КӨРКЕМ ТУЫНДЫНЫҢ СЮЖЕТІ, КОМПОЗИЦИЯСЫ
Эпизодтармен жұмыста мына мәселелерге ерекше көңіл бөлу керек:
1. Қай буында болсын, оқушылар өздері оқыған шығармалардың мазмұнына, окиғасына ерекше көңіл бөледі. Ал оқиғалар бір-бірінен туындап жатады, жалғасып жатады, оқиғаның басталуы, дамуы, шарттары, шешімдері бар. Олардың барлығы оқиға құрылысына жатады. Талдауда ең алдымен оқиға, композиция назарға алынады. Солар арқылы кейіпкерлер іс-әрекеті, характері ашылады, шығарма негізіндегі авторлық ой да көрінеді. Талдаудың бұл түрінде мұғалім ең басты эпизодтар, оқиғаларға көңіл бөледі, соны бөліп алады, оқушыларға мазмұндатады, мәнерлеп оқи отырып, әрі түсіндірмелі әдіспен өзіндегі ой, жазушы позициясы, тақырып беріледі. Оқушы әр кейіпкер негізінде үлкен бір ой жататынын білуі керек. Образға талдау әр буында, әр жағынан қарастырылады. Мысалы, 5-6 сыныптар оқушылары әдеби кейіпкерден гөрі, Барлас пен Байкөкшені, немесе, Қарашоқыны сол қалпында өмірде болған адам деп кабылдайды. Олар үшін әдеби кейіпкер жоқ, оның есесіне тірі адам, өмірде болған адам ғана бар. Талдау барысында, сынып жоғарылаған сайын, олардың әдеби кейіпкер туралы түсінігі қалыптасады, оларға сын көзбен қарауы, олардың негізінде жатқан авторлық ойға көз жүгіртулері басталады. Мұғалім де кейіпкер іс-әрекетін түсіндіру үшін, әр түрлі сұрақтар қояды. Бір кейіпкер мен екінші кейіпкерді салыстыру жұмыстарын жүргізеді, әр кейіпкерге деген автор көзқарасын, қарым-қатынасын анықтау мақсатында әдіс-тәсілдер пайдаланады. Мысалы: Сәлмен мен Жарасбайдың қайсысы Бақтығұл тағдырында ерекше орын алады? Немесе Сәлмен мен Жарасбайдың қайсысы қатал, әділетсіз, ұнамсыз? («Қараш-Қараш оқиғасы»), «Бақтығүл саған ұнай ма? Ұнамаса, қандай мінезі, іс-әрекетін айтар едің?» тәрізді сұрақтар осы буындағы оқушыларды образ табиғатын түсінуге, өз пікірлерін айта білуге жетелейді. Жоғары сыныптарда көлемді эпикалық шығармалар оқытылады. Ескертіп кеткеніміздей, роман, эпопеяларда бірнеше образдар, яғни образдар галереясы беріледі. Онын барлығын талдап біту мүмкін емес, сондықтан ең негізгі кейіпкерлерді талдау нысанаға алынады. Сондай-ақ кейіпкерлерді іс-әрекеті, шығармадағы орны, авторлық ойға байланысты топтап, жинақтап талдау да образ талдаудың басты әдіс-тәсілдерінен саналады (төменде мысалдар беріледі). Образ талдауда мәтінді оқи отырып, көркем туындыньң негізгі окиғаларына оқушы назарын аудартады. Мысалы, М.Әуезовтің «Әженің әңгімесінде» (5-сынып) мына оқиғаларды сұрыптап алуға болады:
Әжесінің ертегісі, әңгімелері халық әдебиетімен жас Абайды таныстырды.
Барлас, Байкөкше ақындар Абай аулында, аналар үйінде.
Ақындардың Абайға, Абайдың ақыңдарға деген ыстық ықыласы. Ақындар батасы.
Басты оқиғаларды мазмұндату, оған жоспар жасату сюжет-композициялық талдаудың ең негізгі әдіс-тәсілі болады. Басты оқиғаларды оқушылардың өзін қатыстыра отырып, сұрыптатып алуда мұғалім мынадай сұрақтар қояды. «Балалар, осы әңгімедегі ең басты оқиға деп, қай оқиғаны айтар едіңдер?» немесе «Абайға әсер еткен, оны ерекше толқытқан кай оқиға, соны айт» деген сұрақтар арқылы оқушыларды осындай жұмыстарға жетелеу тиімді болмақ. Ары қарай оқушылар бөліп алған басты оқиғаларды тақтаға немесе дәптерге жазғызып, оған тақырып қойғызып (мұғалім өзі де көмекке келеді), әңгімеге тұтастай жоспар жасатуға болады. Басты эпизодтарды бөліп ала отырып, онымен жасалатын жұмыста мұғалім көркем туындыны мүлде ұмытып кетпейді, қайта сол эпизодты ашып, оны тұтастай қарастыру жолдарын ізденеді. Ең бастысы шығарманы мүше-мүше етіп бөліп тастамай, бірлікте карастырып отырған дұрыс.
а) Эпикалық шығармаларды образдар бойынша талдау -мектепте ең көп қолданылатын дәстүрлі әдіс. Мұндай талдаудың күрделілігі сол - олардың іс-әрекеті арқылы оқушыларға әдеби-теориялық ұғымдар туралы білім беруге де назар аударылып отырады. Тип, прототип, образ туралы алғашқы ұғымнан бастап сынып жоғарылаған сайын, олардың саны да, түсіндірудің тереңдігі мен ауқымы да арта түседі.
ә) Эпикалық шығармаларды оқыту, талдау барысында оның негізіндегі авторлық ойға, авторлық көзқарасқа көз жүгірту - басты мәселелердің бірі. Оқушы көркем туындыны оқып отырғанда, авторды ұмытып кетеді (қай сыныпта, қай буында болса да). Оларды, әсіресе, төменгі сыныптарда оқиғалар жүйесі, кейіпкерлер іс-әрекеті қызықтырады. Олар «Бандыны қуған Хамитті» оқып отырып, «Хамит жеңсе екен, бандыны қолға түсірсе екен» деп, толқып отырса, «Көксеректе» қасқырдың іс-әрекетін қызықтап кетеді. Мұғалім төменгі буынның өзінен бастап-ақ көркем туынды негізіндегі авторлық ойға оқушылар назарын аудартып, бұл мәселеде жүйелі жұмыс істеп отыру керек. Авторлық ойды, қай шығарманы алмайық, оңай таба салу мүмкін емес, ол образдардай, олардың іс-әрекетіндей айқын, «мен мұндалап» тұрмайды. Авторлық ой шығармада жасырын жатады. Мұғалім мақсаты оны «жарыққа шығару». «Жарыққа шығарудың» бірнеше жолдары, тиімді әдіс-тәсілдері бар. Кейде егер шығарма бірінші жақтан берілсе немесе әңгімеші арқылы баяндалса, оқушылар оны автордың өзі екен деп қабылдайды. Мысалы, «Шұғаның белгісі», т.с.с. Мұндайда мұғалім әңгімелеуші мен автор бөлек адам екенін, бұл тек суреткердің бір стильдік ерекшелігі, тәсілі екенін айтуы керек. Осы көркем шығарманың жазылу мәнері, тілі, құрылысы, суреттеу, баяндау, портреттеу тәсілдері - бәрі-бәрі авторға, оны тануға жол ашады. Мысалы, «Қорғансыздың күніндегі» боран немесе «Көксеректегі» жарық айлы түн сияқты пейзаждардың кейіпкер тағдырларына тікелей әсері бар екенін, сол пейзаждар арқылы М.Әуезов қорған-сыздардың тағдырын алдын ала білдірсе, «сүттей жарық айлы түн» Абайдың өмірлік ақ махаббатын бейнелейтінін, т.б. талдау барысында оқушылар түсінеді. Көркем туындыдағы «авторды» таныту - күрделі де маңызды мәселе. Оны тағы қандай жолдармен жүргізуге болады? Оны осы еңбектің жалғасынан (практикалық бөлімінен) көруге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |