Антропоөзектік парадигма: көркем мәтіннің коммуникативтік-прагматикалық әлеуеті



бет52/68
Дата30.05.2023
өлшемі0.64 Mb.
#474475
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   68
Антропоөзектік парадигма көркем мәтіннің коммуникативтік-прагматикалық әлеуеті (Д. Исабеков шығармаларының негізінде)

Өздерінің сәбилік тағдырлары кісі мүсіркейтін халде бола тұрып, отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын Алпамысты аяды, кірпігі айқасса түсіне ыстық күлше кіретін күйде жатып зынданға қапылыста түскен Қобыландыға жандары ашыды, бір үйлі жанның үлкенді-кішісі, баласы- шағасы боп киетіндері бір пар етік бола тұрып махаббат жолында мерт болған қайдағы бір Қозының тағдырына жылады.
Мұнда аты аталған Алпамыс, Қобыланды батырлардың, Қозы сияқты адал махаббат иесінің есімдері, яғни прецедентті есімдер, шығармада ерекше прагматикалық жүк арқалап тұр. Автордың прагматикалық ұстанымына орай қолданылған арнайы лексика құрамы да бүгінгі оқырманның аялық білімі дәрежесіне сай келе бермесі хақ. Біздің зерттеуімізге нысан болған көркем мәтіндерде ұлттық таныммен байланысты тілдік деректер көптеп жұмсалған. Ондағы әрбір есім мен атаудың астарында маңызды оқиғалар мен тарихи тұлғалардың өмірлері, қызметтері, идеялары жөніндегі ауқымды ақпарат қатталған. Осы аталғандарды автор жекелеген сөздер мен тіркестер немесе нақыл сөздер, прецедентті есімдер арқылы кодтау тәсілін кеңінен пайдаланған. Бұл шығармаларды оқи отырып, ондағы әрбір есімнің қолданылу сырына үңілу қажеттігін білдіреді.
Д. Исабеков өз шығармаларында кеңес кезінде белгілі бір саяси- идеологиялық себептермен қазақы салт-дәстүрлердің ұмыт бола бастағанын, адамдардың қазақы атаулардан қашқақтап, орыс немесе шет тілдерден ауысып келген кірме есімдерге құштар болуы «сәнге айналғанын» анық көрсетеді. Мысалы, қалада тұратын немесе ауылдық жерде тұрса да, орысша оқыған кісілердің басым бөлігі өздерінің қазақша қойылған есімдерін орысшаға бұрмалап, өзгертіп алатыны жиі кездескен жайт. Мұны 1960-70 жылдары туылған Күлбағданың – Катя, Тамараның – Тома, Сәуленің – Света, Қалибек пен Камалханның – Коля, Сауытбек пен Сәкеннің – Сашка, Амангелдінің – Алеша, Сапаркүлдің – Соня болып кетуінен де көреміз. Мұндай мысалдарды әрқайсымыздың таныстарымыздан немесе туыстарымыздың арасынан табуға болады. Тіпті қазақ ауылдарында жаңа туған баласына орыс есімдерін немесе шет тілдерден енген есімдерді қою жиі кездескен. Есімі байырғы қазақ лексикалық қорынан алынған кейбір адамдар өз атын айтуға арланатындай халге жеткені жасырын емес. Осылайша экстралингвистикалық факторлардың теріс ықпалымен қоғамдық сананың мәңгүрттену үрдісін бейнелейтін тамаша мысалды Д. Исабековтың «Бонапарттың үйленуі» атты әңгімесінен кездестіреміз.
Бас кейіпкердің атын да жоғарыда айтылған «қазақша есімнен жеріну» үрдісінің тілдегі бір көрінісі ретінде санауға болады. Француздың «ұлы қолбасшысының» атын иемденген қазақ баласын ата-анасы кішкентай кезінде сүндетке отырғызуды «ұмытып кетеді». Ер жетіп, сүйген қызын жолықтырып, үйленуге бел байлаған жігіттің «әлі күнге мұсылман болмағаны» есіне түскенде бұл оқиға күллі жұрттың аузындағы «өзекті тақырыбына» айналады... Бүкіл елде байғұс бозбалаға күлмеген адам қалмайды...
Қазақта әке-шешенің ең басты парызының бірі саналатын «сүндетке отырғызуды» ұмытуға бола ма?! Әлбетте, жоқ! Бұл жерде жазушы сол тоқырау жылдарында орын алған «мода» ұғымының, оған жөнді-жөнсіз еліктеудің салдары қандай болатынын астарлап, имплицитті түрде жеткізіп отыр.
«Моданың отаны» саналатын Франция жұртына жөн-жосықсыз еліктеу нәтижесінде қойылған баланың есімі оның тағдырына да теріс әсерін тигізіп үлгереді... Мәселенің түпкі мәніне үңілсек, бір қарағанда ешқандай зияны жоқ мұндай «сәнді есімнің» салдары кейін шығатыны аңғарылады. Бұл  шындап келгенде, бұрынғы қазақ айтатын «қағынан жерінудің» бір көрінісі, яғни
«біреудің қаңсығын таңсық көру» түптің түбінде өзінің тарихи тамырынан ажырауға әкелетін, таратып айтар болсақ, ұлттық болмысын жоғалтуға апарып соғатын көзсіздік, түйсіксіздік екен.
Шет елдіктерге еліктеп, алдыңғы қатарлы, озық ойлы болып көріну – адамның өзіндік «Менін» жоғалтуға бастайтын алғашқы қадам. Оның ар жағында өзін өзгелерден кем санау, қорыну, өзіндік бағасының төмендігі сияқты бірқатар әлеуметтік психологиялық факторлар бой көрсетеді. Бұл – ұлттық болмысқа, этникалық сарасанаға қауіп төндіретін, зиянды жайт. Қаламгер осындай күрделі, саяси астары бар өзекті мәселелерді импликация тәсілімен, яғни әңгіме кейіпкеріне француз есімін қою арқылы меңзеген.
Егер француз халқының өкілдері осы есімді (Бонапарт) өз баласына қойса, бұл олардың шексіз патриоттық сезімінің көрінісі ретінде бағаланар еді. Мұны қазіргі кезде қандастарымыздың жаңа туған сәбиіне Фараби, Бейбарыс, Абылай, Абай, Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс сияқты ұлы тарихи тұлғалардың атын қоюымен салыстыруға болар еді. Перзентіне даналығымен, білімпаздығымен, ақылдылығымен, батырлығымен аты шыққан даңқты бабаларымыздың есімін қою, әлбетте, құптарлық жайт. Бұл адамның есімі оның тағдырына да өз әсерін тигізеді деген сенім тұрғысынан да жағымды әсер қалдырады.
Алайда өзінің туған жерін жаудан қорғау үшін атқа қону бар да, өзгенің жеріне көз аларту бар. Өз халқының намысын қорғау бар да, жазықсыз жандардың қанын төгіп, өзге елдің обалына қалу бар. Бұл тұрғыдан алғанда Наполеон  шексіз билікке ұмтылып, талай елдің тарихында қанішер ретінде қалған, ең «жұмсартып» айтқанда жағымсыз адам.
Көшбасшы ретінде қарастырсақ, оның жекелеген тұлғалық қасиеттерін (мақсатқа ұмтылғыштық, табандылық, ержүректік т.б.) үлгі тұтуға да болар еді, алайда жат елдерді жаулаушы, қолбасшы ретінде қарастырсақ, әлбетте, оны ең алдымен қанішер, жауыз ретінде танимыз. Сонда қазақтың өз жерін, өз елін жаудан қорғаған батырларын қадірлеп, құрмет тұтуы мен өзгенің
«қолбасшысын дәріптеуі» таяқтың екі ұшы сияқты ешқашан бірікпейтін, үйлеспейтін дүние болып шығады.
Француз есімін қойғаннан қазақ баласы еуропалық болып кетпейді... Қай қырынан алсаңыз да, ол – қазақ, оның бойындағы қаны қазақ, қара көзі де қазақтікі... Сондықтан оның жаны да, рухы да қазақы болуы тиіс! Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат, аксиома! Өкінішке орай, мұндай
«мәңгүрттік» деген кесел қазақ арасында әлі күнге дейін кездеседі. Мұның тамыры өте тереңде жатқандықтан, оның салдарымен мемлекеттік деңгейде күресу керек. Қазақтың өткені мен бүгінін жалғау арқылы келешегіне де сара жол салынады. Сондықтан тарихымыздағы атақты кісілердің есімдерін, олардың ел үшін атқарған өлшеусіз қызметін дәріптеп, өскелең ұрпақтың санасына құю керек. Өзіне сондай даңқты тұлғалардың есімі қойылғанын әр бала мақтан тұтатындай деңгейге жеткізуіміз қажет. Бұл үшін социумдағы тілдік сана мен когнитивтік сананың арасын жалғайтын аялық білімді толықтырудың маңызы зор.
Балаларымызға ешқандай пайдасы жоқ, мағынасыз компьютердік ойындарды ойнағаннан гөрі тағылымы мол тарихи туындыларды көрудің берері мол екені мәлім. Сондықтан әрбір ата-ана ұрпақ тәрбиесіне осындай жауапкершілікпен қарауы керек. Осы жерде ойымызға еріксіз оралатын, заманымыздың заңғар жазушысы М. Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі ұлттық ұранымызға айналуы тиіс!
Сонымен көркем мәтінге түсіндірме беру барысында лингвокогнитивтік сипаттағы тілдік деректердің берері мол. Себебі, автордың прагматикалық ұстанымына сәйкес әрбір тілдік таңбаның астарында қатталған білім түрлерін тани, анықтай және түйсіне білу үшін оқырманға міндетті түрде аялық білім керек. Ол аялық білімді құрайтын компоненттер өте көп, солардың ішінде қазақ
қаламгерлерінің шығармаларын талдағанда, әсіресе, діни танымдық және мифологиялық түсініктердің семиотикалық кілтін ашудың маңызы зор.
Лингвистика ғылымын дамытудың қазіргі кезеңі ұлттық мәдениет пен тілдің өзара байланысты дамуының күрделі үдерісін көрсететін тілдік бірліктерге деген қызығушылықтың күшеюімен сипатталады. Ондай тілдік бірліктер авторлардың, жалпы сол тілде сөйлеушілердің когнитивті базасының құрамдас бөлігі бола отырып, кең ассоциативті әлеуетке ие болады және сөйлеудің экспрессивті-эмоционалды, образды етеді.
Қазіргі таңда тілдік тұлғаның өмірде көрген-түйгені, отбасында алған тәрбиесі, қоршаған ортаға деген көзқарасы автордың аялық білімі деп аталады. Аялық білімге қатысты отбасы, тәрбие, қоғамның түрлі құбылыстары, ұлттық салт-дәстүр, діл мен дін, мәдениет пен болмыс мәселелері сияқты қазақтың сипатын танытушы бұл ұғымдар автордың тілдік білімімен ұштасып, көркем де мазмұнды шығарма туғызады. Сайып келгенде, автордың көркем шығармадағы бейнесі арқылы тілдік тұлғаның рухани әлемі, ойлау өрісі, аялық білімі көрініс табады.
Жоғарыда айтылғандарды жинақтай келе, мынадай тұжырымдар жасауға болады. Көркем әдебиеттің айрықша белгісін суреткер шығармашылығының даралық ерекшеліктері құрайды. Ол ерекшелік тілдік категориялар жүйесінде көрініс табады. Ол категориялар өзара байланыса және мазмұнмен біріге отырып, біртұтас бүтінді құрайды. Осы категориялар ұлттық ерекшеліктерді тасымалдаушы, жеткізуші болып табылады.
Көркем мәтін  аса күрделі құрылым. Оны толық қабылдау, түйсіну тұлғаның мәдени деңгейіне, оның аялық білімдеріне байланысты, тікелей тәуелді болады. Көркем мәтінге түсіндірме беру, ондағы берілген кодын ашу жеткізілім құралдары мен олар арқылы жеткізілетін мазмұнның арақатынасына талдау жасауды қажет етеді. Бұл да  өте күрделі құбылыс. Ал көркем әдебиет, бір жағынан тілдік білім алудың қайнар көзі болса, екінші жағынан, тұлғаға ықпал ететін аса қуатты құрал, оны ойлауға және талдау жасауға итермелейтін фактор болып шығады.




    1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   68




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет