Қазақ елінің көркем ұлт әдебиеті қашаннан басталады?
Меніңше алдымен тексерілетін мәселе осы. Бұл мәселе қақында түрлі ұғыспаушылықтар бар. Сондықтан бұл мәселе осы күнге шейін анық ашылмай жүр. Біздің әдебиетіміздің осы күнгі дәуіріндегі ұлтшылдық ағымы, бұл ағымның ішіндегі пайдалы жерін қабыл алып, зиян жерімен күресу өз алдына бір бөлек мәселе. Ал енді: қазақ елінің көркем әдебиеті қашаннан басталады деген сауалға ел не деп жауап береді екен? Бұл күнге шейін бұл сауал хақында бір жерге тоқталған пікір жоқ. Әке-шешесі, тарихы жоқ әдебиет болама екен! Қай елдің әдебиеті болса да көркем әдебиеттің қандай дәуірін алсаң да, өзінің жеке тарихы болады. Қошкенің сөзінің ішінде түсініксіз, көмескі жері көп («Еңбекші қазақ», 26-шы жыл 267 саны). Қошке қазақтың бұрынғы ауыз халық әдебиетінің жайын айтады да «орыстың отаршылдығына қарсы ұлт әдебиеті туды» дейді. Жаңа ұлт әдебиетінің 17-і жылдық тарихы бар дейді. Бұл сөз дұрыс болғанда да: қалайша, кімнен басталады деген сауалдар туады ғой. Қошкенің бұл сөздері қазақ әдебиетінің ұлтшылдық дәуіріне 17-і жыл болды дегені ме, жоқ ұлт әдебиетінің барлық тарихы 17-і жыл дегені ме, анық емес. Жоқ болмаса: қазақтың көркем әдебиетінің өзі ұлтшылдық арқылы туады. Бұрын ауыз әдебиетінен басқа түк жоқ болатын, кейін орыстың отаршылдығын сезген соң, орыс үкіметіне наразылықпен бірге ұлтшыл әдебиет туды. Біздің көркем әдебиетіміздің басы осы – деген пікірі ме, белгісіз. Осы айтылған Қошкенің сөздерінің түсініксіздіктерінен болар, Сәбит жолдас: Қошке ұлтшыл әдебиеттің тарихы 17 жыл - деп айтты деп түсінеді. Анығында Қошкені түсіну қиын.
Ал Қошкенікі дұрыс болсын, теріс болсын, біздің көркем әдебиетіміздің тарихы туралы Сәбит не дейді?
«Тарихтың жүрісінің буындарын айыру өте қиын, тұтасып отырады» - дейді Бухарин. «Ұлтшыл әдебиеттің басын кесіп 17-і жыл деп айтуға келмейді» деген Сәбит жолдастың сөзін де түсіну қиын («Е.Қ», 27-і жыл, 5-ші ғинуар №3»). Біздің көркем әдебиетіміздің өмірі пәленше жылдық деген сөзге таласуға болады. Қошке аптекада өлшеген дәрі секілді мысқалдап 17-і жыл деп отырса, бұл дұрыс емес. Бірақ Сәбиттің сол жоғарыдағы көрсетілген мақаласының әлгі айтылған жерінен бастап ақырына шейін оқып шыққанда туатын пікір: бірінші, көркем әдебиетіміздің тарихын айыру қиын, екінші, көркем әдебиетіміздің басы жоқ, аяғы жоқ, ұшан теңіз бір нәрсе. Керек десең көркем әдебиетіміздің басы жүз жыл бұрын басталады.
Мұның ішінде қазақтың ұлт сезімі де 100 жыл жасайды. «Орысқа бағынғаннан бері қазақ арасында орысты жек көру болмай қалған жоқ. Орысқа қарсы сөз тарату Абайдан әрі басталады». Күн батыс елдері көтерілістерінің ұшқыны, әдебиеттің әсері мұнан жүз жылдай бұрын келгенін көреміз. Сөйтсе де бұл сөздердің ішінен тарих табылмайды. Сәбит сөзінің аяғын «қысқасын айтқанда қазақтың соңғы жүз жылдағы әдебиетіне өзге халықтың, 19-шы ғасырдың аяғы 20-шы ғасырдың басындағы орыстың төңкерісшілдерінің әсері тимей қойған жоқ» - деп тоқтатады. Сәбиттің бұл сөздерінің бәрі де жаңылысқандық. Сәбит жолдасқа айтатын жауабымыз: рас тарихтың буындарын айыру қиын, тарих тұтасып қайталап отырады, бұл диалектика материализімінің жолы. Бірақ осы диалектиканың өзі тарихты дұрыс түсіну үшін керек. Екінші, адам баласы бұл күнде Гегель, Маркс арқылы диалектикаға, материализімге жетіп отырса, тарихты білумен, тарихты тексерумен жетіп отыр. Бухаринның болсын, басқаның болсын, диалектиканың жалпы негізін шолып айтқан сөздерінен қисынсыз жерге көлденең мысал әкеліп, ұлт тарихының болсын, не көркем әдебиет болсын мөлшерлеп айтуға болмайды деп; не нәрсенің болса да тарихын тексергенде шұбалаңдатып 100 жыл, 200 жыл деп дәлелсіз құрғақ айта берсек, онан тарих та шықпайды, диалектика да табылмайды. Тарихты шуалаңдатып басын қаратұманға шалып қоюға не болмаса тарихты бір жерге үйе беруге келмейді. Тарихты аралап әуре болма. Аралайтын болсаң шытырман қалың тоғайдың ішіне кіресің де адасасың, диалектика білсең бәрі де табылады, деп отыруға болмайды. Көркем әдебиеттің айтысында ең алдымен әдебиетіміздің өзі қайдан басталды, соның тарихын тексеріп кету бірінші мәселе.
Ал енді мәселенің өзіне келгенде жоғарыда айттық: Сәбит қазақ әдебиетінің санын жүзге толтырып қояды. Бұл сөзіне бір үлкен дәлел қылып: баяғыда мұнан жүз жыл бұрын жер ауып айдалып келген Зелинский деген поляк қазақ туралы қазақтың халын ойлап өлең жазыпты - дейді. Сәбит жолдас қазақтың ауыз әдебиетін, халық әдебиетін айтып отырған шығар деп ойлауға мүмкін. Бірақ олай деп отырған жоқ. Екінші таласып отырған Қошкенің сөзі де халық әдебиеті жайында сөз емес және де айтыс(тың) өзі де көркем әдебиет туралы болып отыр. Ал анық тарихын айыра алмайтын нәрсе - әр халықтың ауыз әдебиетіне басқа көршілес елдердің зор әсері болады. Бірақ біздің халық әдебиетімізге келсе, бұған көбінесе әсер берген орыс әдебиеті де емес, 19-20 ғасырларда болған орыстың төңкерістерінің де әсері аз. Біздің халық әдебиетімізге көп әсер берген күншығыс елдерінің әдебиеті. Орыс әдебиетінің, не орыс ішінде болған төңкерістердің тіпті әсері болмады деп айтпаймын. Бірақ күншығыс елдерінің берген әсерінен қарағанда тіпті аз. Бұл күнге шейін қазақтың не бір ертегісінде, не бір өлеңінде айтылмай жүрген орыс ішінде болған көтерілістер қалайша әсер берген болады?
Екінші, қазақтың халық әдебиетінің тарихы Зелинскийден де басталмайды. Керек болса 100 ғана жыл емес, 200, 300, 400 жылдар не онан да арман болар. Әр елдің ауыз әдебиеті өзімен бірге туып өседі. Тек біздің ескі әдебиетіміз жиналған жоқ. Көбі жоғалып кетті.
Енді көркем әдебиетке келсек, мұның тарихын неқұрлым арман алыстатып 100 жылға апарып қойғысы келген Сәбит жолдастың бір ниеті болмас па? Сәбиттің айтқан сөздерінде басқа дәлел жоқ. Әдебиет сынына шеберлік керек. Әсіресе сақтық керек. Әдебиет жайына бір шорқақтың бірі өзіміз. Сөйтсе де біреудің қатесін көрген соң түзетіп, түсініс беруді мойынға алдық. Қате - адамның бәрінде де болады. Сонда осы арада Сәбиттің қатесін зор десек Сәбит ашуланбас. Әйтпесе «қазақтың соңғы 100 жылдағы әдебиеті» деген сөздеріне Сәбит толық түсініс беру керек. Мұнан 100 жыл бұрын қазақ даласына айдалып келген поляк ақыны қазақты аяп өлең жазыпты деп қазақтың көркем әдебиетінің жасын 100-ге шығарып қою қисынсыз. Біз түгіл орыс елін алсақ, олардың ұлт әдебиетінің туғанына Пушкиннен бастап санағанда, міне, жаңа ғана 100 жыл туып келеді (Пушкин 1837-жылы өлген). Әдебиеттің әр түрлі дәуірі белгілі күшті ақындардан басталып саналады. Әсіресе, бұл ұлт әдебиетінің жаңа туып келе жатқан кезінде осылай. Сын жүзінен өткен атақты ақындар ұлт әдебиетіне бас болып кетеді. Бұл сөзде ешбір марксизмге қайшылас нәрсе жоқ. Бұл арада (роль личности таланта) деген мәселелерді қозғамай өтіп кеттік: бірінші бұл мәселелердің әдебиеттке қатынасы бар болса да, өз алдына жеке бір мәселелер; екінші бұлар қиын мәселелер. Сондықтан басқа сөздерге арналған мақаланың ішінде бұл мәлелелерді толық жазып отыруға орын аз. Сонда да айтатыным Сәбиттің (талант) дегенге берген жауабында қатесі бар.
Түбінде саясат, ғылым, пәлсафа, әдебиет, дін барлығы да шаруашылыққа байланады. Өндіріс қатынастарының өзгеріп отыруымен бірге бұлар да өзгеріп отырады. Бірақ белгілі бір дәрежеге жеткеннен кейін бұлардың да шаруашылыққа, қоғам тұрмысына зор әсері болады. Адам баласының тарихы – тап тартысының тарихы. Саясат, әдебиет барлығы да тап тартысына байланулы. Тап тартысынан тысқары өмір сүрген әдебиет жоқ және коммунизм негізі орнағанша болмайды. Әр елдің әдебиетінің өсіп- гүлденуі, әдебиеттің әр түрлі ағымдары, олардың жырлайтын жырлары, өндіріс қатынастарымен байланулы, тап тартысының күйіне қарай болады. Бұл марксизм жолы.
Бұған әзір Жүсіпбек те, Қошке де таласып отырған жоқ көрінеді. Егерде таласатын болса да - оңбас. Қайта Жүсіпбек бұған мойындап отырған көрінеді. Бірақ кей жерлерін түгел түсінбей ме, өзінше бұрып жүр.
Егер де қазақтың ұлт әдебиеті пәлендей заманнан бастап туды яки пәлендей ақыннан басталады десек, жаңағы айтылған марксизім жолынан шыққандық болмайды. Сондықтан біз қазақтың ұл әдебиеті Абай заманынан басталады - деп айтушы жолдастарға қосыламыз. Ал енді бұл заманда қазақтың ұлт әдебиеті туғандай қазақ ішінде қандай күштер оянды? Қазақ елінің шаруашылық тұрмысы, саяси күйі қандай еді деген сауалдар туса, оның өзі бөлек бір мәселе. Әзірше айқынта (айқындай – Т.Ж.) алатын мәселе: көркем әдебиетіміз қай уақыттан, кімнен басталады деген сөз ғана болып отыр. Қалайша Абайдан басталады, басқа біреуден неге басталмайды, Абай сондай ақын ба еді, Абайдан бұрынғы әдебиет қандай еді, әдебиетімізге берген Абайдың әсері қандай? - деген сауалдар туады. Айтыстың да көбі осы арада болуы керек. Бұл сауалдардың арқайсысына берілетін жауап, меніңше, Абай жағына шығар деймін. Бәлки толық дәлелдермен бұл пікірді теріс шығаратын жолдастар табылар. Сонда да біздің ұлт әдебиетіміздің жасы 100 жыл емес. Сол Абайдың заманының маңынан әрі кетпес.
Тағы сол соңғы мақаласының жоғарғы мен келтірген жерінде Сәбит айтады: «Орысқа қарсы сөз көтеру Абайдан әрі басталған. Абай заманы ұлтшылдықтың, отаршылдықтың ұшқырланған заманы еді, Ахмет заманында одан да күшейді» - деп. «Отаршылдыққа қарсы әдебиет туды» деп Қошке де айтады. Екеуінің де қате жері: қазақтың ұлт әдебиетінің тууы – елдің ұлтшылдық сезімінің көтерілуімен бірге қосып, арластырып жіберуі. Отаршылдыққа қарсы туған ұлтшылдық қандай елдің болса да әдебиетіне үлкен әсер береді. Бірақ қазақ елінің көркем әдебиеті нағыз ұлтшылдықтың дәуірінен ерте басталған. «Қазақ арасында орысқа қарағаннан бері» орысқа наразылық болмай қойған емес. Сөйтсе де жауыз патша үкіметінің құрып отырған залымдығын білгелі, оған қарсы ақыл тауысып, айла құрамын деп қазақтың ұлтшылдығының ояна бастағаны - Міржақыптың «Оян қазағынан», Ахметтің абақтыда жатып жазған өлеңдерінен кейін. Онан бұрын қазақтың жалпы қара бұқарасы, тек орыс жаман, орыс кәпір дегені болмаса, қазақтың ұлтшылдық сезімі дөңгелектелмеген уақыты. Кейін ұлтшылдық сезімі «Қазақ» газеті шыққан соң әбден күшейді. Абайдың заманы қазақтың кеңбайтақ заманы. Ұлтшылдық дәуірі тумаған, Абайдың пісіп-қатпаған заманы болатын. Сәбит пен Қошкенің сөзіне қарағанда Абай кейін шыққан ұлтшылдардың бастығы болуы керек. Әсіресе, Сәбиттің сөзінен Абайдың ақындығы таза ұлтшылдықтан, отаршылдықпен күресуден шықты деген пікір туады. Бұған қарағанда: Сәбит Абаймен аса жақсы таныс емес пе?- деген ой туады. Абайдың өлеңдерінің ішінде жалғыз процент ұлтшылдық, не орысқа қарсы пікір таратушылық жоқ. Тек қана үгіт, мысқыл есебінде қазақтың мінезіндегі яки тұрмысындағы кемшіліктерді айтқан өлеңдері көп. Бұл ұлтшылдыққа енді Абайдың ақындық жағын алсақ, қазақ елінің тұңғыш шын ақыны - Абай. Онан бұрынғылары «Көжебайлар». Абай өлеңдерінің ішіндегі сұлуы жалғыз «Теректің сиы» емес, басқа да Абайдың мағаналы, әдемі, осы күнге дейін жас жазушыларымызға үлгі боларлық өлеңдері бар. «Қыс», «Жаз», «Жазғытұрым», «Аттың сыны», «Желсіз түнде жарық ай» және басқалары. Пероуаттарының ішінде көбі «Теректің сиынан» қалыспайды. Сәбит Абайдың сопы болып Толстойдың жолына түскенін айтады да, Толстойдың «Жексембі» («Воскресенье») деген романын көлденең келтіреді. Бұл қате. Толстойдың дінге көзқарасы және өзінше тұтынған анархистерге жақындау пікірлері «Менің дінім қандай»- деген жазуында және «Санодқа» берген жауабында айтылған. Және де «Отец Сергий» деген секілді пьесаларында жазылған. «Жексембі» деген психологический роман. Мұндағы сөздің бәрі бір жігіт пен қыздың әңгімесі. Жігіт қызды алып рәсуә қылады. Қыз бара бұзық болып сотқа түскенде жігіт тәубаға келеді. Айыбын мойнына алады. Абайдан бұрын көркем әдебиетіміз қандай екені елге мәлім. Бір ауыз сөзбен «жоқ» деп жауап беруге болады. Бар болса тек әр түрлі қиссалар, не әлі де әдебиетке қосыла алмайтын «Көжебайлар» болатын. Абайдың әдебиетке әсері қандай болды? Мол болды. «Оян қазақтан », «Сары масадан» бастап соңғы барлық белгілі ақындарымыз үлгіні Абайдан алды. Кейінгі ақындарымыздың көбі орысша оқығандардан шықты. Әрине, олар әдебиеттің негізгі жолдарын әдебиеті бай орыс жұртынан көріп үйренді. Жас жазушыларымызға пішін, сұлулық жағынан Абай әлі де болса үлгі болады. Көп жолдастар Абайдың атын бүркей береді. Бұл тарихи қиянат. Абайды апарып осы күнгі ұлтшылдарға жанастырады. Мұның теріс екенін жоғарыда айттық. Абайдың заманы да, өмірі де басқа еді. Бәлки кейінгі ұлтшылдық дәуірі күшейген заманға жетсе Абай да белгілі ұлтшылдардың бірі болар еді. Атақты ақыны болар еді. Бірақ олай болғанда, әңгіме өз алдына басқа болар еді де, сонда да ел оны ақын дер еді. Ұлтшылдар Абайды жақсы көреді деп Абайды – Абай демеуге бола ма? Ұлтшылдар «Күн қозғалмайды, жер қозғалады» деп айтады екен деп бізге жер айналмайды деу жөн бе? Екінші, Абайды жуан атаның баласы деп үркетіндер бар. Бұл бізге ұят. Абайдың тумысы бай болғаны оның ақындығына таңба сала алмайды. Абайдың байдың жырын жырлағаны аз.
Өнерді (искусство), оның ішінде көркем әдеиетті қалай түсінеміз?
Жоғарыда айттық: марксизм жолы бойынша қоғам тұрмысынан, тап тартысынан тысқары өмір сүрген әдебиет жоқ деп. Сана, салтты, пікірді, өнерді, барлығын тұрмыс билейді деп. Ал енді өнер (искуство), әдебиет деген сөздерге қандай мағана кіреді? «Өнер - өнер үшін, өнер деген нәрсенің былғаныш дүниемен қатынасы жоқ, періштеше, пәк, таза нәрсе; өнер деген нәрсе, оның ішінде көркем әдебиет - таза рухтың (дух) жемісі» - деп көп шатасу болған. Мұндай пікірлердің бір заманда туып-өсуінің түп негізінде құдайшылдық, пыдияшылдық бар. Мұндай пікірлердің барлығы да қоғам тұрмысының, тап тартысының күйіне қарай туған. Өнер, көркем әдебиет құрғақ қана қиялдың, сезімнің жемісі емес. Бұлардың анасы, тұрмысы - нағыздық. Өнер де ғылымның бір түрі. Ғылым арқылы жаратылысты, қоғам тұрмысының сырын ашып отырсақ, өнер арқылы да тұрмысты, өмірді танимыз. Сондықтан шын өнер нағызшылдық негізінде болады. Сондықтан да ақын да, көркем әдебиет (те) шарық ұрып аспан шарлап жүрмейді. Өнер, көркем әдебиет - жаратылысты, тұрмысты талдап, аралап, ақылға салып отырмайды. Тұрмыстың жайын пернелеп, суретпен таныстырады. Сондықтан өнердің, көркем әдебиеттің орны бөлек. Тұрмыстың бір сырына жаттығу үшін он күн ақыл тауысып отыратын жерде ақын он ауыз, адамның қанын қозғайтын, миға жылдам жатығатын кескін (образ) сөзбен айтып кетеді. Мұндай сөздердің бағасы ешбір ғылым дәлелдерінен әки палсапа қисыңынан (теория) кем болмайды. Ақын дәлелдеп отырмайды. Жалпы ел байқай қоймаған тұрмыстың сырын көрсетіп, суреттеп отырады.
Плеханов, Луначарский, Троцкий, Аксельрод секілді марксшіл сыншыларымыздың өнер, көркем әдебиет жайында айтатын пікірлерінің қорытындысы осы. Екінші, өнер, әдебиет - тап қолындағы қаруы, әр таптың тілегіне лайық өнері, көркем әдебиеті болған.
Қошке өзінің мақаласының ішінде жоғарғы айтылған атақты марксшілдеріміздің бірінші мәселе қақында айтып кеткен пікірлерінен әр сөздерін теріп мысалға әкеледі. Онысы дұрыс, бұған дау жоқ. Бірақ екінші мәселеге келгенде, өнер, әдебиет тап қолындағы қару деген сөзге, «өнер - мәдениеттің бір бұтағы, мәдениет - өнердің бір саласы болғандықтан түптеп барып бәрі шаруашылыққа байланысты» - деген Луначарскийдің жалпы сөзімен жаналап өте шығады.
Қошке мақаласының ішінде: «тап-тартысының қаруы» деген пікірге жанасатын бір сөз жоқ. Қошке басқа мысалдар келтірсе де бұл пікірден шегіндей жүреді. Анығында Жүсіпбек те, Қошке де шаруашылық негіздерін шолып айтқан (экономичекая теория) сөздерінен мысал келтіріп отырса да, бірақ, Маркстың пәлсапасының ішіндегі тап тартысы жайындағы айтқан төңкерісшіл қисынын (теория революций) білмейді, ескермейді. Не білсе де айтпайды. Танығысы келмейді.
Гәп осы арада. Шынында меньшивиктер де, социал демократтар да осылай болатын және осы күнгі «сменовеховшыларда» осылай. Сәбитке айту керек еді: «Сен Қошке осыған қалай қарайсың. Соны ашып айтшы» - деп. Жоқ, мәселені олай қоюдың орнына Сәбит бірінші қате, екінші керексіз сөздерді айтып кетті. Сәбиттің қателері мынау:
Сәбиттің талант туралы, талант ортаның жемісі деген сөздері дұрыс, бірақ сол пікірден шығып, мынадай сөздерді айтады: «Ақын - сөзіне ақын болса, ақынға былғары илеп беретін иші - өзінің илейтін иіне ақын. Арбашы - шабатын ағашына ақын, техник - салатын үйіне ақын, Маркс - шаруа ғылымына ақын, қойшы - қой бағуға ақын, егінші - егін жыртатын жеріне ақын». Мұның алдында айтатыны: «ақынның бар қасиеті сөзді ажарлай білуде. Бірақ жалғыз ажарлы сөзбен тіршілік етуге болмайды». Сәбиттің бұл сөзі – ақын кім деген сауалға берген жауабы. Әдебиет (не) нәрсе, ақын кім деген сауалдарға берілген жауаптардың ішінде мұнан үлкен шатасқандықты біз білмейміз, мұны Қошкеден арашалап отырған марксизм деп айта алмаймыз.
Сәбиттің бұл сөздеріне қарсы көп дәлелдер керек емес. Рас ақынға үйрену, тәрбие көру керек шығар. Маркс - шаруа, қоғам тұрмысының ақыны шығар, бірақ ақын мен етікші бірдей емес. Көркем әдебиетпен үй салу бірдей болмайды. Сәбиттің бұл сөздері схолостика, қазақшалағанда «былықтыру» болып шығады.
Көркем әдебиетіміз қай дәуірде және қандай ағымдары бар деген сауалдарға келгенде Әбдірахманның: «Көркем әдебиетіміз осы күні көшпелі дәуірде» - деген сөзіне қосыламыз («Е.Қ.», 248-сан. 9.Х). Кедейшіл дәуір әбден орнады, басқа ағымдарға қарағанда кедейшіл ағым басқалардан үстем деуге әзір ертерек, Сәкен мен Бейімбет секілді ақындарымыз молая келе кедейшіл ағым үстем болады.
Әдебиет ішінде әр түрлі ағымдардың тууына себеп болатын нәрсе – тап тартысының жайы деп жоғарыда айттық. Англияның атақты Байрон секілді «жихан күйігі» деген сарынды жайып кеткен ақыны – ақсақалдық(тың), ақсүйектердің тұрмысы(ның) тігіс-тігістері ыдырап, тозып келе жатқан уақытта сол тұрмыстың күйін жырлап кеткен, өліп бара жатқан таптың ақыны еді. Капиталистер өсіп, тап сезіміне кірген, ақсүйек-ақсақалдық тұрмысы мен саясат жүзінде күресе бастаған соң шыққан атақты француз ақыны Вольтер ақсүйектердің зорлығына қарсы шығып, капиталистердің жоғын жоқтап, жырын жырлаған ақын еді. Кейінгі заманда, еңбекшілерге тап сезімі кіріп келе жатқан уақытта шыққан неміс жұртының атақты ақыны Гейне еңбекшілер тілегін тілеп кетті. Капитал тұрмысында ұсақ шаруалардың, шөре-шөре таптардың (мелкая буржуазия) өркені өспеді. Капитал тұрмысында бұл қысымшылық көрді. Аяқ астында тапталып жатқан шөре-шөре таптың мұңын, тілегін Руссодан табасың. Орыс әдебиетінің ішінде Карамзин, Жуковский, Пушкин, Лермонтов, Толстой, Тургенев секілділері ақсүйек тұрмысының ақындары еді. Кейінгі бір буын Успенский, Некрасов, Никитин секілді ақындары Русияның ішін капитал тұрмысы жайлап келе жатқан уақытта шыққан, ақсақалдық тұрмысына қарсы, қарашыл ақындар келді. Жаңа заманда Русияның ішінде капитал әбден орнап, пролетариат туған мерзімде Русияның көпшілік қара бұқарасы крестиянь ыдырап, кедейлікке түскенде шыққан орыс елінің кедейшіл ақындары Горкий, Вересаев, Серафимович секілділер еді. Кейін өзгеріс заманына жақын, өзгеріс ішінде туған орыстың осы күнгі еңбекші ақындары Иванов, Сейфуллина, Пильняк, Неверов, Маяковский секілділері.
Міне, бұлар Русиядағы тап тартысының жайымен қатар, әдебиетінің қалай өзгеріп отырғандығын көрсетеді. Бұл аты аталған тап тартысының әрүрлі дәуірінде шыққан ақындар, орыстың көркем әдебиетінде әр түрлі ағымдар тастап кеткен. Ал біздің әдебиетіміздің осы күнгі дәуірінде үш түрлі ағым бар. Ұлтшылдық, бұқарашылдық, кедейшілдік.
Қазақ ішінде капитал дәуірі араласып, дала қазағының тұрмысы қаламен байланысты болып, орыс елі арқылы қазақ мәдениеттің шет жағасын көре бастаған соң, Абай заманында қазақтың ұлт әдебиеті туды. Үкіметтің отаршылдығы күшейе бастаған соң, мұнымен қатар қазақ елінде ұлтшылдық туған соң, жаңа туған жас әдебиетіміз ұлтшылдық түріне айналып кетті. Көркем әдебиетіміздің сол ортақшылдық, ұлтшылдық заманында алған ұлтшылдық беті әдебиетіміздің ішінде әлі бір ағым болып келе жатыр. Бір заманда мұның пайдасы болса, осы күні зияны көп. Заманына қарай «Оян қазақ» та, «Маса», «Жаралы жан» да Көжебайлар емес. Ал егерде енді мұндайлар жазылса, Көжебайлар сонда болады. Қошкенің бұл сөзі дұрыс. Бірақ тарихтың кейбір басқыштарында ақсақалдық тұрмысына қарсы көтерілістерді байлар бастады емес пе? Бір ел екінші елді отарлауы, бір ел екінші елмен жауласып, ұлтшылдық секілді нәрселердің шығуы - сауда капиталының (промышленность), капиталдардың таласуынан емес пе еді? Ұлт таластарын байлар туғызады, жалпы қара бұқараға ұлтшылдық та, отаршылдық та жат нәрсе. Тек өздеріне тап сезімі кіргенше басқа таптардың қолшоқпары болып кетеді деп түсінбейміз бе. Анығында, қазақ арасын сауда капиталы аралағанша қазақ елінде ұлт сезімі туған жоқ. Ақ сүйек ата балаларына шен берсе, болыс қойса болды, тиыш жата береді. Қазақтың ұлтшылдық сезімі қай уақытта дөңгелектелінді? Капитал қазақ ішіне әбден араласып, бұрынға қазақтың шаруасын ойран қылып, қазақтың қаласыз күні болмай, тұрмысы капиталдың дөңгелегіне әбден байланғанда, екінші жағынан ел ішіндегі пысықтар мал шаруасын заманның ыңғайына қарай капитал тұрмысына тіркестіре бастаған мезгілде, қазақтың бұрынғы тұрмысы капитал тұрмысына ықшамдалып, қазақтың өз ішінен саудагерлер, қала байлары шыға бастаған мезгілде қазақтың ұлтшылдық сезімі дөңгелектелген емес пе еді? Бұл өзгерістің алдындағы 15, 20 жылдың ішінде көп болса 25-30 жылдың ішінде ғана былай болды. Ал орыс үкіметінің отаршылдығы кем болса 100 жыл бұрын басталған. Бұрынғы заманда қазақтың ұлтшылдығы қайда жүр? Кейінгі замандағы ұлтшылдық бұрын неге тумайды? Бұрын тууға мүмкін емес. Орыс қол астына поляк, татар, башқұрт бәріміз бір заманда қарадық, бірақ бұлардың арқайсысы, әсіресе, поляк орыс үкіметіне неше рет көтеріліс жасап, қан төкті. Бізде де аз-аздап көтерілістер болды. Бірақ олардың көтерілістері Кенесары, Махаттың (Махамбеттің емес пе екен - ? -Т.Ж.) көтерілістеріндей болған жоқ. Ойран топыр, қырған болды. Бұл неге бұлай, біз жаманбыз ба? Себебі, ол елдерде, әсіресе поляктарда орыс капиталымен бірге жарысып келе жатқан капитал тұрмысы бар. Сондықтан олардың ұлтшылдық сезімдері ерте оянған. Мұның барлығын айтып отырғандағы мақсат: отаршылдық, ұлтшылдық дегендер капитал тұрмысының әртүрлі дәуіріне байланулы деген сөз. Бір күндегі ұлтшылдықтың тамыры осы еді. Бұл күнде октябрь төңкерісі бұл тамырды мүлде жойып отырса, әдебиетіміздің де бұрынғы ұлтшылдық бетінің тамыры бұл күнде жоқ. Ендігі ұлтшылдық бір нәрсенің күйігі - жоғарғыны жоқтау. Мұны бұқарашылдық боламыз деп жүрген жазушыларымыз білу керек, «Қорқыт», «Ертегі», «Жұмбақ», «Өткен күн» секілді өлеңдердің арғы сарыны өткенді жоқтауды көрсетеді. Заманы өткен таптың ақынның «сарындамалық» жолына түскендігін көрсетеді. Әдебиетіміз қай дәуірде: сентиментализм, романтизм дәуірінде ме, реализм дәуірінде ме - деп таласып жүрушілерге жауап: әдебиетімізде жоғары айтылған ұлтшылдық, кедейшілдік, бұқарашылдық секілді үш түрлі ағым бар. Бірақ бұлардың әр қайсысы жоғарғы айтылған дәуірлердің арқайсысын басынан өткізіп жүр. Сарындамалық дәуірі - өліп бара жатқан таптың, ақынның жолы, (оның) бізге керегі аз дейтін жолдастардың сөзі дұрыс. Сондықтан осы күнгі әдебиетіміздің ішіндегі «сарындамалық» ұлтшылдардың ішінде, бұрынғы атақты ақындардың өлеңдерінен табылып отырса, бұл бір нәрсенің күйігі.
«Пайғамбар», «Бостандық», «Жолдасқа» деген секілді ұлтшыл ақынның өлеңдері бұл күнде ұлт тілегін көрсетпейді. Тап тілегін көрсетеді. Бізде мұндай жырларды жырлайтын ақындар болса, бізде де тап сезімі туған, өткенін көксейтін, келешекте пайғамбар күтіп отырған (Күнбатыстан болсын, Күншығыстан болсын, бәрібір) бір таптың болғаны деп түсіну керек. Бұны Жүсіпбек, Қошкелер таныса жөн, танымаса - адасқаны. Әңгіменің, таластың зоры осы.
Ескі тұрмысты суреттеме, халықтың ескі тұрмысын жазба - деп ешкім айтпайды. Әбдірахманның мақаласындағы («Е.Қ», 248-сан, 26 жыл, 9/10) романтизмге берілген мағынасынан және Сәбиттің мақаласының ішіндегі Мағжан: Кенесарыны өлең қылады, бұл өткенді жоқтағандық деген сөздерінен («Е.Қ», 4 сан, 27 жыл, 4/1, «Мазмұн және пішін деген бөлім») ескіні тексермесе, ескіше өлең - сарындамалық болады. Бұрынғы ақсақалдық тұрмысты жоқтау болады - деген пікір шығуы мүмкін. Кенесарының, Наурызбайдың Пугачевтан, Стенка Разиннан несі кем. Кенесары хан боламын деп көтерілсе, Пугачев та: мен қатын патша Екатеринаның ойнастары өлтірген, Петр патшамын - деп ел көтерген. Пугачев былай айтты екен деп, осы күнгі өзгеріс тарихының жүзінен сызылып қалып отырған жоқ. Пугачев патшамын деп айтқанымен де, сол уақыттағы қарашекпен көтерілісінің саяси мағынасы жоғалмайды. Кенесары хан тұқымы болса да, хан болуға ниеті болса да ол уақыттағы қазақтың үкіметке қарсы көтерілісінің саяси тарихы, мағынасы болмайды. Қанша бай патшалар тұмысынан алынып жазылса да «Анна Каренина», «Борис Годунов», «Отелло», «Гамлет» секілді драма, романдар көркем әдебиеттің ішіндегі маржан секілді нәрселер. Қанша заман өтсе де бұлар өзінің мағынасын жоғалпайды. Көркемдігінде бұларға сөз жоқ. Бірақ ертегілерді, ескі әңгімені жазғанда қазақтың ескі тұрмысын дәл суреттемей, ескі тұрмысқа аса орынсыз мағына беріп отырса, не болмаса тарихи уақиға жазғанда болған уақиғаларды шын жазбай - бұрып, не өзінше жорып, әлде болмаса бұқараны былай қойып батырды, ерді жеке алып (герой и эталон) отырса, ондай жазулардың мағынасы аз болады. Міне, жазушыларға қойылатын шарттар осылар. Бұрынғыны көксемей, жаңа тұрмыс заманында қойылып отырған саяси тілектерді орынсыз жерге зорлап апарып қыстырмай жазылған бізде ертегі, ескі әңгімелер, тарихи уақиғалар жоқ. Осылай жазылған бір-екі ертегі, драма, романдар болса көркем әдебиетіміз әжептәуір байып қалар еді. Соңғы мезгілде ұлтшыл жазушылардың жазғандарының ішінде «Қаракөз», «Бүркіт кегі»», «Батыр Баян», «Қартқожа» секілді жақсы нәрселер шықты. Бұлардың ішінде кең бұқарашылдық, нағызшылдық жолымен жазылған нәрсе - «Қартқожа». Біздегі үлкен кемшілік - сынның кемшілігі. Ұлтшыл, бұқарашыл, кедейшіл жазушыларымыздың бұрынғы-соңғы жазған кітаптарының барлығын Маркс жолымен, әдебиет заңдарымен тексеріп, бір өте оқитын уақыт жетті. Бұлай болғанда, айтып отырған үш ағымдарымыздың әр қайсысының салмағы шешілер еді. Әр қайсысының қандай дәуірде жүргені айқындалар еді. Әрбір ақынның түс сипаты көрінер еді. Әзірге мұндай сын жоқ. Бізге бұл күнде көп мәселе қараңғы. Кейбір нәрселерге орынсыз мағына берілу де бар. Тәрбие алса, үлгі көрсе ақын болып кетерлік жас, кедейшіл жазушыларымыз тексерілмей жүргені де рас. Бұл үлкен күнә. Жаңа жазып келе жатқан жазушылардың ішінде ақындық сипаттары білінгені болса, оларды көтермелеу керек. Азырақ қатесін айтып қойып сылап, сипап, үміттендіріп қоюға әбден қажет.
Қошкенің теріс пікірі: сынның бір жағынан жетекші, тәрбиеші екенін ұмытынқырап кеткен. Орыстың атақты ақындарының көбі жаңа жазып келе жатқанда жетекшілері болған соң, жолға салып жіберерлік сыншылары болған соң жол ауыртпалығын аз көрді. Бірақ сол сынның кемшілігі, кейбір жолдастар: біздің әдебиетіміздің ішінде жас жазушыларымызға үлгі аларлық дәнеме жоқ. Бәрі ұлтшылдық, сотқарлық - деген қате пікірде жүр. Толық сынға енді келе жатырмыз. Әзірге жобалап қана негізгі пікірлерді айту керек. Жоғарғы ұлтшылдық ағымы туралы азырақ айтылды. Бұл ағымның негізгі тілегі, әрине, біздің жолымызбен үйлеспейді. Сонда да ұлтшыл жазушылардың ішінде әлі қайда барып тоқтары белгісіз болып жүрген жазушылар да бар. Әсіресе, ұлтшыл жазушылардың ішінен бұқарашылдығы бетке шығып келе жатқан жазушылар бар. «Қартқожаны» жазған (Жүсіпбек) «бұқарашыл боламыз» деп жүрген жазушылардың бірі. Енді мұнан әрі бір қадам алға басып, «Қартқожа» секілді кең бұқарашылдық негізімен жазылған романдар көбейсе, бұқарашылдық - әдебиетіміздің ішінде көрнекті орын алады. Бұқарашылдарды осы жолға шақырамыз. Олардың кемшілігі: әлі де алаңдап жүргендігі, совет үкіметінің негізіне әлі де сенімсіздігі қалмағаны, қазақтың қара бұқарасына берген октябрь төңкерісінің көп жемістерін бағаламай яки көре алмай жүргендігі. Сондықтан да бұлардың жазғандарының ішіндегі кемшілік, бұл замандағы елдің, ауылдың тұрмысының кейбір түрлері суреттелмей жүргені, бұл күндегі қара бұқараның күйі, ойы бұларға жасырындау болып келеді. Бара-бара бұл кемшіліктерден өтсе, әдебиетіміздің бұқарашылдық ағымы әлі кең жолға түскенін көрерміз. Бұл кемшіліктерді кедейшіл жазушыларымыз сезеді және толтыруға тырысып жүр. Бірақ жаңа жазып келе жатқан кедейшіл жазушыларымыздың көбінің кемшілігі - сөзге нашар, пішінге ұста емес. Бұл жағынан ұлтшыл, бұқарашыл жазушылар әлі асып отыр. Бұл, әрине, бара түзелер, мұны үлкен кемшілік демесек, екінші түрлі кемшілік - саяси тілектер жеңіп, осы күнгі тұрмыс шын суреттелмей, боямалауы көп болып кететіндігі. Бұл жаңа бет алып келе жатқан әдебиетіміздің жаңа ағымының жетіспеген жері. Алғаш бетінде бұлай болу да тарихи жол. Азырақ үгіт те керек болады. Себебі әдебиетке саясат араласпай отырмайды. Бұл заман – күрес заманы. Сондықтан әдебиетіміз де саяси күрестің әсері қайтсе де болады. Демьян Бедныйлардың соғыс уақытындағы, ашаршылық заманындағы үгіт өлеңдерінің әскерге, топқа берген әсерлері қандай болған.
Нағызшылдық жағынан кедейшіл жазушыларымыз тезірек жатықса, көп кемшіліктерден өткен болар едік. Кедейшіл жазушыларымыздың өсіп келе жатқанын байқамай қалғанымыз рас. Өзге жазушыларды әзірге сынға алмай, Сәкен мен Бейімбетті алсақ, екеуі де пікірі дөңгелектелген, ақындық беті өсіп, белгілі бір дәрежеге жеткен ақындарымыз.
Сәкеннің «Қызыл сұңқарлары» мен «Тар жол, тайғақ кешуіне» заманның қалпы мен ақынның өскен ортасын салыстырып тексеруге бір жеке сын керек. Мұның өзі недәуір үлкен еңбек. Бұлардың жоғарғы айтқан түрде көп кемшіліктері де бар. Бірақ соңғы жазылып жүрген «Тар жол, тайғақ кешуде» жақсы жерлер де бар. Соңғы жазылған «Қаражер», «Сабаншы», «Күзгі күні далада», «Ананың қаны» тағы басқалары, әсіресе, «Аққудың айырылуы» деген өлеңдерде бәрі де жақсы, көркем. Сынға қай жағынан болса да толық. Әр ақынның өзіне лайық лирикасы болады. «Сыр сандық» деген өлең осындайға жатады. Көркемдігі алдыңғылардан кем емес. Бірақ ақын мұнан әрі өз-өзіне үңіліп кетсе, үлкен кемшілік болады, адасып кетеді.
Қазақтың көбі пойызды көрген шығар. Тұрмысымызды, салт-санамызды пойзбен салыстырып жырласақ – бір қатар қазақ түсінер. Бірақ түсінбейтіндер де табылады. Ал мұнан әрі бір табан ақын ілгері кетсе, осы күнгі тұрмысымыздың қалпынан аттап кету қаупі бар.
Ленинград, Лондон, Нью-Иорк секілді қалаларда туып өскен жазушылардың ақындығы - мәдениетке құралған үлкен шаруа дүкендерінің динамикасына, ритымына байланысады екен деп біз Путилов зауотының, Форд фабрикасының күйін тарта бастасақ, қазақ кедейінің құлағына масаның ызыңдағанындай болып кетеді. Потребитілдік магазинінде 14, 15, 16 жасар, үсті-басы далба-дұлба үш қазақ баласы тұр. Қайдан келгендері белгісіз. Тек Ленин көшесіндегі магазинге жылынуға кірген түрі бар. Басқа топырлап кіріп, нәрсе алып, кассаның алдында кезек күтіп тұрған елдерде жұмысы жоқ, өздерімен өздері болып электр лампасына қарап әңгімелесіп тұр. Ішіндегі үлкенірегі бұрын электрдің жанғанын көрген түрі бр. Қалған екеуіне соны әңгіме қылып айтып тұр. «Кешке ана бір қара тиекті бұрап жіберсе от жанып кетеді» - дейді. Басқа екеуі таң-тамаша болып: «Қойшы, ішіне май құймай ма екен, қасына қолды апарып жақындатса жанып кетпей ме екен! Дәу де болса бір сиқыры бар-ау!»- деп өздерінше жүріп жатыр. Пойызды да көрмеген, тек атын ғана есіткен көп қазақ әлденеше қылып түсінеді. «Советстан – от арба!» деген секілді өлеңдер қала көрген кедейлерге, қалада оқып жүрген жастарға әбден мағыналы. Бірақ бұл айтысқа қатынасқандағы мақсатымыз: осы күнгі әдебиетіміздің дәуірін тексеріп, кемшіліктерді айтып, тілекті, мақсатты жерлерді айтып өтпек еді. Сондықтан қала тұрмысынан алып, не қала тұрмысы мен дала тұрмысының қатынас-байланыстарын алып, жазушы-ақындарымызға белгілі бір мөлшерде аттап шығып кетпеуді ескерткіміз келді.
Тағы осы мәселеден шығатын бір сөз, ауылдан шыққан ақындарымызға ескерткіміз келеді: ауылды жеке алып, қала мен ауылды екі түрлі дүние көріп жазатын болса, үлкен кемшіліктің туғаны. Бейімбеттің:
Қой маңырап, сиыр мөңіреп, маң-маң басып,
Келеді еркін жүріп, көңіл тасып.
Саууға келіншектер қарсы шықты,
Қолына шелек алып, белдемше асып...
Көңілді ауыл, көрінді ауыл жұмақтай,
Ішсек тоймас қымыз каусар бұлақтай.
Сұлулары періштедей назданған,
Магнитімен тартар елге шыдатпай.
ххх ххх ххх
Бірі бар ма айтшы осының қалада,
Кешке жақын шықсаң кезіп далаға.
Кекеңдеген, секеңдеген ешкілер,
Құртттай қайнап жүргендері арада.
ххх ххх хх
Шаң, топырақ көшесі жүргізбейді,
Ерке көңіл елден үміт үзбейді.
Назданатын нұрлы жүзді, от көзді,
Ел сұлуын, қор сұлуын іздейді.-
деген өлеңдерінде аса үлкен кемістік жоқ болса да, қала мен ауылды салыстыру бар. Салыстырғанда сыңаржақтық бар. Бейімбет жолдастың шаң, топырақ Қызылордадан шаршағаны болмаса, ауылдың қызығы өз алдына, қаланың қызығы өз алдына емес пе? Қаланың өмірінен өңшең «секеңдеген ешкілерді» көруі қате емес пе? Міне, кедейшіл ауыл ақынына екінші ескертетініміз осы. Мұндай сыңаржақтық кейінгі шыққан бұқарашыл орыс ақындарында да бар. Мұның терісін орыстың әдебиетшілері де көрсетіп айтып, түзетіп отыр.
Бейімбеттің «Жазғы кеш», «Бұлтты күн», «Ауыл», «Әйт, шу, ала атым», «Елдегі екпінді істер», «Ленин өлді» тағы басқа әбден жақсы өлеңдері шықты. Бейімбет заманмен бірге өзгеріп, өсіп келе жатқан ақын. Бірақ жоғарғы айтқан сыңаржақ бола ма деген қауіп бар. Анығында Бейімбеттің өлеңдерінің ішіндегі кемшіліктер - қала мен даланың байланысының жайынан жазылған жақсы өлең жоқтығы.
Кімнен үлгі аламыз?- деген сауалға жауап беру үшін көсеміміз Ленин жолдас өлер алдында былай жазған: «Аз болсын, бірақ жақсы болсын» деген мақаласын көлденең ұстағым келеді (ХҮІІІ-кітап, 116-бетті қара). Ленин өлер алдында өсиет есебінде бір-екі мәселе қақында қорытынды пікірлерін жазып кеткен. Солардың ішінде бір зор мағыналысы жоғары айтқан мақала. Біз өз мәдениетімізді жаңадан орнатамыз. Еңбекші өнері (пролетарской искусство) орнады деп жүрген кейбір камонос жолдастарға Ленин сол айтылған мақаласының бас жағында жауап беріп кеткен. Лениннің ондағы айтқан сөздерінен әзірге нағыз оңбаған помещик, төрелеріміздің мәдениетін қоя тұрып, байлар табының нағыз мәдениетін алмай, қолданбай болмайды. Солардың ескі мәдениеті арқылы өз мәдениетіңді жаса, өнер, мәдениет деген нәрселерге келгенде асығыстық, құр айғай залалды деген мағына шығады. Бұл Лениннің ақтық жазылған сөздерінің бірі (1923-жылы мартта жазылған). Ленинді тексергенде Лениннің естен шығармайтын негізгі пікірінің бірі де осы.
Екінші айтатыным: былтыр «Правда» газетінің бір сандарында (шыққан айы есімде жоқ) Сосновский жолдас Лениннің Пушкин қақындағы көзқарасын айтып жазды. Әмәнда сүйсініп Пушкинді оқитын болған және жас жазушыларымызға Пушкинді әмәндә үлгі-өнеге етіп көлденең тарта берген. Пушкинді боқтайтын жерлер толып жатыр. Оның бірнеше керемет сорақы, ұлтшыл пікірге жазған өлеңдері бар. Пушкиннің өзі де помещик тұрмысының ақыны. Бірақ сол Пушкинді қадірлей білген, жақын көрген. Біздің өз әдебиетіміздің ішінде үлгі аларлық дәнеме жоқ дейтін жолдастарға айтатынымыз: Лениннің айтқан «комчеонствосы» (кошчунстово-?) болып жүрмесін дейміз. Бұл қатты сөз. Бірақ менің айтып отырған сөзім емес, Лениннің сөзі. Сондықтан мысал үшін айтсам маған ренжитін орын жоқ. Біздің жас жазушыларымызға, кедейшіл ақындарымызға айтатынымыз: жалпы саяси тілек бөлек. Бірақ «Батыр Баян», «Қартқожаны» оқы, үлгі ал. «Қартқожа» секілді романды сенде жаза алатын бол - дейміз.
Бұл сөзден: басқа елден үлгі алма деген тағылық шықпайды. Орыстың әдебиетінен үлгі алмай, біздің әдебиетіміз жетісе алмайды. Бірақ өз әдебиетіңді де тексер, пайдаланатын жерлер бар. Үлгі ал, пайдалан деген сөз болып табылады.
Қошкенің тағы бір-екі айтылмай қалған мәселесі
Қошкенің - Қошкелігінен шыққан бір қатесі - тақырыптар туралы. Отаршылдықпен күрескен дәуірді алсаң ұлтшылдардың кейіпі (тип) жақсы болып шығады (дейді). Мұны Қошкеге кім айтыпты? Мұндай сыңаржақтық (субъективной) ақыннан, не сондай сыншыдан шығады. Ұлтшылдардың көп жерлері заманына қарай дұрыс шығады. Бірақ ұлтшылдардың барлық сипаттары, істері жөн деген, әрине, субъектинизм. Нағыздық жолымен жазған кезде ұлтшылдардан да қызық-қызық кейіпкерлер шықпай ма? Тез арада қазақты Германия не Япония қыламыз деген қиялдарды суреттесе - баланың мінездері, не Дон-Кихот секілді ерлердің мінездері (боп) табылмай ма? Өткен тарихи оқиғалар нағыздықпен жазылғанда Жүсіпбектің «Қартқожасындағы» елдің: орыс үкіметінің әскерімен соғысамыз. Түріктің халипасына ауамыз - деген бос күжілдегі секілді, Семей, Ақмола қазақтарының «Алаш» болдық. «Құдай жасады» деп уылдасып бос лепіргені жазылмай ма?
Қошкенің «Объективная ценность» дегені - сондай нағыздық жолымен жазылған әңгіме, романдардан табылады. Және де өзгерістің аласапыран бас кезінде Қошке айтқан түрлі жаманшылықтар(дың) болғаны рас, бұлар суреттелу керек. Бірақ, екінші жағын да ұмытпау керек қой. Февраль тоңкерісінен кейін «Алаш» болып, ұлтшылдық нағыз күшейген уақытта өңшең Қаражан, Ике секілді байлардың бәрі бірінші ұлтшыл болып, ұлтшылдық жұмысына «Тобықты әңгімелері» секілді бықсыма ел даулары араласқан жоқ па? Бұлар да жазылу керек қой. Мұны бұқарашыл жазушы Жүсіпбек білсе керек қой. Онсоң Қошкенің «Оян қазақ» пен «Горе от уманы» салыстыруы да қате. Бастап шыққан уақытта «Оян қазақтың» қазақ еліне әсері үлкен болғанымен, «Горе от умаға» теңелмейді. «Оян қазақ» «злободневный» бір үгіт кітапша еді. «Горе от ума» орыстың көркем әдебиетінің бір жұрнағы. Және де «Бақытсыз Жамал» мен «Бедная Лиза» екеуі бірдей емес. Карамзиннің сезімшілдік негізімен жазылған «Бедная Лизадан» «Бақытсыз Жамалды» біз артық деп ойлаймыз.
Осы мен тоқтаттым, кейін тағы пікір алысармыз.
Сәбит МҰҚАНҰЛЫ
ӘРКІМ “ӨЗІНШЕ” ОЙЛАЙДЫ
Достарыңызбен бөлісу: |