымдылық ұйымдарының, жеке адамдардың әлеуметтік жауапкершілігі білім беру саласында айрықша көрінуі керек. Бұл ең бірінші кезекте лайықты білім алуда оқу ақысын өз бетінше төлей алмайтын жастарға көмек беруге қатысты.
      Ол үшін қажетті шаралар:
      - Жоғары және орта білім беру жүйесін дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі желісін құру.
      - Көпсатылы оқу гранттары жүйесін әзірлеу.
      - Бүкіл ел бойынша ғылыми-зерттеушілік және қолданбалы білім берудің өңірлік мамандықтарды ескеретін мамандандырылған оқу орындары жүйесін құру.
      - Жоғары оқу орындарындағы оқудың екінші курсынан бастап кәсіпорындардағы міндетті өндірістік тәжірибені заңнамалық тұрғыда бекіту.
      (4) Бізге оқыту әдістемелерін жаңғырту және өңірлік мектеп орталықтарын құра отырып, білім берудің онлайн-жүйелерін белсене дамыту керек болады.
      - Біз қалайтындардың барлығы үшін қашықтан оқытуды және онлайн режімінде оқытуды қоса, отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдерді және құралдарды қарқынды енгізуге тиіспіз.
      - Ескірген немесе сұраныс жоқ ғылыми және білім пәндерінен арылу, сонымен бірге, сұраныс көп және болашағы бар бағыттарды күшейту қажет.
      - Орта және жоғары білім берудің оқу жоспарларының бағыттылығы мен басымдықтарын оларға тәжірибелік машықтарға үйрету бойынша және тәжірибелік біліктілікке ие болу бағдарламаларын қосып, өзгерту.
      - Кәсіпкерлікке бағдарланған оқу бағдарламаларын, білім беру курстары мен институттарын құру.
ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІ ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА САЯСАТЫ
      Бүкіләлемдік тәжірибенің көрсетуінше, бүкіл инновациялық өндірістік циклды жеке бір елде жүзеге асыруға тырысу – велосипед ойлап шығару деген сөз. Бұл – өте қымбатқа түсетін және әрдайым нәтижелі, жемісті бола бермейтін іс. Табысқа жету үшін ғалымдардың талай буынының тәжірибесіне, тарихи қалыптасқан ғылыми мектептердің арнаулы ақпарат және білімдерінің көп терребайт көлеміне негізделген дербес ғылыми база қажет болады.
      Жаңа технологиялық толқын жалына жармасып, теңдессіз инновациялар жасау барлық елдің қолынан келе бермейді. Біз осыны жете түсінуге тиіспіз.
      Сондықтан біз өте шынайы, барынша прагматикалық стратегия құрғанымыз жөн.
      Біз шығыны көп емес зерттеулер мен әзірлемелерге ден қоюға тиіспіз.
      Бізге елімізге қажетті технологиялар трансферті мен оларды қолдану үшін мамандарды оқыту керек. ЭКСПО-2017 бұл үдеріске серпін беріп, бізге болашақтың энергиясын дамыту үшін жаңа технологияларды таңдап алуға көмектесуі тиіс.
      Біз – жас ұлтпыз және бұл біздің қолымыздан келеді.
      Оған қоса, біз ауқымды халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына әбден-ақ белсене қатыса аламыз. Бұл бізге ғалымдарымыздың күш-жігерін шетелдік ғылыми-зерттеушілік қоғамдастықпен стратегиялық инновациялық бағыттар бойынша ықпалдастыруға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – жаһандық технологиялық төңкерістің бөлшегіне айналу.
      - Біз 2013 жылдың өзінде-ақ ғылым мен бизнестің толыққанды кооперациясы жөнінде шаралар қабылдауға тиіспіз. Үкіметке технология трансферті мүмкін болатын салааралық секторларды анықтауды және оларға жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық компаниялар тарапынан сұраныс тудыруды тапсырамын.
      - Болашағы зор ұлттық кластерлер қалыптастыру жөнінде нақтылы Жол карталарын әзірлеу аса маңызды.
      - Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі үшін құқықтық базаны анықтауды да тездету қажет. Міндет – мұндай әріптестіктің бүгінгі күнгі ең озық құралдары мен тетіктерін енгізу.
      - Авторлық құқықтар мен патенттер мәселелерін реттейтін заңнаманы қайта қарау. Үкімет 2014 жылдың соңына дейін бұған дейін берілген барлық патенттер мен тіркелген авторлық құқықтарды олардың коммерциялануының ықтималдығы жөнінен талдаудан өткізуі қажет.
      Құрметті отандастар!
      Мен сөзімді, әсіресе, жастарымызға арнағым келеді.
      Бүгін мен жариялаған Жаңа саяси және экономикалық бағыт сіздерге жақсы білім беруді, яғни бұдан да лайықтырақ болашақ сыйлауды көздейді.
      Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер.
      Мемлекет басшысы ретінде мен әрдайым сіздердің оқуларыңыз бен өсіп-өнулеріңіз үшін барлық жағдайды жасауға тырыстым. Әлемдік деңгейдегі университет, зияткерлік мектептер аштым, «Болашақ» бағдарламасын құрдым.
      Қазір мемлекеттік жастар саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленуде.
      Мемлекет сіздердің алдарыңыздан жаңа мүмкіндіктер ашылуы үшін барлығын жасауда. Олар – сіздердің ата-аналарыңыз тіпті ойлап та көрмеген мүмкіндіктер.
      Естеріңізде болсын: сіздердің табыстарыңыз – ата-аналарыңыздың табысы, туғандарыңыз мен туыстарыңыздың табысы, отбасыларыңыздың табысы, барлық отандастарыңыздың табысы, біздің Отанымыздың табысы.
5. МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІ ОДАН ӘРІ НЫҒАЙТУ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ
ДЕМОКРАТИЯНЫ ДАМЫТУ
      Біздің мақсатымыз – мемлекеттік басқарудың жаңа түрін қалыптастыру. Ол қоғамға қызмет ету мен мемлекеттілікті нығайтудың жаңа міндеттеріне сай болуы тиіс.
      Бірінші. Бізге Мемлекеттік жоспарлау және болжау жүйесін одан әрі жетілдіре түсу керек.
      Қойылатын мақсат – жоспарлар мен бағдарламалар әзірлеуде мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейту. Осыған байланысты Үкіметке беретін тапсырмам:
      - Менің пайымдауымдағы Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясын ескере отырып, жұмыста және өмірде еліміз басшылыққа алатын стратегиялық құжаттарды қайта қарау.
      - Елде Мемлекеттік аудит енгізу тұжырымдамасын әзірлеп, келесі жылы Парламентке тиісті заң жобасын енгізу. Бізге мемлекеттік аудиттің ең озық әлемдік тәжірибесі негізінде кешенді жүйе құру қажет.
      - Экономикалық стратегияларымыз жүзеге асуы үшін мемлекет дағдарыстық жағдайларды күні бұрын тиімді түрде біліп, оларға қарсы шара қолдануы тиіс. Бұл үшін бізге дағдарысқа қарсы әрекет етудің көпдеңгейлі жүйесін құру қажет.
      Бізде ықтимал дағдарыстық жағдайларға арналған стандартты іс-әрекеттер жиынтығы болуы керек. Бұл, әсіресе, өңірлер үшін маңызды. Ол жүйені әзірлеу барысында мен айтқан барлық қатерлерді ескеру қажет.
      Екінші. Біз басқаруды орталықсыздандыруды сауатты жүргізуіміз керек.
      Орталықсыздандыру идеясының мәні – шешім қабылдау үшін құқықтар мен қажетті ресурстарды орталықтан өңірлік билік органдарына беру.
      Біз 2013 жылы жауапкершілік пен өкілеттіктерді орталық пен өңірлер арасында бөлу жөнінде нақты шаралар қабылдауымыз қажет.
      Жергілікті жерлердегі билік органдарының өкілеттіктері қаржылық және кадрлық ресурстармен нығайтылатын болады.
      Қоғам және азаматтар мемлекеттік шешімдер қабылдау процесі мен олардың жүзеге асырылуына тікелей қатыстырылуы қажет. Жергілікті басқару органдары арқылы халыққа жергілікті маңызы бар мәселелерді өз бетімен және жауапкершілікпен шешуіне нақты мүмкіндік беру керек.
      Мен Жергілікті басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекіттім. Ол ауылдық, селолық деңгейде басқару сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды және азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерге қатысуын кеңейтеді.
      Біз селолық әкімдіктерге қосымша өкілеттіктер береміз және олардың ауылдағы ахуалға ықпалын күшейтеміз.
      Бірақ, сонымен бірге, бізге қоғамдық бақылауды, жергілікті жерлердегі ахуалға азаматтардың ықпалын күшейту керек. Сондықтан мен мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу туралы шешім қабылдадым. Сайлауды біз 2013 жылдың өзінде-ақ бастаймыз.
      Барлығы 2533 әкім, соның ішінде селолық округтердің, кенттердің және аудандық маңызы бар 50 қаланың әкімі сайланатын болады.
      Бұл барлық деңгейдегі әкімдердің жалпы санының 91,7%-ы!
      Осылайша, біз азаматтармен тікелей жұмыс жасайтын және мәселені жергілікті жерде шешетін барлық әкімдерді сайланбалылықпен қамтитын боламыз.
      Азаматтардың жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді шешуге, жергілікті билік органдарының жұмысын бақылауға белсене араласатын уақыты туды.
      Үкіметке менің Әкімшілігіммен бірлесіп, қажетті заңнамалық актілер әзірлеуді тездетуді, ал Парламентке олардың басымдық тәртібімен қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырамын.
      Біз бүкіл әлеммен бірге өркениетті жолмен жүруге және қоғамның одан әрі демократиялануына бағыт ұстауға тиіспіз.
      Парламенттің өкілеттіктерін күшейту жөніндегі саясатымызды жалғастыру керек.
      Сонымен бірге, орталықсыздандыруға тек жергілікті деңгейде белгілі бір өкілеттіктер беруге болатын жаңа билік органдарын құру үдерісі ретінде қараудың керегі жоқ.
      Орталықсыздандыру – ең алдымен мемлекеттік басқару жүйесінің сапалық өзгерісі, мәселелерді жергілікті деңгейде шешу жүйесін өзгерту.
      Бұл орайда орталықсыздандыру жоғарыдан төмен қарай басқару билігінің әлсіреуіне, орындаушылық тәртіп мен реттіліктің төмендеуіне апарып соқтырмауы тиіс. Оған жол беруге болмайды. Жергілікті жерлерде әкімдер, Үкімет мұны ерекше бақылауда ұстауға тиіс.
      Үшінші. Алдымызда, мен бүгін жариялаған қағидаларға сәйкес, халыққа және мемлекетке қызмет етуді барлығынан жоғары қоятын кәсіпқой мемлекеттік аппарат қалыптастыру міндеті тұр.
      Біз мемлекеттік қызметтің кадрлық құрамын іріктеу және кәсіби даярлықтың жетілдірілген әдістемелерін енгізу арқылы сапалы түрде жақсартуымыз керек.
      Басқарушылық шешімдер мемлекет деңгейінде төмендегідей талаптарға сай болуы тиіс:
      - Тек қысқамерзімді ғана емес, ұзақмерзімді нәтижелерді де есепке алу.
      - Басқарушылық шешімнің мультипликативті әсерін есепке алу.
      - Адал бәсекелестік және кәсіпкерліктің еркіндігі ережелерін қамтамасыз ету.
      - Мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық міндеттерінің екі түрлі түсіндірілуін болдырмау. Олардың қызметінің заңнамалық тұрғыдан дәл регламенттелуі.
      Жаңа талаптарды ескере отырып, біз әкімшілік реформасының екінші кезеңін бастап кеттік.
      Ең алдымен мемлекеттік аппарат реформаланатын болады. Мен мемлекеттік қызметтің жаңа жүйесі туралы Заңға қол қойдым. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтуді, мемлекеттік қызметшілерді іріктеуде ашықтықты арттыруды, меритократия қағидаларын енгізуді, яғни жақсы кадрларды ілгерілетуді қамтамасыз етеді.
      Біз Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия құратын боламыз. Мемлекеттік саясаттың нақты бағыттарын жүзеге асыруға жауапты кәсіпқой басқарушылардың мүлдем жаңа санаты – «А» корпусы құрылады.
      «А» корпусына бірінші кезекте жауапты хатшылар мен облыс әкімдерінің аппарат басшылары, комитет төрағалары, қалалар мен аудандар әкімдері кіреді. Президент Әкімшілігіне «А» корпусына үміткерлерге қойылатын біліктілік талаптары туралы Жарлық жобасын дайындауды тапсырамын.
      Бұдан былай мемлекеттік қызметші лауазымдық сатымен кезең-кезеңмен, билік иерархиясының бір сатысынан келесісіне өзінің машығын жетілдіре және кәсіби деңгейін арттыра отырып көтерілетін болады. Белгіленген көрсеткіштерді асыра орындағандар мен өзінің тиімділігін көрсеткендерге және жоғары нәтижеге қол жеткізгендерге ғана ерекшелік жасалуы керек.
      Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке 2013 жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық өсуінің осындай мүлде жаңа тетігін енгізуді тапсырамын.
      Ерекше назарды мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын арттыруға аудару қажет. Міндет – мемлекеттік аппараттың халықпен өзара қарым-қатынастарында біржақты-өктем көзқарастардан арылып, азаматтарға мемлекеттік қызметтерді тиімді және жедел түрде көрсетуге көшу.
      Қазір Парламентке «Мемлекеттік қызмет туралы» заң жобасы енгізілді. Оны 2013 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін қабылдау керек.
      Біз мемлекеттік органдарды оларға тән емес функцияларды орындаудан босатып, мемлекеттік институттардың дербестігін сапалық тұрғыдан кеңейтуге тиіспіз. Үкімет оның орындалуын 2014 жылдан бастап жергілікті бюджет қалыптастырудың жаңа тетігін енгізумен ұштастыруы керек.
      Төртінші. Мемлекеттік аппарат бизнес-қауымдастықпен жаңа өзара іс-қимыл жүйесін құруы керек.
      Біз бизнеске араласпауға және «бәрін қолынан жетелеп жүрмеуге» тиіспіз. Біз бизнеске ертеңгі күнге деген сенімділік сіңіруге тиіспіз, кәсіпкерлер өздерінің күшіне сенуге және мемлекет оларды алдамайтынын, қорғайтынын білуге тиіс. Олардан тек адал жұмыс істеу ғана талап етіледі.
      Бұл үшін біз, біріншіден, жекеменшік құқығының беріктігін іс жүзінде қамтамасыз етуге кепілдік беруге тиіспіз деп санаймыз. Екіншіден, шарттық міндеттемелерді қорғауға кепілдік беру керек.
      Мемлекеттің міндеттемесі – азаматтарға олардың іскерлік белсенділігін жүзеге асыруға барынша мүмкіндік беру. Ал бұл дегеніміз – отандық бизнес үшін инфрақұрылым құрудың қамын ойлау.
      (1) Осы мақсатта жаңа 2013 жылдың өзінде ұлттық құқықтық жүйені жаңғыртудың кезекті кезеңін бастау керек.
      Заңнама тек ұлттық мүдделерді ғана қорғап қана қоймай, қарқынды дамып отырған халықаралық құқықтық ортамен де үйлесуге тиіс. Үкіметке жария, сондай-ақ жеке құқықтың барлық базалық салаларында біздің құқық жүйеміздің бәсекелестігін арттыру жөнінде жүйелі шаралар қабылдауды тапсырамын.
      (2) Үкіметке 2013 жылы Президент Әкімшілігімен бірлесіп атқаратын мынадай тапсырма беремін:
      - Қылмыстық және Қылмыстық-іс жүргізу заңнамаларын реформалауды бастау керек. Ілгері ізгілендіруге, оның ішінде, экономикалық құқық бұзушылықты қылмыссыздандыруға маңыз беру керек;
      - Парламентке 4 жаңа кодексті: Қылмыстық-іс жүргізу, Қылмыстық, Қылмыстық-орындаушылық және Әкімшілік құқық-бұзушылық туралы кодексті әзірлеп, енгізу керек.
      Бұл өзекті заң актілерінің қабылдануы қылмыстық сот ісін жүргізуді және, ең алдымен, қылмысқа қарсы мемлекеттің күрес саясатын тұжырымдық тұрғыдан жаңғыртады, біздің құқықтарымызды қазіргі сын-қатерлерге өз дәрежесінде әрекет жасайтындай деңгейге көтереді.
      Бесінші. Мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципін ұстануға тиіс.
      Дамыған қоғам барлық жерде тәртіп пен реттілік орнатудан, жайлы подъезден, жинақы ауладан, таза көшеден және жарқын жүзді адамдардан басталады.
      Біз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені, осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді.
      Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілікті сезіну одан да елеулі қылмыстарға жол ашады.
      Ұсақ құқық бұзушылыққа төзбеу ахуалы – қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам.
      Біз құқықтық нигилизмді жеңіп, қоғамды қоғамдық тәртіпті қорғау ісіне тартуымыз керек.
      Біз әлеуметтік бүлдіргі пиғылды жұмысқа орналасу мәселесімен байланыста қарауымыз керек. Біз қоғамдық орындардағы бұзақылық әрекет үшін жеке іс қағазында және резюмеде міндетті түрде көрсетілетін және жұмысқа қабылдау, қызмет сатысы бойынша өсіру кезінде ескерілетін жаза қолдануды енгізуіміз керек.
      Мұның бәрі қоғамдық өмірдің нормасы болуға тиіс.
      Алтыншы. Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс.
      Жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады.
      Біз түпкі мақсатымыз – жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті қатты күшейтуіміз керек.
      Жетінші. Біз құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің реформасын жалғастыруға тиіспіз. Онсыз біз тәртіпсіздікке мүлдем төзбеуді қалыптастыру және жемқорлықты түбірімен жою жөніндегі міндеттерді шеше алмаймыз.
      (1) Соңғы үш жылда құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің бірқатар маңызды реформалары жүргізілді. Бұл – мемлекеттікті нығайтудың маңызды қадамы. Олардың жұмысының құқықтық арқауы жақсартылды. Функциялары нақты айқындалды. Қызметтің қайталануы жойылды. Қылмысқа қатысты саясат ізгілендірілді.
      Барлық құқықтық құрылымдардың қызметкерлері түгелдей аттестаттаудан өткізілді. 100 мыңнан астам адамнан 12,5 мың адам аттестаттаудан өтпей қалды және органдардан босатылды.
      (2) Біз бұл жұмысты одан әрі жалғастыра береміз.
      - Менің Әкімшілігім мен Қауіпсіздік Кеңесіне және Үкіметке бірлесіп атқаратын мынадай тапсырма беремін:
      - Құқық қорғау органдары қызметкерлерін ақшалай қамтамасыз ету және зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын дайындау керек.
      Осы 2013 жылдан бастап арнайы атақтар үшін төленетін қосымша ақы мөлшерін әскери атақтар бойынша төленетін жалақы деңгейіне дейін көтеруді тапсырамын.
      - Құқық қорғау органдарының Кадр саясаты тұжырымдамасын әзірлеу керек.
      - Жоғары аттестаттау комиссиясы арқауында құқық қорғау органдарындағы кадр саясаты жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін құрылым құру керек.
      - Құқық қорғау және арнайы органдар жетекшілерінің Президентік резервін қалыптастыру керек.
      (3) Менің Әкімшілігіме, Қауіпсіздік Кеңесіне Үкіметпен бірлесіп, ведомствоаралық жұмыс тобын құруды және 2013 жылдың екінші тоқсанының аяғына дейін Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғырту бағдарламасының жобасын әзірлеуді тапсырамын.
      (4) Құқықтық саясаттың маңызды мәселесі азаматтардың Конституция кепілдік беретін сот арқылы қорғалу құқын жүзеге асыруы болып табылады.
      Бұл үшін сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлату, оны басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылту керек. Жаңа ақпараттық технологияларды белсенді енгізген жағдайда мұны істеу қиын емес.
      Сонымен бір мезгілде соттардың жұмысын жеңілдету мақсатында дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастырған жөн. Болмашы мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру қажет.
      Сот билігінің беделі орындалмаған сот шешімдерінен төмендейді. Осыған байланысты, бұл жағдайды түбегейлі өзгерту жөніндегі шаралар қабылдануға тиіс.
      (5) Шекара қызметінің ауқымды реформасын жүргізу керек. Міндет – оның тиімділігін түбегейлі арттыру, материалдық-техникалық базасын жаңғырту.
      Бұл үшін Қауіпсіздік Кеңесіне менің Әкімшілігіммен және Үкіметпен бірлесіп, Шекара қызметін дамытудың және мемлекеттік шекараны орта мерзімді кезеңде орнықтырудың арнайы Кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырамын.
6. ДӘЙЕКТІ ЖӘНЕ БОЛЖАМДЫ СЫРТҚЫ САЯСАТ – ҰЛТТЫҚ МҮДДЕЛЕРДІ
ІЛГЕРІЛЕТУ МЕН АЙМАҚТЫҚ ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ НЫҒАЙТУ
      Қазақстан тәуелсіздік жылдарында халықаралық процестердің тең құқықты қатысушысы болып қалыптасты және біз қолайлы сыртқы ахуал құруға қол жеткіздік.
      Біздің басымдықтарымыз өзгермейді – көршілеріміз – Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия елдерімен, сондай-ақ АҚШ-пен, Еуроодақпен, Азия елдерімен серіктестікті дамыту мәселесі болып табылады.
      Біз Кеден одағын және Біртұтас экономикалық кеңістікті нығайтатын боламыз.
      Біздің таяудағы мақсатымыз – Еуразиялық экономикалық одақ құру. Осыған орай біз мәселелердің консенсус арқылы шешілетінін нақты мәлімдейміз. Саяси егемендікке қысым көрсетілмейді.
      Сыртқы саясатымызды теңдестіру әлемдік істерде елеулі рөл атқаратын және Қазақстан үшін практикалық қызығушылық туғызатын барлық мемлекеттермен достық және болжамды қарым-қатынастарды дамыту дегенді білдіреді.
      Алайда халықаралық ахуал және геосаяси орта қарқынды өзгеруде және әрқашан жақсы жағына қарай ойыса бермейді. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстан Солтүстік-Шығыс Азияға дейін тұрақсыздықтың алып белдеуі созылып жатыр. Күштердің ара салмағы жаһандық деңгейде де, сонымен қатар, Жер шарының жекелеген аймақтарында да елеулі өзгерістерге ұшырауда. Соған сәйкес, БҰҰ, ЕҚЫҰ, НАТО, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨСШК және басқа аймақтық қауіпсіздік тетіктерінің рөлі арта түседі. Орталық Азияда ұлттық қауіпсіздікке төнген жаңа қатерлер пайда болды.
      Мұндай ахуалда Қазақстанның сыртқы саясаты ішкі саясаты сияқты жаңғыртылуға тиіс.
      Сыртқы саясатты жаңғыртудың басымдықтары:
      - Аймақтық және ұлттық қауіпсіздікті жан-жақты нығайту;
      - Экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамыту;
      - Мәдени-гуманитарлық, ғылым-білім және басқа шектес  салалардағы  халықаралық ынтымақтастықты арттыру;
      - Азаматтарымызды құқықтық қорғауды, олардың шетелдердегі жеке, отбасылық, іскерлік мүдделерін қорғауды күшейту.
      Біріншіден, ұлттық мүдделерді сыртқы саясатта ілгерілету айрықша прагматикалық принциптерге негізделген.
      Біздің міндеттеріміз: сыртқы саясатты әртараптандыру, ұлттық экономикалық және сауда мүдделерін ілгерілету үшін экономикалық және сауда дипломатиясын дамыту.
      Екіншіден, біз әрі қарай да аймақтық қауіпсіздік үшін өз жауапкершілігімізді сезінуге және Орталық Азияны тұрақтандыруға өз үлесімізді қосуға тиіспіз.
      Біздің міндетіміз – аймақтағы тартысты жағдайдың алғышарттарын жоюға барынша көмектесу.
      - Орталық Азияны тұрақтандырудың озық тәсілі – аймақішілік бірігу. Нақ осы жолмен біз біздің аймақтың тартыстық әлеуетін төмендетіп, толғақты әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешіп, су-энергетикалық және басқа да қайшылықтардың түйіндерін жаза аламыз.
      - Біздің дауысымыз барлық әлемге естіліп тұруға тиіс. Сондықтан мен Астана Экономикалық форумында өзіміз G-Global деп атаған диалогтың жаңа түрін ұсындым.
      Әлемде бірде-бір ел бастан кешіп жатқан дәуірінің қатерлерін жалғыз өзі жеңе алмайды. Менің бастамамның мәні – әділ және қауіпсіз әлем орнықтыру үшін баршаның күшін біріктіру.
      Үшіншіден, біздің еліміз халықаралық прогрессивті бастамаларды бәрін одан әрі қолдап, жаһандық қауіпсіздікке үлесін қоса беруі керек.
      - Қазақстан барлық мүдделі серіктестермен және біздің көршілерімізбен бірге Ауғанстан мәселесін тезірек саяси реттеуге және қайта қалпына келтіруге қол жеткізетін болады.
      - Қазақстан ИЫҰ-ның белсенді қатысушысы бола отырып, Таяу Шығысты реттеу процесінің бейбіт сипатына шын жүректен мүдделілік танытады. Араб-ислам әлеміндегі халықтық толқудан босаған күш-қуаттың жасампаздық арнаға бағытталып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге қызмет етуі маңызды.
      - Біз озық қарқынмен Азия-Тынық мұхиты аймағының елдерімен экономикалық тұрғыдан жақындасуға тиіспіз. Бұл бізге тек экономикалық дивиденд беріп қана қоймайды, сыртқы саясатымыздың теңгерімділігін де нығайта түседі.
      Төртіншіден, Қазақстан өзінің қорғаныс қабілеті мен әскери доктринасын нығайтуға, түрлі қорғаныстық тежеу тетіктеріне қатысуға тиіс.
      - Біз ұлттық қорғаныс моделін әзірлей отырып, түрлі елдермен және ұйымдармен ынтымақтасуға тиіспіз.
      - Қазақстан ҰҚШҰ бойынша одақтастармен тығыз жұмыс істейтін және жедел қимылдайтын Ұжымдық күштердің әлеуеті мен жауынгерлік қабілетін арттыруға көмектесетін болады.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет