Әдіс туралы жалпы түсінік. Әдіс грек сөзі – ғылыми зерттеу ісінде қолданылатын әр түрлі әдіс – тәсілдердің, зерттеу ережелерінің жиынтығы, әдістемелер арқылы айқындалған фактілерді ғылыми игерудің жолдары. Әдіс – ғылыми зерттеудің айырылмайтын серігі, адастырмайтын, мақсатқа тура бастайтын құбылнамасы. Өзіндік әдіс – тәсілі жоқ зерттеудің болуы мүмкін емес. Олай болатыны зерттеуге тиісті объектінің сыры, табиғаты әрдайым ашық – айқын көрініп тұрмайды, көбіне жасырын болады. Ал оны стихиялық жолмен ашу мүмкін емес. Объектінің ерекшелігіне, алға қойылатын мақсатқа сай келетін белгілі бір амал – тәсілдерді қолдана отырып зерттеу қажет. Зерттеудің әр түрлі әдістерін дүниеге келтіретін де осы қажеттілік.
Сипаттама немесе синхрондық әдіс. Сипаттама әдіс – тіл білімі әдістері ішіндегі ең көнесі. Тілге байланысты алғашқы зерттеулердің барлығы дерлік осы сипаттама әдіс бойынша жүргізілген. Сипаттама әдіс зерттеліп отырған объектінің өткендегі күйін, тарихи даму жолдарын ескермейді, тек оның белгілі бір дәуірдегі қалпын синхрондық күйін сипаттаумен шұғылданады.
Сипаттама әдіс бойынша жазылған еңбектер осы әдістің атымен сипаттама грамматика, сипаттама фонетика, сипаттама лексика деп те аталады. Тілдің белгілі бір дәуірдегі құрылым жүйесін айқындауда сипаттама әдіс бойынша жүргізілетін зерттеудің мәні ерекше. Сипаттама әдіс зерттеудің көне замандардан келе жатқан тәсілі болғанымен, ол – ескірген, қолданудан қалған тәсіл емес, қазіргі заман тіл білімінде де үздіксіз қолданылып келе жатқан жасампаз тәсіл. Структуралық тіл білімі түгелдей дерлік осы сипаттама әдіске сүйенеді, соны қолданады. Бірсыпыра ғалымдар құрылымдық әдісті осы сипаттама әдістің жаңарған, жетіле түскен жалғасы дейді де, оны сипаттама әдістің құрамында қарайды, екеуін біріктіріп, синхрондық әдіс деген бір ғана атаумен атайды. Сипаттама әдіс болсын, құрылымдық әдіс болсын тілдің белгілі бір дәуірдегі күйін, статикалық жүйесін зерттейді. Бірақ қолданыла бастау мерзімі жағынан болсын, зерттеу тәсілі, алға қоятын мақсаты жағынан бұл екеуі арасында бірсыпыра өзгешеліктер де бар.
Салыстырмалы әдіс. Фатілерді бір-бірімен салыстыра тексеру – ғылыми зерттеу атауларының бәріне де қажет тәсіл. Сондықтан бұл әдіс барлық ғылымдарға тән, ортақ тәсіл деп есептеледі. Салыстыру тек ғылыми зерттеуде ғана емес, әр түрлі тілдерді үйрену, оқыту істерінде, салыстырмалы сөздік жасауда да кең қолданылады. Салыстыру арқылы салыстырылып отырған обьектінің өзіндік ерекшеліктері, басқаларға ұқсастық және одан өзгешелік жақтары айқындалады. Салыстырудың жолдары, одан шығатын қорытынды, көзделер түпкі мақсат – әр ғылымда әр түрлі болуы мүмкін. Сондай өзгешелік тіл білімінде қолданылатын салыстырмалы әдістеде бар. Басқа ғылымдарда қолданылатын салыстырулардан өзгешелігін айтпаған күнде де, бұл әдістің бір ғана тіл білімінде қолданылуының өзінде де әр түрлілік аз емес. Ондай түрліліе салыстырылатын фактілердің ерекшеліктерінен, салыстырудан күтілетін нәтижелерден, көзделетін түпкі мақсаттан туады.
Достарыңызбен бөлісу: |