Doç.Dr.Şolpan KARSIBEKOBA
54
жағдайда, сөйлемнің нақты адресатқа бағытталуы, сөйлеу актісіне қатысушы
екінші тұлғаның (сұхбаттас адамның) белсенді реакциясын қажет етеді. Ол белгілі
іске қосу үшін екінші тұлғаға бағытталған сұраулы немесе бұйрықты сөйлемнің
мағынасында ашық немесе жасырын (имплицитті) түрде көрініс береді. Бұл
оларды (сұраулы, бұйрықты сөйлемдер) өз кезегінде хабарлы сөйлемнен
ажырататын басты белгілердің бірі болып табылады. Сөйлемдер адамның
қажетін өтеу үшін түрлі мақсатта жұмсалады. Айтушы (сөйлеуші) тыңдаушыға бір
нәрсенің жайы туралы баяндауы немесе өзін қызықтырған мәселе жайында
сұрауы, я болмаса өтініш, тілегін (бұйрық) білдіруі мүмкін. Сондықтан сөйлемнің
қандай мақсатта жұмсалуына қарай үш үлкен топқа бөліп қарастырамыз:
хабарлы, сұраулы және бұйрықты. Осы сөйлемдердің барлығы түрлі
эмоциональдық реңкте жұмсалып, лепті (айтылу сазына қарай леп сазды)
сөйлем бола береді.
Негізгі бөлім
Қазақ тіл білімі тарихында жай сөйлемдерді айтылу мақсатына қарай
бөлуде түрлі көзқарас болғаны белгілі. Мәселен, А. Байтұрсынұлы сөйлемді
сұраулы, лепті, тілекті, жай сөйлем деп төртке бөліп қарастырады (Baitursynov,
1992: 297-300. Әрине, бұл жерде автордың берген анықтамасы мен келтірген
мысалдарына қарап, тілекті сөйлемдердің бұйрықты, жай сөйлемнің қазіргі
хабарлы сөйлемдер екендігін байқаймыз.
Қ. Жұбанов, Х. Арғынов, Ә. Хасеновтер сөйлемді айтылу сазына қарай
қарай үшке: 1) хабарлы; 2) сұраулы; 3) лепті деп бөледі (Zhubanov,1999;
Argynov,1969; Ә. Hasenov, 1956). Мұнда лепті сөйлем мен бұйрықты сөйлемнің
ара жігі ажыратылмай, екеуін қосып бір-ақ «леп сазды сөйлем» деген атаумен
атаған.
С. Аманжоловтың сөйлемдерді мағына жағына қарай бөлуде өзіндік пікірі
болғандығы белгілі. Сондықтан да ол сөйлемдерді хабарлы, сұраулы, лепті,
атаулы сөйлемдер деп төрт түрге бөлсе (Amanzholov, 1940: 163), , кейінірек, 1972
жылы жарық көрген А. Әбілқаев, И. Ұйықбаевтармен бірігіп жазған «Қазақ тілі
грамматикасында» бұл ойын өзгертіп, атаулы сөйлемнің орнына бұйрықты
сөйлемді қарастырады (Amanzholov, Abilqaev, Uiyqbaev, 1972).
Проф. Р. Әмір алдымен сөйлемді айтылу мақсатына қарай хабарлы,
сұраулы, бұйрықты деп үшке бөлcе (Amirov, 1977), кейінгі еңбектерінде жоғарыда
аталған үш түрге төртіншісі етіп лепті сөйлемдерді қосады (Amir, Amirova, 1998:
58).
О. Төлегенов «Қазіргі қазақ тіліндегі жалпы модальды және мақсат мәнді
жай сөйлем типтері» атты еңбегінде сөйлемдерді жалпы модальдық мағынасына
қарай: болымды сөйлемдер, болымсыз сөйлемдер; мақсатына қарай: хабарлы,
сұраулы, бұйрықты сөйлемдер; эмоциялық мағынасына қарай: үстемелі лепті,
арнаулы лепті сөйлемдер; сөйлемдердің жалпы құрылымына қарай: жай сөйлем
және құрмалас сөйлемдер деп бөледі (Tolegenov, 1968: 43-44). Автор мақсат
мәнді сөйлемдерге: хабарлы, сұраулы, бұйрықты сөйлемдердің жататынын, ал
лепті сөйлемдердің «басқа принцип-негізде ерекшеленетіндігін» ескертеді
(Tolegenov, 1968: 78].
|