Аманғазықызы мөлдір қазіргі қазақ прозасындағы қала моделі және ұлттық ментальділік



бет10/31
Дата12.04.2024
өлшемі314.84 Kb.
#498540
түріДиссертация
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   31
aman-azy-yzy-m-phd-povtorno (2)

Диссертациялық жұмыстың құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 ҚАЛАЛЫҚ ПРОЗА: ГЕНЕЗИСІ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕЛУІ


1.1 Көркем шығарманы модельдеу: теориялық және тарихи аспектілері
Модельдеуді жалпы ғылыми әдіс ретінде ғана емес, сонымен бірге жалпы мәдени әдіс [11] ретінде де қарастыруға болады. Себебі, модельдеу әдісі мәдениеттің түрлі салаларында кеңінен қолданылады. Модельдеу әдісінің жалпы әдіснамасы Г.П. Щедровицкийдің «Таңдамалы еңбектер» («Избранные труды») [12], ал ғылыми әдіснамасы Ю.А. Гастевтің «Гомоморфизмдер мен модельдер. Модельдеудің логикалық және алгебралық аспектілері» («Гомоморфизмы и модели. Логико-алгебрические аспекты моделирования») [13] еңбектерінде зерттелген. Зерттеуші Г.П. Щедровицкий модельдеу әдісін қарастырудағы маңызды мәселелерді атап көрсетеді: «1. Модельдер мен модельдеу мәселесін қарастыра отырып, мыналарды ажырату қажет: (А) модельдерді құру арқылы арнайы пәндік ғылыми мәселелерді шешу және (В) модельдеуге қызмет ететін әртүрлі білім алу. Екінші топқа кіретіндер: а) әдістемелік құралдар ретінде әрекет ететін және пәнді зерттеушіге қажетті нысан моделін құруға көмектесетін нұсқаулар мен тәсілдерді әзірлеу; б) модельдердің нақты түрлерін, олардың құрылысы мен қасиеттерін, нысандарға (табиғатқа) қатынастарын сипаттау; в) модель түрлерінің теориялық сипаттамасы, олардың танымдық іс-әрекеттегі немесе ғылымның әртүрлі жүйелеріндегі қызметтері, модельдеу нысандарына деген қатынастарының түрлері; г) модельдеу қызметінің теориялық сипаттамасы; д) модельдердің өздерін операциялық жүйелер нысандарына түрлендіре отырып, модельдердің абстрактілі түрлерін логикалық және әдіснамалық жобалау. Ең қарапайым модельдеу зерттеушінің қабілеттерінің негізінде және нысанның өзін мазмұнды талдау барысында арнайы әзірленген құралдарсыз іске асырылуы мүмкін... 2. Модельдеуге қызмет ететін мамандардың әрқайсысы «өнер» немесе ғылым әдістерімен жұмыс істей алады... 3. Модельдеуге қызмет ететін құралдарды жасау кезінде зерттеудің екі «ұстанымы» болуы мүмкін: а) зерттеуші өз қызметінің нысандары, олардың материалдарының өзгеруі мен түрленуін немесе басқа нысандарға қатынасын «көреді»; б) зерттеуші қызметтің өзін, қызметтегі нысандардың қызметтерін және олардың ауысуын, қызмет құралдары мен рәсімдерін «көреді». Зерттеуші «ұстанымға» байланысты модельдер мен модельдеуді басқаша «көреді», олардағы әртүрлі құрамдас бөліктерді бөліп алады және оларға әртүрлі анықтамалар береді. Кейбір мәселелерді шешу кезінде осы екі «ұстанымды» біріктіру және зерттелетін нысанды «көрудің» екі әдісін арнайы біріктіру (конфигурациялау) қажет» [12, с. 631]. Осылайша, зерттеуші Г.П. Щедровицкий модельдеу әдісінің барлық ғылым салаларына ортақ жалпы әдіснамасын жасайды. Ал модельдеудің ғылыми әдіснамасын жасаған Ю.А. Гастев модель сөзінің шығу төркініне үңіле отырып, модельдің белгілі бір нысанның, заттың үлгісі екендігін анықтайды және «модель – әлем картинасының фрагменті» деген тұжырымға келеді: «... қазіргі ғылыми айналымда «модель» сөзінен басқа көп кездесетін термин жоқ шығар. Осы терминді қолдану тәсілдерінің әртүрлілігі және алуан түрлілігімен, оған салынатын мағынаның барлық реңктерінде жалпы этимологиялық шығу көздері оңай байқалады: француз тіліндегі modele термині (итальяндық modello арқылы ма?) латын тіліндегі modus («үлгі») сөзінен шыққан. Екінші жағынан, әртүрлі ғылыми пәндер мен олардың кешендері өздерінің мәні мен әдістері бойынша бір-бірінен қатты ерекшеленетіні соншалықты, жаратылыстану және әлеуметтану, математика және өнер тарихы, геология және семиотика, физиология және материалдар кедергісі үшін жалпы, осы ғылыми теория ұсынған әлем картинасының фрагментінің объективтілігіне деген сеніммен байланысты ғылыми әдіс туралы жалғыз идея ғана қалады» [13, с. 14]. Яғни, ғалымның тұжырымына сүйенсек, «модель – әлем картинасының фрагменті» болып табылады. Жоғарыда айтқандай, зерттеуші Г.П. Щедровицкий мен Ю.А. Гастев модельдің барлық ғылым салаларына ортақ жалпы әдіснамасы мен ғылыми әдіснамасын ұсынып, модельдеу әдісінің негізін жасап берген болатын.
Ал, көркем шығарманы модельдеу алғаш рет Ю.М. Лотманның «Көркем мәтін құрылымы» («Структура художественного текста») [14], «Модельдеу жүйелері қатарындағы өнер» мәселесіне тезистер» («Тезисы к проблеме «Искусство в ряду моделирующих систем»») деп аталатын еңбектерінде қарастырылған [15]. Ғалым «Көркем мәтіннің тілі өзінің мәні бойынша әлемнің белгілі бір көркемдік моделі болып табылады және осы мағынада оның бүкіл құрылымы «мазмұнға» жатады, яғни ақпаратты тасымалдайды. Тіл арқылы жасалған әлем моделі хабарлама моделін құруда жекеліктен гөрі біршама жалпылық сипатқа ие екенін бұрын да атап өткен болатынбыз. Ендігі кезекте мына мәселені айтқымыз келеді: көркем хабарлама қандай да бір нақты құбылыстың көркем моделін қалыптастырады, көркем тіл әлемнің жалпы мазмұны бола тұра нақты заттар мен құбылыстар үшін тіршілік пішіні болып табылатын жалпы категорияларының универсумын модельдейді. Осылайша, өнер туындысының көркем тілін зерттеу тек эстетикалық қарым-қатынастың жеке нормасын беріп қана қоймайды, әлем моделінің жалпы мағынасындағы көрінісін жаңғыртады. Сондықтан, белгілі бір көзқарас тұрғысынан, көркем тіл типінде таңдалған ақпарат айтарлықтай маңызды» [14, с. 26] деген тұжырымға келеді. Ғалым Ю.М. Лотманның сөзіне сүйене отырып, көркем шығарма әлемнің көркем моделін ұсынады деген тұжырымға келеміз.
Зерттеуші Ю.А. Гастевтің анықтамасына сәйкес, модель бұл – «белгілі бір жағдайда олардың «орынбасары» немесе «өкілі» ретінде қолданылатын нысанның немесе нысандар жүйесінің (осы модельдің «түпнұсқасы») бейнесі (шартты немесе ойдағы кескін, сипаттама, сызба, сурет, кесте, жоспар, карта және т.б.) немесе түпбейнесі (үлгісі)» [16]. Зерттеуші Н.И. Астрахан Ю.А. Гастевтің жоғарыда ұсынған анықтамасына сәйкес модельдерді екі топқа бөлуге болатындығын айтады: «біріншісі модельге қатысты бастапқы «табиғатты» бейнелейтін бар нәрсенің «имитация» идеясын жүзеге асырады; екіншісі, керісінше, олардың нақты көрінісі болатын нысандарға қатысты бастапқы идеалды прототип ретінде әрекет етеді. Егер ғылыми модельдер оларды құру мақсатына сәйкес бірінші немесе екінші топқа жататын болса, онда өнер туындысы екі топтың белгілерін парадоксалды түрде байланыстырады» [17].
Зерттеуші А.Ф. Лосеф «модель» ұғымын өзінің әмбебаптығына сай антикалық эстетикалық танымда орныққан, грек тілінде үш негізгі мағынасы қолөнер, ғылым және өнерге саятын «technē» ұғымымен байланыстырады. «Technē» ұғымын еуропа тілдеріне аудару туралы ойлана келе, А.Ф. Лосев «мақсатты іс-әрекет», «байыпты іс-әрекет», «байыпты идеялық іс-әрекет» деген нұсқадан мынадай аудармаға тоқталады: «Қандай да бір модельді іске асыру бағытында жасалған іс-әрекет, яғни модельді-туындаушы іс-әрекет» [18]. Сондай-ақ, ғалым ««technē» түсінігіне сүйене отырып, Аристотель «Никомахов этикасында» қолөнер, ғылым мен өнер үштігін өзара салыстыра отырып, өзара ықпалдастықтағы осы салалардың «модельді-туындаушы іс-әрекетінің басты айырмашылығын анықтайтындығын»» [18, с. 409] айта келе, «егер қолөнерді құлдар да жасай алатын (яғни, қолданыста бар модельдің іс-әрекеті), әдетке негізделген прагматикалық бейімді іс-әрекет ретінде ғылым мен өнерден бірден ажыратуға болатын болса, ал қалған екі сала еркін шығармашылықты іс-әрекетті талап етеді, яғни заттардың фактілік жағдайын білмеу емес, бардың себебін түсіну дегенді білдіреді (яғни, қандай да бір ғылыми модельдер жасау). Түпкі мәнді пайымдаудан ләззат алу сезімін сыйлайды (көркем модельдер жасау үдерісінде)» [18, с. 409], – деген түйінге келеді. Яғни А.Ф. Лосевтің пайымдауынша, «ғылым жоққа шығару немесе мақұлдаудан тұратын дәлелдер жүйесі арқылы шынайы дүниелермен жұмыс жасау деген сөз, ал өнер «мүмкіндіктермен», «болуы мүмкін динамикалық болмыспен» байланысты, «жартылай шынайы және жартылай қажетті» салаға жатады» [18, с. 409].
Аристотельдің жалпы онтология кешенінде ғана оның эстетикасы түсінікті болады. Бұл дәстүрлі түрде «еліктеу» деп аударылып жүрген, өнердің шынайы болмысқа қатынасын анықтайтын «мимесис» категориясына да қатысты. Ғалым А.Ф. Лосев «Поэтикаға» сүйене отырып және Аристотельдің барлық эстетикалық және онтологиялық идеяларын жинақтай келе, «еліктеу» түсінігінің барлық семантикалық құрылымын бір формулаға салады: «Еліктеу» дегеніміз: 1) адамзаттық шығармашылық; 2) адам табиғатынан соған бейім; 3) сол арқылы ол басқа жанды заттардан ерекшеленеді; 4) сол арқылы өзінің алғашқы білімін жинақтайды; 5) оған ләззат сыйлайтын шығармашылық; 6) ойшыл-үйлестірушіден; 7) жалпылаушы; 8) пайымдау; 9) жаңғырған затты; 10) қандай да бір көзқарас бойынша; 11) бейтарап болмыстық; 12) ілкі бейне» [18, с. 459]. Бұл түсінікте еліктеу шындықтың динамикалық үрдістерін, оның ықтималдық – қажетті әлеуетін ашатын шынайы, нақты әлемге және өнердің автономды шындығына бағытталған.
Сонымен, А.Ф Лосевтің ойынша, көп ғасырлық семантикалық қабаттардың себебінен Аристотельдің «мимесис» категориясының нақты түсінігін жеткізу мүмкін емес. Эллинизм дәуірінде-ақ Цицеронда «суреткердің шынайы моделі мен оның санасындағы тамаша зат идеясының арасында» айырма пайда болған [18, с. 469]. Бір жағынан алғанда, бұл айырмашылық генетикалық тұрғыдан көркем образға теңдестірілген ілкі образды мүмкін немесе қажет деген бейтарап болмыс саласында көре білген Аристотельдің концепциясына барып саяды. Ал екінші жағынан алғанда, көркем шығармашылық үдерісінде классикалық кезеңде шынайылықты талап еткен өнер туындысын қабылдаудың шарттарымен үйлеспейтін фантазия басымырақ мәнге ие болған тұста болашаққа көпір болды.
Мұндай контексте антикалық «мимесис» ұғымы мен «модельдеу» ұғымы сәйкес келеді. Аристотельдің философиялық түсініктер жүйесінде көркем туынды универсумның өзіндік моделі ретінде сипатталады. Бұл модель көркем шығармамен ретті үйлесімдік аспектісінде мақсатсыз мақсаттылықта (өзіне өзі жеткілікті болу), материалдық «эйдоспен» қалыптанған, шығармашылық (адамзаттық, құдайлық, космостық ақыл). «... Аристотель үшін объективті болмыс бірінші орында, ал субъективті еліктеу формалары, сөзсіз, екінші орында, және жалпы абсолютті шындықты қамтуда басты рөл атқара алмады» [18, с. 462]. Бұдан антикалық субъекттің еуропа мәдениетінде тұлға философиясының бастапқы даму стадиясындағы енжарлығын байқаймыз. Еліктеу концепциясы бүгінгі модельдеу туралы түсінік үшін соншалықты маңызды аналогия идеясын қамтиды. Оның философиялық негізі болмыстың біртұтастығы жайлы түсінік болып табылады.
Зерттеуші М.М. Гиршманның пікірінше, «Әдеби шығарманың жаратылысы дегеніміз автордың өмірбаяндық тұлғасын бұл жаратылыстан тыс өмір сүре алмайтын толыққанды тұлғалық көркем бейнеге жақындататын уақиға. Авторды өмірбаяндық тұлғамен теңдестіруге болмайды, өмірбаяндық және эстетикалық оқиғалар кейбір тұста ғана қиылысады, алайда дәл осы қиылысу кеңістігінде автор өзінің әдеби шығармашылық болмысын ашып көрсетеді» [19]. Яғни, әдеби туынды шынайы болмыстың оқиға кезіндегі баяндалатын өзіндік моделі ретіндегі толық бейнесін көрсетіп қана қоймайды, сонымен қатар баяндау оқиғасында тұлғалық болмыстың толықтығын қалыптастырады.
Көркем модельдің ғылыми модельден айырмашылығы – көркем модель фрагментке емес, нақты нысанға, нысанның жиынтық, тұтастық, толықтығындағы шындыққа бағытталады. «Шығармада болмыстың толықтығы туралы айтылмайтыны түсінікті, – деп атап өтеді М.М. Гиршман, – бірақ шығарма болмыстың тұтастығының семантикалық негіздерін анықтай отырып, оны өзінің ішкі көрінісінде жаңғыртады: бастапқы бірлік, дамып келе жатқан жеке тұлға, болмыстың барлық құбылыстарының, тараптардың және бағыттардың терең тұтастығы: әлем, қоғам және тұлға, ғалам мен адамзат, халық пен табиғат, мен және басқалар» [19, с. 465].
Осылайша, Аристотель заманынан бастап қолданысқа енген модель ұғымы кейінгі жылдары көптеген ғылым салаларында, соның ішінде әдебиеттану ғылымында зерттеу әдісі ретінде қолданылып келеді.
Әдебиеттану ғылымында көркем шығармадағы қаланың көркем моделін анықтау үрдіске айналып отыр. Мәселен, орыс әдебиеттануында зерттеуші Т.И. Васильева әдебиеттану ғылымы тұрғысынан қаланың 4 моделін көрсетеді: «Органикалық және технократиялық парадигмалар ХХ ғасырдың поэзиясы мен прозасында әлемдік әдебиетте белгілі қала модельдерінің бірқатарын өзектендірді. Олардың кейбіреулеріне тоқталайық: 1. «Қала – мәтін», «қала – кітап». 2. «Қала – бақ». 3. «Қала – антидүние». 4. «Қала – балаған.
1. «Қала – мәтін», «қала – кітап». ХІХ – ХХ ғасыр басында модернистер шығармашылығында қала «өлең аналогы – артефакт, кітап аналогы» ретінде көрсетіледі. Қалалардың нақты белгілерін, сәулетін, жеке көрінісі мен сипатын қайта құру арқылы суретшілер қаланы мәдениеттің орталығы, адамзаттың ең үлкен жетістігінің жүзеге асуы ретінде көрсетеді. Осыдан келіп, гранит жағалаулар мен салтанатты сарайлар, аспанмен таласқан биік ғимараттарға деген сүйіспеншілік туды. Мәселен, орыс әдебиетінде Петербург жайлы жазылған шығармалар қаншама! (Достоевский, Гоголь, Чехов, т.б.).
2. «Қала – бақ». Өндірістік роман – социалистік реализм әдебиетінің негізгі жанры. Бұл романдар мемлекетке аянбай қызмет ету идеясын ұсынады, қала бірлескен еңбектің көрінісі, тұрмыстың келеңсіз жақтарын ығыстыратын мінсіз кеңістік ретінде суреттеледі. Орыс әдебиетіндегі В. Катаев, А. Малышкин, М. Шагинянның өндірістік романдарында қаланың негізгі белгілері ретінде өнеркәсіптік ғимараттар: зауыт және фабрика қабырғалары, су электр станциялары алынады.
3. «Қала – антидүние». Қала – басқа бір әлем ретінде суреттеледі (Е. Замятиннің «Біз» («Мы»), немесе Л. Добычиннің «Эн қаласы» («город Эн») туындыларындағы қаланың суреттелуі).
4. «Қала – балаған, күрке». Қаланы сауық – сайран орыны ретінде қабылдау. Орыс әдебиетінде М. Булгаков, К. Вагинов, В. Иванов, Н. Заболоцкий, М. Зощенко шығармаларындағы «карнавал мотиві» (жәрмеңкелік балаған)» [20].
Қазақ тіл білімінде лингвист ғалым А.С. Адилова «Көркем мәтіндердегі «дала», «қала» бейнесі» тақырыбындағы мақаласында қазақ көркем мәтіндеріндегі «қала» концептісінің когнитивтік моделін төмендегідей жіктейді: «1. Қала – астана. 2. Қала – жат менталитет. 3. Қала – суық. 4. Қала – тас мекен. 5. Қала – қапас. 6. Қала – адамдар. 7. Қала – техника, сауда мекені. 8. Қала – сайқал әйел. 9. Қала – даңғаза. 10. Қала – асқақ. 11. Қала – ару. 12. Қала – гүл» [21]. Мақалада зерттеуші поэзиялық шығармаларды талдағанын ескерте келе, «прозалық мәтіндерде аталған жұп концептінің вербалдануы өзгеше болатыны сөзсіз, бұл олардағы психологиялық (субъективті), географиялық (қала, ауыл, дала, табиғат), тұйықталған кеңістік (баспана, бөлме, палата, көлік) психологиялық-концептуалды қызмет атқаратынымен байланысты» [21, б. 17], – деп тұжырым жасайды.
Орыс әдебиеттануы мен қазақ тіл біліміндегі ғалымдардың ұсынған қала модельдерінің ұлттық менталитетке тікелей қатысы барын байқауымызға болады. Мәселен, орыс әдебиетінде елес-қала кейпінде көрінетін қала образы қазақ әдебиетінде әзірге байқалмайды. Керісінше, қазақ әдебиетіндегі астананың рөлі «қала – астана» моделінің тууына себепкер болып отыр. Елімізде сәулеті көз тартатын жаңа астананың салынуы қала туралы суреттеулерді тереңдете түсті.
Жоғарыда келтірілген ғалымдардың модель туралы ұсынған түсініктемесіне сүйене отырып, қаланың көркем моделі – бұл әдеби шығармаларда автордың танымы арқылы көрініс табатын қаланың вербалды бейнесі болып табылады деген тұжырымды ұсынамыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   31




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет