Аудан әкімі Н. Мұсабаевтың Арал ауданының 2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және



бет2/3
Дата27.06.2016
өлшемі382.71 Kb.
#161192
1   2   3

Құрметті аудан тұрғындары!

Елбасының назарында тұрған,ең маңызды деген бағдарламалардың бірі халықты таза, сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған «Ақбұлақ» бағдарламасы екенін Сіздер жақсы білесіздер. Тіршілік атаулының тірегі – ауыз суды 120 шақырым жерден құбыр арқылы тартып ең таза, ең қымбат суды пайдаланып отырған біздер үшін оның маңызы ерекше болып қала бермек.

Сонау 1986 – 1990 жылдары салынған, жалпы ұзындығы 734 шақырымды құрайтын құбыр арқылы екі ауданның 160 мыңнан астам тұрғынын ауызсумен қамтамасыз етіп отырған «Арал- Сарыбұлақ» топтық су құбыры мекемесі 2012 жылы қиын жағдайды басынан өткерді. Қытымыр қыста жер қабатының екі метрден астам тереңдікке дейін қатып, тоңға айналуы салдарынан сыртқы, негізгі магистральді құбырлар 40 жерден жарылып, ақау түсуінен қыс соңында ауданда ауыз- су проблемасы туындаған болатын. Кезек күттірмейтін маңызды іс өткен жылдың 4 мамыры күні облыс әкімдігінде арнайы мәселе болып қаралып, облыс әкімінің шұғыл шараларға арналған резервінен 147 млн теңге бөліп, 5 мердігер компанияның күшімен шұғыл жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан басқа «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыры мекемесіне жарылған құбырларды жөндеуге, аудандық бюджеттің төтенше жағдайлар қаражатынан 2 млн 722 мың теңге «Арал су сервис» МКК-на 1,0 млн.теңге көлемінде қаржылар беріліп көмек көрсетілді. Нәтижесінде, маусым айының басында екі ауданның тұрғындарын тәулік бойы қалыпты түрде ауызсумен қамтамасыз ету ісі қалпына келтірілді. Дегенмен, 30 жылға жуық үздіксіз пайдаланылып келетін су жеткізуші негізгі магистральдің проблемалық мәселелері осымен шешілді деуге болмайтын еді. Сондықтан мәселе 2012 жылдың 18-ші маусымы күні облыс әкімдігінде, республикалық Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішовтың қатысуымен қайта талқыланып Қосаман – Сексеуіл - Арал және Ақбай, ВК-23 Әйтеке би кенті учаскілеріне баратын негізгі құбырды қайта жаңғыртуға келісім жасалғанды. Нәтижесінде, қазір республикалық бюджеттен бөлінген 7,7 млрд.теңгеге 11 мердігерлік мекеме жалпы ұзындығы 192825 метр болатын жаңа, негізгі су құбырын салу жұмыстарын жедел түрде жүргізуді іске асыруда.

Жалпы, «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында біздің ауданымызда кең көлемді жұмыстар әлі де жүргізілетін болады. Себебі, ауданымыздағы елді мекендердің 13-і әлі күнге дейін шахталы құдық суын, ал 9-ы ауызсуды әр түрлі су көздерінен тасымалдап пайдаланып келеді. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келетін «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырына қосу жобасының 5-ші кезеңін аяқтау мақсатында Райым, Ескіұра, Құмбазар, Қызылжар, Шөмішкөл, Бекбауыл, Үкілісай және Ақшатау елді мекендеріне 71,8 шақырымдық сыртқы, 35,6 шақырымдық ауылдардың ішкі құбырларын және 18,6 шақырымдық жеке үйлерге тартылатын сервистік желілерді жүргізу жұмыстары жалғасын табуда. Бұған қосымша биылғы жылы Жақсықылыш кентінің ішкі су жүйесін қайта жанғырту және кеңейту жұмыстарына облыстық бюджеттен 455 402,0 мың теңге қаржы бөлініп, бұл құрылыс жұмыстары қазіргі кезде қарқынды жүріп жатыр. Жалпы «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша қазіргі атқарылып жатырған және биылғы жылы атқарылатын ауқымды жұмыстар біздің аудан тұрғындарының сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етілетін күнінің алыс емес екендігін аңғартқандай.

Аудан тұрғындарының тұрмыс – тіршілігіне тікелей қатысты келесі маңызды мәселелер олардың электр энергиясымен, байланыс және жол қатынастарымен қамтамасыз етілуі.

Өздеріңізге белгілі өткен жылы 30 жылдан астам жөндеу көрмеген облыстың барлық 7 ауданының электр энергиясымен қамту жүйелеріне қайта жанғырту жұмыстары басталды. Екі жылға жоспарланған жобаны іске асыруға біздің ауданымызға 198,4 млн теңге бөлінген болатын. Осы жоба негізіне өткен жылы ауданымызда 3 кешенді трансформаторлық қосалқы станса, бір 10 кв/т тарату стансасы және 8,6 шақырымдық 10 кв/т әуе желісімен 15,4 шақырымдық 0,4 кв/т электр желісінің құрылыс- монтаж жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар 2012 жылы да жалғасын тапты. 2012 жылға аудан орталығының электрмен жабдықтау жүйесін дамытуға – 85373,0 мың, Жақсықылыш кентіндегі 10/0,4 кв электр жүйесін қайта жаңғыртуға 141641,0 мың теңге республикалық бюджеттен қаралды. Сонымен қатар ауылдық елді мекендердің сыртқы жарықтандыру мәселесіне көңіл бөліне бастады. Биылғы жылы өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 5923,0 мың теңге толық игеріліп, Абай, Қамыстыбас, Сапақ елді мекендерін сыртқы жарықтандыру жұмыстары іске асырылды. Осындай атқарылған игі жұмыстардың арқасында осы кезеңде ауданға 44782,0 мың кв/т сағат электр энергиясы таратылып, есепті кезеңде тұрғындарды қалыпты түрде электр қуатымен қамтамасыз етуде ешқандай үзіліс, кедергі болған жоқ.

Жыл санап аудандағы телефон байланысы жақсарып, дамып келеді. Жер шалғайлығына қарамастан қазір ауданның барлық елді мекендерімен телефон байланысы түгел жолға қойылған. 2012 жылы тұрғындарға 185 жаңа телефон нүктесі қондырылып пайдалануға берілді. Бүгінгі таңға аудандағы телефон абонеттерінің саны 11047 болса, солардың 2238 интернеттің кеңжолақты қатынау қызметін пайдаланып отыр. Жаңа технологиялар бойынша ID TV қызметінің пайдаланушылар саны 275-ке, ID Phone қызметін пайдаланушылардың саны 51 абонентке жетіп отыр. Қазір қала мен кенттерді қойып, ауылдық елді мекендер тұрғындарының арасында интернет қызметін пайдаланушылардың саны арта түсуде.

Бұған қосымша аудандық пошта торабының 21 байланыс бөлімшесі, бір жылжымалы байланыс бөлімшесі, үш байланыс пункті халыққа қалтқысыз байланыс қызметін көрсетіп келеді. Олар есепті кезеңде тұрғындарға 75790,0 мың теңгенің байланыс қызметін көрсетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда халыққа көрсетілген пошта - байланыс қызметінің 6,7 пайызға, немесе 5352,0 мың теңгеге артық орындалғанын білдіреді.

Әрине, елді мекен тұрғындарының тіршілігі көлік қатынасына тікелей байланысты екенін айтпаса да түсінікті болар. Аудандағы көлік қатынасымен автомобиль жолдарының жағдайына тоқталатын болсақ, қазір аудандағы 57 елді мекеннің 32-сі автокөлік қызметімен, 19-ы теміржол қатынасымен қамтылған. Қалада үш маршрут бойынша 28 микроавтобус, елді мекендерге 19 бағыт бойынша 45 жолаушылар автобусы және патент бойынша жеңіл автокөліктер (такси) халыққа қызмет көрсетеді. Қалааралық маршруттар: Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Төретам, Қазалы бағыттары бойынша да жолаушылар тасымалдау ісі жолға қойылған. Автовокзал кассасы арқылы алдын-ала билет сату, диспетчерлік қызметті пайдаланып автобус, таксилерге тапсырыс беру жұмыстары жүйеге келтірілген. Соғыс ардагерлері, бірінші топтағы көз мүгедектері және мектеп жасына дейінгі балалар қоғамдық көліктерде тегін жүру құқығын пайдаланады.

Ауданның ішкі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 728 шақырымды құрайды. Олардың 437 шақырымы қазақы қара жол, 99 шақырымына асфальт төселген, ал қалғандары тас төселген жолдар қатарына жатады. Сонымен бірге аудан территориясынан республикалық дәрежедегі 211 шақырымдық автомобиль трассасы өтеді.

Өткен жылы жергілікті маңызы бар М-32 «Самара- Шымкент - Сексеуіл» автомобиль жолын қайта жаңғыртуға республикалық бюджеттен 165458,0 мың теңге бөлініп игерілді. Үстеміздегі жылы бұл жол құрылысының қалған 12,2 шақырымын аяқтауға республикалық бюджеттен 161605,0 мың, облыстық бюджеттен 95076,0 мың теңге қаржылар бөлініп толығымен игерілді. Қазір аудан тұрғындары аталған жолды өз игілігіне пайдаланып отыр. Бұған қосымша биылғы жылға облыстық бюджеттен, трансферттер есебінен 140 млн теңге бөлініп Сексеуіл кентінің көшелері жөнделіп, жалпы ұзындығы 8 км болатын ішкі автомобиль жолдары салынды. Сондай-ақ Жақсықылыш кенті көшелерінің жалпы ұзындығы 5,1 шақырымды құрайтын ішкі автомобиль жолдары орташа жөндеуден өткізілді. Алдағы уақыттарда ауылдық округтері орталықтарының көшелері мен ішкі автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары жалғасын табатын болады.

Қай заманда да, қандай да бір мәселені шешу үшін қаражат қажет болған. Қазір де солай. «Жомарттың қолын жоқшылық байлайды»- дегендей шешімін күтіп тұрған проблемаларымыздың шаш етектен екенін көріп, біліп тұрғанымызбен бюджет қаражаты шектеулі. Осыдан кейін, ой жеткен жерге қол жетпей қалып жатады. Солардың қатарындағы аудандағы әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту, елді мекендерді көркейту, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ардагерлерге, аналар мен балаларға, мүгедектерге, қоғамымыздың әлжуаз тобына көмек беріп, қолдау көрсету, оларды қорғау шараларын іске асыру мәселелерінің аудан бюджетінің мүмкіндігіне тікелей байланысты екенін Сіздер жақсы білесіздер.

Соңғы жылдары біз аудан бюджетінің кіріс бөлігін артығымен орындағанның арқасында қосымша қаржы тауып, бірқатар шараларды іске асыруға мүмкіндік алдық. Оның үстіне ел экономикасының жыл санап жақсара түсуі жергілікті бюджеттің мүмкіндігін, көлемін кеңейтіп, қаржысын молайтып келеді.

Үстіміздегі жылдың 1-ші қаңтарына Арал ауданы бюджетінің жалпы кірістер болжамы 7043706,0 мың теңгеге (болжам 7003763,0 мың теңге) немесе 100,6 пайызға орындалды. Оның ішінде, салық түсімдері 1140648,3 мың теңгеге (болжам 1027477,0 мың теңге) 111,0 пайызға, салықтан тыс түсімдер 19248,0 мың теңгеге (болжам 16096,0 мың теңге) 119,6 пайызға орындалды. Облыстық бюджеттен алынатын 4448823,0 мың теңге субвенция, республикалық және облыстық бюджеттерден белгіленген 719988,0 мың теңге ағымдағы нысаналы және 711827,0 мың теңге нысаналы даму трансферттері толықтай алынып, 100 пайызға орындалды.

2013 жылдың 1-ші қаңтарына аудан бюджетінің шығыстарға белгіленген жоспарының 7155754,0 мың теңгесі игеріліп, (болжам 7254365,0 мың теңге) 98,6 пайызға орындалды.

Кешегі, желтоқсан айының 19-шы жұлдызында өткен аудандық мәслихаттың кезекті ХІ сессиясында ауданның 2013 жылға арналған бюджетінің жалпы кірістері 7 815 706 мың теңге, оның ішінде облыс бюджетінен бөлінетін субвенция 4 485 349 мың теңге, облыстық бюджеттен бөлінетін ағымдағы нысаналы және нысаналы даму трансферттері 1 046 346 мың теңге, республикалық бюджеттен берілетін ағымдағы нысаналы және нысаналы даму трансферттері 1 260 380 мың теңге көлемінде бекітілді. Демек, бюджет қаржысы есебінен жүзеге асырсақ деп жобалаған игі істеріміз 2013 жылы да жалғасын табатын болады.

2012 жылғы аудан бюджетінің кіріс бөлігінің артығымен орындалуы аудан тұрғындарына төленетін әлеуметтік төлемдердің, қаржылай көмектердің көптеп берілуіне, уақытылы төленуіне өз ықпалын тигізді. Бұл бағыттағы қамқорлық шараларымызды атап айтатын болсақ: атаулы әлеуметтік көмекке 19526,0 мың теңге қаралған болса, 2013 жылдың бірінші қаңтарына құжаттарын табыс еткен 193 отбасының 990 мүшесіне 16365,5 мың теңге әлеуметтік көмек тағайындалып төленді.

18 жасқа дейінгі балалы отбасылардың жәрдемақыларына 154 917,0 мың теңге қаралған болса, есепті кезеңде құжаттары қабылданған 2916 отбасының 9042 баласына тағайындалған 136224,8 мың теңге толығымен төленіп отыр.

Сондай–ақ жыл көлемінде 1262 отбасының өтініштері қабылданып, олардың 6635 мүшесіне, жалпы сомасы 23539,1 мың теңге «Тұрғын үй» көмегі берілді.

2012 жылы Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен қатысушыларына және жауынгерлердің жесірлеріне,мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендері, медалдарымен марапатталғандарға, барлығы 60 адамға монша,шаштараз қызметтері үшін тағайындалған 291,0 мың теңге толық төленді.

Ұлы жеңістің 67 жылдығына орай, соғыс жылдарында тылда кемінде 6-ай еңбек еткен 1282 адамға бір жолғы материалдық көмекке 58946,4 мың теңге олардың жеке есепшоттарына аударылып берілді.Осы мереке қарсаңында облыстық бюджеттен 3140,0 мың теңге қаралып 25-ҰОС қатысушылар мен мүгедектеріне, 4-ҰОС қатысушылардың қайтадан некеге тұрмаған жесірлеріне және 22-мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендері мен медальдарымен марапатталғандарға 2508,0 мың теңге жеке есепшоттарына аударылды. 2012 жылы облыстың басқа аудандарынан ерекше біз, жергілікті бюджеттен 5931,0 мың теңге қаржы қарап, жоғарыда аталған санаттағы адамдарға және оларға қосымша 3-ҰОС қатысушыларына теңестірілгендерге, 33-Ауған соғысына қатысушыларына, 17-Чернобль апатына қатысушылар мен мүгедектеріне, 12-Семей ядролық сынақ полигонына тікелей қатысқындарға, барлығы 7 категориядағы аудан тұрғындарына бір жолғы материалдық көмек ретінде, жалпы сомасы 5560,2 мың теңге болатын қаржылай көмекті олардың жеке есепшоттарына аударып бердік.

Сондай-ақ жыл көлемінде үйде тәрбиеленіп оқытылатын 64 бала мүгедегіне 1321,6 мың теңге көлемінде материалдық көмек тағайындалып толығымен төленді. Жыл көлемінде мүгедек жандарға: үлкендерге арналған - 20 бөлмелік 9 серуендік 4 балаларға арналған кресло-арбалар, 6 жетек арбасы, 15 телефакс, 20 ұялы телефон, 9 көп жүйелі система, 25 тифломагнитола, 11 плеер, 10 есту аппараты, 20 саңырауларға 30 зағиптарға арналған сағаттар, 18 балтақ, 98 ортопедиялық және 18 зағиптарға арналған таяқтар, басқа да гигиеналық құрал-жабдықтар таратылып берілді.

Аталған мерзімде жұмыссыздар қатарындағы 959 адам әртүрлі қоғамдық жұмыстарға тартылып, оларға 28677,0 мың теңге, 5 адам әлеуметтік жұмыстарға тартылып, оларға 130,5 мың теңге қаржы төленді. Жыл көлемінде 1247 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Әрине, аудандағы зейнеткерлер мен мемлекеттік жәрдемақы алушыларға төленетін төлемдердің уақытылы төленуі аудан басшылығының назарынан тыс қалған емес. Есепті мерзімде зейнетақы төлеу орталығы арқылы 6186 зейнеткерге 2684573444 теңге; 2695 мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыға 89931011 теңге; 8242 арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушыға 541065232 теңге; бала тууына байланысты бір дүркін жәрдемақыға және бір жасқа дейін бала күтімінде отырғандарға жәрдемақы ретінде 252963020 теңге; мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 958 адамға 199360760 теңге (барлығы 19466 адамға 4527157092 теңге) қаражат төленді.

Ардақты ағайындар!

Бюджеттің берекесі сол бюджеттен тікелей қаржыландырылып отырған ауданның білім, мәдениет, спорт салаларының дами түсуіне қолайлы жағдай жасауда. Салалар бойынша саралап айтар болсақ, жергілікті бюджеттің 70 пайыздан астамын өз игілігіне жаратып отырған ауданның білім саласының алар орны ерекше.

Бұл салаға бөлініп отырған қаржы мөлшері заман талабына сай жылдан-жылға ұлғайып келеді. Салыстырмалы түрде айтсақ 2010 жылы білім саласына 3333013,0 мың теңге қаралған болса, 2011 жылы 3927204,0 мың теңге, ал 2012 жылға нақтыланған бюджет қаржысы 4623627,0 мың теңгені құрады.

Қазір ауданда 38 орта, 6 негізгі, 8 бастауыш, 21 балабақша, 17 шағын орталық, 38 мектеп жанындағы жарты күндік шағын орталық, 4 мектеп жанындағы мектеп алды даярлық тобы, 3 мектептен тыс мекеме және бір кешкі мектеп ел болашағы-жастарымызға саналы тәрбие, сапалы білім беріп келеді. Мектептерде 14711 оқушы, шағын орталықтар мен балабақшаларда 3612 бала, мектептен тыс мекемелерде 1268 оқушы, кешкі мектепте 65 оқушы қамтылған. Оларға биылғы оқу жылында 2022 мұғалім (1765 жоғары, 257 арнаулы орта білімді ) , ал мектепке дейінгі мекемелерде 403 (190 жоғары, 213-арнаулы орта білімді) педагогикалық кадрлар дәріс береді. Мектептердегі мұғалімдердің 16-сы жоғары, 573-і бірінші, 767-і екінші, ал мектепке дейінгі мекемелердегілердің 26-сы бірінші, 99-ы екінші санаттағы мамандар болып табылады.

Бүгінгі таңда ауданның 29 мектебі 56 мултимедиялық кабинетпен 7-физика, 7-химия, 14-биология кабинеттерімен, 42 мектебі 114 интерактивті кабинеттермен жабдықталған. Сонымен қатар аудан мектептерінде қазіргі кезде 1313 комплекті компьютер пайдаланылып келеді. Бұл әрбір 11 оқушыға бір компьютерден келеді деген сөз. 48 мектеп (93 пайызы) интернет желісіне қосылған. Олардың 16-сы жолақты, 7-ы спутниктік интернет жүйесі бойынша жұмыс істейді.

Мектептердің басым көпшілігі типтік жобадағы жаңа ғимараттарға орналасқан. Барлық мектептер жазғы демалыс кезінде ағымдағы жөндеуден өткізіледі. Нәтижесінде, биылғы оқу жылы көлемінде бірде-бір мектепте жылудан, судан және электр энергиясымен қамтамасыз етуден ешқандай кедергі болған емес. 2012-2013 оқу жылына мектеп оқушыларын оқулықтармен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 21127,0 мың теңге бөлініп оған бастауыш сыныптарға 11090 дана оқулық, 7-ші сыныптар үшін 12498 дана, 8-ші сыныптар үшін 11106 дана, барлығы 34694 дана оқулық алынып таратылып берілді.

Мектеп жасындағы ата-анасының қамқорынсыз қалған және аз қамтамасыз етілген отбасыларының балаларын қорғау шаралары да жолға қойылған. Осы мақсаттарға жұмсалатын, жалпыға бірдей білім беру қорына бөлінген қаржы ауданда 2,9 пайызды құрап, 2012 жылы 93542,0 мың теңгеге жетті. Оның 79535,0 мың теңгесі, немесе 85 пайызы бірінші сынып оқушыларымен жоғарыда аталған санаттарға жатқызылған 3710 баланы 100 пайыз ыстық тамақпен қамтамасыз етуге жұмсалды. 2012-ші жаңа оқу жылы қарсаңында ауданның барлық білім ордаларында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы, 14-ші қыркүйекте аудандық «Қамқоршылар слеті», 29-шы қазанда «Қамқоршылар күні» өткізілді. 2012 жылдың 28 желтоқсаны күні № 62 орта мектептің базасында аудан әкімінің қайырымдылық шыршасы өткізіліп, әр жерден шақырылған, көмекке зәру деген 150 оқушыға сырт киімдер мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Бір сөзбен айтқанда оқушылардың сапалы білім алуына ауданда барлық мүмкіндіктер жасалған.

Үстіміздегі жылдың сәуір айында аудан әкімінің қаулысымен «Білім сапасы, дайындық, нәтиже» тақырыбына метеп басшылары мен тиісті пән мамандарының қатысуымен ҰБТ-ға дайындық жөніндегі аудандық форум өткізіліп, мектеп бітіруші түлектердің сынама тестілеу қорытындысына мониторинг жүргізіліп, маман мұғалімдердің қатысуымен іс -тәжірибе алмасылды. Биыл, 1-3 маусым аралығында 2-лек бойынша өткізілген ҰБТ-ге 726 мектеп бітіруші қатысты. ҰБТ-дің қорытындысы бойынша ауданның 18 мектебі орташа балдық көрсеткіштен жоғары денгей көрсетті. Он жеті мектеп бітіруші жүз және одан жоғары бал жинады. Бір «Алтын белгі» үміткері қорғап шықты.

Мектепке дейінгі мекемелердің дамуына тоқталатын болсақ аудандағы 21 балабақшаның (4-еуі жеке) 9-зы қалада және 12-сі елді мекендерде жұмыс жасайды. Олардың төртеуі типтік жобадағы, ал 17-сі бейімделген ғимараттарға орналасқан. Бүгінгі таңда мектепке дейінгі тәрбиемен 3612 бала қамтылып отыр. Бұл мектеп жасына дейінгі (5492) балалардың 72 пайызын құрайды. Ал, балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту кезегіне аудан бойынша 1013 бала кезекке қойылған. Сондықтан біз «Балапан» бағдарламасын іске асыру мақсатында жаңадан салынып жатырған балабақшаларға қосымша өнер мектебінің бұрынғы ғимаратын 35447,0 мың теңгеге күрделі жөндеуден өткізіп 90 орындық балабақшаға айналдыру жұмыстарын жүргізудеміз.

Жалпы өткен жылы аудан көлемінде мектеп, балабақша құрылыстарын салу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Атап айтатын болсақ: республикалық бюджеттен салынған Абай елді мекеніндегі 600 орындық, облыстық бюджеттен салынған Сексеуіл кентіндегі 150 орындық, Аралқұм елді мекеніндегі 250 орындық мектептер, облыстық бюджеттің төтенше жағдайларға бөлінген қаржысы есебінен салынған Ақбасты елді мекеніндегі 50 орындық орта мектеппен 20 орындық балабақша, республикалық бюджеттен Арал қаласында салынған 280 орындық балабақша құрылыстары бітіп, пайдалануға берілсе құрылысы аяқталып қалған №73 Аманөткел, № 82 Қаратерең мектептері жақында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар қаладан салынып жатырған № 64 орта мектептің құрылысы жалғастырылып келесі жылы пайдалануға берілетін болады. Аудандағы мектептер мен балабақшалар құрылысын салу жұмыстары 2013 жылы да жалғастырылатын болады.

Осындай жүйелі жұмыстардың мәдениет саласын дамыту бағытында да атқарылып келетінін Сіздер жақсы білесіздер. Біз қоғамның дамуындағы мәдениеттің алар орны ерекше екенін ешқашан естен шығарған емеспіз. Оған дәлел мінекей, биыл сегізінші жыл қатарынан бірде-бір жыл ауданымызда атаусыз өткен емес. Әр жылға атау беріп, әр жылды бүгінгі ұрпаққа өткенімізді өнеге етумен, ұлыларымызды ұлықтай отырып қорытындылауды үрдіске айналдырдық. Әрине мерекенің мәдени шарасыз өтпейтіні белгілі. Сондықтан да ауданның мәдениет саласын дамыту барлық уақытта біздің басты назарымызда болды.

2011 жылы аудан орталығынан типтік жобадағы, жаңа үлгіде жабдықталған 300 орындық мәдениет үйі бой көтеріп,алдынан жастарға арнап «Ғашықтар алаңы» салынды. Облыстық бюджеттен 3200,0 мың теңге бөлініп,аудандық мәдениет үйіне сахналық, ұлттық, концерттік костюмдер тіктірілді. 6937,0 мың теңге аудандық мәдениет үйіне автобус,Қызылжар ауылдық мәдениет үйіне «УАЗ» автакөлігі алынып берілді.

З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйіне өткен жылы 35000,0 мың теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп,дыбыс күшейткіш аппаратуралар алынды. Көрермендер залында креслолар орнатылып, 700,0 мың теңгеге сахналық киімдер тіктірілді.

2012 жылы Нұртуған Кенжеғұлұлы атындағы аудандық жыраулар үйі, жаңа ғимаратқа көшірілген «Өнер мектебі» ашылды.

Бүгінгі таңда ауданның мәдениет саласында 71 мемлекеттік мекеме халыққа мәдени қызмет көрсетеді. Олар: аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты аудандық Мәдениет Үйі, қалалық Мәдениет Үйі, Жыраулар Үйі, 4-ауылдық Мәдениет Үйі, 22-ауылдық клубтар, 2-жылжымалы мәдени-демалыс кешені және 39 кітапхана. Клубы жоқ елді мекен тұрғындарына № 1 және № 2 жылжымалы мәдени-демалыс кешендері халыққа мәдени қызмет көрсетіп келеді.

Ауданның өнер ордаларында болып өткен бір қатар негізгі-негізгі деген мәдени шараларды атап өтетін болсам:

- 8-наурыз мерекесі қарсаңында аудандық мәдениет үйінде «Ана-Тәңір сыйынатын құдырет» мерекелік концерті;

- Науыз мерекесі күні «Даңқ алаңында» театрландырылған қойылым қойылып, концерт берілді. «Бірлігімнің арқауы – қош келдің Наурыз ырысым» атты мәдени көпшілік мерекесі;

-З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінде «Мәуліт күніне» орай орталық мешіттің ұйымдастыруымен «Имандылық кеші»;

- «1-Мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күні» мен «9-мамыр Ұлы Жеңіс күндері» орталық алаңда мерекелік шерулер, концерттер мен мәдени кештер;

- 4-ші маусым Рәміздер күні «Ел рәміздері – елдігімнің реңі, теңдігімнің тірегі» атты мәдени көпшілік мерекелері ұйымдастырылып өткізілді.

Бұндай мәдени шаралар ауылдық мәдениет үилері мен барлық клубтарда да жоспарлы түрде жүргізіліп отырылды. Күні кеше ғана, 4 қазан күні Арал өңірінде дәстүрлі түрде үшінші мәрте өткізілген «Арал күндері» фестивалі және «Қарақұм құрылтайы» жылын қорытындылауға арналған үлкен мерекелік шараға облыстан бастап ауданның барлық мәдениет салаларының қызметкерлері түгел қатысып, халықты өз өнерлерімен тәнітті етті.

Өткен жылғы статистикалық мәліметтерге жүгінсек аудан халқының 27570-сі 14 пен 29 арасындағы жастардың үлесіне тиеді екен. Олардың 11115-сі қалада, ал 16455-сі ауылдық елді мекендерде тұрады. Демек, оларды қоғамдық өмірге дұрыс қалыптастыру, салауатты өмір салтына тәрбиелеу білім, мәдениет пен спорт салаларының басты міндеті болып қала бермек. Бүгінгі таңда білім мен мәдениет салаларымен қатар ауданда 227 спорт объектісі осы бағытта қалыпты жұмыс жасауда. Яғни, 34 спорт залы, 6 спорттық ату тирі, 33 ыңғайластырылған спорт бөлімдері, 153 ашық спорт алаңы (оның ішінде 21-не жасанды төсеніш төселген), бір спорт ядросы және орталық спорт комплексі (стадионымен) жастардың игілігіне берілген. Арал қаласында және Сексеуіл кентінде балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері, Жақсықылыш кентімен Шижаға елді мекенінде спорт мектептерінің филиалдары жұмыс жасайды. Аудандағы 52 жалпы білім беру мектептеріндегі 178 денешынықтыру пәндерінің мұғалімдерін қоса есептегенде 262 спорт маманы қазір жастарды дене тәрбиесімен спортқа баулып келеді. Бүгінгі күні аудандағы бос уақыттарын ұтымды ұйымдастырып, дене тәрбиесімен, спортпен айналысып жүрген жерлестеріміздің ұзын саны 16428 адамға жетіп отыр. Бұл барлық аудан халқының 22,04 пайызын құрайды. Солардың қатарындағы жасөспірімдер саны 6897-ге жетті. Бұл дегеніңіз ауданымыздағы мектеп жасындағы балалардың 47 пайызы өзінің көңілінен шыққан, белгілі бір спорт түрімен қалыпты түрде айналысады деген сөз. Мектеп жасындағы балаларымыздың жаппай денешынықтырумен спортқа бетбұрыс жасауы соңғы жылдардағы облыс, аудан басшыларының спортты дамытудағы игі шараларының жемісі деп айтуға толық негіз бар. Біз өткен, 2011 жылы облыстық бюджеттен 45,0 млн теңге қаржы алып, қалада төрт жерден және Сексеуіл, Жақсықылыш кенттерінен, Шижаға, Қамыстыбас, Бөген елді мекендерінен жастарға арнап жасанды төсеніші бар 9- әмбебап ашық спорт алаңын салып берген болатынбыз. 2012 жылы да спорттың бұқаралығын арттыру,спорт объектілерін дамыту үшін жергілікті бюджеттен 50,0 млн теңге бөлініп,аудан көлемінен жасанды төсеніші бар 10 әмбебап спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді. Жастарымыздың болашағы үшін біз бұл жұмыстарымызды әлі де жалғастыра беретін боламыз.

Аудан спортын дамыту ісіне көрсетілген қолдаудың қайтарымы да көңіл қуантарлықтай. Өйткені қажетті жағдай жасалғаннан кейін жыл санап спортпен айналысатын аудандағы жастарымыздың саны да және олардың көрсеткіштері де жоғарылап, өсіп келеді.

Әрине, спортпен салауатты өмір салтын қалыптастыруды медициналық қызметтен бөліп-жарып қарауға болмайды.

Ауданда бір диагностикалық емхананың, бір аудандық аурухана және бір тубдиспансерінің ұжымдары халықты емдеу және аурудың алдын алу қызметтерімен қалыпты түрде айналысып келеді. Аталған емдеу ұжымдарында 140 дәрігер мен 634 орта буынды медицина қызметкерлері халыққа медицина саласының 25 түрі бойынша сапалы, мамандандырылған көмектер көрсетуде. Дәрігерлердің 67-сінің (48 пайызы) біліктілік санаттары бар. Олардың ішінде жоғары санаттағылары 8, бірінші санаттағылары- 48, екінші санаттағылары – 11. Біліктілік санаттары бар орта буынды медицина қызметкерлерінің саны – 360 (56,7 пайыз). Оның ішінде жоғары санаттағылары -234, бірінші санаттағылары -89, екінші санаттағылары -37.

2012-ші жыл көлемінде амбулаториялық-емханалық мекемелерге барлығы 399194 тұрғын келіп (1 тұрғынға шаққанда - 5,4) қаралды. Олардың науқасы бойынша қаралғандары 202228 адам, алдын ала медициналық тексеруден өткендері 196966 адам. Бүгінгі таңға аудан бойынша 20292 адам диспансерлік есепке алынған.

Үйге барып қызмет көрсету көрсеткіші 61275-і құрады. Аудан бойынша күндізгі стационарда емделіп шыққандар саны 4302 адам болды.

2012 жылдың сәуір айынан бастап жылжымалы дәрігерлер бригадасы Арал, Қазалы аудандарының халқына скрининг тест бағдарламасы бойынша медициналық тексерулер жүргізуді жүзеге асырып келеді.

Саланың қажетті дәрі-дәрмектермен, аппаратуралармен жабдықталуы жылдан-жылға жақсара түсуде. Биылғы жылы ауданның медицина саласына 3 жедел жәрдем автокөлігі (Бекбауыл, Шижаға елді мекендері мен Арал қаласындағы жедел жәрдем стансасына) алынып, 86 млн.теңгеге 1 жылжымалы кешен, 59 млн.теңгеге 1 дана әйелдердің сүт безі қатерлі ісігін анықтайтын жылжымалы медициналық кешен және 3,5 млн.теңгеге түрлі медициналық құрал-жабдықтар алынды. Осындай мемлекет қамқорлығының арқасында соңғы жылдары аудан тұрғындары арасында жұқпалы індеттермен ауыратындар санының азаю тенденциясы аңғарылады. Аналар мен жас балалардың өлім көрсеткіштері де жыл санап төмендеп, кеми түсуде.

Елбасының жаңа Жолдауынан туындайтын талаптарға сәйкес алдағы уақыттарда да халықтың денсаулығын жақсарту, әсіресе ана мен баланың денсаулығын қорғау шараларына біздің ауданымызда басты назар аударылатын болады.

Ауқымды жұмыстар қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіппен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында да атқарылып келеді. Осыған қарамастан ауданымызда аса ауыр қылмыстар және сала бойынша тіркелген қылмыстар саны 2012 жылы өткен, 2011 жылмен салыстырғанда біршама өскендігі аңғарылады. Әсіресе криминалдық полиция саласындағы қылмыстармен, жасөспірімдермен жасалған қылмыстар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көбейіп, өсіп отыр. Аудан көлемінде ұрлық та азаймай келеді. Керісінше, орын алған қылмыстардың ашылу көрсеткіші өткен, 2011 жылмен салыстырғанда біршама 25,9 пайызға (57,1 пайыздан 2012 жылы 31,2 пайызға) төмендеген. Сондықтан алдағы уақытта тек құқық қорғау қызметкерлеріне ғана иек артып қоймай, тәртіпті түзеуге, қылмыстың алдын алып, оның кез келген түрімен бүкіл аудан тұрғындары болып қарсы күресуге баса назар аударылатын болады. Осы орайда мүмкіндігіне қарай, ақылы қоғамдық жұмыстар есебінен биылғы жылы ауылдық округтерде «Сақшылар» қызметін ұйымдастыруды қарастыру да ойымызда бар.

Аудан әкімі мен орынбасарларының, аппарат, бөлім басшыларының тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдау күндері белгіленіп, аудандық «Толқын» газетінде жария етілді. 2012 жыл көлемінде аудан әкімінде 106 адам, әкімінің орынбасарларында 148 адам, аппарат басшысында 32 адам, барлығы 286 адам жеке қабылдауда болып өз өтініштерін қанағаттандырды.

Есепті мерзімде аудан әкімшілігіне 515 арыз келіп түсіп, қаралды. Бұл өткен жылғы салыстырмалы кезеңдегіден 236 арызға кем. Алайда атқарылып отырған шараларға қарамастан аудан әкімдігіне, жоғарғы органдарға жолданған арыз-шағымдарының саны (біршама азайғаны болмаса) көңілден шығатын деңгейде кеміп отырған жоқ. Өкінішке орай, жергілікті жерде өзіміз шешетін мәселені арыз етіп жоғарыға жолдау, болмаса беделді басылымдарға бастыру арқылы жарияға жар салу фактілері әлі де кездесуде. Әрине, біз жазды екен деп біреуді кінәләуға тиісті емеспіз. Алайда арызда, мақалада көрсетілген мәселені бірінші кезекте шешетін де, қолдан келгенінше өз тұрғындарымызға қол ұшын беріп, көмек көрсететін де өзіміз болғандықтан келешекте арыз иелері айқайға баспай тұрып алдымызға келіп бізбенен ақылдасып, мәселенің осы жерден бір шешімін табуына ат салысса артық болмас еді, деп ойлаймын.

Қалай дегенде де жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жою бағытында біз, тиісті жауапты қызметкерлермен бірге жатпай-тұрмай, қоян қолтық жұмыс жасайтын боламыз. Ол біздің міндетіміз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет