Doç.Dr.Şolpan KARSIBEKOBA
Сөйлемдер адамның қажетін өтеу үшін түрлі мақсатта жұмсалады. Айтушы
(сөйлеуші) тыңдаушыға бір нәрсенің жайы туралы баяндауы немесе өзін
қызықтырған мәселе жайында сұрауы, я болмаса өтініш, тілегін (бұйрық) білдіруі
мүмкін. Сондықтан сөйлемнің қандай мақсатта жұмсалуына қарай үш үлкен топқа
бөліп қарастырамыз: хабарлы, сұраулы және бұйрықты. Осы сөйлемдердің
барлығы түрлі эмоциональдық реңкте жұмсалып, лепті (айтылу сазына қарай леп
сазды) сөйлем бола береді. Мәселен құрамы бірдей екі сөйлем екі түрлі мағына
білдіруі мүмкін. Мысалы: 1) Аспан бұлтты. 2) Аспан бұлтты? Осы сөйлемдердің
құрамы бірдей сөздерден болғанымен, бірінші сөйлем хабарлы, екіншісі сұраулы
мағынада жұмсалған. Сонда сөйлемнің мағынасын, оның қандай мақсатта
жұмсалағанын анықтау үшін сөйлем құрамындағы сөздердің мағынасына ғана
сүйену жеткіліксіз. Дж. Лайонз сөйлем мағынасын анықтауда оны құрайтын
сөздердің мағынасы ғана емес, оның грамматикалық құрылымы да әсер ететінін
дұрыс көрсеткен болатын (Laionz, 2003:48).
Сонымен сөйлемдер айтылу мақсаты мен сазына қарай: хабарлы,
сұраулы, бұйрықты, лепті сөйлемдер деп бөлу орын алғанмен, оларды есімді,
етістікті деп арнайы қарастырылмағаны белгілі. Сондықтан да енді осылардың
әрқайсысының тек есімді түрлеріне тоқталмақпыз.
Әрине бұл жерде мынаны ескерген жөн. Есімді сөйлемдер негізінен
хабарлы, сұраулы сөйлемдерде молынан кездеседі. Бұлар (хабарлы, сұраулы
сөйлемдер) айтылу сазына қарай көтеріңкі леппен айтылып, лепті сөйлем бола
алатын болса, бұйрықты есімді сөйлемдер – тілімізде сирек кездесетін құбылыс
(Elikbayev, 2010: 175-186).
Бұйрықты сөйлем іс-әрекетті біреуге істету үшін айтылады. Бұйрықты
сөйлемдер бұйрық райлы етістіктен және етістіктің басқа да формалары арқылы
жасалатын болғандықтан, оларды таза етістікті сөйлемдер дегенді біз де
қолдаймыз. Кезінде бұйрық рай туралы арнайы зерттеген ғалым Л.C.
Дүйсембекова оның 28 мағыналық реңкін көрсетуі де бұйрықты сөйлемдердің,
негізінен, етістікті болып келетіне дәлел бола алса керек (Duisembekova, 1998:
88). Етістіктің бұйрық райлы және басқа да формаларының бұйрықты сөйлем
жасауы жайында оқулықтар көлемінде де, жеке еңбектер көлемінде де айтылып
келе жатқандықтан, оны қайталап жатуды артық деп санаймыз. Сондықтан тек
есімді бұйрықты сөйлемдерге ғана тоқталмақпыз.
З.Ш. Ерназарова бұйрықты сөйлемдер туралы: «...бұйрық мәнді
сөйлемдер, сөйлесімдер тыңдаушыны әрекетке итермелейді, сол арқылы
қалыптасқан жағдайға сөйлеушінің өзгеріс енгізу мақсатын жеткізеді», – дейді
(Ernazarova, 2001: 166). Мұндай «тыңдаушыны әрекетке итермелейтін»
сөйлемдер тек қана етістікті болып келмейді екен, қолда бар деректерге
қарағанда, кейбір баяндауыштары түсірілген толымсыз сөйлемдер мен әскери
бұйрықтардың есімді болып келетінін байқауға болады. Олар түрлі тұлғада
келеді:
а) Бұйрықты сөйлемдер табыс септігінің жалғауы жасырын келген тура
толықтауыштар арқылы жасалады: — Су! – деді тағы да («Жалын»). — Сабыр,
аға, сабыр! – деді Исатай («Қазақ әдебиеті»). Мұнда «суды бер», «сабыр (ды)
сақта» деген сөздердің етістік баяндауышы түсірілуі нәтижесінде табыс септік
жалғауы жасырын келген тура толықтауыштар талап ету, өтіну мәнінде
|