11-с ы н ы п.
1. Төңкерістен кейінгі әдеби ағымдар (символизм, футиризм, т. б.).
Поэтикалық әдебиет және социалистік реализм туралы (ұтымды, ұтымсыз жағы).
Новелла, баллада, эпопея, тарихи романдар, драматургиядағы тартыс пен характер, трагедия, комедия жанры,суреткердің даралық стилі, шеберлігі, лиро-эпикалық
поэмалар, трагедиялық образдар жайында түсінік.
Тип, прототип, көркем шығармадағы деталь, штрих, очерк, фельетон, роман жанрындағы сюжет пен композиция, қарасөзбен жазылған поэма, тарихи тақырыптар, ұлттық тақырыптар, әдебиеттер достығы, халықтық сипаты, дәстүр мен жаңашылдық ұғымдарын кеңейту.
5. Портрет-эссе, роман-диалог, трилогия, деректі әңгімелер жайында әңгіме.
6. Әдебиеттегі көркем шындык, тарихи шындық, көркем бейне, стиль мен әдістер, авторлық тұжырым, әдебиеттің тегі мен түрі, өлең құрылысы, өлшемі туралы бұрынғы білімдерін
кеңейту.
Е с к е р т у: Бұл мәселелердің біршамасы оқу бағдарламасында да берілген.
ӘДЕБИ-ТЕОРИЯЛЫҚ ҰҒЫМДАРДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ
Қай сыныпта болсын, әдеби-теориялык ұғымдар көркем шығарма негізінде, онымен тығыз байланыста түсіндіріледі. Мысалы, 5-сыныпта ауыз әдебиеті үлгілерінен «Керқұла атты Кендебай» ертегісі беріледі. Мұғалім ертегіні оқыту үшін, сабақ дайындығы кезінде осы шығармаға байланысты қандай әдеби-теориялық ұғым беру керек, оны қандай әдіс-тәсілдермен оқушы санасына жеткізеді - соны ойластырады.
I. «Керқұла атты Кендебай» ертегісін оқыта отырып, мынадай әдеби-теориялық ұғым беріледі:
1. Фольклор, ауыз әдебиеті туралы алғашқы қарапайым түсінік.
2. Ертегілер, оның ішінде қиял-ғажайып ертегілер жайында әңгіме.
3. Ертегі оқиғалары, сюжет, эпизод, кейіпкерлері туралы
алғашқы ұғым.
4.Әсірелеу туралы түсінік.
Енді осы әдеби-теориялық ұғымдарды сабақтың қай кезеңінде беру тиімді - соған тоқталайық. Фольклор, ауыз әдебиеті, ертегі туралы жалпы ұғымды ертегіні бастайтын алғащқы сабақта, кіріспеде берген жөн. Бүгін өткелі отырған «Керқұла атты Кендебайдың» ертегі екендігін, ертегі деген «ерте-ерте ертеде» болған окиғаларды қарасөзбен баяндайтынын, халық ерте кезде, жазу-сызу жоқта оны ауызша шығарғанын, сондықтан ол ауыз әдебиетінің үлгісіне жататынын, ауыз әдебиеті деген ауызша шығарылып, ауызша таралып, халықтық сипат алған ертегілер, аңыздар, батырлар жыры екендігін қарапайым тілмен, түсінікті, тұжырымды етіп әңгімелеу керек. Ертегіні талдау барысында мұғалім басты-басты оқиғаларга тоқталады, балалармен біріге отырып, жоспар жасайды, оқиғаларға ат қояды. Мысалы, ол тапсырма былай орындалады:
«Керқұла атты Кендебай» ертегісіндегі басты оқиғалар:
1-оқиға. Кендебайдың тууы, алып болып, тез өсуі.
2-оқиға. Кендебайдың Көкжалды өлтіруі.
3-оқиға. Еркек құлынды үйге әкеп асырауы. Одан Керқұла аттың өсуі.
4-окиға. Керқұламен аң аулауы. Халықты асырауы, атының әлемге таралуы.
5-оқиға. Жетім балаға кездесуі. Жетімнің басынан өткендері.
6-оқиға. Керқұла атқа тіл бітуі, ақыл беруі.
7-окиға. Кендебайдың сапарға аттануы.
8-оқиға. Кендебайдың аралға тап болуы.
9-оқиға. Хан жарлығы. Екі баласына берген тапсырмасы.
10-окиға. Күзеттегі оқиға. Хан тапсырмасының орындалмауы.
11-оқиға. Кендебайдың алтын күйрьщты қолға түсіруі.
12-оқиға. Кендебайдың дәулермен соғысы. Арыстанмен соғысы.
13-оқиға. Құлынды тауып, ханға оралуы, өтініші.
14-оқиға. Ханның жаңа шарты.
15-оқиға. Хан шартын орындап, жетімді де, халқын да бақытқа бөлеуі.
Осы мәселелерді кесте-плакатқа жазып, ертегіні талдауда оны көмекші, әрі көрнекілік ретінде пайдалану да тиімді. Мұғалім осыған қарай отырып, оқушыларға окиға деген не екенін түсіндіреді, ертегілердің оқиғалардан тұратынын әңгімелейді. Енді ертегі деген не, оның қиял-ғажайып түрі қандай болады, содан хабар беру үшін, жоғарыдағы кесте-плакатты назарға ала отырып, оқушыларға төмендегідей сұрақтар қояды, тапсырма орындатады:
Балалар, бірінші оқиғаға караңдар, әр кітаптан оқиғаны еске түсіріңдер. Кендебай туа салысымен, қалай
өседі?
Кендебайдың алты жасында алып болып өсуі шындыққа сәйкес пе?
Керқұла аттың тіл бітіп, сөйлеуі қай оқиғада еді?
Биенің алтын құйрықты құлын табуына сенуге бола ма?
Жеті басты дәулер, алып арыстандар қиялдан туған ба, әлде ондайлар бар деп есептейсіңдер ме?
Міне, осы сұрақтар талқыланғаннан кейін, мұғалім ертегі жайында, оның қиял-ғажайып түрі туралы қорытынды пікір айтады. Яғни ертегінің халық арманы, қиялынан туатыны, халыктың Кендебай деген алып қамқоршымыз болса, ол халық ұлы боп, халыққа еңбек етсе, жетім-жесірлерге пана болса деп, армандауы, сол арманның қиялға жол ашуы туралы әңгімелейді. Ертегідегі ғажайып, қиялға байланысты оқиғаларды бөліп ала отырып, қиял-ғажайып ертегілер туралы алғащқы түсінік береді. Ертегілердің көпшілігі «Ерте, ерте, ерте екен» деп басталатынына, оның қарасөзбен айтылатынына назар аудартады. Әдеби-теориялык ұғым мұнда оқушылардың өзін қатыстыра, ертегіні талдаумен бірлікте беріліп отыр. Әдеби-теориялық ұғымды берудің ең тиімді әдісі оны көркем туындыдан бөліп алып қарастырмай, бірге беруінде болып табылады.
П. Әдеби-теориялық ұғымдарды берудің келесі бір жолы - салыстырмалы жұмыстар, салыстыру әдістері. Мысалы: осы 5-сыныпта ертегілерден кейін әдеби ертегілер беріледі.
Әдеби ертегінің авторы болатыны;
Оның қара сөзбен де, өлең, поэма түрінде де жазылатыны, халық арасындағы аңыздарды негізге алатыны, соған құрылуы.
Әдеби ертегінің ауыз әдебиетіндегі ертегімен үндестігі.
а) Окиғаларының қиял-ғажайыпқа құрылуы.
ә) Ертегідегі халық арманы, қиялы.
б) Әдеби ертегілерде жан-жануарлардың қатысуы.Әділдіктің, халықтың жеңуі.
Ал осы үндестік пен айырмашылыкты, әдеби ертегінің өзіне тән қасиеттері туралы ұғымды оларды оқыту кезінде, салыстыру арқылы беру керек. Мысалы, Ә.Тәжібаевтың «Толағай» туралы аңыз-ертегісін оқып, талдап болған соң, әдеби-теориялық ұғым беру мақсатында төмендегідей жұмыстар жүргізіледі.
Балалар, «Керқұла атты Кендебайдың» авторы бар ма?
Авторы неге жоқ?
Ал «Толағайды» кім жазған екен? Ол туралы біз не деп едік?
Енді осы екі ертегіні салыстырайық.
а) Екеуінде қандай қиял-ғажайып оқиғалар бар? Қыс-
қаша айтып беріңдер.
ә) Кендебай мен Толағайдың мінездерінде, іс-әрекеттерінде қандай ұқсастық бар?
б) Екеуіндегі әсірелеуді кітаптан тауып, оқып беріңдер.
5. Ал енді, балалар, сонымен әдеби ертегілер деп біз қандай ертегілерді айтады екенбіз? Оның халық ертегілерінен басты-басты айырмашылықтары мен ұқсастығы туралы ұққандарыңды айтып беріңдер. Ары қарай балалармен біріге отырып, әдеби ертегі туралы әдеби-теориялық ұғым жинақталады. Мұғалім қорытынды, толықтыру жүргізеді,
басқа да мысалдар келтіреді. Әдеби, теориялық ұғым берудің тиімді бір жолы салыстырмалы жұмыстар.
Әдеби-теориялык ұғымдар берудің маңызды бір саласы - әдебиеттің көркемдігі, тропа, фигуралар туралы білім беру. Бұл жұмыс көбінде көркем шығарма тіліне, поэзиялық шығармаларға поэтикалык талдау жасау арқылы, яғни практикалық жұмыстар арқылы жүзеге асады. Мысалы, осы 5-сыныпта Абайдың «Қыс», «Күз» атты пейзаждық лирикалары беріледі. Талдау барысында оқушыларға әдеби-тео-риялық ұғымдарды да қалыптастыру көзделеді. Ол, біріншіден, лирика туралы алғашқы, қарапайым түсінік, екіншіден, өлең құбылысы, тармағы, ұйқасы туралы алғашқы ұғым беру, үшіншіден, өлеңнің көркемдеу құралдары, бейнелеуіш сөздер - теңеу, эпитет, кейіптеу, метафора туралы сөз қозғау. Мұны сұрақ-жауап, поэтикалық талдау, кітаппен жұмыс арқылы жүргізуге болады.
І.Балалар, «Күз», «Қыс» өлеңдерінде қызықты оқиғалар бар ма?
2. Жауап: Жоқ...
Кәне, өлеңге үңіліңдерші: «Күз», «Қыс» суреті қандай сөздермен берілген?
Жауап: «Сұр бұлт», «дымқыл тұман», «ақ киімді, ақ сақалды», «кәрі құдаң...» (тағы басқа мысалдар келтіреді).
3.Ақын «Қысты» кім бейнесінде көрсетіп отыр, оның іс-әрекетін теріп оқы. (Бурадай бұрқ-сарқ етуі.)
4.Күз айын көздеріңе елестетіңдерші. Абайдың күзді суреттейтін сөздері шындыққа сәйкес алынған ба?
Яғни ақын суреттеген «түсі суық бұлт», «жапырағынан айырылған ағаш-қурайлар» бүгінгі күзде кездесе ме?
Осындай әңгімелесу жұмысынан кейін мұғалім оқушылар пікірін толықтырып, әрі қарай поэтикалык талдау жасайды. Ең алдымен лирикалық өлеңдердің шағын болып келуін, онда оқиға болмайтынын, акын сезімі табиғаты, не жазып отырған дүниесін өзі калай түсінеді, калай қабылдайды, сол арқылы беретінін айтады. Тіпті, осы күз, қыс туралы басқа да бір-екі акынның өлеңдерін окып, олардың Абай күзі, қысынан айырмашылығына тоқталуға болады (яғни бейнелі, образды сөздері, суреттеу айшықтарындағы айырмашылық). Ары қарай поэтикалық талдау жасап, эпитет, теңеу, кейіптеу туралы түсінік беріледі. Өлеңнен нақты мысалдар келтіреді. Олардың күз, қыс суретін көрсетудегі орны дәлелді түрде түсіндірілуі керек. Мысалы, қыс көріністерін «сұр бұлт», «дымқыл тұман» деген эпитеттер бере алмайтынын, немесе, күз суретін «кәрі құдаң - қыс келіп» деген сөздердің бере алмайтынын түсіндіре кетудің маңызы зор. Өлеңдердің құрылысы, ұйқасы туралы да ерекше тоқталу керек. «Күз» өлеңінің құрылысы.Үлгі:
Сұр бұлт (түсі суық) қаптайды аспан, / а
Күз болып (дымқыл тұман) жерді басқан. / а
Білмеймін (тоңғаны ма), тойғаны ма, / б
Жылқы ойнап, (бие қашқан) тай жарысқан. / а
Ұйқас түрі - қара өлең ұйқасы.
11 буынды өлең.
Өлеңнің әр шумағы 4 жолдан тұрады.
Әр тармағы үш бунақтан тұрады.
Осы өлеңдерді бұрын өтіп кеткен Махамбеттің «Соғыс» өлеңімен салыстыруға болады. Осы үлгіде, құрылысына қарай талдап, мына ерекшеліктерін бөліп алып, балалар назарына ұсыну керек. Яғни өлеңнің 7-8 буынды шұбыртпалы ұйкаспен, ауыз әдебиетіндегі жыр үлгісімен келетінін түсіндірген дұрыс. Мұндағы басты мақсат - «өлең» туралы жалпы теориялық ұғым бере отырып, олардың ұйқасы, шумағы, құрылысы әр түрлі болатынына оқушылардың көзін жеткізу. Оқушыларға әдеби-теориялық ұғым беру - өте күрделі, әрі маңызды дүние. Әдеби-теориялық ұғымдарды қалыптастырудың ерекше тиімді, «меншікті» деген әдістемесі жоқ. Ол әр мұғалімнің ізденісі, қабілеті, шеберлігіне байланысты. Өтіліп отырылған көркем шығармамен бірлікте талдау, практикалық жұмыстар, салыстырулар, көрнекіліктер арқылы меңгерту - тиімді жолдардың бірі ғана.
Төменде әдеби-теориялық ұғымдар берудің бір жолы -
іздендіруге негізделген топтық жұмыстар үлгісі беріліп отыр.
Топтық жұмыстар мақсаты - алған теориялық білімдерін
практикада пайдалана білу, әдеби-теориялық білімдерін
бекіту, пысықтау.
Достарыңызбен бөлісу: |