22-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғылық капиталын құру мерзімдері
1. Жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген мерзімде барлық қатысушылар кооперативтің жарғылық капиталына салымды толық енгізуге тиіс. Мұндай мерзім кооперативті мемлекеттік тіркеген күннен бастап бір жылдан аспауға тиіс.
2. Кооператив қатысушысы белгіленген мерзімде үлес енгізу жөніндегі міндетін орындамаған кезде кооператив қатысушы енгізбеген үлестің бөлігін өз капиталының (өзінің таза активтерінің) есебінен енгізуге не жарғылық капиталды оның енгізілген бөлігіне дейін азайтуды жүргізуге тиіс.
Өз үлесін мерзімінде енгізбеген қатысушы кооперативке залалдың орнын толтыруға, сондай-ақ, егер кооперативтің құрылтай шартында немесе жарғысында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 353-бабына сәйкес кооперативке тұрақсыздық айыбын төлеуге міндетті.
3. Кооперативтің жалпы жиналысының шешімі бойынша қатысушы белгіленген мерзімде енгізбеген үлес немесе оның бір бөлігі осы Заңның 29-бабының 1-тармағында немесе кооперативтің құрылтай құжаттарында көзделген тәртіппен қалған қатысушылар арасында бөлінуі мүмкін не үшінші тұлғаларға сатып алу үшін ұсынылуы мүмкін.
Салымның енгізілмеген бөлігін осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімде сату мүмкін болмаған кезде кооперативтің жарғылық капиталы осы сомаға азайтылады және соған сәйкес қатысушылардың жарғылық капиталдағы үлестері өзгертіледі.
4. Егер қатысушының салымы біршама уақыттан кейін ғана пайдаланылуы мүмкін мүлікті құрайтын болса, мұндай салым жалпы жиналыстың шешімі бойынша қатысушыдан салымның сипаты, оның ақшалай бағасы мен енгізу мерзімі көрсетілген, нотариалды куәландырылған борыш міндеттемесін алған күннен бастап енгізілген деп танылуы мүмкін. Мұндай мерзім үш жылдан аспайды.
5. Өз үлесін толық енгізген кооператив қатысушысы кооперативтен өзінің кооператив қатысушысы екендігін куәландыратын куәлік алуға құқылы.
6. Кооператив құрылғанға дейін ақша енгізу арқылы оның жарғылық капиталын төлеу үшін, кооперативтің құрылтайшылары құрылтай шартында тиісті қаражатты аудару үшін құрылтайшылар арасынан банкте өз атына жинақтау шотын ашатын құрылтайшыны көрсете алады.
Кооператив құрылып, ол екінші деңгейлі банкте өз шотын ашқаннан кейін атына жинақтау шоты ашылған құрылтайшы осы шоттан кооператив шотына ақша аударуды 5 (бес) жұмыс күн ішінде жүзеге асыруға міндетті. Құрылтайшы ақша аудару жөніндегі міндетін уақтылы орындамаған кезде ол, егер осындай кешіктірудің өзгедей зардаптарын құрылтайшылар айқындамаған болса, кооперативке жинақтау шотында ұсталған сомадан Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 353-бабында белгіленген мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге тиіс.
7. Егер кооперативтің жарғысында оның құрылтайшылары кооперативтің жарғылық капиталына салымдар есебіне ақша емес, өзге мүлік енгізуі көзделсе, кооператив құрылтайшылары құрылтай шартында тиісті мүлік кооператив құрылғанға дейінгі және құрылғаннан кейінгі кезеңге сенімгерлік басқаруға берілуге тиіс құрылтайшының біреуін немесе үшінші тарапты көрсете алады.
8. Сенімгерлік басқару туралы шартта:
1) сенімгер басқарушының барлық құрылтайшылардың мүдделері үшін, ал кооператив құрылғаннан кейін кооператив мүдделері үшін тиісті мүлікті басқаруды жүзеге асыру міндетті;
2) кооперативке ол құрылған сәттен бастап, пайдасына шарт жасалған және сенімгерлік басқаруға берілген мүлік осы сәттен бастап меншігіне ауысатын адамның құқықтарын беру көзделуге тиіс.
23-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғылық капиталын тексеру
1. Кооперативті мемлекеттік тіркеу (немесе қайта тіркеу) кезінде жарғылық капитал және оның меншікті капиталымен арақатынасы тексерілмейді.
2. Кооперативтің жарғылық капиталын тексеру:
1) кез келген қатысушының талап етуі бойынша тәуелсіз сарапшымен жүргізілуі мүмкін. Сараптамаға мүдделі қатысушы ақы төлейді;
2) сот шешімі бойынша;
3) әрбір қаржы жылының қорытындылары бойынша - қаржы есептері бойынша жүргізілуі мүмкін.
3. Кооператив мәлімдеген жарғылық капитал нақты жарғылық капиталдан асып кеткен кезде кооператив қатысушылары кредит берушілер алдында жарғылық капиталдың меншікті капиталынан асып кеткен сомада кооперативтің борыштары бойынша субсидиарлы түрде ортақ жауапты болады.
24-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғылық капиталын ұлғайту
1. Кооперативтің жарғылық капиталын ұлғайтуға оны толық төлегеннен кейін жол беріледі.
2. Кооперативтің жарғылық капиталын ұлғайту:
1) кооперативтің барлық қатысушылары жүргізетін қосымша пропорционалды салымдар;
2) жарғылық капитал мөлшерін кооперативтің меншікті капиталы есебінен, оның ішінде өзінің резервтік капиталының есебінен ұлғайту;
3) қалған барлық қатысушылар келіскен жағдайда бір немесе бірнеше қатысушының қосымша салымдар салуы;
4) кооператив құрамына осы Заңның 20-бабында көзделген жаңа қатысушыларды қабылдау арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Жарғылық капитал мөлшері осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген тәртіппен ұлғайтылған кезде қатысушылар үлестерінің мөлшері өзгермейді.
4. Жарғылық капитал осы баптың 2-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген кооператив қатысушыларының бірінің не жаңадан қабылданатын қатысушысының қосымша салым салуы арқылы ұлғайтылған кезде мұндай салымның мөлшері кооперативтің жарғылық капиталына олардың осының алдындағы салымының мөлшерін және барлық қатысушылардың жарғылық капиталдағы үлестерін қайта есептеу қажеттігі ескеріле отырып белгіленеді.
Шешім барлық қатысушылардың жалпы келісімімен қабылданады.
5. Кооператив жалпы жиналыстың жарғылық капиталды ұлғайту туралы шешім қабылдаған күнінен бастап үш айдың ішінде жарғылық капиталдың ұлғайтылғандығы туралы өзін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған органға хабарлауға міндетті. Хабарлаған сәтке қарай жарғылық капитал ұлғайтылатын соманың кемінде жартысына тең сомада салымдар енгізілуге тиіс.
Егер кооператив өзін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған органға хабарламаса, жарғылық капитал ұлғайтылмаған болып танылады.
6. Жарғылық капитал ұлғайтылмай қалған жағдайда қатысушының немесе өз салымын салған, кооперативке кіруге ниет білдірген үшінші тұлға кооперативтен Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 353-бабына сәйкес не залалдарды, оның ішінде, салым ретінде салынған мүлікті пайдалану мүмкін болмауы салдарынан жіберіп алынған пайдасын өтеп, салымды қайтаруды және тұрақсыздық айыбын төлеуді талап етуге құқылы.
25-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғылық капиталын азайту
1. Кооперативтің жарғылық капиталын азайту кооперативтің барлық қатысушылары салымдарының мөлшерін пропорционалды мөлшерде азайту не жекелеген қатысушылардың үлестерін толық немесе ішінара өтеу арқылы жүзеге асыра алады.
2. Қатысушы үлесін өтеу арқылы жарғылық капитал азайтылған кезде қалған қатысушылардың үлестері соған мөлшерлес өзгереді.
3. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысы жарғылық капиталды азайту туралы шешім қабылдаған сәттен бастап кооператив бұл шешім туралы шешім қабылданған соң туындайтын міндеттемелер бойынша кредит берушілерге хабарлауға міндетті.
4. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысы жарғылық капиталды азайту туралы шешім қабылдаған күннен бастап екі ай мерзім ішінде кооператив өзінің барлық кредит берушілеріне жарғылық капиталдың азайтылғаны туралы жазбаша хабарлама жіберуге не заңды тұлғалар туралы мәліметтер жарияланатын ресми басылымда тиісті хабарландыру беруге міндетті. Кооперативтің кредит берушілері хабарлама алған немесе хабарландыру жарияланған күннен бастап бір ай мерзімде кооперативтен қосымша кепілдіктерді не кооперативтің тиісті міндеттемелерді мерзімінен бұрын тоқтатуын немесе орындауын және залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы. Талаптар кооперативке жазбаша нысанда жіберіледі, ал олардың көшірмелері кооперативті мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған органға ұсынылуы мүмкін.
5. Кооперативтің жарғылық капиталын азайтуды кооперативті мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған орган кооперативке талаптар мәлімдеу үшін кредит берушілерге ұсынылған мерзім аяқталған соң тіркейді. Егер кооперативті мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған органға кредит берушілер талаптарының көшірмелері түссе, жарғылық капиталды азайтуды кооператив осы талаптардың орындалғандығы туралы дәлелдерді ұсынған не мәлімдеген кредит берушілердің кооперативтің жарғылық капиталын азайуды тіркеуге қарсылықтары болмаған кезде тіркеледі.
6. Егер кооператив қатысушыларының жалпы жиналысы жарғылық капиталды азайту туралы шешім қабылдаған күннен бастап алты ай ішінде кооператив қайта тіркеу туралы өтініш бермесе не қажетті дәлелдер ұсынбаса жарғылық капитал азайтылмаған болып есептеледі. Бұл жағдайда жарғылық капиталды азайту осы баптың талаптарын сақтай отырып, кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының жаңа шешімі бойынша ғана жүргізілуі мүмкін.
7. Осы бапта белгіленген тәртіпті бұза отырып, жарғылық капиталды азайту мүдделі адамдардың өтініші бойынша сот шешімімен кооперативтің таратылуына негіз болып табылады.
8. Кооператив жарғылық капиталдың азайтылуына байланысты жарғылық капиталдың жаңа мөлшерінен асатын таза активтердің бір бөлігі шегінде ғана өз қатысушыларына төлемдер жасауға құқылы. Төлемдер жарғылық капиталдың азайтылуына байланысты қайта мемлекеттік тіркеуден кейін кооператив жарғысында немесе жалпы жиналыстың жарғылық капиталды азайту туралы шешімінде белгіленген мерзімде, бірақ мемлекеттік тіркеу сәтінен бастап үш айдан кешіктірмей жасалады.
Төлемдер кооператив қатысушылары үлестерінің мөлшеріне сәйкес жасалады.
9. Жарғылық капиталды азайту осы Заңның 22-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, қатысушылардың өз салымдарын құрылтай құжаттарында мәлімделген жарғылық капиталдың толық мөлшеріне дейін салғаннан кейін ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
26-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының
үлестері
1. Барлық қатысушылардың жарғылық капиталдағы үлестері және тиісінше олардың кооператив мүлкінің құнындағы үлестері (мүліктегі үлес), егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, олардың жарғылық капиталдағы салымдарына пропорционалды болады.
Үлес мөлшері осы Заңның 21-бабының 6-тармағында көзделген тәртіппен айқындалады. Қатысушылардың тым болмағанда біреуінің жарғылық капиталдағы салымының қандай да бір өзгеруі (ұлғаюы немесе азаюы) кооперативтің барлық қатысушылары үлестерінің мөлшерін тиісті түрде қайта есептеуге әкеледі.
2. Кез келген негіз бойынша үлеске деген құқықтан айрылу қатысушының кооперативтен шығуына әкеп соғады. Осы Заңда белгіленген тәртіппен үлес сатып алу үлесті сатып алушының кооператив қатысушыларының құрамына кіргендігін білдіреді.
3. Кооперативтің құрылтай құжаттарымен кооперативтің бір қатысушысына тиесілі болатын үлестің ең көп мөлшері шектелуі мүмкін. Мұндай шектеу белгілі бір қатысушыға қатысты белгіленбеуі мүмкін. Құрылтай құжаттарында сол сияқты кооператив қатысушылары үлестерінің ара қатынасын өзгерту мүмкіндігі шектелуі мүмкін.
4. Кооператив мүлкіне қатысушының үлесіне құқық заттық емес, міндеттемелік сипатта болады.
27-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушысының кооператив мүлкіндегі өз үлесіне билік етуі
1. Қатысушының кооператив мүлкіндегі үлесі салым төленіп қойылған бөлігінде ғана салым толық төленгенге дейін иеліктен алынуы немесе кепілге берілуі мүмкін.
2. Кооператив қатысушысы өз таңдауы бойынша сол кооперативтің бір немесе бірнеше қатысушысына кооператив мүлкіндегі өз үлесін немесе оның бір бөлігін сатуға немесе өзге де тәсілмен беруге құқылы. Кооператив қатысушысы кооперативке басқа қатысушы алдындағы өз міндеттемесін қамтамасыз ету үшін үлесін кепілге беруге құқылы. Бұл мәмілелерді жасауға кооперативтің немесе басқа да қатысушылардың келісімі талап етілмейді. Алайда, егер кооперативтің құрылтай құжаттарында осы Заңның 26-бабының 3-тармағында көрсетілген шарттар көзделсе, бұл шарттар үлесті басқаға беру кезінде сақталуға тиіс.
Шығатын қатысушының кооператив мүлкіндегi (жарғылық капиталындағы) үлесіне немесе оның бір бөлігіне құқығын иелiктен шығару (басқаға беру) шартының тарапы жеке тұлға болып табылатын жағдайда, жеке тұлға қолының түпнұсқалығы нотариалды куәландыруға жатады.
3. Кооператив мүлкіндегі үлес кепілін тіркеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Тіркеуші кооператив қатысушыларының тізілімін жүргізген жағдайда кооператив мүлкіндегі үлес кепілін тіркеу осы Заңның және (немесе) кооператив жарғысының талаптарын сақтаған кезде тіркеушінің ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
28-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушысының үлесін үшінші тұлғаға иеліктен шығарып беру мүмкіндігі
1. Егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, кооператив қатысушысының өз үлесін (оның бір бөлігін) үшінші тұлғаларға иеліктен шығарып беруіне немесе қатысушының үшінші тұлға алдындағы міндеттемесін қамтамасыз ету үшін үлесті (үлестің бір бөлігін) кепілге беруіне жол беріледі.
2. Кооперативтің құрылтай құжаттарында үлесті үшінші тұлғаға сатуға тек белгілі бір шарттар сақталғанда ғана жол берілетіндігі көзделуі мүмкін.
3. Осы бапта белгіленген шектеулер мемлекетке немесе мемлекеттік заңды тұлғаға тиесілі үлесті сату жағдайларына, егер мұндай сату «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес үлесті саудада сату арқылы жүзеге асырылса, қолданылмайды. Алайда мұндай сату кезінде кооперативтің басқа қатысушысының (басқа қатысушыларының) осы Заңның 29-бабында көзделген үлесті сатып алуға басым құқығы сақталады.
29-бап. Иеліктен шығарылатын үлесті сатып алуға басым құқық
1. Кооператив қатысушылары заңнамалық актілерде көзделген жағдайларды қоспағанда, қатысушылардың бірі үлесін сатқан кезде оны немесе оның бір бөлігін сатып алу кезінде үшінші тұлғалардың алдында артықшылықты пайдаланады. Мұндай құқықты әрбір қатысушы пайдалана алады. Егер сатып алудағы басым құқықты пайдалануды қалайтын қатысушылар бірнеше болса және құрылтай құжаттарында немесе кооператив қатысушыларының өзге келісімінде өзгеше көзделмесе, үлесті (оның бір бөлігін) сатып алудағы басым құқықты қатысушылар жарғылық капиталдағы өз үлестерінің мөлшеріне пропорционалды жүзеге асырады.
2. Өз үлесін немесе оның бір бөлігін үшінші тұлғаға сатқысы келген кооператив қатысушысы өзінің ниеті туралы кооперативтің атқарушы органына сатудың болжамды бағасын көрсетіп, жазбаша хабарлауға міндетті.
3. Кооператив қатысушысынан үлесті сату ұсынысы туралы хабарлама алған кезден бастап атқарушы орган жеті күн ішінде бұл туралы кооперативтің барлық қатысушыларына хабарлайды. Сатып алуда басым құқықты жүзеге асыруды қалайтын кооператив қатысушысы сатуға ұсынылған үлесті толық немесе оның белгілі бір бөлігін сатып алу ниетін көрсете отырып, бұл туралы кооперативтің атқарушы органын жеті күндік мерзімде хабардар етуге тиіс.
4. Егер келіп түскен ұсыныстардың жиынтық шамасы сатылатын үлестің мөлшерінен аспаса, қатысушының әрқайсысы оның өзінің хабарламасында көрсеткен бөлігін сатып алады. Егер үлесті иеліктен шыаруға дейін кооператив қатысушыларынан қосымша ұсыныстар түспесе, үлестің қалған бөлігі үшінші тұлғаға иеліктен шығарылып берілуі мүмкін.
5. Егер кооперативтің атқарушы органына үлестің сатуға ұсынылғаны туралы хабарлама жіберілген күннен бастап бір ай ішінде оны немесе оның бір бөлігін кооператив қатысушылары басым құқықты жүзеге асыру тәртібімен сатып алмаса, үлесті сатуға ұсынған қатысушы үлесті (үлестің сатып алынбаған бөлігін) хабарламада көрсетілген бағадан төмен емес баға бойынша үшінші тұлғаға сатуға құқылы.
6. Егер үлес хабарламада көрсетілген бағадан неғұрлым төмен баға бойынша үшінші тұлғаға иеліктен шығарылып берілсе, үлесті сатып алу-сату туралы шарт жарамсыз деп танылуы мүмкін. Қатысушылардың үлестің немесе оның бір бөлігінің іс жүзіндегі сату бағасын ескеріп, үлесті сатып алудағы басым құқықты жүзеге асыру рәсімін қайталауға құқығы бар.
7. Үлесті немесе оның бір бөлігін сатып алудағы басым құқық бұзылып сатылған жағдайда кооперативтің кез келген қатысушысы үш ай ішінде сот тәртібімен сатып алушының құқықтары мен міндеттерін өзіне ауыстыруды талап ете алады.
8. Иеліктен шығарылған үлесті сатып алудағы басым құқық үлесті сатудың кез келген тәсілі кезінде, оның ішінде сауда-саттық кезінде жүзеге асырылады.
9. Үлесті сатып алудағы басым құқықты басқаға беруге жол берілмейді.
10. Иеліктен айырылған үлесті немесе оның бір бөлігін кооператив қатысушысы (қатысушылары) сатып алған жағдайда оның (олардың) кооперативтің жарғылық капиталындағы үлесі тиісінше ұлғаяды.
11. Осы баптың нормалары үлесті айырбас шарты бойынша иеліктен шығарған кезде де қолданылады.
12. Үлесті немесе оның бір бөлігін үшінші тұлғаға сатқан кезде кооператив қатысушылары сатып алудағы басым құқықты пайдалануды қаламаған жағдайда, сатып алудағы басым құқықты осы баптың 2, 5-9 және 11-тармақтарын ескере отырып, кооперативтің өзі пайдалана алады.
30-бап. Басқа қатысушылар үлесті сатып алудан бас тартқан кезде ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушысының үлесін сату
1. Кооперативтің құрылтай құжаттарында кооператив қатысушысының өз үлесін үшінші тұлғаларға сатуына тыйым салу немесе шек қою көзделуі мүмкін (мысалы, үлесті кооперативтің басқа қатысушыларына не үшінші тұлғалардың шектеулі тобына ғана сату). Бұл жағдайда сату осындай тыйым салуды немесе шектеулерді сақтай отырып жүргізілуі тиіс.
Қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi тiркеушi жүзеге асыратын кооперативтің жарғылық капиталына қатысу үлесін қатысушының сату тәртiбi кооперативтiң жарғысында белгіленеді.
2. Үлесті сату сатушыға байланысты емес мән-жайлар бойынша осы баптың 1-тармағында көзделген тыйым салуларды немесе шектеулерді сақтай отырып жүргізу мүмкін болмаған жағдайда, үлесін сатқысы келетін кооператив қатысушысы осы үлесті сатып алуын немесе оны үшінші тұлғаға сатуға рұқсат етуін талап ете отырып кооперативке жүгінуге құқылы.
Осы нұсқалардың бірін таңдау кооператив қатысушыларының жалпы жиналысында жүргізіледі.
3. Үлесті кооператив сатып алған жағдайда үлес бағасы тараптардың келісімінде белгіленеді, келісімге қол жеткізілмеген кезде сот белгілейді.
4. Кооператив үлесті үшінші тұлғаға сатуға келіскен кезде кооператив қатысушыларына осы Заңның 29-бабында көзделген үлесті сатып алудағы басым құқығы сақталады.
31-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушысының үлесін сатып алу салдары
1. Кооператив осы Заңда көзделген тәртіппен қатысушы үлесін сатып алғаннан кейін, сондай-ақ кооператив тараптардың келісімі бойынша қатысушының үлесін сатып алғаннан кейін, кооператив басқа қатысушыларға жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген баға бойынша осы үлесті сатып алуды ұсынуға міндетті.
2. Үлесті сатып алуға бірнеше қатысушы ниет білдірген жағдайда үлес олардың арасында кооперативтің жарғылық капиталындағы өз үлестерінің мөлшеріне пропорционалды бөлінеді.
Қатысушы сатып алған үлес мөлшері сатып алғанға дейін осы қатысушыға тиесілі үлес мөлшеріне қосылады. Бұл ретте кооперативтің бір қатысушысына тиесілі болуы мүмкін үлес мөлшерін шектеу мүмкіндігі туралы осы Заңның 26-бабы 3-тармағының нормалары сақталады.
3. Шығып кеткен қатысушыдан кооператив сатып алған үлесті қатысушылар сатып алғысы келмеген кезде үлес жарғылық капиталды тиісінше азайту және кооператив қатысушыларының жарғылық капиталдағы үлестерін қайта есептеу арқылы өтеледі.
4. Кооператив жалпы жиналыстың шешімі бойынша осы баптың
3-тармағында көзделген үлесті өтеудің орнына бұл үлесті кооператив атынан үшінші тұлғаға сатуға құқылы.
5. Кооперативтің шығып кеткен қатысушысының кооперативке ауысқан үлесіне барлық жағдайда ол өтелгенге не басқа қатысушыға немесе үшінші тұлғаға сатылғанға дейін дивидендтер есептелмейді.
32-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушысынан үлесті мәжбүрлеп сатып алу
1. Кооператив қатысушысы кооперативке немесе оның қатысушыларына зиян келтірген кезде олар зиян келтірушіден зиянды өтеуді талап етуге құқылы.
2. Елеулі түрде зиян келтірілген кезде кооператив зиянды өтеу туралы талаптан басқа және зиян келтірген кінәлі қатысушының үлесін кооперативтің мәжбүрлеп сатып алуы туралы мәселе қоюдан басқа, сондай-ақ оның қатысушылар құрамынан шығуын талап етуге де құқылы.
3. Үлесті мәжбүрлеп сатып алу сот тәртібімен жүргізіледі. Кооператив қатысушысынан үлесті мәжбүрлеп сатып алу халықаралық стандарттар негізінде бағалау қызметі саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті орган белгілеген талаптарға жауап беретін тәуелсіз бағалаушы белгілеген нарық бағасы бойынша жүзеге асырылады.
33-бап Ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғылық капиталындағы үлестің мұрагерлік бойынша ауысуы
Егер кооперативтің құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, кооператив қатысушысының үлесі оның мұрагерлеріне ауысады. Үлестің мұрагерлерге ауысуы және оны бірнеше мұрагерлер арасында бөлу Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес жүргізіледі.
34-бап. Заңды тұлғалардың ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғылық капиталындағы үлеске қатысты құқықтық мұрагерлігі
1. Заңды тұлға бірігу, қосылу немесе қайта құрылу нысанында қайта ұйымдастырылған жағдайда кооперативтің жарғылық капиталындағы оның үлесі қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның құқықтық мұрагеріне ауысады.
2. Егер қайта ұйымдастыру заңды тұлғаны бөлу немесе жаңа заңды тұлғаның құрамынан (жаңа заңды тұлғалардың) бөліп шығару болып табылса, қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның үлесі бөлу оның құқықтық мұрагерлеріне балансына сәйкес ауысады.
3. Жалпы жиналыс осы баптың 2-тармағында көзделген заңды тұлғаның құқықтық мұрагерлеріне үлестің ауысуына келіспеген кезде кооператив үлесті осы Заңның 32-бабында көзделген тәртіппен сатып алуға міндетті.
35-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушысының үлесінен оның кредиторларының өндіріп алуы
1. Кооператив қатысушысының кредиторлары сот шешімінің негізінде мәжбүрлі түрде осындай қатысушының кооператив мүлкіндегі үлесінен немесе үлесінің бір бөлігінен өндіріп алуды талап етуге құқылы.
2. Үлеске (үлестің бір бөлігіне) қатысты кепіл ұстаушы құқығы жоқ оны өндіріп алатын кредитор кооперативке борышкерден үлесті (үлестің бір бөлігін) мәжбүрлеп сатып алатыны және сатып алудан түскен сомадан борышты өтеуін талап ететіні туралы мәлімдейді. Үлесті (үлестің бір бөлігін) сатып алуды кооператив немесе оның қатысушылары үлесі сатып алынатын қатысушы бұған келіскен кезде тараптар белгілейтін баға бойынша жүзеге асырады.
3. Кооператив және үлесі өндіріп алынатын қатысушы келіскен кезде мұндай үлес (үлестің бір бөлігі) үшінші тұлғаға сатылуы мүмкін.
4. Егер кредитордың талабы мәлімденген күннен бастап үш ай ішінде кооператив немесе оның қатысушылары, немесе үшінші тұлғалар үлесті (оның бір бөлігін) сатып алмаса және талапты қанағаттандыруды жүргізбесе, кредитор үлесті (оның бір бөлігін) Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіппен көпшілік сауда-саттықта сатуды талап етуге құқылы. Бұл жағдайда кооперативтің басқа қатысушыларының осы Заңның 29-бабында көзделген үлесті сатып алудағы басым құқығы сақталады.
5. Үлесті сатудан түскен ақшадан оны бағалауға, сатуды ұйымдастыру мен өткізуге және үлестен өндіріп алуды талап еткен кредитордың талаптарын қанағаттандыруға жұмсалатын шығыстар өтеледі. Қалған ақша, егер ол бар болса, үлесі (үлесінің бір бөлігі) сатылған адамға беріледі.
4-тарау. Ауыл шаруашылығы кооперативінің мүлкі
36-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің мүлкін
қалыптастыру
1. Кооператив мүлкі оның құрылтайшыларының (қатысушыларының) салымдары, кооператив алған табыстар, сондай-ақ заңнамада тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
2. Заңнамалық актілерде немесе кооперативтің құрылтай құжаттарында резервтік капитал және басқа да қорлар құру көзделуі мүмкін.
3. Кооператив мүлкі оның балансында есепке алынады.
37-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі мүлкіне қосымша жарналар
1. Егер кооператив жарғысында өзгеше көзделмесе, қатысушылардың жалпы жиналысы қатысушылардың кооператив мүлкіне қосымша жарналар енгізуі туралы шешім қабылдай алады. Шешім кооперативтің барлық қатысушыларының төрттен үшінің көпшілік дауысымен қабылданады. Мұндай шешімді жақтап дауыс бермеген қатысушылар (оның ішінде жиналыста болмағандар, дауыс беруге қатыспағандар немесе дауыс беруден қалыс қалғандар) өз үлестерін қосымша жарналар енгізуді жақтап дауыс берген қатысушылардың сатып алуын талап етуге құқылы. Қосымша жарналарды жақтап дауыс берген қатысушылар осы үлестерді кооперативтің жарғылық капиталындағы өз үлестеріне пропорционалды мөлшерде осы Заңның нормаларына сәйкес айқындалатын баға бойынша сатып алады.
Қосымша жарналар өздерінің үлестерін сатып алу туралы талапты мәлімдеген қатысушылармен есеп айырысу аяқталған соң ғана енгізіледі.
2. Қатысушылардың кооператив мүлкіне қосымша жарналар енгізу тәртібі мен мерзімі, сондай-ақ оны енгізу мерзімін өткізіп алғаны үшін жауапкершілік осы Заңның 22-бабының нормаларына сәйкес айқындалады.
3. Қатысушылардың кооператив мүлкіне қосымша жарналары оның жарғылық капиталының және кооператив қатысушылары үлестерінің мөлшерін өзгертпейді.
Достарыңызбен бөлісу: |