Автомобиль көлiгiмен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидасын бекiту туралы


-тарау. Автовокзалдар мен автостанцияларға қойылатын талаптар және олардың жұмыс iстеу тәртiбi



бет2/9
Дата12.06.2016
өлшемі0.61 Mb.
#130624
1   2   3   4   5   6   7   8   9

2-тарау. Автовокзалдар мен автостанцияларға қойылатын талаптар және олардың жұмыс iстеу тәртiбi

1. Жалпы ережелер

      53. Автовокзалдар мен автостанциялар облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары оларды облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) автовокзалдар мен автостанциялар тiзiлiмiне кiргiзуi негiзiнде жұмыс iстейдi.


      Жергiлiктi атқарушы орган автовокзалдар мен автостанциялар тiзiлiмiне кiргiзу үшiн комиссия (бұдан әрi – комиссия) құрады.
      Облыс (республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның) әкiмi өкiмiмен Комиссия құрамы анықталады.
      Комиссияға:
      1)жергiлiктi атқарушы органдардың:
      2)көлiктiк бақылаудың аумақтық органдарының:
      3)жол полициясы аумақтық органдарының:
      4)  автовокзалдар және автостанциялар қоғамдық бiрлестiктерiнiң өкiлдерi енгiзiледi.
      Комиссия шешiмдерi хаттамамен ресiмделедi. Автовокзалдар мен автостанцияларды облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) автовокзалдар мен автостанциялар тiзiлiмiне енгiзудi Комиссия ұсынған хаттама бойынша жергiлiктi атқарушы органмен қабылдайды.
      54. Автовокзалдар мен автостанциялардың жұмыс режимi жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылармен шарт қатынасын ескере отырып, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының келiсiмi бойынша анықталады.
      55. Автовокзалдар кемiнде бес мың шаршы метр аумақта орналасады.
      56. Автостанциялар кемiнде екi жарым мың шаршы метр аумақта орналасады.
      57. Автовокзалдар мен автостанциялар мынадай негiзгi функцияларды орындайды:
      1) жол жүру құжаттарын (билеттердi) сатуды ұйымдастыру;
      2) маршруттар бойынша автобустардың, шағын автобустардың қозғалыс кестесiн сақтауын ұйымдастыру;
      3) жолаушылардың қауiпсiз мiнуi мен түсуiн, багажды тиеу мен түсiрудi ұйымдастыру;
      4) жолаушыларды тасымалдау қауiпсiздiгiн сақтау, жүргiзушiлердiң рейс алдындағы медициналық тексерiлуiн және автобустардың, шағын автобустардың техникалық жай-күйiн бақылауды жүргiзу бойынша шараларды қамтамасыз ету, егер тасымалдаушының осы функцияны орындауы мүмкiн болмаса;
      5) жолаушыларды ақпараттық қамтамасыз ету;
      6) багаж бен қол жүгiн сақтауды ұйымдастыру;
      7) жолаушыларды сапардың басталуын күту үшiн жағдаймен қамтамасыз ету;
      8) қолданылып жүрген маршрут желiсiндегi автовокзалдарды (автостанцияларды) автобустардағы (шағын автобустардағы) бос немесе босайтын орындардың бар екенi туралы, сондай-ақ қозғалыс кестесiндегi өзгерiстер немесе автобустардың кестеден озу (кейiн қалу) уақыты, кестеде көзделмеген қосымша рейстердi алып тастау немесе енгiзу, қосымша автобустарды жiберу туралы хабардар ету;
      9) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарын облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары белгiлейтiн нысан бойынша жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылардың қызмет көрсету тәртiбi және қозғалыс кестелерiн (графиктерiн) бұзулары және осы Қағиданың ережелерiн басқа да бұзушылықтары туралы ай сайын келесi айдың 5 күнiнен кешiктiрмей хабардар ету.
      58. Автовокзалдар мен автостанциялардың өз құрамында:
      1) жолаушыларды отырғызуға және түсiруге, багажды тиеуге және түсiруге арналған пункт (пункттер);
      2) автобустар тұратын алаң
      3) жолаушыларға арналған күту залы (залдары);
      4) жол жүру құжаттарын (билеттерiн), оның iшiнде алдын ала сатуға арналған касса (кассалар);
      5) багажды сақтау камерасы (камералары);
      6) диспетчерлiк пункттер;
      7) қолданыстағы нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес персонал мен жолаушылар үшiн санитарлық-тұрмыстық үй-жайлар;
      8) жүргiзушiлер демалатын қызметтiк үй-жайлар бар.
      Автовокзалдар үшiн қосымша талаптар:
      1) анықтама бюросы;
      2) қоғамдық тамақтану пунктi;
      3) ана мен бала бөлмесi;
      4) автобустарды тексеруге арналған пункттер;
      5) қоғамдық тәртiптi қорғау пунктi;
      6) медициналық көмек пунктi және дәрiхана дүңгiршегi болуы тиiс.
      59. Сақтау камерасының жұмысын ұйымдастыру кезiнде мынадай талаптар сақталады:
      1) автоматты емес сақтау камерасына багажды тапсыруға және алуға кететiн уақыт шығыны барынша төмен болуы тиiс;
      2) сақтауға тапсырылған багаждың сақталуын, сақтау камерасы үй-жайының құрғақ және таза күйде күтiп ұсталуын, жеткiлiктi табиғи немесе жасанды ауа тарту желдеткiшi болса, онда тұрақты бөлме температурасын ұстап тұруды қамтамасыз етуi тиiс;
      3) ол арқылы багажды қабылдау және беру жүзеге асырылатын автоматты емес сақтау камерасы, операциялық терезесiнiң төменгi жағы еденнен 70 см биiк емес, терезенiң сыртқы жағынан багажды тапсыруға дайындау үшiн үстел қойылып орналасуы тиiс;
      4) операциялық терезенiң жанында сақтау камерасының жұмыс режимi, багажды сақтауға қабылдау тәртiбi мен шарттары, сақтау мерзiмдерi мен құны бар тақтайша iлiнедi;
      5) багаж жол жүру құжаттарының болуына қарамастан сақтауға қабылданады.
      60. Автовокзалдарда жолаушылар мен багажды автомобильмен қалааралық облысаралық тұрақты тасымалдау бағыттарында жұмыс iстейтiн автобустардың, шағын автобустардың жүргiзушiлерiне еңбек және демалыс режимiнiң шарттары бойынша оларға тұрақты тұратын жерiнен басқа жерде демалуға тура келген жағдайда, демалуға (ұйқыға) арналған арнайы жабдықталған үй-жайлар берiледi.
      61. Жүргiзушiлердiң демалыс бөлмелерiнде суық және ыстық суы бар душ бөлмесi, күндiзгi уақытта демалысты қамтамасыз етуге арналған қараңғылаушы перделер болуы тиiс. Бөлмелерде жүргiзушiлердегi құнды заттарды, сатылған билеттердiң ақшасын, сондай-ақ жол жүру құжаттарының (билеттердiң) бланкiлерi мен багаж түбiртектерiн сақтау мүмкiндiгi қамтамасыз етiлуi тиiс.
      62. Автовокзалдарда 5 жасқа дейiнгi баласы бар жолаушыларға, жүктi әйелдерге және кресло-арба пайдаланатын мүгедектерге қызмет көрсетуге арналған ана мен бала бөлмесiнiң жұмысы ұйымдастырылады. Үй-жайлардың көлемi мен құрамы, сондай-ақ қызмет көрсететiн персоналдың саны автовокзал жұмысының көлемiне сәйкес келуi тиiс.
      63. Жолаушылар ағыны тәулiгiне 1000 адамнан артық автовокзалдарда ана мен балаға арналған бөлменiң құрамына:
      1) балалардың және оларды алып жүретiн ересектердiң демалуға арналған кереуеттерi, балаларды құндақтауға арналған орны, киiмдер мен заттарды сақтауға арналған шкафы бар бөлмесi;
      2) тоңазытқышы мен электр шәйнегi бар тамақ дайындауға және қабылдауға арналған бөлмесi;
      3) қолжуғышы және жинау керек-жарағын сақтауға арналған орны, қолға арналған электр кептiргiшi немесе бiр реттiк сүлгiсi және бала киiмiн кептiруге арналған шкафы бар дәретхана бөлмесi кiредi.
      64. Ана мен балаға арналған бөлмеге балалы жолаушылар мен жүктi әйелдер қысқа уақытқа да – тамақтандыру, қайта құндақтау, автобустың жөнелтiлуiн күту үшiн қысқа демалыс үшiн де, сондай-ақ ұйықтау үшiн төсектердi пайдалана отырып қабылданады.
      65. Автобустардың қалыпты қозғалысы кезiнде балалы жолаушылардың ана мен бала бөлмесiнде болуы 3 тәулiкпен шектеледi.
      66. Балалы жолаушылар мен жүктi әйелдерге жол жүру құжаттарын (билеттердi) ана мен бала бөлмесiнiң кезекшiсi арқылы, осы қызметтер үшiн ақы төлемей сатып алу мүмкiндiгi берiледi.
      67. Автовокзалдар мен автостанциялар жолаушылар мен багажды автомобильмен халықаралық, қалааралық облысаралық, ауданаралық, ауданiшiлiк және қала маңындағы тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушыларға, тасымалдаушылар мен автовокзалдардың (автостанциялардың) әкiмшiлiгi Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Қағидаға сәйкес жасасатын шарттардың негiзiнде қызмет көрсетедi.
      Бұл ретте жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушыларға қызмет көрсету, олар белгiленген тәртiппен тиiстi маршрутта жұмыс iстеуге арналған рұқсат құжаттарын ұсынған кезде ғана рұқсат етiледi.
      Автовокзалдар мен автостанциялар осы Қағидаға сәйкес аталған қызмет түрiне рұқсат етiлген жолаушыларды және багажды тасымалдаушылармен шарт жасасады.
      Шарт тасымалдаушылар автовокзалға, автостанцияға рұқсат құжаттарын ұсынған күннен бастап, 10 күн мерзiмде жасалады.
      68. Тасымалдаушыдан рұқсат құжаттарын қайтарып алу автовокзалдар мен автостанциялармен шартты бұзу үшiн негiз болып табылады.
      69. Автовокзалдар мен автостанциялар белгiлi бiр тұрақты маршруттарда аралығы жиырма минуттан аспайтын тасымалдау көлемi артқан жағдайда, аталған маршрутқа қызмет көрсететiн тасымалдаушының қосымша автобустарының шығуын, тасымалдаушы бас тартқан жағдайда немесе сұрау салу жiберiлгеннен кейiн он минут iшiнде жауап болмаса, басқа тасымалдаушылардың автобустарын тарту арқылы ұйымдастырады.
      Тасымалдау көлемiнiң кезеңдiк артуы жағдайында (маусымдық, кешкiлiк және басқалар) автовокзалдар мен автостанциялар тұрақты маршруттарды ұйымдастыру туралы облыстың жергiлiктi атқарушы органдарына ұсыныстар енгiзедi.
      70. Автовокзалдар мен автостанциялардың үй-жайларын ылғалды жинау күнiне кемiнде екi рет және ластану шамасы бойынша жүргiзiледi.
      71. Автовокзалдары мен автостанциялары жоқ ауылдық елдi мекендерде халықаралық, облысаралық, облысiшiлiк және қала маңы қатынастарға жолаушылар мен багажды тұрақты маршруттарда тасымалдау бойынша жол жүруге жол жүру құжаттары (билеттер) мен багаж түбiртектерiн сататын кассалық пункттердi ашуға рұқсат етiледi.
      72. Кассалық пункттер автокөлiк құралдары қауiпсiз аялдауға, жолаушыларды отырғызуға, түсiруге арналған алаңшалармен және жолаушыларды қолайсыз ауа райы жағдайынан қорғауға арналған павильонмен жабдықталған, белгiленген аялдама пункттерiнiң тiкелей қасында орналасады.
      73. Автовокзалдар мен автостанциялар облыстың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарымен облыстың автовокзалдары мен автостанциялары тiзiлiмiнен Комиссияның келiсiмiмен мынадай жағдайларда шығарылады:
      олар осы Қағиданың 58-тармағының талаптарына сәйкес келмегенде: осы Қағиданың 57-тармағында көзделген негiзгi функцияларды тиiсiнше орындамаған кезде.

2. Жол жүру құжаттарын (билеттерiн) сату тәртiбi, жол жүру құжаттарын (билеттерiн) және олардың құнын қайтару тәртiбi және шарттары

      74. Жол жүру құжаттарын (билеттерiн) сату автовокзалдар, автостанциялар мен кассалық пункттердiң билет кассалары арқылы, ал маршруттың аралық аялдау пункттерiнде билет кассалары болмаған жағдайда, автобуста, шағын автобуста отыратын бос орындар болса, сондай-ақ жолаушылар мен багажды 50 км артық қашықтыққа тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде автобустардың толу нормасына дейiн жүргiзушi немесе кондуктор жүзеге асырады.


      75. Жол жүру құжаттарын (билеттерiн) сату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiленген тарифтер бойынша жүзеге асырылады.
      Автовокзалдар, автостанциялар мен кассалық пункттердiң жолаушылардың тұрақты емес тасымалдауына билеттер сатуына рұқсат етiлмейдi.
      76. Автовокзалдарда жол жүру құжаттарын (билеттерiн) ағымдағы сатумен қатар алдын ала сату, сондай-ақ телекоммуникация құралдарын пайдалану және үйге жеткiзiп беру арқылы жол жүру құжаттарын (билеттерiн) сату жүзеге асырылады.
      Жол жүру құжаттарын (билеттерiн) алдын ала сату, сондай-ақ телекоммуникация құралдарын пайдалану арқылы сатылған жол жүру құжаттарын (билеттерiн) үйге жеткiзiп бергенi үшiн, автовокзалдар мен автостанциялар белгiлеген мөлшерде қызмет көрсеткенi үшiн ақы алынады.
      77. Алдын ала сату кассаларында жол жүру құжаттарын (билеттердi) сату, соның iшiнде телекоммуникациялар құралдарын пайдалану арқылы билет алуға тапсырысты ресiмдеу және оларды үйге жеткiзiп беру автобус, шағын автобус жөнелтiлгенге дейiн 7 тәулiк бұрын басталады және бiр тәулiк бұрын аяқталады.
      78. Ағымдағы сату кассаларында жол жүру құжаттарын (билеттерiн) сату автобусты, шағын автобусты жөнелту күнi басталады және жөнелтiлгенге дейiн 5 минут бұрын аяқталады.
      79. Телекоммуникация құралдарын пайдалану арқылы сатылған жол жүру құжаттары (билеттерi) алдын ала сату кассаларында сақталады және автобус, шағын автобус жөнелтiлгенге дейiнгi 3 сағаттан кешiктiрмей талап етiлуi тиiс. Телекоммуникациялар құралдарын пайдалану арқылы сатылған жол жүру құжаттары (билеттерi) белгiленген мерзiмде талап етiлмеген жағдайда, тапсырыстар жойылады және жол жүру құжаттары (билеттер) ағымдағы сату кассаларына тапсырылады.
      80. Жол жүру құжаты (билетi) жоғалған және жолаушы автобус, шағын автобус жөнелтiлгенге дейiн 3 сағаттан кешiктiрмей кассасына немесе тасымалдаушыға барған жағдайда және жолаушының жол жүру құжатын (билетiн) сатып алғанын тасымалдаушы, автовокзал (автостанция) растаса, билет ақы алмай қалпына келтiрiледi.
      81. Жолаушы алынған жол жүру құжатын (билетiн) кассаға автобус жөнелтiлгенге дейiн қайтарған кезде, оған автовокзалдың, автостанцияның немесе кассалық пункттердiң әкiмшiлiгiмен көзделген алымдар шегерiлген төленген жол жүру құжатының (билеттiң) құны қайтарылады.
      82. Автобусқа кешiккен кезде жол жүру құжаттары (билеттерi) 3 күннен кешiктiрмей қайтарылады, бұл ретте билет құнының 50%-ына тең сома өтеледi.
      83. Қалааралық облысаралық және халықаралық қатынастағы маршруттар бойынша жүретiн автобусты жөнелту кешiктiрiлген жағдайда, кiдiру немесе кешiгу жойқын күштiң салдарынан орын алған жағдайларды қоспағанда, тасымалдаушы кассалар арқылы жолаушыға автобусты жөнелтудiң әрбiр кешiктiрiлген сағаты үшiн жол жүру құнының үш пайызы мөлшерiнде айыппұл төлейдi. Бұл ретте айыппұлдың сомасы, жолаушы сатып алған билет құнынан аспайды. Айыппұлдан басқа, жолаушыға, оған келтiрiлген шығындар өтеледi.
      84. Автобусты, шағын автобусты жөнелту кешiктiрiлгендiктен жолаушы сапардан бас тартқан жағдайда, жөнелту пунктiнде оған төленген жол жүру құны толық мөлшерде қайтарылады, сондай-ақ оған осы кiдiрiске байланысты келтiрiлген шығындар өтеледi.
      85. Емдеу мекемесiнiң анықтамасымен немесе жергiлiктi құқық қорғау органдары немесе медициналық органдар жасаған жазатайым оқиға туралы актiмен расталған ауру немесе жазатайым оқиға нәтижесiнде жолаушы жол жүрудi тоқтатқан кезде тасымалдаушы жолаушыға жүрiлмеген қашықтық үшiн жол жүру құнын өтейдi.
      86. Жолаушыны бару пунктiне жол, климаттық немесе тасымалдаушыға байланысты емес өзге де себептер бойынша жеткiзу мүмкiн болмаған жағдайда, жолаушыға сегiз сағат iшiнде сапар тоқтаған пункттен бару пунктiне дейiнгi жол жүру құны қайтарылады. Автобусты, шағын автобусты жөнелту пунктiне қайтарған кезде жолаушыға жол жүру мен багажды алып жүрудiң толық құны өтеледi.
      87. Техникалық себептермен маршрут бойынша автобустың қозғалысы мүмкiн болмаған жағдайда, жолаушыларға сатылған билеттер осы маршруттың басқа автобусында сапарды жүзеге асыру үшiн жарамды.
      88. Тасымалдаушы билетте көрсетiлген автобустың орнына жол жүру құны қымбаттау тұратын басқа автобусты ұсынған кезде сапар қосымша ақы алмай алынған жол жүру құжаттары (билеттерi) бойынша жүзеге асырылады.
      89. Осы қағиданың 80-88 тармақтарының шартын орындамаған немесе бұзған жағдайда жол жүру құнын өтеу бойынша даулар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен белгiленген тәртiпте шешiледi.
      90. Жолаушылар мен багажды автомобильмен халықаралық, қалааралық, облысаралық және қалааралық облысiшiлiк маршруттары бойынша тасымалдаудың жол жүру құжаттары (билеттер) автобустың отыруға арналған орындарының санына тең мөлшерде сатылады.

3. Жолаушыларды ақпараттық қамтамасыз ету

      91. Автовокзалдарда (автостанцияларда) жолаушыларды автобустардың қозғалысы, жол жүру мен багажды алып жүру шарттары және көрсетiлетiн қызметтер мәселелерi жөнiндегi анық, жеткiлiктi және уақытылы ақпаратпен қамтамасыз етуге арналған анықтамалық-ақпараттық қызметтiң жұмысы ұйымдастырылады.


      92. Жолаушыларды ақпараттық қамтамасыз ету көрiнетiн анықтаманың, дауыстап айту байланысының және ауызша анықтаманың көмегiмен жүзеге асырылады.
      93. Көрiнетiн ақпарат:
      1) тәулiктiң кез келген уақытында жақсы көрiнуi;
      2) барынша анық және толық болады.
      Бұл ретте, егер автовокзал, автостанция немесе кассалық пункт тәулiк бойы жұмыс iстемесе, сыртында мынадай ақпарат орналастырылады:
      1) осы автовокзал, автостанция, кассалық пункт арқылы өтетiн маршруттар бойынша автобустардың, шағын автобустардың қозғалыс кестесi;
      2) автовокзалдың, автостанцияның, кассалық пунктiң жұмыс уақыты.
      94. Автобустардың қозғалыс кестесiнде мынадай мәлiметтер болады:
      1) маршруттың нөмiрi;
      2) маршруттардың атауы;
      3) автобустың, шағын автобустың жөнелтiлу уақыты;
      4) соңғы пунктке келу уақыты;
      5) осы автовокзалға (автостанцияға) келу уақыты және тұру уақыты (транзиттiк рейстер үшiн)
      95. Кассалардың көрiнетiн ақпаратында мыналар болады:
      1) кассаның нөмiрi;
      2) кассаның мамандануы;
      3) жұмыс режимi;
      4) билеттi кезектен тыс сатып алатын жолаушылар санаттарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тiзбесi;
      5) жолаушылардың жеке санаттарының жеңiлдетiлген жол жүру шарттары;
      6) кассирдiң тегi.
      96. Жолаушыларды дауыс зорайтқыш байланысының көмегiмен ақпараттандыру автовокзалдың, автостанцияның хабарлау желiсi арқылы ұйымдастырылады.
      Дауыс зорайтқыш байланысынан болған шу деңгейi санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкес келуi тиiс.
      97. Дауыс зорайтқыш байланысының көмегiмен берiлетiн ақпараттың мiндеттi тiзбесi өзiне мынадай ақпаратты қамтиды:
      1) автобустардың, шағын автобустардың келу уақыты;
      2) автобусқа мiнудiң басталатын уақыты (жөнелтуге дейiн 15 минут бұрын) және автобустың жөнелтiлетiн уақыты (жөнелтуге дейiн 5 минут бұрын);
      3) қосымша рейстердi енгiзу және оларға жол жүру құжаттарын (билеттерiн) сату;
      4) транзитпен жүретiн автобустардың, шағын автобустардың тұратын уақытының қысқартылуы (ұлғайтылуы) туралы;
      5) багажды қабылдау, сақтау және беру тәртiбi;
      6) жолаушыларға ұсынылатын негiзгi қызметтердiң тiзбесi
      Жолаушыларға көрсетiлетiн негiзгi қызметтердiң тiзбесi туралы ақпарат автобустардың келуi мен жөнелтiлуi туралы хабарландырулардың арасындағы аралықтарда берiледi. Әрбiр хабарландыру мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде қайталанады.
      98. Жолаушыларға ауызша анықтамалардың берiлуiн анықтама бюросының ақпаратшысы жүзеге асырады. Анықтама бюросы:
      1) жұмыс уақыты мен ақпарат берушiнiң тегi көрсетiлген, мемлекеттiк және орыс тiлдерiндегi, айқын көрiнетiн "Анықтама бюросы" деген  маңдайша жазумен;
      2) автобустардың осы автовокзалдан (автостанциядан) жөнелтiлу, соңғы пунктке келу уақыты және барлық автобустардың, шағын автобустардың осы автовокзалға (автостанцияға) келу уақыты көрсетiлген автобустардың, шағын автобустардың қозғалыс кестесiмен;
      3) осы автовокзалдың (автостанцияның) тура автобус қатынасы бар басқа облыстардың автовокзалдары мен автостанциялары бойынша автобустардың қозғалыс кестелерiмен;
      4) осы автовокзал (автостанция) қызмет көрсететiн барлық маршруттар бойынша жол жүру мен багажды алып жүру құнының кестесiмен қамтамасыз етiледi.
      99. Автовокзалдың (автостанцияның) анықтама бюросы беретiн анықтамалардың мiндеттi тiзбесi:
      1) осы автовокзал (автостанция) бойынша автобустардың, шағын автобустардың жөнелтiлу және келу уақытын;
      2) осы автовокзалдан жөнелтiлетiн барлық автобустардың, шағын автобустардың маршруттың барлық аялдау пункттерiне келу және тұру уақытын (автовокзал үшiн ғана);
      3) кесте бойынша рейске жөнелтiлетiн автобустардың, шағын автобустардың үлгiлерi мен маркаларын;
      4) облыс маршруттары бойынша, сондай-ақ осы автовокзалмен тура автобус қатынасы бар басқа облыстардың автовокзалдары мен автостанцияларының маршруттары бойынша автобустардың, шағын автобустардың қозғалыс кестесiн;
      5) осы автовокзалда (автостанцияда) жолаушыларға ұсынылатын қызметтердiң тiзбесi мен құнын;
      6) жол жүру және багажды алып жүру құнын;
      7) автобустарда жолаушылардың жол жүру және багажды алып жүру, жол жүру құжаттарын (билеттерiн) басқа рейске қайта ресiмдеу ережелерiн, сондай-ақ сапар шегу iске аспаған жағдайларда жол жүру мен багажды алып жүру құнын қайтару тәртiбiн;
      8) үй-жайлардың орналасуы мен осы автовокзал (автостанция) қызметтерiнiң жұмыс режимiн қамтиды.

4. Жолаушыларды отырғызу және түсiру пункттерiн  безендiру мен күтiп ұстауға қойылатын талаптар

      100. Жолаушыларды отырғызу және түсiру пункттерi:


      1) қалқалармен;
      2) тәулiктiң қараңғы мезгiлiнде автобустарға қалыпты отыру және олардан түсудi, багажды тапсыру мен алуды, деректемелердi оқуды қамтамасыз ететiн жарықпен;
      3) отырғызу алаңының нөмiрi белгiленген автобустарға отырғызу орындарының көрсеткiштерiмен;
      4) жолаушыларды хабарландыруға арналған дыбыс колонкаларымен;
      5) отырғызу алаңдарын жүру бөлiгiнен қоршау;
      6) мүгедек жолаушылардың отырғызу мен түсiру орындарына баруына арналған пандустармен;
      7) қоқыс ыдыстарымен жабдықталады.
      101. Жолаушыларды отырғызу және түсiру пункттерi жиектемелермен белгiленедi және жүру бөлiгi төсемiнiң деңгейiнен кемiнде 22 см асады.
      102. Автовокзал (автостанция) аумағы бойынша автобустар, шағын автобустар қозғалысының схемасын әзiрлеген кезде:
      1) кiру және шығу кезiнде оң бұрылыстарды ғана қолдану;
      2) жақын жатқан көшелерде автобустардың айналу пунктiн жабдықтау;
      3) жолаушыларды отырғызу мен түсiруге арналған отырғызу алаңына автобусты оң жағымен ғана қоюды;
      4) автобусты отырғызуға берген кезде ең төменгi маневрлеудi;
      5) автобустар қозғалысы желiлерiнiң жолаушылар қозғалысы желiлерiмен қиылысуын болдырмауды көзделедi.
      103. Автобустар, шағын автобустар автовокзал (автостанция) аумағы бойынша маневр жасаған кезде қауiпсiздiк шараларын қамтамасыз ету үшiн жолаушыларды отырғызу және түсiру пункттерi ғана емес, автовокзалдың (автостанцияның) барлық аумағы тәулiктiң қараңғы мезгiлiнде жеткiлiктi жақсы жарықтандырылуы, тротуарлар мен жолаушыларды отырғызу және түсiру пункттерiн жүру бөлiгiнен бөлетiн қоршаулар болуы қажет. Ғимараттың айналасындағы жаяужолдар 4 метрден тар болмау тиiс.
      104. Автобусты отырғызуға беру уақыты автобустардың жөнелтiлу жиiлiгiне және отырғызу алаңдарының болуына байланысты және автовокзал (автостанция) жұмысының технологиялық процесiмен белгiленедi, бiрақ ол кесте бойынша рейске автобус жөнелтiлгенге дейiн қалааралық автобустар үшiн 15 минуттан және қала маңындағы қатынастың автобустары үшiн 10 минуттан кем болмайды.

5. Багажды қабылдау, сақтау және беру тәртiбi

      105. Сақтау камерасының жұмыс уақыты автовокзалдың автостанцияның жұмыс режимiне, автобустардың, шағын автобустардың қозғалыс кестесiне және жергiлiктi жағдайға байланысты белгiленедi. Автоматты емес сақтау камерасындағы қоймашылардың түскi үзiлiстерi қалааралық автобустардың жиiлiгi ең төменгi жөнелтiлу сағаттарына, кезектi автобус жөнелтiлгенге дейiн 15 минуттан кешiктiрмей сақтау камерасын мiндеттi түрде ашуды ескере отырып белгiленедi.


      106. Багаж сақтауға кез келген орамада, оның сыртқы пiшiнiне қарамастан (чемодан, арқа қоржын, түйiншек, шыны ыдыс) қабылданады. Жеке заттар (шаңғы, арбалар, спорт бұйымдары және оған ұқсас) сақтауға орамасыз қабылдануы мүмкiн. Орама бұйымдардың, оларды тасу және сөрелерде сақтау кезiнде сақталуын қамтамасыз етуi тиiс.
      Багажды сақтауға қабылдау кезiнде ораманың берiктiгi тексерiледi және ол жарамсыз болған жағдайда, жолаушыға ақаулықты жою ұсынылады.
      Талап етiлмеген багаж сақтау камерасында алты ай iшiнде сақталады. Көрсетiлген мерзiм өткенде талап етiлмеген багаж құртылады.
      Өздерiне тән қасиеттерi бойынша басқа жолаушылардың бұйымдарын ластауы немесе зақымдауы мүмкiн бұйымдарды, сондай-ақ өртену қаупi бар, жарылғыш, улағыш, улы, өткiр және күлiмсi иiстi заттарды сақтауға қабылдауға рұқсат етiлмейдi.
      107. Сақтау камерасы сақтауға тапсырылған азық-түлiктiң өздiгiнен бұзылғаны үшiн жауапты болмайды.
      108. Багажды автоматты емес камераға тапсыру кезiнде оның иесiне:
      1) сақтау камерасының деректемелерi;
      2) күнi;
      3) багаж иесiнiң тегi, аты және әкесiнiң аты;
      4) сақтауға қабылданған багаж орындарының саны;
      5) сақталу мерзiмi;
      6) багаждың көрсетiлген құны (иесi қалаған кезде);
      7) багажды сақтау ақысының сомасы;
      8) багаж орамасының ақаулықтары (болған кезде) көрсетiлген түбiртек жазып берiледi.
      109. Егер багажды сақтау камерасына қабылдау кезiнде ораманың ақаулықтары байқалса, онда иесi оларды не жоюға, не ақаулықтардың барын түбiртектiң түбiрiнде өз қолымен растауға мiндеттi.
      110. Багаж түбiртегi мен көшiру қағазы арқылы жазып берiлетiн оның көшiрмесi тазартуларсыз және түзетулерсiз анық толтырылады. Түбiртектiң көшiрмесi сақтауға тапсырылған бұйымдарға бекiтiледi, ал түпнұсқасы жолаушыға берiледi.
      111. Сақтауға қабылданған багажды жолаушыға берудi сақтау камерасының қызметкерi түбiртек бойынша жүргiзедi. Беру кезiнде иесi көрсеткен түбiртек пен оның көшiрмесi салыстырылады, сақтау мерзiмi тексерiледi және багаждың иесiмен соңғы есеп айырысу жүргiзiледi.
      112. Багаж түбiртегi жоғалған кезде, сақтауға қабылданған багаж иесiне, оның жазбаша арызы бойынша багаждың оған тиiстiлiгi туралы дәлелдер келтiру арқылы берiледi. Бұл жағдайда багажды беру оның иесiнiң жеке басын растайтын құжаттарына сәйкес тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiлген қолхат бойынша жүргiзiледi.
      113. Сақтау үшiн ақы әрбiр күнтiзбелiк күн үшiн сақтауға қабылданған күн мен сақтау камерасынан берiлетiн күндi қоса алғанда, багаждың әрбiр заты (орны) үшiн алынады. Сақтауға бiрге байланған бiрнеше зат тапсырылған болса, ақы әрбiр зат (орын) үшiн жеке алынады.
      114. Бару пунктiне багаж автомобилiнде келген багажды сақтау үшiн ақы багаж келген келесi күннiң нөл сағатынан бастап және сақтау камерасынан берiлген күндi қоса алғанда, багаждың әрбiр заты (орны) үшiн күнтiзбелiк әрбiр күнге алынады. Сақтауға бiрге байланған бiрнеше зат тапсырылған болса, ақы әрбiр зат (орын) үшiн жеке алынады.
      115. Багажды сақтауға тапсырған кезде жолаушы оның бағасын белгiленген комиссиялық алым төлеп көрсетуi мүмкiн.
      Сақтауға бiрнеше затты (орынды) тапсырған кезде жолаушы әрбiр өзi тапсырған заттың (орынның) немесе олардың жалпы бағасын көрсетуi мүмкiн. Көрсетiлген бағаның сомасы багаж түбiртегiнде көрсетiледi.
      116. Багаждың жетiспеуi немесе зақымдалуы байқалған кезде, багаж иесiнiң, тасымалдаушы өкiлiнiң немесе сақтау камерасы қызметкерiнiң, автовокзал (автостанция) қызметкерiнiң және құқық қорғау органдары қызметкерiнiң қатысуымен екi данада актi жасалады.
      Актiде багаж иесiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты және мекенжайы, қабылданған және берiлген орындардың саны, жоғалған заттың атауы немесе оның зақымдалу сипаты, егер ол құжат жүзiнде ресiмделсе, көрсетiлген бағаның сомасы көрсетiледi.
      Актiнiң бiр данасы багаж иесiне тапсырылады.
      117. Сақтау камерасына тапсырылған бұйымдардың жоғалуы, жетiспеуi немесе зақымдалуы салдарынан болған жолаушының шығындарын, тапсырған кездегi оларды бағалау сомасының шегiнде, оларды өтеу туралы талап етiлген сәттен бастап жиырма төрт сағат iшiнде сақтаушы өтейдi.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет