1.13. № 3 ЗТС
Сабақтың тақырыбы: Малдардың желін бездерін зерттеу.
Сабақтың мақсаты: Әр түлік малдардың желін бездерін клиникалық зерттеулермен анықтап үйрену.
Сүт безінде әртүрлі патологиялық процестер өтіп жатады. Оларды емдеу шаралары әртүрлі болғандықтан, патологиялық процестің сипатын ажырата білуіміз керек. Ол үшін сүт безіне және бүкіл организмге зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Оларды клиникалық және лабораториялық әдістерге бөлуге болады.
Клиникалық зерттеулерге: анамнез мәліметтері, организмді жалпы зерттеу және желінді зерттеу кіреді.
Анамнез: қашан бұзаулады, туу процесі мен туғаннан кейінгі кезең асқынусыз өтті ме, бағып-күтімі мен азықтануы, туғанға дейінгі, туғаннан кейінгі кездегі сүт безінің клиникалық жағдайы қалай еді, бұрынғы, жылдары желін аурулары болған ба, сауу режимі сақтала ма, малдәрігерлік-санитарлық шаралар орындала ма, жалпы шаруашылықта желін аурулары көп пе, сиырдың сүттілігі қандай, сиырдың ауырғанына неше күн болды, ауруы қалай білінді, кім емдеді деген сұрақтарға жауап алатын болсақ аурудың туу себебін, патологиялық процестің сипатын анықтауға біршама мүмкіндік туады.
Организмді жалпы зерттеу дегеніміз малдың дене температурасын өлшеп, тыныс алу жүйесін, жүрек-қан айналу жүйесін, ас қорыту жүйесі мен жыныс органдарын зерттеу, малдың жатып-тұруына көңіл бөлу, сыртқы лимфа түйіндері мен кілегейлі қабықтарды зерттеу болып табылады. Өйткені, желін аурулары көбінесе гастроэнтерит, эндометрит, субинволюция, т.б. аурулардың салдары болуы мүмкін.
Сол сияқты желін ауруларының салдарынан басқа органдардың қызметі бұзылуы мүмкін. Желінді зерттеу. Қарап, ұстап және сауып көру сияқты тәсілдерден тұрады. Желінді тексергенде сиырдың артқы жағынан және жанынан келіп қарайды.
Желіннің оң жақ бөлігі мен сол жақ бөлігін салыстырамыз: көлемі, терісінің түсі мен бүтіндігі, тығыздығы, температурасы, малдың реакциясы, сауған кезде емшегінен сүттің шығуы, сүттің түсі, иісі, бөгде заттардың болуы (кұм, ірің, іртік, ұйынды, фибрин т.б.).
Бұл белгілер аурудың сипатын анықтауға мүмкіндік береді. Соңынан желін үсті лимфа безін зерттейді.
Аурудың диагнозын дұрыс қою үшін клиникалық зерттеулерге қосымша, сүтті немесе желіннің басқа секретін зертханалық зерттеуден өткізеді. Зертханалық зерттеулер, әсіресе субклиникалық (жасырын) желінсауды анықтауға және желінсауды емдеу нәтижесіне бақылау жасау үшін қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |