Жолдарды жөндеу
2013 жылы Жансүгіров ауылының Абай, Ақын Сара көшелерінің жолдарын ағымды жөндеу үшін 50 млн теңге қаражат бөлінді. Сәтбаев көшесін ағымды жөндеу үшін 9 млн. 978 мың теңге қаражатқа жұмыстар жүргізілді.
Биыл «Жұмыспен қамту 2020» Үкіметтік бағдарламасы аясында Қопа ауылы бойынша Алтай көшесі жолының орташа жөндеу жұмыстарына барлығы 23 млн. теңге қаражат бөлінді.
Жансүгіров ауылының көше жолдарына, атап айтқанда Шоңай батыр, Уәлиев және Ақын Сара көшелері жолдарының күрделі жөндеу жұмыстарын атқару мақсатында барлығы 55 млн.586 мың теңге бөлінді.
Сонымен қатар, Сағабүйен – Сырттанов, Ақсу – Қаракөз, Лепсі - Ақтоғай, Молалы - Үштөбе, Ақсу – Жаңалық елді мекендер арасындағы жолдарды күрделі, орташа, ағымды жөндеуден өткізу мақсатында барлығы 719 млн.198 мың теңге қаржыға сұраныс берілген.
Осыған орай, аталған мәселе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында қарастырылу үстінде.
Электр желілері
Елді мекендерді көше жарықтандыру жұмыстары бойынша 3 млн. 200 мың теңге бөлініп, Талдықорған қаласынан ЖК «Нұрлыбай» аудан бойынша жарық шамдарына күнделікті жанып-өшуіне сағаттық механизм орнатып, шамдарын және есеп құралдарын ауыстырып күнделікті қызмет көрсетеді, бүгінгі күнге аталған қаражат игерілді.
Жанып тұрған электрошамдардың өзі уақытынан жай немесе ішінара жанып тұратыны және халық, автокөлік жиі жүретін орталық көшелерде электр жарығын беру әлі де болса өз деңгейінде емес. Елбасымыз бен Үкіметіміз елді мекендерді, оның ішінде ауылды жерлерді абаттандыру жұмыстарына аса көңіл бөліп, қомақты қаражат бөліп жатқанын ескерсек, бұл жайт тиісті мекеме басшыларын ойлатуы тиіс.
Елді мекендерді аббаттандыру
Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына 16 млн. теңге бөлініп, аудан орталығындағы абаттандыру жұмыстарын Алматы қаласынан «Жан Мирас» ЖШС-гі жүргізді
Коммуналдық шаруашылығын жаңғырту Бағдарламасы
«Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту Бағдарламасы» аясында Жансүгіров ауылының Жансүгіров көшесі №2 үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын «Шымыр» ЖШС-і 9 млн. 489 мың теңгеге жоспарланып, бұл үйдің пәтер иелерімен отырған келісім шартқа сәйкес шатырын айырбастау, дәліздерін күрделі жөндеуден өткізу, әр пәтерге қосымша темір есік қою, сыртын сылау, фундаментін жаңғырту, су және электр жүйелерін ауыстыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар жөндеу жұмыстарына қанағаттанарлық деген баға беріп, 2013 жылдың мамыр айында жұмысты толығымен қабылдады.
Ауданымыздағы тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары саласының жұмысын жандандыра түсіру үшін аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөліміне аудандық тұрғын үй инспекциясы қосылып, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі жеке бөлім болды. Осыған сәйкес аудан әкімінің орынбасары Қ.Исаевқа, аталған бөлім басшыларына аудандағы жөнделіп жатқан автокөлік жолдарының, ауыз су құбырларының, көше жарықтандару жұмыстарының, салынып жатқан тұрғын үй сапалығына аса көңіл аударып, бөлініп жатқан қомақты қаражаттың мақсатты, әрі толық игеру тапсырылады.
Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
Былтырғы жылы тіркелген жұмыссыздар саны 619 адамды құрады. Қоғамдық жұмысқа жұмыссыз азаматтар есебінен 303 адам жіберіліп, 570 адам жұмысқа орналастырылды. Жұмысқа орналастыру деңгейі 92 пайыз болды.
2013 жылдың 14 маусымында Жансүгіров ауылындағы №21 кәсіптік лицейде бос жұмыс орындары мен маусымдық жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге барлығы 219 жұмыссыз азаматтар және 35 мекеме мен ұжымдардың өкілдері қатысты. Жұмыссыздар арасынан 184 адам жұмысқа жолдама алды.
Жұмыс берушілер сұрауы бойынша, кәсіптік оқуға және кәсіби қайта даярлауға Жансүгіров №21 кәсіптік лицейге аспазшы, даяшы, тігінші, слесарь, электрогазбен дәнекерлеуші мамандығы бойынша жұмыссыздардың арасынан 45 адам және Қапал ауылындағы №12 кәсіптік лицейге жүргізуші мамандығы бойынша 15 барлығы 60 адам жіберіліп, оқуларын аяқтап барлығы жұмысқа орналасты.
Сол сияқты, жастар практикасына 13 адам жолданып, 1 млн. 786 мың теңге бөлінді.
Әлеуметтік жұмыс орындарын ашу мақсатында 8 шаруа қожалықтарына 11 жұмыссыз азаматтар жіберіліп, 920 мың теңге игерілді.
551 жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде шаруа қожалықтарында - 170, жеке кәсіпкерлікте - 337, басқаларда - 44.
2014 жылға жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға келесі жәрдемдесудің белсенді шаралар жоспарланды;
- 550 жана жұмыс орындары ашу, сонымен қатар, қоғамдық жұмысқа 310 адам, кәсіптік оқуға 40 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 10 адам, жастар практикасына 10 адам жіберіледі.
Бұл іс-шараларға барлығы жергілікті бюджеттен 24 млн.698 мың теңге бөлініп отыр.
Халыққа әлеуметтік қолдау көрсету
2013 жылы кедейшілік шегінен төмен тұратын отбасыларына атаулы әлеуметтік көмек 12 отбасының 61 адамына 1 млн. 826 мың тенгеге көмек көрсетілді. Балалы отбасыларға төленетін жәрдемақы 72 отбасының 223 баласына 2 млн. 378 мың теңге, мүгедек балаларды үйде тәрбиелеп, оқытатын отбасыларына әлеуметтік көмек 61 балаға 2 млн. 242 мың теңге, облыс әкімінің грантымен оқитын 4 студентке оқу ақысына 1 млн. 797 мың теңге, әлеуметтік сала мамандарына отын сатып алуға біржолғы көмекке барлығы 2162 адамға 18 млн. 694 мың теңге төленді.
Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне, 9 адамға біржолғы көмек 450 мың тенге, сондай-ақ оларға коммуналдық жеңілдіктерге 319 мың теңге. ауған соғысының ардагерлері мен олардың отбасыларына 34 адамға 770 мың тенге, Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан 11 адамға 215,0 мың тенге төленді.
Мүгедектерді оңалту бағдарламасы
Санаторлық-курорттық жолдамамен 41 адам санаторлық жолдамамен қамтамасыз етіліп, мұқтаждықтарына байланысты 52 адам міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілді. Протез жасатуға 56 адам протез зауытына жолдама алса, сурдо-тифло құралдармен 10 адам есту – көру кемістігін түзетуге және олардың орнын толтыруға көмекші құралдармен қамтамасыз етілді.
Биылғы жылдан бастап әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындалып мәслихат сессиясында қағидасы бекітіліп, жаңа әр түрлі көмектер көрсетіле бастайды.
Аудан бойынша 2012-2018 жылдарға арналған аудандағы мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарының бірінші кезеңі бекітілді.
2013 жылы мүгедектер көп баратын 195 нысан бойынша құжаттау жұмыстары толығымен аяқталды. Бұл 195 нысанға барлығы 26 млн.920 мың теңге қажет.
Биыл 10 нысанға 7 млн.500 мың теңге бөлініп, денсаулық сақтау саласына – 9, мемлекеттік басқару органына – 1 пандус салынады.
«Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз» деген Елбасымыздың Жолдаудағы тұжырымдамасы осы санаттағы адамдарға елімізде мүмкіндігінше қамқорлық көрсетіп жатқанын байқатады.
«Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы
«Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасының 1-ші бағытына сәйкес 2013 жылы ауылды жерлерде инфраструктураны дамытуға 2 жоба бекітіліп, 62 млн 878 мың теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 22 млн 995 мың теңге Қапал ауылының көшелерін жарықтандыру жұмыстарына жұмсалды. Жарықтандыру жұмыстарына 4 жұмыссыз адам уақытша жұмысқа жолданды. Көшелерді жарықтандыру жұмыстарын Алматы қаласынан «СпецСантехСтрой-1» ЖШС жүргізді.
2-ші жоба бойынша бөлінген 39 млн 883 мың теңге Есеболатов, Кеңжыра, Ақсу ауылдық округтерінің «Ауылдық дәрігерлік амбулаторияларына» күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалды. Жөндеу жұмыстарын Алматы қаласынан «Сур-МАК» фирмасы жүргізді. Жұмыс барысына аталған ауылдардан 12 жұмыссыз адам жұмыспен қамтылды.
Бағдарламаның 2-ші бағыты бойынша ауылды жерлерде кәсіпкерлікті дамыту болып табылады. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 70 млн теңге жоспарға сәйкес бөлінді. Оның 59 млн 100 мың теңгесі 6 пайызбен 45 адамға берілді. Алған несиелеріне аудан тұрғындары бизнес жоспарларына сәйкес жылыжай, наубайхана өндірістік цех және мал шаруашылы саласын дамытып отыр.
«Гоха и К» кредиттік серіктестігі арқылы 7,22% пайызбен 68 адам 150 миллион теңге несие алды. Олардың ішінде: шаштараз, тігін цехы, ағаш өңдейтін цех және жем-шөп дайындайтын цехы бар.
«КазАгромаркетинг» АҚ-ның Алматы облысындағы филиалы арқылы 70 адам кәсіпкерлік негіздері курстарына жіберіліп, сертификаттарын алды.
Ал, 3-ші бағыты арқылы кәсіптік оқуға 37 адам жолданды. Оның 10-ны кәсіптік оқуға, ал 25-і қайта даярлау курстарына және 2 адам біліктілігін арттыруға жіберілді. Қайта даярлау мен біліктілікті арттыруға Республикалық бюджеттен 2 млн. 847 мың қаржы бөлінді.
Әлеуметтік жұмыс орындары және жастар практикасына да жұмыссыздар жолданды. Әлеуметтік жұмыс орындарына жыл басынан 2 млн. 408 мың теңге бөлініп, жеке кәсіпкерлермен және шаруа қожалықтарымен отырған келісім шартқа сәйкес 16 жұмыссыз ретінде тіркелгендер тракторист, механизатор ретінде жолданды.
Ал, жастар практикасына бөлінген қаржы - 1 млн. 786 мың теңге, жұмыссыз жүрген 11 жас маман сұранысқа сай ауданымыздағы 9 мекемеге жолданды. Олардың ішінде 3-еуі тұрақты жұмысқа орналасты.
Аудан әкімінің орынбасары С.Қорғанбаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қ.Бекбаланов, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Б.Құрманғалиева қолдағы бар мүмкіншілікті пайдалана отырып, аудан тұрғындарын мейлінше жұмысқа тарту тетіктерін іске асыру керек.
Білім саласы.
Аудандық бюджеттің қомақты бөлігі білім саласына бөлініп отыр, атап айтқанда 2013 жылы 2 млрд 378 млн қаржы бөлінген.
Ауданының білім бөліміне қарасты 41 жалпы білім беретін мектептердің 28 орта, 7 негізгі, 6 бастауыш мектептер.
Аудандағы 1055 мұғалімнің 939 жоғары, 87 арнаулы орта, 29 аяқталмаған жоғары білімді мамандар.
Аудан мектептері 2013 – 2014 оқу жылын 6557 оқушымен бастады. Сағабүйен саз мектебінде -110 оқушы, Өнер мектебінде - 207 оқушы, 7 балабақшада - 822, 20 шағын орталықта - 600 бүлдіршін тәрбиеленуде.
Балалардың білім алуына жағдай жасау мақсатында заман талабына сай 16 мектепте мультимедиялық-лингофонды кабинет, 5 мектепте он-лайн режимінде жұмыс істейтін интерактивті кабинет, жаңа модификациялы 11 мектепте физика, 9 мектепте биология, 4 мектепте химия кабинеттері бар.
Барлық мектептер интернет жүйесіне қосылған. Жалпы компьютер саны 1612. Бір компьютерге - 4 баладан келеді.
«Мегалайн» (Megalein) жүйесіне 7 мектеп, спутниктік кенжолақты интернет желісіне 19 мектеп қосылған.
Оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету 2012 жылы 57 пайызға болса, 2013 жылы 71 пайызға көтерілді. «Балапан» бағдарламасын орындау пайызы 65,4 – ке жетті.
2014 жылы оқушыларға мектептен тыс тәрбие беру орындарымен қамтамасыз ету пайызын облыс деңгейіне көтеру, жазғы тынығу лагерьлерін іске қосу өз кезегін күтуде.
Өткен жылы маусым айында өткен Ұлттық Біріңғай тестілеуге мектеп бітіруші түлектердің 91 пайызы, яғни 476 бала қатысып, орташа балл -71 болды.
Алайда, «Алтын белгіге» 3 үміткерлердің 1-уі ғана ақтаса, Үздік аттестатқа үміткер болған 1 оқушы ақтамаған.
Елбасымыз әрқашан еліміздің болашағы – білімді жастарда деп оларға үлкен сеніммен қарайды. Сондықтан да, аудан әкімінің орынбасары С.Қорғанбаевқа, аудандық білім бөлімінің басшысы А.Досмұханбетовке мектептерді жоғарғы кадрлармен қамтамасыз ету, білім сапасын көтеру, төмен көрсеткіш көрсеткен мектептермен тиісті жұмыс атқару, жасөспірімдермен қылмыстың алдын алу, олардың бос уақытын тиімді пайдалану бағытындағы іс-шаралар жоспары белгіленіп, жүзеге асыру бағытында нақты іс-шаралар атқару, жаңа оқу жылында ұстаздардың оқушылар білімін нақты бағалануына бас көңіл аударып, білім беру сапасын көтеру туралы қатаң талап қойылады. Сондықтан да өткен жылдың тамыз кеңесіндегі тапсырмаға сәйкес әдістемелік бірлестіктерінің ролін көтере отырып, жауапкершілік арттыруға қол жеткізу, сонымен қатар, «Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды» деген Жолдаудағы сөздерді ескерсек, бұл салада кең, ауқымды жұмыс атқаруды қолға алу қажет.
Денсаулық сақтау саласы
Аудан халқына бүгiнгi таңда медициналық қызмет көрсетіп отырған 48 мекеме бар, оның ішінде: 130 төсектік орталық аудандық аурухана, 50 төсектік Қапал ауылдық ауруханасы, 20 төсекті Матай ауылдық ауруханасы, 14 ауылдық емхана, 31 медпункт бар. Барлығы 640 адам халыққа қызмет жасайды.
2013 жылы дәрі-дәрмектерге 51 млн.687 мың, медициналық құрал - жабдықтарға 17 млн.504 мың, тамаққа 20 млн.850 мың теңге бөлінген.
Алдын ала жүргізілген профилактикалық шаралардың нәтижесінде әлеуметік маңызы бар аурулар саны жылдан жылға төмендеуде. 2012 жылмен салыстырғанда 2013 жылы бруцеллез ауруы 25-тен 18-ге, вирусты гепатит (сары ауру) 14-тен 1-ге, туберкулез 31-ден 23-ке азайған.
2013 жылдың басынан өмірге 872 нәресте келіп, 2012 жылғы сәйкес мерзімнің көрсеткішінен 19 нәрестеге көбейгенімен, 7 нәресте (2012 ж – 4 нәресте) шетінеген.
Денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстар және денсаулық сақтау мекемелерінің қажетті құрал жабдықтармен қамтамасыз етілуі, орын алып отырған проблемалық мәселелері апта сайынғы аппарат мәжілістері мен тоқсан сайынғы аудан әкімдігінің отырыстарында тұрақты түрде қаралып отырады.
Аудан әкімінің орынбасары С.Қорғанбаевқа, «Ақсу аудандық ауруханасы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына (Ә.Жұмагелдин), аудандық санитарлық – эпидемиологиялық қадағалау басқармасына (Б.Темірханов) (келісім бойынша), ауылдық округ әкімдеріне әлеуметтік маңызы бар жұқпалы туберкулез, бруцеллез, вирусный гепатит ауруларына шалдыққан адамдарды анықтау, оларды емдеу, туберкулезге шалыққандарға азық-түлікпен көмектесу, сонымен қатар, аталған аурудың одан әрі таралуын болдырмауға, үгіт-насихат жұмыстарын жандандыруға, ана мен бала өлімін болдырмау мақсатында барлық жүкті әйелдер мен жаңадан дүниеге келген балалардың және олардың аналарының денсаулығын қатаң бақылауға алып қажетті профилактикалық, емдеу шаралардың мерзімінде қолдануы, демографиялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстарды күшейту тапсырылады. «Денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту. Міндетті медициналық сақтандыру енгізу мәселесін зерттеген жөн. Мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі – медициналық қызметтің барлық жүйесінің басты қағидаты. Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексерілу – аурудың алдын алудың негізі» деп Президентіміз көрсеткендей, ел болып қалыптасу үшін ұлт денсаулығы аса маңызды роль атқаратынын дәлелдей түседі.
Аудандағы саяси партиялар, қоғамдық ұйымдармен және діни бірлестіктер, жастармен жұмыс
Ауданда заңды түрде тіркелген 22 бастауыш ұйымы, онда 2428 мүшесі бар «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы, 18 бастауыш ұйымы мен 1010 мүшесі бар «Ауыл» аграрлық партиясы, 18 бастауыш ұйымы мен 514 мүшесі бар «Ақжол», 18 бастауыш ұйымы мен 1500 мүшесі бар «Азат» Қазақстанның демократиялық партиялары жұмыс істейді. Аудан көлемінде өткен мәдени- көпшілік, саяси шаралардың барлығына қоғамдық ұйымдар мен партия өкілдері шақырылып, қатыстырылады.
Қоғамдық – саяси ахуалды жақсартуға бағытталған жұмыс белгіленген жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді, өткізілетін көпшілік және саяси шаралардың барлығында ең бірінші кезекте қоғамдық жағдайдың орнықтылығына, халықтар достығы мен бірлігіне, дінаралық келісімнің нығаюына баса назар аударылуда.
2013 жылы облыстық бюджеттен үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын қолдауға 2 млн.теңге қаражат бөлінген. Қоғамдық бірлестіктер тараптарынан аудан орталығында, Есеболатов, Қарашілік ауылдарында іс-шаралар өткізілді. Биылғы жылы бұл жұмыстарға 1 млн.теңге бөлініп отыр.
Қазіргі күндері ауданда 23 мешіт жұмыс істейді. Бүлардың бәрі жаңа заңдылыққа сәйкес тіркеуден өткен. Өткен жылы өздеріңізге мәлім аудан орталығында, Ақсу, Сағабүйен ауылдарында жаңа мешіт салынды. Аудан әкімі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңес аудандағы діни бірлестіктермен тұрақты байланыс жасап келеді. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы тиісті шаралар күшейтілуде.
Аудан жастарымен жұмыстың пәрменділігін жақсарту, олардың қоғамдық белсенділігін арттыру мен әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында 2013 жылғы 5 сәуірде «Алматы облысының жастар саясаты орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің филиалы – «Ақсу ауданының жастары» орталығы құрылды. Құрамында: жетекшісі, бас кеңесші, кеңесші қызметтерін атқаруда.
Атқарылған кең ауқымды шаралардың арқасында орталық облыс бойынша 2013 жылы екінші орынды жеңіп алғанын айта кету керек.
2014 жылдың басынан облыс әкімінің шешімімен әр ауылдық округке жастармен жұмыс істейтін маман штаты беріліп, оларға конкурстық негізде жастар қабылданды. Яғни, ауданның барлық ауылдық елді мекендерінде мемлекеттік жастар саясатын жүргізу, жастарды ел тәуелсіздігін баянды етуге бағыттау, оларды отансүйгіштікке баулу, салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстары пәрменді, нәтижелі атқарылады деуге толық негіз бар.
Жастар саласы бойынша «Ақсу Береке», «Ақсу ауданының футбол федерациясы» екі үкіметтік емес ұйымы тіркелді.
«Жасыл ел» аумақтық көгалдандыру бағдарламасы бойынша, 2013 жылы облыстық бюджеттен 910 мың 928 теңге қаржы бөлініп, ауданда 45 жастан құрылған «Жасыл ел» жастар еңбек жасақшылары аудан орталығында көгалдандыру, көркейту жұмыстарын, мүгедек қарттарға көмектесуге бір кісідей ұйымшылдықпен жұмыс атқарды.
Сонымен қатар, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясында 2013 жылы барлығы 11 адамға 28 млн. 562 мың теңге несие, 47 адамға 5 млн.695 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілді.
«Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасының ІI-ші бағытына сәйкес «Ауылды жерде шағын кәсіпкерлікті дамыту» бойынша 18-29 жас аралығындағы жастар мал өсіру үшін 4 жас 6 млн. 300 мың теңге көлемінде несие алып өз істерін ілгерлетіп дамытуда.
Президентіміздің Жолдаудағы «Әсіресе, жастарымызға мынаны айтамын. Бұл Стратегия сіздерге арналған. Оны жүзеге асыратын да, жемісін көретін де сіздер. Өз жұмыс орындарыңызда отырып, осы жұмысқа әрқайсысыңыз атсалысыңыздар. Немқұрайлылық танытпаңыздар. Елдің болашағын барша халықпен бірге жасаңыздар!» деген қанатты сөздері ақсулық жастарды одан әрі жігерлендіре түсетініне мен толықтай сенемін.
Аудандық ішкі саясат бөлімі (Н.Қасымбеков), аудандық жастар орталығы (Р.Қанапьянов) ауданның барлық елді мекендерінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауларын насихаттау бойынша жұмысты көрнекі құралдармен жабдықталуына, саяси, қоғамдық партиялармен, үкіметтік емес ұйымдармен, діни бірлестіктермен, жастармен. жұмысты жүргізуді күшейтуге көңіл бөлу керек.
Мәдениет саласы.
Ауданда бюджеттен қаржыландырылатын 22 мәдениет үйлері мен клубтар, 22 кітапхана, 2 мұражай, жергілікті маңызы бар 95 археологиялық, 16 монументті сәулет және 4 табиғи ескерткіштер есепте тұр. Онда 153 мәдениет қызметкері халыққа рухани-мәдени қызмет көрсетуде.
Мәдениет саласын дамыту бағытына жергілікті бюджеттен 2013 жылы 109 миллион тенге қаржы бөлінсе, биыл 111 млн.700 мың теңге бөлініп отыр.
Жылдан жылға мәдениет орталықтарын материалдық жарақтандыру жақсарып келеді. Жоғарыда айтып өткен күрделі жөндеу жұмысынан өтіп, пайдалануға берілген Сағабүйен ауылдық мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын дамытуға 5 млн.теңге бөлініп, толығымен игерілді. Қапал ауылындағы «Ақын Сара» мемориалды музейіне экспозиция жасалынып, экспонаттармен толықтырылды. Осы ауылдағы мәдениет үйіне 1 млн. 400 мың теңгеге 2 жылу қазандықтары орнатылды.
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясындағы жұмыстар, тарихи-мәдени ескерткіштер мен мұражайлардың жағдайы туралы аудандық мәслихаттың көпшілік тыңдауда талқыланып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Құрметті жерлестер! Үстіміздегі жылы Алакөл, Сарқанд және біздің ауданның мәдени күндері «І.Жансүгіровтың туғанына 120 жыл» айдарында өтпекші.
Намысты қолдан бермей, дайындық жұмыстарына бәріміз ат салысуымыз қажет. Ауылдарымыздың бет келбеті, мәдениеті, тазалығы сынға түсетін аламанда әр ақсулық аянбай ат салысады деп ойлаймын.
Мемлекеттік тіл
Бүгінгі таңда барша қазақстандықтарды біріктірудің тегеуірінді тұтқасы мемлекеттік тіл екендігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Осы тұрғыда болашағы зор еліміздің өршіл талабына сай кең – байтақ көп ұлтты республикамызда мемлекеттік тілді меңгертуге, оқытуға оның ішінде өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді үйретуге ерекше мән берілуде.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 29 шілдедегі «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2011-2013 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары құрылып, бекітілген.
Мекемелерде мемлекеттік тілді дамытуға арнайы мамандар бекітілген. Құжаттар айналымын мемлекеттік тілде жүргізу назарға алынған. Көрнекіліктер, жарнамалар мен мекеме атаулары жазылған маңдайша тақталары толығымен Қазақстан Республикасының «Тіл туралы Заңы» басшылыққа алынып рәсімделген.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы іс шаралардың бірі - мәдени сауықтыру, танымдық жұмыстар. Мәдени жұмыстарды жүргізуге 2013 жылы 764 мың теңге бөлінсе, 2014 жылы 821 мың теңге қаржы бөлінді.
Өзімізде өтетін үш ауданның мәдени күндерін жоғары дәрежеде өткізу, еліміздің ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттауды, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мәдени мұра бағдарлама аясындағы жұмыстарды жан-жақты атқару аудан әкімінің орынбасары С.Қорғанбаевқа, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Елубаеваға тапсырылады.
Қоғамдық тәртіпті сақтау.
Қоғамдық қауiпсiздiк пен құқық тәртiбiн қамтамасыз ету, құқық қорғау органдары қызметiндегi заңдылықты нығайту, азаматтардың еркiндiгi мен құқығын сақтау – мұның бәрi ауданнның ішкі жағдайының маңызды құрамдары, әр азаматтың өміріне әсер етедi.
2013 жылдың 12 ай қортындысы бойынша қылмыстың біршама өсуімен сипатталады, яғни 2012 жылы 179 қылмыс тіркелген болса, ал 2013 жылы 286 қылмыс тіркеліп, 107 қылмысқа өсіп отыр.
Қасақана адам өлтіру 1-ден 2-ге, зорлау 5-тен 7-ге, алаяқтық 6-дан 11-ге, бұзақылық 6-дан 15-ке көбейген.
Аудан көлемінде 2012 жылы 122 бөтен мүлкін ұрлау қылмысы тіркелсе, 2013 жылы 201 бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы тіркеліп, 79 қылмысқа өсіп отыр.
Бүгінгі күні аудан жұртшылығын аса алаңдадатын қылмыс түрі - бұл мал ұрлығына қатысты қылмыстар.
Осы қылмыс түрі бойынша 2012 жылы 60 қылмыс тіркелсе, 2013 жылы 100 қылмыс тіркеліп, 40 қылмысқа өсіп отыр. Ашылу пайызы 39,5 пайызды ғана құраған.
Ішкі істер қызметкерлерінің жоғары деңгейде қызмет істеуіне де барлық жағдай жасалған. Осыған байланысты аудандық ішкі істер бөліміне қылмыстардың саны артқанын ескере отырып, қылмысты азайту, оны түпкілікті жою бағытында жан-жақты шаралар қабылдап, ауқымды жұмыстар атқару қажет.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев 2008 жылғы 6 қарашада «Нұр Отан» ХДП-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумында тиісті шараларды белгілеп, сыбайлас жемқорлықпен күресудің негізгі бағыттарын анықтап берді.
Бүгінгі таңда «Нұр Отан» ХДП-ның Ақсу аудандық филиалы, аудан бөлімдері,округ әкімдері, құқық қорғау органдардың басшыларымен бірге осы Жоспарды жүзеге асыру бойынша жұмыс атқаруда.
Аудан әкімі аппаратына 2013 жылғы есепті мерзімде мемлекеттік қызметшілердің тарапынан сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтар туралы жазбаша және ауызша түскен шағымдар тіркелмеді.
Ақсу ауданы әкімі аппаратының, аудандық бөлімдердің, ауылдық округтері әкімдері аппараттарының қызметшілері тарапынан Ар-намыс кодексі және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңының талаптарын бұзу деректері туралы хабарлау үшін аудан әкімінің аппаратында сенім телефоны орнатылған. Аталған хабарландыру «Ақсу өңірі» газетінде жарияланып тұрады.
Аудандық әкімшілік ғимаратының кіреберісінде 2 жәшік орналасқан: ғимараттың сыртында тұрғындардан келіп түскен шағымдарға, екіншісі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес сұрақтары бойынша комиссиясына арналған.
Тұрғындардың сыбайлас жемқорлықпен байланысты орын алған әрекеттерге төзбеу және мемлекеттік қызметшілерге қатысты мәселелер бойынша аудан әкімдігінің www.aksu-akimat.kz сайтында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы жарияланған.
Сайтта «Әкімге сұрақ» атты рубрикасы ашылған, сол рубрика арқылы тұрғындар туындаған сауалдарын аудан әкіміне қоя алады.
Ақсу ауданы әкімінің аппаратында құқықтық оқыту жұмыстары жүргізіліп отырады. Белгіленген жоспар бойынша аппарат қызметкерлерінің қатысуымен «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы курес туралы» және мемлекеттік қызметке байланысты заңдарды талқылау бойынша құқықтық сабақтар өтуде.
Аудан басшылығы кадрларды іріктеу және мемлекеттік қызметшілердің этика мәселелеріне, жағымды келбетін қалыптастыру мәселелеріне үнемі көңіл бөліп отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |