Қамқор, Мейірімді Аллаһтың атымен!



бет3/5
Дата13.06.2016
өлшемі348 Kb.
#133518
1   2   3   4   5

АСЫЛ СӨЗДЕР
Ұлы сөзден ұлағат, дегенді аталарымыз бекер айтпаған-ау. Аталы сөз - ақылға көз, деп сөз маңызына ерекше көңіл бөлген ғой. Өзіміздің күнделікті қолданыста жүретін ұлы сөздеріміздің мағынасын өзіміз білгенімізбен, балаларымызға үйретуді ұмытып кетіп жатамыз. Ұлы сөздердің мағынасын, терең ұғынар болсақ, сөз біздің сарқылмас байлығымызға айналар, деген ұғыммен Гүлнар қарындасымыздың басынан өткен мына бір қызықты оқиғаны сіздерге баяндап беруді жөн көріп отырмыз.

Қашан да көршілерімен жақсы қарым-қатынас қалыптастыра білетін Гүлнар, жақында көрші пәтерге көшіп келген орыстың жесір әйелі Катямен де қоян-қолтық араласып кеткен. Кішкентай Айшасы да, Катяның қызы Машамен жақсы табысып ойындары жарасқан. Гүлнар үй шаруасымен айналасып жатқан кезде аулада жүрген Айша үйге жүгіріп кіріп:

- Мама, мама, Машаның үйіне қазір ас ішуге баруға бола ма?, - деді дауыстап.

- Сені шақырған оның мамасы ма?, - деп сұраған төр бөлмеде жүрген Гүлнар.

- Иә мама, - деді Айша, - Олар мені түскі асқа шақырды. Біздің доңыз етін жемейтінімізді жақсы біледі, сондықтан балық пен картоп дайындап жатыр, - деді ойын толықтырып.

- Жақсы бара ғой, бір сағаттан кейін келіп сені алып кетемін. Бүгін дүкенге барып саған күздік киім алуымыз керек, - деген Гүлнар, алақайлап жүгіріп бара жатқан қызына.

- О-о кел, төрлет, - деді, есік ашқан Маша Айшаның келгеніне қуанышын білдіріп.

- Маған мамам рұқсат берді, - деді Айша құрбысына, - Ол мені бір сағаттан кейін алып кетеді, өйткені дүкен аралайтын болып уәделестік, біз дүкен жабылғанша үлгеруіміз керек, - деп Машаны ескертіп қойған.

- Тамаша, болған екен – деді, бұны естіген Машаның мамасы.

- Мынаны қарашы! – деді Маша қолындағы жануарлар туралы жаңа кітабының мұқабасын Айшаға көрсетіп.

Қыздар төр үйдегі кілемге жайғасып кітаптағы суреттерді қызықтауға кіріскен. Кітап теңіздер мен мұхиттар және акула, кит сияқты балықтар жайлы екен.

Біраз уақыттан соң ас үйден Машаның мамасының:

- Қыздар, ас дайын, қолдарыңды жуып дастарханға келіңдер, - деген жайдары даусы естілді.

Әп-сәтте қолдарын шайып, қыздар дастархан басына жайғасты. Маша тоңазғытқыштан сусын алып кеселерге құйды, ал оның мамасы қыздардың алдына екі табақшаға қызара қуырылған балық пен буы бұрқыраған картоп салып әкелді.

- Рахмет, - деді Айша ризалығын білдіріп, сосын, - Бисмиллә, - деп тамақ жеуге кірісті.

- Ал балықтан соң шоколад жағылған балмұздақ жейсіңдер, - деп шешесі ескертіп қойды.24

Дәмді асты жеп болысымен, мамасы дастарханға өзі уәде еткен балмұздақты қойды. Сол кезде үйдің қоңырауы соғылды. Бұл келген Айшаның мамасы болатын.

- Сәлем Гүлнар, төрлет, - деп оны Машаның мамасы қуана қарсы алды да, – Кел дастарханға өт, біз балмұздақ жеуге жаңа кірістік. Жоқ әлде алдымен балық берейін бе?, - деген.

- Жо-жоқ рахмет, Катя,- деп Гүлнар рахметін жаудырып, - Мен жаңа ғана тамақ ішіп алғам. Саған сұраған кітаптарыңды алып келдім. Соларды өзіңе тапсырайын деп ерте кірдім. Мүмкін сенің осы кітаптарға байланысты сұрақтарың болып қалар, деп ойлағам.

Гүлнармен танысқаннан бері Катяның Исламға деген қызығушылығы ояна бастаған еді. Сондықтан Гүлнардан Ислам діні жөніндегі алғашқы білім беретін әдебиеттер сұраған болатын.

- Рахмет Гүлнар, - деп Катя іздеген кітаптарының табылғанына қуанып, екеуі төрдегі диванға жайғасқан.

Қыздар дастархан басында өздері ғана қалды.

Айша:

- Бисмиллә, - деп балмұздағын жей бастады.



  • Ол не? – деп сұрады Маша.

- Сен не туралы сұрап жатырсың? – деп Айша оның сұрағына түсінбей.

- Мен сенің тамақ ішер алдында айтатын құпия сөздерің жайлы сұрап жатырмын, - деп Маша сұрағын анықтады.

- Е-е, түсінікті, - деп Айша бір сәтке ойланып алып, – Бисмиллә, деген араб сөзі, ал қазақша мағынасы, енді жей беруге болады, - деді.

Бірер уақыттан соң Айша мен мамасы, қонақжай үй иелерімен қоштасып, дүкенге кетті.

- Мен сенің Машаға берген жауабыңды естідім, - деді күлімсіреп мамасы. – Сен шынымен-ақ, бисмилләні, енді жей беруге болады, деп ұғынасың ба?

- Әрине, - деді Айша, – Біз бисмилләні әрқашан тамақ жердің алдында айтамыз.

- Бірақта мен бұл сөздерді үйден шығарда да айтамын ғой, - деді мамасы.


  • Иә, шынымен-ақ солай, - деп ойланып қалды Айша.

- Ал «Әльхамдулиллә», сөзінің мағынасы сеніңше қалай болады? – деп, мамасы сөзін жалғастырды.

- Әльхамдулиллә - тамаша, өте жақсы, деген сөз, - деп Айша жылдам жауап берді.

Шешесі қоштамаған сыңай таңытып басын шайқады да:

- Қызық екен, ал сен «Астағфиралла», сөзінің мағынасын білесің бе?, - деп сұрады.

Даусынан алғашқыдай сенімділік байқалмай:25

- Білемін, деп ойлаймын, - деді Айша, мамасының жүзінің өзгеруінен жауабының дәл емес екендігін аңғарып, - Астағфиралла дегеніміз, мүмкін, нашар қыз, деген сөз болар, - деді.

Гүлнар сәл күрсініп ойланып қалды. Сосын, бір нәрсе есіне түскендей жымиып:

- Жауабың толық емес, - деп алып, – Саған бұл мәселеде кішкене көмек керек екен. Дегенмен, бұл сенің кінәң емес. Бұл жөнінде үйде сөйлесерміз, - деген сөзін түйіп.

Гүлнар жолдасы екеуі Айшаға дін жөнінде көп әңгімелер айтып түсіндіретін. Бұл сөздердің мағынасын қызына айтпауы мүмкін емес еді. Ал қызының ұмытуы Гүлнарды қатты қынжылтты. Үйде сөйлесейік дегені, Айшаның әкесі, сол сөздердің мағынасын баланың есінен шықпастай етіп түсіндіріп берер, деген ой еді.

Сол күннің кешінде Гүлнар жолдасымен әңгімелесіп отырып:

- Біз бұл сөздердің мағынасын жақсылап түсіндіріп беруіміз керек, - деген, соң – Оларды айтып жүрсе де толық мағынасын білмейді екен. Мысалы, Айша астағфиралланың мағынасын, нашар қыз, деп ұғынатын көрінеді, - деген.

Мына сөздерді естіген жолдасы амалсыз күліп алды да:

- Бұл біздің кінәміз. Біз өзіміз ол бір нәрсе бүлдірген кезде астағфирулла, дейміз. Жарайды мен Айшаға сәті келгенде бәрін дұрыстап түсіндіріп берермін, - деп Гүлнарға уәде еткен.

Әкесі аулаға шыққанда, Айша әткеншек теуіп отыр екен.



  • Папа, мені тербетіңізші, - деп өтінді әкесін көріп қуанған Айша.

- Кәнеки, - деп әкесі әткеншектің арқанынан ұстады да бисмиллә, деп әткеншекті тербете бастады. Әткеншек тербеле жөнелді.

  • Тамаша! – деді, әсерленген Айша.

- Ботақаным, мен қазір неге бисмиллә, деп айттым, сен соны білесің бе? – деді әкесі қызына жайдарлана қарап.

- Біз бұны бір іс бастар кезде әрдайым айтамыз, - деді Айша.

- Дұрыс айтасың, демек сен бисмилләнің, мен жеуді бастадым, деген сөз емес екендігін түсінетін шығарсың?

- Әрине, бұл дегеніміз «Мен бастадым».

- Қошақаным, жауабың толық емес - деді әкесі, – дәлірек айтсақ арабтың бисмилләдағы «исми» дегені қазақтың «есім», не болмаса «ат» деген мағынасын білдіреді, ал енді «бисми», дегеніміз «есімімен», не болмаса «атымен» болады. «Исми» мен «есім» сөздерінің ұқсастығын байқайсың ба? Келесі «Иллә» дегеніміз Алла болады. Сонымен өзің «Бисмиллә» сөзінің мағынасын айтшы.26

- Алланың есімімен, не болмаса Алланың атымен, - деді, Айша қуаныштан көздері нұрланып.

- Тамаша, - деді қызының түсінгеніне қуанған әкесі, – Ал мағынасын дәлірек аударсақ «Алланың атымен бастадым» болады.

- Папа, сіз кейбір кезде, мысалыға Құран оқырдың алдында «Бисмиллә Рахман Рахим», дейсіз. Сонда сіз неге «Рахман», «Рахим» сөздерін қосасыз? – деп, сұрады Айша әңгіме қызығына беріліп.

- Өте дұрыс, - деді әкесі қызының ықыласты сұрағына рахаттанып, – Рахман, Рахим дегеніміз Алла Тағаланың «Қамқор, Мейірімді», деген көп есімдерінің бірі.

- Папа, тұра тұрыңызшы, мен енді түсіндім, - деп Айша тербеліп тұрған әткеншегінен секіріп түсті де – «Қамқор, Мейірімді Алланың атымен бастадым» болады, - деді.

- Әльхамдулиллә, - деді қуанған әкесі, – Ал сен болсаң «Мен жеуді бастадым», дейсің.

Айша айтып жүрген сөздерінің ерсі екендігін түсініп, әкесі екеуі күліп алды. Сосын әткеншегіне қайтадан жайғасқан.

- Мұсылмандар бұл сөзді кез-келген істі бастар алдында айтады, - деді әкесі сөзін сабақтап. - Бұл сөздер адамзатқа Алла Тағала тарапынан келген үлкен нығмет пен игілік. Сондықтан енді сен бір іс бастарда бисмилләнің мағынасын ұғынып, айтуың керек.

- Папа, сіз жаңа менің жауабым дұрыс болған кезде әльхамдулиллә, дедіңіз - деді Айша әткеншекте тербелуін жалғастырып, – Демек, ол сөзді бір нәрсе дұрыс болған кезде айтады ма?

- Иә, бұл сөзді, бір нәрсе дұрыс болғанда, қуанғанда Аллаға мадақ айтып, барлық жақсы істер болып жатқан кезде қоштап айтады, - деді, әкесі қызының сұрақтарына қуанып. – Ал сен бұл сөздің мағынасы қалай, деп ойлайсың?, - деді.

Айша осы жолы дұрыс жауап беруге тырысып ойланып қалды. Ұзақ ойланып отырып әткеншегінің тоқтағанын байқамай да қалыпты. Бұл сөз «Фатиха» сүресінің басында кездеседі, ал папасы болса оны бір кісіге түсіндіріп жатқанын естіген.

- Есіме түсті, есіме түсті, - деді қуанған Айша, – Бұл дегеніміз «Барлық мақтау Аллаға».

- Әльхамдулиллә! – деді әкесі, – Дұрыс, біз бұл сөзді бізбен біреу сәлемдесіп халымызды сұрағанда да айтамыз, яғни Аллаға көп шүкір, Оған мақтаулар болсын, жағдайым жақсы, деген сөз.27

Әкесі біраз үнсіз қалып, қызының әнткеншегін тағы да тербетті де әңгімесін ары қарай жалғастырды.


  • Ал егер сен бір нәрсені сындырып алсаң не деуің керек?

  • Астағфиралла, - деді Айша.

  • Ал бұл сөз қандай мағына білдіреді?, - деген әкесіне, Айша:

  • Кешір, не осыған ұқсас сөз шығар.

- Жобаң дұрыс, бірақ дәлірек айтсақ мағынасы, «Алла, кешір мені!». Бұл сөзді егер сен бір нәрсені қателесіп дұрыс істемесең айтуыңа болады.

- Дәл айтасыз. Мен бұны білдім ғой!, - деді Айша өзінің тапқырлығына мәз болып.

- Астағфиралланың мағынасы «Нашар қыз» емес екен, солай ма?, - деді әкесі.

- Иә, бірақ сіздер мамам екеулеріңіз бұл сөзді, мен бір нәрсе бүлдірген кезде айтасыздар, мінеки сондықтан мен бәрін шатастырып алдым.

- Ұқтым, енді ұғындым, - деді әкесі, – Бұл біздің қателігіміз, бүгіннен бастап, егер біз сөздерді дұрыс қолданбасақ, сен ескертіп отырасың, келістік пе?

Бұл Айша үшін жаңалық болды, демек әкем мен шешем де қателеседі екен ғой. Әкесінің өзі қателессем түзет, деп жатыр. Бұл ой Айшаға қатты ұнап:



  • Әрине, папа, - деген

Әкесі:

- Ал мамаң саған бір нәрсені уәде бергенде не деу керек екендігін үйретпеп пе еді?, - деп әкесі қызының жауабының толық болуын талап еткен.

- Иншалла, қателессеңіздер түзетемін. Мен бұл сөздің мағынасын білемін, ол «Алла жазса», не болмаса «Алла қаласа» деген сөз, – деп Айша, әкесінің сұрақ қоюын күтпестен жауап бере бастады, - Өткенде Бауыржан ағаның Мариямы босанғанда, ол қуанып «Иншалла», деп айтып жатқанда сен бұндай жағдайда «Әлхамдулиллаһ» де, ал «Иншаллаһ», деген «Аллаһ жазса», не «Аллаһ қаласа» мағынасын білдіреді, деп айтқаныңызды естігенмін. Сонда мен Бауыржан ағаның: «Алла қаласа Мариям ұл туды», - деп айтқанының ерсі екендігіне күлген болатынмын.

Әкесі қызының ұғымында бұл сөздің де осылайша нық бекігеніне қуанды. Осы кезде әткеншек те тоқтаған болатын. 28

- Білесің бе, мен саған қандай ұсыныс жасағым келеді?, - деді әкесі Айшаға.

- Қандай?, - деді Айша.

- Біз былай келісейік: егер біз осы сөздерді керек кезінде айтуға ұмытып кетсек, не болмаса дұрыс қолданбасақ, бір-біріміздің есімізге салып отыратын болайық. Келістік пе?


  • Иншалла, - деп Айша келіскендігін білдірді.

- Әлхамдулилла!, - деп әкесі өздерінің келісіміне қуанғандығын байқатып.

Әкесімен әңгімелескен аз уақыт арасында Айша өзін керемет есейіп кеткендей сезінді. Әрине, ата-анасы өзіне, ал өзі ата-анасына келешекте қателеспеуге көмектесе алады. Әкесі қызын құшақтап бетінен мейірлене сүйіп:

- Ал енді үйге барайық, ақшам намазының уақыты келген шығар, - деді.

- Бұл да еске салу ма, папа? – деді Айша.

- Иә бұл да өзінше бір еске салу, - деді әкесі.

Әкесі Айшаға бір парақ қағаз бетіне дұға жазып беріп, оны кешкі астың алдында оқуын өтінген. Бәрі дастархан басына отырып, тамақ әкелінген соң, Айша: бисмиллә деп дұғаны оқығанда әкесі мен шешесі оның соңынан қайталап отырды: «Аллааһумма, баарик ләнаа фи һи уә атъимнә хайран минһу» (мағынасы: «Иә Алла, бұны бізге игілікті ет және бізді бұдан да жақсырағымен тамақтандыр»).

Ата-анасының көмегімен Айша өздерінің күнделікті қолданып жүрген ұлы сөздердің мағынасын терең түсініп ұмтылмастай етіп есінде сақтап қалды.

СҰЛТАН МЕН АҚЫН
Ежелде абыройы ерекше биік, ел билеген сұлтан болыпты. Қарамағындағы ел де, қол астындағы қызметкерлері де, сұлтанның ел билеуіне дән риза екен. Өзінің әділеттілігімен ел-жұртына әйгілі болған көрінеді. Сондақтан да сол өңірдің би-болыстары, ақын-шешендері сұлтанды ерекше құрмет тұтып сыйлайтын еді. Елге өткір өлеңдерімен әйгілі болған Шаншар ақын әлгі сұлтанның замандас құрбысы болған, дейді. Шаншар ел аралап жыр-дастандар айтып, естіген-білгенін халыққа жеткізуді әдетіне айналдырып жүрген екен. Көркем мінез, жайдары жүзді Шаншар қызықты өлең-жырларымен елге жағымды адам болса керек. Ақынның осы абыройы сұлтанға да өз әсерін бермей қоймады. Ақын елдің мұң-мұқтажын жыр етіп жүрсе, сұлтан оның бұл еңбегін бағалап ақынның қажетін өтелуін өз мойнына алған екен. Шаншар жылдық соғымын, сауын сыйырын, астығын, сұлтаннан қажетінше алып тұратын.

Бір күні сұлтан ордасының алдында тұрып, Шаншардың алыстан жаяулатып өзінің ордасына бағыт алып келе жатқанын байқап қалып, мынандай ойға қалады: «Осы мен Шаншардың сұрағанын бере берем, осыған бір бермей көрейінші, не қылар екен?», - дейді де, қызметшісіне:

- Қазір маған Шаншар келеді, кетерінде не дейтінін мұқият тыңдап алып маған айтарсың, - деп тапсырып қояды. 29

Айтқандайын біраз уақыттан кейін ақын сұлтанның ордасына:

- Ассаламуғалейкум, - деп кіріп келеді.

Шаншарды қошеметпен қарсы алған сұлтан оған төрден орын беріп, құрмет көрсетеді. Салтымызға сай хал-жай сұрасып, амандық білісіп алған соң, қызметшілері қымыз, артынан ет әкеліп, ақынға сый-сыяпат жасайды. Ет желініп, шәй ішіліп болған соң, сұлтан ақыннан:

- Иә Шаншар, жәй жүрген жоқ шығарсың, бұйымтайың болса айта отыр, - деп, ақынның шаруасын айтуына қозғау салады.

Оңтайлы сәтті күткен Шаншар бұйымтайын былай деп баяндайды:

- Қайын жұртқа сәлем беріп қайтпақ ниетім бар еді. Ауыл арасы үш күндік жер. Өзіңізден мініске ат сұрай келдім, - деп барып, - Аттың терін шамам келгенше өтермін, - деп қойды.

Сұрағына берер жауабын ертерек дайындап қойған сұлтан, бөгелместен: 30

- Шәке, биылғы қыстың өте қатал болғанын көзіңіз көрді. Мал көтерем, күйі төмен, жылқыда өзіме де мініс беретін ат табылар емес. Сенсең осы, әйтпесе өзіңнің қолыңды қақпайтынымды білесің, - деп жұмсақтап, - ренжіме, бұл жолғы шаруаңның шешімін табар қисыны келмей-ақ тұр – деген болатын.

Сұлтанның бұл сөзіне Шаншар ақын:

- О не дегеніңіз, буынсыз жерден пышақ салу, кімге болсын жараспас. Уақасы жоқ, Алла бір ыңғайын келтірер. Көрсеткен сый-сыяпат, құрметіңізге көп рахмет, - деп ризашылықпен қоштасады.

Ақын кете салысымен, сұлтан қызметшісін шақырып алып:

- Иә, Шаншар не деп кетті?, - деп сұрайды.

Қызметшісі оған:

- «Бер», - деді Субхан берді сұлтан, «Берме», - деді Субхан бермеді сұлтан, деп бара жатқан жәйдары даусын естідім, бірақ еш нәрсе ұқпадым, - дейді.

Шаншар ақынның бұл сөздерін терең ойдың елегінен өткізген сұлтан:

- Иә Алла, мен өзімнің жомарттығымнан, көңілімнің кеңдігінен елге мал беріп жұрт қамын ойлап жүрмін, десем, маған бәрін істеткізіп тұрған бүкіл әлемдердің патшасы Өзің Субхан екенсің ғой, - деп тәубасына келеді.

Осы оқиғадан кейін сұлтан барлық амалын Алланың ризашылығы үшін атқарып, жұртқа жасаған жақсылығын міндетсінгенін қойған екен.


ДІНМҰХАММЕДТІҢ ДАУАСЫ31
Біз Омар екеуміздің шаңырақ көтергенімізге биыл он жеті жыл болады екен. Омармен осыдан он тоғыз жыл бұрын иститутта оқып жүрген шағымызда таныстық. Ол медицина институтының бесінші курс студенті, мен болсам педагогика институтының үшінші курсында оқып жүргенмін. Сол жылы біз оқитын институттардың арасында нашақорлыққа қарсы күрес жайлы кездесу өтті. Кездесуге ынталы студенттерден басқа ғалымдар мен белгілі профессорлар қатысты. Бұл шараны өткізуге мұрындық болып бастама көтеріп жүрген Омар екенін соңынан білдім. Кеш барысында оқылған баяндамалардың ішіндегі ең маңыздысы да Омардікі болып шықты. Бар ықыласымен егжей тегжейлі, тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұрды.

Бұл менің орта бойлы, аққұба өңді, сүйкімді жүзді, қоңырқай қой көзді, қоңыр дауысты Омарды алғашқы көруіп ұнатуым еді. Өңінде оғат ешнәрсе байқалмайды. Байсалды сабырлы білімге құштар жігіт екендігі өз өзін ұстауынан, істеген істерінен көрініп тұр.

Кешті қорыта келіп, топ құрып жүйелі түрде нашақорлықтың зияны жөнінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау ұйғарылды. Ұйым бес кісіден құралып мен де соның мүшесі болдым. Ал біздің басшымыз болып Омар тағайындалды. Омардың басшылық етуімен біз жиі бас қосып, мақалалар жазып өзіміз бекіткен бағдарламаны жүзеге асыруға ат салыстық.

Омар екеуіміздің таныстығымыз махаббатқа ұласып біз екі жылдан соң отау құрдық. Тұңғышымыз Маржан он алтыда, Дархан он екіде, Дінмухаммед бесте. Омар қазір медицина ғылымының кандидаты. Кандидаттық еңбегін «Денедегі ісік үстінде операциялау», мәселесін зерттеп Москвада қорғады. Еңбегімен танысқан ғалымдар Омардың болашақта медицина ғылымына үлкен үлес қосатындығынан зор үміттіміз, деп сенім артқан көрінеді. Москваға кел пәтер дайын тұр бізде ғылыммен айналысуыңа мүмкіншілік көп, деген талай шақыру ұсыныстардан үзілді кесілді бас тартқан. Өзі дәрігерлік мамандығын таңдағандығына дән риза, жан аянбай еңбек етеді. Аяқ астындағы шақыруларға бір сәт те ойланбай орнынан тұрып жүре береді.

Өзім орыс тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет етудемін. Балаларымыз өмірге келуі байланысты болған үзілістерім бар. Тапқан табысымыз бала-шағамызды асырап орташа өмір сүруімізге жеткілікті. Ең бастысы шаңырағымыз шайқалмай шат-шадыман ғұмыр кешудеміз. Әке-шешемізбен, ағайын-туғандарымызбен қарым-қатынасымыз ауыз толтырып айтарлықтай.

Омар екеуміздің осы өмірдегі ортақ ең басты қуанышымыз да, бақытымыз да өсіп келе жатқан балаларымыз. Балаларымыздың тәрбиесіне көріп білгенімізді екеуміз де аянбай жан-тәнімізбен саламыз. Өмір болған соң бәрі бірдей тек қуныштан тұрмайды ғой, кей кездері көңілімізді кірбің басып кеткенде бірімізді-біріміз демеп қуат беріп тірек боламыз. 32

Соңғы бір жыл ішінде Омар күрт өзгерді. Бұрынғысынан әлде қайда байсалдырақ тартып, өмірге деген көз-қарасы да біртүрлі басқаша болып кеткен. Бұлай өзгеруінің басты себебі оның намаз оқып, дін жолына түсуі еді. Мені де көп уағыздады. Бірақ мен керісінше кейін қартайғанда намаз оқып құлшылық қылсақ жараспай ма, қазір ең бастысы арақ ішіп ешкімге қиянат жасап жүрген жоқпыз, деп келіспеушілік білдіріп жүрдім. Оның маған діннің маңызы жөніндегі айтқан әңгімелері көңіліме қонатын. Бірақ осы өмірде көп нәрселерден бас тартуға тура келетіндігін ойлап менің көңілімді үрей билейтін, сондықтан келіспеушілігімді күшейте түсетінмін. Сондай бір кезде Омар маған ерекше сүйіспеншілікпен:

- Жаным менің, мен сені өте жақсы көремін, сонда қалай ойлайсың, мен саған жамандық ойлауым мүмкін бе? , - деген.

Мен оған:

- Әрине, біз бір-бірімізге жақсылық қалаймыз, - дейтінмін. Сондағы Омардың мына айтқандары есімде ерекше сақталып қалыпты:

- Алла Тағала: «Мен Өзімнің тақуа құлдарым үшін, оны көз көрмеген, ол туралы құлақ естімеген, әуелі адам баласының жүрегі де сезінбеген нәрсе дайындап қойдым», - дегенін хадистердің бірінде оқығам, Алланың сол айтқан Жәннәтінде болуымызды қалаймын.

Ал мен болсам өз дегенімді дәлелдемек боп:

- Дұрыс қой, бірақ мәселе біздің бүгінгі өмірімізде. Заманымыздың талабына сай өмір сүруіміз керек, - дейтінмін – Ал құлшылықты кейін қартайғанда жасармыз.

Оныма Омар:

- Дәрігерлік тәжірибемде өлімді көп көрдім. Өлім жасыңмен, дәулетіңмен, ақылыңмен, жоспарыңмен есептісіп келмейтіндігіне көзім анық жетті. Күн сайын жас та, кәрі де өз өмірлерімен қоштасып жатады. Ал біздің кәрілікке жететіндігімізге кім кепіл бола алады? Кейде біз түкке тұрғысыз кино қарап, не мән мағынасы жоқ әңгімелер айтамыз, сол уақытымызды құлшылыққа арнамаймыз ба? Сонда біз өзіміздің Жаратушымызды біле тұра Оның үкімін орындамай өз ойымызша, өз бетімізше өмір сүруіміз керек пе? – дейді.

Мен оған:

- Онда тұрған не бар, бүкіл халық солай өмір сүріп жатқан жоқ па. Ең бастысы ұрлық қылмай, өтірік айтпай, адал еңбек етіп бала тәрбиелеп жатырмыз, - деймін.

Омар:


- Ауырып жанымыз қысылғанда не басымызға ауыртпалықтар түскенде Алладан көмек сұрап жатамыз. Ал жеңілдік келгеннен кейін Алланы ұмытып кетеміз. Бұл деген барып тұрған екіжүзділік емес пе? Біз ата-анамызды өзімізге бір нәрсе керек болғанда ғана есімізге алып, қалған кезде ұмытып кетсек бізге олар риза болар ма еді? Бұндай көзқарас әділеттілік емес қой, - деп маған қынжыла қарайтын.33

Екеуіміздің арамыздағы осындай тартыстар соңғы кездері жиі болып тұратын. Омардың айтып тұрғандары шындық екенін ішім мойындағанымен ақылым мына өмірдің қызықтарынан айырылғысы келмей, дүниеге деген құмарлығым жеңіп кетіп жататын. Сол ойлардың салдарынан екі ұдай боп өзіммен-өзім арпалысып ұзақ жүрдім. Үйдегі әдеби шығармалардың орнын Ислам жайлы көптеген кітаптар толтырды. Маған оқуға берген талайын Омардың көңілі үшін оқыған болып қайтадан орнына қойып қоятынмын.

Балалар керісінше бірден әкелеріне өздері тартылып оған таласа сұрақ қойып, Омардың айтқандарын сүйсіне тыңдайтын. Әсіресе Дінмұхамед ерекше ынтық, Омар Ислам жайында айта бастаса жүзі нұрланып құлпырып, көздері жайнап кетеді. Омардың намаз оқығанына бір ай өтісімен Дінмұхамед бастаған балаларымыз бірінен кейін бірі намаз оқу тәртібін тез арада игеріп төртеуі бірігіп оқитын болды.

Олар төр үйде намаз оқуға кіріскенде мен ас үйге келіп отырамын. Сондай сәттерде өзімді тіршіліксіз қу далада қалған адамдай сезінемін. Көңілім құлазып, жанымды қоярға жер таба алмай кететінмін. Істеген ісімнен береке кетіп, ойымнан маза кетеді. Олар дастарханға келіп жайғасқанда өзімді бір нәрсе бүлдіріп қойғандай, не біреуге өтірік айтып алдап жүрген кінәлі адамдай сезінетімін. Оларға көзімді көтеріп тіктеп қарай алмай бей-жәй күй кешетінмін. Кеше кешке олар намаздарын оқып болғаннан кейін Дінмұхаммед ас үйге жүгіріп кіріп, маған көздерін жәудірете қарап:

- Мама, біз әкемізбен Жәннәтта жүргенде сен жалғыз қайда боласың? Біз сені сағынамыз ғой, - деп мені бас салып құшақтай алған.

Ұлымның бұл сөздері, менің төбемнен жәй түсіргендей әсер етті. Оның маған деген пәк сезімі, сәбилік махаббаты жүрегімді тілгілеп өтіп, ұлымның маған деген зор қамқорлығы мен аянышын жан дүниеммен сезіндім. Сол сәтте Омардың жиі айтатын Қиямет күні көз алдыма елестеп кетті. Өз бойымды билей алмай Дінмұхамедімді бауырыма басқанда ет жүрегім елжіреп, сорғалап аққан көз жасымды тоқтата алмадым.

- Құлыным-ау, құлыным-ау, - деуге ғана шамам келіп, ары ештеңе айта алмадым. Тек қана үнсіз егіле жылай беріппін. Сәлден соң орнымнан тұрып Дінмұхамедімді жетектеп төр үйге кіргенімде Омар, Маржан, Дархан үшеуі енді тұрып келе жатыр екен. Менің мына түрімді көрген үшеуі маған үрке қарап қалған, ал мен болсам:34

- Мені де намазға үйретіңдер, сендермен Жәннәтта болғым келеді, - дедім даусым дірілдеп.

Бұл сөз оларға осы өмірдегі ең қуанышты хабар әкелгендігін түсіндім. Үшеуі үш жақтап Дінмұхамед екеуімізді орталараны алып құшақтап сүйіп жатыр. Бұл біздің үйіміздегі ең қуанышты, ең бақытты күндердің бірі еді.

Бүгінгі таң ерекше нұрланып атты. Күннің әсем нұры үй ішін қуанышқа бөлеп тұр. Ашық терезеден енген ауаның таза жұпар исі кеудеме кең тыныс беріп тіршілік тылсымынан сыр шертеді. Мен үшін өмір енді ғана басталған. Омар жұмысына кеткен. Маржан мен Дархан сабақтарында. Дінмұхаммед әлі тәтті ұйқыда. Менің жүрегімде шаттық, қолымда Алланың кітабы: «Біз дүние тіршілігінде де Ақиретте де достарыңбыз. Сендерде ол Жәннәтта көңілдерің көксеген нәрселер бар. Сондай-ақ сендерге не тілесеңдер бар...» («Фұссилат» сүресі, 31 аят.)




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет