Һәр жұрттың ғұмырында шаттанған уақыттары көп болған секілді, қайғырған, зор қазаға душар болған замандары да аз болмайды. Бүкіл бір жұрттын ғұмырын бір адамның ғұмырына ұқсату мүмкін. Өз ғұмырында бір адам нелер көрмейді. Нағыз сол секілді, бір қан, бір тұқымнан шыққан бір елдің басына да әртүрлі хал келеді. Бірақ оның бәрі есте мәңгі түрмайды. Заманның күшті ағымы оның бәрін адамның көңілінен жуып жіберіп, тамам ұмыттырады. Ондай қазалар бір жұрттың ғұмырында аз, сирек ұшырасады.
Мұнан дәл бір жыл бұрын, осы сентябрьдің 11-і күні біздің жұртқа да сондай бір қаза келді. Жылдар түгіл, ғасырлар өтсе де ұлт баласының жүрегінен жойылмайтын бір қазаға біздің Русиядағы түрік тұқымы душар болды. Сол күні ұлтымыздың кемеңгер атасы, көсемі, ардақты Исмагилбек біздің арамыздан мәңгілік жайына қайтты. Неше миллиондаған түрік балаларын артына жетім қалдырды. Бұл хабардың Русиядағы бүкіл түрік-татар жұртына қаншалық батқаны уақытында матбуғат жүзінде жазылған қайғылы мақалалардан көруге болады. Русияның ћәр тарапына газета басқармаларына келген сансыз телеграм бұл қазаның жалпы болғанын көрсетті. Мызғымас атамыздан айырылдық, қайыспас қорғанымыз құлады деп, көздің жасын көл қылып жазған мақалалармен матбуғат жүзі толды.
Біздің қазақ жұртында бір рәсім бар: ардақты жұрт адамының опатына бір жыл толғанда, бүкіл ел ол адамды жоқтайды. Оның жақсы мінездері, үлгілі істері кейінгі нәсілге ұмытылмай қалуы үшін оның ғұмырында қылған қызметтерін санап жоқтау айтады. Біз де бүгін сол рәсімді істеп ұлұғ бабамыздың ұлы істерін, түзу бағытын жұрттың есіне саламыз.
Бізге бүгін жалғыз қайғы күні ғана болмасқа тиіс. Исмағилбек сынды ерді жоқтап, мұңайып, қамығып қана қоймай, оның салған жолын, көздеген арманын, қылған қызметтерін ойлап сол жолды өзіне жол танып, сол арманды өзіне Қағба біліп, солардан ғұмырда айырылмауға өз-өзіне ант беру керек.
Рахметті бабамыздың көздеген арманы ұлтын ілгері бастыру еді. Түскен жолы ұлтын сүю еді. Біз, шәкірттеріне де, бұлар — парыз. Бұл істерін ұмытпау — біздің борышымыз.
Басқа мәдени жұрттарда мұндай ұлұғ адамдарын ілгергі нәсіліне ұмыттырмас үшін атағына зор игілік үйлерін салады, памятник (ескерткіш) тұрғызады. Біздің ұлт әлі бала. Өзге жұрт істейтін істерді істеуге қолынан келмейді. Сондықтан бүгінге шейін ондай еш нәрсе істелген жоқ. Бір жылдан бері еш нәрсе көрінбей тұр. Бірақ бұл кемшіліктеріміз күндердің күнінде түгелденуіне шүбә етпейміз. Ұлт өзінің мұндай адамын ұмытпас.
Осы бір жыл ішінде Русия мұсылмандарының әлденеше зор ұлт мүшелері келіп шықты. Олар сөйленді, жазылды, кеңеске алынды, бірақ қанша айтқанмен бүкіл жұртқа сөзі өтімді, пікірі жағымды бір кісі болмау себепті әркім әр жаққа тартып бір пікірге үйлесе алмады. Бұл да біздің жетімдігімізді бір қабат еске түсірді.
Исмаѓил бабаның атағына әлгідей зор істер істеу бүкіл Россия мұсылмандарының жалпы міндеті, татар, қазақ, сарт һәм басқа түрік балаларының бәріне ортақ борыш.
Мұндай ортақ қызметтерді өз алдына қойып қолдан келуі қиын емес бір іс: марқұм Исмағилбектің тәржіме хәлін қазақша жазып, кітап ретінде тарату.
Біз бұл жолы осымен ғана қанағаттанып құрметті бабамыздың рухына Тәңірден шаттық, рахат тілейміз.
ТЕЛЕГРАМ
Минскі 15.ІІІ.
Төмендегі телеграмды жібердік,
1. Шерняевтегі Тыншыбаевқа,
2. Петропавлдағы Көсемісовке, Тілеулинге,
3. Омбыдағы Тұрлыбаевқа,
4. Павлодардағы Сәтпаевқа,
5. Семейдегі Мәрсековке,
6. Қарқаралыдағы Жақыпқа, Есмаханға, Хасенге.
7. Зайсандағы Пантаевқа,
8. Қараөткелдегі Райымбековке, Сұлтан Абылаевқа,
9. Атбасардағы Сейілбек Жаңайдаровқа, Сыздық Мешенбаевқа,
10. Савинскідегі Шәңгерей Бөкеевке, Бақтыгерей Құлмановқа,
11. Жәнібектегі Бораш Шомбаловқа,
12. Красныйярдағы Бораш Шолтыровқа,
13. Красныйкуттағы адвокат Ниязовқа,
14. Ойылдағы Халилге,
15. Оралскідегі Ғабдоллаға,
16. Перовскідегі Бекқожаға, Қожахметке, Юсуббекке,
17. Ырғыздағы Шонановқа,
18. Түркстандағы Өтегеновке,
19. Қоқандағы Ақаевқа,
20. Скоболевтегі Ғабдалрахман Оразаевқа,
21. Ташкендегі Бораш Көтібаровқа,
22. Әндіжандағы Қолғақовқа,
23. Қапалдағы Тұрысбековтерге,
24. Ақтөбедегі Қасым Арынғазиевке,
25. Торғайдағы Алмасовқа, Қаралдинге, Тоқтабаевқа.
Русиядағы барша халыққа ағайындық, теңдік, бостандық күні туды. Жаңа құрылған үкімет дүкенін сүйеу үшін қазаққа ұйымдасу керек. Жаңа құрылған ел бағу дүкенін нығайту үшін тегі басқа барша халықтармен үйір болуға керек. Ушредителный сабраниа сайлауларына қазақ болып қамдану керек. Жарамды жақсы адамдарын ауызға ала беру керек. Енді араздық, өштік, дау, жанжал, талас партиялық сиыспауларды тастау керек. Көксерлік жұмыстарың - бірлік, әділдік болсын! Жер мәселесін де қозғап, тезірек қолға ала беріңдер.
Біз қалайтын патшалық түрі - демократический республика, мал өсіріп, егін салып, жерге ие боларлық түрі. Құдайдан басқа ешкімнен қорықпаңдар, түзулікпен істеңдер. Жаңа үкіметті сүйіңдер, Министерствоның азық-түлік ісінде жүрген уполномочиелері мен өзіміздің майдандағы жұмысшыларымызға болысыңдар. Халықтың көңілін біліндер:
Ғалихан, Мірякуб, Мұса, Шаћмардан, Мырзағазы, Хүсейін, Шафғат, Сұлтанбек, Иса, Мухамедғазы, Хайредин, Райымбек, Нәзір, Талимдар, Тел.
ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІ
Біздің Арқа қазақтарының Бұқара, Ташкент, Самарқанд шаһарларын білмейтіні аз шығар. Осы шаһарлар маңайындағы өлкенің барлығын "Түркстан өлкесі" дейді. Бұл өлкеде қырық рудан жиналған түрлі халық бар: көбі сарт пен қырғыз-қазақ. Одан кейін өзбек, орыс, еврей, армян, тағы басқалар.
Түркстан өлкесі бұрынырақ заманда мазары дін ғылымымен Русиядағы түрік балаларының атағын шығарған бір өлке еді. Бертінірек келген соң мұнда ғылым деп жалғыз дін ғылым ғана танылғандықтан һәм халыққа да тұрмыс, кітап, мәдениет пікірі кіре бастағаннан кейін шеттен ағылып келушілер тоқталып, Түркстан бұрынғы айбарынан айырылыңқырап, біраз ұйқыға кеткен еді. Міне, сол ұйқысымен Түркстан 5-6 жылғы қозғалыс дәуірін өткізді. Сарт қорқорын тартып, қобызын шалып жат дүниеден хабарсыз жүргенде, құдайым мына өзгеріс таңына келтірді. Бірақ не істемек, халықты қалай басқармақ керек? Заман өзгеріс үстіңде. Ат көп, кісі аз: шама үлкен, шапан зор. Кешегі үміт айтып оқуға берген текешіктер бүгін халықты қырық руға бөліп, байлар мен ғұламалар партиясын ашты. Жат дүние, шариғат тұрмысқа жаңаспайтын істер хақында түрлі дәуітнама таратып, жұрттың шырқын бұзды. Қысқасы: осы күнде Түркстанда екі түрлі партия адамдарының істері үкім сүреді. Бірі - байлар, ғұламалар партиясы, көпшілік осының қолында: екінші, түркішілер - "Шора-и-ислам" партиясы. Бұлар азшылық бүктемеде келеді. Ташкенттің городской думасына мұсылмандардан кірген 74 гластныйлардың 63-і ғұламалардан болды. "Миға көнген дене азбас, милыға ерген ел азбас" дейді. Қоныстас отырып сарттан тәлім алған Түркстан қазақтары да сарт ишандарының етегіне намаз оқып келеді.
Үкілер күндіз соқыр, түнде көргіш,
Ишекең сыр мінезін білмей ергіш.
Жол таппай қараңғыда басшысына Дін қуып, жарықта да жөн сілтегіш-
деп "Маса" айтқандай, намаз оқытқан ишанды жұрт саясат, тұрмыс ісінде имам қылмақ болып жүр. Ташкентте болып өткен қырғыз-қазақ съезінің һәм Орынборда болған жалпы қазақ съезінің қаулысына риза болмаған қазақтардан Ташкент шаһарында бір партия шығып "Тәрбие әл-Ислам'" деген бір ұйым — жәмиат ашты. Басында Сералы Лапин мен Садық қожа тұрады.
Бұлар халық арасына ардақты Бөкейхановты жамандап қағаз таратты. "Тәрбие әл-Исламның" тұтынған жолы: жалпы қазақ съезіндегі билік ісіне наразылығын білдірумен, "бұл күні мырза Бөкейханов болып ислам дінін былай қойып қазақ халқын орыс жолына түсірейін деп жүр" деген қара халық арасына пікір тарату. Адасып жүрген халқын, тұрмыс-тіршілігін діни-шариғат жолымен басқару. Ой ғып ұлт намысына берілмеген халық, қайдан білсін, ауырып осылардың соңынан жүр. "Тәрбие әл-Исламның" 15-ші сентәбірде Ташкент шаһарында бір съезі болмақ. Съезге әр ұлыстан бірер өкіл шақырылды. Бұл съезге басқа уездің қалай қарары мағұлым емес. Ташкент уезіне қараған ұлыстардан өкілдер болар.
Ойға, тұрмысқа қарап іске берілмеген, құр шариғат десе тұра қалатын қара халыққа сөз жоқ, ал шариғатты жамылып келін болып жүрген Сералы Лапиннің пікірі біраздан соң білінер. Неше жылдан бері аңсап сағынған ерік қолға тигенде де естиярлық көрсете алмай, партия шығарғандағымыз — ұлт, дін, тұрмыс, саясат істерінде бала екенімізді көрсетеді. Жұрттың "дін" десе тұра қалатыны жақсы-ақ, бірақ діндегі қаяусыздықты кісіде де бар деп түсінеді. Қызметіне қарап кісісін алу бізде әлі жоқ. Түркістан-Ташкент ғұламалары думаға сайланып алған соң халық арасына жасырып агита туралы шығарып, төте оқуға қарасты. Ташкентте 18-ші ағүсте босқын қырғыздардың аяныш халдерін ескеріп мұсылман солдаттар тарапынан жасалған демонстрацияны (қыр көрсетуді) таратып жібермек болып солдаттар шығартты. Санаққа қарсы халық арасына кісі шығарып қағаздар таратты. 8-ші сентәбірде ашылған Түркстан Федерациясы хұқындағы Ташкенттегі съезге қатысып халықты құтыртып, өкіл жіберткізбей, 15-ші сентәбірде нағыз мұсылмандардың съезі (деп) айтып өздері бір съезд ашпақ. Ташкенттегі "Тәрбие әл-Ислам" тарапынан ашылатын қазақ съезі де осылармен бірге болмақ.
Тарих жолына қарағанда оқығаннан басшы болса халық арасына ғылым, бірлік, ынтымақ таралуды көтпек керек еді, халықты түрлі партияға бөлгеннен басқа Түркстан маңайындағы ғұламалар тарапынан ашылған тәртіпті бір медресе, не бір мектеп жоқ.
Енді әр істі өзінің кісісінен күтуге бізге бұл бір үлгі де!
Достарыңызбен бөлісу: |