Үйге қайтқым келеді...
Бұрын бізге ешқашан милиционер келіп көрмеген. Сондықтан болар, біз оны
көргенде бірден қорқып кеттік. Ал мына екі әйел кімдер? Барлығы олар не
айтатындарын тағатсыздана күтті. Милиционердің сөздерінен кейін әпкем не
істерін білмей тұрып қалды да, қарсы екенін білдіріп басын шайқады. Асүйде
жүрген көрші Гүлнар тәте мәселенің мәнісін түсіне қойып, ортаға түсті:
-Бұл не сұмдық! Ұялсаңдаршы! Балалар жаңа ғана әкелерін жерлеп келді, ал
сендер мынандай мәселемен келіп отырсыңдар! Қолайлы уақыт емес қазір!
-Қане, ұрсыспайық, – деді милиционер, барлығына басу айтып. — Біз
өзіміздің жұмысымызды атқарудамыз. Үлкен әпкелері кішілерінің заттарын
жинауға көмектессе дейміз.
-Міне, жаңалық! – деп көршіміз өз сөзін жалғастырды. — Қайда
апармақсыздар? Олар өздерінің үйінде емес пе? Ешкім сіздерден қонатын
жер сұрап тұрған жоқ.
Қаладан келген әйелдердің бірі дауды басу үшін жағдайды түсіндіріп көргісі келді:
-Мен жетім балалар жөніндегі маманмын. Ата-анасыз қалған балалар
мемлекет қарауына беріледі. Сондықтан бұл балалардың ары қарайғы
тағдыры біздің қолымызда.
-Иә, уақытты бекер өткізбейік, — милиционер көзін біздің беттерімізге
жүгіртіп өтті. — Қане, киімдеріңді жинаңдар.
Бұл сөздерден бойымда ток жүріп өткендей болды. Бізді үйімізден алып кетпекші!
Әлияның шарасыз кейпіне қарай беремін. Кішкентайымыз да жасын көзінде әрең
іркіп тұр. Осы кезде бізді ауылдастарымыз қорғауға көшті:
- Ешқандай ұяттарың жоқ екен! Балалар онсыз да қайғы жұтып отырғанда...
- Бұл мәселені кейінірек те шешуге болады ғой!
- Балалардың жанын бұлар қайдан ұқсын...
Ең үлкен әпкеміз ақыры өзінің пікірін айтты:
- Мен інілерім мен сіңлілерімді ешкімге бермеймін. Егер қажет болса,
оқуымды тастаймын да өзім қараймын бауырларыма.
- Мәселе бұлай шешілмейді, сіңілім, — деп маман сенімді түрде айтып
жатыр,- біріншіден, сен әлі өзің аяғыңнан тік тұрып кеткен жоқсың.
Екіншіден, сенде тұрақты жұмыс пен үнемі кіріп тұратын табысың болуы
керек. Ал сен, сұлуым, тіпті әлі тұрмысқа да шықпағансың. Мемлекет төрт
бірдей кәмелетке толмаған баланы саған жалғыз өзіңе бере алмайды. Бұл
мүмкін емес. Сондықтан, уақытты созбаңдар, балалардың киімдерін
жинаңдар.
- Біз ешқайда бармаймыз! – Әлия орнынан атып тұрды.
- Біз өз үйімізден ешқайда кетпейміз, — деп мен де оны қостап қойдым.
- Сендер бізден қорықпаңдар, — милиционер жасанды күлкісімен маған
жақындап келіп қолымды қысты, — қане, бір сағатқа ғана қалаға барып
қайтайық. Ол жерде дәрігер сендерді қарап, тексереді, содан кейін біз
сендерді қайта үйге әкеп тастаймыз. Әпкелеріңмен бірге тұра бересіңдер.
Мына бір формадағы аға не деген мейірімді! Анау әйел сияқты емес, анау
болмайды, мынау болмайды демейді.
- Бірақ бүгін еске алу асы. Дастархан да дайын тұр. Балаларды тексеруге
ертең апарасыңдар, — деп Гүлнар тәте уақытты соза түскісі келді.
- Жоқ, жоқ, бүгін апарамыз, — деп милиционер өз сөзін табандылықпен
айтты. —Балалар ауыр қайғыны бастарынан кешірді, оларға психологиялық
көмек қажет. Оларды қараусыз қалдыруға болмайды. Балақай, сен қалаға
барғың келеді ғой? – деп ол менің басымнан сипады.
- Милиционер аға маған сондай мейірімді, сүйкімді болып көрінді. Үлкен
аға-әпкелерім бізді жібергілері келмесе де, қаладан келгендер бізді алдап-
сулап әйтеуір көндірді ғой. Бізді бір сағаттан соң қайтадан әкеп тастаймыз
деп тұр, несіне қарсыласамыз? Бізді көлікке отырғызды, киімдерімізді салды,
кеттік. Мен туған үйіме қарап көзімді терезеден аудара алмадым...
Бізді төрт қабатты балалар ауруханасына алып келді. Біздің жанымыздағы әйелдер
бір құжаттарды толтырып біткенше дәлізде отырдық. Милиционер біздің
жанымыздан бір қадам да аттамады. Міне, ақыры кабинеттен ақ халат киген
мейірімді бір әйел шықты.
- Қараңдаршы, қандай сүп-сүйкімді балалар! Қорықпаңдар, бұл жерде
сендерге ешкім де тимейді. Төртеуің де бір палатада боласыңдар. Таңертең
сендерге дәмді ботқа, түсте котлет береді. Күн сайын жатар алдында айран
береді.
Мен көзімді дәрігерден милиционерге қарай аудардым. Бұл қалай, бізге «бір
сағатқа ғана» деп еді, ал дәрігер қайдағы бір таңертеңгі, түскі астарды айтып тұр.
Бізді алдағандарын біліп, Әлия ашулана бастады:
- Біз бұл жерде қалмаймыз. Сіздер бізді қайтадан үйге апарып тастаймыз
дегенсіздер!
- Иә, бізге сендердің ботқаларың мен айрандарың керегі жоқ, — деп мен де
қосылдым.
- Үйге қайтқым келді. Жіберіңдерші бізді, — деп Зульфира қыңқылдай
бастады. — Әке, қайдасың сен? Бізді бұл жерден алып кет!
- Өтінемін, тынышталыңдаршы! — Дәрігер өзінің көп сөйлеп қойғанын
сезіп, — сендерді шынында да қарап, тексеру керек. Егер сендердің
денсаулықтарың жақсы болса, ертең-ақ үйлеріңе жібереміз. Қане, төртінші
қабатқа көтерілейік, мен сендердің палаталарыңды көрсетейін.
- Ешқандай палатаға барғымыз келмейді!
- Бізді қайтадан үйімізге апарып тастаңдар!
- Болды, тоқтатыңдар қарсыласуды! — деп милиционер ашуланды. — Мен
сендермен дауласып тұратын бала емеспін.
- Сіз өзіңіз айттыңыз емес пе, бір сағатқа ғана барамыз деп едіңіз ғой. Үйде
жақындарымыз алаңдайды. Ағатай, бізді үйімізге апарыңыздаршы, — деп
біздің үлкеніміз ретінде Әлия көндіріп көргісі келді.
- Болды, менің басымды қатырмаңдар! Онсыз да сендер үшін көп
уақытымды зая кетірдім! — Милиционер қарулы қолдарымен Әлия
екеуімізді қолдарымыздан қатты ұстап алды да баспалдақпен жоғары қарай
күшпен алып жүрді. Алсу мен Зульфираға үнсіз жасқа булығып біздің
соңымыздан еру ғана қалды. Бізді палатаға кіргізді де, сыртымыздан
құлыптап тастады.
Бұған дейін үйден басқа жерде ұйықтап көрмегендіктен мен түні бойы төсекте
аунақшып шықтым. Таң ата Әлия да оянды. Палатада ауа тар екен, дәрілердің иісі
де жағымсыз болып шықты.
- Әпке, қалай ұйықтадың? — деп сұрадым мен.
- Ой-й, бұл жерде бір күн де қалғым келмейді. Түні бойы жаман түстер көріп
шықтым, бейне бір шайтандар табанымды қытықтағандай күйде болдым...
- Мен де дұрыс ұйықтамадым. Ал бүгін бізді жібереді ме?
- Білмеймін. Айтты ғой, бұл жерде балалар ұзақ жатады деп, — Әлия терең
күрсінді.
- Жоқ, жоқ, мен қашып кетемін!
- Менің де үйге кеткім келеді. Бірақ деревняға дейін өте алыс, билетке
ақшамыз да жоқ...
Ол да шындық — ақшасыз ешқайда кете алмайсың. Оның үстіне біз
төртеуміз. Үйге қалай қайтқымыз келеді десеңші! Өзімнің төсек орнымды,
бақшамды, көшемді сағындым. Шіркін, құс болғанымда ғой! Ертегідегідей
қанатымды қомдап туған ауылыма ұшып барар ем. Әпкелерім мен
қарындастарымды да өзіммен бірге алып алар едім. Әттең, әкеміз қайтыс болды,
әйтпесе ол бізді мұндай күйге түсірмес еді ғой!
Есіме әкеммен болған соңғы әңгімеміз түсті. Тоқта, тоқта. Ол сол кезде маған не
деп еді? «Менде бір өзім үшін қымбат нәрсе бар. Соны саған бергім келеді...»
- Ілияс, не туралы ойланып кеттің?
- Әпке, білесің бе, әкем өмірінің соңында маған бірдеңе бергісі келген еді.
- Не бергісі келді?
- Білмеймін, ол өзіне қымбат нәрсе екенін айтып еді.
- Қайда онысы?
- Әкем кешке мені өзінің жанына шақырып алып енді сөйлей бастағанда
ауруы асқынып, жағдайы ауырлап кетті. Ол таңертең әңгімесін
жалғастыратынын айтты. Ал таңертең... — «қайтыс болды» деген сөзді менің
айтқым келмеді. Онсыз да әкем туралы еске алу ауыр болып тұрды.
Осы кезде палатаның есігі ақырын ғана ашылды. Тазалықшы апай палатаны жинап,
тазалауға келген екен. Ол әпкем екеуіміздің таңертең ертемен оянып алып сөйлесіп
отырғанымызды көріп таң қалды.
- Неге ұйықтамайсыңдар, балалар? — деп сұрады.
- Үйде болсақ қатты ұйықтар едік, ал бұл жерде қорқынышты, — деп Әлия
да ақырын күбірледі.
- Мейірімді жүз бен жұмсақ дауыс маған ылғи да сенім ұялатып, әңгімеге
тартады. Мен одан:
- Дәрігер болып қызмет ету қиын ба? — деп сұрадым.
- Білмеймін, ұлым. Мен дәрігер емеспін ғой.
- Қалайша? Сіздің ақ халатыңыз бар емес пе? — деймін мен.
- Мұнда барлығы ақ халатпен жүреді. Мен жай ғана тазалықшымын,
палаталарды жинастырып, еденді жуамын.
- Тәте, бізді үйге қашан босатады? — деп Әлия сұрақ қойды.
- Ах, балалар. Кімге оралғыларың келеді сендердің? Шамасы сендердің
тағдырларың осындай ауыр шығар, — тазалықшы еденді жууды бастады. —
Сендерге енді бір-біріңмен бірге жүрулерің керек. Балалар үйінде де бір-
біріңді қорғап жүріңдер.
«Балалар үйі» деген сөзді естіп менің есім шығып кетті. Бұрын үлкендерден
балалар үйінің өмірі жайлы аздап естігенім бар. Әке-шешем ауырып қалғанда олар
өліп кетіп, бізді балалар үйіне алып кетеді ме деп үрейленетін едім. Ал бүгін мына
тазалықшы солай болғандай етіп хабарлап тұр.
- Не? Қайдағы балалар үйі? — Әлияның түрі бұзылып кетті, әне-міне
дегенше жылайын деп қалды.
Мен өзімді сондай дәрменсіз, шарасыз сезіндім. Сонда ары қарай қайда тұратыным,
кіммен араласатыным туралы мен өзім шешім шығара алмағаным ба?! Жоғарыдан
біреу сені, сенің ерік-жігер, қалауыңды басқарып тұрады ғой.
Тазалықшы түк болмағандай ары қарай жалғастырды:
- Мен білмеймін, сендерді қай балалар үйіне бөлетінін. Дәрігерлерден
естідім, сендерді тексеріп болған соң балалар үйіне әкетеді екен.
Әпкем орнынан атып тұрып, ашудан жарыла жаздап, тазалықшының қолынан
ұстай алып жылап жіберді:
- Тәте, шын айтасыз ба? Біздің балалар үйіне барғымыз келмейді. Оларға
айтыңызшы, бізді үйге жіберсінші! Тәте! — Әлияның жас толы көздері
тазалықшыға жалына және үміттене қарады.
Мен де шыдап тұра алмадым. Өзінің сөзі бізді қалай жабырқатқанын көрген
тазалықшы апай да мұңайып қалды. Оның бетіндегі әжімдері де көбейіп кеткен
сияқты. Ол бізге көмектесетін амал таппағандықтан жұбататын сөз де айта алмады.
Ақыры көзінен аққан жасын сүртіп біздің палатадан біржола шығып кете барды.
Әлия екеуіміз өз төсектерімізде отырып ұзақ жыладық. Бұрын мұндай сәттерде
бізді тыныштандыратын, басымыздан сипайтын. Ал енді қанша бақырып жыласаң
да ешкімнің сенімен ісі жоқ. Бұл ащы шындықты мойындаудың өзі де ауыр екен...
Көз жасымен қайғыны жеңе алмайсың. Бұл жерден тезірек кетіп, бостандыққа
шығу керек екені анық. Кенеттен маған «қашу керек, тезірек бұл жерден қашу
керек» деген ой келді.
- Әпке, бүгін-ақ ауылымызға қашып кетейік. Орманға тығыламыз, бізді ол
жерден ешкім таба алмайды. Үйдегілер бізді таппай қалған шығар. Әкем
маған бергісі келген затты іздеп тауып аламыз. Қораптардың бірінде жатқан
болар...
- Білмеймін... Жол да жақын емес...
- Ең бастысы автобекетке жетсек болды, ары қарай мен жолды білемін.
Ертерек шықсақ, кешке дейін жетеміз.
- Ілияс, бізді көшеге кім жібереді? — әпкемнің дірілдеген дауысы жүрегі
ауырып тұрғанының белгісі еді.
- Міне, күн режимі, — деп есіктің ішкі жағында ілініп тұрған қағазды
көрсеттім. — сағат 11 мен 12-нің ортасында аулада жүруге болады. Аулаға
шығамыз деп шығып, қашып кетеміз!
Біздің дауысымыздан кішкентай Зульфира оянып кетті. Ол көзін ашпастан-ақ
жылай бастады:
- Әпке, үйге қайтайықшы. Бұл жерде жаман, қорқынышты...
Әлия оны үлкендерше жұбатуға кірісті:
- Жылама, кішкентайым, жылама. Бүгін-ақ үйге жетеміз. Сен бірақта
жылама, жарай ма?
- Жарайды, жыламаймын, бірақ үйге тезірек қайтайық.
Біз таңғы 11-лерде қашатын болып келістік. Бірінші аулаға Алсу екеуіміз шығамыз,
кейінірек Әлия мен Зульфира шығып, біздің жанымызға келеді. Біздің не
ойлағанымызды басқалар біліп қоймау үшін жеңіл киіммен ғана шығатын болдық.
Барлық киім-кешек, заттарымыз палатада қалады. Ең бастысы — қашып кету!
Төртеуіміз де көшеге шыққан соң басымыз ауған жаққа қашамыз. Ауруханадан
алыстап кеткен соң автобекетке қалай жетуді ақылдасамыз. Кеш батпай үйге
жетуді жоспарладық...
Барлығы біз ойлағандай болды. Ауруханадан шыға салысымызбен биік
үйлерге қарай бағыт алып, көшедегі адамдардың арасына кіріп кеттік. Енді біздерді
тауып көрсін! Адамдардан автобекетке қалай бару керек екенін сұрап алдық. Ол
қаланың шетінде болып шықты. Бұрын мен бұл жерде болғанмын, қайда бару
керек екенін жақсы білемін. Деревняға дейін отыз шақырымдай. Жол айналмалы,
бірнеше таудан өту керек.
Автобекеттен көлік тоқтатып көрдік. Төртеуімізге қайту қиын болып кетті: бірде
орын болмаса, бірде көлік тоқтамады. Жаяу кетуге бел будық. Күн ашық болып
тұрды, бізге де көңілді болды. Жанымыздан көліктер шаңдатып өтіп жатыр. Ал біз
тәтті қиялдарға толы кейпімізбен туған ауылымызға кетіп бара жатырмыз.
Қаншалықты көп жүргеніміз есімде жоқ. Күн көкжиекке батуға айналды.
Бағанағыдай емес, жүру де көңілсіз бола бастады. Жолдың шетінде демалып
алайық дедік. Мотордың дауысына жалт бұрылып қарап едім, милицияның көлігін
көрдім. Кеудемде жүрегім атқақтап кетті. Мүмкін бізді іздеп жүрген болар!
Алыстан байқағаным жақсы болды — қарындасымның қолынан ұстап алдым да
жол жағасындағы ағаштарға жасырындық. Уф-ф, бізді байқамай, өтіп кетті.
- Жолмен жүру қауіпті, ұстап алады, — дедім мен.
- Ілияс, мен де солай ойлаймын, — деді Әлия. — Жақсы болды, жасырынып
үлгердік. Ұстап алса бізді бірден балалар үйіне апарады. Ауыр болса да
орман арқылы жүреміз енді.
Жүру шынында да қиын болды. Біресе бұтақтарға шалынасың, бірде қалың
жыныстың арасында денеңді жаралап аласың. Жолға шығуға болмайды. Шыдау
керек. Алдымыздағы таудың биігіне шығып алсақ ары қарай жеңіл.
- Әпке, мен шаршадым! — деп Зульфира қыңқылдап келеді. Оны басында
мен көтердім, содан кейін Әлия иығына отырғызып алды. Тауға мұндай
жүкпен көтерілу бізге де тым қиын. Қарындасым қанша қыңқылдаса да
біздің енді оны көтеруге қауқарымыз жоқ.
- Ай-яй, — деген Алсудың дауысы орманды жаңғыртты. — Ары қарай жүре
алмаймын, аяғым ауырды.
Біз бағана басқаларды күдіктендірмеу үшін бәріміз де жеңіл киінгенбіз, Алсу
далаға жұқа матадан жасалған тәпішкемен шыққан болатын. Ол тәпішкесі
жыртылып, түгі қалмады, бірақ ол бізге де айтпастан шыдады. Оның аяғына қарап,
шошып кеттік — табаны жырылған, кейбір жерлері қанап тұр. Әлия етегінің бір
жерінен жыртып жіберіп, Алсудың табанына жолжелкен қойып, сол шүберекпен
орап қойды.
Жүру тіптен қиындады. Қарындасым болса: «Әке, әкетай, қайдасың сен? Мен
қатты шаршадым. Алып кетші бізді...», — деп қиналуда. Әкем екеуімізге орман
сондай ұнайтын. Бүгін керісінше, ағаштардың сықыры, тоқылдақтың тынымсыз
тықылы бір түрлі қорқынышты.
- Кар-р-р! Кар-р-р! — деп бір қарға ағаштан-ағашқа ұшып, біздің
соңымыздан қалмай қойды. Үлкендер бұл жақсы белгі емес деуші еді,
қарғаның қарқылы бізді ерекше үрейлендірді.
- Апа, мен қорқамын! — деп барлық жері қалтырап Зульфира жылады. — Ол
менің көзімді тұмсығымен ойып алып, басқа жаққа алып кетпекші.
Қорқамын! Әкешім, құтқар бізді! Біз қолымыздан келгенше оны
тыныштандырудамыз.
Таудың биігіне шыққанымызда ауа райы бұзыла бастады. Аяқ астынан қап-
қара бұлттар пайда болып, айнала қараңғы болып кетті. Суық жел соғып, қатты
нөсер жауды. Найзағай біресе алдымыздан, біресе артымыздан жарқылдайды. Күн
күркірегенде аяғымыздың астындағы жер де қозғалуда. Нөсер жауын, найзағай
ойнаған кезде біз үйде төсекте бүркеніп алып жатушы едік. Ал мұндай жағдайда
ешқайда тығыла алмайсың. Біз малмандай су болдық.
Енесіне жабысқан күшіктерше біз бір-бірімізге тығыла түсіп жылынуға тырыстық.
Еріндеріміз көгеріп, тістеріміз тісімізге тимей дірілдей бердік. Әлия, Алсу, мен
шыдауға тырысамыз, ал кішкентай Зульфираның көп жылай бергеннен дауысы
шықпай қалыпты.
Біздің құрғақ бір жеріміз де қалмады. Ең қорқыныштысы — найзағайлар. Отты
қылыштар барлық жағымыздан жалаңдайды. Найзағай ұрғандықтан бізден жүз
метрдей жердегі қарағай жерге дүрс етіп құлады.
- Қазір біздің жанымыздағы ағашты да найзағай ұрады! — деп Алсу
айқайлап жіберді. Қорыққаннан біз жолға жүгіріп шықтық. Бақытымызға
қарай сол кезде біздің жанымызға бір көлік тоқтай қалды. Ішінде ерлі-
зайыпты екі жан бар екен. Төртеуіміз де артқы орындыққа отыра кеттік.
Біздің мына жағдайымызды көрген соң олар бізге артық сұрақ та қоймады.
Қайда тұратынымызды ғана сұрап, тура үйдің алдына әкеп тастады.
- Енді орманда бұлай жалғыз жүрмеңдер, — деді.
Деревняда жаңбыр жаумапты. Үйімізді көргенде көзімізден жас шығып кетті, біз
үшін үйімізден артық, үйімізден қымбат жер жоқ еді. Тек қана осы ата-анамыздың
шаңырағынан бізді алшақтатпаса екен. Үйдің есігіне құлып ілініпті, демек, әпкеміз
бен ағаларымыз оқуға кеткен. Есікті аша алмаған соң біз сол бір қиын күнде
қорғауға тырысқан Гүлнар тәтенің үйіне бардық.
- Ой, балалар! Келдіңдер ме? Ал мен енді не ойларымды да білмей
отырғанмын, — деп мейіріммен біздің арқамыздан қақты. — Қане,
жамылғыға ораныңдар. Менде үйректің сорпасы дайын тұр, қазір
тамақтандырамын.
Күні бойы нәр татпағандықтан нан мен сорпа бізге ханның тамағындай болды.
- Біздікілер қайда? — деп көршімізден сұрадық.
- Бүгін таңертең қалаға кетті. Оқу жылының соңы, емтихандарын
тапсырулары керек екен. Олар келгенше мен қарай тұрамын сендерге.
Құдайға шүкір, барлығымызға азық-түлік жетеді...
Біз жылынып, тамақтанып алған соң үйімізге кетуге жиналдық. Гүлнар тәте
құлыпты тез-ақ ашты — бірақ жұлып алды. Үйдің де жаны болады деуші еді, осы
шын болар. Біздің үйді бейне бір ауыстырып қойғандай. Қабырғалар да, пеш,
төсектер де қайғырып, сағынып тұрғандай. Сонда оларға да біздің күлкіміз, асыр
салып ойнағанымыз жетпей тұр ма?
Біздің ойнағанымыз да, күлгіміз де келмеді. Үйіміздің іші ғана емес, ішкі жан
дүниеміз де бос болып қалғандай. Ауыр тыныштықты Зульфира бұзды:
- Анашым, әкешім, біз келдік, — деді ол қабырғада ілініп тұрған
фотосуреттерге қарап, бізге бұрылып, — анам мен әкемді қайтарып
алайықшы. Бізді олар сағынды ғой. Ертең-ақ қайтарып әкелеміз, солай ма?
— деді.
Әрқайсымыз өз орнымызға жайғастық. Таңертең ерте далаға кетіп қаламыз, ол
жақтан ешкім таба алмайды бізді. Іздеп келгендер қайда екенімізді білмейтін
болады. Ата-анамызды әбден сағындық, олардың бейіттеріне барамыз. Тек таң
тезірек атса екен! Ертеңгі күн жайлы тәтті қиялмен жатып қатты ұйықтап кетіппін.
Таңның елең-алаңында әкем қалаға шаруаларымен шықпақшы болды. «Ерте
ғой, әке! Сәл кешірек шықсаң да болады ғой», — деп оны тоқтатқымыз келеді.
Бірақ ол дегенінен қайтпады, солай істеуі керек болды ғой деймін.
- Ал, өздеріңді дұрыс ұстаңдар, не болса соған ренжіспеңдер, мен сендер
үшін ұялмайтын болайын, — осы сөздерді айтып тұрып ол бәріміздің
басымыздан сипады да кетіп қалды.
- Кішкене қарындасым ұйықтап жатыр еді, әйтпесе әкемізді жібергісі келмей
жылар еді. Мектепке баруға әлі үш сағат өту керек, далада қараңғы. Демек,
әлі екі сағат бойы алаңсыз ұйықтауға болады. Сөйтіп мен қатты ұйқыға
кеттім...
Бір уақытта түс көріп жатып бір тықылды естідім. Біреу «тық-тық» еткізіп
терезені қағып тұрғандай. Бірдеңесін ұмытып кетіп, қайта оралған шығар. Тықыл
тағы қайталанды. «Мен неге жатырмын, тезірек есікті ашу керек», — деп оймен
ояндым. Терезені шынында да біреу қағып тұр екен. Ұйқылы-ояу жүріп әкемнің
тірі емес екенін де ұмытып кетіппін. Терезеге жүгіріп барып шымылдығын ашып
жібердім. Біздің аулада тұрған милиционерді көріп бірден кейін жүгірдім. Ол менің
көздеріме көз алмай қарағаннан қорыққанымнан бүкіл денем қалшылдап кетті.
Бітті, біз ұсталдық!
- Ашыңдар тезірек! — жүрегім бұл сөздерден соң атқақтап, қатты соғып
кетті. Мен бірден Әлияны ояттым, тез арада пештің артына жасырындық. Бір
әпкем мен қарындасым ары қарай ұйқыларын жалғастыруда.
- Әй, бала, мен сені көрдім! Есікті аш, милицияға қарсылық көрсетуге
болмайды!
Ал біз қозғалудан қорқып отыра бердік. Бірдеңе етіп шыдауымыз керек, есікті
ашпауға тиістіміз. Ал олар кеткен кезде орманға қашып кетеміз де, үйге тек түнде
ғана қайтып келеміз. Үлкендеріміз демалысқа үйге келгендерінше осылай өмір
сүре тұрамыз. Милиционерді жақындатпау керек, бірден қамап қояды. Біз оны
жақсы білеміз.
- Қорықпаңдар! Есікті ашыңдар! — деп қоймады. — Бізге қалада оқитын
үлкен әпкелерің телефон шалды. Ол сендерді өзіне алып келіңіздерші деп
тапсырды, сендерді қатты сағыныпты. Міне, сендерді әпкелеріңе алып бару
үшін келдік.
Әлия күлімдеп кетті. Біздің бір туғандарымызбен кездесетін сәт келді. Барлығымыз
бірге болсақ сондай жақсы емес пе?! Милиционер шындығын айтып тұрса қандай
керемет болар еді!
- Қане, ашсаңдаршы есікті!
Саған жақсылық жасайын деп тұрған адамнан қалай тығылып тұра бермексің? Ол
бізге әпкеміздің сағынып, көргісі келіп тұрғанын айтып тұр ғой. Әпкеміздің өзі
айтпаса мұны ол қайдан біледі?! Шамасы, мына милиционер анау жолғыдай емес,
өтірік айтпайтын сияқты.
Терезені тықылдатып тұр әлі.
- Қазір, ағатай, мен ашамын! — орнымнан көңілді күйде атып тұрып, есіктің
күршегін көтеріп, ашып кеп жібердім.
Достарыңызбен бөлісу: |