2-2-тарау. Автомобиль көлiгi саласындағы қауiпсiздiктiң жалпы
талаптары
Ескерту. 2-2-тараумен толықтырылды - ҚР 2006.12.06 N 209 Заңымен.
19-12-бап. Жалпы ережелер
1. Автомобиль көлiгi саласындағы техникалық реттеу объектiлерi:
автомобиль көлiгi болып табылады, оған:
1) автобустар;
2) шағын автобустар;
3) жеңiл автомобильдер;
4) жүк автомобильдерi;
5) автомобиль тiркемелерi;
6) ершiктi тартқыштарға жартылай тiркемелер;
7) арнайы бейiмделген автомобильдер (жүктердiң белгiлi бiр түрлерiн тасымалдауға арналған);
8) арнаулы автомобильдер (әр түрлi, көбiнесе көлiкке арналмаған жұмыстарды орындайтын);
9) автомобиль көлiгiн жобалау;
10) автомобиль көлiгiн шығару (жөндеу);
11) автомобиль көлiгiн тасымалдау және сақтау;
12) автомобиль көлiгiн кәдеге жарату және жою кiредi.
2. Автокөлiк құралдары адам өмiрi мен денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтiретiн болса немесе оларды тиiстi дәрежеде орнату, қызмет көрсету және пайдалану кезiнде солардың қауiпсiздiгi мен функционалдық мақсатына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыратын болса, нарықта сатылмауға және пайдаланылмауға тиiс.
3. Қазақстан Республикасының нарығында сәйкестiгi расталуға тиiс автомобиль көлiгiн орналастыратын тұлға осы Заңның және техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкестiктi растау үшiн шаралар қабылдауға мiндеттi.
4. Қазақстан Республикасының нарығында автомобиль көлiгiн орналастыратын тұлға:
1) тұтынушының ықтимал тәуекелдердi бағалауы және тиiстi қауiпсiздiк шараларын қабылдауы үшiн қажеттi пайдалану құжаттамасын және басқа да ақпаратты мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде ұсынуға;
2) автомобиль көлiгiн сату кезiнде таңдау бақылауын жүргiзуге, тұтынушылардың шағымдарын тексеруге;
3) автомобиль көлiгiнiң адам өмiрi мен денсаулығына зиян келтiру тәуекелi болғанда, пайдаланушыны уақтылы және тиiмдi ескерту, сондай-ақ автомобиль көлiгiн қайтарып жiберетiндей қажеттi iс-шаралар жүргiзу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге;
4) таратылып қойған автомобиль көлiгiнде қауiпсiздiк талаптарының бұзылуы туралы және мұндай бұзушылықтарды жою жөнiндегi өзi қабылдаған шаралар туралы тиiстi мемлекеттiк бақылау органдарына дереу хабарлауға;
5) шығарушыдан, уәкiлеттi өкiлден, импорттаушыдан, пайдаланушыдан немесе мемлекеттiк бақылау органдарынан автомобиль көлiгiнiң осы Заңның және техникалық регламенттердiң белгiленген талаптарына сәйкес келмеуi туралы ақпарат алынған болса, автомобиль көлiгiн сатпауға мiндеттi.
5. Автомобиль көлiгiнде қажеттi ескерту жазбалары немесе қауiптiлiк және қауiпсiз пайдалану шарттары туралы белгiлер болуға тиiс.
6. Пайдалану құжаттамасындағы қауiпсiздiк талаптары осы Заңда және техникалық регламенттердiң белгiленген талаптардан төмен болмауға тиiс.
19-13-бап. Автокөлiк құралдарын жобалау кезiндегi
қауiпсiздiк талаптары
1. Автокөлiк құралдарын жобалау кезiнде өмiрлiк циклдiң барлық сатыларындағы, оның iшiнде қалыпты пайдалану, төтенше жағдайлар (бұзылулар мен сыртқы әсерлер), персоналдың болжамды қателерi және пайдалануға болмайтын кезiндегi бүкiл ықтимал қауiптер сәйкестендiрiлуге тиiс.
2. Пайдалану (қолдану) жөнiндегi нұсқауды (нұсқаманы) және паспортты (немесе формулярды) әзiрлеу автокөлiк құралдарын жобалаудың ажырамас бөлiгi болып табылады.
19-14-бап. Автокөлiк құралдарын шығару кезiндегi
қауiпсiздiк талаптары
1. Шығару кезiнде автокөлiк құралдарының дайындалуы жобалық құжаттаманың, осы Заңның, техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкестiгi қамтамасыз етiлуi қажет.
2. Автокөлiк құралдарын шығару кезiнде дайындаушы жобалық құжаттамада айқындалған қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi барлық iс-шаралар кешенiн орындауға және қауiпсiздiкке байланысты барлық технологиялық операциялардың орындалуын бақылау мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Егер автокөлiк құралдарын дайындау процесiнде немесе одан кейiн қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн сынақтар жүргiзу қажет болса, онда олар жобалық құжаттаманың барлық талаптары орындала отырып, толық көлемде жүргiзiлуге тиiс.
4. Автокөлiк құралдарын шығару кезiнде жобалық құжаттамадан ауытқу жобалаушымен келiсiледi және ол техникалық регламенттерде белгiленген жол берiлетiн тәуекелден аспауға тиiс.
19-15-бап. Автокөлiк құралдарын тасымалдау және сақтау
кезiндегi қауiпсiздiк талаптары
1. Автокөлiк құралдарын тасымалдау және сақтау процесiнде олардың сақталуын, олардың қауiпсiздiгi көзделетiн техникалық сипаттамаларды сақтауды қамтамасыз етуге қойылатын барлық қажеттi талаптар, оның iшiнде консервациялауға, тасымалдау және сақтау жағдайларына қойылатын талаптар, белгiленген сақтау мерзiмдерi, жай-күйiн қайта куәландыру, сақтау мерзiмi аяқталған жеке элементтердi, бөлшектердi, тораптарды ауыстыру мерзiмдерi бойынша нұсқаулар автокөлiк құралдарына арналған техникалық құжаттамада жазылуға тиiс.
2. Автокөлiк құралдарын, олардың тораптары мен бөлшектерiн тасымалдау және сақтау жобалаушы қарастырған және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық қауiпсiздiк талаптары ескерiле отырып жүргiзiледi.
3. Консервациялау үшiн қолданылатын материалдар мен заттар қауiпсiз болуға тиiс.
19-16-бап. Автокөлiк құралдарын кәдеге жарату және жою
кезiндегi қауiпсiздiк талаптары
Жеке және заңды тұлғалар автокөлiк құралдарын кәдеге жаратуды, жоюды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мынадай талаптардың сақталуын ескере отырып қамтамасыз етедi:
1) автокөлiк құралдарын пайдалану тоқтатылғаннан кейiн оларды пайдалану мүмкiндiгiн болдырмау шаралары қабылдануға тиiс;
2) пайдалану процесiнде уытты заттармен, радиоактивтi аэрозольдармен ластанған автокөлiк құралдары оларды кәдеге жарату, жою кезiнде қолданылатын зиянды заттардың уыттылығына, физика-химиялық қасиеттерiне қарай арнайы ерiтiндiлермен (әдiстермен) залалсыздандыру жөнiндегi мiндеттi өңдеуден өткiзiлуге тиiс;
3) автокөлiк құралдарын кәдеге жаратудың және жоюдың барлық кезеңiн өткiзетiн персоналдың қажеттi бiлiктiлiгi болуға, олар тиiстi оқудан өтуге және еңбек қауiпсiздiгi талаптарын сақтауға тиiс.
3-тарау. Жолаушыларды және багажды
автомобильмен тасымалдау
20-бап. Жолаушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Жолаушының:
1) Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарында көзделген тәртiппен кез келген автобуспен және таксимен жол жүруге;
2) жол жүру құжатын (билетiн) сатып алуға;
3) сатып алған жол жүру құжатына (билетiне) сәйкес орын алуға;
4) егер ол жеке орын алмаса, өзiмен бiрге жетi жасқа дейiнгi бiр баланы тегiн, не таксиден басқа көлiкте, он бес жасқа дейiнгi балаларды оларға жеке орын берiп, елу пайыз мөлшерде жол ақысын төлеп, алып жүруге;
5) Қазақстан Республикасының тасымалдаушылары жүзеге асыратын халықаралық тасымалдарда 5 жастан 12 жасқа дейiнгi балаларға жол жүру құжатының (билетiнiң) толық құнының елу процентiн төлеп, жол жүру құжаттарын (билеттерiн) сатып алуға;
6) 7 жастан 15 жасқа дейiнгi балаларға жол жүру құжатының (билетiнiң) толық құнының елу процентiн төлеп, жол жүру құжаттарын (билеттерiн) сатып алуға;
7) егер тасымалдаушы кестеде көзделген автобустың орнына жүру ақысы қымбаттау басқа автобус ұсынса, үстемеақы төлемей, сатып алынған жол жүру құжаты (билетi) бойынша жол жүруге;
8) жол жүру құжатын (билетiн) тасымалдау басталғанға дейiн өткiзуге және көзделген алымдар шегерiле отырып, тасымалдауға төленген соманы керi қайтарып алуға;
9) егер ол тасымалдаушыны автобус жөнелтiлгенге дейiн үш сағаттан кешiктiрмей хабардар етсе және тасымалдаушы, автовокзал немесе автостанция жолаушының жол жүру құжатын (билетiн) сатып алу фактiсiн растаса, жоғалған жол жүру құжатын (билетiн) қалпына келтiруге;
10) Автомобиль көлiгiмен жолаушылар және багаж тасымалдау ережелерiнде белгiленген нормалар шегiнде қол жүгiн өзiмен бiрге тегiн алып жүруге;
11) тариф бойынша ақы төлеп багажды тасымалдауға өткiзуге;
12) тасымалдауға тапсыру кезiнде багаждың құндылығын жариялауға;
13) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тасымалдау сапасы деңгейiнiң оның сертификатына сәйкестiгiне дауласуға құқығы бар.
Жолаушының Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтары бар.
2. Жолаушы:
1) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарында жол жүру кезiнде жол жүру құжаты (билетi) болуға және оны сапар аяқталғанға дейiн сақтауға;
2) қоғамдық тәртiптi, Автомобиль көлiгiмен жолаушылар және багаж тасымалдау ережелерiнде белгiленген талаптарды сақтауға;
3) егер шартта өзгеше көзделмесе, құндылығы жарияланған багажды тасымалдау кезiнде тасымалдаушының көрсеткен қызметтерiне ақы төлеуге мiндеттi.
Жолаушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де мiндеттер атқарады.
Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
21-бап. Жолаушыларды және багажды автомобильмен
тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру және
жүзеге асыру
1. Егер:
1) автомобиль жолдарының өткiзу қабiлетi белгiлi бiр маршруттар бойынша автобустардың, шағын автобустардың тұрақты жүрiсiн жүзеге асыруға мүмкiндiк берсе;
2) автомобиль жолдарының жай-күйi және жайластырылуы жол жүрiсi қауiпсiздiгiнiң талаптарына сәйкес келсе, жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау ұйымдастырылуы мүмкiн.
2. Халықаралық тасымалдауларды қоспағанда, жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды жолаушылар мен багаждың аталған тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығын конкурста жеңiп алған және тасымалдаушылар мен тиiстi жергiлiктi атқарушы органдар арасында жасалатын шарттар негiзiнде оларға қызмет көрсету құқығына куәлiк алған тасымалдаушылар жүзеге асырады.
Жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастырудың үлгi шартын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
Тасымалдаудың аталған түрлерiн куәлiксiз жүзеге асыруға жол берiлмейдi.
3. Жолаушылар мен багажды автомобильмен республикаiшiлiк тұрақты тасымалдау маршруттары тасымалдаушылар арасында конкурстық негiзде бөлiнедi. Конкурсқа жеке маршрут та, бiр лотпен бiрнеше маршрут та қойылуы мүмкiн.
4. Жолаушылар мен багажды тұрақты қалааралық, облысаралық, ауданаралық (облысiшiлiк қалааралық), ауданiшiлiк және халықаралық тасымалдау тасымалдаушылардың және автовокзалдар немесе автостанциялар әкiмшiлiктерiнiң арасында жасалатын шарттар негiзiнде тек қана автовокзалдардан немесе автостанциялардан жүзеге асырылады.
Автовокзалдар мен автостанциялардың осы қызмет түрiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен рұқсат берiлген жолаушылар мен багажды тасымалдаушылармен шарт жасасудан бас тартуға құқығы жоқ.
5. Жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылар автобустарды, шағын автобустарды рейс алдында (ауысым алдында) техникалық тексерудi және ақауы болған жағдайда оларды уақтылы ауыстыруды қамтамасыз етуге мiндеттi.
6. Егер жолаушылар мен багажды тасымалдау маршрутына қызмет көрсету құқығына бiр ғана қатысушының өтiнiмi берiлсе, онда конкурс өткiзiлмедi деп танылады. Егер конкурсты қайта өткiзу кезiнде осы маршрутқа бiр қатысушының өтiнiмi берiлсе, онда конкурс талаптарына сай келген жағдайда, онымен шарт жасалады.
7. Маршрутқа (маршруттарға) қызмет көрсету құқығын үшiншi тарапқа беруге жол берiлмейдi.
Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
22-бап. Тасымалдаушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Тасымалдаушының:
1) өз құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсатында қоғамдық бiрлестiктердi, сондай-ақ заңды тұлғалардың қауымдастықтар (одақтар) нысанындағы бiрлестiктерiн құруға;
2) қауiпсiздiк және гигиена талаптарына сай тынығуға және еңбек жағдайына;
3) жолаушылардың қоғамдық тәртiптi және Жолаушылар мен багажды автомобиль көлiгiмен тасымалдау қағидасын сақтауын талап етуге;
4) жүк көлiгi құралдарын өлшеудiң халықаралық сертификатын алуға құқығы бар.
2. Жолаушылардың және багаждың тұрақты автомобиль тасымалдарын жүзеге асыратын тасымалдаушы:
1) автокөлiк құралдарының техникалық жарамды күйiн қамтамасыз етуге және белгiленген техникалық, экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға және өрт қауiпсiздiгi талаптарына жай-күйi сай емес автокөлiк құралының маршрутқа шығуына жол бермеуге;
2) автокөлiк құралдары жүргiзушiлерiне алдын ала және кезеңiмен, соның iшiнде рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық тексеру жүргiзiлуiн, еңбек және тынығу режимi сақталуын қамтамасыз етуге;
3) жолаушының қауiпсiздiгiн, оған қажеттi қызмет ету жайлылығы және шарттары жасалуын қамтамасыз етуге;
4) багаждың уақтылы тасымалын және сақталуын қамтамасыз етуге;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтардың жекелеген санаттарын ақысыз тасымалдауды жүзеге асыруға немесе оларға жол ақысы бойынша өзге де жеңiлдiктер беруге;
6) жолаушылардың және багаждың тұрақты автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру кезiнде - автовокзалдар, автостанциялар кассалары немесе автобустардың, шағын автобустардың жүргiзушiлерi (кондукторлары) арқылы жол құжаттарын (билеттер) және багаж түбiртектерiн сатуды қамтамасыз етуге;
7) жолаушылар және багаж тасымалының тарифтерiн жариялауға, оларды шарттарда, жол құжатында (билетте) және багаж түбiртегiнде тiркеуге;
8) жарияланған тарифтердi сақтауға және тарифтердiң алдағы өзгеруi туралы жолаушыларды күнi бұрын хабардар етуге;
9) тасымалдауларды жүзеге асыру қауiпсiздiгi үшiн жауапты тұлғаны белгiлеуге мiндеттi.
3. Жолаушылардың және багаждың тұрақты емес автомобиль тасымалдарын (таксиден басқа) жүзеге асыратын тасымалдаушы:
1) осы баптың 2-тармағының 1)-4) тармақшаларында аталған талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге;
2) рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық тексеруден және автокөлiк құралының техникалық байқаудан өткенi туралы белгiсi бар борт журналы болуға;
3) жолаушылардың қауiпсiз отырғызылуы мен түсiрiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
23-бап. Жолаушыларды және багажды республикаiшiлiк
автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру
шартының талаптары
Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
1. Жолаушыларды және багажды республикаiшiлiк автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шартында:
1) тариф;
2) жол жүру құжаттарын (билеттер) сату тәртiбi мен орны, олардың жолаушыларда болуын бақылауды жүзеге асыру;
3) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары белгiлеген тариф тасымалдау шығындарын жаппаса, сондай-ақ жолаушылар мен багажды жеңiлдiк жағдайларымен немесе тегiн тасымалдау үшiн тасымалдаушыға өтем төлеу мөлшерi мен мерзiмдерi;
4) маршрутта пайдаланылатын автобустардың, шағын автобустардың қозғалыс кестесi, типi (класы) және саны;
5) тараптардың шарт бойынша мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн жауапкершiлiгi;
6) шарттың қолданыста болуының кемiнде үш жыл болатын ең аз мерзiмi көзделуге тиiс.
2. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде жолаушыларды және багажды республикаiшiлiк автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шартының өзге де мiндеттi талаптары белгiленуi мүмкiн.
3. Жергiлiктi атқарушы органдар жолаушыларды және багажды республикаiшiлiк автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шарты бойынша:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жолаушыларды отырғызудың және түсiрудiң белгiленген пункттерiн ресiмдеудi және күтiп-ұстауды қамтамасыз етуге;
2) автобустардың, шағын автобустардың белгiленген қозғалыс кестесiнiң сақталуын бақылауды жүзеге асыруға мiндеттi.
4. Тасымалдаушы жолаушыларды және багажды республикаiшiлiк автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шарты бойынша:
1) тасымал үшiн автобустардың, шағын автобустардың шартта көзделген санын және типiн (класын) пайдалануға;
2) қозғалыс кестесiн сақтауға;
3) жол жүргенде автокөлiк құралының тиiсiнше жарақталуын және жолаушыларға сервистiк қызмет көрсетiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
Тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де мiндеттердi атқарады.
Ескерту. 23-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
24-бап. Жолаушыларды және багажды автомобильмен
тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыру
1. Жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылардың автовокзалдар (автостанциялар) аумағынан және жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттары бойынша жолаушылар отырғызуына тыйым салынады.
2. Тұрақты емес республикаiшiлiк қатынаста тасымалдау кезiнде жолаушылар мен багажды тасымалдау шарты тапсырыс берушi мен тасымалдаушы арасында екi данада – тараптардың әрқайсысы үшiн бiр-бiрден жазбаша нысанда жасалады. Уәкiлеттi органның лауазымды тұлғаларының талап етуi бойынша тасымалдаушы осы шарттың көшiрмесiн ұсынуға мiндеттi.
Бұл ретте шартта:
1) шарттың мәнi;
2) сапардың мақсаты;
3) жүрiс маршруты, жолаушыларды отырғызу мен түсiрудiң бастапқы және соңғы пункттерi;
4) жеткiзу мерзiмi;
5) кiре ақысы;
6) тараптардың құқықтары мен мiндеттерi;
7) шарт бойынша мiндеттемелердi тараптардың орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн жауапкершiлiгi;
8) дауларды шешу тәртiбi;
9) жолаушылар тiзiмiнiң болуы көзделуге тиiс.
Ескерту. 24-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
25-бап. Ұйымдасқан балалар тобын тасымалдау
1. Ұйымдасқан балалар тобын тасымалдау кемiнде екi есiгi бар, техникалық жай-күйi Автомобиль көлiгiмен жолаушыларды және багажды тасымалдау ережелерiнде белгiленген талаптарға сай келетiн автобустармен жүзеге асырылады.
2. Ұйымдасқан балалар тобын тасымалдауға арналған автобустар сары түстi шұғылалы шырақшамен жабдықталуға тиiс.
3. Бұл автобустардың алдына және артына "Балалар тасымалы" деген тану белгiсi орнатылуға тиiс.
4. Ұйымдасқан балалар тобын тасымалдауға жасы кемiнде жиырма бестегi, тиiстi санаттағы жүргiзушi куәлiгi және кемiнде бес жыл жұмыс стажы бap жүргiзушiге рұқсат етiледi.
5. Екi және одан көп автобустардың легiне жол қозғалысы қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi орган көздеген тәртiппен жол полициясының арнаулы автомобильдерi iлесiп жүруге тиiс.
26-бап. Жолаушыларды және багажды таксимен
тасымалдауды ұйымдастыру
1. Жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдау тасымалдаушы мен жергiлiктi атқарушы органның арасында жасалатын, жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарттың негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Тасымалдаушы жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт бойынша:
1) жолаушыларды және багажды тасымалдау үшiн Автомобиль көлiгiмен жолаушыларды және багажды тасымалдау ережелерiне сәйкес таксометрлермен жабдықталған және айырым белгiлерi бар таксилердi пайдалануға;
2) такси режимiнде жұмыс iстеу үшiн шартта белгiленген автомобильдер санын пайдалануға мiндеттi.
Тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де мiндеттердi атқарады.
3. Тасымалдаушының жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт бойынша:
1) таксилердiң тұрағын, жолаушыларды отырғызу мен түсiру үшiн таксилердiң арнайы жабдықталған тұрақтарын пайдалануға;
2) Жол жүру қағидасының талаптарын сақтай отырып, жол желiсiнiң кез келген учаскелерiнде жолаушыларды отырғызуға және түсiруге құқығы бар.
Тасымалдаушының Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтары бap.
4. Жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылар таксилердiң рейс алдындағы (ауысым алдындағы) техникалық, медициналық тексерiлуiн және олар жарамсыз болған жағдайда уақтылы ауыстырылуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
5. Таксилердiң тиiмдi жұмыс iстеуi және жолаушы жиналатын барлық пункттерде (әуежай, вокзалдар, iрi сауда және мәдени орталықтары) жолаушылардың оларды пайдалануына қолайлы жағдай жасау үшiн облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарына сәйкес такси тұрақтарын ұйымдастыруды және жабдықтауды қамтамасыз етедi.
Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
27-бап. Жалпы пайдаланудағы көлiкпен тасымалдау
кезiнде жолаушылардың жекелеген санаттарына
арналған басымдықтар
1. Жолаушылардың жекелеген санаттары мынадай басымдықтарға ие:
1) автобусқа, таксиге кезексiз отыру құқығы;
2) автобус салонының алдыңғы бөлiгiнен арнаулы орын алу.
Аталған басымдықтарды мүгедектер, зейнеткерлер, жүктi әйелдер, мектеп жасына дейiнгi балалары бар жолаушылар пайдаланады;
3) кезексiз билеттер сатып алу құқығы бар.
Аталған басымдықты Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерi және оларға теңестiрiлген адамдар пайдаланады.
2. Автовокзалдарда:
1) 5 жасқа дейiнгi балалары бар жолаушыларға және жүктi әйелдерге қосымша қызмет көрсетуге арналған ана мен бала бөлмесi;
2) мүгедек-жолаушыларды отырғызуға және түсiруге арналған қондырғылар жасалады.
3. Жалпы пайдаланудағы көлiк мүгедек жолаушылардың мiнiп-түсуiне арналған құрылғылармен жабдықталады.
Мемлекеттiк органдар жолаушыларды тасымалдау бағыттарына қызмет көрсету құқығына конкурстар өткiзген кезде, мүгедектердiң пайдалануына бейiмделген көлiк құралдары бар жеке және заңды тұлғалар артықшылыққа ие болады.
Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2006.04.13 N 40 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
28-бап. Сот иесiз деп танығанға дейiн багажға
билiк ету
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жолаушы немесе багажды алуға уәкiлеттi адам тасымалдаушыға байланысты емес себептер бойынша багажды алмаған жағдайда, тасымалдаушы багажды сот иесiз деп танығанға дейiн межелi немесе жөнелту пунктiнiң автовокзалында немесе автостанциясында сақтауға мiндеттi.
2. Сот багажды иесiз деп таныған жағдайда, багаждың жаңа иесi тасымалдаушыға оның сақталуын қамтамасыз ету үшiн қажеттi, оны сақтауға, тиеп-түсiру операцияларына және тасымалдауға жұмсалған шығыстарды өтейдi.
29-бап. Жолаушыларды және багажды автомобиль
көлiгiмен тасымалдау ережелерi
Жолаушыларды және багажды автомобиль көлiгiмен тасымалдау ережелерiнде:
1) жол жүру құжаттарының (билеттердiң), багаж түбiртектерiнiң нысаны, сатылу тәртiбi мен қолданылу мерзiмi;
2) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру, жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарының ашылу және жабылу тәртiбi, тасымалдардың аталған түрлерiн орындау үшiн пайдаланылатын автобустардың, шағын автобустардың санитарлық жай-күйiне, сыртқы безендiрiлуiне және жабдықталуына қойылатын талаптар;
3) жолаушылар мен багажды автомобильмен республикаiшiлiк тұрақты тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығына конкурстар ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi;
4) маршрутқа қызмет көрсету құқығына куәлiк беру, тоқтата тұру және керi қайтарып алу тәртiбi мен шарттары, оны беруден бас тарту шарттары мен негiздерi, сондай-ақ нысаны;
5) автовокзалдар мен автостанцияларға қойылатын талаптар, сондай-ақ олардың жұмыс iстеу тәртiбi;
6) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты емес тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртiбi;
7) тапсырыс берiлген автобустармен, шағын автобустармен және жеңiл автомобильдермен жолаушыларды және багажды тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртiбi;
8) жолаушыларды және багажды таксилермен тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртiбi;
9) багажды қабылдау, сақтау және беру тәртiбi;
10) жол жүру құжаттарын (билеттерiн) және олардың құнын қайтару тәртiбi мен шарттары;
11) халықаралық және республикаiшiлiк тұрақты тасымалдау маршруттарында жолаушыларды отырғызу және түсiру пункттерiн, сондай-ақ таксимен тасымалдау кезiнде жолаушыларды отырғызу және түсiру пункттерiн безендiру мен күтiп-ұстауға қойылатын талаптар;
12) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты және тұрақты емес тасымалдау маршруттарында жүргiзушiлердi рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық куәландыруды ұйымдастыру және жүргiзу тәртiбi айқындалады.
Ескерту. 29-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |