Пайдаланған әдебиеттер :
1. Алдашева А. Аударматану: лингвистикалық және лингво-мәдени мәселелер.
2.Латышев Л.К. Перевод: проблемы теории, практики и методики преподования. – Москва: “Просвещение”, 1988. -159стр.
3.Салқынбай А, Абақан Е. Лингвистикалық түсіндірме сөздік. – Алматы: “Сөздік-словарь”, 1988. –304стр.
4.Сатыбалдиев Ә. Рухани қазына. – Алматы: 1987. –127бет.
5.Швейцер А.Д. Перевод и лингвистика. –Москва: Воен издательство, 1973. –280стр.
АУДАРМАТАНУДЫҢ
КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
Б. Ақбұзауова
Аударма – жан-жақты, күрделі мәселе. Ол туралы орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин «Переводчики-почтовые лошади просвещения» деп бекер айтпаған. Тәржіманың жекелеген аспектілері түрлі ғылымдардың зерттеу нысаны бола алады. Аударматану психология, әдебиеттану, этнография ғылымдарымен өзара тығыз байланысты. Сондықтан зерттеу нысанына қатысты психологиялық аударматану, әдеби аударматану, этнографиялық аударматану, тарихи аударматану деп таратуға болады. Қазіргі заманауи тәржімада аударманы лингвистикалық тұрғыда зерттейтін ғылым дамуда әрі оның аударма теориясы, аудармаға талдау және аударма жасауды меңгерту әдістемесі тәрізді бағыттары бар (1, 18).
Аударманың теориясы аударманың негізгі лингвистикалық заңдылықтарын зерттейді және ол аударма жұмыстарының практикалық нәтижесін талдау арқылы тұжырымдалады. Демек, аударма жасаудың қандай да бір дайын тұрған ереже, қағидалары жоқ. Дегенмен де, орыс тіл білімінде аударма лингвистикасының біршама ілгерілеп кеткенін, көптеген тәжірибелер ортаға салынғанын байқауға болады.
Аударматану – негізінен, теориялық емес, қолданбалы ғылым. Қазақ тіл білімінде аударма жасауды меңгерту әдістемесі қалыптаспаған деуге болады. Аударма туралы еңбектер көркем аударма негізінде әдеби стильдік талдау, «мынау жақсы, мынау-нашар аударма» деп пікір айту дәрежесінен аса қойған жоқ. Демек, аударматану теориясын қалыптастыруда біздің оқытудағы практикалық жұмыстарымыздың да мәні бар деп білеміз.
Ал, халықаралық қатынастар маманы үшін аударматанудың әліппесімен танысудың маңызы зор. Өйткені, халықаралық саяси құжаттарды, баспасөз материалдарын екі тілде еркін түсіну, аудара білу өте қажетті жұмыс. «Аударматану негіздері» практикалық курсында аударма жұмысының түрлерімен таныстырып, сипаттап кетуден студенттің аударма жасау машығы қалыптаса қоймайды. Біздің ойымызша, практикалық жұмыстар нәтижелі болу үшін кейбір теориялық мәселелерге назар аудару қажет. Осы ретте қазақ және орыс тіліндегі сөйлем құрылымдарын салыстыра түсіндіруге назар аударған дұрыс.
Мәтін тәржімасында сөйлемдердің сөзбе-сөз аударылумен қатар, олардың айтылу мақсатына қарай дәлме-дәл ақпарат беруіне назар аудару керек.
Себебі тілдік белгілер қандай да бір ұғымдық мағына береді. Осы ұғымды беретін құралдармен танысу, студентке аударма жұмысында басшылық ететіні анық. Бұл тарапта аударма жасалатын тілдердің жалпы және жеке лингвистикалық ерекшеліктері, аударманың қай түріне болса да қатысты түсіндірілуі қажет.
Кез-келген сөйлем қандай да бір жаңа ой айту, пікір білдіру үшін құрылады, соған ой екпінін түсіреді. Функционалдық грамматика бойынша сөйлемдегі айтылған ойдың бұрыннан таныс бөлігі-тема, ал жаңалығы-рема деп аталады.
Сондықтан аударма – мағынадан – қызметке деген функционалдық грамматиканы басшылыққа алуды ұсынамыз.
Қазақ тіліндегі сөйлем құрылысында рема яғни жаңа сөйлемнің баяндауыш-предикаты арқылы беріледі. Ал, предикаттық орталықтың алдында тұрған сөзге мағыналық екпін түсіп, сөйлемнің актуалді мүшесіне айналады. Ал, орыс тілінің жазба стилінде сөйлемнің актуалді мүшелену бойынша; сөйлем темадан басталады, рема оны жалғастырады (3; 114). Демек, сөйлем предикаты және одан соңғы сөздер рема болып келеді. Мысал арқылы түсіндірсек: Кеше Елбасы Н.Назарбаев Алматыдаы резиденциясында Францияның мемлекеттік хатшысы Рено Музельені қабылдады. Хабарлау сипатындағы бұл сөйлемді аудару студентке онша қиын емес, алайда жұмыс барысында олардың осы сөйлемді келесі нұсқалармен аударғаны белгілі болды:
1. Вчера в Алматинской резиденции принял глава государства Н.Назарбаев госсекретаря Франции Рено Музелье, деген сөйлемде ой екпіні елшіні кім қабылдағанына түсіп тұр.
2. Вчера глава государства Н.Назарбаев Алматинской резиденции принял госсекретаря Франции Рено Музелье, деген сөйлемде ой екпіні кімді қабылдағанына түсіп тұр.
3. Глава государства Н.Назарбаев принял вчера в Алматинской резиденции госсекретаря Франции Рено Музелье, деген сөйлемде ой екпіні қашан қабылдағанына түсіп тұр.
4. Вчера госсекретаря Франции Рено Музелье Глава государства Н.Назарбаев принял в Алматинской резиденции, деген сөйлемде ой екпіні елшіні қайда қабылдағанына түсіп тұр.
Қарап отырсақ сөйлемнің лексикалық құрамы мен мазмұны сақталғанмен хабарлау мақсатында, ой екпінінде айырмашылық бар. Демек, бұл нұсқалардың айтылу мақсатына қарай қазақша баламасының қайсысы адекватты баламасы болатынын студент өзі айқындауы қажет. Ол үшін түпнұсқа сөйлемдегі ой екпінін анықтаймыз. Түпнұсқада ол елбасы кімді қабылдағанын хабарлауды мақсат еткен. Өйткені предикаттық орталықтың алдында тұрған сөз-Рено Музелье. Яғни екінші сөйлем ғана адекватты балама болады. Демек, сөйлем мазмұны бір болғанымен ой екпіні дұрыс қойылмаса сөйлем өзінің айтылу мақсатын, коммуникативтік қызметін толық орындай алмайды. Мұны жоғарғы мысалдардан анық көруге болады. Мұндай мысалдардан түпнұсқа мәтінде бірнеше нұсқаларын беріп ой екпінін анықтау арқылы жаттығу жұмыстарын жүргізуге болады. Бұл жұмыс орыс тілінен қазақ тіліне аударғанда да солай болуы керек.
Аударма жұмысында қазақ және орыс тіліндегі сөйлем құрылысының тағы бір маңызды ерекшелігі дара, күрделі және үйірлі есімшелер арқылы күрделі оралымдардың анықтауыш болып келуі. Қазақ тілінде есімшелі оралымдар образдылық, көркемдік беріп, сипаттау қызметінде келсе, орыс тілінде сөйлемге кітабилық, ресмилік сипат береді және публицистикалық, ғылыми стильде өте жиі қолданылады. Тәржіма жұмысында бұлардың екі тілдегі ерекшеліктеріне мән беру қажет.
Қазақ тіліндегі күрделі есімшелер орыс тілінде причастия с зависимыми словами немесе причастные обороты деп аталады. Сөйлем мүшелерінің қызметі орын тәртібіне негізделген қазақ тілінде есімшелі анықтауыштардың барлық түрі өзі анықтайтын сөзінің алдында келеді. Егер ол өзі анықтайтын сөздің соңынан келсе оның қызметі де өзгеріп сөйлем атрибуты емес предикатқа айналады. Ал есімшелі оралымдардың орыс тілінде анықталатын сөздің орын тәртібіне орай екі түр бар екені белгілі. Және орыс тілінде күрделі есімшелерді құрмалас сөйлемдермен тең келетін жерлері бар. «Причастный оборот и сложное предложение со словам «который» взаимозаменяемы, если причастный оборот занимает позицию после слова, к которому он отоносится, если причастный оборот занимает позицию перед, то это- необособленный причастный оборот, деген тұжырым осының дәлелі. Мысалмен айтсақ: Он читает газету, купленную утром-Он читает газету, которую он купил утром (73, 9).
Орыс тілінде есімшелі оралымды «екінші предикат», сөйлем ішіндегі сөйлем деп қарастырады. Бұл жерде екі нәрсені ескерген орынды: біріншіден, «айқындауыш мүше жөніндегі ұғым басқа тілдердегі приложение, аппозисон деп аталып жүрген ұғымдарға сай туып, қазақ тіл білімінде орнықты. Осылай болғанмен қазақ тіл білімінде айқындауыш деп аталып жүрген грамматикалық ұғым олармен тепе-тең емес» (21, 164). Демек, орыс тіліндегі оңашаланған айқындауыш қазақ тілінде күрделі анықтауыш қана болады. Өйткені анықтауыштың өзі анықтайтын сөзінен кейін тұруы инверсия құбылысына байланысты жүзеге асады. Екіншіден, ол қазақ тіліне құрмалас сөйлемнің басыңқы сыңары болып аударылмайды, өйткені онда бір ғана предикат бар.
Қорыта келгенде, орыс тіліндегі оңашаланған да, оңашаланбаған есімшелі айқындауыштарға, анықтауыштарға да қазақ тіліндегі күрделі есімшелі анықтауыштар сәйкес келеді.
Сонымен қатар орыс тілінде есімшелер белсенді әрекет сынын білдіруіне байланысты актив және пассив немесе ырықсыз (орысшасында страдательный) есімшелер болып бөлінеді. Мысалы: кітап оқыған студент (актив), студент оқыған мақала (пассив).
Қазақ тілінде есімшелер актив және пассив болып бөлінбейді. Алайда орыс тіліндегі (страдательный) есімшелер қазақ тіліне ырықсыз есімше болып аударылады. Қазақ тілінде есімшелер үйірлі анықтауыш болып келеді, мысалы: Статья, переводимая студентом, написана на японском языке-Студент аударған мақала жапон тілінде жазылған. Субъект-предикат ыңғайында келгенмен бұл құрмалас емес, жай сөйлем, грамматикалық терминмен айтқанда, үйірлі мүше.
Аударма жұмысында есімшелер арқылы келген анықтауыштар әрдайым өзі алдында тұрған заттың тікелей сыны болмайтынын да ескеруіміз керек. Атап айтқанда оларды: 1) а) субъектінің сыны (білетін студент-знающий студент), б) субъектінің іс-әрекетке қатысты сыны (жұмыс істеп жүрген студент-работающий студент), 2) субъектінің іс-әрекет объектісіне қатысты сыны (кітапты көп оқыған студент-студент который много читает, читающий студент); 3) пассив субъектінің сыны (студент оқыған кітап-книга прочитанная студентом), 4) объекті сыны (жуылған еден-вымытый пол) деп қарастыруға болса, аударма жасай келгенде анықтауштық құрылымдардың бірде тек есімшелердің, енді бірде орыс тіліндегі есімдіктер көмегімен аударма жасауға бейім тұруы тек мағыналық жағынан ғана емес, сондай-ақ есімшелі анықтауыштардың құрамына да тәуелді екенін мысалдар арқылы түсіндіреміз.
Аударма жұмысында тағы бір назар аударатын мәселе-термин сөздерге қатысты. Осы тұрғыда калька (сөздің, сөз тіркесінің сыртқы нысанын, ішкі мазмұнын дәлме-дәл сол қалпында аудару)-кірме сөздердің енуіне, неологизмдердің пайда болуына ықпал ететін тілдік амал-тәсіл. Калька арқылы термин жасаудың жолдары көп, атап айтсақ: сөздердің бірігуі-келіссөз, жалақы, тіркесу арқылы-келісімшарт, жұрнақ арқылы-елші, мәмілегер, фразеологиялық тіркестер-төртінші билік, шара қолдану т.б. Бұл терминдердің шығу тегі сөздің мағынасына студентке түсінікті. Соңғы кезде «Ұлттық ұғымға бірдейлестіру тенденциясы түсініктің, заттың атауларында «ұлттық колориттің» бояуын, номинацияның, терминнің құрылымдық компоненттері «қазақы» элементтерден құрылуын қалайды» (5;30). Сондықтан калька жолымен аудару барысында, төл тіліміздегі бұрыннан бар сөздер жаңа сөздерге балама ретінде жұмсалып, терминдік мәнге көшіп отырған тұстары бар. Мәселен, тілімізге «презентация» сөзі алғашында «презентация» болып еніп, қазір «тұсаукесер» сөзі норма болып қалыптасты. Студент бұл сөзді қолданғанмен екі сөздің арасында қандай мағыналық байланыс бар екенін біле бермейді, бұл сөздік тұлға есінде сақталмайды да. Сондықтан оны түсіндіре кету тіл үйренушінің ұлттық танымын кеңейтеді әрі есінде қалады. Түсіндіре кетсек, аталмыш сөз алғашында калька-балама арқылы «көрсетілім» деп аударылды. Бұдан соң контекске икемделіп алғашқы көрсетілім, алғашқы қойылым деген түсіндірмелі балама нұсқалары пайда болды. Бірақ, презентация сөзі тек көрсетілім ұғымын ғана бермейді, бұл сөздің ұғымында «алғашқы» деген мағына бар. Сондықтан «презентация»-тұсаукесер көрсетілім, қойылым тіркесімен аударылды. Бұл жерге студенттерге ұлттық ұғымды түсіндіре кету орынды болмақ. Тұсаукесу сөзі алғашқы, тұңғыш қадам, дербестік алу, қуаныш атап өтуге тұрарлық жағдай деген ұғымдарды сидырып тұр. Нәтижесінде «Тұсаукесер» сөзі қоғамдық-саяси термин дәрежесіне жетіп, тілдік нормаға айналды» (5; 30).
Ұлттық мәдениеттің тілдегі көрінісін танытатын тұлғалар ретінде осы терминді талдаған зерттеуші А.Алдашеваның үлгісімен басқа да терминдердің жасалу жолдарын, мысалы: дочерняя компания (қыз компания) – еншілес компания; награждать-марапаттау; коррупция – сыбайластық, коррумпированность-сыбайлас жемқорлық; алыс-беріс өнім-давальческий продукт тәрізді этноұғымға сай жасалған терминдерді мән-мағынасын ашып түсіндіріп отыруды дұрыс деп санаймыз.
Аударма жұмысы ауызша және жазбаша болып екіге бөлінетіні белгілі. Жұмыс тәжірибесінде студенттер негізінен аударманың жазбаша түрімен айналысады. Біздің ойымызша ауызша аударма жұмысымен де машықтандыру жұмысының нәтижесі зор. Мұнда үнтаспаға жазылған шағын мәтіндерге ілеспе аударма жасату, сондай-ақ бейнетаспаға жазылған кинофильмдерге ілеспе аудармаларын жасатуды жоспарлап отырмыз. Бұл тапсырма сөздіксіз, табан астында жұмыс істеу арқылы студенттің сөздік қорын, байланыстыра сөйлеу мүмкіндігін және екі тілде бірдей ойлай білу, образ жасау қабілетін дамытады.
Бұл ретте біржақты-унилетаралды, екіжақты-билатералды түрлерін де пайдалануға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |