Қалшабаева бибизия кенжебекқызы орта Азия қазақтары


«Ас-тағам мәдениетіндегі ерекшеліктер»



бет4/5
Дата24.02.2016
өлшемі494.5 Kb.
#17194
түріДиссертация
1   2   3   4   5

«Ас-тағам мәдениетіндегі ерекшеліктер» деп аталатын тараушада қазақ диаспорасының жергілікті халықтармен ықпалдастығы нәтижесіндегі қалыптастырған ерекшеліктеріне көбірек мән бердік. Қай халықтың болмасын тағамы сол халықтың қалыптасқан дәстүрлі шаруашылығымен байланысты. Сондықтан да ХХ ғ. бас кезеңіне дейін олардың тағамдарында сүт, еттен істелінген тағамдар мол болса, қала мен жер шаруашылығы дамыған аймақтарда дәнді дақылдардан, жеміс-жидектерден істелінген тағамдар көбейді. Ал үстіміздегі ғасырдың орта кезеңінен бастап, қазақтардың тағамында олардың пісірілу әдістерінде өзбек, тәжік халықтарының ықпалымен болған өзгерістер көбейді. Соның нәтижесінде қазақтардың тағамына өзбек ұлтының дәстүрлі тағамдары келіп қосылды Нанның қатырма, пәтір, таба, тандыр нан, бауырсақ, жұқпа нан, т.б. түрлерін жасаған. Қатырма нан ашытылған қамырдан жұқа (шелпектен қалыңдау) етіліп жайылып, майсыз, қыздырылған қазанға пісіріледі. Ол дөңгелек жұқа болып келеді. Таба нан қатырмаға қарағанда қалың жасалынып, арнаулы шойын тапаларда пісіріледі. Қаттама нандар өлген кісіге құран оқитын бейсенбі күндері беріледі. Түркіменстандағы қазақтарда «зағара нан» деген түрі де кездеседі. Оны көбіне диірменге тартылған жүгері ұннан ашытып жапқан. Ол тандыр нан сияқты болып келеді . Өзбекстандағы қазақтарда кең тарған тағамдардың бірі нарын. Оның наны да еттің қамырындай етіліп жайылады. Нарын қазіргі кезеңде жиын-тойларда еттің орнына беріледі. Түркіменстан қазақтарына жергілікті халықтардан енген «дуғрама» тағамы осы нарынға ұқсайды. Ол тұз салынбай, ұннан иленіп, ашытылмай тандырға пісіріледі. Піскен нанды майдалап турап, ішіне бас, сирақ, құлақ, жақ ішек-қарын, пиязды майдалап турап, бас-сирақ сорпасына бұқтырып қойып, артынан пиялаларға құйып береді. Ал, Ашхабад қаласының тұрғыны Қуан Тілектес ашытпаған қамырдан пәтір нан пісіріп, оны кісілерге туратып, сорпаға салып береді дейді. Осыған ұқсас «нан салма» тағамы да қазақтардың күнделікті тағамдарының біріне айналған. Мұны орта жүздер «нан салма» десе, өзбектер мен ұлы жүздер «шылпылдақ» деп атаған. Ал, Заравшан халықтары «май күлше» деп атаған.. Қызылқұм қазақтарында «қарабыламық» деген, яғни құйрықпен ұннан жасалынған қою быламықта жиі кездессе «қуырмаш» бидай мен майдан дайындалады. Бидай, тары, күріш көжелері Орта Азия қазақтарында қазірге дейін шөл басар сусын ретінде маңызды. Мұнан басқа қуырылып, келіге қайта түйілген тарыны ыстық сүтке салғанда, бөртіп шыға келсе, оны «сүт бөртпе» деп те атайды. Егер тарыға сары май салынып, мыжғыланса, оны «жаншыма тары» дейді. Мұндай талқандар бүгінде азайған. Түркіменстандағы қазақтар сусынға көбіне түйенің сүті шұбатты пайдаланған, бұл сүт түркімендерде – чал деп аталады. Сол сияқты түркімендердің варенник тәріздес жұмыртқадан жасалынатын юмуртга - тағамы да Хорезм өзбектерімен қатар қазақтарда да кездеседі. Карутц Р. Түріменстандағы қазақтардың тағамы жөнінде: «... қазақтар өздерін қоршаған ортаға бейімді бола отырып, олар тек күш жағынан ғана асып кетпей өздерінің тұрмыстық ерекшелігін түркімендерге де таңа білген дейді. Түркімендер қымызды қазақтардан үйренген сияқты, себебі, қымыз оңтүстікте де, шығыста не оазисте болмаған, тіпті түркімендердің молдалары қымыз ішпейді. Мангышлақтағы қазақтар қымызды ас ретінде пайдаланса, түркімендер тек шөл басар деп түсінді. Сондай ақ айран кең тарады», – деп жазды 43, 28-б.. Түркіменстандағы қазақтардың негізгі азығын да ет пен сүт құрайды.

Орта Азияда мекендейтін қазақтардың заттай мәдениетін зерттеу барысында мынандай қорытындыға келеміз. ХІХ ғ. аяғы ХХ ғ. 30 жылдарына дейін қазақтардың қоныстарында, баспаналарында киімдерінде және тағамында дәстүрлі ұлттық мәдениет сақталғанмен, қатар отырған жергілікті халықтың мәдениетінің кейбір элементтері кездесетін.



«Отбасылық әдет-ғұрыптарындағы жергілікті ерекшеліктер және жалпықазақи мәдени ғұрыптық үлгілер» деп аталатын бесінші бөлімде Қазақтардың отбасылық әдет ғұрып, салт дәстүрлеріндегі жергілікті халықтармен ортақтастықтар мен ерекшеліктер сипатталады.

Орта Азия елдеріндегі бірыңғай шоғырлана қоныстанған аймақтарда қазақ отбасылары шағын болғанмен де, әке-шеше қолында үйленген бір баласы міндетті түрде бірге тұратын. Ел арасынан жинаған деректерге қарағанда ертеде Қырғызстандағы қазақтарда бел құда жағдайында қалың мал бермеген . Ал, Өзбекстандағы қазақтар бел құданы кейде «қарын құда» не «құрсақ құда» десе, Түркіменстандағы қазақтар «ақтай құда» яғни екі достың балалары туылмастан жасалған сөз байлауын айтады, осы атаумен қарақалпақтарда атайтындығын К. Төлеубаева да көрсетеді 44,54-б.. Бірақ қазіргі кезеңде қазақ арасында құдалықтың бұл түрі көп кездеспейді. Кейбір информаторлардың мәліметіне қарағанда ертеректе Қарақалпақстандағы қазақтар бесік құда болғандығын бекіту үшін бесіктегі екі баланы алып, бір-бірінің құлағын тістетеді екен. Ол болашақта екі баланың өмірін байланыстыру мақсатында жасалынатын ырым деп көрсетеді. Жаушылыққа әдетте көбіне екі үш адам барса, Қарақалпақстанда екі әйел, үш ер адам жіберіледі, Тахтакөпір ауданында жігіттің ата-анасы, Қоңырат ауданында Өзбекстандағы қазақтар сияқты нағашы жағынан міндетті түрде бір адам ертеді. Бүгінде «жаушы» деген ұғым көп жерде айтыла бермейді. Түркіменстандағы қазақтарда соңғы кезеңдерге дейін екі жастың бас қосып неке құруы яғни қалыңдық таңдауы ата ананың еркі болатын. Қызды сұрауға Түркіменстанда 3 - 4 адам келеді, оларды қыздан сұраймыз деп кейде 3 - 4 рет келтіріп әурелеп те жататын болған. Бірақ ел арасынан жиналған мәліметтерге қарағанда ХХ ғ. 80 ж. бастап қалыңдық таңдау жастардың өз еркіне берілген, бірақ жігіттің тәртібіне байланысты әңгіме болса, қанша жерден болса да қызын бермеуге тырысады. Ал егер бір-бірін ұнатып қалса қашып кетпейді, ата ананың рұқсатын алады. Тек қалың малы түгелдей төленген соң ғана қызды ұзата алады. Қарақалпақстандағы қазақтарда ертеректе неке түрі негізінен құдалық жолымен болса, ХХ ғ. 70-80 жж. бастап алып қашып үйлену кең тарауда. Орта Азия қазақтарында ертеден неке құруда 7 ден 12 атаға дейін қыз алыспау (экзогамиялық неке) кең таралса. ХХ ғ. 60 -70 жж. бастап, жергілікті халықтардың ықпалы болуы мүмкін, жақын бөлелер: апалы-сіңлілердің балаларын қосу, жиендерден алу, т.с.с. бүгінде жиі кездеседі. Қазіргі кезеңде Орта Азия қазақтарында қыз әкесі жаушыға қызын беруге ризашылығын беріп жатса, нанды төртке бөліп сындырады (нан үзу), оны «нан сындыру» деп атайды, бұл құдалықты бекіту болып саналады. Нан адам үшін өте қасиетті ас, сондықтан нанды аттап, уәде бұзуға болмайды деп есептейді. Соңғы кездерде екі жақ та жастардың қалауын біліп, тек келісім шарттар жасауға барғанда көбіне әйелдер барады. Мұны Өзбекстанда «моншақ тағар» не «сырға салар» деп атаса, Қырғызстандағы қазақтар «қарғы бау» не «үкі тағар» деп атайды Қазақстанның басқа өңірлерінде «үкі тағар», оңтүстігінде де «сырға салар» т.б. деп әрқилы атаған. Екі жақтың құда болып, бауырласуының бір белгісі құйрық бауыр жеу. Қазіргі кезеңде енген бір өзгеріс туралған құйрық бауырдың үстіне айран құйып әкеледі, оның мәнісі бауырдай жақын, майдай жұмсақ, көңіліміз ақ болсын дегені. Құйрық-бауыр туралған табақ екі жақтың сөзін сөйлеп отырған құдалар алдына қойылады . Құдаласуды бекітетін бұл ғұрыпты Қырғызстандағы қазақтар жергілікті халық сияқты «көнек салар» деп те атайды. Ертеде малдың артериальды қанын ішу арқылы да құдалық бекітілгенін (бауыздау құда деген осыдан шықса керек), қанмен бекіту исламға дейін пайда болғандығын А. Бикжанова өз зерттеуінде көрсетеді 45, 16-б.. Құда болып, құйрық бауыр жесіскен соң батаны кім бұзса, сол жақ 3 тоғызға дейін айып төлейтін. Ал жігіт жағы бұзатын болса, қыздың үйінен шығатын шығынның барлығын өтеуі тиіс болған. Сонымен бірге ауыл қарттарына деп өзбек тақиясын әкеп, оларға таратады. Қырғызстандағы қазақтар мен қырғыздардың үйленуге байланысты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері, отбасындағы қарым-қатынас, қыз ұзату, келін түсіру дәстүрлері, өте ұқсас, әрі олардың тек атауларында ғана болмаса, мән-мағынасы бір болып келеді. Қарақалпақстан мен Түркіменстандағы қазақтарда өзбектер сияқты қыз үйіне түнемей тек алып кетуге ғана келеді. Түркіменстандағы қазақтар қыз бен күйеуді екі бөліп, машинаға отырғызады. Оның себебі, қыз бен күйеудің ақ некесі қиылмай, бір-біріне қоспайтын ежелгі салтпен түсіндіріледі.

Ертеректе келін атасының босағасын аттамай тұрып, ауылға жаяулап, шымылдық артында келген кезінде, келінді далада қарсы алу мерекесімен бірге, беташар дәстүрінде өткізетін болған. Үй босағасын аттатпай тұрып, бет ашу Шыршық өңірі қазақтарында да кездеседі. Келінді бет ашқанға дейін жігіт үйінің дәмін татуға болмайды деп, көршінің үйіне түсіріп, сол үйдің ас-суын ішкізеді. Қарақалпақстан қазақтары келінді беташарға шығарарда үш орамалмен шығарады. Біріншісі қызыл орамал, қыз белгісі, екіншісі ақ орамал келін болдың дегені, үшіншісі басың ағарды дегені болу керек. Ал, Түркіменстандағы қазақтарда сәукеленің үстінен ақ орамал жабады. Беташарда келіннің аяғы астына қой терісін төсесе, соңғы кезде байлар кілем төсеуді әдетке айналдыруда. Қой терісін төсеу ырымы келін қойдай жуас, мінезі терідей жұмсақ болсын деген ниеттен туған. Қарақалпақстанның кейбір ауылдарында, мәселен, Шатырауық ауылында келін алдына ұршық, арқан қояды оның мәнісі ұршық пен арқан сияқты мінезі иіріліп тұрсын деген ырымнан туындаған. Беташарда қолтық сүйейтін жеңгелерге де мән берген. Шыбыққа байлаудың мәні шыбықша өсіп-өнсін деген мағынаны білдіреді .



Бірақ мұндай жағдайлар қай халықта болмасын жаппай үрдіске енген жоқ. Қазіргі кезеңде Әмудария жағалауындағы аралас некенің таралған жері Орталық Нүкіс - Қоңырат, Ходжелі, Шымбай, Караөзек, Тахтакөпір, Мойнақ аудандары. Мұнда қарақалпақ-қазақ арасында неке көп таралған. Қарақалпақстанның солтүстік батысында Қоңырат, Шуманай, Ходжелі аудандарында қарақалпақ-өзбек, қарақалпақ-қазақ, өзбек-қазақ некесі сондай ақ Беруни, Төрткүл, Элликкала аймағында да өзбек-қазақ, қарақалпақ-қазақ некелері кездесетіндігін А.Е. Бижанова өз зерттеуінде әңгімелейді 45, 8-14 бб.. Өзбек пен қазақ арасындағы неке шеткері аймақтарда болмаса, ішкері аумақтарда көп кездеспейді. Қазақтың басқа ұлтпен некелесуі, жергілікті ұлтпен қоян-қолтық отырған қандастарымызда көбірек кездеседі. Тұжырымдамамызды дәлелдеу үшін Қырғызстандағы қазақтардың соңғы кезеңдерде қырғыздармен қыз алысып, қыз беру бағытының жиілеп кеткендігін айтуға болады. Орта Азия елдеріндегі қазақтарда (Қырғызстанда көп емес) келіннің қайын іні-сіңлілерге ат қоюы, сәлем салуы жақсы сақталған. Қырғызстандағы ұлтаралық неке 1999 ж. санақ бойынша: қырғыздың қазаққа үйленгені - 5179, қазақтың қырғызға - 3212, қазақ орысқа - 438, орыс қазаққа-184 көрсеткішті береді, бұл бар-жоғы 42 мыңнан аса қазақтың 10 мыңы аралас некені құрайды деген сөз. 1950-1960 жж дейін қазақтың бөгде ұлт өкілдері тұрмақ, үйсін мен арғын арасында қыз алысып, қыз берісуі өте сирек кездесетін. Бұлардың әрқайсысы өз ұлысынан алуға тырысатын. Бұл жөнінде Манас селосының тұрғыны Әбдібаев Кәсеннің де үлкен шешесінің қырғыз болғандығына қарамастан 18-20 ға келген ержеткен балаларын еліне (Шет ауданы, Орталық Қазақстан) жіберіп, үйлендіртіп, балалы-шағалы болғанда қайта алдыртқандығын әңгімелейді. Қазіргі кезеңде қазақтардың қырғыздармен отасуы екінің бірі деп айтуға болады. Бұл жөнінде А.С. Кочкунов: «...зерттелген 34 аралас отбасының 28-і Оргочор совхозында тұрады. Оның 14 қазақ-қырғыз (алдыңғысы күйеужағы), 3 өзбек-қырғыз, екеуі қырғыз-қалмақ, екеуі қырғыз-қазақ болып келеді»,- деп көрсетеді 46, 22-б.. Сондай –ақ ел аралағанымызда әрбір қазақ отбасының келіні қырғыз не қызы қырғызға шыққан. Егерде қазақтардағы некелесу осы үрдіспен кете берсе, Қырғызстандағы қандастарымыздың болашақ ұрпағы аралас некеден тараған туысқандар болып шығады. Зерттеу барысында көз жеткізгеніміз қырғыздардың қазақ қыздарына үйленуі басым.

«Бала туу және тәрбиелеуге байланысты әдет-ғұрып, салт-дәстүріндегі ерекшеліктер» атты тараушада Орта Азиядағы қазақтардың бала көтергеннен бастап, туғанға дейін және тәрбиелеумен байланысты этнографиялық ерекшеліктері қарастырылады. Қазақ халқы келін алғаш босаға аттағаннан бастап, үбірлі-шүбірлі болсын деп әртүрлі халық арасындағы ырым-жырымдарды ұстанған. Мәселен, жас түскен келіннің алдына бала отырғызып, ертерек бала көтерсін деп ырымдаған немесе ұл бала тусын деп алғаш сойылған малдың ұлтабарын жегізетін болған. Өзбекстандағы қазақтарда жастардың бірінші төсегіне алғашқысы ұл болсын деп ұл, қызды қаласа, қыз баланы аунатып алатын болған. Ал, Түркменстан мен Қарақалпақстандағы қазақтарда қыз жеңгелері келін қуыршақ жасап, жас нәрестені орамалға орап, жігіт жағына сататын болған. Бұл да екі жасқа нәресте тілеу ұғымынан туған. Сондай-ақ аяғы ауыр жас келіндерге жаңадан сойылған малдың ұлтабарын жегізу ырымы да жас келін ұлды болсын деген мақсаттан туындаған. Түркменстандағы қазақтар қарақұсты өлгеннен кейін де ақ матаға орап, баланың тілі шығып, мынау не? деп сұрағанша сақтаған. Егер құс болмаған жағдайда жасанды бейнесін жасап, үйдің шаңырағына не босағаға іліп қоятын болған. Белгілі этнограф Ә.Т. Төлеубаев өз еңбегінде халық арасында баласы көп өлетін әйелде қарақұс бар, ол бала туылғанда жанын алып кетеді деген ұғыммен одан қорғану және сақтау үшін әр түрлі ырым-жырымдар жасалатынын айтады 13,214-б.. Құрсақ шашу Өзбекстандағы қазақтарда да бүгінге дейін жалғасын табады. Сондай-ақ әйелдің тез босануына жасалатын «жарысқазан ырымы да қазақ арасында бүгінге дейін кездеседі. Баланың тез тууылуына әр түрлі магиялық ғұрыптар босанатын әйелдің шашын тарқату, барлық түйіндерді шешу, түймелерді ағыту, сырмаларды ағыту, т.б. жасалады. Түркіменстан мен Қарақалпақстандағы қазақтарда толғатып жатқанда отқа май салу, әдіраспан шөбін түтету жиі кездеседі. Қарақалпақстанның Жаңаарық ауданында әйел босанып жатқан бөлменің төрт бұрышына мақта жабыстырған егер ол түсіп қалса тез босанады деген сенім болған. Мақта жабыстыру Бұхара тәжіктерінде де кездеседі. Бұл ырым баланың мезгілінен бұрын түсіп қалмай, дүниеге сәтті келуіне көмектеседі. Орта Азия қазақтарында қырқынан шығарарда баланың қолына ақша қыстыртып, тырнағын сол рудан бір адамға алдыртады. Түркіменстан халықтарында қырқынан шығаруды шаш той деп те атау кездесіп қалады. Хорезмде баласы тұрмай не көп ауыратын отбасыларда кесілген шашты мазарға апару ғұрпы бар. Бұл әулиелер қолдап жүрсін деген сенімнен туған. Немесе кесілген шашты көбіне мата жыртысына орап, тұмар жасап баланың бас киіміне не киімнің артына тігіп қояды. Орта Азия елдеріндегі қазақтарда бала қырқынан шыққанға дейін 3 күн не 40 күнге дейін шам сәулесі өшпейтін. Мәселен, баланы қырық күнге дейін жалғыз қалдырмай жастығының астына пышақ, нан қоятын. Қарақалпақстандағы қазақтарда «баланың аяғы мықты болып жүгіріп кетсін» деп ырымдап малдың аяғын да босанған әйелге жегізу кездесетін болған. Сонымен бірге шілде бойы яғни қырқынан шыққанға дейін әйел бөлмесіндегі от өшірілмеген. Бала бесікке бөленгеннен соң бесік үстіне 7 түрлі зат: көрпе, шапан, кебенек, тон, жабу, жүген, қамшы тастайтын. Мәселен, тон мен шапан бала өз халқының адал ұлы болсын, кебенек жабу- батыр болсын, жүген- ертерек атқа отырсын, т.с.с.. Ал қазіргі кездегі Өзбекстан қазақтарында әртүрлі заттар емес, ең бірінші тоғыз дастархан- ырысы мол болсын деп, онан ұйқысы қалың болғандығын тілесе, басқа да заттар жабылады. Түркменстанмен Қарақалпақстан қазақтарында абыройлы көп жасаған жеті адамның киімін жабады. Оның мәнісі баланың сол кісілердей болуын тілегендіктен. Ал Қырғызстанда бесікке жабуды көп біле бермейді. Осы әдетпен қырғыздарда - тоғыз зат, тәжіктерде – жеті зат жабылады. Бесік саларда істелінетін сатып алу ғұрпы Орталық Азия елдерінің барлық халықтарында кездеседі. Қырғызстандағы қандастарымызға қырғыздардан енген тағы бір әдет баланың үшке толғанда нағашыларына барып шаш алғызуы. Мұны шаш алғызу деп атайды. Сондай ақ баланың нағашы жұрттан алатын бәсіресі де халық арасынан қалмаған. Қазақтардың бала туу, оны тәрбиелеуге байланысты жиналған деректеріне қарағанда, жалпы қазақтар мен Орта Азия халықтарының бала туу және оны тәрбиелеуге байланысты ұстайтын салт-дәстүрлер мен наным-сенімдер, ырымдардың ұсқастығы байқалады. Бүгінде аталған елдердегі қазақ диаспорасы бала туу, өсіруге байланысты жасалатын дәстүрлерді бүгінде жалғастырып отырғанмен де орналасқан ортасына заманның жаңғыруына байланысты ұлттық дәстүрлердің кейбір элементтеріне өзгеше түр, мән бергендігін жоғарыда айтылған этнографиялық ерекшеліктерден байқау қиын емес.

« Өлген адамды жерлеу және артын күтуге байланысты жалпықазақи әдет ғұрыптар мен ерекшеліктер» атты тараушада марқұмды әрулеу, оның артын күтуге байланысты жасалынатын әдет ғұрыптар аумақтар бойынша қарастырылған. Өлікті Өзбекстандағы қазақтар «мәйіт» деп те атайды. Ертеден науқастың соңғы мезгіліндегі арыз-тілегін, арман өсиетін араздасу десе, Түркіменстандағы қазақтарда «ант мезгілі» деп те атайды. Өзбекстандағы қазақтарда марқұм көз жұмған соң «мейрам суын» (дәреттендіріп, оң жаққа салу) беріп кісіні оң жаққа салады. Оң жақта жатқанда да тоңғанымдай не оң жақтағыдай жалғызсырағанымдай деп айтпасын деп, қыс кезінде қайтыс болса, мәйіттің үстін жауып қояды. Ал, Түркменстандағы қазақтар ел арасынан жиналған кейбір мәліметтерге қарағанда мәйіттің жүрек тұсына жерленгенше ақ шүберекке түйілген азғана топырақ қойылады. Бұл ғұрып тек аталған аймақта ғана емес, Батыс Қазақстан аумақтарында да кездесетіндігін белгілі этнограф Ү. Қыдыралин де өз мақаласында айтып өтеді. Оның мәнісі «топырақпен біргесің» деген мағынаны білдіреді. Оң жаққа салуды Өзбекстандағы қазақтар «тәрбиелеу» деп атайды. Өлген күнін «шілдехана» деп те атайды. Қарақалпақстандағы қазақтарда да өліктің денесі қара жерге енгенше шырақты өшірмей бір адам болса да күтіп отырады. Осылай күзету қырғыздарда да жақсы сақталған. Өлген кісі тыныш өмірге кетті деп, оны «қайтты» «қайтыс» болды деп қана атайтын. Орталық Азия халықтарында ертеде кісі таңертең қайтыс болса, түске дейін жерлейтін болған. Бұл ғұрып жергілікті халықтармен (өзбектермен) аралас мекендеген қазақтарда кездеседі.

«Қазіргі кезеңдегі Орта Азиядағы қазақтардың Отанға оралуы және бейімделу мәселелері» атты алтыншы бөлімде Орта Азиядағы қазақ диаспорасының Отанға оралу барысы мен орнығу мәселелері, Репатрианттардың жергілікті ортаға бейімделу проблемалары қарастырылған. Соңғы жиырма жылда сырттағы қандастарымыз өздері тұрып жатқан елдердің саяси-әлеуметтік жағдайларының тұрақсыздығы мен кейбір қажеттіліктерінің орындалмауына байланысты (қазақ мектептерінің жабылуы, басшылық орындарға алмау, жұмыссыздық т.с.с.) тарихи Отанға оралуда. Осыған байланысты елімізде көші-қон департаменті, Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы, Нұрлы көш, т.с.с мемлекеттік және қоғамдық орындар жұмыс істеуде.

Орта Азия елдерінен оралған қандастарымыздың басым бөлігі мәселен, Өзбекстан, Қарақалпақстандағы қазақтар Оңтүстік облыстарға орналасса, Түркіменстан, Қарақалпақстандағы қазақтар Ақтау, Ақтөбе облыстарына орналасуда. Дегенмен де мемлекеттің қаулысымен оларды Қазақстанның солтүстік аймақтарына да орналастырылып жатқандығы құжаттардан белгілі. Заң жобасына оралмандарды бейімдеу мен кіріктіру орталығы бойынша қосымша бап енгізілді. Заң жобасы қабылданған жағдайда оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің осы орталықтарда болу мерзімі және оларға бейімдеу қызметтерін көрсетудің тәртібі айқындалды. Оралмандарды бейімдеу мен кіріктіру орталықтарын құру ең алдымен, тәжірибе жүзінде, республика бойынша оралмандар едәуір көп қоныстанған Маңқыстау облысында жүзеге асырылуда. Бұл орайда Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев Республика Үкіметіне, барлық облыстар мен Астана, Алматы қаласы әкімдеріне мүмкіндігінше өз бетімен көшіп келгендерге де қарайласу, қамқорлық жасау қажет екендігін үнемі ескертіп келеді. Сонымен осы қандастарымызды бауырмалдықпен қарсы алып, олардың өз елінде өгейсімей, ортамыздан орын тауып, елге сіңісті болып кетуіне жағдай жасау. Мәселен, оларды әр ауданға, әр ауылға әр бөлімшеге орналастырғаннан гөрі бір жерге топтастыра орналастыруға тырысу керек. Себебі, қаймағы бұзылмаған халқымыздың игі дәстүрлерін сақтап қалған олар елімізде болып жатқан күрделі өзгерістерді таразылап, жаңаша ойлау мәселелеріне әсер етумен қатар, халқымыздың ұмытыла бастаған тамаша қасиеттерін тірілтуге, өткеннің өнегесінен үйренуге баулиды. Біртұтас орналастыру олардың бейімделуін тездетеді.

Шетелдегі қазақтардың ата-мекенге оралуы Қазақстан мемлекетінің даму стратегиясының басым бағыттарының бірі болып саналады. Ұлттық қауіпсіздігімізді нығайтуда және экономикамызды жаңа еңбек ресурстары мен қамтамасыз ету үшін, Елбасымыз 2015 жылға дейін республика халқы санын 20 миллионға жеткізуді міндет етіп отыр. Сондықтан халықтың санын көбейтіп, құрамын нығайтатын, тарихи- демографиялық ғылым айқындаған екі жолды, табиғи өсіммен сырттан келетін көші-қонды тиімді пайдалану керек. Табиғи өсімді күшейту үшін жастарға әсіресе, жаңа отбасыларға, көп балалы аналарға, олардың жас ұрпақтарына Қазақстан үкіметі тарапынан жан-жақты, нақтылы түрде қамқорлық ұйымдастырылуы қажет. Ал, сырттан келетін оң көші-қонға келсек, шет елдердегі қазақтарды елге қайтару үшін квотаны шектемей, қазақтар тұрған мемлекеттермен дипломатиялық жолмен көші-қон үрдістерін жеңілдетіп, тездету, ал көшіп келгендер үшін барлық жан-жақты жағдай жасау қажет.

«Қорытынды» бөлімде негізгі ойлар тұжырымдалды. Орта Азия елдерінің жергілікті этникалық тобын құрайтын қазақтар аумақтың автохтонды халықтары: өзбек, қырғыз, түрікмендермен ежелден бірге қатар өмір сүрді. Ресей патшалығы Орта Азияның елдерін жаулап алған соң ежелден бірге қатар жатқан туысқан халықтарды бір - біріне айдап салу мақсатында аумақтық- әкімшілікке бөлу жұмыстарын жүргізді. Осыған байланысты өлкедегі халықтардың этникалық, сандық құрамы айқындала бастады. Түркістан генерал-губернаторлығы кезеңінде жүргізілген аудандастырудағы өзгерістер халықтың дамуына, белгілі бір аймақта тұрақтануына кері әсер етті. Кеңес дәуіріндегі Орта Азия елдерінің әкімшілік бөлінулерін сипаттай отырып, мынандай қорытынды жасаймыз. Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңіндегі әкімшілік -аумақтық бөлінулер патша өкіметінің әкімшілік бөлінуінің жалғасы іспеттес болды. Бұл кезеңдерде бөлінген ауылдық Кеңестер саны мен халықтардың қонысы нақты есепке алынбады, ауылдар мен селолардың әсіресе көшпелі ауылдардың нақты шекарасы болмады. Міне, Орта Азия елдері территориясындағы осындай әкімшілік бөліністер мен басқарудағы кемшіліктер, республикаларда аз санды ұлт өкілдерінің көбейіп, диаспораға айналуына бірден бір негіз болды деп айтуға болады.

Қазақтардың Орта Азияда қоныстану тарихына келетін болсақ, Кеңес дәуіріне дейін Өзбекстанның солтүстік шығысы бойын мекендеген ұлы жүз қазақтарының өз атақонысында отырған автохтонды халық екендігін дәлелдейтін тарихи құжаттар жеткілікті. Біз оларды ертедегі қазақ, өзбек халықтарының этноқұрамын құраған, қазіргі кезеңде өмір сүріп отырған рулардың ата қонысын мекендеген ежелгі тайпалармен байланыстырамыз. Шет жерлердегі қазақтың «ирредент» тобын құрайтын тағы бір бөлігі Түркіменстандағы Красноводск уезінде түркімендермен қатар мекендеген қазақтың кіші жүз руының адай тобын атауға болады. Сырттағы қазақтардың ендігі бір тобын халқымыз басынан өткізген ауыр да қиын тарихи оқиғалармен байланыстырамыз. 1924-1926 жж Орта Азия елдеріндегі этникалық-территориясын межелеу кезіндегі 42 үй арғындардың Қазақстан аумағына өтіп тұрғанына қарамастан өздерін Қырғызстан иелігінде қалдыруды өтініп, сонда қалады.



Шекара межелеу жергілікті жергілікті халықтардың талап тілегін қанағаттандыра алмады. Қазақстан мен Өзбекстан арасында даулы территориялар көп болды. Атап айтсақ, Ниазбек, Болат, Зеңгіата болыстықтары мен Қауыншы станциясы елді мекендерінде қазақтардың сан жағынан үстем болғандығына қарамастан Өзбекстанның құрамында қалдырғандығы жөнінде жоғарыдағы тарауда тарихи құжаттармен баяндаған болатынбыз. Сондай ақ тарихи құжаттардан белгілісі Ташкент қаласы жөнінде де қазақтар мен өзбектердің арасында дау болғандығы белгілі. Қазақтардың тағы бір бөлігінің Өзбекстан республикасы құрамында қалуының себебі архив құжаттарында көрсетілгендей 1942-1947 жж Қазақстанның қазіргі Сарыағаш, Келес аумағындағы жерлердің біраз бөлігінің өнеркәсіп орындарына қосалқы шаруашылық үшін жалға алуымен байланысты. Енді бір тобы 1950-1960 жж Қазақстанның Бостандық, Шыршық және Мырзашөл аудандары жерлерінің бір бөлігінің Өзбекстанға жалға беруімен байланысты. Қазақтардың Орта Азияда шет жерлік аталынуы жоғарыда айтып өткендегі еріксіз ата қоныстан ажыратылып бөгде мемлекеттің құрамында қалуы болса, екіншіден басқа да қоғамдық саяси жағдайлармен босқындыққа ұшырауымен, (ұжымдастыру, ашаршылық,т.б.) сондай-ақ басқа да көршілес елдердегі өндіріс орындарына қомақты қаражат көзін табу мақсатында, т.б. жағдайлармен де барғандар жеткілікті. Мәселен, ең бірінші қазақтардың төл Отанынан бөлініп қалуы 1924–1926 жж. Орта Азияның елдерінің этникалық-аумақтық шекарасын айқындаумен байланысты. 2. Ұжымдастыру кезеңіндегі солақай саясат пен 1932–1933 жж. ашаршылыққа байланысты қазақ халқының басына түскен қасірет. 3. 1942–1947 жж қазақ жерінің Өзбекстанның өнеркәсіп орындарына қосалқы шаруашылық үшін жалға берілуі, 4. 1956–1960 жж. Қазақстаннан Өзбекстанға жалға берілген жерлермен бірге кеткен қандастарымызды құрайды. Ал, енді Орта Азия елдеріндегі қазақ халқының егіншілігі олар көбіне «ақ егістік» түрлерін бидай, күріш оның қызыл тұқымын, тарыны көбірек еккен. Сонымен қатар олар бау-бақша өсімдіктері мен қатар жергілікті халықтардан қалыспай мақта өсіруді де білген. Мал шаруашылығы Өзбекстанның қазіргі Бостандық, Бөке және Шатқал аудандарында, Қызылқұм шөлдерінде қазақтың құйрықты қойлары мен қаракүл қойларын өсірген. Сондай ақ соңғы аталған өңірдегі қазақтар тұз кәсіпкершілігімен де айналысса, Қарақалпақстандағы қазақтар балық аулауды жетік меңгергендігін тарихи зерттеулерден айқындадық. Орта Азия елдеріндегі қазақтардың отбасылық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріне келетін болсақ аталған аумақтағы қазақтардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерімен қатар әдет- ғұрып, салт дәстүрлерде қазақи дәстүрлі мәдениеттің сақталуымен бірге жергілікті басым ұлттың мәдениет элементтерінің ықпалдастығын жоққа шығара алмаймыз. Ол әсіресе Өзбекстандағы қазақтарда айқынырақ байқалады. Өзіндік дәстүрлі мәдениетін сақтаған Түркіменстандағы қазақтар өздерінің тарихи Отанындағы қандастарымен (Маңқыстаудағы қазақтар) бір, тығыз байланыста екендігін көрсетеді. Ал, Қырғызстандағы қазақтардың отбасындағы әдет ғұрып, салт дәстүрлерде екі халықтың мәдениет элементтері ұштасатындығын көрсете келіп, екі халықтың некеараласу тенденциясы Орта Азия елдеріндегі басқа жергілікті халықтарымен салыстырғанда жоғары екендігін байқатады. Отбасылық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің ішінде марқұмды әрулеуге байланысты жасалынатын әдет ғұрып, салт дәстүрлер Орта Азияның басқа халықтарының дәстүрлерімен ұқсастығын байқатады. Оның себебі, өліктің артын күту негізінен мұсылмандағы шариғат жолының бір екендігімен түсіндіруге болады. Осыған байланысты елімізде көші-қон департаменті, Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы, Нұрлы көш, т.с.с мемлекеттік және қоғамдық орындар жұмыс істеуде. Орта Азия елдерінен оралған қандастарымыздың басым бөлігі мәселен, Өзбекстан, Қарақалпақстандағы қазақтар Оңтүстік облыстарға орналасса, Түркіменстан, Қарақалпақстандағы қазақтар Ақтау, Ақтөбе облыстарына көптеп орналасуда. Дегенмен де мемлекеттік квота оларды Қазақстанның солтүстік аймақтарына да орналастыруға бөлінген. Сонымен сырттағы қандастарымыздың тарихи отанға оралуы халқымыздың санын ғана өсіріп қоймайды, халқымыздың бай этномәдени құндылықтарын сақтап, жандандыруға да ықпалын тигізеді.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет