Арбитраждық келісімнің мазмұны. Арбитраждық келісімнің мазмұны маңызды рөл атқарады. Арбитраждық келісім анық болу керек және ол ең біріншіден дау берілетін арбитраждық мекеменің атауына байланысты болуы шарт. Ерпылева Н.Ю. ғалымның ойынша, арбитраждық соттың атауын дұрыс көрсетпеуден арбитраждық келісімнің жарамдылық мәселесі туындауы мүмкін.
Мысалы, пайда болуы мүмкін дау Алматы қаласындағы арбитраждық соттарда қаралады деп белгілеу арбитраждық келісімнің жарамсыздығын көрсетеді, өйткені Алматы қаласында мемлекеттік және коммерциялық институционалды арбитраждық соттардың саны өте көп болуы мүмкін. Мысал ретінде, МКАС- тың 5 ақпан 1996 ж. № 57/95 ісі бойынша шешімін келтірейін: «талапкердің берген талап арызындағы контрактінің ішінде келісідей арбитраждық ескертпе болған: «осы шарттан туындайтын барлық даулар мен келіспеушіліктер, егер оларды бейбіт жолмен шешу мүмкін емес болса, ондай істер арбитраждық сотқа беріледі. Арбитраж Мәскеу қаласында орналасқан және сауда палатасының ережелері мен рәсімі бойынша шешіледі». Арбитраждың шешімі тараптар үшін міндетті болады. Тараптар арасындағы контрактінің ішіндегі арбитраждық ескертпені түсіндіруде тараптардың МКАС туралы айтып отырғандығын және ешқандай дәлелдемелер берілмегендіктен, МКАС бұл контрактіден туындайтын дауларды қарауға құзыреті жоқ екендігін айтты «30.
Келтірілген мысалдан көрінетіндей, институционалды арбитраждың атауын толығымен көрсетпеу, арбитраждық мекеменің туындаған дауды қараудан бас тартуға және жауапкердің тұрғылықты жеріндегі ұлттық сотқа берілуіне әкеп соғуы мүмкін.
Арбитраждық іс жүргізу орны да маңызды талаптардың бірі болып саналады. Дауды қарау қай жерде жүргізілетіндігіне іс жүргізудің өзі, қолданылатын процессуалдық құқық , төрешілерді таңдау, үшінші елдерде арбитраждық шешімдерді мәжбүрлеп орындату мүмкіндігіне байланысты болады.
Арбитраждың өткізілу орны екі тарапқа да тиімді болу керек. Бұл контракт тараптарының бірінің орналасу жері немесе тараптардың қызмет жүргізу орны болуы мүмкін. Немесе мысалы, тауардың санына байланысты туындайтын даулар сатушының елінде, ал тауардың сапасына байланысты даулар сатып алушының елінде шешіледі деп көрсетуі мүмкін.
Арбитражды жүргізу орнын таңдауда құқықтық фактор маңызды рөл атқарады. Ел географиялық көзқарастан тиімді болу мүмкін, бірақ оның арбитраждық заңнамасы ескіріп оларды қолдану тиімсіз болу мүмкін.
Арбитраждық шешімді орындау қажеттілігіне байланысты арбитраждық соттың орнын анықтауда мемлекеттердің Нью- Йорк Конвенциясына қатысуы маңызды қағида болып табылады.
Арбитраждың өткізу орны, егер тараптар таңдамаса контрактіге қолданылатын материалдық құқықты таңдауға әсер ету мүмкін.
Арбитраждық келісімде қандай төрелік сот институционалды немесе ad-hoc соттары ма соны анықтау қажет. Егер, төрелік институционалды болса нақты қандай арбитраждық мекеме туралы айтылу керек. Егер, тараптар ad-hoc арбитраждық соттарын таңдаса және арбитраждың өткізілу орны Қазақстан аумағы деп анықталса, арбитраждың құрамы мен арбитраждық іс жүргізу «Халықаралық коммерциялық төрелік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелеріне сәйкес анықталады. Бұл заңның көптеген нормалары диспозитивті. Тараптар сондықтан төрелік келісімге ондай нормалардан басқа шарттар қосуы мүмкін.
Әрбір арбитраждық мекеменің контрактіге қолданылуға ұсынылатын арбитраждық ескертпесі бар. Осылайша мысалы, Қазақстан Республикасы Сауда- өнеркәсіптік палатасы жанындағы Халықаралық арбитраждық соттың ұсынатын арбитраждық ескертпесі: «Осы шарттан туындайтын барлық даулар мен келіспеушіліктер Қазақстан Республикасы Сауда- өнеркәсіптік палатасы жанындағы Халықаралық арбитраждық сотта оның Регламенті бойынша шешіледі».
Достарыңызбен бөлісу: |