3-тарау. Автобустардың қозғалысына диспетчерлiк басшылық ету
1. Автобустар қозғалысына диспетчерлiк басшылық етудi ұйымдастыру
118. Диспетчерлiк басшылық ету қозғалысты басқару, кестенiң сақталуын үздiксiз бақылау және маршруттар бойынша автобустардың үздiксiз және тұрақты қозғалысын қамтамасыз ету үшiн жедел реттеу, сондай-ақ технологиялық процестегi көлiктiң барлық түрлерiмен жолаушылар тасымалдауды үйлестiру болып саналады.
119. Диспетчерлiк басшылық етудi диспетчерлiк қызметтер жүзеге асырады.
120. Диспетчерлiк қызметтiң негiзгi функциялары:
1) автобустардың, шағын автобустардың жөнелтiлуiн және автовокзалға (автостанцияға) уақтылы келуiн қадағалау;
2) маршруттар бойынша автобустардың, шағын автобустардың қозғалысын қадағалау және реттеу;
3) тасымалдаушыларды, жолаушыларды және басқа автовокзалдардың диспетчерлiк қызметтерiн маршрут бойынша жүрудiң күрделiлiктерi, соның iшiнде ауа райы-климаттық немесе жолдағы басқа жағдайларға байланысты қозғалысты шектеулер немесе тыйым салулар туралы хабардар ету;
4) маршруттағы, соның iшiнде ауа райы-климаттық немесе жолдағы басқа жағдайларға байланысты қозғалыстың ерекшелiктерi туралы жүргiзушiлерге нұсқау беру;
5) маршрут бойынша ауа райы-климаттық немесе жолдағы басқа жағдайларға байланысты қозғалысты шектеулер немесе тыйым салулар кезiнде жолаушыларды орналастыру;
6) жол органдарын, жол полициясы органдарын, төтенше жағдайлар жөнiндегi органдарды маршрут бойынша жүрудiң күрделiлiктерi, соның iшiнде ауа райы-климаттық немесе жолдағы басқа жағдайларға байланысты қозғалыстың шектеулерi немесе мүмкiн еместiгi және осыған байланысты автобустардың уақтылы келмеуi туралы хабардар ету;
7) жолаушыларды отырғызу және багажды тиеу үшiн автобустардың, шағын автобустардың кестеде белгiленген уақытта және тиiстi санитарлық жай-күйде уақтылы берiлуiн қадағалау;
8) жүргiзушiлердiң рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық тексеруден және автобустардың, шағын автобустардың рейс алдындағы техникалық тексеруден өтуiн қадағалау (автовокзалдың (автостанцияның) немесе тасымалдаушының тиiстi қызметтерiнiң оларды өткiзгенi туралы құжаттық растаудың болуы);
9) автобустардың, шағын автобустардың жүргiзушiлерiнiң еңбек және тынығу режимiн қадағалауы;
10) басқа автовокзалдардың (автостанциялардың) диспетчерлiк қызметтерiн автобустардағы бос немесе босаған орындардың болуы туралы, сондай-ақ қозғалыс кестесiндегi өзгерiстер немесе автобустардың кестеден озып кетуi (қалып қоюы), кестеде көзделмеген қосымша рейстердi алып тастау немесе енгiзу, қосымша автобустың жөнелтiлуi туралы хабардар ету;
11) жол құжаттамасын ресiмдеу және диспетчерлiк журнал жүргiзу;
12) жүргiзушiлерде нақты маршрут бойынша жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыруға арналған рұқсат құжаттарының (куәлiктiң, маршрут схемасының, жол қағазының) болуын қадағалау;
13) жергiлiктi атқарушы органдарды жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауын жүзеге асыратын тасымалдаушылардың қозғалыс кестелерiн (графиктерiн) бұзғаны және осы Қағиданың ережесiн басқа да бұзушылықтары туралы, сондай-ақ маршруттар бойынша қосымша рейстердi ұйымдастыру туралы хабардар ету болып табылады.
121. Автобустардың, шағын автобустардың қозғалысы кестеден ауытқыған жағдайларда олардың қозғалысын жедел реттеу жүзеге асырылады. Жедел реттеу өзiне мынадай iс-қимылдарды қамтиды:
1) автобус, шағын автобус кешiккен кезде:
кешiккен автобустың, шағын автобустың тұру уақыты, кесте бойынша тұру уақытының үштен бiр бөлiгiнен асырылмай қысқартылады (бес минутқа дейiн тұру қысқартылмайды). Автобустың жолаушылары тұру уақытының қысқартылғаны туралы ескертiледi;
автобус, шағын автобус маршруттың соңғы пунктiне едәуiр кешiккен кезде оның нәтижесiнде жолаушыларды уақтылы жеткiзудi және автобусты, шағын автобусты керi рейске жөнелтудi қамтамасыз ету мүмкiн болмаса, ол резервтегi автобуспен, шағын автобуспен ауыстырылады;
егер автобустың, шағын автобустың кешiгуi осы маршруттағы қозғалыстың кестеде белгiленген ұзақтығының кемiнде он-он бес пайызын құраған жағдайларда қозғалыс жылдамдығы ұлғайтылады, бiрақ жол қозғалысы ережелерiнде және маршрут жөнiндегi тиiстi жол белгiлерiнде белгiленген жылдамдықтан артық емес. Бұл ретте жылдамдықтың ұлғаюы қозғалыс қауiпсiздiгiн төмендетпеуi тиiс және таулы санына жатқызылатын маршруттарда және ауа райы-климаттық немесе жолдағы басқа жағдайларға байланысты маршрут бойынша қозғалыс күрделiленген жағдайларда рұқсат етiлмейдi;
2) автобус, шағын автобус графиктен озған кезде, кестеде көрсетiлген жөнелту уақытына дейiн автовокзалда (автостанцияда) кiдiртедi;
3) рейс бұзылған кезде:
келмеген автобус, шағын автобус тасымалдаушының резервтегi автобусына ауыстырылады;
салондағы барлық жолаушыларды орындармен қамтамасыз ету шартымен бiрдей маршруттың екi рейсi бiр рейске бiрiктiрiледi;
бiрдей маршруттың автобусы, шағын автобусы ерте графикке (келмеген немесе техникалық ақаулық бойынша маршруттан шыққан), кейiннен резервтегi автобусты, шағын автобусты енгiзу арқылы оның рейсаралық тұру уақытын қысқарту есебiнен ауыстыру.
122. Автобус, шағын автобустың жөнелтiлуi жиырма минуттан артық кешiгетiн болса, диспетчер бұл туралы жүру маршруты бойынша келесi диспетчерлiк пунктке, ал автобус, шағын автобус болмайтын болса, маршруттың барлық пункттерi бойынша хабарлауы тиiс.
Диспетчер маршруттың соңғы және аралық пункттерiне рейстiң болмағаны, кестеде көзделмеген автобустың жөнелтiлгенi туралы немесе жөнелтудiң нақты уақытын және болжанып отырған келу уақытын көрсету арқылы болуға тиiстi қосымша рейстiң жiберiлетiнi туралы хабарлайды.
123. Автобус рейске жөнелтiлген кезде диспетчер мiндеттi түрде жүргiзушiнiң рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық тексеруден өтуiн, сондай-ақ автобустың рейс алдындағы техникалық тексеруден өтуiн (автовокзалдың (автостанцияның) немесе тасымалдаушының тиiстi қызметтерiнiң оларды өткiзгенi туралы құжаттық растаудың болуы) бақылауы тиiс, ол туралы жол парағында тиiстi белгi жасалады.
124. Рейс алдындағы техникалық тексеруден өтпеген автобусты, шағын автобусты сондай-ақ рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық тексеруден өтпеген немесе заңнамада белгiленген еңбек және демалыс режимiн сақтамаған жүргiзушiнi рейске жiберуге рұқсат етiлмейдi.
125. Маршрутта күрделi метеорологиялық жағдай қалыптасқан кезеңде автобус кесте бойынша автовокзалға (автостанцияға) келмеген жағдайда диспетчер автобустың кiдiру себептерiн анықтау бойынша шаралар қабылдайды және бұл туралы қажет болған жағдайда автобусқа техникалық көмек көрсету және жолаушыларды бару пунктiне жеткiзу үшiн диспетчерлiк қызметтiң орталық пунктi мен осы маршрутқа қызмет көрсететiн тасымалдаушыға хабарлайды.
2. Диспетчерлiк пункттердiң жұмысын ұйымдастыру
126. Автовокзалдардың, автостанциялардың диспетчерлiк пунктiнiң үй-жайы операциялық (кассалық) залдан оқшаулануы, жолаушыларды отырғызу және түсiру пункттерiне қызметтiк шығатын жерi болуы тиiс.
127. Диспетчердiң жұмыс орны отырғызу алаңдарын, автобустардың келуi мен жөнелтiлуiн бақылай алатындай орналасады және арнайы басқару пультiмен, ақпараттық көрсеткiштермен және дауыстап айту байланысының қондырғысымен, сондай-ақ автовокзалдың (автостанция) әкiмшiлiгiмен iшкi технологиялық байланыспен, билет кассаларымен және анықтама бюросымен, диспетчерлiк қызметтiң орталық пунктiмен жабдықталады.
128. Диспетчердiң жұмыс орны, сонымен қатар қызмет көрсетiлетiн маршрут желiсiндегi басқа диспетчерлiк қызметтермен телефон немесе өзге де электрондық байланыспен (радиобайланыспен) жабдықталады.
4-тарау. Жолаушылар мен багажды автомобильмен республикаiшiлiк тұрақты тасымалдаудың маршруттарына қызмет көрсету құқығына конкурстар ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi
1. Жалпы ережелер
129. Жолаушылар мен багажды автомобильмен республикаiшiлiк тұрақты тасымалдауын көрсетiлген маршруттарға қызмет көрсету құқығына арналған конкурста (бұдан әрi - Конкурс) жеңген тасымалдаушылар, тасымалдаушылар мен жергiлiктi атқарушы органдардың арасында жасалған жолаушылар мен багажды автомобильмен тиiстi тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шарттарының негiзiнде жүзеге асырады.
130. Конкурсқа меншiк құқығымен автобустарға, шағын автобустарға иелiк ететiн, осы Қағиданың талаптарына сәйкес осы тасымалдау түрiн ұйымдастыратын және "Автокөлiк құралдарын техникалық пайдалану ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2008 жылғы 28 ақпандағы № 203 қаулысына сәйкес автобустарға, шағын автобустарға техникалық қызмет көрсету мен жөндеудi қамтамасыз ете алатын жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.
131. Жолаушылар мен багажды автомобильмен республикаiшiлiк тұрақты тасымалдаудың маршруттары тасымалдаушылардың арасында конкурс негiзiнде бөлiнедi. Конкурсқа жеке маршрут та, бiрнеше маршрут та бiр лотпен шығарылуы мүмкiн. Лотты қалыптастыру кезiнде маршруттардың маңыздылығы мен рентабельдiлiгi ескерiледi. Лотқа едәуiр рентабельдiлермен қатар рентабельдiлiгi төмендеу, бiрақ әлеуметтiк маңызы бар маршруттар кiредi.
132. Конкурстың ұйымдастырушылары:
1) жолаушылар мен багажды автомобильмен қалааралық облысаралық, ауданаралық (қалааралық облысiшiлiк), республикалық маңызы бар қалалардың, астананың қалалық қала маңындағы тұрақты тасымалдаудың маршруттарына қызмет көрсету құқығына – облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары болып табылады;
Жолаушылар мен багажды автомобильмен қалааралық облысаралық тасымалдауды ұйымдастыру үшiн автомобиль көлiгi саласындағы уәкiлеттi орган облыстардың тиiстi жергiлiктi атқарушы органдарына маршруттардың негiзгi сипаттамасы бойынша мынадай ақпаратпен қоса бекiтiлген және келiсiлген қозғалыс кестесiн бередi:
бастапқы және соңғы жүру пунктi бойынша маршруттың нөмiрi және атауы;
паритеттiк қызмет көрсету тәртiбiн көрсете отырып, маршрутқа қызмет көрсету кезеңi.
маршруттағы аралық пунктердiң атаулары мен санын және тiкелей және керi бағыттағы қозғалыс жылдамдығын орташа пайдалануын көрсете отырып, маршрут бойынша қозғалыс кестесi;
жолаушылар орындықтарына арналған орындар бойынша паспорттық сыйымдылығын көрсете отырып, маршрутқа қызмет көрсету үшiн қажеттi автобус класстарын, сондай-ақ жылжымалы резервтiк құрамды есепке алғанда қажеттi автобустар санын;
Жолаушылар мен багажды автомобильмен қалааралық облысаралық тасымалдауға конкурс бекiтiлген жүру кестесiн алғаннан кейiн 30 жұмыс күннен кешiктiрмей жергiлiктi атқарушы органдары ұйымдастырады.
2) жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты қалалық (ауылдық), қала маңындағы және ауданiшiлiк тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығына – ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органдары болып табылады.
133. Нақты маршрутқа (маршруттарға) қызмет көрсету құқығына арналған Конкурстың жеңiмпазы болып жолаушыларға сапалы қызмет көрсетудi және осы маршрутта (маршруттарда) тасымалдау қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi ескере отырып, тасымалдаудың ең жақсы шарттарын ұсынған және осы Қағиданың 4-қосымшасына сәйкес тиiстi бағалау шкаласы бойынша есептелген ең жоғарғы балл алған қатысушы танылады.
134. Егер екi және одан да көп қатысушы бiрдей барынша жиынтық балл алса, онда отандық өндiрiстi автобустары және шағын автобустары бар, ең төменгi жол жүру тарифiн ұсынған тасымалдаушыға жоғары баға берiледi, осыған сәйкес тасымалдау жүргiзiлетiн болады.
135. Жергiлiктi атқарушы органдар жолаушылар мен багажды автомобильмен ауданаралық (қалааралық облысiшiлiк), қалалық (ауылдық), қала маңындағы және ауданiшiлiк тұрақты тасымалдаудың маршруттары бойынша конкурсқа қатысушылар ұсынғаннан төмендеу тарифтердi белгiлеуi мүмкiн.
Жергiлiктi атқарушы органдар белгiлеген тарифтер осы тармақта көрсетiлген тасымалдаудың шығындарын жаппаған жағдайда, жергiлiктi атқарушы органдар тасымалдаушыға белгiленген тариф пен тасымалдаудың нақты шығындарының арасындағы айырманы тиiстi бюджет қаражатының есебiнен өтейдi.
136. Жолаушылар мен багажды автомобильмен ауданаралық (қалааралық облысiшiлiк), қалалық (ауылдық), қала маңындағы және ауданiшiлiк тасымалдаудың маршруттары бойынша жол жүруге арналған белгiленген тарифтер өзгерген жағдайда, жергiлiктi атқарушы органдар көрсетiлген өзгерiстер туралы халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жаңа тарифтер бойынша тасымалдауды жүзеге асыру басталғанға дейiн он күннен кешiктiрмей хабарлайды.
137. Конкурс, оны жариялаған күннен басталып және Конкурстың нәтижелерi туралы хаттамаға қол қойылған күнмен аяқталып, кемiнде 30 және ең көбi 45 күндi қамтуы тиiс.
2. Конкурстық комиссия
138. Конкурстық ұсыныстарды, олардың бағаларын қарау және Конкурстың жеңiмпаздарын анықтау үшiн жергiлiктi атқарушы орган конкурстық комиссия (бұдан әрi - Комиссия) құрады.
Комиссияның құрамы қала (аудан, облыс) әкiмiнiң өкiмiнде белгiленедi.
139. Комиссияға:
1) жергiлiктi атқарушы органдардың
2) көлiктiк бақылаудың аумақтық органдарының
3) жол полициясының аумақтық органдарының
4) жолаушы автокөлiк тасымалдаушылары қоғамдық бiрлестiктерiнiң өкiлдерi кiредi.
140. Комиссия құрамында конкурстық ұсыныстарды бағалау құқығы жоқ Комиссия жұмысын ұйымдастыру функциясы жүктелетiн Комиссия хатшысы көзделуi керек.
141. Комиссия мүшелерiнiң саны тақ сан және кемiнде бес адамды құрайды.
3. Конкурстық құжаттаманың жиынтығы
142. Конкурсты өткiзу алдында жергiлiктi атқарушы орган Комиссиямен келiсiлген лоттарды құрайды және конкурстық құжаттаманың жиынтығын дайындайды.
Бұл ретте құрылған лоттарды келiсу жөнiнде шешiм қабылдауды, мәжiлiс хаттамасында шешiмдi бекiтумен, Комиссия жүзеге асырады.
143. Конкурстық құжаттаманың жиынтығы:
1) конкурсқа шығарылатын жолаушылар мен багажды автомобильмен республикаiшiлiк тасымалдау маршруттарының негiзгi сипаттамаларын, оларға сондай-ақ маршруттардың схемалары мен қозғалыстар кестелерi осы Қағиданың 5-қосымшасына сәйкес қоса берiледi;
2) автокөлiк құралдарын пайдалану мерзiмдерi мен сыртқы ресiмделуi бойынша оларға қойылатын қосымша талаптар;
3) Комиссия мүшелерi санына осы Қағидаға 6-қосымшасына сәйкес конкурсқа шығарылатын жолаушылар мен багажды автомобильмен республикаiшiлiк тұрақты тасымалдаудың маршруттарына қызмет көрсетуге конкурстық ұсыныстарды (бұдан әрi - Конкурстық ұсыныстар) толтыру үшiн нысандар;
4) жолаушылар мен багажды автомобильмен республикаiшiлiк тасымалдауды ұйымдастыру шартының жобасы;
5) осы Қағидаға 4-қосымшасына сәйкес нысан бойынша қатысушы туралы ақпарат бланкiсiн;
6) бағалау шкаласын;
7) конкурстық ұсыныстарды беру үшiн бiр үлкен конверттi (егер конкурсқа маршруттардың бiр лоттан артық шығарылса, онда әрбiр лотқа жеке конверттер болуы тиiс) қамтиды
4. Конкурстық ұсыныстардың мазмұны
144. Конкурстық ұсыныстар Комиссия Конкурстың қорытындылары бойынша қатысушыларды бағалауды жүргiзетiн мынадай өлшемдердiң жинағын қамтиды:
1) ұсынылатын жылжымалы құрамның, соның iшiнде отандық өндiрiстi (автобустардың, шағын автобустардың маркасы мен саны, меншiктiң түрi, пайдалану мерзiмi, паспорттық сыйымдылығы);
2) жолаушылар тасымалы саласындағы тасымалдаушының оң жұмыс тәжiрибесiнiң (алдыңғы 6 ай мерзiмiндегi 80 % артық тасымалдауды орындау жиiлiгi туралы жергiлiктi атқарушы органдардың қорытындысы);
3) жылжымалы құрамды сақтауға, техникалық қызмет көрсетуге және жөндеуге арналған өндiрiстiк-техникалық базаның (меншiктi, жалға алынған немесе шарт бойынша қызмет көрсететiн) болуы;
4) автобустарды, шағын автобустарды маршрут бойынша қозғалыс кезiнде оларда ақаулық пайда болған жағдайда ауыстыру бойынша ұсынылатын шаралар жүйесi;
5) жолаушылар тасымалын жүзеге асыру бойынша қосымша ұсыныстар.
145. Конкурстық ұсыныстарда жылжымалы құрам мен жүргiзушi персоналын бiр маршруттан артық, осы маршрут кiретiн лот бойынша Конкурс аяқталғанға дейiн қайталап көрсетуге рұқсат берiлмейдi.
Қатысушылар осы маршрут кiретiн лот бойынша Конкурс аяқталғанға дейiн конкурстық ұсыныстарда жылжымалы құрам мен жүргiзушi персоналын бiр маршруттан артық көрсеткен фактiлерi анықталған жағдайда кешiректеу тапсырылған конкурстық ұсыныстар жарамсыз болып есептелiнедi.
146. Қатысушы Конкурстық ұсыныстар бойынша толық және сенiмдi ақпаратты ұсынуы тиiс.
5. Конкурстарды ұйымдастыру және өткiзу
147. Осы Қағиданың 8-қосымшасына сәйкес жергiлiктi атқарушы орган Конкурс өткiзiлгенге дейiн күнтiзбелiк 30 күннен кешiктiрмей, Конкурстың өткiзiлетiн күнiн, орнын және уақытын, Конкурсқа қатысу үшiн мiндеттi шарттарды, өтiнiмдердi қабылдау орны мен мерзiмдерiн бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлайды.
148. Конкурс өткiзу туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап 5 жұмыс күн iшiнде Комиссия конкурс алдындағы Конкурс өткiзу мәселелерi бойынша конференция өткiзедi.
149. Комиссия төрағасы Конкурсқа қатысушылар ұсынған мәлiметтердiң растығын сол жерге шығып тексерудi ұйымдастыру үшiн (бұдан әрi – Тексеру) Комиссия құрамына кiрмейтiн жергiлiктi атқарушы органдардың, көлiктiк бақылау органдардың және жол полицияларының өкiлдерiнен конкурс алдындағы комиссия құрады.
Комиссия төрағасының болмауына байланысты конкурс алдындағы комиссия құрамы туралы шешiмдi уақытында қабылдау мүмкiн болмаған жағдайда, Комиссия конкурс алдындағы комиссия құрамын алқалы түрде анықтай алады.
150. Конкурсқа қатысуға тiлек бiлдiрушiлер конкурстық құжаттаманың жиынтығына өтiнiм бередi және олардың құнын төлейдi. Конкурстық құжаттама жиынтығының құны, конкурс өткiзуге байланысты шығындардың калькуляциясына сәйкес болуы тиiс, бiрақ Конкурс өткiзу туралы хабарландыру шығатын күнге бекiтiлген ең төменгi есептiк көрсеткiштiң 10 есе мөлшерiнен аспауы тиiс.
151. Осы Қағиданың 143-тармағының 1), 4), және 6) тармақшаларында көрсетiлген құжаттар, конкурсқа қатысушылар үшiн дайындалған конкурстық құжаттаманың жиынтығы жергiлiктi атқарушы органның мөрiмен расталады.
Конкурсқа қатысушыларды тiркеу Конкурс туралы хабарландыру жарияланған күннен басталады және оның басталуына дейiн он жұмыс күн ерте аяқталады.
152. Конкурсқа қатысушы ретiнде тiркелу үшiн тиiстi лот бойынша Конкурсқа қатысу үшiн өтiнiмдi (бұдан әрi – өтiнiм) Комиссияға конкурстық құжаттамаға қоса берiлген конвертке салынған мынадай құжаттарды ұсынады:
1) қатысушы туралы ақпараттың толтырылған бланкiсiн;
2) өз қызметiн заңды тұлғаны құрмай жүзеге асыратын заңды тұлғаның немесе кәсiпкердiң мемлекеттiк тiркелуi туралы куәлiктiң нотариалдық куәландырылған көшiрмесiн;
3) жолаушылар мен багажды жүзеге асыру құқығына лицензияның нотариалдық куәландырылған көшiрмесiн (қалалық және қала маңындағы маршруттардан басқа);
4) автокөлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарттарының және тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарттарының нотариалдық куәландырылған көшiрмесiн;
5) техникалық құжаттардың және әрбiр бiрлiк үшiн алдыңғы тоқсанға мемлекеттiк техникалық байқаудан өту туралы куәлiктердiң көшiрмелерiн (жергiлiктi атқарушы органдардан көрсетiлген автокөлiк құралдарының басқа жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарында тiркелмегенi туралы анықтаманы);
6) жүргiзушiлер құрамы туралы анықтама (әрбiр жүргiзушi бойынша еңбек шарттарының және жүргiзушi куәлiктерiнiң көшiрмелерiн қоса);
7) маршруттың барлық ұзақтығына диспетчерлiк сүйемелдеудiң және телефонның немесе басқа байланыстың болуы, сондай-ақ техникалық себептер бойынша (қалааралық облысаралық маршруттар бойынша) маршрутта олардың қозғалысы тоқтаған жағдайда автобустарды ауыстыру мүмкiндiгi туралы анықтаманы;
8) "Автокөлiк құралдарының техникалық пайдалану ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2008 жылғы 28 ақпандағы № 203 қаулысымен бекiтiлген шарттарға сәйкес жылжымалы құрамды техникалық жөндiлiк қалпында ұстау бойынша қажеттi кешендi жұмысты өткiзу мүмкiндiгiн растайтын құжаттар көшiрмелерiн, соның iшiнде өнеркәсiптiк-техникалық базаға құқықтық орнататын және құқықтық куәландыратын құжаттар, профилактикалық медициналық қарауды жүзеге асыруға лицензиясы бар медициналық қызметкермен шарттың көшiрмесi;
9) жолаушылар мен багажды маршруттың тоқтау пунктерi бойынша, соның iшiнде маршруттағы екiншi дәрежелi тоқтау пунктерi бойынша (қалалық және қала маңындағы маршруттардан басқа) тасымалдауға ұсынылатын тарифтер;
10) барлық тұрақты маршрут бойынша автобустар жүргiзушiлерiнiң ауысу уақыты мен орнын көрсетумен (қалааралық облысаралық маршруттар бойынша) жүргiзушiлердiң еңбек және тынығу режимi графигiн;
11) толтырылған және қатысушының қолымен және мөрiмен расталған, конкурстық құжаттама жиынтығына салынған нысандардың санына тең мөлшердегi конкурстық ұсыныстарды.
Конкурстық ұсыныстар стандартты ақ парақтарда бiркелкi, түзетулерсiз және өшiрулерсiз ресiмделедi.
Құжаттармен қоса берiлген өтiнiм нөмiрленедi, тiгiнделедi және конкурсқа қатысушының мөрiмен бекiтiледi.
153. Комиссияның хатшысы мерзiмiнде берiлген өтiнiмдердi қабылдайды да, қатысушыға құжаттардың қабылданғаны туралы хабарлама (анықтама) берiледi, содан кейiн конкурстық ұсыныстарға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат етiлмейдi.
Конкурс өткiзу туралы хабарландыруда көрсетiлген мерзiмдердi бұзып берiлген өтiнiмдер мен оларға қоса берiлетiн құжаттарды Комиссия қарамайды.
154. Өтiнiмдердi қабылдау осы Қағиданың 152-тармағында көзделген барлық құжаттар болған кезде жүргiзiледi.
155. Қабылданған өтiнiмдермен қатар конкурс алдындағы комиссия немесе Комиссия хатшысы Тексеру кестесiн жасайды және 3 күннен кешiктiрмей әрбiр қатысушыны Тексеру уақыты туралы жазбаша түрде хабардар етедi. Қатысушы тексеру күнi конкурс алдындағы комиссияға барлық қажеттi материалдарды ұсынады және оларды талап етiлетiн объектiлермен таныстыру мүмкiндiгiн қамтамасыз етедi.
156. Конкурс алдындағы комиссия мүшелерi конкурстық құжаттамаға қоса берiлетiн құжаттар көшiрмелерiнiң дұрыстығын, конкурстық ұсыныста көрсетiлген автокөлiк құралдары класстарының, моделiнiң және тiркеу нөмiрiнiң сәйкестiгiн, сондай-ақ конкурстық ұсыныста көрсетiлген жылжымалы құрамды сақтау, өнiрiстiк-техникалық базада техникалық қызмет көрсетуi және жөндеу мүмкiндiгiн тексередi.
Тексеру нәтижелерi бойынша конкурс алдындағы комиссия конкурстық ұсыныстарда ұсынылған мәлiметтердiң дұрыстығы туралы, қатысушы туралы толтырылған ақпарат бланкiсiне белгi қояды және қатысушының конкурстық ұсыныстарында көрсетiлген автокөлiк құралдарының осы Қағиданың 1-тарауының 3-бөлiмiнде көрсетiлген талаптарға сәйкестiгi туралы анықтаманы (бұдан әрi – Анықтама) қоса тiркейдi.
Уақытты оңтайландыру және Анықтамаға қол қою үшiн конкурстық ұсыныстарда берiлген мәлiметтердiң дәйектiлiгi туралы пiкiрлер қалыптастыру мақсатында объектiлер және тексеру түрлерi бойынша конкурс алдындағы комиссия мүшелерiн бөлуге рұқсат етiледi.
Көрсетiлген құжаттар қатысушы ұсынған өтiнiм мен құжаттар бар тиiстi конвертке жабылады.
157. Конкурс өткiзiлетiн күнi Комиссия мүшелерi қатысушылардың өтiнiмдерi мен қоса берiлген құжаттары бар конверттердi кезекпен ашады да, конкурстық ұсыныстарды қатысушыларды тiркеу тiзiмiне сәйкес қарайды.
Комиссия мүшелерi бағалау шкаласына сәйкес осы Қағиданың 9-қосымшасына сәйкес конкурстық ұсыныстарды бағалау парағына баллдарды қояды.
Конкурстық комиссия қатысушылардың өтiнiмдерi мен қоса берiлген құжаттарын қарау кезiнде конкурста қатысу үшiн өтiнiмдердегi мәлiметтердi нақтылау мақсатында жазбаша түрде қажеттi ақпаратты тиiстi мемлекеттiк органдардан, жеке және заңды тұлғалардан сұратады.
158. Конкурстық ұсыныстарда көрсетiлген автобустардың, шағын автобустардың (резервтiк жылжымалы құрамды ескере отырып) санаты, жолаушылар сыйымдылығы және саны осы Қағиданың талаптарын және маршруттардың негiзгi сипаттамаларын қанағаттандырмаған жағдайда, сондай-ақ конкурсты ұйымдастырушылар белгiлеген қосымша талаптарды орындау конкурстық ұсынымдарда көрсетiлмеген жағдайда Комиссия өтiнiмдер мен оларға қоса берiлетiн құжаттарды қараудан бас тартады.
159. Тасымалдаушыға өтiнiштi қараудан мынадай жағдайларда бас тартылады:
1) ұсынылған құжаттардың толық емес және белгiлiнген талаптарға сәйкес еместiгi;
2) ұсынылған құжаттарда көрсетiлген мәлiметтерiнiң нақты еместiгi;
3) осы Қағиданың талаптарына жылжымалы құрамының сәйкес еместiгi;
4) жылжымалы құрамды техникалық жарымды жай-күйде ұстау бойынша қажеттi кешендi жұмысты өткiзуге және автобустарды рейс алдындағы (ауысым алдындағы) техникалық тексеруге, сондай-ақ жүргiзушiлердi рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық тексеруге мүмкiндiгi болмаса;
5) осы Қағиданың 178-тармағында көрсетiлген шарттың елеулi шарттарын орындамау себебi бойынша тасымалдаушы соңғы алты ай iшiнде мерзiмнен бұрын шарттарды бұзса.
160. Қатысушылардың нақты лотқа құжаттары бар барлық конверттер қаралғаннан және бағаланғаннан кейiн Комиссия хатшысы конкурстық ұсыныстарды бағалау парақтарының қорытынды баллдарын тиiстi қатысушылар бойынша қосады да, жалпы жиынтық баллды анықтайды, ол хаттамаға тiркеледi.
161. Жалпы жиынтық баллдардың нәтижелерi бойынша Комиссия мүшелерi барынша жиынтық балл алған қатысушының құжаттарын, оның iшiнде Анықтамасын қарайды.
Қатысушының конкурстық ұсыныстарында көрсетiлген автокөлiк құралдарының осы Қағиданың 1-тарауының 3-бөлiмiнде көрсетiлген талаптарға сәйкестiгi туралы конкурс алдындағы комиссияның оң бағасы болған жағдайда, осы қатысушы тиiстi лот бойынша Конкурстың жеңiмпазы деп танылады.
Конкурс алдындағы комиссия терiс қорытынды шығарған жағдайда, Комиссия мүшелерi жоғарылығы бойынша келесi жалпы жиынтық балл алған қатысушының құжаттарын қарауға көшедi.
162. Егер бiр қатысушының өтiнiшi ұсынылғанда, жолаушылардың және багаждың маршрутқа қызмет көрсету құқығына Конкурс өтпеген деп танылады. Егер конкурсты қайта өткiзген кезде бұл маршрутқа бiр қатысушының өтiнiшi ұсынылғанда, онда онымен конкурс талаптарына сәйкес болған жағдайда шарт жасалады.
Егер қандай да болмасын лот бойынша бiр де бiр қатысушы тiркелмесе, Конкурс өтпеген деп танылады және Конкурсты ұйымдастырушы осы лот бойынша негiзгi талаптарды өзгертедi немесе басқа лот жасайды және келесi Конкурсқа шығарады.
Егер паритеттiк жақтан қалааралық облысаралық маршруттарға қызмет көрсету құқығына өтiнiштер түспеген жағдайда, жергiлiктi атқарушы орган екiншi паритеттiк тасымалдаушыға барлық маршрутқа қызмет көрсету құқығын ұсынады.
163. Өткiзiлген Конкурстың нәтижелерi хаттамамен ресiмделедi, оған Комиссия мүшелерi қол қояды да, Комиссия төрағасы бекiтедi. Комиссияның әрбiр мүшесi өзiнiң айрықша пiкiрiн жазбаша жазады және оны хаттамаға қоса бередi.
Комиссияның шешiмi, егер оның отырысына мүшелерiнiң кемiнде 2/3 қатысса, заңды деп танылады.
164. Конкурсты ұйымдастырушы Конкурс өткiзiлген күннен бастап күнтiзбелiк 10 күн iшiнде өздерi ұсынған конкурстық ұсыныстарды бағалау нәтижелерiн барлық қатысушыларға жазбаша жiбередi.
165. Конкурс нәтижелерi сот тәртiбiмен шағымдалуы мүмкiн.
166. Жекелеген лоттар бойынша Конкурс нәтижелерiн сот жарамсыз деп таныған жағдайда, сондай-ақ Конкурс өтпеген деп танылған жағдайда, қайта Конкурс алдыңғы Конкурстың нәтижелерiн жою туралы сот шешiмi қабылданғаннан немесе оны өтпеген деп танығаннан кейiн 30 жұмыс күннен кешiктiрiлмей жүргiзiледi.
Бұл ретте алдыңғы Конкурстың қатысушыларына конкурстық құжаттама тегiн берiледi.
Достарыңызбен бөлісу: |