Қазақстанның қазіргі өнеріндегі негізгі үрдістер мен бағыттар.
Қазіргі Қазақстанның мультимәдени кеңістігіндегі қазақ мәдениетінің орны.
Заманауи қазақ мәдениетіндегі рухани дәстүрлер мен жаңашылдық үдерістер.
Бұқара мәдениеті мен тобыр мәдениеі арасында айырмашылық бар екендігінен әңгімені бастаған жөн. Тобыр мәдениеті, біле-білгенге, американдық саясаттың ақпараттық, экономикалық бөлігі емес пе?! Олай демей не дерсің, егер Бзежинскийдің айтуы бойынша, американдық теледидар бағдарламалары мен киноөнімдері әлемдік сауық индустриясы нарығының төрттен үш бөлігін алып тұрған болса? Осыдан тобырлық сауық мәдениетін бет-бейнесіз дегеніміз жөнсіз бе деп те күманданасың. Тобыр мәдениетінің бетін "тырнап" қалсаң астынан ақсиған ақ тістерге толы жиылмас езу иелерін – "американдық арманды" іске асырушыларды көргендей боласың.
Сонымен, халықтық өнер – халықтың өзін-өзі танытуының табиғи жолы, ал тобырлық немесе сауықтық мәдениет деп қазіргі БАҚ-тың кеңейе күрделенуіне сай туындаған тұлғасыз, бет-бейнесіз қарабайыр көпшілікті, БАҚ арқылы сананы жаулап алуды, сөйтіп онымен манипуляциялауды, яғни өз дегеніне көндіруді көздеген мәдени құбылысты атауға болады. Сондықтан жөні – бұқаралық мәдениет деп атап жүргеніміздің орнын әлеуметі тұрғысынан тобырлық, ал мазмұны тұрғысынан сауықтық мәдениет алады деп айту болғанымен де, ғылыми қолданыстағы терминді пайдаланбасқа тағы да болмайды.
Бұқаралық мәдениет туралы айтқанда М. Бахтиннің ортағасырлық карнавалдық күлкі мәдениетін, немесе, Ю. Кристева айтқандай, мениппеялық мәдениет туралы айтпаса тағы да болмас. Меннипея өз атауын б.э.д. ІІІ ғ. философы Гадарлық Менип атынан алып жатыр. Оның сатирлері бізге дейін жетпегенмен, біз олардың болғандығы жайлы Диоген Лаэрцийдің куәлігінен білеміз. Бұл терминді белгілі бір жанр атауы ретінде римдіктер енгізген. Варрон мениппеяға нақтылық берді. Мениппея – карнавалдандырылған жанр. Ол – өзгермелі де икемді жанр. Онда күлкілі де, қасіретнамалық та бастау қатар жатыр. Мениппея сөзді тарихи шектеулерден босатады. Нәтижесінде мениппеяда философиялық қиял мен ойдан құрастыру еркіндігі туындайды. Фантасмагория мен символика мениппеяда дөрекі натурализммен біріккен күйде. Жазылған оқиға мениппеяда ұрылар ортасында, таверналарда, базар алаңдарында, түрмелерде және т.б. жерлерде өтіп жатады. Мұндағы терең мағыналы нақыл сөз өмірлік ластықтан қорықпайды, өзіне арнайы мінбер, арнайы тыңдарман іздеп те жатпайды. Дәл бір аралас-құралас жатқан өмірдің өзі дерсің! Көбінде меннипеяда қалыптан тыс психикалық күйлер (жындану, екілену, арман, қиял, түс, өзіне өзі қол жұмсау және т.б.) сипатталады. “Мениппея тілдік шатаққа және эксцентрикаға бастайды” [64, 185 б.]. Мениппеялық сөздің мәртебесі – сұхбаттылық, амбиваленттілік. Мениппея көне заманның саяси журналистикасы іспеттес деуге де болады.
Жоғарыда тұжырымдағанымыздай, мәдениетаралық қарым-қатынастар жүйесінде мәдениет өнімдерін тарату барған сайын маңызды рөл атқарып келеді. Бүгін біз ақпарат таратудың жылдамдығына әсер ететін жаңа инновациялық тәсілдер, каналдар мен технологиялардың күрт өзгеріп кеткен техногендік өркениетте өмір сүріп отырмыз. Осы жаңа шындықтың туындатқан бұқара адамы (Хосе Ортега-и-Гассет) – бұқаралық мәдениеттің стандартталған, унификацияланған өнімі. Баспа станогы өзіндік дүниетанымға сүйенген өзіндік көзқарасы бар көрерменді, oқырманды дүниеге әкелсе, электрондық техника бет-бейнесіз жалпы көпшілікті (массаны) тудырды
Қазіргі зерттеушілер өз шығармаларында бұқаралық мәдениеттің пайда болуының түрлі уақытын көрсетеді. Кейбіреулер ол, тіпті, ежелгі өркениеттерде де болған деп пайымдайды. Бірақ, бәлкім бұқаралық мәдениет урбанизация, көпшілік сауаттылықты қалыптастырған жалпы ортақ білім беру ісімен және масс-медианың қалыптасуымен байланысты сипатталатын қазіргі өркениеттің жемісі деп есептеген жөн сияқты. Оған дейінгі бұқаралық мәдениет мүлдем басқа қасиеттерімен ерекшеленеді. ХХ ғасырдың басына дейін бірінен-бірі анық ажыратылған элиталық және халықтық мәдениет болған. Білім мен тәрбие алу мүмкіндіктері бар тектілер, ақсүйектер қалалықтардың арасында кең таралды. Екіншісі – сауатсыз, бірақ дәстүрлерді сақтап келген, қарапайым адамдар қалыптастырған қарабайыр мәдениет.
Бұқаралық мәдениеттің негізгі белгілері:
- қоғамдық пікірдің «сұранысына» қажетті күнделікті оқиғалардың объективтік түсіндірмесін қалыптастыратын, халыққа ақпарат беру сылтауымен өз мақсаттарын алға қоятын, бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) арқылы азаматтардың санасында билеуші элита мүдделеріне сай манипуляциялар жүргізетін және бұқаралық саяси қозғалыстарды қалыптастыратын ұлттық немесе мемлекеттік идеология мен насихат жүйесінің болуы;
- «бұқара адамына» өзін ғылымға, саясатқа, мемлекеттік өмірге және т.б. қатыстымын деп сезінуге мүмкіндік беретін, бұқаралық сана қабаттарына арнаулы зерттеу және сәйкес ғылыми дайындықты қажет ететін күрделі құбылыстарды, «халықтық» тілге «аударып» енгізетін, бұқаралық әлеуметтік мифология;
- түрлі әлеуметтік игіліктерді шексіз тұтыну процесін тіршілік мәні мен мақсатына айналдыратын қатардағы тұтынушының сұранысын басқаратын, беделді мүдделер мен мұқтаждықтар, өмір салты мен сапасының стандарттарын қалыптастыратын, жарнама мен сән индустриясының барлығы.
Қазіргі уақытта бұқаралық мәдениет өнімдерін таратудың жаһандық құралына айналып бара жатқан бұқаралық коммуникацияның Интернет (халықаралық ақпараттық жүйе) формасы да еніп келеді. Бүгіндері біздер қайтадан жаһандық деңгейде бәрінің бәрінен, барлықтарының барлығынан тәуелді болу кезеңіне өтіп барамыз. Бізді электрондық технологиялар сол бір әу бастағы акустикалық (дыбыстық) әлемге қайта келіп тыққандай. Онда болған оқиғаға бәрі куә, бәрі барлығынан құлағдар.
Қазіргі электронды байланыс әлемді “жаһандық ауыл” үлгісімен пішіп беріп отыр. Бүгінгі әлемдегі жаһандық өзгерістер оны жазуға дейінгі мәдениеттермен біртектес етіп отыр. “Пост-сауаттылық (post-literasy) жазуға дейінгі (pre-literasy) кездегі өзара байланыс пен өзара тәуелділік түрлерінен мүлдем бөлек форма” [80, 96 б.].
Сонымен, әлемде «жаһандық жаулап алу» (Маклюэн) орын алып отыр дей аламыз. Электрондық құралдардың пайда болуы әлеуметтік-мәдени тәжірибені, адамдық қарым-қатынастар формаларын және т.б. тарату тәсілдері туралы дәстүрлі көптеген түсініктерді өзгертеді. Қоғам тек элиталық мәдениетпен шектеле алмайды және сондықтан бұқаралық мәдениет өзінің түп тамырларын ұжымдық бейсаналықтың архетиптеріне жайып үлгерді, сөйтіп, қазіргі неомифологияны туындатты.
Қорытындылайық, бұқаралық мәдениет – мәдениеттің қазіргі кезеңіндегі көпфункционалды, объективті құбылысы. Бүгінде бұқаралық мәдениет үлгілері әлеуметтік өмірдің барлық қабаттарын қамтыған. Х. Ортега-и-Гассеттің көп шығармаларының негізгі сарыны бейтарап та бейқам бұқаралық мәдениеттің қауіпті дертінің бірі – ХХ ғасыр мәдениетінің (соның ішінде, әсіресе, Батыс Еуропалық мәдениеттің) өз даму барысында өзіндік тұрақты координаттарынан айырылып қалып отырғандығы.
М. Маклюэннің айтуы бойынша, қатынас құралдарының өзгерісіне байланысты болатын мәдени кезeңдердің біреуінен екіншісіне аттап өту барысында көптеген үйреншікті мәдени элементтердің жоғалуы және өзінің басты маңызынан айырылуы мүмкін, бірақ оны ешқашан күйреу, дағдарыс нәтижесі деп қарастырмау керек. Ондай құбылыстар орын алғанымен де, жалпы,прогрессивтік идеяны жоққа шығаруға болмайды деп есептейді. Дағдарысты міндетті түрде қаралауға, теріс коннотаттармен толтыруға болмайды, ол дағдарыс, кейде, керек десеңіз, жемісті болуы да әбден мүмкін.
Жоғарыда берілген кезеңдемеге сай, соңғы, үшінші кезең немесе аудио-визуалды кеңістік кезеңі жаңа қарым-қатынас құралдарын – телеграфты, радионы, телефонды, теледидарды, компьютерді және тағы басқа ғылыми-техникалық прогресс жетістіктерін ала келді. Соның нәтижесінде баспа өнімдері және соған негізделген басқа да мәдениет институттары (әдебиет, тeатр, кітапхана,тағы сол сияқтылар) дағдарысқа ұшырап отыр. Кітапханадан оқушының, театрдан көрерменнің, әдебиеттен ақын-жазушылардың, өмірден эпистолярлық жанрдың - күнделік, хат, өмірбаян жазу ісінің қайтқан кезеңі келді. Көп ойланып, көп толғануды, өзіндік сананың рефлексиясын қажет ететін процесстер бірте-бірте ұмыт қалуға айнaлды. Адам менталитеті өзгеріске ұшырады.
Достарыңызбен бөлісу: |