Антропоөзектік парадигма: көркем мәтіннің коммуникативтік-прагматикалық әлеуеті



бет44/68
Дата30.05.2023
өлшемі0.64 Mb.
#474475
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   68
Антропоөзектік парадигма көркем мәтіннің коммуникативтік-прагматикалық әлеуеті (Д. Исабеков шығармаларының негізінде)

«авторлық бастама» – автордың мәтіндегі (көркем де, көркемдік емес те) вербалды көрінісі, оның ішінде жасырын, имплицитті, шағын мәтінді, логикалық, композициялық, стилистикалық және т.б. көріністер» [132]. Ғалымның бұл пікіріне қосылмасқа болмайды. Себебі жазушы көркем мәтін түзуде оны ұлттық танымы мен мәдениеті, өзіндік болмысы арқылы өй жиегінен өткізеді. Бұл үдеріске таным мен мәдениетпен қатар қиял, толғаныс та қатынасады. Осындай үлкен қызметті О.Н. Копытов авторлық әлеует деп көрсетсе, ал сол әбден сұрыпталған ойдың қағаз бетіне түсіп жазылуы авторлық бастама болады. Авторлық бастама кезінде шындық пен қиялға, таным мен талғамға, мәдениет пен болмысқа көркемдеу амалдары мен экспрессивті-эмоционалды реңктер қосылады. Яғни жазушының аялық білімі мен тілдік білімі бір арнаға тоғысады. Сонымен қатар автор бейнесі туралы М. Восканяннің пікірі де көптеген сұрақтарға жауап береді: «Жинақтай келе, көркем мәтінде нақты автор мен оқырман арасында «жалған» тұлға бар, нақты автор жасаған және осы шығармада ақпарат көзі ғана емес, сонымен қатар тұтас құрылымдық – мағыналық бірлікке жету үшін күшті топ болып табылатын «автордың бейнесі» деп айтуға болатын әлдебір баяндаушы/әңгімелеуші бар деген қорытынды жасауға болады. Нақты автор жасаған, ойлап тапқан бұл ақпарат көзі нарративтегі күшті және қажетті бастапқы нүкте болып табылады, бүкіл көркем мәтін оны қолдау үшін құрылады. Бұл қарапайым сөйлеу субъектісі емес, бұл – шығарманың мәнінің шоғырланған көрінісі, тұтастық фокусы, кез келген көркем шығарманы бір тұтас етіп байланыстыратын «цемент» [132]. Бұл пікір автор бейнесінің автор мен оқырман арасындағы дәнекер тұлға екеніндігін көрсетеді. Автор қашанда бүкіл ақпарат пен идеяның иесі болып табылады. Ол оқырманның аялық, тілдік білімін, дүниетанымын ескере отырып, мәтін дайындайды. Ал сол автордың шындыққа қиял араласқан, көркемдеуіш сөздермен көмкерілген мәтінін жеткізетін шығарма ішінде тұлға болады. М. Восканянің «подставное лицо» деп отырғаны – осы тұлға. Ол тұлғаны да түзетін – автор.
Көркем шығарма тілін зерттеуші ғалым А.Б. Есин «Принципы и приемы анализа литературного произведения» атты еңбегінде автор бейнесіне эстетикалық қырынан зерттеулер жүргізіп, мынадай пікір айтады: «Автордың бейнесі – бұл шығарманың ішінде осы туындыны жасаған бейне пайда болған кезде туындайтын ерекше эстетикалық категория» [133, 75 б.]. Бұл арада
ғалымның «эстетикалық категория» деп беруі автор бейнесін беруде өте орынды тіркес болып табылады. Автордың ойы, танымы мен түсінігі, тілдік қоры және қолданысы көркем мәтінде әртүрлі бояулармен әрлене түседі. Содан кейін барып, оқырманға ұсынылады. Бұл да бір автор бейнесінің сипатын берудегі ерекшелік болып табылады. Сонымен қатар ғалым автор бейнесін ашуда авторлық позиция, авторлық бағалау және авторлық идеал терминдерін қолданады. Ғалымның авторлық идеал деп отырғаны – автордың арман- тілектерін жүзеге асыру мақсатында жасалған бейне.
Қазақ тіл білімінің және әдебиеттану саласының негізін қалаушы А. Байтұрсынұлы бұл категорияны өткен ғасырдың 20 жылдары ұлттық бояуы сіңген атаулармен атап, ғылымға енгізген болатын. Ғалым «Әдебиет танытқыш» еңбегінде автор бейнесі категориясын әуезелеуші, толғаушы, сарындаушы атауларымен берген. «Әуезелеуші айтатын сөзіне өзін қатыстырмай, өзінен тысқары ғаламда болған істі әңгіме қылады. Ескерту: тысқарғы ғалам деудің мәнісі адамда екі ғалам болады – ішкі ғалам, тысқы ғалам. Ақыл, көңіл, қиял сияқты адамның рухына қараған жағы – ішкі ғалам болады да, онан басқалары басқа адамдар, мақұлықтар, нәрселер, бүтін дүние тысқы ғалам болады. Әуезе тысқы ғалам турасындағы сөз. Ақын әуезе түрінде сөйлегенде, уақиғаның ішінде өзі болып, басынан кешірген адамша сөйлемей, тек біреуден естіген адамша айтады. Уақиғаны бұлайша түрде айтып көрсету тысқарғы түрде айту болады» [134, 103 б.] – деп, А. Байтұрсынұлы қазіргі тіліміздегі ешқандай кейіпкер кейпінде келмейтін баяншы бейнесін әуезелеуші деп атап, оның ерекшеліктерін толық әрі түсінікті сипаттаған. Ал «толғағанда айтатын нәрсесін толғаушы тысқарғы ғаламнан алмай, ішкергі ғаламнан алады. Толғаушы ақын әуелі көңілінің күйін, мұңын, мүддесін, зарын, күйінішін, сүйінішін айтып, шер тарқату үшін толғайды. Екінші, ішкергі ғаламында болған халдарды, нәрселерді тысқа шығарып, басқаларға білдіріп, басқаларды сол көңілінің күйіне түсіріп, халін түсіндіру мақсатпен толғайды. Толғау қысқасынан айтқанда, іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі. Ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып толғай алуда. Әуезе – тысқарғы ғаламның жыры, толғау – ішкергі ғаламның күйі деп екі айырғанымызбен, екі ғаламның ісінің арасында зор іліктік бар» [134, 103 б.] деп толғаушы мен әуезелеушінің өзіне тән ерекшеліктері мен байланыстарын халыққа түсінікті, санамызға жақын тілмен жеткізген.
Расымен, адамның ішкі толғасы, жай-күйі, көңіл-қошы, тебіренісі, аты айтып тұрғандай, толғау болып келсе, өмірде болып жатқан түрлі оқиғалар мен жағдайларды тыңдарманға (оқырманға) жеткізуді әуезе деп атайды. Тілімізге еніп бара жатқан «адресант», «нарратор», «бенефицарий», «скриптор» сынды кірме сөздерді ысырып, ғалымның әуезелеуші, толғаушы терминдерін қолдансақ, ұлттық тіліміздің құлашын кеңейте түсер едік.
Бүгінгі күні қазақ тіл білімінде ақын-жазушылардың тілін зерттеулеріне нысан етіп, автор бейнесін тілдік тұрғыда жан-жақты қарастырып жүрген ғалымдардың бірі – Р.Сыздық. Р.Сыздық «автор образын көркем шығарманың


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   68




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет