Қар көшкіні (Çığ) (екі көріністі пьеса) Орысшадан аударған: Қайырбек Сәдуақасов, 2008 жыл



бет2/2
Дата16.06.2016
өлшемі0.53 Mb.
#139386
1   2

ЕКІНШІ КӨРІНІС
ІІ
(ЖАС КЕЛІНШЕК өз бөлмесінде тұнжырап, үрейлі алаңмен отыр...

ЖАС ЖІГІТ ойлы күйде әйелімен қатар отыр. Ол басқа түскен жағдайдан шығудың бір жолын қарастырып отырғандай күйде...

БӘЙБІШЕ өз орнында, есікке қарап, телміріп отыр...

ОТАҒАСЫ үйдің ішінде күйгелектеніп әрлі-берлі кезіп жүр, анда-санда терезеге тақап, сыртқа көз тастап қояды...

АҚСАҚАЛ ұйықтап жатыр...

Аулаға шығатын есік ашылады да ішке ӘЙЕЛ кіреді).
ОТАҒАСЫ – Не болды?

ӘЙЕЛ – Айттым.

ОТАҒАСЫ – Не деді ол?

ӘЙЕЛ – Қазір келеді.

ОТАҒАСЫ – Сенімен қоса неге келмеді?

ӘЙЕЛ – Ол алдымен күзеттегілерге хабарлауы керек екен ғой...


(ӘЙЕЛ келіннің бөлмесіне өтеді... Шамалы батылы барыңқырамай, кідіріңкіреп барып оны жұбатқандай шашын сипайды...)
ЖАС КЕЛІНШЕК – Келді ме кіндік шеше?

ӘЙЕЛ – Қазір келеді... Мен жоқта ештеңе болған жоқ па?

ЖАС КЕЛІНШЕК – Жоқ!

ӘЙЕЛ – Үһ, басымыздан аулақ өтіп кетсе ғой бұл қырсық.

ЖАС КЕЛІНШЕК – Құдай қаласын деңіз!

ӘЙЕЛ – Мүмкін, бұл толғақ емес те болуы да ықтимал.

ЖАС КЕЛІНШЕК – Айтқаныңыз келіп, құдай қаласын деңіз!

ӘЙЕЛ – Маған өкпелеп қалған жоқсың ба өзі?

ЖАС КЕЛІНШЕК – Мен Сізге қалай өкпелеймін?

ӘЙЕЛ – Қайтейік енді? Біз болған жайды тезірек хабарлауымыз керек қой... Мен болмасам, басқа біреуі сөйтеді... Ертелі кеш, әйтеуір біреу хабарлау керек қой...

ЖАС КЕЛІНШЕК – Білем ғой...
(Үнсіздік)
ЖАС КЕЛІНШЕК – Мен қорқамын.

ӘЙЕЛ – Ендігісі бізге байланысты емес!

ЖАС КЕЛІНШЕК – Мен қатты қорқып барам...
(ОТАҒАСЫ терезеден КІНДІК ШЕШЕНІҢ үйге тақап қалғанын көріп қалса керек, ӘЙЕЛГЕ тақайды)
ОТАҒАСЫ – Келіп қалды!

(ОТАҒАСЫ мен ӘЙЕЛ есік ашады)
ӘЙЕЛ – Төрлетіңіз!

ОТАҒАСЫ – Өтіңіздер.


(Алдымен КІНДІК ШЕШЕ, одан кейін І КҮЗЕТШІ өтеді)
КІНДІК ШЕШЕ – Қайырлы таң!

І КҮЗЕТШІ – Күндеріңіз қайырлы болғай!

ОТАҒАСЫ – Қайырлы таң!

ЖАС ЖІГІТ – Сіздерге де соны тілейміз!

ӘЙЕЛ – Сәламатсыздар ма?

БӘЙБІШЕ – Бізге бір жақсылық хабар әкелді деген үміттеміз, қызым!



(КІНДІК ШЕШЕ БӘЙБІШЕНІҢ қолынан сүйеді *)
БӘЙБІШЕ – Менің жасымды берсін!
(ЖАС ЖІГІТ КІНДІК ШЕШЕНІҢ қолынан сүйеді)
* Түркияда үлкендерді құрметтегеннің белгісі ретінде олардың қолдарынан сүйіп, қолын маңдайына тигізу әдеті бар (аудармашының ескертуі).

КІНДІК ШЕШЕ – Өмір-жасың ұзақ болсын, балам.

ЖАС ЖІГІТ – Бұл толғақ емес…

КІНДІК ШЕШЕ – Айтқаның келсін, құдай қаласын.

ӘЙЕЛ – Бірдеңе ауыз тимейсіздер ме?

КІНДІК ШЕШЕ– Мұндай жағдайларды уақыт қымбат. Созбай-ақ қояйық… Егер… Егер біз қорыққандай болмай шықса, кетерде кофе-мофе ішермін…

ӘЙЕЛ – Құдай қаласа.

КІНДІК ШЕШЕ – Құдай қолдасын де. Келін қайда?


(ӘЙЕЛ алдымен, одан кейін КІНДІК ШЕШЕ өтеді )
ОТАҒАСЫ – (І САҚШЫҒА қарап) Оу, сен неге тұрып қалдың?!
(І САҚШЫ отырады. КІНДІК ШЕШЕ ЖАС КЕЛІНШЕККЕ тақайды. Оның шашынан сипайды)
КІНДІК ШЕШЕ – (ӘЙЕЛГЕ қарап) Сен шыға тұр!
(ӘЙЕЛ жұрттың барлығы тұрған бөлмеге өтеді)
КІНДІК ШЕШЕ – Тезірек айығуыңа тілектеспін, қызым.

ЖАС КЕЛІНШЕК – (Дауысы дірілдеп) Рахмет, тәтей.

КІНДІК ШЕШЕ – Алдымен әңгімелесіп алайық шамалап.

ЖАС КЕЛІНШЕК – Жақсы.

КІНДІК ШЕШЕ – Тек қана адалын айт… Келістік пе?

ЖАС КЕЛІНШЕК – Келістік!

КІНДІК ШЕШЕ – Күйеуіңмен алғашқы түнді қашан өткізіп едіңдер?

ЖАС КЕЛІНШЕК – Желтоқсанның ортасында.

КІНДІК ШЕШЕ – Ал оған дейін екеуіңнің араңда бірдеңе болып па еді? Айталық, сүйісу, тағысын тағы, сондайлар. Мүмкін, білместікпен рұқсаттың шегінен аттап кетіңдер ме, сен оны менен жасырмауың керек.

ЖАС КЕЛІНШЕК – Мен түкті де жасырып тұрғам жоқ!

КІНДІК ШЕШЕ – Мен сенің өзіңнің абыройың үшін сұрап тұрмын…

ЖАС КЕЛІНШЕК – Ант етемін, мен бар шынымды айтып тұрмын.


(КІНДІК ШЕШЕ саусақтарымен санай бастайды. Одан кейін қайта санайды…)
ЖАС КЕЛІНШЕК – Мен қорқамын, тәтей.

КІНДІК ШЕШЕ – Түгі де жоқ қорқатын... Уақытының бәрі келіп тұр... Менің есебім бойынша босануға кем дегенде әлі бір ай бар...

ЖАС КЕЛІНШЕК – Құдайым қалап айтқаныңыз келсін...

КІНДІК ШЕШЕ – Егер сен қазір босанатын болсаң, сендердің жақындасулырың әлдеқайда бұрын болған болар еді... (Қайтадан есептейді) Ия, бәрі дұрыс... Бірақ, сен білесің ғой өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам екенін. Егер де сен менен ештеңені жасырып тұрмасаң, бұл толғақ емес (Оның жүзіне күдіктене қарайды).

ЖАС КЕЛІНШЕК – (Оның күмәнданғанын аңғарып қалады) Бұл шын сөзім, ещтеңені де жасырып тұрған жоқпын... Ант ішейін, бар болғанын сол күйінде айтып тұрмын. Біз қайдан бірге бола аламыз? Біздің үйдегілер бір-бірімізді айдаладан көруге де мұрша бермейтін. Бетпе-бет кездескенді былай қойғанда...

КІНДІК ШЕШЕ – Оның үстіне оқ-дәріні оттың жанына қоюға бола ма, қызым?.. Оның үстіне ертеді сол бір керемет оқиға болды емеспе...

ЖАС КЕЛІНШЕК – Сіз ол әйелді де қарап па едіңіз?

КІНДІК ШЕШЕ – Жоқ, қымбаттым... Мен не, сонша кәрі ме едім? Ол деген баяғыда болған оқиға ғой. Ол біздің әжелеріміздің жас кезінде болған. Содан бері, құдайға шүкір, ондай нәрсе болған емес... Құдай басқа бермесін енді ондайды қайталатып...

ЖАС КЕЛІНШЕК – Құдайым қалап, айтқаныңыз келсін...

КІНДІК ШЕШЕ – Қаласың, басылды ма қорыққаның?

ЖАС КЕЛІНШЕК – (Жүрексініп тұрса да) Басылды.

КІНДІК ШЕШЕ – Мұның жөн болды... Қорқатын түгі де жоқ, болатын нәрсе онсыз да болады... Ал енді сені қарауым керек... Көзім жетсін... Жата ғой... Тура осы жерге жата бер, соз аяғыңды...


(ЖАС КЕЛІНШЕК бір жамбастап жатады)
КІНДІК ШЕШЕ – Жоқ, шалқалап жат...
(ЖАС КЕЛІНШЕК шалқалап жатады, басы көрермендерге бұрылған)
ЖАС КЕЛІНШЕК – Осылай ма?

КІНДІК ШЕШЕ – Ия. Енді аяқтарыңды ішіңе қарай көтер... Екі аяғыңды да... Етегіңді көтеріңкіре... Өте жақсы...


(КІНДІК ШЕШЕ ЖАС КЕЛІНШЕКТІҢ етегін одан да әрі түріңкірейді...)
КІНДІК ШЕШЕ – Балтырыңды көтеріңкіре... Көтеріңкіре... Көтеріңкіре... (ЖАС КЕЛІНШЕКТІҢ лыпасын шешіп алады) Жарайсың... Қорқатын дәнеңе жоқ... (Еңкейіп, сипалайды, қолымен ішін басып көреді... Содан кейін ЖАС КЕЛІНШЕККЕ тағы бір үңіліп қарайды) Киіне бер.
(ЖАС КЕЛІНШЕК киінеді, тұрады да екі қолын алдына айқастырып, телміріп күтіп тұрып қалады...)
КІНДІК ШЕШЕ – Ауырғанын бірінші рет қай уақытта сездің?

ЖАС КЕЛІНШЕК – (Өтірік айтып тұрғаны сезіледі) Сіз келердің алдында...

КІНДІК ШЕШЕ – (оған ашуланады) Байқа, мені алдап жүрме! Қашан сездің ауырғанын? Түсінсейші, маған білу керек, мен оны білуге міндеттімін... Ешкімге айтпаймыз, бірақ мен білуім керек! Сен маған жаңа ғана өтірік айтпаған боларсың деп дәмеленем!

ЖАС КЕЛІНШЕК – Жоқ, өтірік айтқан жоқпын...

КІНДІК ШЕШЕ – Сен алғаш рет қашан ауыра бастағанын есіңе түсірші?

ЖАС КЕЛІНШЕК – (Сенімсіз кейіппен) Таң ата қоймаған болатын...

КІНДІК ШЕШЕ – Одан кейін ше?

ЖАС КЕЛІНШЕК – Тағы бір рет қысылдым...

КІНДІК ШЕШЕ – Содан кейін?

ЖАС КЕЛІНШЕК – Содан кейін болған жоқ...

КІНДІК ШЕШЕ – Білесің бе, қызым, мен сенің шешеңді жақсы білемін... Біз көп жыл көрші тұрдық...Маған сенсең, мен өте-мөте өкініп тұрмын... Бірақ мен Ақсақалдар алқасына айтуға мәжбүрмін. Тәртіп солай... Басқалары жайында да ойлау керек (Мүлдем сыбырлып) Оларға тек кейінгі жолғы толғақ қысқанын айт... келістік пе?

ЖАС КЕЛІНШЕК – Ұқтым.

КІНДІК ШЕШЕ – Әйтпесе бір шеті үйдегілерге де тиеді! Ия, сосын тағы бір нәрсені есіңнен шығарма! Жаратушының үмітке келгенде кеңдігі жетеді! Мүмкін, толғақ та емес шығар бұл.

ЖАС КЕЛІНШЕК – (Күдер үзіп) Құдай қаласа деңіз! Ал менің әке-шешем менімен бірге бара ала ма?

КІНДІК ШЕШЕ – Жоқ! Бұл тәртіпке жатпайды...

ЖАС КЕЛІНШЕК – Ең болмаса шешемді шақырсақ ше...

КІНДІК ШЕШЕ – Ондай салт жоқ... Шешімді осы үйде қабылдайды. Мұндай шаруада сезімге ерік беруге ещкім де рұқсат бермейді...
(КІНДІК ШЕШЕ дыбысын шығармай қалғандарына таяйды)
ОТАҒАСЫ – Сонымен не болды?

КІНДІК ШЕШЕ – (ӘЙЕЛГЕ қарап) Мен қол жуып алсам.


(ӘЙЕЛ ас үйде ожаумен қайнап тұрған суды алып, оған суық су қосып араластырып, КІНДІК ШЕШЕНІҢ қолына су құяды)
ӘЙЕЛ – Не болды сонымен, толғақ емес пе екен?

КІНДІК ШЕШЕ – (Қолын сүртіп жатып) Мен солай болғанын тілеймін-ау, бірақ тағдырдың жазуы басқаша сияқты... Сендермен кофе ішпей-ақ қояйын. Маған ренжіп жүрмеңдер... Бұл заң ғой... Мен хабарлауға міндеттімін... Не айтамын енді сендерге? Бекем болыңдар! (І САҚШЫҒА қарап) Сен осында күт!


(КІНДІК ШЕШЕ жайлап шығып кетеді...

ӘЙЕЛ есікті жабады.

Бәрі мұңлы.

АҚСАҚАЛ ұйықтап жатыр...

ЖАС ЖІГІТ өз бөлмесіне, әйеліне қарай өтеді.

ЖАС ЖІГІТ пен ЖАС КЕЛІНШЕК құшақтасады)
АҚСАҚАЛ – (Оянады. Жан-жағына қарайды. Баяғы әңгімесін өзі аяқтаған жерінен әрі қарай жалғастырады) Егер сендерді менің пікірім қызықтырса, бәрі басқаша болғантын, менің ағам өз ажалынан өлген жоқ. Оны өлтірді! Аямай көзін жойды! (Кенет І САҚШЫНЫ аңғарып қалады) Сендер өлтірген оны! Сендер! Өз қолдарыңмен қылқындырып өлтірдіңдер!.. Сақшылар – қаныпезерлер!
(БӘЙБІШЕ үнсіз қимылмен оның сөйлеуіне бөгет болуға тырысуда)
ЖАРЫҚ СӨНЕДІ.

ІІІ
(Алаңға толы күйзелісті күту жалғасады.

І САҚШЫ маңғаз да тәкаппар кейіпке еніп, АҚСАҚАЛДЫҢ өзінен не керек етіп отырғанын түсінуге тырысып әуре...

АҚСАҚАЛ ақыр аяғында сөйлеуін тоқтатады, бірақ ара-тұра І САҚШЫҒА қабағын түйе қарап қояды...

ОТАҒАСЫ бөлме ішінде әрлі-берлі адымдап жүр, анда-санда терезеге қарап қояды...)
ОТАҒАСЫ –Келе жатыр!

ӘЙЕЛ – (БӘЙБІШЕГЕ қарап) Жақсы болсын, жаман болсын өз бетіңмен жүре аласың ғой... Сен де түрегелсейші... Қонақтарға молырақ құрмет көрсетейік те.

ОТАҒАСЫ – Жармаса бермесейші шешемізге!

АҚСАҚАЛ – Олар оны қылқындырып өлтірді! Қаныпезерлер! Қаныпезер-сақшылар!

БӘЙБІШЕ – Бұлар ол сақшылар емес. Сен бәрін шатыстырып алдың...

АҚСАҚАЛ – Түк те шатыстырып тұрғам жоқ... Солардың бірі мына сұмпайы болатын! Мен білемін, сондағы сен болатынсың, сен, сен, сатқын! Опасыз сақшы! Қаныпезер сақшы!

І САҚШЫ – (АҚСАҚАЛҒА қарап) Әкей-ау, кімді қылқындырыппыз біз? Мен өз басым ешкімді де қылқындырғам жоқ! (Қалғандарына қарап) Не сандалып тұр ол!

ОТАҒАСЫ – (І САҚШЫҒА қарап, жай ғана сыбырлап) Ол жасы келген кісі ғой, менің әкем. Оған баяғыда, осыдан талай жыл бұрын болған оқиға қазір өтіп жатқандай боп көрінеді... Мән бермей-ақ қой!

АҚСАҚАЛ – (Ширыға түсіп) Қанішер сақшы! Қанішер сақшы! Қанішер сақшы!

І САҚШЫ – Қайдан ғана тап болып едім мына пәлеге?!

АҚСАҚАЛ – Қанішер сақшы! Қанішер сақшы!

І САҚШЫ – Қалай ғана шыдап тұруға болады мұндайға?!

ОТАҒАСЫ – (І САҚШЫҒА қарап «Қазір мен бәрін орнына келтіремін» дегендей сыңай танытады. Әкесіне бұрылады) Әке, сөзді доғарсаңшы енді! Тоқтат енді! (Қалғандарына қарап) Келді аналар.
(АҚСАҚАЛ өкпелеп үнсіз қалады. Бәрі, оның ішінде БӘЙБІШЕ де бар, есікке қарай ұмтылады. Есікті ОТАҒАСЫ ашады...)
ОТАҒАСЫ – Өтіңіздер.

ӘЙЕЛ – Қош келіпсіздер.

БӘЙБІШЕ – Төрлетіңіздер.
(Қауым басқармасының мүшелері мына ретпен кіреді: алдында ТӨРАҒАСЫ, одан соң ҚАУЫМ МҮШЕСІ ӘЙЕЛ, ҚАУЫМ МҮШЕСІ ЕРКЕК, КІНДІК ШЕШЕ, соңдарында 2 САҚШЫ)
ТӨРАҒА – Сәләмәтсіздер ме?

ҚАЛҒАНДАРЫ – (дауыстарында аса құрмет сезіледі)

- Сәләмәтсіздер ме?

- Есен-амасыздар ма?

- Қош келіпсіздер!

- Төрлетіңіздер.


АҚСАҚАЛ – (2 САҚШЫНЫ нұсқап, басқасы естімейтіндей дауыспен әйеліне) Міне екіншісі де келді ғой!
(БӘЙБІШЕ АҚСАҚАЛҒА ыммен ОТАҒАСЫ ашуланып қалады деген белгі береді)
ӘЙЕЛ – Қайда жайғасқыларыңыз келеді?

ТӨРАҒА – (Көзімен үй ішін шолып) Анау тұс, төр жақ дұрыс болады... Біздің дәрежемізге сол жер лайық...

ОТАҒАСЫ – (Қолымен нұсқап) Мүмкін, мына тұс ыңғайлы болар?
(ТӨРАҒА қауым басқармасының басқа мүшелеріне қарайды... Олар бастарын изесіп, таңдалған орын дұрыс екендігін білдіреді)
ТӨРАҒА – Ыңғайлы...
(ТӨРАҒА мен қауым мүшелері отырады.

І САҚШЫ мен 2 САҚШЫ есік ауызында тұрады.

АҚСАҚАЛ қауым басқармасы мүшелері мен күзетшілергдің көзімен шолып, мұқият қарап отыр)
ТӨРАҒА – Кішкене үстел әкеліңдер!
(ОТАҒАСЫ мен ӘЙЕЛ кішкене үстелді алып ТӨРАҒАНЫҢ алдына орналастырады)
ОТАҒАСЫ – Басқа ештеңе керек болмай ма?

ТӨРАҒА – Әңгімеден ауызымыз кеуіп қалуы мүмкін. Су әкеп қоя салыңыздаршы! Сосын бәріне тостаған қойыңдар!


(Әйел графинмен су және бірнеше ағаш тостаған әкеліп, үстелге қояды)
ТӨРАҒА – Рахмет, қызым... Келін қайда?

ӘЙЕЛ – Ол келсін бе мұнда?

ТӨРАҒА – Осы бетте келсін! Уақыт алып қайтеміз.

ӘЙЕЛ – (Ұлына қарап) Мен шақырайын.


(ӘЙЕЛ бөлменің түбіне өтеді. ЖАС КЕЛІНШЕККЕ бері шық дегендей ымдайды)
ТӨРАҒА – келін келмей ешнәрсе айтуға болмайды! (БӘЙБІШЕГЕ қарап) Солай емес пе?

БӘЙБІШЕ – Бәрі жөн!

ТӨРАҒА – Бәрің де отырғандарың дұрыс... Жауап беруге кезек келгенде, түрегеп тұрып жауап бересіңдер... Келістік пе?

ҚАЛҒАНДАРЫ – Келістік.

ТӨРАҒА – (Қауым басқармасы мүшелеріне арнап) Қалай, бастаймыз ба?
(Қауым басқармасы мүшелері келіскен сыңаймен бастарын шұғиды)
АҚСАҚАЛ – (Бәйбішесіне қарап) Сақшыларды соттайтын болды-ау әйтеуір!
(БӘЙБІШЕ оған үндемей тұра тұр дегендей ишара жасайды. Дыбысын шығармай күйеуіне судьялар келіннің мезгілсіз босануына байланысты жиналып отырғандығын ымдап, ишаралап жеткізуге тырысады)
АҚСАҚАЛ – Ә-ә! Бәрі біздің келінге байланысты екен ғой! Қанішерлер!

БӘЙБІШЕ – Дымыңды шығарма! (Өзі үн шығармай күйеуін сөйлеме деп үгіттеуге тырысады...)

ТӨРАҒА – Мұнда келмес бұрын біз күбідегі судың деңгейін қарадық... Қардың еріген суы күбіні толықтай толтырса, онда қауіп-қатердің кеткені екендігін сендер білесіңдер. Бірақ өкінішке қарай күбідегі су ернеуіне жету үшін әлі де екі елі көтерілуі керек. (Қолымен көрсетеді) Бұл дегеніңіз, бүгін, әрі кетсе ертең судың деңгейі қажетті деңгейге көтеріледі де қауіптен құтыламыз... Яғни, қыстың басында ұсақ балалармен кеткендер оралады да өздерімен бірге ұн, қант, тұз, көкөніс, ет, тағы басқа азық-түлік ала келеді. Олар үш ай бойы, алғашқы қар жауғанға дейін бізбен бірге болады... Біз үйлену тойларын жасап, мәре-сәре боламыз, дүниеге сәбилер келе бастайды... Ал алғашқы қар жауысымен жас нәрестелері бар ата-аналар, сосын ретіне қарай қауымның басқа мүшелері де бұл жерден кететін болады... Олар содан келесі жазға дейін мұндағылар осында қыстап шығып, аштан өлмеулері үшін күндіз-түні дамыл таппайжұмыс істейді... Енді міне біздің бәріміз олардың келгендерін тағат таппай күтіп отырғанымызда, бізге кіндік шеше келіп осы күтпеген жағдайды хабарлап отыр.
(ҚАУЫМ МҮШЕСІ ЕРКЕКТІҢ жөтелден қатты қысылып тұрғандығы көпе-көрінеу аңғарылады... ӘЙЕЛ машықты қимылмен оған жастық ұсына қояды... ҚАУЫМ МҮШЕСІ ЕРКЕК бетін жастыққа бұғып дыбыс шығармай жөтеліп алады... Қайта жөтеліп қалмас үшін тамағын шаяды... Жастықты ӘЙЕЛГЕ ұсынады...)
ТӨРАҒА – Мен кейінгі елу жылдан бері осындай жағдайға душар болып тұрғанымызға қатты өкінемін. Мен мына мезгілсіз толғақты айтып отырмын. Біздің бәріміз, мен де, қауымның басқа мүшелері де өте-мөте қынжылудамыз... Бірақ, амал қанша... Біз тәртіпке бағынуға міндеттіміз! Өйткені бұл жағдай қауымның басқа мүшілеріне қайғылы аяқталуы мүмкін... Ал енді, уақытты босқа алмай тиісті рәсімге көшейік... (КІНДІК ШЕШЕГЕ түрегел дегендей ишара жасайды. КІНДІК ШЕШЕ орнынан тұрады) Сізге мұны қашан хабарлады?

КІНДІК ШЕШЕ –Жаңа ғана...

ТӨРАҒА – Ал, содан соң?

КІНДІК ШЕШЕ – Мен бірден жеттім де бәрін осы орнында көріп шықтым... Содан дереу сіздерге хабарладым. Мен өте өкінемін, бірақ келін босанайын деп жатыр...

ТӨРАҒА – Сіз сенімдімісіз?

КІНДІК ШЕШЕ – Толық сенімдімін.

ТӨРАҒА – Мүмкін оны тағы бір рет қарап шығарсың?

КІНДІК ШЕШЕ – Оның қажеті жоқ... Барлық белгісі дәп соны көрсетіп тұр.

ТӨРАҒА – Жарайды, отыр. Енді сендер (ЖАС ЖІГІТ пен ЖАС КЕЛІНШЕК орындарынан тұрады) Толғақ дұрыс жағдайда өтуі үшін, ол берісі бір айдан кейін болуы керек екендігін білесіңдер... Ал сендердің толғақтарың қар көшкінің қаупі өтпей тұрғанда болып отыр. Осының салдарынан басқа адамдардың өміріне қауіп төндіріп аса керемет қателік жасағандарыңды сендерге, әрине, белгілі.

ЖАС ЖІГІТ – Белгілі...

ЖАС КЕЛІНШЕК – Белгілі... Бірақ мұнда біздің кінәміз жоқ қой?

ТӨРАҒА – Ол не деген сөз?

ЖАС ЖІГІТ – Біз үшін үлкендеріміз есептеген болатын... Мынадай күні рұқсат деп... Біз алғаш рет сол күні бірге болғанбыз... Алғашқы неке түнімізді сонда өткізгенбіз... Ал оған дейін менің әйелімді тек алыстан ғана көрсететін. Біз тіптен қатар тұрып көрген емеспіз...

ОТАҒАСЫ – Құрметті төраға, рұқсат етсеңіз мен де сөйлейін деп едім...

ТӨРАҒА – Сөйлеңіз, бірақ созып алмаңыз...

ОТАҒАСЫ – Менің ұлым шын айтып тұр... Біз екі жас мезгілінен бұрын кездесіп қалмау үшін үнемі кедергі жасап отырдық...

ӘЙЕЛ – Біз олардың бір-біріне жанасып кетуінің өзіне рұқсат еткеміз жоқ...

ТӨРАҒА – Рұқсатсыз сөйлеуге болмайды. Түсінікті ме?

ӘЙЕЛ – Ұқтым, төраға мырза.

ТӨРАҒА – Барлығы да уақытылы болды дейік... Одан арғы жағы маған түсініксіз, қайда бұрып келе жатқандарыңыз...

ЖАС ЖІГІТ – Бұл ерте басталған толғақ.

КІНДІК ШЕШЕ – (Қайтадан түрегеледі) Ия, құрметті төраға. Бұл мезгілінен бұрын басталған толғақ...

ЖАС ЖІГІТ – Яғни біз кінәлі емеспіз...
(Үнсіздік)
ТӨРАҒА – Олай болсын, бұлай болсын, енді оның айырмашылығы қанша? Бұл жерде біз ерте, әлде кеш басталған толғақ екендігі жөнінде дауласып отырған жлқпыз. Мәселенің түбіріне қарауымыз керек... Дәл қазір қар көшкіні болу қаупі сейілмей тұрғанда сіздің әйеліңіз осындай жағдайға душар болып тұр... Бізді алаңдатыны осы... Егер де сендер тәртіптің бәрін белге қыстырып, қатынасқа мезгілінен бұрын кіріскендеріңде де, сөз жоқ, бұл жағдай бізді алаңдатары хақ... Мәселенің түпкілікті шешілуіне мұның түк қатысы жоқ. Ендігі рәсім айдан-анық... (Басқа басқарма мүшелерінен үнсіз келісімін алады) Бұл жас келіншек кідіріссіз табытқа тұмшаланып, жер қойынына берілетін болады! Сендердің көңілдеріңе медет қылатындарың бір-ақ нәрсе – осындай шешім шығарғанымызға біздің де қоса қиналатындығымыз ғана...

ЖАС ЖІГІТ – Төраға мырза...

ТӨРАҒА – Енді дауласатын ештеңе жоқ... Өйткені бұл жас келіншек кез келген сәтте босануы мүмкін... Бұның аяғы қандай жағдайға душар етуі мүмкін екендігін қайтадан айтуымыз керек пе? Байқаңдар, егер осыған байланысты кіндік шешенің қарсы уәжі бола қалса шешімді сәл кешіктіріп, жағдайды қайта бір талқылауға болар еді... (БОСАНДЫРАТЫН ӘЙЕЛГЕ қарап) Бұл жағдайда тек Сіздің ғана қарсылық білдіруге құқыңыз бар... Сонымен, Сіздің бұл шешімге қарсы айтатын ештеңіңіз бар ма?

КІНДІК ШЕШЕ – Жоқ, Төраға мырза.

ТӨРАҒА – Ендеше үкім еш кедергісіз орындалуы керек!

ҚАРТАҢ ЕРКЕК – Олар күзетшілерді соттамай ма екен!


(ОТАҒАСЫ мен ҚАРТ АНА ҚАРТАҢ ЕРКЕКТІҢ ыммен үнін өшіруге тырысады)
ЖАС ЖІГІТ – Менің әйелімді еш жазығынсыз жазалап отыр... Қайдағы бір заң бар дейді... Біз осы заңға қарсы ештеңе жасған жоқпыз ғой. Бәрі-бәрі, той да алғашқы түн де уақытылы болды ғой...

ТӨРАҒА – (Ашулана) Балам, бұл жайында біз айттық қой... Жалпы, біз мұндай жағдайға бірінші рет кездесіп отырмыз. Білмеймін, сендерге айту керек пе, керегі жоқ па, неге біздің қауым мүшелерінің қай жерде болмасын таптырмайтын жұмыскерлер екендігін? Өйткені олар ешнәрсеге қарсы шықпайды! Осындағы ережелерге сүйенген өмірлері уақытша барған жерлерінде де тұп-тура солай жалғаса береді... Сендердің естеріңе салып қояйын – егер де біздің сөздік қорымыздан «алаң» деген сөздің жойылуының басты себебін іздесең, ол – әу бастан біржола белгіленген және мүлтіксіз орындалатын заңдарымыздың арқасы! (Ашулана) Сен не айтқың келіп тұр өзі? Қазір біз заңдарды талқылауға кірісейік, ал соншама халық қырылу керек!

ЖАС ЖІГІТ – (Қатты толқып) Мен адамдар қырылсын деп деп тұрғам жоқ! Тек менің әйелімде өмір сүрсін!

ТӨРАҒА – Жігітім, мен сенің басыңа түскен қасіретті түсінемін... Біз де жас болғанбыз... Біз де сүйгенбіз... Алайда басқа адамдардың өмірі үшін бұл қайғыны көтеруіңе тура келеді.

ЖАС ЖІГІТ – (Жылаудың шақ алдында) Әйткенмен тап қазір бірден туа салмайды ғой! Жалынамын сіздерге, шамалы күте тұрайықшы...

ТӨРАҒА – Бұл мүмкін емес... Мен бүкіл халқымыздың өміріне қауіп төндіре алмаймын... Не сенің әйелің, не қалғандарының бәрі... Яғни, біз бәріміз... Мұнда мәміле болуға тиіс емес! Егер де қалғандарының барлығының өмірін сақтау жолы әлі бар болып тұрса, біз неге оны пайдаланбасқа? (Шешімді түрде) Шешімді орындау керек, онда да қолма-қол орындау керек... Тәртіпті сақтау керек! Дәл қазір сенің әйелің босана бастады делік, сонда біз не істемекпіз? Сенің әйеліңнің босанып жатқандағы бір жанайқайы жетіп жатыр біздің төбемізге тонналаған қардың сау ете қалуына... Ал жаңа туған нәрестенің шыңғырғанын не істемекпіз? Біздің барлығымыз қар көшкінің астында қалмақпыз ба? (Кенет одан сайын қатуланып) егер де сен бізбен тағы тәжікелесе берсең, біз сен туралы да тура сендей шешім қабылдауға мәжбүр боламыз. Өшірсейші енді үніңді!

ЖАС ЖІГІТ – Төраға!

ТӨРАҒА – Мен сені ақырғы рет ескертемін! Есіңде болсын! Сөз деген – күміс, ал үндемеу – алтын! Біз ғасыларлар бойы сүйеніп келе жатқанымыз міне осы қағида...


(Сақшыларға ыммен тиісті рәсімдерді баста деген ишара білдіреді)
АҚСАҚАЛ – Олар сақшыларды кіналап жатқан жоқ! Жерге оларды емес, бейкүнә жандарды көмбекші!

ТӨРАҒА – Не оттап тұр өзі анау?

АҚСАҚАЛ – Әй, менің ағамды қылқындырғандарды соттасайшы!

ТӨРАҒА – Не айтпақшысың өзі сонда?

АҚСАҚАЛ – Сотта қанішерлерді!.. Батыл болсаң, соттап көр оларды!

Бірақ, сен оларды соттай алмайсың... Әйтпесе олар өзіңді де қылқындыра салады...

ТӨРАҒА – (Сақшыларға қарап) Өшіріңдер ананың үнін!
(І сақшы өзімен бірге ала келген үлкен кездемемен АҚСАҚАЛДЫҢ ауызын матап тастамақ болады)
ТӨРАҒА – Тездетіңдерші!

АҚСАҚАЛ – (Сақшыларға берілмеу үшін жанталасып, бір жағынан ТӨРАҒАҒА ойын айтып қалуға тырысуда) Мен ағамды жаңа ғана жақсырақ түсіне бастадым... Мен оны қалай түсінетіндігімді білсеңдер ғой!

ТӨРАҒА – (2 САҚШЫҒА қарап) Әйелді де дайындаңдар!..

2 САҚШЫ – Құп болады!


(2 САҚШЫ тиісті әрекеттер жасап ЖАС КЕЛІНШЕКТІҢ ауызын буа бастайды)
ТӨРАҒА – Жігітім, сен мені таңырқаттың... Алайда сенің қазіргі жаныңа батып тұрған ауыртпалықты ескеріп, мен сені кешіремін...

2 САҚШЫ – Дайын, төраға...

ТӨРАҒА – (Ыммен ЖАС КЕЛІНШЕКТІҢ көзін де байла деп белгі береді) Бәрін де рет-ретімен жасасаңшы!
(2 САҚШЫ ЖАС КЕЛІНШЕКТІҢ көздерін таңады... Зәресі кеткен келін дір-дір етеді)
ТӨРАҒА – Жарайды... (Қалғандарына қарап) Барлықтарың осында қалыңдар! Сендер үкім орындалып біткенге дейін үйде боласыңдар... (1 САҚШЫҒА қарап) Сен осында қаласың. (Қауымның басқарма мүшелеріне қарап) Тұрыңдар... Орындалысын бақылайық...
(ТӨРАҒА мен қауым басқармасының мүшелері орындарынан тұрады. 2 САҚШЫ ЖАС КЕЛІНШЕКТІ әкетуге тырысуда, бірақ онысы оңайлыққатүспейді... ЖАС КЕЛІНШЕК барынша тырмысып, көнбейді... Ыңырсып ыщқынуымен кеткі келмейтінін аңғартады.

ТӨРАҒАНЫҢ бұйрығына бағынған 2 ЖАС КЕЛІНШЕКТІІ есікке қарай сүйрелейді. Олардың соңынан ТӨРАҒА мен қауым басқармасының мүшелері ереді...

Қалғандары үнсіз күдуде, ЖАС ЖІГІТ байқатпай оқшантайды ашып, мылтықтың бірін оқтайды)
ЖАС ЖІГІТ – (Мылтығын көтеріп) Тоқтаңдар!..
(Бір сәтке бәрі сасқалақтап тұрып қалады)
ТӨРАҒА – Балам-ау, не істейін деп тұрсың?

ЖАС ЖІГІТ – Мен айттым ғой, тоқтаңдар!

ТӨРАҒА – Бұның не?

ЖАС ЖІГІТ – Маған шүріппені басқызбаңдар!

ТӨРАҒА – Өйтүге бола ма екен?

ҚАУЫМ МҮШЕСІ ӘЙЕЛ – Сен шүріппені бассаң, мылтық атылады ғой!

ҚАУЫМ МҮШЕСІ ЕРКЕК – Егер мылтық атылса... Құдайым-ау, құрыдық қой!

ТӨРАҒА – Онда... Онда біз бәріміз қырыламыз ғой...

ЖАС ЖІГІТ – Ия... Қырыламыз! Не менің әйелім тірі қалады, не бәрімз мерт боламыз!
(Үнсіздік)
ОТАҒАСЫ – Түсір мылтығыңды...

ӘЙЕЛ – Сен немене, бізді де өлсін деп тұрмысың?

ОТАҒАСЫ – Біздің бәріміз опат боламыз ғой!

ЖАС ЖІГІТ – Әке, араласпаңыз.

ОТАҒАСЫ – Араласпағаны несі?.. Жи есіңді...

ЖАС ЖІГІТ – Сонда қалай, менің әйелім өлуі керек пе? Мен әйелім мен балам аман қалу үшін бәрін жасауым керек!

ОТАҒАСЫ – Қолыңнан не келеді сенің?

БӘЙБІШЕ – Біз бәріміз де қырыламыз ғой!

ӘЙЕЛ – Сен әлі жассың ғой... Маңайда әйел аз ба? Бәрі өзіңе байланысты... Басқа әйелден де балаң туады...

БӘЙБІШЕ – Сен әкеңнің жанын алған атанасың ғой!

ҚАРТАҢ ЕРКЕК – Мен немереме ризамын!

ЖАС ЖІГІТ – Сіздер мені түсінбей тұрсыздар..! (ТӨРАҒАҒА қарап) Ешқайсың қозғалмаңдар! Өз орындарыңа барыңдар... Мен айттым ғой, өтіңдер, өз орындарыңа өтіңдер!


(ТӨРАҒА мен қауым басқармасының мүшелері өз орындарына өтеді. 2 КҮЗЕТШІ келінді өзінің бұрынғы тұрған орнына апарады. ЖАС ЖІГІТ ымдап оның көзі, ауызы мен қолын босат деп бұйырады. 2 САҚШЫ бұйрыққа бағынады... Үнсіздік)
ТӨРАҒА – Менің тамағым құрғап кетті... Су ішуге бола ма?

ЖАС ЖІГІТ – Ішіңіз!


(ТӨРАҒА су ішеді... Қауым басқармасының мүшелері де су ішеді...)
ТӨРАҒА – Ал, енді не болады?

ҚАУЫМ МҮШЕСІ ӘЙЕЛ – Не күтіп тұрмыз?

ЖАС ЖІГІТ – (І САҚШЫҒА қарап) Сен! Сен де әке емеспісің... Бар-дағы қара, күбідегі судың қазір қанша болғанын! Тек тезірет!
(ОТАҒАСЫ І САҚШЫ сыртқа шығады)
АҚСАҚАЛ – Сақшыларды соттайық одан да!
(Бәрі де күтіп, сілейіп қалған... Әсіресе ТӨРАҒА мен қауым басқармасының мүшелері үрей араласқан дел-дал күй кешуде. Бәрін үрейлі күту жайлаған...

ОТАҒАСЫ мен І КҮЗЕТШІ қайтып оралады)
ОТАҒАСЫ – Бір елі қалыпты!

І САҚШЫ – Ия, бір елі бар...

ЖАС ЖІГІТ – Толғақ та болған жоқ қой... Мүмкін, кіндік шеше қателескен болар! Бұл толғақ емес шығар... Ал сендердің шыдамсыздықтарыңнан менің әйелім опат бола жаздады... Өздерің қараңдаршы... Менің әйелімнің толғатқанын көріп тұрсыңдар ма?

ТӨРАҒА – Сен не айтып тұрсың балам? Сенің ойыңша кіндік шеше өтірік айтып тұр ма? Ал біз не болдық сонда? Сенің шешең, әкең ше... Бәрі қырылады ғой! Сен олардың бәрін аямайсың ба?


(Кенет ЖАС КЕЛІНШЕК ауырсынып қиналғаннан бүктетіле бастайды...)
ТӨРАҒА – Аһ, құдай-ай!

КІНДІК ШЕШЕ – Бұл әйел кешікпей босанады!

ЖАС ЖІГІТ – (І САҚШЫҒА қарап) Байла оның ауызын!
(І САҚШЫ келіннің ауызын тұмшалайды )
ЖАС ЖІГІТ – Апар оны бөлмесіне...
(І САҚШЫ ЖАС КЕЛІНШЕКТІ бөлмесіне апарады, болып жатқан оқиғаға дән риза АҚСАҚАЛ дыбыс шығармай қол шапалақтайды)
ЖАС ЖІГІТ – (КІНДІК ШЕШЕГЕ қарап) Өт былай... Шеше, сен де көмектес...

КІНДІК ШЕШЕ – Үлкен кеспекпен ыстық су әкеліңдер! Жылдам!

ЖАС ЖІГІТ – Тездетші, шешетай!..

ТӨРАҒА – Ал нәрестенің шыңғырғанда не істейміз?!

ҚАУЫМ МҮШЕСІ ӘЙЕЛ – (Зәре-құты қалмай) Екеуінің айқайы ше?!

ТӨРАҒА – Құрыдық бәріміз!

ҚАУЫМ МҮШЕСІ ӘЙЕЛ – Құримыз!

ҚАУЫМ МҮШЕСІ ЕРКЕК – Құримыз!

АҚСАҚАЛ – Мен болсам бұл жерге көз жұмуға келгенмін... Маған бәрібір... Мен ағамды жаңа ғана түсіндім... Өлер алдымда мен де айқайлап қалғым келеді... Мен айқай салғым келіп тұр! Дәп қазір!

БӘЙБІШЕ – Ойыңа да келмесін! Өйтуші болма!

ОТАҒАСЫ – Әке, мен сенің ұлыңмын ғой!

ӘЙЕЛ – Құрыған жеріміз осы шығар!

ОТАҒАСЫ – Сенің арқаңда мен де құритын болдым! (Әкесінің ауызын қолымен басады)

ӘЙЕЛ – (Ұлына қарап) Мен сені асырап-сақтап едім... Күндердің күнінде сенің қолыңнан ажал табам деп пе едім? Сені адам қылған аналық ақ сүтімді ақтасаңшы!

ЖАС ЖІГІТ – Өшіріңдер үндеріңді!
(КІНДІК ШЕШЕ І САҚШЫҒА шығып кет деп ымдайды. І САҚШЫ қалғандарының қатарына қосылады.


  1. САҚШЫ байқатпай ЖАС ЖІГІТТІҢ жанына жақындайды.

Аңдып барып ЖАС ЖІГІТТІҢ қолынан шап бергісі келгенін сезіп қалған ЖАС ЖІГІТ мылтықтың ұңғысын 2 САҚШЫНЫҢ бетіне кезейді...)
ЖАС ЖІГІТ – Байқа, басыңа бәле тілеме! Қайталап көр осыңды!..

АҚСАҚАЛ – Мен немеремді мақтан тұтам – нағыз арыстан!

ТӨРАҒА – (2 САҚШЫҒА қарап) Есуас!

ЖАС ЖІГІТ – Ұқтың ба?

2 САҚШЫ – Ұқтым.
(Келін басы көрермендерге қарап жатыр. Үн-түнсіз толғақ басталады... КІНДІК ШЕШЕ ымменен ӘЙЕЛГЕ не істеу керек екенін түсіндірп жатыр...)
ҚАУЫМ МҮШЕСІ ӘЙЕЛ – (Үрейленіп) Бірақ та... Нәрестенің ауызын жабу керек қой... Ол шыңғыруын қоймайды ғой...

ТӨРАҒА – Баланың ауызын күбідегі су толғанша жауып ұстай тұру керек...


(Келіннің ыңырсуы үдей түседі... Басыңқы күңіреніп ыңырсыған дыбыс сахнаның түбінен де естіледі.

Кенет Келіннің ыңырсығаны басыла қалады. КІНДІК ШЕШЕ нәрестені көтеріп, ауызын жаба қояды...

Нәресте КІНДІК ШЕШЕНІҢ қолынан жылп етіп су толған кеспектің ішіне түсіп кетеді... Ойда жоқта нәрестенің адам сенгісіз шек-сілесі қатқан күлкісі естіледі... Құлақ тұндырыр күлкі...

Күлкі толқынша қайталанады, сол кезде КІНДІК ШЕШЕ нәрестені қарманып жүріп ұстап алады...

Тым-тырыс үнсіздік...

Жаңғырыққан күлкі естіледі...

Қайтадан тыныштық орнайды...

Бәрі үрейленіп қар көшкінінкүтеді... Кейбіреуі дұға жасап жалбарына бастайды...

Қар көшкінін аңғартатын ештеңе естілмейді...)
ТӨРАҒА – Қар көшкіні болмады!

ҚАУЫМ МҮШЕСІ ӘЙЕЛ – Мүмкін енді болмайтын шығар.

ҚАУЫМ МҮШЕСІ ЕРКЕК – Құдай ауызыңа салсын!

ЖАС ЖІГІТ – Өшіріңдер үндеріңді!


(Шамалы уақытқа тыныштық орнайды)
АҚСАҚАЛ – (Бәйбішесі бөгет болғанына қарамастан ЖАС ЖІГІТТІҢ қолынан мылтықты жұлып алып, есікті ашады. Бар дауысымен айқай салады) Еһе-һе-һ-е-е-е-е-ей! Айха-а-а-ай дүни-е-е-е-е!
(Шамалы уақыттан кейін оның дауысы жаңғырығып қайта естіледі.

АҚСАҚАЛ мылтықты дүрс еткізіп атады)
(Есеңгіреп сарсыла күту шаттыққа алмасады...

Сырттағы сартылдап атылған мылтық дүмпулері дабылдар мен зурнаның** үндеріне алмасады...)

СОҢЫ
2001 жылғы 4 тамыз, Сарыгерме – Ортаджа

______________________________



** Зурна – музыкалық үрлеме аспап




Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет