Ауыл шаруашылығындағы кадрлар тапшылығы 5 мыңнан астам маманды құрайды –А. Бұлашев астана. 24 маусым. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев



жүктеу 124.29 Kb.
Дата29.06.2016
өлшемі124.29 Kb.
http://www.inform.kz/kaz/article/2389429
24.06.2011 / 10:52

Ауыл шаруашылығындағы кадрлар тапшылығы 5 мыңнан астам маманды құрайды –А.Бұлашев

АСТАНА. 24 маусым. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр-Отан» Халықтық-демократиялық партиясының XII съезінде ауыл шаруашылығы бағытындағы ірі инновациялық жобаларды жүзеге асыру,

еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету, Қазақстанның әлемдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушы жетекші елдердің қатарына енуі, аграрлық жоғары оқу орындары мүдделерінің мемлекет, бизнес және қоғамдық мүдделермен тоғысуы - ортақ іске қосылған сүбелі үлес болуы қажет екендігін баса айтқан болатын. Бұл ретте, еліміздегі үш аграрлық университеттің бірі - Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті білім беруді еуропалық стандарттар бойынша жүзеге асыру мақсатында алғашқылардың бірі болып Болон үрдісіне қосылды, өзінің ғылыми-зерттеу базасын жаңғыртып, әлемнің үздік ЖОО-ларымен студенттерді бірлесіп даярлау тәжірибесін іс жүзінде іске асыра бастады. Университетте атқарылып жатқан жұмыстар жайлы егжейлі-тегжейлі айтып беру үшін оқу орнының басшысы, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Айтбай Бұлашевты әңгімеге тартқан едік. 



- Айтбай Қабыкешұлы, өзіңіз басқарып отырған университеттің Боллон үрдісіне қосылғанына бір жылдан астам уақыт өтті, жоғары білімнің еуропалық кеңістігіне көшу жұмыстары қалай жүруде?  

- Бұл жүйе әлемдік деңгейдегі білікті мамандарды дайындауға бағытталған. Қоғамның кез келген сынынан сүрінбей өтетін, өз кәсібінің «құлағында ойнайтын» маман иелерін даярлауда бұл жүйенің берері мол екенін әлем елдері мойындады. Әлемдік білім кеңістігінде өзгелермен тереземіз тең болу үшін кредиттік жүйеге ену аса қажет екеніне дау жоқ. Білім ордамызда оқытудың кредиттік жүйесін енгізу үрдісі біртіндеп жүзеге асырылды. Алдымен, осы жүйемен білім алуды экономикалық мамандықтар бастады, кейіннен техникалық және ауылшаруашылық,  соңынан сәулет өнері мен ветеринарлық мамандықтар көшті. Жоғары білім саласында орын алып отырған өзгерістер білім  ошақтарында біліктілік деңгейі жоғары оқытушылардың, жеткілікті оқу алаңының, қажетті әдебиеттер мен интернетке қосылған оқу залдарының болуын талап етеді, ал сабақтар заманауи ақпараттық технологиялар, аудио, бейне материалдарды қолданумен өткізілуі тиіс. Болон үрдісінің келесі шарты - студенттер, профессорлық-оқытушылар құрамының және әкімшілік-басқару персоналының ұтқырлығын дамыту, олардың біліктіліктерін және жоғары білім саласындағы біліктілігін өзара мойындау, студенттерге академиялық еркіндік беру, білім алу траекториясын таңдауға мүмкіндік беру және білім бағдарламаларының мазмұнын байыту болып табылады. Сонымен бірге қос дипломды білім бағдарламасын іске асыру, түлектердің кез келген елде жұмысқа орналаса алуы аталған үрдістің бірден-бір шарты болып есептеледі.   

Осы шартты жүзеге асыру мақсатында университет шет мемлекеттердің жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатып келеді. Бүгінгі таңда Вайенштефан қолданбалы ғылымдар университетімен (Германия) және Моңғолия, Франция мен Бельгияның аграрлық жоғары оқу орындарымен бірлесіп, магистратураның «Менеджмент» мамандығының «Аграрлық менеджмент» және «Мал шаруашылығындағы менеджмент» бағыты бойынша оқу жоспарлары мен бағдарламалары әзірленді. Студенттермен және оқытушылармен өзара алмасу мақсатында С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ жанында Қазақ-қытай білім және ғылым орталығы ашылды. Орталықта қытай тілін меңгерген студенттеріміз Шыңжаң аграрлық университетінде білім алу мүмкіндігіне ие болады. Біздің бастамамызбен Новосібір мемлекеттік аграрлық университетімен ынтымақтастық келісімі жасалып, қазір «Агроинженерия» және «Агрономия» мамандықтары бойынша магистратураның оқу жоспарларын бірыңғайландыру жұмыстары жүргізілуде. Сібір Мемлекеттік телекоммуникациялар және ақпарат университетімен бірлесіп «Есептеу техникасы, радиотехника және телекоммуникациялар» мамандығы бойынша магистранттарға қос дипломды білім беру іске аса бастады. Онымен бірге, Беларусь Мемлекеттік аграрлық-техникалық университетімен, Украинаның Ұлттық биоресурстар және табиғатты пайдалану университетімен келісімшарттар жасалған. 

Қос дипломды білім беру бағдарламасын, көріп отырғаныңыздай, бакалавриаттан емес магистратурадан бастадық. Себебі магистратураның оқу жоспары, біріншіден, гуманитарлық бейінді пәндерді оқытуды қарастырмайды, екіншіден, академиялық тұрғыдан барынша еркін (оқу бағдарламасының көп бөлігі таңдау пәндерінен тұрады) және үшіншіден, шетелдік жоғары оқу орындарымен ғана емес, ғылыми-зерттеу институттарымен де айтарлықтай тығыз қарым-қатынас орнатуға ықпал етеді. Қос дипломды білім бағдарламасын іске асыру үшін игі жағдайды университетімізде ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес сынақ ретінде жүргізіліп отырған - қашықтықтан оқыту технологиясы туындатады. Әріптес елдердің агроөнеркәсіптік кешенін жүргізу ерекшеліктерін білетін ғылыми-педагогикалық кадрлар мен мамандарды бірлесіп даярлау Біртұтас экономикалық кеңістікте ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға ықпал етері сөзсіз. 

Сонымен бірге студенттеріміздің ұтқырлығын қамтамасыз ету үшін кредитті есептеудің еуропалық жүйесі - ECTS типін енгізу жұмысы белсенді жүргізіліп келеді. Университетте 2004 жылы магистратура, 2009 жылы PhD докторантурасы бойынша білім беру бағдарламасы іске асырыла бастады. Білім берудің үш сатылы жүйесіне көшу негізінде университеттегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мазмұны мен құрылымы халықаралық стандартқа сәйкестендірілді, бұл оқу орнымызға 2009 жылы Болонья қаласында Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қоюға мүмкіндік берді. Мемлекеттік білім беруді дамыту бағдарламасына сәйкес, таңдау пәндерінің үлесі 2020 жылға қарай бакалавриатта 65 пайызға дейін артса, магистратура мен докторантурада сәйкесінше 85 және 95 пайызға жетеді. Жаңа үлгі өзінің мағынасы жағынан оқыту үрдісін жұмыс берушінің сұранысына бейімдейді. 

Қазіргі таңда С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-да профессорлық-оқытушылар құрамының жоғары зияткерлік әлеуетінің, дұрыс жолға қойылған әдістемелік жұмыстың және ғылыми мектептердің арқасында оқытудың кредиттік жүйесі білім берудің барлық сатысына енгізілді. Бір сөзбен айтқанда, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының ауыл шаруашылығы, техника және технологиялар саласындағы негізгі білім бағдарламаларын біріздендіру бойынша жұмыс олардың болашақта Қазақстанның жағдайына бейімделуіне, ал университетке білім бағдарламаларын халықаралық аккредиттеуден өткізуге нақты мүмкіндік береді. Бірлескен үрдістер бірінші орынға білім сапасын шығаратынын, ал ол өз кезегінде түлектеріміздің тек қазақстандық еңбек нарығында ғана емес, одан тыс жерлерде де бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететінін атап өту керек. 



- Еліміздің әл-ауқатын көтеретін салалардың бірі - ауыл шаруашылығы екендігін Елбасы ұдайы айтып келеді. Білімнің сапасы болған жерде ғана жақсы мамандар шығады. Экономиканың барлық саласына озық техникалар қарқынмен еніп жатқан қазіргі заманда оқу құралдарыңыз, тәжірибеде қолданып отырған техникаларыңыз заман ағымынан қалып жатқан жоқ па? 

- Кез келген жоғары білім беру мектебі дәрежесінің бір қыры - сапалы білім берумен көрінеді. Ол үшін барлық жағдай жасалу керек. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде сапалы білім берудің базасы жетілген және әлі де жетілу үстінде. Оқу ордасында 246 аудитория бар, соның 29-ы дәріс беру, 45-і зертханалық, 68-і арнайы мамандандырылған, тағы 68-і семинар және тәжірибе, 3-еуі студиялық, 49-ы компьютерлік аудиториялар болып табылады. Атап айтқанда, техникалық факультетте оқыту зертханалары қажет машиналармен, құралдармен және де металл кесуші станоктар паркімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, оқытудың техникалық құралдары, ноутбуктер, бейнепроекторлар, кинопроекторлар, диапроекторлар, эпидиоскоп, киноқондырғылар, фильмотекалар да жұмыс барысында толығымен қолданылады. Оқыту жүйесінде және өндірістік практика кезінде «Морис-Максим» тұқым себу кешені міндетті түрде қолданылады. Кешенде егіншілік шаруашылығына қажетті техникалық құралдар толығымен бар. Ал энергетикалық факультеттің зертханалары мемлекеттік тілдегі көрнекілік құралдармен жабдықталған. Бұрынғы жабдықтарды айтпағанда, талапқа сай «IP-телефония және NGN», «Wi-Fi Mesh сымсыз байланыс технологиясы» құралдарын пайдаланудамыз. 2010 жылы IPTV зертхана кешені, СТОП IPPBX Asteriskке зертхана кешені, кабельді-өлшеуіш жүйесін құру бойынша зертхана кешені және Cisco зертхана кешені алынды. Сонымен қатар, «Тренажерлік-диагностикалық», «Техникалық термодинамика және жылуалмасу» кешендері жұмыс істейді. Әрине, әр зертхана, әр кешеннің ішінде жабдықтар мен құралдар саны өте көп. Ең бастысы барлығы да оқыту жүйесінде кеңінен қолданылады.

Университетте бес ғылыми-зерттеу институты мен орталығы құрылған. Алдағы уақытта ғылыми-зертханалық базалары бар тағы екі орталық құрылмақ. Әрбір ғылыми-зерттеу орталығы өзінің ғылыми мәселелерін шешуге арналған гранттар бойынша бюджеттік қаржыландыруларға ие. 

Тарқатып айтатын болсам, Жануарлар мен өсімдіктер биотехнологиясы ғылыми-зерттеу институты ауылшаруашылық дәнді-дақылдардың өнімділігі жоғары сұрыптары мен будандарын алу, жануарлар ауруын балау, алдын алу және емдеуде қолданылатын жаңа биологиялық препараттар жасау мәселесімен айналысады. Институт биоорганикалық қосылыстарды тазалау және талдау, микроорганизмдердің және сүтқоректілердің жасуша өсінділерін өсіру және сақтау,  полимеразды тізбекті реакцияны жүргізу, ДНҚ секвенирлеу жұмыстарын орындау үшін заманауи құрал-жабдықтармен және аспаптармен жарақталған. Барлық қызметкерлер гибридомды техника, хроматография, электрофорез және иммунохимия әдістерін, сондай-ақ вирусологиялық және иммунологиялық зерттеулер әдістерін жетік меңгерген. Қызметкерлеріміз алғаш Қазақстан Республикасында және ТМД елдерінде бруцеллез,  лептоспирез, топалаң қоздырғышының антигендеріне телімді моноклоналды антиденелерді түзетін гибридті жасушаларды алды. Бұл өнертабыс авторлық куәліктер және патенттермен  расталды. Олар ауылшаруашылық жануарларының жұқпалы ауруларын балауға арналған ИФТ тест-жүйелерін әзірледі және әртүрлі биотехнологиялық өнімдерді өндірудің технологиялық регламенттерін әзірлеп шығарды. Авторлар ұжымының әзірлеген төрт диагностикумы ветеринарлық препараттардың мемлекеттік тіркеуінен өтіп, мемлекеттік реестрге енгізілді. 

Ал Аграрлық дамудың экономикалық мәселелері ғылыми-әдістемелік орталығы тәуекелдерді, соның ішінде ауылшаруашылық сақтандыруларды, сонымен қатар жаңа агротехнологияларды пайдаланудың әлеуметтік-экономикалық тиімділігін бағалауды басқару мәселелерін зерттейді. 

«Балық шаруашылығы» ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары болса,  көл-тауарлы балық шаруашылығы жағдайында тұқы балықтарын өсіру технологиясын жетілдірумен айналысады. 

«Білім беру және тәрбие философиясы» ғылыми-зерттеу орталығында білім саясаты, ұлттық идеяларды құру, Қазақстан мемлекеттілігінің рухани-мәдени негіздері саласында зерттеулер жүргізіледі. 

Ал «Энерготиімділік және энергоүнемділік» аймақтық ғылыми-зерттеу және инновациялық орталығының зерттеулері энергияның дәстүрлі емес жаңғыртпалы қуат көздерін пайдаланумен энергоүнемдеу технологияларын әзірлеуге бағытталған. Бүгінде «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығымен» бірлесе отырып, университет базасында энергоүнемдеу мен білімді тарату орталығын құру туралы мәселе шешімін табу үстінде. 



- Ауыл шаруашылығы үшін жаңа мамандықтар ашылып жатыр ма?   

- Ауыл шаруашылығы бүгінде 5 мыңнан астам маманның тапшылығын бастан өткеруде. Бұлар - дәрігерлер, педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер, ауылшаруашылық мамандары сияқты түрлі бейіндегі, бірақ ауыл үшін аса қажет мамандар. Жыл сайын университетте жүргізілетін түлектер жәрмеңкесі ауылшаруашылық кәсіпорнында агроном, мал дәрігері, инженер-механик секілді мамандарға сұраныс жоғары екенін көрсетеді. Аталмыш бейінді мамандар қажеттілігі ауылға жаңа технологиялар, заманауи техникалар енгізілгенімен, ауылшаруашылық өндіріс көлемінің артып жатқанымен түсіндіріледі. Ауыл шаруашылығы мамандықтарының ішінен жаңа мамандық ретінде «Мал шаруашылығындағы селекция» деген мамандық ашу керек. Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы бойынша ауыл шаруашылығы малдарын аудандастыру тәртібі сақталынбай келеді. Сол себепті  барлық мал түрлерінің асыл тұқымдығы және өнімділігі төмендеп кетті, яғни өнімділік қасиеттері бойынша тұқымдардың ұнамды талабына сәйкес келмейді. Малдарға жеке бонитировка жүргізіп, класын анықтау, іріктеу, жұптау сияқты асыл тұқымдық жұмыстар жекелеген асыл тұқымды зауыттардан басқа шаруашылықтарда жүргізілмейді. Себебі малдарға селекциялық жұмыс жүргізетін арнайы мамандар жоқ. Сонымен қатар, қазіргі қолға алынып отырған кең көлемді селекция жұмыстарын және шет елдерден қымбат бағаға сатып алынған малдарды сәйкесінше сақтап, өсіру үшін де терең, арнайы селекциялық білімі бар мамандар қажет. Осы жоғарыдағы шараларды жолға қою үшін, яғни мал тұқымдарын асылдандыру және өнімділігін жоғарылату үшін жоғары білімді «Зоотехник-селекционерлерді» дайындау аса қажет деп есептейміз. 

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының территориясында ішкі су көздері баршылық. Мысалы, Арал, Каспий теңздері, Балқаш, Алакөл, Зайсан, Шалқар секілді ірі көлдермен қатар көптеген балық шаруашылықтық маңызы бар кіші көлдер мен Қапшағай, Вячеслав, Сергеев, Шардара, Қаратомар, Самаркан, Бұқтырма секілді ірі су қоймалары бар. Тек Қазақстанның Солтүстік аудандарында 2000 астам балық шаруашылықтық маңызы бар орта және шағын көлдер бар. Осы су көздерінің табиғи ресурстарын толық және тиімді пайдалану мақсатында «Су ресурстары және аквакультура» мамандығын ашса болар еді. Себебі қазіргі кезде балық шаруашылығына қажетті мамандар 5В080400- «Балық шаруашылығы және кәсіптік балық аулау» мамандығында дайындалып келеді. Біздің ойымызша, бұл мамандық қажеттілікті толық қамтамасыз ете алмайды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында бүгінгі күні 12 Мемлекеттік қорық, 7 Ұлттық Табиғи парк, көптеген қорықшалар мен 600-ге жуық аңшылық шаруашылықтар бар. Осы ұйымдарда, әсіресе аңшылық шаруашылықтарды кадрлардың жетіспеуі байқалады. Ал, сол шаруашылықтарда қызмет атқарып жүргендердің көбінің арнайы білімдері жоқ. Мемлекет осы сала мамандарын дайындау үшін жылына не бары 90 (мемлекеттік грант) грант бөліп келеді. Ол өте аз деп ойлаймыз. Себебі қорықтар мен Ұлттық табиғи парктердің, қорықшалардың, биосфералық орталықтардың және аңшылық шаруашылықтарының жұмысын дұрыс бағытта және ғылыми инновациялық негізде жүргізу үшін жас мамандар қажет. Сондықтан, жаңа мамандықты ашпағанның өзінде, грант көлемін 150-170-ке дейін көбейту керек. Сондай-ақ айта кетейін, 2009-2010 оқу жылының соңында университет «Өсімдік қорғау және карантин», «Ауыл шаруашылығын энергиямен қамсыздандыру» мамандықтары бойынша бакалавриатурада  білім беруге лицензия алды.  

- Қазақстанның ЖОО-ларынан жыл сайын мыңдап түлеп ұшып жатқан жастар жұмыссыз сеңделіп қалмас үшін, мамандарды шаруашылық субъектілердің тапсырысы бойынша мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде даярлау әдісі енгізілген болатын. Шаруашылық субъектілері бұл мүмкіндікті қаншалықты пайдаланып отыр және қай саланың кәсіпкерлері белсенділік танытуда?  

- Ауылға жас мамандарды барғызу жолдары жоқ емес. Біріншіден, «АӨК және ауыл аймақтарын дамытуды мемлекеттік реттеу» Заңында жас мамандарға деген жеңілдіктер бекітілген. Өкінішке қарай, ол жеңілдіктер ішінде ауыл шаруашылығы мамандықтарына қатыстысы жоқ. Екіншіден, ірі аграрлық кәсіпорындар өз мамандарын өз қаражатына дайындау кезеңі әбден туындады. Үшіншіден, үкімет тапсырысымен, яғни грантта оқитын жастарды заңды түрде жұмысқа орналастыру керек деген талап заңға енгізілсе, артық болмас еді. Бұл мәселе бойынша, мамандарды жұмыс беруші есебінен мақсатты түрде даярлау қажет деп ойлаймыз. Қазіргі таңда университетте «Агрофирма Родина» ЖШС, «Астана Су Арнасы» МҚК, «Біршоғыр тас зауыты» АҚ-ның филиалы, «Қор» мұнай компаниясы» АҚ сияқты түрлі тапсырыс берушілердің есебінен 75 студент білім алуда. Ауылдық жерлерге кадрлар даярлаудағы мұндай әлеуметтік серіктестікті біз әрі қарай да дамытпақпыз. Ауылшаруашылық мамандарының қазіргі таңда да сұраныста болуына еш күмәнім жоқ. Елбасымыз биылғы Жолдауында ауылшаруашылығы өндірісін 2014 жылға дейін 2 есе, 2020 жылға дейін 4 есе ұлғайту керек деген талап қойды. Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамытуға байланысты арнайы жоба көзделуде. Әрине мұның бәрі халық үшін қосымша жұмыс көзі болып табылады. Сонымен қатар, ауылшаруашылығына қатысты басқа да егіншілік, машинажасау, химиялық және тамақ өнеркәсібінің, техникалық жөндеу салаларының қоса дамуына жол ашады. Сондықтан осы талапты орындау арқылы ауылшаруашылық кәсібі жаңа міндет пен жаңа бағытқа бет алады.  



- Университет қабырғасында жас ғалымдар арасында үздік ғылыми-техникалық өнімге байқау өткізіліп тұрады. Өмірге енгізілген, шығарылуы кең жолға қойылған ғылыми жобалар бар ма?  

- Иә, мұндай байқауларды жүйелі түрде өткізіп тұру университетіміздің дәстүріне айналған. Биыл мысалы, Ақмола аудандарының танаптарында түйіршіктелген минералды тыңайтқыштарды астық дәнді-дақылдары тұқымдарымен бір мезгілде топырақ астарына енгізетін сепкіш машинасы (авторы т.ғ.к. Е.Ж.Қаспақов) және малдардың лептоспериоз ауруын балауға арналған ИФА тәсілі  (авторы б.ғ.к. М.Қойбағаров) жеңімпаз атанып, авторлары ақшалай сыйлықтармен марапатталды. «Ғылым туралы» жаңа заңның қабылдануы бұл әзірлемелердің өндірісте қолданыс табуына жол ашып отыр. 

Сонымен қатар жас ғалымдарымыз жыл сайын республикалық деңгейдегі әртүрлі ғылыми байқауларға қатысады. Соңғы екі жыл ішінде «Шапағат-2009» өнертапқыштық саласындағы жетістіктердің VI республикалық байқауы аясында біздің түлегіміз, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ Биотехнология ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері Киян Владимир «Серологиялық балауға арналған дерматомицеттерден антиген алу тәсілі» атты өнертабысы үшін үздік жас өнертапқыш ретінде танылып, бүкіл әлемдік зияткерлік меншік ұйымы сыйлығымен марапатталды. Өсімдік шаруашылығы кафедрасының аға оқытушысы, б.ғ.к. В.Хасанов жас ғалымдар арасында ҚР Тұңғыш Президенті Қоры сыйлығының иегері атанды. Оқу орнымыздың жас ғалымдары О.Әкібеков, Ю.Балджи, Л.Лидер және В.Хасанов ҚР Білім және ғылым министрлігі жүргізген ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған, сондай-ақ дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияларды алу үшін байқау стипендияларын жеңіп алды. 

Жас ғалымдарымыздың әзірлемелеріне Қазақстанда ғана қызығушылық танытылып отырған жоқ. Мысалға, ізденуші С.Сүлейменов өсімдіктерді және тыңайтқыштар қолдану жүйесінің әзірлемелері саласындағы ғылыми жұмысы үшін АҚШ, Джорджия штаты, Норкросс, (IPNI) Тағамтану халықаралық институты жүргізген халықаралық байқау сыйлығының иегері болды.  



- Жуырда Парламент Сенатының депутаты Хұсайын Уалиев, С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-ды Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағынан шығарып, Білім және ғылым министрлігіне беру туралы Үкімет басшысының атына сауал жолдаған болатын. Бұл үрдістің қажеттілігі мен мақсаттылығын айтып берсеңіз.  

- Оқытушы-профессорларымыздың хатын Хұсайын Хасенұлының түсіністікпен қабылдап, өтінішті Үкімет басшысына депутаттық сауал түрінде жолдауы әбден орынды деп ойлаймын. Біріншіден, сенатор Валиев жоғары білім саласында көп жыл ректорлық қызмет атқарған, тәжірибесі мол танымал ғалымдарымыздың бірі. Екіншіден, экономиканың бір саласына мамандарды даярлайтын ЖОО-ның екі министрліктің қарамағында болуы, әлемнің берде-бір елінде кездеспейтін құбылыс. Мұндай жағдайдың білім беру ісіне тигізетін жағымсыз әсерлерін біздің ғалымдарымыз өз хатында келтірген екен. Ұзын сөздің қысқасы - аграрлық университеттер бір Министрліктің құзырында болуы керек, ал олардың Ауыл шаруашылығы министрлігінде немесе Білім және ғылым министрлігінде болуын Үкімет өзі шеше жатар.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет