2-тур: Мақал – сөздің мәйегі
(тақтада мақал-мәтелдің басы беріледі, қатысушы топтар мақалды жалғастырады)
1-топқа
1. Жаман туыстан… (жат артық)
2. Ырыс қашса да, … (туыс қашпайды)
3. Балапан ұяда не көрсе … (ұшқанда соны іледі)
4. Отансыз адам… (ормансыз бұлбұл)
5. Жақсының аты өлмейді … (Ғалымның хаты өлмейді)
6. Көз жетпеген жерге, … (сөз жетеді)
7. Отыз тістен шыққан сөз, … (отыз рулы елге тарайды)
8. Дұшпаны көптер сақтана жүреді, … (Досы көптер мақтана біледі)
9. Жалған достан … (жау артық)
10. Өнерлінің қолы алтын, … (өлеңшінің сөзі алтын)
2-топқа
11. Еңбек етсең ерінбей, … (тояды қарның тіленбей)
12. Отан үшін күрес – … (елге тиген үлес)
13. Баланың ұяты – әкеге... (қыздың ұяты – шешеге.)
14.Атаңа не қылсаң,... (алдыңа сол келер.)
15. Туған жердей жер болмас... (туған елдей ел болмас.)
16. Батыр туса – ел ырысы,... (жаңбыр жауса – жер ырысы.)
17. Екі жақсы қас болмас,... (екі жаман дос болмас.)
18. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді,... (алтау ала болса, ауыздағы кетеді.)
19. Әдепті елдің баласы,... (алыстан сәлем береді.)
20. Ұяда не көрсең... (ұшқанда соны ілерсің.)
3 – тур: Кім тапқыр?
-Ал балалар, мен Сіздерге жұмбақ айтамын. Жұмбақ деген алақанды жұмудан, яғни қолдың ішінде бір нәрсені жасырып, жұмып тұрып, соны тап дегеннен шыққан. Жұмбақ жасырғанда айтылар нәрсені ойда бүгіп қалып, соған ұқсас нәрселерге теңеп, тұспалдап сипаттап айтады. Мысалы:
Тұрғанмен жырақ өзі,
Таусылмайтын шырақ көзі (Күн)
Шарты: Мұғалім жұмбақ жасырады, жауабын айту керек, сол жұмбақтың жауабын тауып айтқан соң, жауабына сәйкес мақал айту керек.
1-топқа:
1.Жұмбақ:
Шыңдары шырқау,
Көшіп жүр бір тау. (Түйе)
Мақал: Көрмес түйені де көрмес.
2. Жұмбақ:
Жайған жастық сөгілді,
Аппақ мамық төгілді. (Қар)
Мақал: Қалауын тапса қар жанар.
3. Жұмбақ:
Желден желігеді
Судан шегінеді. (От)
Мақал: Отан оттан да ыстық.
2-топқа
4. Жұмбақ:
Жылт-жылт етеді
Жылғадан өтеді. (су)
Мақал: Судың да сұрауы бар.
5. Жұмбақ:
Өзімнен өзгенің бәрін көремін. (Көз)
Мақал: Көз қорқақ, қол батыр.
6. Жұмбақ:
Сылдырдан қорқады, шошынып жортады. (Қоян)
Мақал: Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |