Қарағанды – 2010 Әож 616. 3 Кбж 54. 13 я 73 е 83 пікірсарапшылар: А. А. Кикимбаева



бет4/8
Дата17.07.2016
өлшемі3.66 Mb.
#205541
1   2   3   4   5   6   7   8

Цемент тіс түбірі мен мойынын жауып, сол жерлерде жіңішке қабат түрінде орналасады, көп жағдайда эмальдың үстіне шығып кетеді. Түбірдің ұшына қарай цемент қалыңдай береді. Химиялық құрамы жағынан цемент сүйекке жақын, оның құрамында 30 % органикалық және 70 % бейорганикалық заттар бар. Ең көбі – фосфат тұздары мен кальцийдің карбонаты. Гистологиялық құрылысы жағынан жасушасыз немесе алғашқы және жасушалық немесе қосалқы цемент ажыратылады. Жасушасыз цемент – көбіне түбірдің жоғарғы бөлігінде, ал жасушалық цемент оның төменгі бөлігінде орналасады. Көп түбірлі тістерде жасушалық цемент негізінен түбір тарамдарында жатады. Жасушалық цементтің құрамында жасушалар – цементоциттер, әр түрлі бағытта жатқан көптеген коллагенді талшықтар бар. Сондықтан жасушалық цементті құрылысы мен құрамы жағынан дөрекі талшықты сүйек тінімен салыстырады. Ал айырмашылығы – қан тамырларының жоқтығында. Жасушалық цементтің құрылысы қабатты болуы мүмкін. Жасушасыз цементте жасушалар да, олардың өсінділері де жоқ. Ол коллаген талшықтары мен олардың арасында жатқан аморфты желімдеуші заттан тұрады. Коллаген талшықтары бойлай және радиальдық бағыттарда орналасады. Радиальдық талшықтар тікелей периодонтқа жалғасады да, одан әрі қарай тесіп өтуші талшықтар түрінде альвеолярлық сүйектің құрамына кіреді. Ішкі жағынан олар дентиннің коллагенді радиальдық талшықтарымен бірігеді.

Цементтің қоректенуі диффузды түрде периодонттың қан тамырлары арқылы жүзеге асады. Тістің қатты бөліктеріндегі сұйықтықтың айналымы бірқатар факторлардың есебінен жүзеге асады. Бұл әсерлерге пульпа мен периодонт тамырларындағы қан қысымының тыныс алғанда, тамақты жеп, шайнағанда өзгеруі және ауыз қуысының температурасының ауытқулары жатады. Цемент жасушаларының өсінділерінің дентин түтікшелерімен анастомоздарының болуы туралы мәліметтер белгілі бір қызығушылық тудырады. Түтікшелердің мұндай байланысы пульпаның қанмен жабдықталуы бұзылған жағдайда (қабыну, пульпаның жойылуы, түбір өзегінің пломбылануы, қуыстың бітелуі және т.б.) дентин үшін қосалқы қорек жүйесі болып табылады.



Пульпа немесе тістің жұмсақ тіні тіс сауытының қуысында және түбір түтікшесінде орналасады. Ол борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұрып, үш: шеткері, аралық және орталық – қабаттарға бөлінеді.

Пульпаның шеткері қабаты айқын базофильді цитоплазмасымен ерекшеленетін бірнеше қатар алмұрт пішінді көп өсінділі жасушалар – дентинобластылардан тұрады. Олардың ұзындығы – 30 мкм, ені – 6 мкм аспайды. Дентинобластылардың ядросы жасушаның базальды бөлігінде орналасады. Дентинобластылардың апикальды бетінен дентин түтікшесіне өтетін ұзын өсінді шығады. Дентинобластылардың бұл өсінділері дентин мен эмальды минералдық тұздармен жабдықтауға қатысады. Дентинобластылардың бүйірлік өсінділері қысқа болып келеді. Қызметі жағынан дентинобластылар сүйектің остеобластыларына ұқсас. Дентинобластылардың бойынан тіс тіндерін кальцийлеу үрдісінде белсенді қызмет атқаратын сілтілі фосфатаза, ал олардың өсінділерінен – мукопротеидтер табылған. Пульпаның шеткері қабатында жетілмеген коллаген талшықтары орналасады. Олар жасушалардың арасынан басталып, әрі қарай дентиннің коллаген талшықтарына ұласады.

Аралық қабат жетілмеген коллаген талшықтары мен өмір сүруін тоқтатқан дентинобластыларды ауыстыратын ұсақ, бөліну қабілеті жоғары жасушалардан тұрады. Орталық қабат жасушалардан, талшықтардан және қан тамырларынан құралады. Бұл қабаттың жасушалық құрамының арасында адвентициальды жасушаларды, макрофагтарды және фибробластыларды ажыратады. Жасушалардың арасынан аргирофильді және коллаген талшықтары байқалады. Пульпада эластикалық талшықтар табылған жоқ.

Тістің пульпасы тістің қоректенуі мен зат алмасуына жауапты. Пульпаның жойылуы зат алмасу үрдістерін күрт тежеп, тістің жетілуін, өсуін және регенерациясын (қалпына келуін) бұзады.

Тіс жақ сүйегі альвеоласындағы периодонттардың көмегімен ғана емес, сондай-ақ көпқабатты жазық эпителийдің тіс мойыны кутикуласымен бірігуі арқасында да бекиді. Беку аймағының эпителийі қызыл иектің бүйір (кіре беріс) бетіндегі эпителийге қарағанда жұқарақ.

Тамырлану және жүйкелену. Тамырлар (үстіңгі жақ артериясының тармақтары) нервтермен бірге (үштік нервтің тармақтары) тіс қуысына тіс түбінде орналасқан негізгі және қосалқы өзектер арқылы өтеді. Артериялар тіс түбіріне бір немесе бірнеше сағалар түрінде енеді. Пульпада көптеген анастомоздарға тармақтала отырып, олар әрі қарай венаға жиналады. Пульпадан лимфа капиллярларының аз ғана мөлшері табылған.

Нервтер тіс пульпасында екі өрім құрайды. Олардың тереңірек орналасқаны негізінен миелинді талшықтардан, жоғарыдағысы – миелинсіз талшықтардан тұрады. Пульпа рецепторларының аяққы тармақтары көбіне бір мезгілде дәнекер тінімен және пульпа тамырларымен жалғасқан. Дентинобластылар үштік нервтің жіңішке өсінділерімен тығыз қоршалады.

Дентиннің сезімталдығы туралы мәселе түбегейлі шешілмеген. Көптеген зерттеушілер бастапқы бөлімдерде бұл құбылыстың кейде байқалатындығына қарамастан, нерв өсінділерінің дентин түтікшелеріне енуін жоққа шығарады.

Ауырғанды сезінуде дентин түтікшелерінің ішкі бөлімдерінде орналасқан нерв өсінділерінің тітіркенуінің гидродинамикалық механизмі немесе сезімтал нейрондардың аяққы бөлімдеріне дентин түтікшелерінің бойымен айналатын сұйықтықтың бағанасының қысымының берілуі, елеулі қызмет атқарады.



Жас шамасына байланысты өзгерістер. Өмірдің алғашқы 12-15 жылында сүт тістердің түпкілікті тістерге дәйекті ауысуы жүзеге асады. Ең алдымен – үлкен азу тіс (бірінші моляр), содан соң – орталық және бүйір күрек тістері, 9-14 жас аралығында – премолярлар мен иттістер, тек 20-25 жаста ғана «ақыл тіс» жарып шығады.

Жас өсуімен бірге тістердің химиялық құрамы мен құрылысында да бірте-бірте өзгерістер жүзеге асады. Олардың шайнау беттеріндегі эмаль мен дентин үгітіледі. Эмаль күңгірттенеді де, жарылып, онда минеральдық өңез шөгеді. Эмальдағы, дентиндегі және цементтегі органикалық қосылыстардың құрамы азайып, бейорганикалық заттардың мөлшері артады. Осыған байланысты эмальдан, дентиннен және цементтен судың, йондардың, ферменттердің, аминоқышқылдардың және басқа заттардың өтуі әлсірейді. Жас ұлғайған сайын дентиннің жаңадан түзілуі тоқталып, тіс түбіріндегі цементтің мөлшері көбейеді. Адамның жасы ұлғайған сайын тіс пульпасының тамырларының склеротикалық өзгерістерінің әсерінен қоректенудің нашарлауы нәтижесінде пульпа семуге (атрофияға) ұшырайды. Ондағы жасушалық элементтердің мөлшері азаяды. Дентинобластыларда жасуша органеллаларының едәуір бөлігінің кері дамуы байқалып, жасушаның пиноцитоздық белсенділігі төмендейді. Дентинобластылар дентиноциттерге айналады. Коллаген талшықтары дөрекіленеді. 40-50 жастан соң периодонттағы тамырларда склеротикалық өзгерістер жиі байқалады.



Қалпына келуі. Тістің регенерациясы өте баяу және жарым-жартылай жүзеге асады. Дентиннің зақымдануы немесе оның кариоздық үрдістерден тітіркенуі кезінде тісте пульпа тарапынан ошаққа қарсы қосалқы немесе орынбасушы дентиннің шағын мөлшері түзіледі. Бұл үрдіс аралық аймақтың жасушалық элементтерінің жетілуі, олардың дентинобластыларға айналуы арқылы пульпаның шеткері қабатының регенерациялануымен қатар жүреді. Тіс жетілуінің барлық сатыларында пульпаның дентинобластық қабатында пролиферацияға қабылетті жасушалары бар екендігі дәлелденген. Дентиннің түзілуі зақымданудан соң екі аптаның ішінде жүзеге асады. Бұл үрдіс предентиннің пайда болуымен бірге басталады. Қосалқы дентиннің негізгі затындағы талшықтар алғашқы пульпа маңы дентиніндегіге қарағанда ретсіздеу орналасады. Төртінші аптаның соңына қарай предентин әктенеді. Қосалқы дентиннің түтікшелері қисық бағытта орналасып, өте аз тармақталады. Тістің цементінің қалпына келуі өте төмен деңгейде болады. Тіс зақымданғаннан кейін эмальдың қалпына келуі мүлдем болмайды. Эмальға патогенді факторлардың әсер етуі кезінде ол гиперминералдану аймақтарын түзеумен жауап қайтарады.
Сілекей бездері
Дамуы. Сілекей бездері шырышты қабықшаның эпителийінің туындылары. Олар мезенхимаға ене орналасқан тығыз эпителий созындылары түрінде басталады. Эмбриогенездің 2-ші айында ірі сілекей бездері қалыптасады. 1-ші болып жақасты, сәл кешірек тіласты және шықшыт (құлақ маңы) бездері түзеледі. Эмбриональдық дамудың 3-ші айында кіші сілекей бездері дами бастайды.

Мезенхимаға ене бастаған эпителий созындылары көптеген тармақтар түзейді, кейін олар бездің шығару өзектері мен секреторлық аяққы бөлімдерін береді. Шығару өзектерінің тесігі эмбриональдық дамудың 3-ші айында пайда болады. Бұл мезгілде оларды қаптап жатқан эпителий екі қатарлы болады. Эмбриогенездің 4-5-ші айында аяққы бөлімдер қалыптасады, ал 8-9 айда олардың қуыстары пайда болады. Басында аяққы бөлімдер бүкіл бездерде бірдей индифферентті эпителийден құралған. Секреторлық эпителийдің дифференцировкасы алдымен аралас бездерде өтеді. Басқаларға қарағанда оларда шырышты жасушалар ертерек пайда болады. Содан кейін серозды жасушалар құралады. Шықшыт безінің қалыптасуы басқалардан кешірек жүреді.

Эмбриональдық дамудың 5 - 5,5 айында мезенхимадан бездердің дәнекер тіндік капсуласы және бөлікше аралық дәнекер тін түзеледі. Дәнекер тіннің даму деңгейі шығару өзектерінің және аяққы бөліктің дамуымен тығыз байланысты. Аяққы бөлімдер түзеле бастағанда дәнекер тіннің түзелу қарқыны баяулайды. Нәрестелерде ірі сілекей бездерінің бөліктерге бөлінуі жақсы анықталады, ал аралас бездердің серозды айшықтары өте анық байқалады.

Сілекей бездерінің жалпы сипаттамасы. Ауыз қуысына шырышты қабықшадан тыс орналасқан үш жұп ірі сілекей бездері – шықшыт, жақ асты және тіл асты бездерінің шығару өзектері ашылады. Ауыз қуысының шырышты қабықшасының қатпарларында көптеген ұсақ сілекей бездері – ерін, ұрт, тіл, таңдай бездері қоныстанған. Барлық сілекей бездерінің эпителийлік құрылымдары ауыз қуысын жауып жатқан көпқабатты жазық эктодермальдық эпителийден дамиды. Сондықтан олардың шығару өзектері мен секреторлық бөлімдеріне көпқабаттылық тән.

Сілекей бездері күрделі альвеолярлық немесе альвеолярлық – түтікшелі бездер түрінде болады. Олар секреторлық аяққы бөлімдерден және өнімді сыртқа шығаратын өзектерден тұрады.

Аяққы бөлімдері құрылысы мен бөлінетін өнімнің сипаты жағынан үш типті: ақуызды (серозды), шырышты (мукоидты) және аралас, яғни белокты-шырышты (серомукоидты) болып келеді. Сілекей бездерінің шығару өзектері бөлікшеішілік, бөлікшеаралық болып жіктеледі. Бөлікішілік өзектердің құрамына ендірмелі және жолақты өзектер кіреді.

Белокты бездер ферменттерге бай сұйық өнім бөліп шығарады.

Шырышты бездер құрамына гликозаминогликандар кіретін зат – муциннің көп мөлшері бар, барынша қою тұтқыр секретті түзеді. Секреттің жасушадан бөліну механизіміне қарай барлық сілекей бездері мерокринді болып табылады.

Сілекей бездері экзокриндік және эндокриндік қызметтерді атқарады. Экзокриндік қызмет ауыз қуысында сілекейдің ұдайы бөлінуінен көрінеді. Оның құрамына су (99%), белокты заттар, оның ішінде ферменттер, бейорганикалық заттар, сондай-ақ жасушалық элементтер (эпителийдің жасушалары, лейкоциттер) кіреді.

Сілекей тамақты шылап, оған жартылай сұйық консистенция дарытады, мұның өзі шайнау мен жұту үрдісін оңайлатады. Ұрт пен еріннің шырышты қабықшасының сілекеймен ұдайы шыланып отыруы сөйлеу әрекетіне септеседі. Тамақты ферментативті өңдеу сілекейдің маңызды қызметтерінің бірі болып табылады. Сілекей ферменттері полисахаридтердің (амилаза, мальтаза, гиалуронидаза), нуклейн қышқылдары мен нуклеопротеидтердің (нуклеазалар мен калликреин), белоктардың (калликреин тәрізді протеазалар, пепсиноген, трипсин тәрізді ферменттер), жасушалық қабықшалардың (лизоцим) ыдырауына қатыса алады. Секреторлық қызметпен қатар сілекей бездері экскреторлық қызметті де жүзеге асырады. Сыртқы ортаға сілекеймен бірге әртүрлі органикалық және бейорганикалық заттар: зәр қышқылы, креатин, темір, йод т.б. шығарылады. Сілекей бездерінің қорғаныштық қызметі бактерицидті зат – лизоцимнің бөлінуінен көрінеді.

Сілекей бездерінің эндокриндік қызметі сілекейде инсулин, паротин гормондары секілді биологиялық белсенді заттардың, нерв өсімі факторының (НӨФ), эпителий өсімі факторының (ЭӨФ), тимоцит өзгерту факторының (ТӨФ), өлім факторының (ӨФ) және т.б. болуының арқасында қамтамасыз етіледі. Сілекей бездері су-тұз гомеостазын реттеуге де белсене қатысады.

Аяққы бөлімдерінің және бөлікшілік өзектердің әріқарайғы дифференцировкасы постнатальды кезеңде де жалғасады. Ұрықтарда және 2 жасқа дейінгі балаларда ендірме өзектер және аяққы бөлімдер шырышты жасушалардан түзелген.

Сілекей бездерінің құрылысы. Шықшыт безі (құлақмаңы безі) – қуысына ақуызды секрет бөлетін, сондай-ақ эндокриндік қызметке ие, күрделі альвеолярлық тармақталған без. Сыртқы жағынан ол тығыз дәнекер тіндік капсуламен жабдықталған. Бездің құрылымы айқын бөлікшелі. Бөлікшелер арасындағы дәнекер тіндерден тұратын аймақтарда өзектер мен қан тамырлары орналасқан.

Шықшыт безінің секреторлық аяққы бөліктері белокты (серозды) болып келеді (8 сурет). Олар конус пішінді секреторлық жасушалар – белокты жасушалар немесе сероциттерден және миоэпителийлік жасушалардан




8 сурет. Шықшыт сілекей безі
А – серозды секреторлық аяққы бөлім

Б – миоэпителиоцит

В – бөлікшеішілік жолақты шығару өзегі

Г - бөлікшеішілік жолақты шығару өзегінің эпителийі

Д – қан тамыры
тұрады. Сероциттердің аяққы бөлімінің саңылауына еніп тұратын жіңішке апикальдық бөлігі бар.

Онда мөлшері секреция фазаларына сәйкес өзгеріп отыратын ацидофильді секреторлық түйіршіктер болады. Жасушаның базальды бөлігі ауқымдырақ, ол жерде жасушаның ядросы орналасады. Секреттің жиналу фазасында жасушалардың өлшемдері едәуір ұлғаяды, ал бөлінген соң кішірейеді, ядро дөңгелектенеді. Шықшыт бездерінің секретінде белокты компонент басым болады, бірақ көп жағдайда оның құрамында полисахаридтер де кездеседі. Сондықтан мұндай бездерді серомукозды деп те атайды. Секреторлық түйіршіктерде – амилаза, ДНК-аза аңғарылады. Цитохимиялық және электрондық – микроскоптық әдіспен электронды тығыз шеңбершесі бар, оң ШИК; теріс ШИК және ұсақ гомогенді сфералық пішінді ШИК түйіршіктерінің бірнеше түрін ажыратады. Шықшыт бездерінің аяққы бөлімдерінің сероциттері арасында саңылауларының диаметрі шамамен 1мкм, жасушааралық секреторлық өзекшелер орналасады. Бұл өзекшелерге жасушалардың секреті бөлінеді, одан әрі аяққы секреторлық бөлімнің саңылауына келіп құйылады. Екі бездің аяққы бөлімдерінің жалпы секреторлық ауданы 1,5кв.м-ге дерлік жетеді.

Миоэпителийлі жасушалар (миоэпителиоциттер) аяққы секреторлық бөлімдеріндегі екінші қабатты құрайды. Тегі жағынан бұлар – эпителиальды жасушалар, қызметі жағынан – бұлшық етті еске салатын жиырылушы элементтер. Оларды сондай-ақ жұлдыз тәрізді эпителиоциттер деп те атайды, өйткені олар жұлдызша пішінді келіп, өзінің өсінділерімен аяққы секреторлық бөлімдерді себет тәрізді сыртынан қоршап алады. Миоэпителийлі жасушалар әрқашан базальды мембрана мен эпителийлік жасушалардың арасында қоныстанады. Жиырылу арқылы олар секреттің аяққы бөлімдерден бөлініп шығуына септігін тигізеді.

Шықшыт бездерінің бөлікішілік ендірмелі өзектері тікелей оның аяққы бөлімдерінен басталады. Олар әдетте көп тармақталған. Ендірмелі өзектер текшелі немесе жазық эпителиймен қапталған. Олардың екінші қабатын миоэпителиоциттер құрайды. Ацинусқа жапсарлас жатқан жасушаларда құрамында мукополисахариттері бар электронды тығыз түйіршіктер байқалады, сондай-ақ осында тонофиламенттер, рибосомалар мен түйіршіксіз (жазық) эндоплазмалық тор орналасады.

Жолақты сілекей өзектері де бөлікшелердің ішінде орналасады, ендірмелі өзектердің жалғасы болып табылады. Олардың диаметрі ендірмелі өзектерге қарағанда әлдеқайда үлкен, саңылаулары айқын. Жолақты өзектер тармақталып, көп жағдайда ампулярлық кеңеймелерді түзейді. Олар бірқабатты призмалық эпителиймен қапталған. Эпителиоциттердің цитоплазмасы ацидофильді. Жасушалардың жоғарғы бөлігінде микробүрлер, құрамында әртүрлі электронды тығыз заттары бар секреторлық түйіршіктер, Гольджи кешені көрінеді. Эпителий жасушаларының базальды бөліктерінде цитоплазмада цитолемманың қатпарлары арасында базальды мембранаға перпендикулярды орналасқан митохондриялардан құралған базальды жолақтық айқын білінеді. Жолақты бөлімдерде асқорыту үрдісіне қатысы жоқ циклдік өзгерістер табылған.

Бөлікаралық шығару өзектері екі қабатты эпителиймен қапталған. Өзектердің диаметрі ұлғайған сайын өзектердің эпителийі бірте-бірте көп қабаттана түседі. Шығару өзектері борпылдақ талшықты дәнекер тіннің қабатшаларымен қапталған.

Шықшыт безінің өз денесінен басталатын басты өзегі шайнау бұлшық еттері арқылы өтеді, ал оның сағасы ұрттың шырышты қабықшасының бетінде, екінші үстіңгі азу тіспен деңгейлес орналасқан. Өзек көпқабатты, ал сағасында – көпқабатты жазық эпителиймен жабылған.

Жақ асты безі. Бұл – күрделі альвеолярлық, кей жерлерде альвеолярлық түтікшелі, тармақталған без. Бөліп шығаратын секретінің сипаты жағынан ол аралас, яғни белокты – шырышты. Без сыртынан дәнекер тіннен құралған капсуламен қоршалған.

Жақ асты безінің аяққы секреторлық бөлімдері екі түрлі: белокты және белокты-шырышты, яғни аралас (9 сурет). Жақ асты безінде белокты аяққы бөлімдері басымырақ. Сероциттердің секреторлық түйіршіктері дискретті және электрондық тығыздығы төмен болады. Көп жағдайда түйіршіктердің ішінде электронды тығыз өзек болады. Сероциттердің құрылысы шықшыт безінің аяққы бөлімдеріне ұқсас. Аяққы бөлімдер (ацинустар) 10-18 серомукозды жасушалардан тұрады. Олардың төрт-бес-алтауы ғана ацинус саңылауының төңірегінде орналасқан. Секреторлық түйіршіктердің құрамында гликолипидтер мен гликопротеидтер бар. Аралас аяққы бөлімдер белокты




9 сурет. Жақ асты безі
А – аралас секреторлық аяққы бөлімнің серозды айшығы

Б – аралас секреторлық аяққы бөлімнің мукоидты қапшығы

В – серозды секреторлық аяққы бөлім

Г - бөлікшеішілік жолақты шығару өзегі

Д – бөлікшеішілік ендірме шығару өзегі

Е - бөлікшеаралық шығару өзегі


бөлімге қарағанда ірірек және екі түрлі: шырышты және белокты жасушалардан тұрады. Шырышты жасушалар белокты жасушалармен салыстырғанда үлкенірек келіп, аяққы бөлімнің ортаңғы бөлігін алып жатады. Шырышты жасушалардың ядросы әруақытта олардың шетіне қарай орналасады, олар жазықтанған және тығыздалған болып келеді. Муцикарминмен іріктеле боялып, электронды мөлдір келетін шырышты секреттің болуы арқасында жасушаның цитоплазмасы ұяшықты құрылымды болады. Белокты жасушалардың шағын мөлшері қалпақша немесе серозды айшық түрінде шырышты жасушаларды қоршап жатады. Белокты (серозды) айшықтар аралас бездердің әдеттегі тұрақты құрылымдары болып табылады. Безді жасушалардың арасында жасушааралық секреторлық өзекшелер (түтікшелер) орналасқан. Миоэпителий жасушалары серозды айшықтан тыс жерде орналасқан.

Жақ асты безінің ендірмелі өзектері азырақ тармақталған және шықшыт асты безінің өзектеріне қарағанда қысқарақ. Мұны бұл бөлімдердің біраз бөлігінің даму үрдісі кезінде шырыштанумен түсіндіруге болады. Бұл бөлімдердің жасушаларының құрамында көбіне тығыз өзектері бар ұсақ секреторлы түйіршіктер болады.

Жақ асты безіндегі жолақты өзектер өте жақсы жетілген, ұзын және жақсы тармақталған. Оларда тарылымдар және кеңеймелер жиі кездеседі. Оларды жауып тұрған айқын базальды жолағы бар призмалық эпителийдің құрамында сары пигмент болады. Электрондық микроскопиялау кезінде жасушалардың арасында олардың бірнеше түрін – жалпақ қара түсті, биік ашық түсті, ұсақ үшбұрыш пішінді (аз маманданған) және бокал пішінді жасушаларды ажыратады. Биік жасушалардың базальды бөлігінің бүйір беттерінде көптеген цитоплазмалық өсінділер орналасқан. Кейбір жануарларда (кеміргіштерде) жолақты өзектерден басқа түйіршікті бөлімдер болады. Олардың жасушаларының құрамында базальды бөлікте орналасқан, жақсы жетілген Гольджи кешені және трипсин тәрізді протеазалары бар, сондай-ақ бірқатар гормондық және өсуді қуаттаушы факторлары бар түйіршіктер болады. Сілекей бездерінің эндокринді қызметі (инсулин тәрізді және басқа заттарды бөлу) осы бөлімдермен байланысты.

Жақ асты безінің дәнекер тіндік тосқауылдарында орналасатын бөлікаралық шығару өзектері әуелі екіқабатты, содан соң көпқабатты эпителиймен қапталады. Жақ асты безінің өзегі тіл асты безінің өзегімен қатарлас тілдің алдыңғы ұшында ашылады. Оның сағасы көпқабатты жазық эпителиймен астарланған. Жақ асты безінің өзегі шықшыт безінің өзектеріне қарағанда көбірек тармақталған.



Тіл асты безі. Бұл – құрылысы бойынша күрделі альвеолярлық-түтікшелі тармақталған без. Бөлінетін секреті жағынан ол – шырышты бөліндісі басымырақ келетін аралас, шырышты-белокты без. Олардың үш түрлі: белокты, аралас және шырышты – аяққы секреторлық бөлімдері бар (10 сурет).


10 сурет. Жақ асты безі
А – аралас секреторлық аяққы бөлім

Б – шырышты секреторлық аяққы бөлім

В – бөлікшеішілік жолақты шығару өзегі

Г - аралас секреторлық аяққы бөлімнің мукоциттері

Д – бөлікшеаралық шығару өзегі

Белокты аяққы бөлімдер өте аз. Аралас аяққы бөлімдер бездің негізгі бөлігін құрайды да белокты айшықтардан және шырышты жасушалардан тұрады. Серомукозды жасушалардан түзілген айшықтар оларда шықшыт безіндегіге қарағанда жақсырақ білінеді. Айшықтарды құрайтын жасушалар тіл асты безінде шықшыт және жақ асты бездерінің сәйкес жасушаларынан едәуір өзгеше. Олардың секреторлық түйіршіктері муцинге реакция береді. Бұл жасушалар бір мезгілде әрі белокты, әрі шырышты бөлетіндіктен, серомукозды жасушалар деп аталады. Олардың түйіршікті эндоплазмалық торы жақсы жетілген. Олар жасушааралық секреторлық өзекшелермен жабдықталған. Бұл бездің таза шырышты аяққы бөлімдері құрамында В хондроитинсульфат және гликопротеидтері бар ерекше шырышты жасушалардан тұрады. Миоэпителий элементтері аяққы бөлімдердің барлық түрінде де сыртқы қабатты құрайды.

Тіл асты безінде ендірме өзектердің жалпы көлемі өте аз, өйткені олар эмбриондық даму үрдісі кезінде түгелдей дерлік шырыштанып, аяққы бөлімдердің шырышты бөліктерін қалыптастырады. Жолақты өзектер бұл безде аз жетілген: олар өте қысқа, ал кей жерлерде мүлдем жоқ. Бұл өзектер басқа сілекей бездерінің сәйкес өзектеріндегі секілді, базальды жолағы көрініп тұратын призмалық және текшелі эпителиймен жабылған.

Жолақты өзектерді жауып жататын эпителий жасушаларының цитоплазмасында экскреция көрінісі ретінде қарастырылатын ұсақ көпіршіктер болады.

Тіл асты безінің бөлікішілік және бөлікаралық шығару өзектері – екі қабатты призмалық, ал сағасында – көпқабатты жазық эпителиймен жабылған. Бұл бездердегі дәнекер тіннен құралған бөлікішілік және бөлікаралық тосқауылдар шықшыт және жақ асты бездеріндегіге қарағанда жақсырақ жетілген.

Тамырлануы. Барлық сілекей бездері мол тамырланған. Бездерге енетін артериялар шығару өзектерінің тармақтарымен қатар жүреді. Олардан өзектердің қабырғаларын қоректендіретін тармақтар шығады. Аяққы бөлімдерде ұсақ артериялар бұл бөлімдердің әрқайсысын тығыз орап жататын капиллярлық торға ұласады. Гемокапилярлардан қан артериялардың жанымен жүретін веналарға жиналады.

Сілекей бездерінің қан айналым жүйесіне артериовенулярлық анастомоздардың едәуір мөлшерінің болуы тән. Олар без қақпаларында тамырдың бөлікшеге кіре берісінде және аяққы бөлімдердің капиллярларының торлары алдында орналасады. Сілекей бездеріндегі анастомоздар жекелеген аяққы бөлімдердің, бөлікшелердің және тіпті бүкіл бездің қанмен жабдықталу қарқынын едәуір өзгертуге, яғни сілекей бездеріндегі секреция қарқынын өзгертуге мүмкіндік жасайды.



Жас шамасына байланысты өзгерістер. Шықшыт сілекей бездеріндегі морфогенез үрдістері 16-20 жасқа дейін созылады. Бұл кезде безді ұлпа дәнекер тінінен көбірек болады. 40 жастан кейін инволютивтік өзгерістер байқалып, олар безді ұлпа көлемінің кішіреюімен, май тінінің ұлғаюымен, дәнекер тінінің қатты жайыла өсуімен сипатталады. Өмірдің алғашқы екі жылының ауқымында шықшыт бездерінде негізінен – шырышты секрет, үш жастан еңкейген кәріге дейін – белокты, ал 80 жасқа қарай қайтадан көбінесе шырышты секрет түзіледі.

Жақ асты бездерінде белоктық және шырышты секреторлық бөлімдердің толық жетілуі 5 айлық балаларда байқалады. Олардың барынша дамуы 25 жасқа сәйкес келеді. 50 жастан соң инволютивті өзгерістер байқалады. Басқалар секілді, тіл асты бездерінің өсуі де өмірдің алғашқы екі жылында қарқынды жүреді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет