38-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларына кооперативтік төлемдер
1. Кооперативтік төлемдер – кооператив қатысушыларына кооператив жарғысында белгіленген тәртіппен олардың кооперативтің шаруашылық қызметіндегі (кооперативке тауарлар беруге, жұмыстарды орындауға және (немесе) кооперативке қызмет көрсетуге) қатысуына пропорционалды төленетін, кооператив табысының бір бөлігі.
2. Кооперативтік төлемдерді бөлу туралы шешім кооператив қатысушыларының кооперативтің тиісті жылдағы қызметінің нәтижелерін бекітуге арнаған жалпы жиналысының шешімі қабылданғанға дейін қабылданады.
39-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің таза табысын оның қатысушылары арасында бөлу
1. Кооператив қатысушылары арасында кооперативтің бір жыл ішіндегі өз қызметінің нәтижелері бойынша алған таза табысын бөлу кооператив қатысушыларының кооперативтің тиісті жылдағы қызметінің нәтижелерін бекітуге арналған кезекті жиналысының шешіміне сәйкес жүргізіледі.
Таза табысты бөлу кооператив жарғысында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Жалпы жиналыс таза табысты немесе оның бір бөлігін кооператив қатысушылары арасында бөлуден алып тастау туралы шешім қабылдауға құқылы.
2. Таза табысты төлеуді кооператив жалпы жиналыс таза табысты бөлу туралы шешім қабылдаған күннен бастап бір ай ішінде ақшалай нысанда жүргізуге тиіс.
3. Кооперативтің барлық жарғылық капиталы толық төленгенге дейін табысты қатысушылар арасында бөлуге кооператив құқылы емес.
5-тарау. Ауыл шаруашылығы кооперативін басқару
40-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің органдары және лауазымды адамдары
1. Мыналар кооперативтің органдары болып табылады:
1) кооперативтің жоғары органы – оның қатысушыларының жалпы жиналысы (жалпы жиналыс);
2) кооперативтің атқарушы органы (алқалы немесе жеке-дара);
3) байқаушы кеңес.
2. Кооперативтің атқарушы органының мүшелері немесе кооперативтің атқарушы органының функцияларын жеке-дара атқаратын адам, сондай-ақ байқаушы кеңестің мүшелері кооперативтің лауазымды адамдары болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамалық актісінде белгіленген тәртіппен кооператив банкрот деп танылған немесе оңалту рәсімі қолданылған және уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушы тағайындалған жағдайларда, оны басқару жөніндегі барлық өкілеттіктер тиісінше уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушыға өтеді.
4. Кооператив жарғысында көзделген жағдайда байқаушы кеңес құрылуы мүмкін.
5. Кооператив органдарының құзыреті, сондай-ақ олардың шешім қабылдау немесе кооператив атынан әрекет ету тәртібі осы Заңда, Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде және кооператив жарғысында айқындалады.
41-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің жалпы жиналысы
1. Кооперативтің жоғары органы (жалпы жиналыс) қатысушылардың кезекті немесе кезектен тыс жалпы жиналысы ретінде шақырылады.
2. Кооперативтің барлық қатысушыларының жалпы жиналысқа қатысуға, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға қатысуға және шешімдер қабылдау кезінде дауыс беруге құқығы бар.
Кооператив қатысушыларының көрсетілген құқықтарын шектейтін кооператив жарғысының және кез келген басқа құжаттардың, шешімдердің ережелері жарамсыз.
3. Кооператив қатысушысы жалпы жиналысқа жеке өзі немесе өкілі арқылы қатыса алады.
Сенімгердің өзі тиісінше кооперативтің атқарушы органының мүшесі немесе бақылау органының мүшесі болып табылатын жағдайларды қоспағанда, атқарушы орган мүшелерінің және бақылау органдары қатысушыларының жалпы жиналыста кооператив қатысушыларының өкілдері ретінде әрекет етуге құқылы емес.
Кооператив қатысушысы жеке тұлғаның өкілі ретінде сенімхат негізінде өзге адамдар әрекет етуге құқылы. Өкілдің жалпы жиналысқа қатысуына жеке тұлғаның сенімхаты Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабында көзделген нысанда берілуі не нотариалды куәландырылуы тиіс.
Кооператив қатысушысы заңды тұлғаның өкілі ретінде оның басшысы сенімхатсыз не өзге өкіл сенімхат негізінде қатысуға құқылы. Өкілдің жалпы жиналысқа қатысуына заңды тұлғаның сенімхаты Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабында көзделген нысанда берілуі тиіс.
4. Егер қатысушы мен сенімгер басқарушы арасындағы шартта өзгеше көрсетілмесе немесе мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, қатысушы үлесін сенімгерлік басқару құрылған жағдайда жалпы жиналыста оның өкілі ретінде қатысушы атынан сенімгер басқарушы әрекет етуге құқылы. Қатысушы мүдделерін білдіру тәртібіне қойылатын талаптар мүлікті сенімгерлік басқару туралы заңнамада белгіленеді.
5. Кооперативтің әрбір қатысушысы жалпы жиналыста дауыс беру кезінде, оның жарғылық капиталдағы үлес мөлшеріне қарамастан, бір дауысқа ие болады.
6. Кооперативтің атқарушы органының кооператив қатысушысы болып табылмайтын мүшелері, егер кооператив жарғысында өзгеше көзделмесе, жалпы жиналысқа кеңесші дауыс құқығымен қатыса алады.
42-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының жалпы жиналысының құзыреті
1. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының құзыреті осы Заңға сәйкес кооператив жарғысында айқындалады.
2. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының ерекше құзыретіне:
1) кооперативтің жарғылық капиталы мөлшерін, орналасқан жері мен фирмалық атауын өзгертуді қоса алғанда, оның жарғысын өзгерту немесе кооперативтің жаңа редакциядағы жарғысын бекіту;
2) кооперативтің атқарушы органын құру және оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ кооперативті немесе оның мүлкін сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылдау және осылай берудің шарттарын айқындау;
3) кооперативтің байқаушы кеңесін сайлау және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
4) жылдық қаржылық есептілікті бекіту және таза табысты бөлу;
5) бекітілуі кооперативтің жарғысында кооперативтің өзге органдарының құзыретіне жатқызылған құжаттардан басқа, кооперативтің ішкі қызметін реттейтін ішкі қағидаларды, оларды қабылдау рәсімін және басқа құжаттарды бекіту;
6) кооперативтің өзге шаруашылық кооперативтерге, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдарға қатысуы туралы шешім;
7) кооперативті қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім;
8) тарату комиссиясын тағайындау және тарату баланстарын бекіту;
9) кооператив қатысушысынан үлесті осы Заңның 32-бабына сәйкес мәжбүрлеп сатып алу туралы шешім;
10) кооперативтің бүкіл мүлкінің кепілі туралы шешім;
11) кооператив мүлкіне қосымша жарналарды осы Заңның 37-бабына сәйкес енгізу туралы шешім;
12) кооператив қатысушыларына және үлестерді сатып алушыларға кооперативтің қызметі туралы ақпаратты берудің тәртібін және мерзімдерін бекіту;
13) кооперативке жаңа қатысушы қабылдау туралы шешім жатады.
3. Осы Заңда жалпы жиналыстың ерекше құзыретіне жатқызылған мәселелермен қатар кооператив жарғысында оның құзыретіне басқа да мәселелер жатқызылуы мүмкін.
Егер кооператив жарғысында өзгеше белгіленбесе, жалпы жиналыс өзінің ерекше құзыретіне жатпайтын өкілеттіктерді кооперативтің атқарушы органына немесе байқаушы кеңесіне беруге құқылы.
4. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысы, өзінің құзыреті кооператив жарғысында қалай белгіленгеніне қарамастан, кооператив қызметіне байланысты кез келген мәселені қарауына алуға құқылы.
5. Қатысушылардың жалпы жиналысы, егер кооперативтің жарғысында өзгеше белгіленбесе, кооперативтің ішкі қызметіне қатысты мәселелер бойынша кооперативтің өзге органдарының кез келген шешімінің күшін жоюға құқылы.
43-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының кезекті жалпы жиналысы
1. Кооператив қатысушыларының кезекті жалпы жиналысын кооперативтің атқарушы органы кооператив жарғысында белгіленген мерзімде, бірақ жылына кемінде бір рет шақырады.
2. Кооперативтің жылдық қаржылық есептілігін бекітуге арналған жиналыс есепті қаржы жылы аяқталғаннан кейін үш айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс.
44-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының кезектен тыс жалпы жиналысы
1. Кооператив қатысушыларының кезектен тыс (төтенше) жалпы жиналысы осы Заңда, кооператив жарғысында көзделген жағдайларда, сондай-ақ кооператив мүдделері осындай жиналысты шақыруды талап ететін кез келген өзге де жағдайларда шақырылады.
2. Кооператив қатысушыларының кезектен тыс жалпы жиналысы кооперативтің атқарушы органының өз бастамасы бойынша, ал кооперативтің байқаушы кеңесін құрған жағдайда – кооперативтің байқаушы кеңесінің талап етуі не жиынтығында жалпы дауыс санының оннан бірінен астамын иеленетін кооператив қатысушыларының бастамасы бойынша шақырылады.
Егер байқаушы кеңестің немесе кооператив қатысушыларының талап етуіне қарамастан атқарушы орган кезектен тыс жалпы жиналысты шақырмаса, оны кооперативтің байқаушы кеңесі немесе жиынтығында дауыс санының оннан бірінен астамын иеленетін кооператив қатысушылары дербес шақыра алады.
3. Таратылу процесінде тұрған кооператив қатысушыларының кезектен тыс жалпы жиналысын тарату комиссиясы (таратушы) да шақыра алады.
45-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының жалпы жиналысын шақыру тәртібі
1. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысын шақыратын орган немесе адам (адамдар) жиналыс ашылғанға дейін он күннен кешіктірмей, кооперативтің атқарушы органы жүргізетін қатысушылардың тізілімінде көрсетілген мекенжай бойынша кооперативтің әрбір қатысушысына оның өткізілетіні туралы жазбаша хабарлауға міндетті.
Хабарламада жиналыс өтетін уақыт пен орын, сондай-ақ ұсынылатын күн тәртібі көрсетілуге тиіс.
Кооператив қатысушыларға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қосымша хабарлауға құқылы.
2. Жүз және одан да көп қатысушысы бар акционерлік қоғамнан қайта құрылған кооператив қатысушыларының жалпы жиналысын шақыратын орган немесе адам (адамдар) кооператив қатысушыларының жиналысы ашылғанға дейін он бес күннен кешіктірмей, оны өткiзу туралы хабардар етуге мiндеттi. Жүз және одан да көп қатысушысы бар кооператив қатысушыларының жалпы жиналысын өткізу туралы хабарлама кооперативтің жарғысында көрсетілген бұқаралық ақпарат құралында жариялануға тиiс.
Қатысушылар саны жүзден аз, қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi тiркеудi жүзеге асыратын кооператив қатысушыларының жалпы жиналысын шақыратын орган немесе адам (адамдар) жиналыс ашылғанға дейін он бес күннен кешіктірмей кооператив қатысушыларының тiзiлiмiнде көрсетiлген мекенжай бойынша кооперативтің әрбiр қатысушысына оның өткізілетіні туралы жазбаша хабарлауға міндетті.
3. Кооперативтің кез келген қатысушысы жалпы жиналыстың күн тәртібі бойынша ол ашылғанға дейін он күннен кешіктірмей өз ұсыныстарын енгізуге құқылы. Осы мерзім ішінде жиынтығында жалпы дауыс санының жиырмадан бірінен астамын иеленетін кооператив қатысушылары өздері айқындаған мәселелерді жалпы жиналыстың күн тәртібіне енгізуді талап етуге құқылы. Бұл талапты орындау жалпы жиналысты шақырған орган немесе адам (адамдар) үшін міндетті.
Егер кооператив қатысушыларының ұсыныс жасауы немесе талап етуі бойынша жалпы жиналыстың бастапқы күн тәртібіне өзгерістер енгізілсе, жиналысты шақырған орган немесе (адам) адамдар жиналыс ашылғанға дейін бес күннен кешіктірмей, осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген әдіспен кооперативтің әрбір қатысушысына бұл өзгерістер туралы хабарлауға міндетті.
4. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысын шақырушы орган немесе адам (адамдар) түскен ұсыныстарды қарап, жиналыс ашылғанға дейін жеті күннен кешіктірмей оларды кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының күн тәртібіне енгізу немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдауға міндетті. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысын шақырушы орган немесе адам (адамдар) ұсыныстар қабылданған жағдайда кооператив қатысушыларының жалпы жиналысы ашылғанға дейін бес күннен кешіктірмей күн тәртібіне енгізілген өзгерістер туралы кооператив қатысушыларына хабарлауға, сондай-ақ жалпы жиналыстың күн тәртібіне өзгерістер немесе толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстар қабылданбаған жағдайда өтініш берушіге бас тарту туралы дәлелді жауап беруге міндетті.
Егер ұсыныстарды жалпы жиналыстың күн тәртібіне енгізуден бас тарту және ол бойынша қабылданған шешім өтініш берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, ол мұндай шешімге осы Заңның 49-бабында көзделген тәртіппен шағымдануға құқылы.
Жалпы жиналыстың күн тәртібіне «әр түрлі», «өзге де», «басқа» және осыларға ұқсас тұжырымдауларды қоса алғанда, жалпылама ұғымдағы мәселелерді енгізуге тыйым салынады.
5. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысын шақырушы орган немесе адам (адамдар) кооператив қатысушысының жиналыстың ашылуына дейін он күннен кешіктірмей жіберілген талабы бойынша оған жазбаша түрде және жиналыстың ашылу күніне дейін жеті күннен кешіктірмей күн тәртібінің барлық мәселелері жөніндегі шешімдердің жобаларын, талқылануы күн тәртібіне енгізілген құжаттардың көшірмелерін, сондай-ақ кооператив жарғысында не кооперативтің ішкі қызметін реттейтін құжаттарда көзделген басқа да мәліметтерді жіберуге міндетті.
Өткен бөлікте көрсетілген құжаттар мен мәліметтер, сондай-ақ есепті кезеңге арналған қаржылық есептілік және (немесе) аудиторлық ұйымның есебi жалпы жиналыс өткізілетіні туралы хабарланған кезден бастап, бірақ жиналыс ашылғанға дейін он бес күннен кешіктірмей кооперативтің атқарушы органының үй-жайында еркін танысу үшін кооперативтің барлық қатысушыларына ұсынылуы тиіс. Бұл ретте кооператив қатысушыларына танысу үшін берілген құжаттардан тегін көшірмелер түсіріп алу мүмкіндігі берілуге тиіс.
Өткен үш жылдың қаржылық есептіліктері және (немесе) олар бойынша қорытындылар және (немесе) аудиторлық ұйымның есебi кооперативтің атқарушы органында сақталуы тиіс және кез келген уақытта кооперативтің кез келген қатысушысына танысу үшін беріледі. Кооператив қатысушыларының талап етуі бойынша оларға көрсетілген құжаттардан куәландырылған көшірмелер беріледі.
6. Қатысушылары жетіден аз кооператив жарғысында осы бапта және осы Заңның 46-бабының 5-тармағында көрсетілген мерзімдерден өзге мерзімдер көзделуі мүмкін.
46-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының жалпы жиналысын өткізу тәртібі
1. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының регламенті осы Заңға, кооператив жарғысына, кооперативтің ішкі қызметін реттейтін қағидаларға және өзге де құжаттарға сәйкес не тікелей жалпы жиналыспен айқындалады.
2. Жалпы жиналыс ашылар алдында келген кооператив қатысушыларын және олардың өкілдерін тіркеу жүргізіледі. Қатысушылардың өкілдері осы Заңның 41-бабының 3 және 4-тармақтарында көзделген тиісті өкілеттіктерін көрсетуге тиіс. Тіркелмеген қатысушы (қатысушының өкілі) кворумды айқындау кезінде есепке алынбайды және оның дауыс беруге қатысуға құқығы жоқ.
3. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысы келген қатысушылар мен олардың өкілдерін тіркеу деректері тиісті кворум бар деп болжауға жеткілікті негіз берген жағдайда, жарияланған уақытта ашылады.
Кооперативтің барлық қатысушылары немесе олардың өкілдері тіркеліп болған, жиналыстың ашылу уақытының өзгертілгендігі туралы хабардар етілген және оған қарсылық болмаған жағдайды қоспағанда, жиналысты жарияланған уақыттан ерте ашуға болмайды.
4. Егер жиналысқа қатысып отырған немесе оған өкілдік алған қатысушылар жиынтығында жалпы дауыс санының жартысынан астамын иеленсе, кооператив қатысушыларының жалпы жиналысы заңды, ал кворум шарттары сақталған болып танылады. Күн тәртібіне енгізілген мәселе жөніндегі шешім дауыстың басым көпшілігімен немесе бірауыздан қабылдануға тиіс жағдайларда, егер қатысып отырған немесе оған ұсынылған кооператив қатысушылары жиынтығында жалпы дауыс санының үштен екісінен астамын иеленсе, онда жиналыс шешім қабылдауға құқылы.
5. Кворум болмаған жағдайда кооператив қатысушыларының жалпы жиналысы бірінші шақырылған күннен бастап он бес күннен кешіктірілмей қайта шақырылады. Жалпы жиналысты қайта шақырған кезде осы Заңның 45-бабында белгіленген нормалар сақталуға тиіс.
Қайта шақырылған жиналыс кооператив қатысушыларының жиналысқа қатысып отырған немесе оған өкілдік алған қатысушылары иеленген дауыс санына қарамастан заңды болып табылады. Егер жиналысқа қатысып отырған немесе оған өкілдік алған қатысушылар жиынтығында жалпы дауыс санының жартысынан кемін иеленсе, онда мұндай жиналыс дауыстың басым көпшілігін немесе бірауыздан берілуін қажет етпейтін мәселелер бойынша ғана шешімдер қабылдауға құқылы.
6. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысын атқарушы органның бірінші басшысы немесе оның міндетін атқарушы адам ашады. Байқаушы кеңес немесе кооператив қатысушылары (осы Заңның
44-бабының 2-тармағы) шақырған жалпы жиналысты тиісінше байқаушы кеңестің төрағасы немесе оның міндетін атқарушы адам (адамдар) не жалпы жиналысты шақырған кооператив қатысушыларының бірі ашады.
Тарату комиссиясы (таратушы) шақырған жалпы жиналысты тарату комиссиясының төрағасы (таратушы) немесе оны алмастырушы адам ашады.
7. Жалпы жиналысты ашатын адам жалпы жиналыстың төрағалық етушісі мен хатшысының сайлауын өткізеді. Егер кооператив жарғысында өзгеше көзделмесе, жалпы жиналыстың төрағалық етушісі мен хатшысын сайлау жөніндегі мәселе бойынша дауыс беру кезінде жиналыстың әрбір қатысушысының бір дауысы болады (жарғылық капиталдағы үлесіне қарамастан), ал шешім қатысушылар санының қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады.
Жиналысқа қатысып отырған кооперативтің барлық қатысушылары атқарушы органға кіретін жағдайларды қоспағанда, кооперативтің атқарушы органының мүшелері жалпы жиналыста төрағалық ете алмайды.
8. Жалпы жиналыстың хатшысы жалпы жиналыстың хаттамасын жүргізуге жауап береді.
Хаттамаға жалпы жиналыстың төрағалық етушісі және хатшысы қол қояды.
Барлық жалпы жиналыстардың хаттамалары кооперативтің атқарушы органында сақталатын және кез келген уақытта кооперативтің кез келген қатысушысына танысу үшін берілуге тиіс хаттамалар кітабына тігіледі. Кооператив қатысушыларының талап етуі бойынша оларға хаттамалар кітабынан куәландырылған үзінді-көшірмелер беріледі.
9. Күн тәртібіне енгізілген мәселелерді талқылау басталғанға дейін жалпы жиналыс кворумды атап өтуге міндетті. Бұл талапты сақтамау кворумның бар екендігі анықталғанға дейін жалпы жиналыс қабылдаған барлық шешімдердің жарамсыз болып шығуына әкеп соғады.
Осы Заңның 42-бабы 2-тармағының 1), 4), 7), 9), 10) және
13) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша дауыс беру кезінде, сондай-ақ кооператив жарғысында немесе оның ішкі қызметін реттейтін қағидаларда және өзге құжаттарда көзделген өзге жағдайларда тікелей дауыс беру алдында кворумды тағы да атап өтуі қажет.
47-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының жалпы жиналысының шешімдер қабылдау тәртібі
1. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысы осы Заңның 45-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес қатысушыларға хабарланған күн тәртібінің мәселелері бойынша ғана шешім қабылдауға құқылы. Бұл ретте жалпы жиналыстың күн тәртібіне енгізілуін осы Заңның 45-бабының
2-тармағына сәйкес кооператив қатысушылары талап еткен мәселелер, егер жиналысты шақырушы орган немесе адамдар көрсетілген тармақтың екінші бөлігінде көзделген міндеттерді орындамаса да, күн тәртібіне енгізілген болып саналады.
2. Осы Заңның 42-бабы 2-тармағының 1), 7), 9). 10) және
13) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша, сондай-ақ кооперативтің жарғысында айқындалған басқа да мәселелер бойынша шешімдер, егер кооператив жарғысы олардың қабылдануы үшін сан жағынан көпшілік дауысты немесе бірауыздан дауыс беруді талап етпесе, жиналысқа қатысып отырған және оған өкілдік алған кооператив қатысушылары дауысының төрттен үш бөлігінің басым көпшілік даусымен қабылданады.
Осы Заңның 42-бабы 2-тармағының 9) тармақшасы бойынша шешім қабылданған кезде үлесі мәжбүрлеу тәртібімен сатып алынатын қатысушы дауыс беруге қатыспайды және оған тиесілі дауыс саны есептеу кезінде ескерілмейді.
Егер кооператив жарғысы шешімдер қабылдау үшін сан жағынан көпшілік дауысты немесе бірауыздан дауыс беруді талап етпесе, қалған шешімдер кооператив қатысушыларының жалпы жиналысына қатысушылар мен оған ұсынылғандардың қарапайым көпшілік даусымен қабылданады.
Кооператив қатысушыларының дауыстары тең болған жағдайда шешім қабылданбаған болып саналады.
Егер кооператив қатысушыларының саны 100-ден асқан жағдайда дауыстарды санауды есеп комиссиясы жүзеге асырады.
3. Егер кооперативтің жарғысында немесе кооперативтің ішкі қызметін реттейтін қағидаларда және өзге құжаттарда жасырын дауыс беру көзделмесе, кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
Жалпы жиналыстың шешімдері дауыстың жалпы санының кемінде бестен бір бөлігіне ие кооператив қатысушылары жасырын дауыс беруді талап еткен жағдайда жасырын дауыс беру арқылы қабылдануға тиіс.
Жасырын дауыс беру кезінде оны өткізу рәсімі дауыстардың дәлме-дәл есептелуін және дауыс беру нәтижелерінің шынайылығын қамтамасыз етуге тиіс.
48-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының жалпы жиналысын сырттай өткізу
1. Кооператив жарғысында көзделген жағдайларда және жиынтығында дауыстардың жалпы санының төрттен үш бөлігінен астамын иеленген кооператив қатысушыларының тікелей келісім беруімен жалпы жиналыс хат, факсимильдік немесе электрондық хабарлар алмасу не барлық қатысушыларға қол жетімді және жіберілетін әрі қабылданатын хабарлардың теңтүпнұсқалығын қамтамасыз ететін өзге байланыс құралдарын пайдалану арқылы сырттай сұрау салу арқылы өткізілуі мүмкін. Сырттай өткізілетін жалпы жиналыстың осы Заңның 42-бабы 2-тармағының 1), 7) – 10) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға құқығы жоқ.
2. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысын сырттай өткізу кезінде осы Заңның 46-бабының 2, 3, 5 – 7 және 9-тармақтары мен
47-бабының 3-тармағы, сондай-ақ 45-бабы 1-3-тармақтарының ережелері оларда көзделген мерзімдер бөлігінде қолданылмайды.
3. Кооператив қатысушыларының сырттай жалпы жиналысы ұсынылып отырған күн тәртібі мен оған енгізілген мәселелер бойынша шешімдер жобаларын барлық қатысушыларға хабарлауды, дауыс беру басталғанға дейін олардың әрқайсысына барлық қажетті құжаттармен танысу, күн тәртібі бойынша ұсыныстар енгізу және оған белгілі бір мәселелерді енгізуді талап ету мүмкіндігін, сондай-ақ дауыс беру басталғанға дейін өзгертілген күн тәртібін және жекелеген мәселелер бойынша басқа қатысушылардың пікірлерін (сөздерін) барлық қатысушыларға хабарлауды қамтамасыз ететін рәсім бойынша өткізілуге тиіс.
49-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі органдарының шешімдерін даулау
Осы Заңмен, кооператив жарғысымен немесе кооперативтің ішкі қызметін реттейтін қағидалармен және өзге құжаттармен белгіленген жалпы жиналысты өткізу мен шешімдер қабылдаудың тәртібін бұза отырып қабылданған кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының шешімін, сол сияқты жалпы жиналыстың осы Заңға не кооператив жарғысына қайшы келетін шешімін, оның ішінде кооператив қатысушысының құқықтарын бұзатын шешімін, дауыс беруге қатыспаған немесе дау туғызған шешімге қарсы дауыс берген кооператив қатысушысының арызы бойынша сот толық немесе ішінара жарамыз деп тануы мүмкін. Мұндай арыз кооператив қатысушысының қабылданған шешім туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап алты ай ішінде, ал егер ол шешім қабылдаған жалпы жиналысқа қатысса, онда жалпы жиналыстың бұл шешімді қабылдаған күнінен бастап алты ай ішінде берілуі мүмкін.
Кооперативтің өзге де органдарының шешімдерін даулау осы баптың бірінші бөлігінде көзделген тәртіп пен мерзімдерде жүзеге асырылады.
50-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің атқарушы органы
1. Егер кооператив жарғысында кооперативтің алқалы атқарушы органын (дирекция, басқарма және т.с.с.) құру көзделмесе, кооперативтің қызметіне ағымдағы басшылықты және оның ісін жүргізуді жеке-дара атқарушы орган (директор, басқарушы) жүзеге асырады.
Атқарушы органның алқалылығымен тікелей байланысты адамдарды қоспағанда, атқарушы орган мүшелері туралы осы Заңның ережелері жеке-дара атқарушы органға қолданылады.
2. Атқарушы органның мүшесі өз міндеттерін орындау кезінде кооператив мүддесі үшін адал және ақылға қонымды іс-әрекет етуге тиіс.
3. Атқарушы органның мүшелерін белгіленген, бірақ бес жылдан аспайтын мерзімге жалпы жиналыс сайлайды.
4. Кооперативтің атқарушы органының мүшесі ретінде тек жеке тұлға ғана әрекет ете алады, ол кооператив мүшесі болмауы да мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |