«Айқап» және «Мамания» мектебі Қазақтың тұңғыш ғылыми–көпшілік, әдеби журналы



Дата25.02.2016
өлшемі92.09 Kb.
«Айқап» және «Мамания» мектебі
Қазақтың тұңғыш ғылыми–көпшілік, әдеби журналы «Айқаптың»(1912 - 1915) бетінде еліміздің рухани тарихына қатысты құнды деректер жарияланып тұрған. Соның бірі – Жетісу өңіріндегі алғашқы қазақ мектебі - «Мамания» туралы жазылған мақалалар мен хабарлар. Ғұлама ұстаз, марқұм Хайыржан Бекхожиннің ақылымен 1970 жылы «Айқап» журналы туралы мақала дайындап, онда қал–қадерімізше өз ойымызды білдірген едік. Алайда жуырда ел ағасы Кәкімжан ақсақалдын өтінішімен журналды қайыра бір қарап шыққанда тек қана «Мамания» мешіті мен мектебі туралы ғана емес, жалпы қазақ әдебиетінің тарихынан хабардар ететін және «Біржан - Сара» айтысы туралы пікірлерге дәйек болатындай дерек көздеріне кездестік. Ой салу мақсатымен бұл мәліметтерді жариялауды жөн көрдік. Мақала авторы – сол тұстағы белгілі қаламгер Мұхамедсәлім Кәшимов. «К. Найманский» деп қол қойған – қоғам қайраткері, журналист, адвокат Көлбай Төгісов. Ол патша өкіметіне қарсы пікір білдіргені үшін бір жарым жыл түрмеге жатып, Қапал уезіне жер аударылған. Сол ауылда жүріп талай заңсыздықтарға тосқауыл қойған. Әйгілі «Ақшәулі болысындағы іс» туралы мақалалар «Айқап» және «Қазақ» газетінде жарияланды. Ал Бейсембай Көдесұлы кейіннен ел таныған күрескер болды. Сондай–ақ, мына мәселелерге ден қойып, пікір түюге негіз қалайды ғой деп те ойлаймыз.

Бірінші: барлық деректерде «Мамания» мектебі мен медіресесі 1899 жылы ашылды делінеді. Ал К. Төгісовтің (К. Найманский) 1913 жылғы мақаласына қарағанда Тұрысбектің мектебі 1880–жылдары ашылған. Демек, мешіт пен медресенің, соның ішінде «Мамания» мектебінің ашылуы әрірек сияқты. Ал Қарағаштағы Есенқұлдың мектебінің іргетасы 1899 жылы қалануы шындық. Екінші: Маман бидің жас мөлшері мен қайтыс болған жылына Таһир Ілиясовтың көңіл айтуы меже бола алады. Онда Еркебала Маманқызы 26 жасында дүниеден қайтты делінеді. Демек 1887 жылы Маман би тірі. Үшінші: Біржан – Сара айтысындағы аты ауызға алынатын Тұрысбек қажының өмір сүрген кезі. К. Төгісовтің дерегін екшеп қарасақ, Тұрысбек қажы 1880 жылдары мектеп ашқан. «Қапал халқына жаңа жол сілтеп келе жатқанда», яғни, тіпті кеңінен пішкеннің өзінде 1890–жылдардың ар жақ, бер жағында «дүниеден қайтқан». Демек, атақты айтыстың өту мерзіміне бұл да жөн сілтей алады. Төртінші: Православие шіркеуі, қазақ арасына оқыған мұғалімдерді жібермеу туралы 1899 және 1902 жылдары арнайы нұсқау берілген. Оған патша ағзам қол қойған. Мақаладан бұл нұсқаудың толық жүзеге асқаны анық байқалды. Маман ұрпақтарының оқу-ағарту ісіне ерекше ден қойғаны мәлім. Ол туралы екі мақала Ү. Сүбханбердина құрастырған «Айқап» атты жинақта жарық көргендіктен де бұл жарияланымға қоспадық. Бесінші: Маман тұқымы қазақ арасында алғашқы отырықшы елге айналған «қала» тұрғындарының қатарына жатады екен. Бұл да назарға ұстарлық тәлім. Өзге жайлар мақалалармен танысу барысында аңғарылады деген үміттеміз. Сондықтанда оларға түсініктеме беруді лайық деп таппадық.



Қапал уезінен


21 февральда Петербордағы болашақ тойға (юбилей) баруға Қапал уезі қазақтарынан Құдайберген мырза Тұрысбекұлы Маманов сайланды. Маманов жамағаты 13 –ші ғинуарда Қапалдағы үйіне Қапалда болған таныс адамдарын қонаққа шақырды. Орыстардан ояз, ояздың помощнигі, пристав, басқа бірнеше төре һам офицерлер барды. Қазақтардан юрист Барлыбек Сыртланов, частный выборной Көкбай Төлектімов (Төгісов – Т. Ж.) һам бірінеше переводчик жас балалар да әзір болды.


Мұхамедсәлим Кашимов


«Айқап», 1913, № 3, февраль.

Алла разы болсын

Һар уақыт қал-қадірлі миллетке қызмет етуді өздеріне лазым санаған машһүр Маманов һам Тұрысбековтар «Айқап» пайдасына жүруіме қырық сом расхұт бергендері үшін алла разы болсын айтамын.


Мұхамедсәлим Кашимов


«Айқап», 1913, № 3, февраль.

Қазақ даласынан

129 – шы статья бойынша сот үкімі болып бір жыл жарым крепоста отырып, 1912 жылы 19 – шы августа босандым. Сол күні Семиполат полицмейстері Кобылицкий шақырып: «Бұл Семиполат облысынан бөтен жаққа кетуге, 3 күннен ары тұрмасқа подписка беріңіз һам қай шаһарды ұнатасың, айтыңыз», - деді.

Мен Қапал шаһарын ұнататындығымды білдіріп, сонған қарай жолға шықтым.

Бірнеше күн жолда жүріп, 8 – ші сентябрьде Аякөз қаласына келдім. Аякөзде аз ғана күн тұрғанымда бір қолақ атамен Соколовтың өз қолыменен Аякөздің бірінші адамы Камал Мақсұтовты ұрғанын көрдім. Мұнан бұрынАякөз имамы Шариф әфендәні базар ортасында приставтың стражнигі ұрып, істері сотқа түскен екен. Базар ортасында кейбір стражниктердің қазақтарды ұрып – соғып, аттарын аударып алып өйдеп – бүйдеп ыза қылған соң артынан қайырып беріп жатқандарын көзіммен көрдім. Бірнеше күн жатыр, сондай – сондай тамашалардың біразын көріп, Қапалға қарай жүріп кеттім.

Жолда: атымызды участковый начальник мініп кетті – деп жылап отырған қатындарды көрдім. «Арғанаты»деген станцияда бір қазақтың атын алып, өзін жығылғанша сабағанын көрдім. Бишара қазақ талып жығылып еді. Бақытына сол жерде фельдшер кез болып, дәрі беріп, қазақты тірілтті. Стражниктің низамсыз қылған бұл зорлығы Алматы шаһарында шығатұғын «Областной ведомотінің» І – номерінде басылып шықты. Надан стражниктерді былай қояйық, Лепсинский уездной көшеде кез келген – тымағын алмаған бірнеше қазақтарды өз қолымен ұрған жері де болған. Бұл қазақтар Семиреченскийдің губернаторына ғариза берді. Ақыры не болып қалар (екен)?

Октябрьдің сегізі күні Қапалға келіп, мұндағы қазақтармен һам шаһар халқыменен таныстым. Қапал өзі кішкене ғана уездной город болып, ішіне қазақ, ноғай, сарт һам орыстар тұрады екен.

Қапал атырабының халқы найман руынан, «садыр», «матай» деген ел болып (келеді), ішінде ұлы жүзден «жалайыр» деген туғанымыз да бар. Бұл жақтың халқының надандығы біздің жақтын халықнан да басымырақ. Карта менен араққа да жетілген көрінеді. Жастарды былай қойып, шалдардын арақ ішкендерін көргенде жүрегін босқа жанып: «Енді не болдық?» - деп тұрасын. КЕшке бұл жақтың жақсы болыстарынан саналған алпыс сегіз жасқа келген, мол сақалды бір адам қолында бір бөтелке арғы бар, Қапал собраниесіне келіп, залдың ортасына шалқасынан жата кетті. «Шық!» - дегенге шыға қоймады. Жанжал бастаған соң ақырында өзін сүйреп шығарды. Арақты көп ішіп, бірін – бірі пышақтап, Қапалдың түрмесіне түскен жігіттер көп. Бұған қарағанда оқыған жігіттердің ішуіменен ісі жоқ екен. Бұл қуаныш!

Қапалдың тәуір адамдары – Көнсібаев, Ғабдолсартов, Тайыпов, Мұхаммедиев, Садықов, Сұқсұров, Триголов, Янғалиев дегендер. Бұл кісілер Қапал халқын өрге сүйреп, мектептер салдырып, мұғалімдер алдырып, гражданский собрание ашып, халық үшін тырысушылар. Бірақ бұлардың қызметін білетұғын кісі аз.

Қапалда сарт халқын жауып қойса да болады. Бұлардың саны көп, сапасы жоқ, бір халық. Ішінде газета, журнал оқыған бір адам жоқ. Арақ ішіп, карта ойнағандары көп. Оларға газета, журнал туралы сөз айтсаң; «Біз газета, журнал оқымаймыз, біздің сарт халқы ондай білмейді», - дейді. Бишара сарттар газета, журналға қимаған малдарын һар түрлі керексіз орындарға ұстайды. Балаларының сүндет тойына бар малын салып, екі қолын мұрнынат тығып отырып қалғандар да бар.

Мінеки, осындай халықты басып жатқан қара мұнар тұманнан ақ жұлдыздай жарқырап шыққан Маманов, Тұрысбековтерді – елдегі қарынын қасып, малын шашып, қатынды көбірек алып, қымызды мол ішіп, құдайдың кең даласын былғаған байларға таныстырғым келеді.

Марқұм Тұрысбек қажы Маманов қазақ ішінде данышпан кісілерден саналып, тіршілігінде қолында барын миллат жолына жұмсаған адам екен. Өзі тірі күнінде Құдайберген, Тәнірберген есімді баларын һам Есенғұл деген інісін оқытып, замана жайын қазақтан бұрын түсінген татар қандастарымыздың жақсы саудагерлігіменен таныстырып, балаларын саудаға үйреткен. Мақұм 80 – жылддарда бұл жақта қазаққа бірінші мектеп ашып, Қапал халқына жаңа жол көрсетіп келе жатқанда дүниеден қайтып кеткен. Марқұм 18 жыл болыс болып, бір тиын пара алмай, лауға жүретін бір ат мінбей, орынсыз қазақтың бір қойын жемей, бұл күндегі болыстардай қазақты жылатып малын алмай, жұртын сатпай өткен екен. Орыны ұжмақта болсын!

Балалары Құдайберген, Тәңірберген әфенділер һам інілері қажы Сейітбаттал менен Есенғұл әфенді марқұмның көрсеткен жолынан айырылмай, 25 – 30 мың сом ақша шығарып, «Мамания» есімінде мектеп салдырып, ол мектепте алты мұғалім алдырып, қараңғы тұманда қалған қазақ бауырларының қайғысын ойлаған сабаздардан болып тұр екен. Алты мұғалім байларданжылына екі мың бес жүз (2 500) сом жалование алады, пәтер һәм байлардан. Бас мұғалім Ғабдүлғазиз әфенді менен Мұхамедғали әфенді. Бұл жақта адасып жұртта қалған халықтың бақытына қарай кез болған адамдар деп білдім.

Бірақ «Мамания» мектебі инспектор тарапынан қысаңшылықта тұр екен. Былтырғы жыл Мамановтар өз ақшаларына орысша оқып шыққан бір қазақ жігітін алдырған екен. Инспектор оны қабылдамай, орнына 17 – 18 жастардағы бір ауыз тіл білмейтін бір бала жіберген. Ол бала 500 сом жалование алып, домбыра шертіп босқа жатқан. Ақырында өткен ғинуар ішінде инспектор өзі келіп, бұл баланы шығарып, Сарқант атаманы Назаровтың баласын жіберген. 19 жастағы ол бала да өте қолайлы болып шықпады. Сөйтіп, «Мамания» мектебі орысша оқу жағынан ақсаңқырап тұр. Маманов – Тұрысбеков әфәнділер таң атып, раразы тең болған күндерде тарихтың он бетінде есімдері қалып, құдай алдында ұялмайтын заттылардан деп білемін.

Адамшылық тұтыну – оқу екеніне көздері жетіп, жастай 3 баласын өз рұхсаттарымен Алматы һам Семиполат гимназиясынан оқытып жатыр. Һам Есенғұл әфәнді жасы 10 – нан артпаған екі қызын Сарқанттағы школға берген. Тәңірберген қажы балаларымен бірге ханымын оқытып жатыр. Және Жетісудан оқыған бір студентке Маманов – Тұрысбековтер жылына 20 сомнан беріп тұруға уағда қылды.

Мінеки, осылар сықылды қаһарман жігітеріміз һар жеоде болса, біздің қазақ надандықтың шекпетінде жатпас еді.

К. Найманский.

«Айқап», 1913, № 7, 101 – 108 беттер.
Мақаланың авторы – белгіл қайраткер, жазушы Көлбай Төгісов.

Ащыкөл қариясы Челябі уезінен

Биыл машһүр Маманның бұрынғы мұғалімі һам күйеу (баласы) Файыз – Рахман әфәндә Жаһандаров өзінің жамағаты Еркебала ханым Маман қажы қызымен бірге ауылымызға қонақтап қайтқан еді. Ауылымызда һам көршілес башқұрт ауылдарында бірнеше жеті қонақ болып жүріп еді. Соңғы уақытта Еркебала ханым науқасқа айналыды. Науқас бастапқыда суық тигеннен болып еді. Ақыры іш ауруына (брюшной типке) айналды. Докторларға қаратып, қараса да Алла тағланың тағдырынан құтыла алмады. 11 күн науқастанып дүниеден қайтты.

Инна ил – лаһи уә иллаһи ражиғұн.

Марқұмның өлімі үшін бүкіл ауылымыз болып жыладық. Алла тағала жанын ұжмақта қылсын! Алла тағала Файыз – Рахман әфәндіге уә басқа ағайындарына көрек сабыр берсін. Марқұм көркем табиғатлы, ашық пікірлі, ғылым сүюші, шын әдемі мінезді адам еді. Жасы 26 – да еді.


Имам Таһир Ілиясов

«Айқап», 1913, № 13, июль, 110 – бет.



Қарағаш

Біздің ЖЕтісу облысының қазақтарыв бөтен жерлердегі қазақтарға қарағанда «мәдениет» (культура) жағынан артта. Ел жылдан жыл қысымшылық көріп, жерлерінен айырылып жатса да дүниенің халынан, заманның ауанынан әлі күнге хабарсыз дерлік дәрежеде. Рас, елдің бәрі бірдей емес. Аз – маз оқу оқыған жігіттеріміз болса елді шамалары келгенше ағартуға тырысып, қызмет етуден тартынбайды. Ел осы уақытқа шейін көшпе халде болып, қала болып орнығып, отыру жағына келгенде теріс ойда, қия жолда еді. Себебі: «Қала болсақ – хұкмет балаларымызды солдатқа алады. Солдат болған соң шоқынбағанда не қалды?» - деген пікір. Бұдан ойлар елдің надандығынан келген зары. Қай заманда болсын надан елге һар бір жаңғырық іс тікендей қадалады.

Биыл марттың ортасында Арасан елінің қазағы машһүр Маманов, Тұрысбековтер Арасан болысының атқа мінген адамдарын шақыртып алып, волостной управитель Сұлтанқұл Тұрысбековтың үйінде кеңес қылды. Бұ кеңестен туған пайда – он төрт старшын Арасан елі өздерінің ыңғайлы, көңілі сүйген жерлеріне «Қала» болуға сөз қосты. Ең әуелі әлгі бауырлас Маманов, Тұрысбековтер өздерінің ауылы - «Қарағаш» деген жерді түзетіп, көшелерін ыңғайлай бастады. Қарағаш станциясынан 15 шақырымдай түстік жақта тегіннен (бұрыннан – Т. Ж.) 30 шамалы үйді бір ауыл етті. Бір мешіт, мектебі бар Есенғұл қажы Маманов, Құдайберген Тұрысбеков, марқұм Сейітбаттал қажының екі ұлы, Сұлтанқұл Тұрысбеков, Ғаинимұхаммед Тұрысбеков, Бекқожа Тұрысбековтердің ауылдары осы Қарағашта.

Ьұл жақта бұ іс – қала болуға бірінші жүріс. Бүгін Қарағаш қала болса, ертең бүкіл Арасан елі қала болар. Сөйте – сөйте көршілес Төмен Ақсу, Тау Ақсу елі қарап тұрмас. Бір іс бастала салып оңғарылу оңай емес. «Көш жүре түзеледі» - деген ғой.

Бейсенбай Көдесов.

«Айқап», 1914, № 7, 120 – бет.

Қазақ елінің алдыңғы қатарлы ел ағалары кеңес өкіметі тұсында да қысымға ұшырап, қуғындалды, мал – мүлкі тәркіленді. Алаштың көсемдерін түрмеге жауып, жазалау ісіне кіріскенде Маман ұрпақтары да жауапқа тартылды. М. Тынышбаевтың тергеушілерге берген жауабында «аса ірі байлардың шаруашылығын жою туралы қаулыға қарсы» болған «астыртын ұйым мүшелерінің қатарында» Маман тұқымдарының да аты аталады. М. Тынышбаев пен Х. Досмұхамедов:

«Біз, ұйым мүшелері, байлардың жер аударылуына және олардың мал – мүлкінің тәркіленуіне қарсы шара қолданып, оларға алдын – ала ескертіп отырдық, сөйтіп науқанның жүргізуіне бөгет жасадық. Соның ішінде, мнің өзім біреулер арқылы Тұрысбековтерге, Тәңіргеновтерге және Есенқұлға және де басқаларға, сонымен қатар Лепсі уезіндегі өзім шыққан «найман» руларының байларына хабар бердім (М. Тынышбаевтің ОГПУ тергеушісіне берген жауабынан, № 2370, І т., 125 – парақ, Х. Досмұхамедовтің жауабынан, 207 – парақ)», - деп «куәлік берген». Әрине, бұл сөздерді тергеушінің өзі ойынан қосып жазғаны айтпаса да түсінікті. Зады, Маман тұқымын қудалауға бір себеп табу үшін болса керек. Ақыры қазақтың озық ойлы ауылының берекесін кетіріп, тағдыр тәлкегіне аслып тынғаны бүгінгі ұрпаққа белгілі. Міне дегдар тұқымның зиялы ісіне орай кездескен тарихи деректердің бір парасы осындай.


Тұрсын ЖҰРТБАЙ.
Каталог: repository -> history -> %D0%B0%D1%80%D1%82%D1%83%D1%80%D0%BB%D0%B8
%D0%B0%D1%80%D1%82%D1%83%D1%80%D0%BB%D0%B8 -> Қазақ Қолжазбалары
%D0%B0%D1%80%D1%82%D1%83%D1%80%D0%BB%D0%B8 -> Бұл басылым «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының құрлғанына 10 жыл толуына арналады
%D0%B0%D1%80%D1%82%D1%83%D1%80%D0%BB%D0%B8 -> Біз жатсынып кеткен мұралар
%D0%B0%D1%80%D1%82%D1%83%D1%80%D0%BB%D0%B8 -> Тұрсын ЖҰртбай, Қазақстан Педагогика ғылымдарының академигі
%D0%B0%D1%80%D1%82%D1%83%D1%80%D0%BB%D0%B8 -> МЫЊ жылдыќ жолдыњ тоѓысы (Перекресток дорог тысячалетий)
%D0%B0%D1%80%D1%82%D1%83%D1%80%D0%BB%D0%B8 -> Көркемдік шындық және тарихи тұлға
%D0%B0%D1%80%D1%82%D1%83%D1%80%D0%BB%D0%B8 -> ҚАШҚынбаев иса мен мурзин мұхтардың жауаптасуы
%D0%B0%D1%80%D1%82%D1%83%D1%80%D0%BB%D0%B8 -> Құрметті Ғабит! (Өзің үшін ғана)
%D0%B0%D1%80%D1%82%D1%83%D1%80%D0%BB%D0%B8 -> Кеудесі қуыс қалған далам – ай… Немесе атамыздың басын іздеумен өткен екі айдың есебі


Достарыңызбен бөлісу:


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет