Оқушы. С.: - «Еңлік - Кебектегі» оқиға өмірден алынған дедік. Автор сол тарихи шындықты жазған. Ал «Қарагөзде» Сырым тірі қалады, кек алуға аттанады. Меніңше, жазушы мақсаты қазақ даласында Сырым сияқты жастардың пайда болып келе жатқанын көрсетпекші болған.
Оқушы Ғ.: - Менің пікірімше, «Еңлік-Кебектегі» Абыздың өсиетінде (өліктер басындағы) терең идея бар. Автор ол өсиет арқылы махаббат, бостандық үшін құрбан болған жастардың, олардың қараңғылықпен күресінің өлмейтінін, оның болашаққа жол ашатынын меңзетеді. Ал Сырым бейнесінен, оның іс-әрекетінен сол Абыз өсиетінен көргендеймін. Сырым өз кегі емес, кешегі Еңлік-Кебек кегін де алуға аттанғандай. Мен автор шешімін осылай түсінемін.
Оқушылар болжамына, жауаптарына назар аудара отырып, «Еңлік-Кебекте» кейіпкерлер қаза болса да, олардың ақ махаббатының куәсі - нәрестенің тірі қалуы, халықөкілі - Абыз өсиеті жазушының трагедияның негізгі идеясын ашудағы шебер шешімі екенін, ал Сырымның тірі калуы, оның қабір басындағы анты ескілікті, тағылықты қирататын ұрпақтың өсіп келе жатқанын көрсету үшін алған шешім екеніне тоқтадық.
«Абай» трагедиясын талдау мақсатында оның жазылу тарихынан қысқаша кіріспе-түсінік берілді.
Оқушылардың I актідегі Абай - Оразбай арасындағы диалог бойынша дайындаған инсценировкаларын көріп, сабақты түсіндіру барысында Абай рөліндегі артистер, трагедия бойынша түсірілген суреттерге жасалған фотомонтаж, пікірлер, бағалар жазылған плакаттарды пайдаланып отырдық. Бұл пьесаны Мұхтармен бірге жазған Л.Соболев туралы түсінік бердік.
Трагедияның ең өзекті мәселесі, ең негізгі шиеленісі Абайдың феодалдық қоғаммен күресі екенін баяндай отырып, Абай сөздерін, билер тартысын мәнерлеп оқыттық.
Трагедияның тіл көркемдігіне, жазушының эстетикалық табысына ерекше көңіл бөлінді. Алдарындағы найзағайдай жарқылдаған диалогтер, Абай өмірінің ащы запыранын ашатын терең сырлы монологтер жазылғаны үлестірме-тапсырмалар арқылы жазушы шеберлігі талданды.
Трагедияның көркемдік ерекшелігі ретінде сәтті шыққан монологтер, диалогтермен қоса, халық мақал-мәтелдерінің де өз орнын тауып түрғанын, пьесаның өн бойы қайнаған тартысқа толы екендігі айтылды.
Әуезовтің тамаша аудармалары туралы қысқаша әңгіме-лекция арқылы түсінік беріледі.
Фотомонтаж арқылы Әуезов аудармасы бойынша Отелло, Хлестаков, Яровая рөліндегі қазақ өнер тарландарының суреттері көрсетілді.
Үйге тапсырма оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға негізделді. Сыныптағы үш қатарға жеке-жеке жұмыстар берілді. 1 -қатар оқушылары «Еңлік - Кебекке» киносценарий жазып келуі керек (таңдаған актілері бойынша); 2-қатар - «Абай» трагедиясына киносценарий жазуға тиіс (таңдаған актіге); 3-катар «Түнгі сарын» трагедиясына киносценарий жазады (IV актіге). Кейбір оқушыларға өздеріне ұнаған пьесалар бойынша диалог, монологтерді мәнерлеп оқуды тапсырдық.
Достарыңызбен бөлісу: |