184
ҚОРЫТЫНДЫ
Кез келген əдеби тілдің, халықаралық дəрежеге көтерілген тілдердің, тіпті
аз көлемдегі этносқа қызмет ететін тілдердің
лексикалық құрамының өзінде
əрдайым өзгерістер болып отырады. Негізінен сыртқы факторлардың əсерінен
болатын лексикалық құрамдағы өзгерістер, жаңалықтар кейбір əдеби тілдерде
бəсең деңгейде, екінші бір тілдерде аса жоғары дəрежеде байқалады. Бірнеше
ғасырлық тарихы бар, ауызша дамыған əдеби тілден бастау алатын қазақ əдеби
тілінің лексикалық құрамында белгілі бір кезеңдердегі тарихи-саяси
өзгерістерге сəйкес лексикалық жаңалықтар пайда болып отырды.
Олардың
туындау себептері, оған ықпал жасаған факторлар қазақ тілтанымында
диахронды жəне синхронды тұрғыдан зерделенген.
Лексикалық құрамда орыс тілінен жəне орыс тілі арқылы басқа тілдерден
енген атауларды, терминдерді қазақыландыру іс-шаралары 1989-1991
жылдардан басталды, бұған қазақ зиялылары белсене араласты. Қазақ тіліндегі
мерзімді басылымдарда ғалымдардың, жазушылар мен баспасөз өкілдерінің,
баспасөз оқырмандарының
көптеген пікірлері жарияланды, алайда олардың
көзқарастары əртүрлі болды, олар төмендегідей сипат алды:
а) пуризмнің белгілері байқалды, яғни бірқатар пікірлерде басқа тілден
енген атаулар мен терминдердің барлығының да қазақ тіліндегі баламасын
жасау керектігі ұсынылды;
ə) өзге тілдік терминдердің түгелдей қазақша баламасын жасау мүмкін
еместігін, тіпті шет тілі сөздерінің енуіне шек қоймау керек дегенді дəлелдеуге
ұмтылыстар жасалды;
б) өзге тілден енген терминдерді қазақ тілінің заңдылықтарына сəйкес
фонетикалық тұрғыдан бейімдеу туралы айтылды (мысалы,
режім,
үніверсітет, інстутӛт);
в) мерзімді баспасөзде əлеуметтік деңгейі əртүрлі қоғам өкілдері
тарапынан қазақша баламалар ұдайы ұсынылды.
Жазба тіл, əсіресе мерзімді
баспасөз өз тарапынан қазақша баламаларды еркін қолдана бастады, олардың
қатарында вариант баламалар
(афиша / жарқағаз; газет / үнпарақ; есімхат /
визитка; сыртартқы / анамнез; қорғаушы / қорғаншы / опекун; альманах /
жыржинақ; отбасы / жанұя / әулет),
архаизмдер
мен сирек қолданыстағы
сөздер
терминдік
мағынада
пайдаланылды.
Терминнің
ұғымдық
сыйымдылығын дəл жеткізе алмайтын, сөйтіп, ойды қабылдауға кедергі
жасайтын, мағынасы айқын емес сөздер орын алды [220].
Бұл жағдай жаңа сөздерді, ғылыми-техникалық, қоғамдық-əлеуметтік,
экономикалық терминдерді қазақыландыруды жүйелеу мен реттеудің
қажеттігін көрсетті. Осыған байланысты тəуелсіздіктің
алғашқы кезеңінде-ақ
Қазақстандағы тілдік жағдаятты өзгерту туралы саяси іс-шаралар қолға
алынды.
Нормативтік құқықтық актілердегі нұсқауларды жүзеге асыру мақсатында
Қазақстанда соңғы ширек ғасырға жуық мерзімде көлемді жұмыстар
атқарылды. Ең алдымен Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы
185
Мемлекеттік терминологиялық комиссиясы өзге тілдік терминдерді
қазақыландыру жұмысын бастады. Мəселен, Тілдерді дамыту мен қолданудың
2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілгендей,
тек 2000 жылға дейін «Мемлекеттік терминологиялық
комиссия шет тілі
терминдері мен атауларға сəтті баламалар таңдалып алынған 610 жаңа терминді
бекітті, 31 томдық салалық терминологиялық сөздік шығарылды» [103, 54].
1995 жылы жарияланған «Жаңа атаулар сөздігі» 1980-1993 жылдар аралығында
жаңа қолданыстар болып есептелетін сөздерді толықтай дерлік тіркеді.
Толықтырулар мен өзгерістер енгізілген «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі»
(2007 жыл), «Қазақша-орысша сөздік» (2001 жыл), «Қазақ тілінің біртомдық
түсіндірме сөздігі» (2013 жыл) жарияланды. Ресми емес мəліметтерге
қарағанда, соңғы жылдары жарық көрген (орфографиялық, түсіндірме,
анықтамалық, салалық, екітілді, көптілді терминологиялық сөздіктерді қоса
есептегенде) лексикографиялық еңбектердің саны 200-ге жуық («Ана тілі»
газеті, 2013 жыл, 20 қыркүйек).
Осы лексикографиялық еңбектердің негізінде «sozdik.kz» деген атпен
ғаламторда
орысша-қазақша
жəне
қазақша-орысша
онлайн
сөздік
орналастырылған. Оның аннотациясында 60000-нан астам лұғат сөз (яғни
орысша жағы мен қазақша жағын қоса есептегенде 120000 сөз) берілгендігі»
[108] айтылған.
Соңғы жылдарға дейінгі қазақ тілтанымындағы диахронды жəне
синхронды тұрғыдағы зерттеулерде негізінен норма деп танудың басты
қағидаттары, варианттылық жəне норма, сөз мəдениеті жəне норма мəселелері
қарастырылып келгені белгілі. Осы көзқарастар соңғы 25
жыл көлеміндегі
қазақ лексикасындағы жаңа сөздердің нормалық табиғатын тануда басты
сүйеніш бола алатындығы күмəн тудырмайды. Дегенмен жаңа сөздердің
ауқымды көлемі, сан салалы ғылым мен техника атауларын беруге
қазақыландырылған жаңа сөздердің молынан ұсынылуы тілтанымда
«қалыптану» (кодифкация) ұғымының пайда болуына,
осының негізінде жаңа
сөздердің қалыптану үдерістерінің басты сипаттамаларын анықтаудың
маңыздылығына назар аудартуды қажет етіп отыр. Жаңа сөздердің
қалыптануын (бірізділендіру, нормаландыру, бірыңғай ретке келтіру)
зерттеудің өзектілігі жəне қажеттілігі тіл саясаты бойынша заңнамалық
құжаттарда басым бағыттардың бірі ретінде көрсетілген.
Жаңа сөздердің қалыптануы төмендегі үдерістер арқылы жүзеге
асырылады:
– жаңа сөз жеке адам тарапынан ұсынылады – баспасөз беттерінде
жарияланады – талқыланады (1991-1993 жылдар арасында «Ана тілі»
газетінде100-ге тарта жаңа сөз жарияланып, көпшілік талқылауына ұсынылған;
мысалы,
айналым, айнамұз, мұзойнақ, мұзайдын, ақтаңдақтар, құлаққалқан,
Достарыңызбен бөлісу: