Тағы да аударма мәселесі туралы не айтар едіңіз?
- Аударма әдеби жанрлар ішіндегі ең бір шетқақпай қалып келе жатқан жанр. Жылма-жыл Нұрғазы Шәкеев бір баяндама жасап қояды, іс сонымен ғана тынғандай көрінеді де тұрады. Жазушылар одағы жанынан аударма секциясын ашып, осы саладан бір референт болса деген ұсыныс бар... Бұл мәселе іске аса ма, аспай ма – оны уақыт көрсете жатар. Сөйтіп бұл жұмысты бір орталыққа бағындырса деген ой айтқым келеді. Өйткені жоғарыда айтып өткенімдей бұл салада бірізділік жоқ. Кімдерді кімдер аударып жатқандары да белгісіз.
Ал тағы бір ұсыныс айтсам мынау – аудармаға орысша жазатын қазақ ақын-жазушыларын тартса, мысалы Бақытжан Қанапиянов, Ерлан Сатыбалдиев, Орынбай Жанайдаров, прозадан да біраз азаматтар бар. Олар туындының өзі тілінен тікелей аударар еді.
- Сәке, орыс-кәріс жазушысы Анатолий Ким қазақ әдебиетінің классигі ұлы Мұхтар Әуезовтің “Абай жолын” орыс тіліне аударып жүр деп естідік. Осы туралы не білесіз?
- Менің бұл туралы білетінім анау бір кезде Мұхаңның баласы Мұрат Әуезов бір газетке осы мәселе туралы мақала жазғаны есімде қай газетте екені есімде қалмапты. Баласынан артық білем деп айталмаймын, әрине. А.Кимнің атақты жазушы екенінде дау жоқ, бірақ көзін тырнап ашқаннан бері Мәскеуде тұрады. Ресейде тұратындықтан, шығармаларының бәрін орыс тілінде жазатындықтан орыс жазушысы болып кеткен. Туындыларының талантты екені сөзсіз. Туған жері – Қазақстан. Оның енді қазақ классигінің, оның әлемге әйгілі “Абай жолын” қайтадан орыс тілінде сөйлетем деген қадамы өте құптарлық іс деп ойлаймын. Кезінде құшағын жайып қарсы алған қазақ халқына деген сүйіспеншілігінен туған идея деп бағалауға болады Кимнің бұл ісін. Жалғыз Ким емес, бұл туындыны аударуға қазақ жазушылары да шетқақпай қалмай, ақыл-кеңес беріп, көмек қолдарын соза білсе, Мұхаңның ұлы шығармасы орыс тілінде жаңа сапа биігінен көрінетіндігі анық. Бұған қазақ жұртшылығы қуанбаса ренжімес. Біз де Анатолий Кимнің жаңа қадамына зор табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Дәлелбек БАТЫР
Достарыңызбен бөлісу: |