Аспандияр Кенжиннің өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі


Зерттеу жұмысының сыннан өтуі



бет2/3
Дата25.02.2016
өлшемі436.02 Kb.
#20271
түріДиссертация
1   2   3

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыстың негізгі тұжырымдары мен нәтижелері Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті бекіткен тізімдегі ғылыми басылымдарда 5 мақала, халықаралық және республикалық ғылыми теориялық конференцияларда жасалған 4 баяндама түрінде жарияланды. Диссертациялық жұмыс ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінің мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.

Диссертацияның құрылымы.

Зерттеу жұмысы кiрiспеден, 3 тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған деректер мен әдебиеттер тiзiмiнен тұрады.


Жұмыстың негізгі мазмұны
Кіріспеде жұмыстың өзектілігі негізделіп, мәселенің тарихнамасы, дерек көздері талданып, жұмыстың мақсаты мен міндеттері, жаңалық деңгейі, ұсынылатын тұжырымдар көрсетілген.

«А. Кенжиннің өскен ортасы мен қоғамдық-саяси көзқарастарының қалыптасуы» деп аталатын бірінші тарауда А. Кенжиннің өскен, білім алған ортасы және қоғамдық-саяси қызметінің бастапқы кезеңі қарастырылған. Өзінің жазуы бойынша Аспандияр Кенжин 1887 жылы жұмысшы-қазақтың (казак жалшысының) отбасында дүниеге келген. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатында сақталған қылмыстық істе ол ағайын-туғандарынан 3 ұл, 1 қызды атап өтеді [13]. Шежіре деректері бойынша Шеркеш – Қыдырсиықтың баласы – он екi ата Байұлының iшiндегi ағаның, үлкенiнiң баласы. Сондықтан Шеркеш – Байұлы ру бiрлестiгiне кiретiн рулардың iшiндегi үлкенi болып саналады. Шеркештен Қосым, Қойыс, Жауғашты, Шуман, Қылышкестi тараған. Ауызекі деректер бойынша оның ата-бабасы Шуман (кей деректерде Шумақ) тармағынан тараған Тоқымет, Жаңбыршы, Бессары, Келкес, Шерубай тарайды. Тоқыметтен (Тоқымбет, Тозғымбет) Тоқтар, Тоқтардан, Есназар, Есназардан Бәйімбет, Бәйімбеттен Сейтімбет, Сейтімбеттен Кененбай, Кененбайдан Көкіман, Көкіманнан Кенже тараған .

Кенженің Бекмағамбет, Есенбай, Өтепқали, Дәулет, Аспандияр, Бақтияр атты ұлдары болған, шежірелерде қыздар туралы мәлімет жазылмағандықтан А. Кенжиннің апа-қарындастары туралы деректер кездеспейді. Оның туыстары ұзақ жылдарға созылған қуғын-сүргіндердің зардабын тартты [14].

А. Кенжин 1897 жылы Гурьев уезiнiң Есбол ауылындағы орыс-қазақ мектебiне оқуға түседi де, оны үздiк аяқтаған соң Гурьев қаласындағы 2 классты орыс-қазақ училищесiне емтихан тапсырады. 1902 жылы аталған училищенi табысты аяқтап, лауазымды жұмыстар атқарса деген әке тiлегiне мойынсынбай, Орынбор қаласындағы орта мектепте бiлiмiн жалғастыруға асығады. Каспий теңiзi арқылы Астрахань қаласын және Едiл (Волга) өзенi арқылы Самара қаласын басып өтiп, темiр жолмен Орынбор қаласына жетедi. Түнде қонақ үйлерге қона жүрiп, күндiз емтихандарға дайындалып Орынбор орыс-қазақ мұғалiмдер мектебiне оқуға түседi.

1906 жылы аталған оқу орнын бiтiрiп шығады. Орынбор орыс-қазақ мұғалімдер мектебін А. Кенжиннің бітіргендігі туралы куәлігі сақталмағанымен, онымен қатар оқыған М. Есболовтың (1910–1914 жылдар аралығында) куәлігі арқылы мектеп қабырғасында жүргізілген пәндер тізімін қалпына келтіруге болады. Мектепте құдай заңы, орыс тілі, педагогика, арифметика, алгебра және геометрия, география, орыс тарихы, жаратылыстану, көркем жазу және сурет, гигиенаның қысқаша курсы, оқытудың іс-тәжірибелік сағаты және гимнастика, қол еңбегі және ән-күй сабақтары қосымша жүргізілді.

А. Кенжин Орынбордағы орыс-қазақ мұғалiмдер мектебiн 1902–1906 жылдар аралығындағы оқыған мезгілде, әр жылдары мемлекеттiк, қоғамдық қызметтер атқарған М. Есболов. М. Жолдыбаев, Ғ. Жүндiбаев, Б. Жұмабаев, Ғ. Күсепқалиев, Б. Аспандияров, Е. Омаровтар бiлiм алған [15].

1905–1907 жылдардағы бірінші Ресей революциясы жылдарында Қазақстанда болған оқиғалар, әсіресе жұмысшылардың, шаруалардың және интеллигенцияның бас көтерулері, ұлт-азаттық қозғалыстар және тағы басқалар олардың әлсіздігіне және бытыраңқылығына қарамастан жергілікті еңбекшілер үшін саяси мектеп болып қалды. А. Кенжиннің де саяси көзқарасының қалыптасуына үлкен ықпалын тигізді. Сол мектептің тәжірибесін ол болашақта жүргізген ұлттық және әлеуметтік азаттық алу жолындағы күресте пайдаланды.

1911 жылдан 1917 жылғы Ақпан революциясына дейін А. Кенжин Елек қаласындағы 2 жылдық педагогикалық курстарда математика, физика, география, жараталыстану пәндерінің оқытушысы болды. Өзінің білімі мен біліктілігі, беделінің арқасында оқушылар арасында революциялық танымдардың қалыптасуына өз үлесін қосты.

Қазақ оқығандары окоп қазу жұмысынан азат болуы үшін қойылған талаптардың бірнеше тармақтарына сай келетін А. Кенжин қара жұмыстан босатылғандардың қатарына енді. А. Кенжин 1917 жылғы 23 наурызда «Елек. Мұғалiм Кенжинге. Әлихан Торғай облысының комиссары болып тағайындалды. Оның орнына Бұратаналар бөлiмiне лайық тұлға керек. 500 [сом] сыйақы ұсынамын. Келiсiмiңiздi телеграфпен жiберiңiз. Байтұрсынов» деген телеграмма алады. Келiсiмiн берген телеграммаға «Минскiге Земсоюзға шұғыл жетiңiз. Әзiрше тек төлқұжатыңызды алыңыз. Шыққандығыңыз жөнiнде хабарлаңыз» деген жауап алады. 26 наурызда А. Кенжин Минскiге жолға шығады. Келесi күнi Ташкент темiр жолы бойындағы Новосергеевка станциясынан Бөкейхановтың атына телеграмма жібереді. Сызрань мен Самараның аралығындағы жолды су шайып кетуiне байланысты поезд Минскiге 2 сәуiр күнi ғана жетедi. Бұл кезде Ә. Бөкейханов Минскiден кетіп қалған болатын, оның кепiлдеме хаты болмағаннан кейiн А. Кенжин бюро мүшесi болып тағайындалады. Бөлiм меңгерушiлiгiне шақырылғандықтан бұл қызметтi олқысынған ол Ә. Бөкейхановтан В.В. Вырубовқа бөлiм бастығы етiп тағайындау туралы кепiлдеме-хат жазып жiберудi сұранады. Жоғары бастауыш мектептегi, Педагогикалық курстардағы мұғалiмдiк, сонымен қатар Елек Тұтынушылар қоғамы басқармасының төрағасы, Елек Азаматтық атқару комитетiнiң хатшысы, Орал Әскери Шаруашылық басқармасы жанындағы Азық-түлiк комитетiнiң мүшесi, Қарашығанақ болысы қырғыздарын (қазақтарын) ұйымдастыру комитетiнiң төрағасы, Елек Азаматтық атқару комитетi жанындағы мұсылмандар бюросының төрағасы жұмыстарын майдан даласындағы отандастарына қызмет көрсету үшiн тастап келгендiгiн айтады. Хатында: «Отбасын тағдыр тәлкегiне қалдырып келгендегi тапқан пайдам – осындай күйзелiс. Басқарма мүшелерi Бұратаналар бөлiмiнiң жақын арада таратылатындығын айтқанымен, мен мәңгiлiк орын сұрап отырғаным жоқ. Бұратаналар бөлiмi жұмысшы бұратаналар кiмнiң қарамағында болмасын, олардың барлығы түгелiмен эвакуацияланып болғанға дейiн жұмыс iстеуi қажет деп есептеймiн»,– деп жазды.

1917 жылы «Қазақ» газетінің кезекті санында А. Кенжин, Н. Төреқұлов, Т. Жаманмұрынов, Ш. Қапсәләмов, М. Сейдалин, Қ. Болғанбаев, Ш. Байғурин, М. Есболовтардың қол қоюымен «Алаш азаматына» тақырыбымен үндеу-хат жарияланды. Үндеу хатта олар «Еркiн дала» ұйымын құрушы «бiр шоқ жастар ортамыздан бiр қауым аштық» деп елге жар салады.

Шiлденiң басында 1-Жалпықазақ сиезiне қатысқан А. Кенжин Құрылтай жиналысы депутаттығына кандидат болуға лайық деп сиез атаған 81 қайраткердiң тiзiмiне ендi және сиез қарарымен Петроградтағы Оқу комиссиясына қазақ атынан өкiл болып сайланды. 1917 жылдың аяқ шенiнде Темiр уезiнде оқу-ағарту iсiмен, жаңа оқу орындарын ашумен айналысты. 1918 жылдың ақпан айында Қаратөбеде өткен 3-Қазақ Орал облыстық сиезiн ұйымдастырушы зиялылардың қатарында болды. Қаратөбе сиезiнде Ғ. Әлiбеков бастаған топ құрамында Ж. және Х. Досмұхамедовтердің жақтастарымен әскер қажетi үшiн түтiн басына салынатын салық мөлшерi жөнiнде келiспей қалып, наразылар құрған «Ақ жол» тобына ендi. Келiспеушiлiк жөнiндегi пiкiрiн М. Жолдыбаев арқылы Алашорда төрағасы Ә. Бөкейхановқа жолдады. Өзге мәселелер бойынша Алашорда платформасында қала бердi. 1918 жылдың ақпанынан 1918 жылдың қазан айына шейiн Темiр уездiк Земство басқармасының төрағасы қызметін атқарды. 1918 жылғы қарашадан бастап Алашорданың Торғай бөлiмшесiне келiп, орталығы Орскiде орналасқан Алашорда Әскери кеңесiне мүше болды, Торғай бөлiмшесi әскерiне жiгiт жинау жөнiндегi комиссияға төрағалық еттi. Орск майданасты қалғаннан кейiн 1919 жылы көктемде 4-Алаш полкiнiң құрамында әуелi Қостанайға, кейiнiрек Торғай қаласына келдi, осында Торғай уезiнiң әскери комиссары Амангелдi Иманов басқаратын Қызыл Армия отрядына қосылып, Советтермен жақындасу жұмысын жүргiздi, осы бiрiккен отрядтың шаруашылық бөлiмiн басқарды. Алайда 1919 жылы сәуiрде майдандағы жағдайдың күрт өзгерiп, ақтардың бел ала бастауына байланысты Торғайдағы Алаш полкi Қазақ автономиясы идеясын жақтаушы, Уақытша Сiбiр үкiметi Iшкi iстер министрiнiң орынбасары П. Коропачанский басқарған ведомствоаралық комиссиямен арада үзiлiп қалған келiссөздi жалғастырды да, А. Кенжин 1919 жылы шiлде айында Торғай уезiнiң комиссары С. Қадырбаевтың тапсыруымен Сiбiр үкiметiнiң орталығы Омбы қаласына келiп, үкiмет аппаратында заңнамалық мәселелермен шұғылданып жүрген Ә. Бөкейхановпен кездестi.

1919 жылғы тамыз-желтоқсан аралығын ауылда, ағасының үйiнде өткiздi. Орал майданында Қызыл Армия жеңiске жете бастаған 1919 жылы желтоқсанда Революциялық Әскери Кеңес өкiлi П. Кобозевтiң тапсыруымен Батыс Алаш Ордамен арада келiссөз жүргiзу және 5-Армия РӘК-i уәкiлеттiлiгiмен Батыс Алаш Орданы қарусыздандыру iсiне қатысты. Сол жолы Қызылқоға әскери бөлiмiне мүше, Қызылқоға уездiк революциялық комитетiнiң төрағасы болып тағайындалды. Бұл 1919 жылдың желтоқсаны мен 1920 жылдың сәуірі аралығын қамтиды [9, 154–156-бб.].

«А. Кенжин – Қазақстандағы кеңестік биліктің белсенді өкілі (1919–1937 жж.)» деп аталатын екінші тарауда көрсетілген хронологиялық мерзімдегі қоғамдық-саяси, мемлекеттік қызметінің барысы баяндалады. ХХ ғасырдың 20–30 жылдары Қазақстан тарихының күрделi кезеңдерi қатарына жатады. Мемлекеттiлiктiң негiзi болып саналатын экономика, ғылым және мәдениеттiң қалыптасу және дамуы жүрiп жатты.

Мәскеудегi кеңес басшылығы азамат соғысының қорытындыларын шығара келiп, кеңес өкiметiнiң ықпалын жергiлiктi орындарда, ұлттық аймақтарда нығайтудың оңтайлы жолы – ұлттық мемлекеттiк құрылысты тереңдету қажет деп есептедi. Аласапыран жылдары түрлі саяси оқиғаларға белсене қатысып жүрген Аспандияр Кенжин қоғамда болып жатқан құбылыстарға бей-жай қарап жата алмайды.

Кеңестер билігі жағына енді өткен А. Кенжин қандай жұмыстар атқарды?

Атырау облыстық мемлекеттік мұрағатында оның Сағыз ревкомында жұмыс істегендігін айғақтайтын Сағыз ревкомының мәжіліс хаттамасы сақталған. Бұл құжат Гурьев революциялық комитеті қорындағы «Ревкомға мәлімет үшін жолданған уездік ұйымдардың хаттамалары, бұйрықтары» деп аталатын істе жинақталып, хаттама 1920 жылғы 8 наурыз күні рәсімделген. Жиналыста Ембі аумағынан Орал қаласына мұнайды жүк көліктерімен тасымалдау мәселелері қаралды.

РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің өкілі жергілікті тұрғындарға, яғни қазақтарға аз ғана төлем ақымен аталған орынға мұнайды жеткізіп беруді сұрауды ұсынды. Еріктілер болмаған жағдайда көліктерді тартып алып, мұнайды тасымалдауға лажсыздан көндіруді айтты.

Бұл жөнінде А. Кенжин «жолдың тоңының еруіне байланысты Доссорға және Қызылқоғадан Оралға дейінгі жолдың 30 шақырымдық ара қашықтығы жарамсыз, шаналар түгілі арбаның өзінің жүруіне еш жағдай жоқ, Қызылқоға аумағында шөп те таусылған, оны алдымен казак бандалары, алашорда әскері, кейіннен қызыл әскер бөлімдері жеп тауысты, шақырымына бір пұтқа 40 тиын төлеу және 10 пайыздық төлем өте төмен ...», – деп келіспеушілігін білдіріп, көрсетілген қаржыға мұнай таситын адамды табу қиын екендігін айтты.

Нәтижесінде, ең алдымен Қызылқоғаға жақын болыстардан дөңгелекті көліктерді табу, Сағыз уезінің көшпелі болыстарының тұрғындарын екінші кезекте жұмысқа тарту, сонымен қатар «қырғыз (қазақ) тұрғындардың тасымалға күштеп тартылуын доғару, 2-Қырғыз (қазақ) кеңестік полкі командирінен 20 қызыләскер жіберу» туралы сұрау жөнінде мәмілеге келді.

Бұл Аспандияр Кенжеұлының алғашқы жеңісі болатын, өкінішке орай, оның уездік революциялық комитет төрағасы қызметіндегі жұмысын айғақтайтын басқа құжат табылмады [16].

Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитеттің мүшесі болып сайланған А. Байтұрсынов өз кезегінде Халық ағарту бөлімі тарапынан шақырту жіберіп, көптеген мұғалімдердің кеңестік білім беру жүйесіндегі жұмысқа тартылуына ықпал жасайды. Революциялық комитеттің Халық ағарту бөлімінің қырғыз (қазақ) мектептері секциясының меңгерушісі С. Танашев Орал облысындағы мұғалімдердің тізімін ұсына отырып, оларды Орынбор қаласына телеграф арқылы шақыртып, Қазақ өлкесіндегі мектеп ісі бойынша жүргізілетін жұмыстарға жазғы демалыс кезінде пайдалану қажеттігін көрсетеді. Атап айтқанда бұл тізім бойынша Жымпитыдан М. Жолдыбаев, Б. Жұмабаев, Қызылқоғадан Ш. Сейкетов, А. Кенжин, Темірден Ж. Айшуақова барлығы 91 мұғалім Орынборға шақыртылып алынуға тиіс еді.

Қазақ зиялыларының, яғни Алаш оқығандарының ағарту мекемелерiнде қызмет еткен тұсындағы құжаттар объективтiлiгiмен көзге түсетiндiгiн зерттеушілер атап көрсетеді. Алаш қозғалысының қайраткерлерi большевиктер үшiн кеңестiк билiктегi мамандарға зәрулiктiң бос кеңiстiгiн (вакуумды) толтыру үшiн қажет болды. Елдегi саясаттан тыс жатқан халық арасында жергілікті тілде үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзу, большевиктер билiгiн жарнамалауға қажеттi құрал ретiнде қолдану мақсатында зиялылар қызметiн тиiмдi пайдалана бiлу қажеттiлiгi туындады. Дүркін-дүркін жүргізіліп отырған партиялық тазалауларға дейiн, қазақ оқығандары ел игiлiгiне жарар қызметтерiн ықыласпен жүргiзiп, мәдениет, ағарту салаларындағы реформалардың орындалуын жүзеге асырды.

Кеңестік дәуірде жарияланған еңбектердің бірінде С. Сәдуақасов пен А. Кенжиннің бастаған топтың «ұлтшылдық ағымдарға ілесіп, арандату жұмыстарын әшкерелеу туралы баяндалады.

Аталған топтың тағы бір өкілі ретінде А. Кенжинді атап өте келе, оның Ақмола губерниясындағы Кеңестер құрамына антипартиялық элементтерді енгізуге күш салғандығын көрсетеді. Петропавл қаласына келген А. Кенжин губком мен губаткомның орыс бөлігі қызметкерлерін шовинизммен айыптап, оларды ауыстыруды талап етті. Кенжин мен оның жақтастарының бұл әрекеттері РК(б)П Орталық Бақылау Комиссиясында талқыланды. Істі талдау барысында комиссия олардың бұл әрекеттері тек өз бастамаларымен ғана жүзеге асырылмаған, олардың артында Алашорда белсенділері тұр деген тоқтамға келеді. Нәтижесінде А. Кенжин Қырғыз (Қазақ) Орталық Атқару комитетінің Ақмола губерниясындағы уәкілі ретіндегі қызметінен кері шақырылып алынады да, алты ай мерзімге партия қатарынан шығарылады [3, 98-б.].

Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатындағы төмендегі деректерді ортаға сала отырып, істің ақ-қарасын ажыратуға болады. 1922 жылғы 23 маусымда орталықтың уәкілі Кенжин өзінің ерекше пікірін жолдайды. Бұл пікірінде ол Иманәлі болыстық атқару комитетінің төрағасы Қарақұтовтың (Каракутов) Қырғыз (Қазақ) ОГПУ Ақмола губерниялық бөлімшесінің аудандық уәкілі Сорокин және басқалардың қатысуымен өлтірілуіне байланысты тексеру жұмыстарын одан әрі жүргізіп, аяқтау үшін жаңа комиссия жіберуді сұранады.

Ал сол жылғы 26 маусымдағы А. Кенжин мен М. Төлеповтың ерекше пікірінде губерниялық атқару комитетінің төрағасы қызметінен Қазбековтің босатылуы туралы губком бюросының қаулысымен келіспейтіндігі туралы айтылады. Жоғарыдағы Кенжиннің ереше пікіріне қоса, РК(б)П мүшелері Төлепов, Куценко және Наймыш қол қойған құжаттағы Иманәлі болыстық атқару комитетінің төрағасы Қарақұтовтың өлтірілуі жөніндегі істі одан әрі жүргізу үшін басқа комиссия жіберу және Вороновтың тұтқыннан босатылуымен келіспейтіндігі туралы 28 маусымда жазған ерекше пікірі де зертеушілер назарынан тыс қалмауы тиіс құнды құжаттар. Мұндай жан-айқайдың тектен-тек шықпайтындығы белгілі, кеңестік биліктің алғашқы жылдарында ұлтшылдық пен шовинизмнің орын алғандығын аталған деректер айғақтай түседі [17].

А. Кенжин 1924 жылы көктемнің соңында Қазақ АКСР–інің Ішкі сауда халық комиссары болып тағайындалды.

Қай қоғамда болмасын, мемлекеттің астана таңдауы заңды құбылыс ретінде қарастырылады. Мәскеуден республика астанасын Қызылордаға көшiру туралы тиiстi нұсқау алған Қазақ АКСР-нiң басшылары осы бағыттағы алғашқы қадамдарын 1925 жылғы ақпанда жасады. Бұл iске басшылық еткен көрнектi мемлекет қайраткерi С. Қожанов болды.

Ал астананы көшірудің негізгі «қара жұмысын» жүргізген «Кенжин комиссиясы» болды. 1925 жылы 16 ақпанда құрылған А. Кенжин комиссиясының негізгі ресми атауы алғашқыда «Комиссия Казсовнаркома по устройству города Кзыл-Орда и перенесению Центра КАССР в г. Кзыл-Орду» делінді. Оның құрамына А. Кенжин – төраға, мүшелері инженер М. Тынышбаев, инженер-құрылысшылар С. Ақаев, А. Иванов пен байланыс инженері К. Игельман енді. Д. Баязитовтің зерттеу еңбегінде комиссия құрамы осылайша аталып өткенімен, ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатындағы Ақмешіт қаласын зерттеу жөніндегі Қырғыз (Қазақ) Халық Комиссарлары Кеңесінің Техникалық кеңесінің 1925 жылғы 24, 25 ақпандағы хаттамасында комиссия мүшелерінің қатарындағы С. Ақаев, М. Тынышбаевтармен қатар Зиновьев пен Кохановскийдің аты-жөндері аталады. Хаттамадағы жұмыстардың жүктелуіне қарай Тынышбаев пен Зиновьев ғимараттардың жөндеу жұмыстары жөніндегі сметаларды құрастыру және зерттеу өндірісі жөніндегі техникалық нұсқаулықтарды құрастыруға жауапты болды. Кохановскийге келесі кеңес жұмысына жөндеу жөніндегі сметаны құрастыру барысында басшылыққа алу үшін материалдар мен басқа да шығындардың құнын есептеу ведомостарын дайындау жүктелді. Кенжин комиссиясының хатшылық жұмысын Андрейчиков атқарды [18]. Ақпанда Қызылордаға келiп жеткен А. Кенжиннiң комиссиясы тез арада үкiметтiк мекемелердiң орналасуына лайықты ғимараттарды анықтап, олардың тiзiмiн жасады. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп, мемлекеттік маңызды істерді жүзеге асырды.

Бүкілодақтық «Союзмясо» басқармасының шешiмiмен 1931 жылы 22 ақпанда Семей ет комбинатының құрылысының чикаголық қасапханалардың ең үздiк үлгiлерiнiң бiрi бойынша жасалған сызбасының жобасы бекiтiлдi. Қазан төңкерiсiнiң 15 жылдық мерекесi қарсаңында комбинатты пайдалануға беруге үлгеру үшiн құрылысты 1931 жылы сәуiрде бастау ұйғарылды.

Жоспарланған жұмыстардың кең ауқымда жүргізілуімен қатар, көптеген экономикалық, тұрмыстық қиындықтар орын алды. 1931 жылы маусымда ет комбинаты құрылысының бастығы болып тағайындалған А. Кенжин КСРО Жабдықтау Халық комиссары А. Микоянға жазған хатында: «... құрылыс жұмысы өте қиын жағдайда жүргiзiлдi. Инженерлiк-техникалық мамандардың барлығы және әкiмшiлiк-шаруашылық мамандарының көпшiлiгi сырттан келгендер, ұлттық аймақ болып есептелетiн Қазақстандағы жұмыс барысын, тұрмыс жағдайын түсiнбейтiндер» деп көрсетуiнде мән бар едi.

1931 жылғы тамызда, 1932 жылғы қаңтар, ақпан айларында А. Кенжин КСРО «Мясохладострой» тресi басқармасына техникалық басшылықтың әлсiздiгiн және құрылыс жұмысын басқару туралы фракцияның арнайы отырысында қарау туралы мәселе көтередi, тiптi ол Мәскеуден шығатын орталық «За пищевую индустрию» газетiне техникалық басшылықтың босаңдығы туралы жазады. «В чем испытывает нужду Семипалатинский комбинат» тақырыбындағы мақаласында ол құрылыс жұмысының жетiспеушiлiктерiне кеңiнен тоқталып, монтаждау жұмыстарын жүзеге асыру үшiн бiлiмдi инженерлiк-техникалық мамандардың қажеттігін атап көрсетті [19].

Инженерлiк-техникалық мамандардың арасында топшылдықтың белең алуы да көрiнiс бердi. Жергiлiктi тұрғындарға деген инженерлiк-техникалық мамандардың терiс көзқарастары олардың қазақ тiлiн бiлмегендiгiнен туындады. Семей ет комбинаты құрылысының жоспардан қалып бара жатқандығы, сызбалардың дер кезiнде жеткiзiлмеуi, ұлттық мамандарды даярлаудың қажеттiгi сияқты мәселелердi көтерген мақалалар жоғарыда аталған «За пищевую индустрию» газетiнің бетiнде бiрнеше мәрте жарияланды.

1932 жылғы қазанның 5-нен 6-на қараған түнi құрылыстан өрт шықты. Одақтық Құрылыс тресiнiң бастығы Инденбаум, трестің бас инженерi Штеерман, оның орынбасары Бургман, облыстық атқару комитетiнiң өкiлi Сырғабеков, трест инженерлерi Ицкевич пен Уманский құрамына енген үкiметтiк комиссия қазан айында өрттiң шығу себептерiн тексеру жұмыстарын жүргiздi.

16–27 желтоқсан аралығында өткен РКФСР Жоғарғы соты Қазақ бөлiмшесiнiң көшпелi сессиясы құрылыс бастығы А. Кенжин бастаған 20 адамды қылмыстық жазаға кестi. Оны жалпы жазасын өтеу орындарында өтеу үшін бас бостандығынан 1,5 жылға айырды [20].

А. Кенжин зерттеу жұмысының алғашқы тарауларынан белгілі болғандай бірнеше мәрте партиялық тазалаудың қақпанына іліккен. Атап айтқанда, ең алғашқы тазалаулардың бірі туралы Орынбор облыстық КОКП партия мұрағатының қорының құжаттарында А. Кенжин туралы мынадай деректер сақталған. 1922 жылы қыркүйекте Орынбор губерниялық бақылау комиссиясы А. Кенжиннің жауапты қызметкер И. Маркевичке жала жабуы туралы мәселе қарайды. А. Кенжиннің тәртібі қаралған мәжілістің хаттамасы мұрағатта кездеспейді. Жала жапқаны үшін айыпталған А. Кенжиннің жеке ісіне: «1922 жылы 6 қыркүйекте жауапты қызметкер И. Маркевичтің беделіне нұқсан келтіргені үшін партиялық билетіне жазылған қатаң сөгіс берілсін», – делінген бұйрық тіркелді. Осы істе И. Маркевичтің 8 беттен тұратын арызы қоса тігілген. И. Маркевич өз арызында А. Кенжинмен арадағы келіспеушіліктердің болғандығын жазған [13, 42-б.].

1923 жылы 13 сәуірде РК(б)П ОБК мәжілісінде А. Кенжиннің мәселесі тағы да қаралды. Оның Алашорда үкіметіне қатыстығы, А. Колчакпен келіссөз жүргізгені туралы мәселе қайта көтерілді. А. Кенжинді партия қатарынан шығару туралы шешімді қайта қарау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Мәжіліс А. Кенжиннің Алашордаға қатыстығын айқындап, оны Қазақстаннан сыртқа жіберу туралы шешім қабылдады. Бірақ, 1923 жылы 11 мамырда РК(б)П ОК-нің ұйымдастыру бөлімі Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы С. Меңдешовтің өтінішімен А. Кенжин Қазақстанда жұмыс істеуге қалдырылды.

1929 жылғы 13 маусымда Орталық Бақылау Комиссиясының Өлкелік партия комитеті мен Өлкелік Бақылау комиссиясының мүшелерін тексеру жөніндегі комиссиясының мәжілісінде А. Кенжин мен Ә. Байділдиннің мәселелері қаралады. Тазалау жұмыстары елдің барлық өңірлерінде жүргізіліп, халықтық науқанға айналған болатын. Тексеру мәжілістері ашық түрде, клубтарда, театр залдарында көпшіліктің қатысуымен өткізілді. Тексеру қорытындылары, келесі мәжілісте кімнің мәселесі қаралатындығы өлкелік орталық баспасөз беттерінде, «Еңбекші қазақ», «Советская степь» газеттерінде хабарландыру ретінде жарияланып отырды. А. Кенжин Алашорданың кеңестер билігіне қарсы күрескен қарулы жасағының қатарында және 1918–1919 жылдары Алашорданың Торғай бөлімінің әскери кеңесінің мүшесі болғандығы үшін айыпталды. Алашорданың Орталық үкіметінің мүшелігіне кандидат болып сайланды, кеңес билігіне қарсы күресу үшін қазақтан жігіт жинады, Ә. Бөкейханов арқылы А. Колчакқа Торғай өңіріндегі большевиктерге қарсы күрестің барысын баяндау үшін Омбыға барды деп көрсетілді. Газет бетіне жарияланған хабарда оның Алашорданың әскери кеңесінің құрамында болғанын алғашында мойындамағанымен, куәлердің көрсетуінен соң мойнына алғандығы туралы хабарланды. Орталық Бақылау комиссиясы 1922 жылы ОАК оның құжаттарын тексеруден өткізгенде бұл деректі жасырып қалды, жеке ісінде көрсетпеді деп айыптады. Мәжіліс «А. Кенжин партия қатарынан шығарылсын» деген қаулы қабылдады.

М. Тәж-Мұраттың зерттеуінше, бұдан кейiн ол 1929 жылғы ақпан – 1930 жылғы мамыр аралығында Алматы Шұға фабрикасының директоры, 1930 жылғы мамыр – 1931 жылғы желтоқсан аралығында «Овцеводтрестiң» өлкелiк конторының басқарушысы, 1931 жылғы желтоқсан – 1932 жылғы қараша аралығында Семей ет комбинаты құрылысының бастығы қызметтерін атқарған [9, 159-б.].

Қолда бар деректер бойынша ол РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесi Дайындау комитетiнiң Түркіменстандағы Дайындау өкілдігінің уәкілі қызметінде жүріп те бірнеше мәрте партия қатарынан шығарылғандығы айқындалып отыр. Ашхабад қаласында Түркіменстан Республикасының Партиялық тазалау жөніндегі комиссиясының аппеляциялық үштігі мәжілісінің 1935 жылғы 23 наурыздағы хаттамасында А. Кенжин мәселесінің қаралғандығы айтылған: «... 1935 жылғы 11 қаңтарда тазалау жөніндегі бастауыш комиссия 1917–1919- жылдардағы кеңес өкіметіне қарсы жүргізген күресі және контрреволюциялық ұйымға белсене қатысқанын жасырғаны үшін партия қатарынан шығарды». Бастауыш партия комиссиясы А. Кенжинді өз аппаратында орынбасарына жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасамай, осының әсерінен ұрыс-керістер туындауына жол бергендігі үшін айыптайды. Ашхабад қалалық комиссиясы бастауыш партия ұйымы комиссиясыныңың шешімін қуаттайды. Комиссия А. Кенжиннің айыпталып отырған мерзімі Қазақстандағы жұмыс жылдарына тура келетіні және бұл қадамдары үшін бір рет жауап беріп, шын жүрегімен ақтарыла мойнына алғанын ескере отырып оның ісі тексерілді, партияға мүшелігі қалпына келтірілді» – деген қаулы қабылдайды [13].

1936 жылғы желтоқсан – 1937 жылғы қаңтар аралығында Орынбор қаласы Биржевая көшесiндегi қонақүйде IIХК Орынбор облыстық басқармасы тарапынан ұсталғанға дейiн Елтiрi терi әзiрлеу одағының Орынбор облыстық конторы директорының орынбасары болып жұмыс істеді.

А. Кенжиннің соңында қыздары Софья (белгiлi большевик Ә. Жангелдиннiң зайыбы), Юлия, ұлдары Баязит, Шәмiл, Махмұт қалды. Шыңғыс Әлiбиұлы Жангелдиннiң еске алуынша, Софья анасы Жанета Рамазанқызы тұтқыннан оралғанда, үйiне кiргiзiп, паналатып, балалар үйiне өткiзiлген Юлияны күйеуінің (Жангелдиннің) ықпалы арқылы тауып алуына жәрдемдеседi. Ресми деректер бойынша Кенжина Жаннат Рамазанқызы (құжатта осылай көрсетілген) 1893 жылы Минск губерниясының Городище елдi мекенiнде дүниеге келген. КСРО IIХК жанындағы Ерекше кеңестiң шешiмiмен 1938 жылы 22 мамырда Отанын сатқан опасыздың отбасы мүшесi ретiнде 8 жылға еңбекпен түзеу лагерiне кесiлген. Ақмоладағы лагерь бөлiмшесiне 1938 жылы 1 тамызда Алматы қаласындағы түрмеден жеткiзiліп АЛЖИР–де 1939 жылы 1 тамызға дейiн болды. 1946 жылы 22 наурызда Қарағанды лагерiнен босатылған [22, 240-б.].

А. Кенжиннен қалған тұяқ Юлия Аспандиярқызы Мәскеу қаласында, ал ұлы Махмұт Калуга қаласында тұратындығы туралы деректер бар.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет