АЛҒы сөз көп ұлтты болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз



бет3/3
Дата09.06.2016
өлшемі0.5 Mb.
#126124
1   2   3

ЫРЫС АЛДЫ – ЫНТЫМАҚ

Ақпарат сағаты

Орыс, ұйғыр, неміс те

Үміт қосып жеңіске!

Жұдырықтай жұмылды

Келешегі кең іске!
Өзіңдікі – Туың да,

От пен ауа, суың да!

Жаса, Қазақстаным,

Белді бекем буын да!

«Әр халықтың тілі – қайнар судың тұнбасындай мөлдір, ал дәстүрі саф алтындай бағалы, ән-жыры үн болған шалқар дариясы. Сондықтан бейбітшілік пен татулықтың тоғысында елдің болашағы жастар болып, бұл мерекені тойламақпыз, өйткені бұл беріктігіміздің айнасы, татулығымыздың тұтқасы. Баршамызды бір шаңыраққа біріктірген Отанымыз тұрғанда біз Достыққа сенеміз!» – деп өздерінің еліміздің жарқын болашағына деген сенімдерін білдіріп, білім мен өнерді, жаңашылдық пен ізгілікті, достық пен бірлікті өздеріңе үлгі тұта біліңдер.

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. 1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым.

Ассамблея 365 мүшесі, 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктері 500-ге жуық кіші ассамблея мүшелерінің бастарын біріктіріп, біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Осының бәрі Елбасының қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында мүмкін болуда.

Өзара түсіністік, ұстамдылық, әр түрлі ұлттар өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау әдебі барлық этностарға ортақ жалпы халықтық идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етті. Нәтижесінде әрбір ұлт конституциялық-құқықтық заңнама негізінде өзіне тән этностық ерекшелігін сақтай отырып, Қазақстанның қоғамдық құрылымына үйлесті сіңісе білді.

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мәселелер қатарында ерекше көрсетіліп кеткен бағыттың бірі — Қазақстан халықтары Ассамблеясының рөлін нығайтуға байланысты "Қоғамдық келісімді және тұрақтылықты әрі қарай нығайту үшін Қазақстан халықтары Ассамблеясының рөлін арттыру” мәселесі. Бағыттың бұлай аталуының өзі өзіндік этносаралық және конфессияаралық келісімнің жетілдірілген моделі қалыптасқан Ассамблеяның ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтудағы ерекше орган болып табылатындығын көрсетеді.

Қазақстанның саяси жүйесінде маңызды тұтқа болып табылатын Ассамблея бүгінгі таңда барлық этностардың мүддесін ортақ қазақстандық мүддеге айналдыруды, ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан барлық азаматтардың құқығы мен еркіндігін сақтауды қамтамасыз ететін қоғамдық институт ретінде толығымен қалыптасты. Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен этностар қалыптастырған ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған қазіргі мол тәжірибе этносаралық проблемаларды шешудің әлемдік тәжірибесіне енуде.

Жолдауда атап көрсетілгендей, "қоғамдық келісімді әрі қарай нығайту еліміздің қалыпты дамуы мен әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру тәрізді үстеме міндеттерді шешудің негізі болып табылады”.

Жолдауда "Қазақстан халықтары Ассамблеясының практикалық қызметі мен жауапкершілігі аясын кеңейтіп, оның беделін барынша арттыра беру, әсіресе, заңнамалық деңгейде арттыру қажет” деп көрсетілген. Осыған орай Ассамблея жұмысы маңыздылығын арттыру мақсатында оның ғылыми және құқықтық базасын жетілдіру қажеттілігі тәрізді өзекті мәселе күн тәртібіне қойылып отыр.

Жалпы, Елбасы келешекте Ассамблеяның республикамыздың алдағы даму уақытының жаңа кезеңінде келесі төрт міндетті дәйекті түрде шешу керектігін атап көрсетті. Олар: Қазақстандағы ұлтаралық тұрақтылықтың кепілі бола алатын, елдегі бейбітшілікті қамтамасыз етудің негізі болып табылатын халықтардың бірлігін нығайту және Қазақстан қоғамын жаңартудың саяси идеология мен ағымдағы "сұраныстан” биік тұратын негіз қалаушы құндылықтары бойынша арнайы қоғамдық келісімді қолдау мен дамыта беру, біртұтас қазақстандық қоғам құрудың негізі болып табылатын Қазақстанның барлық азаматтары үшін олардың ұлттық, әлеуметтік шығу тегіне қарамастан, тең мүмкіндіктерге негізделген біртұтас азаматтығын нығайту, қоғамдағы этносаралық және конфессияаралық келісім мен ықыластылықты одан әрі нығайтуға қажетті қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені, сондай-ақ келеңсіз оқиғаларды болдырмау және әрбір азаматтың конституциялық мүддесін қорғауға бағытталып отырған қоғамдағы экстремизм мен радикализмнің кез келген көріністеріне және біздің азаматтарымыздың конституциялық құқықтарына қысым жасауды көздейтін әрекеттерге қатаң, әрі дәйекті тұру міндеттері болып табылады.

Бүгінгі таңда Қазақстан халықтарының Ассамблеясы – ұйымдық құрылым ғана емес, ол біздің өміріміздің ажырамас бөлігі, біздің тыныштығымыз бен бірлігіміздің белгісі.

Өткен уақыт ішінде Қазақстан халықтары Ассамблеясы ұйымдық жағынан нығайып, өз іс-қимылдарының тиімді бағытын тапты, мемлекеттік құрылыс процестеріне, трансформациялық әлеуметтік-экономикалық жаңғырту, саяси тәуелсіздік және егемендік жағдайында принципті жаңа қоғамдық қатынастарды қалыптастыруға оңды, жан-жақты және тиімді ықпал етуде. Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрылымы аясында біз саяси тұрақтылықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтай алдық. Қазақстан халықтары Ассамблеясының стратегиясы арқылы тұрақтылықты сақтап, кең ауқымды әлеуметтік және саяси жаңартуларды бастадық. Ассамблея шеңберіндегі біздің жұмысымыз – Қазақстанның өркендеуінің кепілі.

Мемлекетіміздің ұстанған ұлттық саясатын насихаттау мақсатында Қазақстан халықтары Ассамблеясы шетелдік ұйымдармен қарым-қатынасты нығайта түсуде. Осы мақсатпен өткен жылы Германия, Бельгия, Нидерланды, АҚШ, Украина, Ресейге арнайы сапарлар ұйымдастырылды. Аталған елдерде делегация мүшелері Бундестаг, Еуропарламент депутаттары, Тең мүмкіндіктер орталығы, БҰҰ, америкалық сыртқы саясат ұлттық комитеті басшылары және саяси қайраткерлермен кездесулер, дөңгелек үстелдер өткізді. Конференциялар ұйымдастырылып, тәжірибе алмасулар жүзеге асырылды. Қазақстан халықтары Ассамблеясының аларынан берері көп екенін мойындаған шетелдік әріптестер оның 12 жылдық тәжірибесіне қызығушылық танытып жатты. Бельгиядағы Тең мүмкіндіктер және нәсілшілдікке қарсы күрес орталығының директоры Йозеф де Витто дәл осындай ассамблеяны өз елінде құруды орынды деп атаса, Фордхэм университетінің профессоры П.Мордвидж "Қазақстан көп ұлтты мемлекеттердің ішінде жоғары жетістікке жеткен алғашқы ел, сондықтан ұлтаралық келісімнің қазақстандық моделін әлемдік тәжірибеде қолдану керек” дей отырып, еліміздегі бүгінгі жағдайға жоғары баға берді. Ал Ресейде біздің Ассамблеяның үлгісімен Ресей халықтарының Ассамблеясының құрылуы қазақстандық тәжірибенің маңыздылығының айқын дәлелі болып табылады.

Қазір Қазақстанда елдің ұлттық-мәдени алуандылығын қоғамдық дамудың оң ықпал етуші факторына айналдырудың барлық алғышарттары бар. Бүгінде байтақ елімізді мекендеген барлық ұлттар мен ұлыстар патриотизм ұғымын жаңаша түсіне бастады. Олар бұл ұғымды тек ата тегімен ғана байланыстырып қоймай, Қазақстанның мемлекеттілігі, басқа ұлттың мәдениеті мен дәстүріне деген толерантты көзқарас сияқты қасиеттер арқылы қарастыруда.

Жетекші сарапшылардың пікіріне сүйенсек, қазақстандық қоғамдағы қалыптасқан толеранттылықтың негізінде бірнеше фактор жатыр.

Бірінші фактор – адамдардың елдің болашағына сеніммен қарауы. Қазақстанның 2030 жылға дейін даму Стратегиясы нақ өмірлік болашаққа деген сенімділікті, түсінушілікті арттырған құжатқа айналып, қоғамымыздың қарқынды түрде дамуын алға жетелеудің болжамды жоспарын ұсынды. Ал Стратегияда айтылған жоспарларды сатылай жүзеге асыру ел азаматтарының әлеуетін жүзеге асыруға зор мүмкіндіктер береді.

Екінші фактор – еліміздің өткен тарихы. Халқымыз бірде кең байтақ елінің ен даласынан көз алартқан сырт дұшпанға ұлтарақтай да жерін қимай, жауымен қасық қаны қалғанша шайқасатын қаһарлы қазақ болса, енді бірде табалдырығын аттаған қонағын құдайдай күтіп, оған дастархан боп жайылуға, төсек боп төселуге дайын дархан қазақ. Толеранттылық сөзінің бір синонимі "қазақы мінез” болар, сірә.

Үшінші фактор – мемлекет құраушы жергілікті халықтың өзіндік ерекшелігі. Қазақтар мыңдаған жылдар бойы сыртқы жағдайлардың өзгеріп тұруында өзіндік бейімделу мүмкіндіктерін көрсете алған ұлы көшпенділер мәдениетінің мұрагерлері. Қазақ жері арқылы өткен Ұлы Жібек жолы Батыс пен Шығыс өркениетін байланыстырушы алтын көпір іспеттес қызмет атқарып, керуен жолдары мәдениет және біліммен екі бағытты да сусындатты. Көне қазақ жеріне өзіндік зор ықпалын тигізді. Жалпы, Жібек жолының қазақ жерінен өтуінің өзі мәдениет әртүрлілігін, басқалар мәдениетіне, тіліне және діни көзқарасына деген түсінушілігін қалыптастырғаны белгілі.

Төртінші фактор – қазақтың ұрпағын кек сақтамайтын етіп тәрбиелей алу қасиеті. Қазақ басынан тағдырдың талай қатал сынын кешірді. Беріден қайырғанның өзінде, ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы Жоңғар шапқыншылығы, Ресей империясының езгісі мен кешегі Кеңес өкіметі заманындағы зобалаң аштықты басынан кешіріп, саяси қуғын-сүргіннің де құрбаны болған халық. Алайда, қылышынан қан тамған замандарда таңдары азаппен атса да, басқадан кек алу мақсатында қылышын қайрамаған, тағдырдың ауыртпалығына қайсарлық танытқан халық. Өткенге бой ұсынбай, келешекті аңсап ел бірлігі мен молшылығын бата тілегіне қосып ұрпағына аманат ретінде қалдырып отырған халық.

Бесіншіден, жазба әдебиеті кешірек дамығанмен, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде жеткен, сарқылмас мол қазына болып табылатын ауыз әдебиеті, батырлар жырлары, Қазтуған, Шалкиіз толғаулары мен Доспамбет, Бұқар жырау, Дулат, Махамбет сынды жауынгер ақын-жыраулардың отаншыл шығармашылығы арқылы бүгінгі ұрпағына Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптеп, қазақ болып туғанын мақтанышпен ауыз толтыра айтуға мүмкіндік беріп отыр. Тарихы бар халық қана – ұлы халық.

Алтыншы – халықтың ұлылығын танытатын тағы бір белгі – оның тілі. Сонау ХІХ ғасырда қазақ мәдениеті мен тілін зерттеген Еуропа ғалымдары түркітанушылар В.Радлов, П.Мелиоранскийлер "түркі тілдерінің ішінде ең таза тіл – қазақ тілі” екенін атап кетеді. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы А.Байтұрсынов қазақ тілін былай деп бағалайды: "түркі тілін ХХ ғасырға дейін аздырмай, қаз-қалпында сақтап келген алғыс пен абырой қазаққа тиіс”. Тілге деген бұдан асқан баға болмаса керек. Қандай қиын кезеңдерді бастан кешірсе де, қиыннан қиыстыра алатын тілінің байлығын, оның тазалығын кейінгі ұрпағына жеткізе алған халық ұлы халық емес пе?!

Жетінші – жаугершілік замандарды басынан кешіріп, халық ретінде жойылудың аз-ақ алдында болған қазақ "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” заманды аңсап, бейбіт өмірді қалаған халық екенін танытып, бауырына сан ұлттың баласын басып, дастарқанын бөлісіп, талайға баспана беріп отыр. Бүгінгі көп этносты Қазақстандағы татулық пен келісімнің болуы да, ең алдымен қазақтың ұлылығын танытса керек.

Мемлекет құраушы халық ретінде қазақ халқы елдегі этносаралық бірлік пен келісімнің сақталуына қалай жауапты болса, басқа этностар да мемлекеттің алдында өз жауапкершілігін соншалықты сезінуі қажет деп ойлаймыз.


БІЗ ДОСТЫҚТЫ СҮЙЕМІЗ

Тәрбие сағаты

Мақсаты: «Достық», «Өзара сыйластық» ұғымдарының адамгершілік құндылықтары ретіндегі мәнін ашу. Тәуелсіздік жайында түсінік беру.

Міндеттері:

  • Оқушы, мұғалім және ата – ана арасында жағымды қарым – қатынас жасауға, ата – аналардың мектеп өміріне араласуына, өздерінің бала алдындағы жауапкершіліктерін, оларға қажет екендігін сезінуге бағдарлау.

  • Өзара сыйластық, өзара түсіністік, өзара көмек қарым – қатынастарын дамыту, Отанына деген сүйіспеншілігін арттыру.

  • Отбасы – Отанның бір бөлшегі екендігін ұғындырып, оқушыларды ынтымақ пен бірлікке, татулық пен ұйымшылдыққа тәрбиелеу.

Көрнекі құралдар. Сюжетті суреттер, үнтаспа, үлестірме қағаздар, гүлдер, жүрекшелер.

Әдісі: Ата – аналар мен балалардан құралған командалар арасындағы сайыс түрінде өтеді.

Кіріспе сөз: Бүгінгі біздің ата – аналармен бірлесіп өткізгелі отырған сабағымыздың тақырыбы «Біз достықты сүйеміз» деп аталады.Себебі, достық бар жерде бірлік, татулық болады. Сол достықтың арқасында осындай бейбіт жерде өмір сүріп жатырмыз.

Сабақ өзін - өзі тану пәнінің тәсілдерін қолдану арқылы өтіп қана қоймай, жарыс түрінде өтеді. Сынып оқушылары мен ата – аналардан үш топ құралып, топтарға ат қойылады. 1 – топ – Жігер тобы. 2 – топ – Бірлік тобы. 3 – топ – Парасат тобы.

Тапсырмалардың барлығы да тақырыпқа қатысты беріледі. Дұрыс орындалған тапсырмаларға жүрекшелер беріледі. Әр тапсырмамен сайыс кезінде танысып отырасыздар. Сайысымызды бастамас бұрын шаттық шеңберіне тұрайық.

1. Шаттық шеңбері:

Оқушылар үлкен шеңбер құрады, ата – аналары ішкі шеңберде тұрады. Оқушылар:

Әрқашан дос, біргеміз,

Ажырамас іргеміз.

Ту ғып ұстап бірлікті,

Тату – тәтті жүреміз.



Ата – аналар.

Достық - өмір тірегі,

Достық - әр адамның тілегі.

Татулық дәйім сақталса,

Қуанышпен соғады әр адамның жүрегі.

2. Әңгімелесу. «Достық.» тақырыбы бойынша әңгімелеу. Бұл тақырыпты еліміздің тәуелсіздігімен байланыстырып айтуға болады.

3. Дәйек сөз. Әр топ бүгінгі тақырыбымызға қатысты қандай дәйек сөздер айтуға болатынын айтады, ішінен біреуі таңдалып алынады. Ол дәйек сөздердің мағынасы түсіндіріледі. Мысалы: «Достық қымбат өмірде»

4. Шығармашылық жұмыс. «Балғын бояу» айдары. Әр топ «Достық қымбат өмірде» тақырыбына қатысты сурет салады. Салған суреттерін қорғайды.

5. Өзіммен өзім. Үнтаспада баяу музыка қойылады. Мұғалімнің айтқан сөздерін көз алдына елестетіп және әңгіме барысын сезінуге тырысады.

- Біз барлығымыз ыңғайланып отырайық. Көзімізді жұмсақ та болады. Өзімізді «Достық пен бірліктің» елінде жүрміз деп елестетейік. Бұл елде үлкендерді құрметтеп, кішілерге қамқорлық жасайтын, Отанын сүйетін, жүректері мейірім мен сүйіспеншілікке толы, денсаулығы мықты, ер жүрек адамдар мекен етеді. Солардың ішіндегі ең қадірлі адамдар әрине біздің әрқайсымыздың ата – анамыз, ең сүйкімді де қылықтысы әрине біздің кішкентай балаларымыз. Олар қашан да бір – біріне көмек көрсетуден, қамқорлық жасаудан шаршамайды. Біз барлығымыз осындай достық пен бірлік елінде өмір сүріп жатқанымызға қуануымыз керек.

Енді бұрынғы қалпымызға түсіп, көзімізді ашайық. Тақтада Қазақстан картасы тұрады. - Бұл қандай ел ? Ол біздің Қазақстан.

6. Жаттығу – ойлану.

1. Берілген сөздерді пайдаланып достық, бірлік тақырыбына өлең құрау.

Менің елім ------------

---------- ---- жарасқан.

Ту ғып ұстап ---------------

------- ---------- алыстан.



7. Мақал – мәтел жарысы. «Мақал айтсаң – жол көрсеттің, мәтел айтсаң – жанымды жайландырдың» демекші, мақал – мәтел айтып жарысайық. Үш топқа үш тақырып беріледі.

1. Достық, татулық.

2. Отан, туған жер.

3. Еңбек, еңбексүйгіштік.

Осы үш тақырыпқа қатысты мақал - мәтелдер айтып жарысады.

8. Ойын жаттығу: «Мен достықты сүйемін, себебі мен .........» деп аталатын ойын – жаттығуда балалар мен ата – аналар өз білім – біліктерін қолданып, ой қорытындысын жасауға мүмкіндік алады.

9. Қорытындылау. Әр топтың жинаған жүрекшелерін санап жеңімпаз топты анықтау, марапаттау.

10. Жүректен жүрекке. Әр топта балалар ата - аналарына үлкен жүректі ұсынып, тілектер айтады. Ата – аналары ол жүректерді тақтадағы күн шапағына жапсырады. «Достық» әнін хормен айтады.

Жарыс сабаққа қатысқан ата – аналардың пікірі тыңдалады.


ДОСТЫҚ – БІЗДІҢ ТІРЕГІМІЗ!

Мерекелік кеш

1-Мамыр Қазақстан Халықтарының Ынтымақ күніне арналған «Достық біздің тірегіміз!»-атты әр ұлт өкілдерінің фестивалі

Фанфара ойналады.

2-жүргізуші сахнаға шығады.



1-жүргізуші:

Ауылым туған, гүл тергем сенен алғашқы,

Көгілдір аспан, көк жиек, орман-шарбақты.

Көзіме алғаш кезіккен қайда бозторғай,

Көкегім қайда жамылған жолақ шарқатты,

Сыңғырлы Жайық, сыбдырлы тоғай, гүлді қыр,

Өздерің болып санама бала тұнды жыр.

Көгімнен құлап, көңілімді жатты жылытып,

Көзімнен ойнап, күміске бояп күлкі нұр.

2-жүргізуші:

Бірінші мамыр!

Достықтың ұлы мейрамы

Тоғысар сенде жандардың ізгі ойлары

Татулық пенен бірлікке ынтымақ, адамзат,

Өзіңді сәнмен қошемет етіп тойлайды!


1-жүргізуші: Қазақстан бүгінде ұлттар мен ұлыстар мекендеген достық пен туысқандықтың, ынтымақ пен ырыстың ордасына айналды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықтар достығы бірлік пен татулық орныққан елдің жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан болуы керектігін ұлы міндет етіп қойды. Қазақстан халықтары осынау ұлы көштің басында қол ұстасып бірге жүрмек.

2-жүргізуші:

Назданып бүгін өмір нұрлы күні,

Қыр беттің қызғалдаққа тұнды гүлі.

Мамыр боп, айбары асып асқақтайды,

Еңбек, Бақыт, Береке, Бірлік күні

1-жүргізуші:

Қаһарман, қас батырға дабылы сай,

Арманға жетелейтін ағыны бай.

Мен сені қуанышпен қарсы аламын,

Ажарың ақ-шуақты мамырым-ай.

2-жүргізуші:

Ынтымақ, бірлік, достық, татулық

Бабалардан қалған дәстүр айтулы

Түгелденіп төртеуіміз төрде тұр

Тәуелсіздік туы мәңгі тұғырлы

Құрметті қонақтар! Жүздерімізге шуақ, бойымызға қуат әкелген 1-мамыр Қазақстан Халықтарының ынтымағы мен бірлігі күні құтты болсын! Бүгінгі мерекемен құттықтау үшін сөз ___________________________ беріледі.



Ән: «Әрқашан күн сөнбесін» орындайтын: Трио

1-жүргізуші:

Күте тұғын асыға әр күнін біз,

Арналатын ең тәтті ән жырымыз

Мерекелі мерейлі айдың басы

Құтты болсын Бірінші Мамырымыз!

2-жүргізуші: Қазақстан Республикасының Президентінің жолдауы еліміз үшін де, әрбір тұрғын үшін де асыға күтер оқиғаға айналды. Жолдаудың әр жолында көңіліңді көтеретін жылы шуақ, елдің ертеңгі көрінісін көз алдыңа келтіретін нұрлы қуат бар. Жаңа Қазақстанның көркейіп нұрлануына бірлесе үлес қосайық, ағайын.

(Әуен ойнап тұрады. Сахнаға ұлттық киім киген қазақтар шығады. Олар өз өнерлерін көрсетеді. 1-ән, 1-қазақ биі).

1-жүргізуші: Қазақстан Республикасын мекен еткен 130 дан астам ұлт өкілі күні бүгінге дейін ынтымақтастыққа, бір үйдің баласындай тату-тәтті жарасымды тіршілік кешіп келеді. Жүзі басқа болғаны мен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды, сондай-ақ қазақ халқының қарапайымдылығы, қонақжайлылығы, бауырмалдылығы үшін ерекше бағалайды, бастысы-өздері қоныс тепкен Қазақстан жерінің барлық ұланымен ауыз бірлікте, туыс болуды көздейді.

2-жүргізуші:

Тілі басқа тілегі бір біргеміз,

Өздеріңмен жүздесеміз күнде біз.

Мақсат ортақ, бейбітшілік ұран боп

Татулықтан бұзылмасын іргеміз.

(Орыс халық әнінің әуені естіліп, сахнаға Орыс халқының ұлт өкілдері шығады)

1-жүргізуші: Қазір республикамыздың мектептері 9 тілде :қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік, украин, татар, неміс және ағылшын тілдерінде білім береді. 15 тіл ана тіл ретінде оқылады. 22 ұлттық-мәдени бірлестіктердің жексенбілік мектебі бар.

(Сахнаға Украин халық әнінің әуені естіліп, сахнаға Украин ұлт өкілдері шығып өз өнерлерін көрсетеді).

(Сахнаға Өзбек халқының ұлт өкілдері шығады.1-ән,1-биін көрсетеді)

(Енді сахнаға Кәріс халқының ұлт өкілдері шығады.1-ән,1-биін орындайды)

(Енді сахнаға неміс ұлты шығады.. 1-ән,1-биін орындайды)

2-жүргізуші:

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,

Мен оның қасиетті тілім сүйем,

Мен оның құдіретті үнін сүйем.

1-жүргізуші:

Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,

Бәрі маған: «Отан!»-деп сыбырлаған

Жаным менің, Кеудемді жарып шық та,

Бозторғайы бол да оның шырылдаған.

(Татар халық әнінің сазы естіліп,сахнаға Татар халық ұлт өкілдері шығады. 1-ән,1-биін көрсетеді)



2-жүргізуші:

Бұл күні қырқаларға гүл тұнады,

Бар әлем бір-ақ сәтте құлпырады.

Әлемге дос құшағын жая келген,

Армысын, бар халқымның ынтымағы!

Бармысын, қазағымның ынтымағы!



(Сахнаға Грузин халқын шақырамыз)

1-жүргізуші:

Әйнегі күн, шатыры аспан,

Кең дала, төсі толқыған ән.

Көлдері көкке күмістер шашқан,

Қазақстан-Республикам менің!

2-жүргізуші:

(Енді сахнаға Үнді ұлтының өкілдерін шақырамыз).

Ынтымағы жарасқан берек күн,

Білдіреді болашақ ел ертеңін.

Татулық пен достығың арта берсін.

Құтты болсын бүгінгі мереке күн.

(Келесі сахнаға Ұйғыр ұлтының өкілдерін шақырамыз).

1-жүргізуші: Күні кеше ғана Елбасы жолдауынан қуат алып жігерленген жұртшылық бірлік пен тірлік, бейбітшілік,достық салтанат құрғанда дана бақыт пен шаттық, ынтымақтастық орнаған да ғана болашағымыз баянды болатынынына кәміл сенеді.

2-жүргізуші: «Қазақта бірлік болмай, тірлік болмайды» - деген ұлағатты ұғым бар. Ендеше елімізде бейбіт өмір сүріп жатқан ұлттармен ұлыстар өкілдерінің татулығы артып, Қазақ елінің нығайып, өркендеуіне өз үлесімізді қоса берейік.

Ұлт өкілі: Мына бір аңызға тоқталайық

«Бір кісі бармақтай құсты ұстап алып торға қамап қояды. Тұтқын құс күні-түні дамыл көрмей «Отан», Отан, Отан.... » деп шырылдай береді. Құстың иесі: «Мұның да Отаны болғаны ма, ал Отаны болса қайда екен?» құсты ұшырып жеберейін де, ұшқан жағына қарап, ғажайып елге апаратын жолды біліп алайын» деп ойлайды. Сөйтіп торды ашып, құсты босатып жібереді. Құс ұшып шығып бар болғаны 10 қадам жердегі тастақты тақырдың арасында өскен жалғыз түп тікенге барып қонады. Сөйтсе, әлгі бұтада ұясы бар екен «Демек құстың Отаны - ұя салған жері болды ғой» деп ойлайды жаңағы адам. Шынында да адам түгілі құстарда ұя салып, мекендеген жеріне бауыр басып кетеді екен!

Туған жердей жат елдің болмайтыны ақиқат

Оған көңіл толмайтыны ақиқат.

Алтын торда алтын құс өсірсең де, бұлбұл құс

Өскен бағы болмаса, қонбайтыны ақиқат!



1-жүргізуші:

Қазақ жері достықтың гүлстаны

Дархан өлкем мерейлі ырыс бағы

Күрестерде еңбекте, мерекеде

Мұнда сан ұлт қолдасып ту ұстады.

Ән «Ақ көгершін»-орындайтындар: Дуэт

Ән «Атамекен»-орындайтын хор.

1-жүргізуші: Осымен 1 мамыр Қазақстан Халықтарының Бірлігі күніне арналған мерекелік бағдарлама аяқталды. Мереке құтты болсын ағайын!Құттықтау сөз ата-аналарға беріледі.

2-жүргізуші:

Ұлыстарымыз тамыр болған ежелден,

Кімдер қашсын қазақтайын ер елден

Достығымыз ғасырларға жарасқан



Туған елім, шарықтай бер кемелден!

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
Камалбекова, А. Тілі басқа, тілегі бір / А.Камалбекова // Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар. - 2011. - №4. - Б. 17-20..
Құлманова, Злиха. Тыныштық, туыстық, ұғыстық / З.Құлманова // Сыныптағы тәрбие. - 2009. - №3. - Б. 16-18.


ИНТЕРНЕТ РЕСУРСТАРЫ:

http://45minut.kz/?p=2875
http://infust.kz/2012/01/yntymaq-dostyq-kepili-tarbie-sagaty/
http://www.kuttybolsyn.kz/663-1-mamyr-azastan-halytaryny-brlg-knne-tlekter.html
almaty-akshamy.kz?p=2243
kaznmu.kz
http://bilim.idhost.kz/ustaz/406-dostyk-bizdin-itregimiz.html


МАЗМҰНЫ
Алғы сөз .............................................................................................................2
ТІЛІ БАСҚА, ТІЛЕГІ БІР

Xалықтар достығы фестивалі ...........................................................................3
ТЫНЫШТЫҚ, ТУЫСТЫҚ, ҰҒЫСТЫҚ

Қызықты ақпараттар сағаты ...........................................................................8
Достық әнін шырқайық!

1 мамыр – Халықтар бірлігі мерекесіне арналған сазды бағдарлама .........11
ЫНТЫМАҚ - ДОСТЫҚ КЕПІЛІ.

Тәрбие сағаты ......................................................................................................15
1 МАМЫР ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ

9КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ҚҰТТЫҚТАУ-ТІЛЕКТЕР .......................................19
1 МАМЫР – ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ МЕРЕКЕСІ

Қызықты хабарлама сағаты ............................................................................23
ЫРЫС АЛДЫ – ЫНТЫМАҚ

Ақпарат сағаты ..................................................................................................26
БІЗ ДОСТЫҚТЫ СҮЙЕМІЗ

Тәрбие сағаты ......................................................................................................30
ДОСТЫҚ – БІЗДІҢ ТІРЕГІМІЗ!

Мерекелік кеш ......................................................................................................32
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ .......................................................................................36
Мерзімді басылым беттерінен және Интернет ресурстарынан жинақтап, құрастырған Мусабалинова Р.Б.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет