наурыз
Облыс әкімдігінің мәжілісіне енгізілген мәселе
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын
дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасының орындалу туралы
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мақсатына жету үшін негізгі 6 нысаналы индикаторларын орындау қажет. Бұлар:
-
халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру;
-
аналар өлімін төмендету;
-
нәрестелік өлімді төмендету;
-
жалпы өлім-жітімділікті төмендету;
-
туберкулез аурушаңдығын төмендету;
-
15-49 жастағы топтарда адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) ауруының таралуын 0,2-0,6 пайыз шегінде ұстау.
Денсаулық сақтау жүйесі қызметінің барлық дерлік қызметі іс жүзінде саланың ең басты көрсеткіші – күтілетін өмір сүру ұзақтығын арттыруға арналған. Дер кезінде қолданылған шаралар нәтижесінде біздің облыста осы көрсеткіштің оң бет алысы байқалады, яғни 69,0-ден 69,4-ке дейін өсті.
Орташа өмір ұзақтығына тікелей әсер ететін жалпы өлім көрсеткіші төмендеп, 7,5-і құрады. Тараз қаласында, Шу мен Меркі аудандарында бұл көрсеткіш облыстық деңгейден жоғары болып отыр.
Соңғы жылдардың динамикасы аналар өлімінің төмендегендігін көрсетеді, 100 мың адамға шаққанда 2012 жылы 18,7, 2011 жылы – 22,4 құрады (ҚР: 2011 ж. – 17,4, 2012 ж. – 13,5). Аналар өлімі Тараз қаласында, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Талас және Шу аудандарында орын алған.
Нәрестелік өлім 2011 жылы – 15,4, 2012 жылдың қорытындысы бойынша 14,7-ні құрады (ҚР: 2011 ж. – 14,9, 2012 ж. – 13,6). Облыстық деңгейден жоғары нәрестелік өлімнің көрсеткіштері Байзақ, Жуалы, Жамбыл, Мойынқұм, Сарысу және Шу аудандарында.
Аналар және нәрсетелік өлімінің оң динамикасы заманға сай перинаталдық технологияларды енгізу нәтижесінен мүмкін болып отыр. Есепті мерзімде 800-ден аса дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері шұғыл неонатологиялық, акушериялық-генекологиялық, педиатриялық мәселелері бойынша түрлі оқу циклдарында оқып шықты.
Литва Республикасының ғалымдары 108 маман үшін перинаталдық күтім бойынша мастер-класс жүргізді. Облыста алғашқы рет 22086 жаңа туғандарға пневмококк жұқпасына қарсы егу жүргізілді. Жаңа туғандар хирургиясы қарқынды дамып келеді, туа біткен кемістіктері бар 19 балаға операция жасалды.
72 әйелге экстракорпоралды ұрықтандыру жасалды. Ана мен балалар ұйымдарының базасы айтарлықтай жетілдірілді: 200 төсектік жаңа балалар ауруханасы іске қосылды, реанимобиль және жаңа туғандардың есту қабілетінің бұзылуына ерте диагностикалау, уақытынан бұрын туылған жаңа туғандарға құрал-жабдықтар, сондай-ақ, өкпені желдету аппараты, инкубаторлар, мониторлар алынды. Осы іс-шаралар ана мен балалар бойынша жағдайды тұрақтандыруға ықпал жасады.
Қанайналым жүйесінің аурулары аурушаңдық құрамында басымды үлес алып отыр, халық арасындағы өлімнің себептері арасында бірінші орында.
Бағдарлама шеңберінде және өткен жылғы әкімдік алқасының шешімдерін іске асыру барысында кардиологиялық төсектерді оңтайлы қайта ұйымдастыру жүргізілді, ангиографиялық зертхана ашылды, қалалық және ауылдық медициналық ұйымдары «алтын сағат» қағидатын кеңінен қолданатын болды.
Республикалық базаларда жедел көмектің 75 дәрігері және 140 фельдшері мақсатты түрде даярланды, 5 маман Новосибирск қаласында оқып шықты.
Кардиология қызметін материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету мәселелері шешілді. Шұғыл және жедел көмек көрсетуді жетілдіру мақсатында аудандарда және Тараз қаласында 3 қосалқы станциялар ашылды. Сатып алынған 26 автокөліктің 20 пайызы шұғыл медициналық көмек көрсетуге бағытталды. 2013 жылы Бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) және жедел медициналық көмек ұйымдары үшін аса қажетті шұғыл диагностикалау аппараттары алынды, орталық аудандық ауруханалардың кардиологиялық кабинеттерін жабдықтау көзделіп отыр. Кешігу санын азайту үшін жедел көмек бойынша жаңа облыстық балалар ауруханасы базасында және 3 ауданда қосалқы станциялары ашылады.
Сәуір айында бейімделген бұрынғы облыстық балалар ауруханасы ғимаратында тәуліктік және күндізгі төсек орындары бар кардиологиялық диспансер өз жұмысын бастайды.
№1 қалалық аурухана базасында халықаралық стандарттарға сәйкес реанимациялық және оңалту төсектері бар инсульттік орталық ашылды. Орталық компьютерлік томографпен жабдықталған және оның қызметін жетілдіру бойынша жұмыс жалғастырылуда.
Сәуір айында біздің облыста инсультті емдеудің заманға сай жетілдірілген әдістемелерін енгізу үшін Қазан қаласына 6 маман жіберілетін болады. Осы жылдың аяғына дейін 2-ші орталықты ашу мәселесі қаралатын болады.
Атқарылған шаралар арқасында жыл ішінде қанайналым жүйесі ауруларынан өлім көрсеткіші 29,6 пайызға төмендеді (219,9-ға дейін, ҚР – 253,3), 2011 жылы – 289,2). Іс жүзінде барлық аудандарда қанайналым жүйесі ауруларынан өлім деңгейі төмендеді, бірақ Тараз қаласында, Талас ауданында оның деңгейі облыстық көрсеткіштен жоғары болып отыр.
Халық арасында жүргізілетін профилактикалық тексерулерге байланысты қанайналым жүйесі аурушаңдығының жоғары деңгейі байқалады – 3418,8 (2011 жылы – 3371,4). Жамбыл, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Шу, Қордай және Жуалы аудандарында аурушаңдықтың көрсеткіші облыстық деңгейден жоғары. Қанайналым жүйесі аурулары тобында алғашқы мүгедектіктің көрсеткішінің төмендеуі байқалады.
2012 жылдан бастап 2012-2016 жылдарға арналған онкологиялық көмек көрсетуді дамыту бағдараламасы шеңберінде онкологиялық қызметіні реформалау басталды. Нысаналы топтағы азаматтарды профилактикалық тексеру және заманауи диагностикалау мен емдеу әдістерін қолдана отырып қатерлі ісіктерді ерте бастан анықтауға аса назар аударылады.
Онкологиялық қызметті қаржыландыру 2 есеге өсті, яғни 786,6 млн. теңгеден 1 545,4 млн. теңгеге дейін. Стационарда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету 100 пайызға жеткізілді. Облыстық онкологиялық диспансері базасында күндізгі төсек орындар, амбулаториялық химиотерапия кабинеті ашылды. Жаһандық бюджеттің қағидаты бойынша енгізілген қаржыландырудың жаңа үлгісі онкодиспансердің ерте бастан анықтау және сапалы емдеу мүдделігін қамтамасыз етеді.
Әйелдерде сүт безінің онкопатологиясын ерте анықтау үшін тексерулер кезінде 4,4 пайызында патологиялар анықталды, соның ішінен 740 немесе 63,7 пайызы сауықтырылды. Жатыр мойнының обырына тексерілгендер арасында 7,7 пайызы науқас болып табылды.
Облыс бойынша аурушаңдық дегейі төмендеп келеді, яғни 100 мың адамға шаққанда 2011 жылы 130,9-дан 2012 жылы 129,4-ке дейін
(ҚР: 2011 жылы – 183,0, 2012 жылы – 188,4). Тараз қаласында, Шу және Сарысу аудандарында аурушаңдық көрсеткіші облыс деңгейінен жоғары.
Онкопатологиядан өлім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 6,3 пайызға өсті, 2011 жылы 93,3-тен 2012 жылы 99,2-ге дейін (ҚР: 2011 жылы – 104,4, 2012 жылы – 106,6). Облыстық деңгейден көрсеткіштері жоғары Шу (118,8, 127,0), Сарысу (88,9, 110,1) аудандарында және Тараз қаласында (119,8, 124,3).
Денсаулық сақтау жүйесінің ең маңызды міндеті туберкулезге қарсы күрес болып табылады.
Бастапқы медициналық-санитарлық көмек дегейінде туберкулезді ерте бастан анықтау және диагностикалау бойынша профилактикалық іс-шаралар күшейтілді.
2012 жылы Ішкі Істер Министрлігінің жабық мекемелерінде туберкулезді емдеуге ерекше көңіл бөлінді. Облысқа пенитенциарлық мекемелерінен босатылған 56 туберкулезбен ауыратын ауру адамдар келді, оның 50-і диспансерлік есепке алынып, емделуде.
Туберкулез ауыртпалығын төмендету үшін туберкулезбен ауыратын науқастар отбасыларына әлеуметтік көмек көрсетудің айтарлықтай орны бар. Есептік мерзімде осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 12,3 млн. теңге бөлінді бөлінді (2011 жылы – 4,1 млн. теңге).
Туберкулезге қарсы ұйымдарындағы төсек қорын оңтайландыру жұмысы жалғасуда. Былтырғы жылы туберкулезге қарсы ұйымдарының матеиалдық-техникалық базасын нығайту үшін медициналық құрал-жабдықтарды алуға 58 млн. теңге, ғимараттарға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 120 млн. теңгеден аса қаржы бөлінді. 3 санитарлық автокөлік алынды.
Жүргізілген іс-шара нәтижесінде облыс бойынша аурушаңдық 0,7 пайызға төмендеді және оның деңгейі республикалық деңгейден төмен. Облыстық деңгейден көрсеткіші жоғары Тараз қаласында (97,0), Талас (102,9), Меркі (79,4), Мойынқұм (78,1) аудандарында.
Туберкулезден өлім-жітімділік есепті жылы 6,7-ні құрап отыр, Т.Рысқұлов (9,3), Шу (12,5) аудандарының көрсеткіші облыстық деңгейден жоғары болып отыр.
Есептік кезеңде жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде сотталғандар арасында туберкулез аурушаңдығының 100 мың адамға шаққанда 98,2-ге дейін төмендеуі байқалады (2011 жылы – 253,1). 2012 жылы 2011 жылмен салыстырғанда бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдар арасында жалпы өлім-жітімділік деңгейі 1000 адамға шаққанда 1,1-ден 1,0-ге дейін төмендеді.
Біріңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу пациентке бағытталған денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға мүмкіндік беріп отыр. Пациентке стационарды еркін таңдау құқығын беру арқасында сапалы стационарлық көмекке қолжетімділігін арттырып отыр. Осы құқықты пайдаланған тұрғындар саны артуда (2012 жылы – 53095, 2011 жылы – 47826), оның ішінде ауылдық тұрғындар 46,9 пайызын құрады. «Ақша пациенттің артынан жүреді» қағидатын енгізу арқасында 461 науқас көрші облыстарда тегін емделіп келді. Республикалық клиникаларда 4868 науқас емделді (2011 жылы – 4689).
Емдеу және сараптама сапасына мониторинг жүргізуге он-лайн режимінде мүмкіншілік туды.
Сонымен қатар, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі медициналық қызмет рыногында тиісті бәсекелестікті қалыптастыруға мүмкіндік берді. Медициналық қызметтерді көрсететін мемлекеттік емес жеткізушілердің үлес салмағы 13 пайызды құрады.
Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің енгізілуі ресурстарды тиімді пайдалануға ынталандырды. Соның нәтижесінде 2012 жылы қажеттілік қағидаты бойынша 294 төсек қайта құрылымдалды.
Облыста жоғары мамандандырылған көмек те дамып келе жатыр. Кардиохирургиялық операциялар, буындарды эндопротездеу, экстрокорпоралдық ұрықтандыру жасау мүмкіншілігі туды. 2012 жылы осы қызметтерге 873,4 млн. теңге көлемінде көрсетілді.
Бүгінгі күні бастапқы медициналық санитарлық көмектің әлеуметтік бағыттағы үлгісін дамытусыз Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру мүмкін емес. Осы бағыттағы жұмыс төмендегі негіздер бойынша құрылады:
- орта буын рөлін күшейту – бұл үшін учаскелік дәрігерге медбикенің 2-ші бірлігі енгізілді, жалпы көмек көрсететін дәрігер үшін медбикенің 3-ші бірлігі енгізілді. Медбикелерді дербес қабылдау жүргізуге даярлау басталды;
- әлеуметтік-психологиялық қызметтерді құру және кеңейту – қазіргі уақытта 165 әлеуметтік қызметкер және 20 психолог Бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары құрамында тұрғындарға тиісті көмек көрсетуде;
- жасөспірімдерге және жастарға арналған денсаулық орталықтарында серіктестік қызметтерді дамыту үшін 3 жастар орталығы ашылды, оның 2-і 2012 жылы ашылған;
- Ұлттық скринингтік бағдарламасы арқылы халықтың тиісті мінез-құлық үлгісін және ынтымақтастық жауапкершілікті қалыптастыру үшін 8 нозология бойынша 450 мың ересектер және 335 мыңнан аса балалар скринингтік тексерулерден өткізілді. Есептік жылы анықталған науқастар ішінен сауықтырудың 35 пайыздан 85 пайызға дейін артқандығы байқалады.
Ұлттық скринингтік бағдарламаны енгізу арқасында бірқатар жұқпалы емес созылмалы аурулар ерте бастан анықталуда.
Бастапқы медициналық-санитарлық көмек (ПМСП) деңгейінде жан басы нормативінің ынталандырушы компонентінің (СКПН) енгізілуі басталды. Бұл мақсатқа 558,5 млн. теңге бөлінді.
Тоқсан сайынғы қосымша төлемдер дәрігерлер үшін орта есеппен 87,7 мың теңгені, орта медициналық қызметкерлер үшін – 41,5 мың теңгені, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар үшін – 69,2 мың теігені құрады. Қызметкерлердің біліктілігін арттыруға 55 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалды.
2012 жылы халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар қолданылды. Жекелеген санаттағы халықты тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету үшін өткен кезеңге қарағанда 1,4 пайызға қаржыландыру деңгейі өсті. Амбулаториялық және стационарлық деңгейде терапияның сабақтастығы ескеріліп, тегін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттардың тізбесі реттелді. Сонымен қатар, жасалған талдауға сәйкес бөлінген қаражат тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін тек 60 пайызын қамтиды. Бұл басынан бастап бөлінген қаражаттың тапшылығына және жылдан жылға кеңейтілген профилактикалық медициналық тексерулерден жыл сайын аурушаңдықтардың жаңа оқиғаларының туындауына байланысты болып отыр. Бұдан басқа тегін дәрімен қамтамасыз ету үшін аурушаңдық тізімі оңтайландырылуда. Мәселен, кейбір емханалар бойынша диспансерлік науқастардың саны 1,5-нан 2,5-3 есеге өсіп келеді.
Препараттарды жазып беруде және алуда ашықтықты қамтамасыз ететін дәрімен қамтамасыз етудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізілді (ИСЛО). Қазіргі уақытта біздің тарапымыздан ақпараттық талдау орталығының статистикалық деректеріне сәйкес, тұрғындардың дәріге бүркеусіз қажеттілігі мен қамтамасыз етілуіне талдау жүргізілуде.
Санитарлық авиация мен көліктік медицинаны дамыту жұмыстары жалғасуда. 2012 жылы санитарлық авиацияның ұшуын арттыру үшін қосымша 36,5 млн. теңге жұмсалды. Бұл қызмет көрсетілген шақырулар санын 40 пайызға арттыруға мүмкіншілік берді (2012 жылы – 1790 шақыру жүзеге асырылды, 2011 жылы – 1228), соның ішінде ұшақтардың ұшу саны 68-ден 106-ға дейін жетті. Шақырулардың жалпы санынан 68,8 пайызы балалар мен жүкті әйелдерге тиесілі. 64 шақыру кезінде жергілікті жерде оперативты ем көрсетілді.
Жылжымалы медициналық кешендер көмегімен 126 мыңнан аса ауылдық тұрғындар тексерілді, соның ішінде 36817 бала. Қосымша тексеруге және емдеуге 35624 ауыл тұрғыны жіберілді.
Телемедициналық кеңес берулер саны 25 пайызға өсіп, 691 құрады (2011 жылы – 550).
Денсаулық сақтау жүйесінің ең маңызды проблемаларының бірі – бұл дәрігер кадрлармен жасақтау және олардың даярлық деңгейі. 2012 жылы облысқа 98 жас маман келіп, жұмысқа орналастырылды, оның 59-ы – ауылдық жерлерге. Әлеуметтік пакеттермен 51-і қамтамасыз етілді, 9 жас маманға тұрғын үй берілді.
Мамандардың даярлық деңгейін арттыру үшін және сапалы оқытуға қол жеткізу үшін республиканың ғылыми орталықтарымен және жоғарғы оқу орындарымен ең өзекті тақырыптар бойынша 85,5 млн. теңгеге 11 келісім-шарт жасалды.
59 маманды мақсатты даярлау үшін облыс әкімінің гранты бөлінді.
Соған қарамастан, облыс бойынша нақты кадр тапшылығы сақталуда және жылдық есептің қорытындысы бойынша аудандарға бүгінгі күні 201 дәрігер жетіспейді.
Біз медициналық жоғарғы оқу орындарында оқитын Жамбыл облысының түлектерінің тізімін алып отырмыз. Медициналық ұйымдардың бірінші басшылары жас мамандарды тарту үшін жоғары оқу орындарын аралап келді.
Егер ауылдық жерге медициналық нысандарды соғу барысында ведомстволық тұрғын-жайларды бірге соққан немесе жалға алынатын тұрғын-жайлар болған жағдайда жас мамандарды жергілікті жерде ұстап қалу жеңілге түсетін еді.
Денсаулық сақтау жүйесінің ең басты критерийі көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы екендігі анық.
Денсаулық сақтау жүйесі ең сынды салаға жатады, сондықтан біздің тарапымыздан барлық түскен арыз-шағымдар және өтініштерге талдау жүргізілді.
«Денсаулық сақтауды дамыту Республикалық орталығының» Жамбыл филиалы жүргізген ресми сауалнама нәтижесі бойынша денсаулық сақтаудың нашарлығы туралы әр 27-ші респондент немесе сауалнамаға жауап берген тұрғындардың 3,8 пайызы айтқан.
Себептер бойынша талдау кезінде емханаларда тексерудің және емдеудің сапасыздығына және медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясына жіберу, сонымен қатар, еңбекке жарамсыз парағын беру негізділігіне, дәрімен қамтамасыз ету кемшіліктеріне арыз-шағымдар басым болып табылады.
Сонымен қатар, дәлелденген өтініштердің саны 3-тен 1-ін құрайды. Мемлекет кепілдік берген өз құқықтары туралы азаматтардың нашар ақпараттандырылғаны маңызды фактор болып табылады. Осының бір ерекшелігі, стационар жұмысына азаматтардың 95,1 пайызы толық қанағаттанса, ал емхана жұмысына тұрғындардың 81,0 пайызы қанағаттанған. Аталған проблемаларды шешу үшін жұмысты әрі қарай жалғастыратын боламыз.
Тұтас алғанда, 2012 жылға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының 2012 жылға жоспарланған көршеткіштері орындалды деп айтуға болады. Денсаулық сақтау саласының жұмысы нәтижесінде 2012 жылы ауруханаларда 219 491 адам емделіп шықты, ол іс жүзінде 1 тәулік ішінде 601 адамды құрайды. Облыста күн сайын 87 операция жасалады, 75 нәресте дүниеге келеді. Облыс емханаларында күн сайын 18 181 пациент жүгінеді. Тәулік ішінде жедел жәрдем көмегін облыстың 1100 тұрғыны шақырады.
Негізгі 6 жоспарланған нысаналы индикаторлар өз деңгейіне жетті деп айтуға болады.
2013 жылға міндеттер:
Бірінші. Аналар мен нәрестелік өлімді, қанайналым жүйесі ауруларын, онкологиялық ауруларды, жарақаттанудан және туберкулезден өлім-жітімділікті төмендету бойынша іс-шаралар әрі қарай іске асырылатын болады.
Екінші. Бастапқы медициналық санитарлық көмектің үлгісіне әлеуметтік бағытқа акцент жасалынып, әрі қарай дамытылады. Көлік медицинасының дамуы. Халықтан түскен арыз-шағымдар санын азайту бойынша жұмыстар.
Үшінші. Дәрімен қамтамасыз етуді жетілдіру бойынша жұмысты әрі қарай жалғастыру, соның ішінде амбулаториялық деңгейде.
Төртінші. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін әрі қарай дамыту.
Бесінші. Мамандардың біліктілігін арттыру үшін республикалық және шетелдік базаларда оларды оқытуды және қайта даярлауды жалғастыру.
Алтыншы. Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелерді әрі қарай дамыту.
Облыстық іс-шаралар
Елбасының Жолдауын насихаттау мақсатында жастар ұйымдарының көшбасшыларынан, жас саясаткерлер мен шығармашыл жастардан құрылған «Жолдау: Жастардан - жастарға!» атты
ақпараттық – насихаттық автокеруенінің жұмысын ұйымдастыру
2013 жылдың наурыз айының 11-13, 19-20 аралығында және сәуір айының 8-12 аралығында Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың (14 желтоқсан 2012 жыл) Қазақстан халқына «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты дәстүрлі Жолдауын жастар арасында насихаттау және түсіндіру мақсатында «Өрле, ауылым!» атты аудандық жастар Форумы шеңберінде автокеруені облысымыздың барлық ауданын қамтыды.
Акцияның мақсаты: Жастар арасында Елбасы Жолдауын түсіндіру және насихаттау, оның маңыздылығын жеткізу. Көрсетілген мақсаттарды жүзеге асыруға атсалысуға шақыру.
Облыс орталығындағы «Достық алаңында» ақпараттық-насихаттық автокеруен митингі өткізіліп, онда «Нұр Отан» ХДП-ның Жамбыл облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Құралбаев Еркебұлан Есенғалиұлы және облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бастығы Үйсімбаев Еркін Құлымбайұлы Жолдаудың маңыздылығын айта келе «Өрле, ауылым!» атты ақпараттық-насихаттық автокеруені облысымыздың барлық аудан орталықтары мен ауылдарда жоғары деңгейде жалғасын табу керектігін атап өтіп, облысымыздың белсенді жастарынан құралған ақпараттық топты салтанатты түрде автокеруенге шығарып салды.
Ақпараттық-насихаттық автокеруеннің құрамында «Нұр Отан» ХДП-ның «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар қоғамдық бірлестіктерінің төрағалары, облыстың белсенді жастары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.
«Өрле, ауылым!» атты ақпараттық-насихаттық автокеруенінің мүшелері, Елбасының дәстүрлі жолдауын 10 ауданның 5 ауылдық округ мектептерін аралап, жастарға Жолдауды жан-жақты түсіндіріп, соңы аудандық жастар форумымен өз жалғасын тапты. Әр аудан бойынша шамамен 1000-ға жуық адам қамтылды.
Халықаралық 8 наурыз әйелдер күні мерекесін өткізу
8 – наурыз – Халықаралық ана тілдері күніне орай әр ұлттың әйелдеріне құрмет көрсету
Бекітілген жоспарға сәйкес облыстағы барлық клуб мекемелерінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі өз дәрежесінде аталып өтті.
Атап айтқанда, Байзақ аудандық мәдениет үйінде өткен «Іскер әйелдер» байқауы ұйымдастырылып, соңы «Арулар, Аяулылар, Ардақтылар!» атты мерекелік концертке жалғасты.
Жамбыл аудандық мәдениет үйінде «Сырлы жеңге, сұлу қыз» атты қыз келіншектер сайысы ұйымдастырылды. Гродекова ауылдық мәдениет үйінде «Ана бақыты», Айша бибі ауылдық мәдениет үйі «Аялайық аналарды», Бірлесу еңбек ауылдық клубында «Ана болу – зор бақыт» атты сазды кештер ұйымдастырылып өтті.
Жуалы аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Арулар – асыл жандар» атты мерекелік концерт, «Жуалы аруы-2013» атты бойжеткендер жасөспірімдер мен жастардың қатысуымен аудандық байқау өткізілді. Ауылдық клубтар мен мәдениет үйлерінде «Ана – бақыт, ана - өмір» атты тақырыбы аясында кездесулер, көгілдір оттар, мерекелік кештер ұйымдастырылса, аудан халқына «Арулар – асыл жандар» атты мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.
Қордай аудандық мәдениет үйінде «Әлемді алақанында әлдилеген!» атты мерекелік концерт өтсе, орталық алаңда «Ана – өмір тынысы» атты концерттік бағдарлама өтті.
Меркі аудандық мәдениет үйінде аудан әкімінің салтанатты жиынына «Анаң – асыл қазынаң» атты мерекелік ән-шашу, Ақарал ауылдық мәдениет үйі тұрғындарға «Күлкі шаңырағы» атты ойын-сауық отауының «Сұлу қыздар-ару қыздар» атты әзіл-сықақ кешін ұсынды.
Талас аудандық мәдениет үйінде «Аналар асыл жандар» атты салтананты іс-шара өткізілді. Үшарал ауылдық мәдениет үйінде «Асыл ана – өмір алдым өзіңнен», Ойық ауылдық мәдениет үйінде өткен «Анаға құрмет – азаматқа міндет» атты концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып өтті.
Осындай мерекелік іс-шаралар Т.Рысқұлов ауданы клуб мекемелерінде де аталып өтті.
Шу аудандық мәдениет үйінде өткен «Анашым, Аяулым, Ардақтым!» атты мерекелік сазды бағдарлама, Шу қалалық мәдениет үйі қызметкерлері дайындаған «Жан анам, жасыл бағым» атты театрландырған әдеби сазды кеш, Балуан Шолақ ауылдық мәдениет үйінде «Ананың аялаған алақаны», Көкқайнар ауылдық мәдениет үйінде «Ана біздің гүліміз», Алға ауылдық клубында «Асыл ана – өмір алдым өзіңнен» атты концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, аналарға құрмет көрсетілді.
Тараз қаласы орталық «Достық» алаңында аналарға арналған мерекелік үлкен іс-шара ұйымдастырлды.
Ү.ж. 7 наурызы күні «Баласағұн» орталық концерт залында облыс әкімінің қатысуымен салтанатты мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Облыс музейлерінде мерекеге орай түрлі тақырыптарда көрмелер жасақталып, олыстық тарихи-өлкетану музейі қарттар үйлеріне жылжымалы көрмелер ұйымдастырды.
Мерекеге арналған іс-шаралар облыс кітапханаларында да өз деңгейінде аталып өтті.
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы мен Тараз қалалық «Поколение» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қалалық мәдениет үйінде «Сыйынар ем ана деген тәңірге» атты мерекелік кеш ұйымдастырды. Кешке кітапхана саласында ұзақ жылдар талмай еңбек етіп, зейнетке шыққан ардагер апаларымыз шақырылып, мәдениет басқармасының алғыс хаттарымен марапатталды.
Кітапхана фойесінде осы тақырыпта кітап көрмесі ұйымдастырылып, аналар тақырыбындағы ақындардың өлең-жырлары қойылды.
Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында «Ана бақытты болса – бала бақытты» атты сыр кеші ұйымдастырылды. Кітапханаға арнайы шақырылған апа-қарындастырымызбен сырласып, ой бөлісті.
Сонымен қатар, мереке күні облыстық қазақ драма театрында С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясы сахналанды.
Наурыз мейрамын өткізу
Бекітілген жоспарға сәйкес облыстағы барлық клуб мекемелерінде Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі өз дәрежесінде аталып өтті.
Атап айтқанда, Жуалы ауданының орталық алаңында киіз үйлер тігіліп, дастархандар жайылып, көпшілік қауымға наурыз көже ұсынудан басталды. Мерекенің салтанатты ашылуы мен «Тойбастар» театрландырылған көрінісін «Мыңбұлақ» және «Жуалы» халық театрларының әртістері Домалақ ана, Қыдыр ата, Тазша бала, жеті әже көктем, көктем қыз, жеңгелер мен сері жігіттердің рольдарын сомдап, терең мағыналы көрініс көрсетіп, аудан тұрғындарының көңілінен шықты. Ал, Теріс, Кеңес, Тоғызтарау ауылдық клубтарында «Ұлы жыл құтты болсын», «Әз – Наурыз құтты болсын» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып өтті.
Жамбыл ауданының орталық алаңында Ұлыстың Ұлы күніне арналған «Армысың әз –Наурыз!» атты мерекелік кеш өтті. Онда «Дарын» халықтық театрының театрландырылған көрінісімен бастау алып, «Аса сазы» халықтық ән – би ансамблінің концерттік бағдарламасын аудан жұртшылығына паш етіп, мереке Жастар орталығының ұйымдастыруымен «Қарты бар елдің - қазынасы бар» атты мерекелік сайысына ұласты.
Байзақ ауданының орталық алаңында орта мектептер бірлесіп, түрлі композициялық қойылымдар көрсетті. Онда композиция бойынша «Наурыз тойы» көктемнің келуі, жануарлар оянуы, қоян жылының кіруі, құстардың келуі, тал егу т.б. қойылымдар ұсынылды. Көктал ауылдық мәдениет үйінде «Әз-Наурыз құтты болсын!» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Ауылдық клубтарда «Қош келдің әз – наурыз!», «Наурыз ел берекесі, ел - мерекесі», т.б. тақырыптарда мерекелік концерттер ұйымдастырылды.
Қордай ауданының орталық алаңында «Наурыз келсе, құт келгені еліме!» атты мерекелік бағдарлама, театралдық салт-дәстүрлер рәсімдері кеңінен өткізілді. Орталық сахнада театрландырылған көрініс Табиғат ана «Көктемнің оянуы» би композициясымен басталып, Қ.Қожағазинаның орындаған «Наурыз айы туғанда» әніне «Гүлдер» би композициясы орындалып орталық алаңда түрлі – түсті гүлдерге толды.
Мойынқұм ауданының орталық алаңында «Құтты болсын Әз-наурыз» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Онда ауыл өнерпаздары ән айтып, би билеп, көрерменді мерекелік көңіл күйге бөледі. Биназар, Мирный, Жамбыл ауылдық клубтарында«Жыл басы – Наурыз құтты болсын!» атты концерттік бағдарлама өтті.
Меркі ауданының орталық саябағында «Армысың – Әз наурыз» атты театрландырылған көрініс қойылды. Ұлттық ойындар ойнатылып, ұлттық тағамдар халыққа ұсынылды. Ауылдық клубтарда «Ұлыстың Ұлы - күнінде», «Армысың Әз-Наурыз!», «Сәлем саған Әз-Наурыз!» атты мерекелік концерттер ұйымдастырылып өткізілді.
Сарысу ауданының орталық алаңында «Армысың Әз-Наурыз!» атты театрландырылған көрініс көрсетті. Онда Алдар көсе, Қыдыр баба, Қожанасыр, Жылан кейіпкерлер сомдап өз өнерлерін көрсетті. Жайылма Саудакент ауылдық мәдениет үйілерінде «Ұлыстың ұлы күні - Әз Наурыз», «Ұлыс оң болсын!» атты концерттік бағдаламалар ұйымдастырылып өтіп, соңы спорттық ойындарға жалғасты.
Талас ауданының орталық алаңында «Әнмен – жырмен әрлеген Әз наурыз!» атты театрландырылған қойылым көрсетілді. Онда Жаршы, Жер ана, Көктем аруы, Ұлттар мен ұлыстар, Қыдыр ата, Сәби жылы –Ұлу жылы кейіпкерлер сомдап көрінісін көрсетті. Ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарда «Әз –Наурыз қош келдің!», «Наурыз көже, наурыз береке» атты мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылды.
Т.Рысқұлов аудандық мәдениет үйінде «Қош келдің, Әз Наурыз!» атты концерттік бағдарлама өтті. Онда аудан әкімі М.Смайлов көпшілікті мерекемен құттықтап молшылық, табыс, амандық тілеп, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары салт- дәстүрімізді бейнелейтін театрландырылған көріністер көрсетілді.
Шу ауданының орталық алаңында «Наурыз - 2013» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып өтті. Онда елді мекендердегі мәдени ошақтардың өнерпаздарының сазды бағдарламалары мен театрландырылған көрініс берілді. Ұлттық ойындар ойнатылып, халыққа ұсынылды. Баласағұн ауылдық клубында «Наурыз келді еліме, береке шашып жеріме» атты концерттік бағдарлама, Бірлікүстем ауылдық мәдениет үйінде «Наурызым тойлы, нұрлы күн» атты сазды бағдарлама ұйымдастырылып өтті.
Тараз қаласы, Достық алаңында «Наурыз-2013» атты театрландырылған көрініс ұсынылды. Онда Наурыз бике, Алтын Айдар, Саққұлақ пен Желаяқ сияқты кейіпкерлер рольдарын сомдап, көрініс көрсетті.
Сонымен қатар мерекелік бағдарламаны облыстық филармония әншілері, Қазақстан эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.
Облыс музейлерінде мерекеге орай түрлі тақырыптарда көрмелер жасақталып, «Наурыз – жыл басы» көріністер сахналау, «Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз», «Қош келдің Ұлы Наурыз – Ұлыс Наурыз», т.б. тақырыптарда жылжымалы көрмелер жасақтап, баяндамалар оқыды.
15-20 наурыз аралығында Жамбыл облыстық қазақ драма театрында С.Пірманұлының «Наурыз – көктем жүрегі» атты балалар мен жасөспірімдерге арналған ертегі думан қойылы көрсетілді.
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Наурыз мерекесіне орай «Төрлет, Ұлыстың Ұлы күні!» атты наурыз тойы ұйымдастырылды. Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан — тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын. Наурызды ұлықтып, дәстүр-салтымызды насихаттау мақсатында, тұсау кесер рәсімі ұйымдастырылды. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді. Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Осы дәстүрді негізге ала отырып, наурыз көже дайындалып, таратылды. Кітапхана фойесінде «Нұр себеле – Ұлыстың Ұлы күні» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, тұрақты оқырмандар арасында этнографиялық шолу ұйымдастырылды.
Барлық аудандық кітапханалар жүйесінде «Наурыз келсе, құт келгені, ағайын!» атты әдеби қонақжай, «Наурыз тойы – мереке, салт-дәстүрім береке», «Наурыз – көктем мейрамы», «Наурыз – құт береке бастауы», «Бақыт қонып, құт дарыған – Наурыз!», «Жаса, Наурыз! Құт береке ала кел», «Наурыз айы туғанда» т.б. тақырыптарда кітапхана қызметкерлері мен тұрақты оқырмандар арасында көпшілік іс-шаралар, кітап көрмелері ұйымдастырылды.
Мектеп оқушылары арасында қоғамдық-гуманитарлық
бағытындағы жалпы білім беретін пәндерден
республикалық олимпиадасы
25-31 наурыз күндері Тараз қаласында өткен қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша республикалық олимпиадаға барлығы 572 оқушы қатысса, Жамбыл облысынан 44 оқушы қатысып, оның 29-ы жүлдегер атанды. 7 оқушы алтын, 7 оқушы күміс, 15 оқушы қола медальмен марапатталды. Республикалық олимпиада қорытындысы бойынша облыс командасы командалық І орынды иеленіп, «Ең үздік олимпиадалық команда - 2013» атағын жеңіп алды.
Дизайнерлер байқауы
Мәдениет саласының дамуына жаңа серпін беретін кең көлемді іс-шаралар аясында қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін көрсететін қазіргі заманғы және авангардты стильдегі киім үлгілерімен айналысатын жас дизайнерлердің шығармашылығын кеңінен насихаттап, сән индустрия мамандарының өсуіне ықпал ететін және жаңа сәндік жобалардың дүниеге келуіне жол ашу, сән үлгілеріне ұлттық нақышта жаңаша түр, сипат беру, сән үлгілерін дамыту, насихаттау мақсатында үстіміздегі жылдың 14-15 наурыз күндері Тараз қаласында халықаралық «Аспара» сән фестивалі өтті.
Халықаралық «Аспара» сән фестивалі пресс-конференциядан басталды. Сондай-ақ, фестиваль аясында республикалық жас дизайнерлер байқауы екі номинация бойынша өткізілді - «Авангард» номинациясы, аты аңызға айналған «Айша Бибінің» жан дүниесін (образ) ашу, «прет-а-порте» номинациясы, күнделікті киімдердің жиынтығы. Конкурсқа қатысуға республикамыздың түкпір-түкпірінен түскен 76 үміткердің өтінішінен 34 үміткер іріктеліп қатысты.
Әділ қазылар алқасы мен құрметті қонақтар қатарында Қытай, Ресей, Испания, Шри-Ланка, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан елдерінің белгілі дизайнерлері болды.
Конкурстың нәтижесі бойынша «Авангард» номинациясынан І-орын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті Оразбекова Сағынышқа (диплом, хрустальдан арнайы жасатылған статуэтка, 300 мың теңге және демеушілердің сыйлықтары), ІІ-орын М.Әуезов атындағы мемлекеттік Оңтүстік Қазақстан университетінің студенті Бейсенбаева Данаға (диплом, хрустальдан арнайы жасатылған статуэтка, 200 мың теңге және демеушілердің сыйлықтары), ІІІ-орын Тараз қаласының Мәнерлік өнер және бизнес колледжінің студенті Тен Иринаға (диплом, хрустальдан арнайы жасатылған статуэтка, 100 мың теңге және демеушілердің сыйлықтары) берілді.
Ал, «Прет-а -порте» номинациясы бойынша І-орынды Тараз қаласының Мәнерлік өнер және бизнес колледжінің студенті Балықбаева Гүлім (диплом, хрустальдан арнайы жасатылған статуэтка, 300 мың теңге және демеушілердің сыйлықтары), ІІ-орынды Алматы технологиялық университетінің студенті Умрихина Анастасия (диплом, хрустальдан арнайы жасатылған статуэтка, 200 мың теңге және демеушілердің сыйлықтары), ІІІ-орынды Алматы жаңа технологиялар колледжінің студенті Налибаева Улбосын (диплом, хрустальдан арнайы жасатылған статуэтка, 100 мың теңге және демеушілердің сыйлықтары) иеленді.
Сондай-ақ, «СЫМБАТ» сән академиясының арт-директоры Балнұр Асанова мен «Мирас» колледжінің студенті Досқараева Жайнаға арнайы сертификаттар тапсырылды.
Орындалмаған шаралар
наурыз
Облыстық тілдерді дамыту, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары басқармаларының, жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығының және облыстық әділет департаментінің мамандарымен бірлесе отырып, аудандар мен Тараз қаласындағы тиісті мамандарымен «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесінің өзекті мәселелері» атты облыстық практикалық семинары ағымдағы жылдын аяғында өтеді.
Ұлы дала ойындары бюджетте қаржы қарастырылмауына байланысты өткен жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |