Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
68
Қобыланды батырдың өшпенділігі тым тереңде
екенін білетін Ақжол би
онымен сөз таластырып әуре болмаған. «Құдайдың жазғаны осы болса оны да
көрейін» деп шідерімен оттап жүрген Ақжанбасын алдырған. Шарт киініп, бөтен
қарулары болмағандықтан түлкі, қасқыр соғуға деген қайың сойылын ұстап атына
мінген. Сол-ақ екен долы мінезді Қобыланды Көксеңгірге қамшыны басып жіберіп
қарсы шапқан. Ақжол атын тебініп үлгіргенше сала құлаш кеуделі Көңсеңгір
арқырап жетіп келген. Ақжол сойылын да жөндеп сілтей алмай қалды. Нардай
биік тұлпардың үстіне қарай соққан сойылы сауыт киген Қобыландының тек бүйір
тұсынан барып тиді. Қара Қыпшақ батыры тұлпарының қарқынын тоқтатпастан
Ақжанбасты кеудесімен қақтыра ырғытып бұзау бас қара шоқпармен өзінен сәл
төмендеу Ақжол биді дәл төбесінен қос қолдап ұрды. Ақжол биі түбінен
кескен
теректей дізерлей қалған Ақжанбасының үстінен күрс етіп құлап түсті. Дулығасыз
түлкі тымақ киген, мылжа-мылжа болған төртбақ денесі анандай жерге дейін
домалап кетті.
Қобыланды батыр бұрылып артына қараған жоқ, нөкерлерін соңынан ертіп,
Көксеңгірді ойнақтатқан бойы, іп-лезде көзден ғайып болды.
Ойламаған оқиғадан шошып кеткен Ақжол серіктері дереу қалың Арғынға ат
шаптырды. Бас сүйегі күл-талқан боп, миы әр
жерге шашырап жатқан аяулы
бидің нардай денесін алдарына өңгеріп Орда-Базарға қарай беттеді.
Әбілқайыр бұл кезде хан сарайында Бақты-Қожа уәзірмен оңаша отырған.
Уәзір хан тапсырмасының орындалып қалғаны жайында әңгіме шертуде.
Сүйіншік сұлтан туған шешесінің қылығын алғашқы естігенде сенбеген-мыс...
Сен менің анама қара жауып отырсың, жарып өлтірем деп қанжарын ала ұмтыл-
ған-мыс. Бірақ бұл оқиғаны «хан әкең де біледі. Сен айтпаған үкімді әкең айтады»
дегеннен кейін барып тоқтаған-мыс.
Шыңғысханның тас жүрек тұқымы емес пе, ақыры күнәлі анасын өлім
жазасына кесуге көнген...
Зұлым уәзір бұл жерде, біраз жағдайды жасырып қалған. Ол Сүйіншік
сұлтанмен әңгімесін бөтен түрде бастаған. Ханның өзге балаларындай емес, бұл
сұлтан Бақты-Қожа уәзірге жақын жүретін. Уәзір оны оңаша шақырып
ойындағысын айта алмай ұзақ отырған.
Хан уәзірінің көмейінде бір өте күрделі сөздің тығылып тұрғанын сезген бала
жігіт:
— Сөйле, Бақты-Қожа уәзір, — деген. — Байқауымша айта алмай отырған бір
құпия сырың бар секілді.
— Оның рас еді.
— Егер құпия
сыр маған арналған болса, екі құлағым сенде.
— Тек өзіңе ғана арналған. Тек сенің болашағыңа керекті сыр...
Тумай жатып Хан Ордасының өзара қанды таластарына әбден қанық Сүйіншік:
«Менің басыма қауіп туып қалған екен» деп шошып кетті. Сұлтанның бұл
жағдайын сезген қу уәзір:
— Бүркіт балапаны жаратылғанда қыран болам деп жаратылады. Хан баласы
туғанда хан болу үшін туады. Сенің әкең Әбілқайыр он жетісінде бүкіл Дәшті
Қыпшақты биледі. Ал одан туған сен, әлі жорға мініп алтыбақан тебуден аса
алмай жүрсің. Дер кезінде қабыршағын жарып жарық дүние
көрмеген балапан
тұншығып өледі, дер кезінде алтын таққа отыра алмаған хан ұлы, хан тағын арман
етер кеселге айналады. О да өлгенмен тең...