51-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің атқарушы органының құзыреті
1. Кооперативтің атқарушы органының құзыретіне осы Заңда, кооперативтің жарғысында немесе жалпы жиналыс қабылдаған қағидалар және өзге де құжаттарда айқындалған жалпы жиналыстың немесе байқаушы органдардың құзыретіне жатпайтын кооператив қызметін қамтамасыз етудің барлық мәселелері жатады.
Кооперативтің атқарушы органының құзыретіне сонымен қатар жалпы жиналыстың ерекше құзыретіне жатпайтын, осы Заңның 42-бабының 3-тармағына сәйкес атқарушы органға берілген оның өкілеттіктері де жатады.
2. Кооператив үшінші тұлғамен қатынастарда кооперативтің атқарушы органының өкілеттіктеріне белгілеген шектеулеріне сілтеме жасауға құқылы емес. Алайда кооператив, егер мәміле жасасу кезінде үшінші тұлғаның мұндай шектеулер туралы білгенін дәлелдесе, өзінің атқарушы органының белгіленген шектеулерді бұза отырып, үшінші тұлғамен жасаған мәмілесінің заңдылығын даулауға құқылы.
3. Кооперативтің атқарушы органының мүшелері кооперативке кез келген қатысушының талап етуі бойынша олардың кооперативке келтірген зияндарын өтеу бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл ретте олар бірлесіп жүзеге асырған кооперативті тиісінше басқармаудан туындаған зияндар үшін ортақ жауапкершілікте болады.
4. Кооперативтің атқарушы органы мүшелерінің кооперативті басқаруды тиісінше жүзеге асырмауынан туындаған кооперативтің дәрменсіздігі (банкроттығы) салдарынан үшінші тұлғалар шеккен зияндар үшін кооперативтің атқарушы органының мүшелері осы тұлғалар алдында кооперативпен бірге ортақ субсидиарлық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
52-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің жеке-дара атқарушы органы
1. Кооперативтің жеке-дара атқарушы органы (директор, басқарушы директор және сол секілді):
1) кооперативтің атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
2) кооператив мүддесін білдіру құқығына сенімхаттар, оның ішінде қайта сенім білдіру құқығымен сенімхаттар береді;
3) кооператив қызметкерлеріне қатысты оларды лауазымға тағайындау туралы, оларды басқа жұмысқа ауыстыру және жұмыстан босату туралы бұйрықтар шығарады, еңбекақы төлеу жүйесін айқындайды, лауазымдық жалақылар және дербес үстемақылар мөлшерін белгілейді, сыйлықақы беру мәселелерін шешеді, көтермелеу шараларын қабылдайды және тәртіптік жаза қолданады;
4) осы Заңмен немесе кооператив жарғысымен қатысушылардың жалпы жиналысының немесе байқаушы органдардың құзыретіне жатқызылмаған өзге де өкілеттіктерді, сондай-ақ осы Заңның 42-бабының 3-тармағына сәйкес кооператив қатысушыларының жалпы жиналысымен оған берілген өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Кооперативтің жеке-дара атқарушы органы қызметінің және оның шешімдер қабылдау тәртібі кооператив жарғысымен, сондай-ақ қатысушылардың жалпы жиналысында қабылданған қағидалармен және өзге де құжаттармен айқындалады.
3. Егер кооператив жарғысына сәйкес оның істерін жүргізу алқалы атқарушы органға біріктірілмеген екі немесе бірнеше директорға (басқарушы және сол секілді) тапсырылса, онда мұндай директорлардың (басқарушы және сол секілді) әрқайсысы кооператив атынан сенімхатсыз әрекет етуге құқылы. Мұндай директорларға (басқарушы және сол секілділерге) осы баптың ережелері қолданылады.
53-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің алқалы атқарушы органы
1. Егер кооперативтің жарғысында алқалы атқарушы орган (дирекция, басқарма және сол секілді) құру көзделген болса, мұндай органды, егер заңнамалық актілерде немесе кооперативтің жарғысында өзгеше белгіленбесе, саны жеті қатысушыдан аспайтын кооператив қатысушыларының жалпы жиналысы сайлайды.
2. Кооперативтің алқалы атқарушы органының басшысын, егер кооператив жарғысында оны алқалы органның өзі сайлайтыны көзделмесе, кооперативтің жалпы жиналысы сайлайды.
3. Кооперативтің алқалы атқарушы органының басшысы осы органның жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және оның отырыстарын басқарады. Ол осы Заңның 52-бабы 1-тармағының 1)-3) тармақшаларына сәйкес кооперативтің жеке-дара атқарушы органына тиесілі құқықтарды иеленеді.
4. Кооперативтің алқалы атқарушы органы қызметінің және оның шешімдер қабылдау тәртібі кооперативтің жарғысында, сондай-ақ қатысушылардың жалпы жиналысы қабылдаған қағидалар мен өзге де құжаттарда айқындалады.
54-бап. Атқарушы орган мен ауыл шаруашылығы кооперативі мүшелері мүдделерінің қақтығысы
1. Кооперативтің атқарушы органының мүшелеріне:
1) жалпы жиналыстың келісімінсіз кооперативпен одан мүліктік пайда алуға бағытталған мәмілелер (сыйға тарту, қарыз, тегін пайдалану, сатып алу-сату шарттарын және басқаларды қоса алғанда) жасасуға;
2) кооперативтің үшінші тұлғалармен жасаған мәмілелері үшін кооперативтің өзінен де, үшінші тұлғалардан да комиссиялық сыйақы алуға;
3) үшінші тұлғалардың кооперативпен арасындағы қатынастарында олардың атынан немесе мүдделері үшін әрекет жасауға;
4) кооперативтің қызметімен бәсекелесетін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.
Кооперативтің жарғысында оның атқарушы органының мүшелері үшін басқа да тыйым салулар көзделуі мүмкін.
2. Осы баптың 1-тармағының 1)-3) тармақшаларында көзделген шектеулер кооперативтің атқарушы органы мүшелерінің зайыбына да, барлық тікелей өзінен тарайтын және ата-тегі бойынша туыстарына да, сондай-ақ туған аға-інілері мен апа-сіңлілеріне де қолданылады. Осы шектеулер қолданылатын кооперативтің атқарушы органы мүшелерінің үлестес адамдарының қосымша тізбесі кооператив жарғысында көзделуі мүмкін.
3. Кооперативтің кез келген қатысушысы атқарушы орган мүшелерінің немесе олардың осы баптың 2-тармағында көрсетілген туған-туыстарының осы баптың 1-тармағында көзделген тыйым салуларды бұзуынан кооперативке келтірген зиянды кооперативке өтеуін сотта талап етуге құқылы.
55-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін немесе оның мүлкін сенімгерлік басқаруға беру
Кооператив немесе оның мүлкі, егер кооперативтің жарғысында өзгеше көзделмесе, сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін.
56-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің байқаушы кеңесі
1. Байқаушы кеңес кооперативтің атқарушы органының қызметін бақылауды жүзеге асырады.
2. Кооперативтің байқаушы кеңесінің мүшелерін белгіленген, бірақ бес жылдан аспайтын мерзімге жалпы жиналыс сайлайды.
3. Байқаушы кеңестің мүшесі ретінде тек жеке тұлға ғана әрекет ете алады. Ол бір мезгілде кооперативтің атқарушы органының мүшесі бола алмайды.
4. Кооперативтің байқаушы кеңесі қызметінің және оның шешімдер қабылдау тәртібі кооперативтің жарғысында, сондай-ақ жалпы жиналыс қабылдаған қағидалар мен өзге де құжаттарда айқындалады.
Байқаушы кеңесте дауыс беру кезінде кеңестің әр мүшесі бір дауысқа ие болады.
5. Кооперативтің байқаушы кеңесі өзінің атқарушы органының қызметін бақылауды тиісінше жүзеге асырмауы салдарынан кооперативке және үшінші тұлғаларға келтірілген зиян үшін байқаушы кеңестің мүшелері осы Заңда көзделген нормаларға сәйкес жауап береді.
57-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің ішкі аудиті
Кооператив қызметінің олардың бухгалтерлік есептілігінің анықтығы, бухгалтерлік есепті жүргізу тәртібінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігі, олардың Қазақстан Республикасының заңнамасын және кооператив жарғысының ережелерін сақтауы, кооперативтерді құру және олардың қызмет ету қағидаттарының сақталуы тұрғысынан, кооперативтің қаржы-шаруашылық қызмет нәтижелерінің нашарлауына немесе дәрменсіздікке (банкроттыққа) әкелген бұзушылықтарды анықтау тұрғысынан ішкі аудитті кооперативтердің тексеру одағы (қауымдастығы) жүзеге асырады.
Тексеру одағы (қауымдастығы) анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою туралы нұсқама беруге және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға құқылы.
58-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативіндегі сыртқы аудит
1. Заңнамалық актілерде кәсіпкерлік қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын кооперативтер үшін жылдық қаржылық есептілікке міндетті түрде аудит жүргізу белгіленуі мүмкін.
2. Кез келген кооператив қатысушысы Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес қаржылық есептілікке өз есебінен аудит жүргізуді талап етуге құқылы.
3. Егер аудит міндетті болған кезде не оны жүргізуді кооператив қатысушысы талап еткен кезде кооперативтің атқарушы органы кооперативтің жылдық қаржылық есептілігіне аудит жүргізуден жалтарса, аудит кез келген мүдделі адамның не кооператив қатысушысының өтініші бойынша қабылданған сот шешімімен белгіленуі мүмкін.
59-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің ақпарат беруі
1. Кооперативтің атқарушы органы сотта корпоративтік дау бойынша іс қозғалғаны туралы кооперативке барлық қатысушыларды хабардар етуге міндетті.
2. Кооператив қатысушыларына сотта корпоративтік дау бойынша іс қозғалғаны туралы ақпарат кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының шешімінде көзделген тәртіппен (егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе), кооператив соттың тиісті хабарламасын немесе корпоративтік дау бойынша азаматтық іс бойынша шақыруды алған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірілмей берілуге тиіс.
6-тарау. Ауыл шаруашылығы кооперативін қайта ұйымдастыру және тарату
60-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін қайта ұйымдастыру
1. Кооперативті қайта ұйымдастыру (қосу, біріктіру, бөлу, бөліп шығару, қайта құру) кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының шешімі бойынша ерікті түрде жүзеге асырылуы мүмкін.
Үлесті иеліктен шығару немесе кооператив қатысушылары құрамының өзге де өзгерісі кооперативті қайта ұйымдастыру болып табылмайды.
2. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларда кооперативті бөлу немесе оның құрамынан бір немесе бірнеше кооперативті бөліп шығару нысанында кооперативті қайта ұйымдастыру уәкілетті мемлекеттік органдардың шешімі бойынша немесе соттың шешімі бойынша жүзеге асырылады.
3. Заңнамалық актілерде белгіленген жағдайларда қосу немесе біріктіру нысанында кооперативті қайта ұйымдастыру уәкілетті мемлекеттік органдардың келісімімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
4. Егер заңнамалық актілерде немесе қайта ұйымдастыру туралы шешімде өзгеше көзделмесе, қайта ұйымдастырылған кооперативтің мүлкі оны мемлекеттік тіркеу кезіндегі оның құқықтық мұрагеріне ауысады.
61-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін біріктіру, қосу
1. Екі немесе бірнеше кооперативті біріктіру осы кооперативтердің мүлкін толық біріктіру арқылы жүзеге асырылады. Біріктіру нәтижесінде жаңа кооператив пайда болады. Жаңа кооперативтің құрамына кірген кооперативтер өз қызметін тоқтатады. Бұл ретте біріктіруге қатысатын кооперативтердің әрқайсысының барлық құқықтары мен міндеттері табыстау актісіне сәйкес пайда болатын кооперативке ауысады.
2. Бір немесе бірнеше кооперативтің басқа кооперативке қосылуы қосылатын кооперативтердің мүлкін қосып алатын кооперативтің мүлкіне қосу арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте қосылатын кооперативтер өз қызметін тоқтатады, ал олардың барлық құқықтары мен міндеттері табыстау актісіне сәйкес жарғысына қайта ұйымдастыруға байланысты өзгерістер енгізілетін қосып алатын кооперативке ауысады.
3. Біріктіруге, қосылуға қатысатын кооперативтердің атқарушы органдары бірігу, қосылу туралы шарттардың жобаларын дайындайды және бірігу, қосылу туралы мәселені әрбір кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының қарауына және бірігу, қосылу туралы шартты бекітуіне енгізеді.
Бірігу, қосылу туралы шарттың келісілген мәтініне кооперативтердің осыған уәкілетті атқарушы органдары қол қояды.
Бірігу, қосылу туралы шартта бірігуге, қосылуға қатысатын әрбір кооперативтің фирмалық атауы, орналасқан жері мен мекенжайы туралы мәліметтер, олардың балансының негізгі деректері қамтылуға, сондай-ақ біріктіру, қосылудың тәртібі мен жағдайлары көзделуге тиіс.
4. Біріктіруге, қосылуға қатысатын кооперативтердің әрқайсысы оның қатысушыларының жалпы жиналысы бірігу, қосылу туралы шешім қабылдаған күннен бастап екі айлық мерзімде өзінің барлық кредиторларына бірігу, қосылу туралы жазбаша хабарлама жіберуге және бұқаралық ақпарат құралдарында тиісті хабарландыру беруге міндетті. Хабарламаға (хабарландыруға) бірігуге, қосылуға қатысатын басқа кооперативтер туралы осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтер қоса беріледі.
Кооперативтің кредиторлары хабарлама алған немесе хабарландыру жарияланған күннен бастап екі айлық мерзімде кооперативтен қосымша кепілдіктерді не кооперативтің тиісті міндеттемелерді мерзімінен бұрын тоқтатуын немесе орындауын және зияндарды өтеуін талап етуге құқылы. Талаптар кооперативке жазбаша нысанда жіберіледі, ал олардың көшірмелері кооперативті мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған органға берілуі мүмкін.
5. Бірігуге, қосылуға қатысатын кооперативтің әрқайсысы оның қатысушыларының жалпы жиналысы бірігу, қосылу туралы шешім қабылдаған кезден бастап шешім қабылданғаннан кейін пайда болатын міндеттемелер бойынша кредиторларына бұл шешім туралы хабарлауға міндетті.
Кооперативтердің бірігуі, қосылуы туралы шарттың негізінде бірігетін, қосылатын кооперативтердің қатысушылары құрылтай шартын әзірлейді және құрылтай жиналысында оған қол қояды, ал біріккен кезде жаңадан құрылып жатқан кооперативтің жарғысын бекітеді және кооперативтің атқарушы және өзге де органдарын сайлайды.
62-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін бөлу, бөліп шығару
1. Кооперативті бөлу осы кооперативтің мүлкін жаңадан пайда болатын екі немесе бірнеше кооператив арасында бөлу арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте бөлінетін кооперативтің құқықтары мен міндеттері бөлу балансына сәйкес жаңадан пайда болатын кооперативтерге ауысады.
2. Кооперативтен бір немесе бірнеше кооперативті бөліп шығару кооператив мүлкінің бір бөлігін бөліп шығарып, оны жаңадан пайда болатын бір немесе бірнеше кооперативке беру арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте қайта ұйымдастырылатын кооперативтің құқықтары мен міндеттерінің бір бөлігі бөлу балансына сәйкес жаңадан пайда болатын кооперативтерге ауысады.
3. Қайта ұйымдастырылатын кооперативтің атқарушы органы бөлу, бөліп шығару жоспары мен жаңадан пайда болатын кооперативтер жарғыларының жобаларын дайындайды және қатысушыларының жалпы жиналысының қарауына кооперативті бөлу, бөліп шығару туралы, бөлу, бөліп шығару жоспарын, жаңадан пайда болатын кооперативтердің жарғылары мен бөлу балансын бекіту туралы, сондай-ақ жаңадан пайда болатын кооперативтердің атқарушы және өзге де органдарын сайлау туралы мәселелерді енгізеді.
4. Егер кооперативтің жарғысында өзгеше көзделмесе, оны бөлу, бөліп шығару кезінде әрбір қатысушы жаңадан пайда болатын әрбір кооперативтің жарғылық капиталынан қайта ұйымдастырылатын кооперативтің жарғылық капиталындағы өз үлесіне тең үлес алуға құқылы.
5. Кооператив оның қатысушыларының жалпы жиналысы бөлу, бөліп шығару туралы шешім қабылдаған кезден бастап бұл шешім туралы кредиторларына шешім қабылданғаннан кейін пайда болатын міндеттемелер бойынша хабарлауға міндетті.
6. Кооператив оның қатысушыларының жалпы жиналысы бөлу, бөліп шығару туралы шешім қабылдаған күннен бастап екі айлық мерзімде өзінің барлық кредиторларына бөлу, бөліп шығару туралы жазбаша хабарлама жіберуге және бұқаралық ақпарат құралдарына тиісті хабарландыру жариялауға міндетті. Хабарламаға (хабарландыруға) бөлу балансы, сондай-ақ жаңадан пайда болатын әрбір кооперативтің фирмалық атауы, орналасқан жері мен мекенжайы туралы мәліметтер қоса беріледі.
7. Қайта ұйымдастырылатын кооперативтің кредиторлары хабарлама алған (хабарландыру жарияланған) күннен бастап екі айлық мерзімде кооперативтің тиісті міндеттемелерді мерзімінен бұрын тоқтатуын немесе орындауын және зияндарды өтеуін талап етуге құқылы. Талаптар кооперативке жазбаша нысанда жіберіледі, ал олардың көшірмелері кооперативті мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған органға берілуі мүмкін.
8. Кооперативті бөлу, бөліп шығару нәтижесінде пайда болған кооперативтер жаңа кооперативтер мемлекеттік тіркелген кезден бастап бір жыл бойы оның міндеттемелері бойынша ортақ жауапкершілікте болады.
63-бап. Уәкілетті мемлекеттік органның немесе соттың ауыл шаруашылығы кооперативін мәжбүрлеп бөлу, бөліп шығару туралы шешімін орындамаудың салдары
1. Егер соттың шешімі бойынша мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру кезінде бөлуді, бөліп шығаруды жүргізуге уәкілетті кооперативтің атқарушы органдары соттың шешімінде белгіленген мерзімде кооперативті бөлуді, бөліп шығаруды жүзеге асырмаса, сот кооперативтің мүлкіне сенімгер басқарушы тағайындайды және оған қайта ұйымдастырылатын кооператив мүлкінің есебінен осы кооперативті бөлуді, бөліп шығаруды жүзеге асыруды тапсырады.
2. Сенімгер басқарушы тағайындалған кезден бастап кооперативті басқару жөніндегі өкілеттік соған ауысады.
3. Сенімгер басқарушы сотта кооператив атынан әрекет етеді, бөлу балансын жасайды және оны бөлу, бөліп шығару нәтижесінде пайда болатын кооперативтердің құрылтай құжаттарымен бірге соттың бекітуіне береді. Соттың көрсетілген құжаттарды бекітуі жаңадан пайда болатын кооперативтерді мемлекеттік тіркеу үшін негіз болып табылады.
64-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін қайта құру
1. Кооператив табыстау актісіне сәйкес қайта құрылатын кооперативтің барлық құқықтары мен міндеттері соған ауысатын шаруашылық серіктестігі, акционерлік қоғам немесе өндірістік кооператив болып қайта құрылуға құқылы.
2. Қайта құрылатын кооперативтің атқарушы органы қайта құру тәртібі мен жағдайларын айқындайтын қайта құру жоспары мен жаңадан пайда болатын заңды тұлға жарғысының жобасын дайындайды және кооперативті қайта құру, қайта құрудың жоспары мен жарғыны бекітуге, сондай-ақ жаңадан пайда болатын серіктестіктің, акционерлік қоғамның атқарушы және өзге органдарын сайлау туралы мәселелерді қатысушылардың жалпы жиналысының шешіміне шығарады.
3. Кооперативті қайта құру нәтижесінде құрылған акционерлік қоғам қоғамның акцияларын тек қана кооператив қатысушылары арасында орналастырады (өткізеді). Қайта құрылған кооперативтің қатысушыларына берілетін акциялардың саны әрбір қатысушы үлесінің баланстық құнының қайта ұйымдастырылатын кооперативтің меншікті капиталының жалпы мөлшеріне арақатынасы негізінде айқындалады.
4. Құрылатын акционерлік қоғамның жарғылық капиталы оған табыстау актісіне сәйкес берілген активтер мен міндеттемелер арасындағы айырмаға тең болады және «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
65-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін қайта ұйымдастыруға дауыс бермеген қатысушылардың үлестерін сатып алу
1. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысы кооперативті қайта ұйымдастыру туралы мәселені шешкен кезде оған қатыспаған не мұндай шешімге қарсы дауыс берген кооператив қатысушылары өз үлестерін кооперативтің қайта ұйымдастырылуына дауыс берген қатысушылардың сатып алуын талап етуге құқылы.
2. Үлесті сатып алу тиісті талап мәлімделген күннен бастап бір ай ішінде жүзеге асырылуға тиіс. Үлесті кооперативтің қайта ұйымдастырылуына дауыс берген қатысушылар, егер олардың сатып алу туралы талапты мәлімдеген қатысушының үлесін толық сатып алуды қамтамасыз ететін келісімінде өзгеше белгіленбесе, кооперативтің жарғылық капиталындағы өз үлестеріне пропорционалды бөліктерде сатып алады. Үлестің сатып алынатын бағасы осы Заңның 30-бабының нормаларына сәйкес белгіленеді.
3. Үлесті сатып алу туралы талапты мәлімдейтін кооператив қатысушысы мұндай талаптың көшірмесін осы Заңның 66-бабына сәйкес мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органға жіберуге құқылы. Үлесті сатып алу туралы талаптың көшірмесі көрсетілген мемлекеттік органға келіп түскен жағдайда тіркеу өтініш берушінің үлесті сатып алу дәлелдемелерін ұсынған немесе талапты мәлімдеген қатысушының тіркеуге қарсылығы болмаған жағдайда ғана жүргізіледі.
66-бап. Қайта ұйымдастыру нәтижесінде пайда болатын кооперативті мемлекеттік тіркеу
1. Қайта ұйымдастыру нәтижесінде пайда болатын кооперативті мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қайта ұйымдастыру нәтижесінде пайда болатын кооперативті мемлекеттік тіркеуді заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган осы Заңның 61-бабының 4-тармағында және
62-бабының 7-тармағында көзделген қайта ұйымдастыруға қатысатын кооперативтерге қойылатын талаптарды мәлімдеу үшін кредиторларға берілген мерзім өткеннен кейін жүргізеді. Егер заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органға кооперативтерді қайта ұйымдастыруға қатысатын кредиторлар талаптарының көшірмелері келіп түссе, жаңадан пайда болатын кооператив бұл талаптардың орындалуының не оларды мәлімдеген кредиторлардың қайта ұйымдастыруға қарсылықтары жоқ екендігінің дәлелдемелерін ұсынған жағдайда тіркеледі.
3. Егер кооперативті қайта ұйымдастыруға қатысатын соңғы қатысушылардың жалпы жиналысы қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап бір жыл ішінде мемлекеттік тіркеу туралы өтініш берілмесе не осы баптың 2-тармағында көрсетілген қажетті дәлелдемелер ұсынылмаса қайта ұйымдастыру жүргізілмеді деп есептеледі.
67-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін тарату
1. Кооператив оның қатысушыларының жалпы жиналысының шешімі бойынша таратылуы мүмкін.
2. Сот шешімі бойынша кооператив:
1) банкроттық;
2) заңды тұлғаны құру кезінде жойылмайтын сипатқа ие заңнаманы бұзушылыққа жол берілуіне байланысты оның тіркелуі жарамсыз деп танылған;
3) заңды тұлға орналасқан жері немесе нақты мекенжайы бойынша болмаған, сондай-ақ оларсыз заңды тұлға бір жыл ішінде жұмыс істей
алмайтын құрылтайшылар (қатысушылар) және лауазымды адамдар
болмаған;
4) қызметін заңнаманы өрескел бұза отырып:
заңды тұлғаның жарғылық мақсаттарына қайшы келетін қызметтерді жүйелі түрде жүзеге асырған;
қызметті тиісті лицензиясыз не заңнамалық актілермен тыйым салынған қызметтерді жүзеге асырған;
5) осы Заңда белгіленген ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының ең аз санын азайтқан;
6) ауыл шаруашылығы кооперативінің алты ай ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тексеру одақтарына (қауымдастықтарына) кірмеуі;
7) заңнамалық актілерде көзделген басқа да жағдайларда таратылуы мүмкін.
3. Егер заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, осы баптың екінші тармағында көрсетілген негіздер бойынша кооперативті тарату туралы талапты сотқа мүдделі адамдар беруі мүмкін.
4. Соттың кооперативті тарату туралы шешімімен таратуды жүзеге асыру жөніндегі міндеттер кооперативтің өзіне; кооперативтің уәкілетті органына; оның құрылтай құжаттарымен кооперативті таратуға уәкілетті органға не сот тағайындаған өзге органға (адамға) жүктелуі мүмкін.
68-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің қызметін тоқтату
1. Осы Заңның 60, 67-баптарында көзделген негіздерден басқа кооперативтің қызметін тоқтатуға:
1) жарғылық капиталды азайтқанда оның мөлшері осы Заңның 21-бабының 2-тармағында көзделген ең төменгі мөлшерден азаюы;
2) қатысушылардың осы Заңның 22-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімде кооперативтің жарғылық капиталын құрмауы негіз болып табылады.
2. Жарғылық капиталды азайту нәтижесінде оның мөлшері осы Заңның 21-бабының 2-тармағында көзделген ең төменгі мөлшерден аз болып қалған жағдайда, сондай-ақ қатысушылар осы Заңның 22-бабының 2-тармағында белгіленген мерзімде кооперативтің жарғылық капиталын құрмаса, қатысушылар бір жыл ішінде жарғылық капиталға тиісті қосымша салымдар енгізуі қажет. Бұлай болмаған жағдайда кооператив мүдделі адамдардың өтініші бойынша сот шешімімен таратылуға жатады.
69-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заң қолданысқа енгізілген кезден бастап:
1) «Қазақстан Республикасындағы селолық тұтыну кооперациясы туралы» 1999 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 21, 770-құжат; 2006 ж.,
№ 8, 45-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; 2012 ж., № 8, 64-құжат; № 21-22,
124-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат);
2) «Ауылшаруашылық серіктестіктері және олардың қауымдастықтары (одақтары) туралы» 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., № 23, 413-құжат; 2006 ж., № 8, 45-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; 2011 ж., № 6, 49-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат);
3) «Су пайдаланушылардың селолық тұтыну кооперативі туралы»
2003 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 6, 35-құжат; 2006 ж.,
№ 1, 5-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 6, 49-құжат; 2014 ж., № 2, 10-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Селолық тұтыну кооперативтері, су пайдаланушылардың ауылдық тұтыну кооперативтері, ауыл шаруашылығы серіктестіктері осы Заң күшіне енген кезден бастап 1 (бір) жыл ішінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге ұйымдық-құқықтық нысанда қайта тіркеу және қайта ұйымдастырылу рәсімінен өтуге міндетті.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Достарыңызбен бөлісу: |