Қазақ – шығыс және орыс (еуропа) Әдебиеті байланысы



бет5/6
Дата09.06.2016
өлшемі0.51 Mb.
#124264
1   2   3   4   5   6

Түйін. Түркі нақтырақ айтқанда мұсылман әдебиетіндегі алла, құдай, періште, жәбірейіл т.б. Х.Досмұхаметов атап өткен «Діни әдебиеттің» теориялық қағидалары зерттелмеді. Гректер «Прометейді» романтикалық бейнеге жатқызады. Бір жағынан «Алла» адам сияқты көзге көрінбегенмен іс-әрекеттің, сенім иесі екендігі де рас. Гректің «Зевсі» - Ұмай, «Аполон» - Тәңір екендігіне кәміл сенемін. Абай айтқан: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас» - деген сөзін қайда қоямыз. Салынып жатқан, мешіттерді қайда қоямыз. Реалистік шығарма шындық оқиғаға құрылады. Ал романтика қиялға құрылады. Сонда, «Пайғамбар» бар мен жоқтың арасындағы шығарма ма?. Мәшһүр - Жүсіптің діни дастандарын қайда қоямыз? Ағымның қай түріне жатқызамыз? Жалпы, адамзат алланы өзінің жүрегінде деп ұғынуы қажет, олай болса жүректегі сенім жалған болмасы да ақиқат, ақиқат шындыққа жуық, олай болса, алла да рас, сөзі де рас. Алланың растығына шүбә келтіру, өзінің растығына шүбә келтіру болып табылады. «Рас» пен «шын» екеуі де рас. Миф – философияның туысы. Алланың көзге түспей жасаған әрекеті мифтің қасиеті. Ал адамзат жүрегі арқылы жол тауып жасаған әрекеті реалистік әрекет. Пушкин шығармасындағы «Пайғамбар» грек құдайлары сияқты асқақ бейнелер емес пе? Олай болса, Қошке Кемеңгеров аударған «Пайғамбар» романтикалық бейнеге жатады деген ойдамыз. Сөз соңында, «бірауыз сөздің тобықтай түйіні бар» Қошке Кемеңгеров жазушы, ақын ғана емес, теология ғылымын терең меңгерген философ, аудармашы. Кемеңгеровтің кемеңгерлігі де осында деп білемін.
4 Мәшһүр - Жүсіп мысалдарының зерттелуі және орыс (еуропа) мысалдарының үндестігі
«Мифы Древней Греции много веков вдохновляли поэтов и художников всего мира. В стихах Пушкина и Тютчева и даже в баснях Крылова мы не раз найдем образы из мифов Эллады. Если б мы не знали древнегреческих мифов, многое в искусстве прошлого – в скульптуре, живописи, поэзии – было бы нам непонятно» - деп жазды В.Смирнова [48, с. 8].

Қазақ мысал жанрын алғаш зерттеп, пікір білдірген М.Әуезов болатын. «Спандияр Көбеев Крыловтың 44 мысалын аударып, жинақ етіп шығарды. Бекет Өтетілеуов, тағы бірнеше ақындар аударды. Сол аудармалар арқылы Крыловтың мысалдар жасау үлгісін қолданған қазақ ақындары да болды. Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев сияқты ақындар да кей кезде Крыловтай мысалдап жазатын болды. Абайдан бастап бұл күнге шейін қазақ халқы жақсы біліп, шын сүйіп отырған Крылов шығармаларын қазақ мектептері де аса зор құрметтеп келеді. Біздің мектептерде, барлық әдебиет кітаптарында Крылов мысалдары көп пайдаланылады. Совет мектебі тәрбиелеген қазақ балаларының шын сүйіп оқитын ардақты ақынының бірі Крылов» - деген еді [49, б. 29].

Мәшһүр Жүсіп орыс (еуропа) басқа елдердің мысалдарын өзінің шығармасына негіз қылып алғаны айдан анық. Бұл орайда, Ежелгі грек мысалшысы Эзоп, Француз - Ж.Лафонтен, Германия - Х. Геллерт, Ағылшын - Томас Мур. Орыс мысалшылары: В.Тредиаковский, А.Кантемир, А.Сумарков, И.А.Крылов т.б. Қазақ мысалшылары Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Спандияр Көбеев, Ахмет Байтұрсынов, Бекет Өтетілеуов, Мәшһүр Жүсіп т.б. атап өтуге болады. Крыловтан Абай-14, С. Көбеев-37, Бекет Өтетілеуов-12 мысал аударған. Абай аудармалары Крылов мысалымен түпнұсқасымен көбіне дәлме-дәл келеді. С.Көбеевтің 8 мысалы қара сөз үлгісінде баяндалған. Ахмет Байтұрсыновтың аудармаларында желі сақталмағанмен, еркіндік басым, қазақ тұрмысына жақын мән-мазмұнына байланысты жаңа ойлар айтылады. Мәшһүр - Жүсіп мысалына қатысты Түсіпова Қанипаны да қараңыз: Ақын мысалдарының жанрлық сипаты. Мәшһүр-Жүсіп оқулары. Республикалық ғылыми конференция материалы. (Бірінші жинақ) С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті. ─ Павлодар: 2001. ─ Б. 143-147).

Мәшһүр - Жүсіп те қазақ мысал жанрының қалыптасуына, қазақ ұғымына лайықтап қайта өңдеп, жырлауында кейде шығыс мысалынан қосып, өзінікі сияқты жырлауы басқаға ұқсамайтын қыры болып табылады. Біз әрине, Жүсіп мысалдарын бас-басына талдап беруден аулақпыз. Тек қана атап өтсек деген ойдамыз. Олар: «Тырна мен Қасқыр», «Шайтанның саудасы», «Сәйгел, сона, бөгелек», «Жарты нан хикаясы», «Мәшһүр-Жүсіптің тырнамен айтысы», «Мәшһүр-Жүсіптің қарғамен айтысы» т.б. Ақынның «Мәшһүр-Жүсіптің Шабдар атпен айтысы» Жүсіп пен Шабдар аттың айтысына құрылған. Оқиға шындыққа негізделген (Мәшһүр-Жүсіп. Шығармалары 1 том. ─ Павлодар, 2003. ─ Б. 421-425). Бұл айтыста Айдабол руы айтылып, Шабдар аттың кедей табынан екендігі Көк тақым қандыбалақ ұры Алтайдан - деген сөзінен байқаймыз. Жүсіп Көпеев Шабдар атқа айтқан болып, ел ішіндегі не бір келеңсіз жайттарды, ру тартысын, елдің нашарлап, өсек-өтірік жайлап кеткенін тіліне тиек қылады. Шығарма халықтың өмірінен алынған аллегорияға құрылған. Біздің байқағанымыз ақын өз тарапынан да мысал өлеңдер шығарған оның мазмұны, тілі нағыз қазақ өмірінен алынған. Басқа мысалдарда көбіне жан-жануарлар метонимиялық құбылыс ретінде алынып, астарлы түрде суреттелсе, Жүсіп мысалында көбіне өзі айтысады. Қарсыласы жан-жануарлар, мал, құс т.б болып келеді. Жүсіп мысалынан қазақтың ұлттық мінезін, болмысын анық байқаймыз. Мысалдар да қазақ ұғымына лайықты ескіліктер, мал мен құсқа байланысты этнографизмдер өте көп екендігі байқалады. Мысалы, бір ғана жылқыға қатысты: ығыр, жауыр, көк тақым, жетек, арқа басы ошақтай, желқомдап, шыбындап, қызыл танау, шідер, құнан, дөнен, жал, торы т.б.

«Крыловтың шын көңілі неден жиреніп, нені сүйетіні өзіне ғана аян еді. Онысы жазған еңбегінен көрініп тұрды. Мысалдарының көбінде Крылов заманынан сыртқары отырған жалпы ақылгөй болған жоқ. Сол заман жайында нелер өткір, нелер ащы мысқыл, ажуа жазып отырған. Көп мысалдары арнаулы саяси оқиғаларды мазақ етіп, нақтылы адамдарды түйреп отырады. Мысалдарына патша сарайына сүйікті талай чиновниктерді, нелер мықтыларды, жағымпаз жазушыларды орнынан тұрғысыз етеді. «Квартет» деген мысалында тіпті патшаның Мемлекеттік советін (Государственный совет) мазақ етеді» - дейді М.Әуезов [49, б. 26].

Мәшһүр - Жүсіптің мысалшы екендігін ең бірінші дәлелдеген немересі ф.ғ.д., профессор Қуандық Жүсіп: «Мәселен И. А. Крыловтың «Ала қойлар» мысалында патша арыстан әмірімен қойды баққансып жүріп жоқ қылған қасқыр (бұл мысалды Абай да, А. Байтұрсынов та тәржімалаған) әрекетін Мәшhүр-Жүсіп өзінше өрістетіп пайдаланған:

Оңдырмас мынау қойшы бізді бағып,

Сіңбей тұр ішкен тамақ бойға жағып.

Тұрғызып омақаны әрбір жерге,

Жер-суды ап кетті ғой қазық қағып (34 б.)

Бұл арада қазақ халқын бағушы губернатор, не патша деп есептесек, аталған тұспал белгінің өрбітілуін сәл кейінірек жырлаған ақындардан да кездестіреміз:

1) Алашым, айтқанды алсаң, без бұлардан:

Қой бағып қасқыр қашан опа қылған,…

(М. Дулатовтың 1916 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Алашқа» өлеңінен);

2) Ай ұшамын аспанға

Жер жағдайды жақпайды…

Ащы, қатты дауыстан

Қарағай, терек жығылар.

Қожайынсыған арыстан

Сескенер, тасқа тығылар.

(І. Жансүгіровтің 1923 жылғы «Ызалы қиял» өлеңінен).

Салыстыра сараптасақ, И. А. Крыловта ала қойларды алдымен арыстан қырмақ болады, бірақ тікелей жоюға үндеген аю ұсынысы кейін жаман атқа қалдыратын болғандықтан, қабылданбай, құртуды іске асырып, жаман атты болу қасқыр үлесіне қалады. М. Дулатов осыны ескеріп: «Қой бағып қасқыр қашан опа қылған», - десе, І. Жансүгіров қасқырды емес, арыстанды бөліп алғандай, өзі Айға ұшқанда, ақырған дауысынан қарағай, терек жығылатынын, сол сәтте «қожайынсыған» арыстанның, демек қызыл коммунист ел билеушісінің де сескенуі мүмкіндігін әйгілейді. Назар аударарлық жәйт: И. А. Крыловта арыстан мен қасқыр және оның қой бағып қарық қылмауы тікелей байланысты берілген. Мәшhүр-Жүсіпте бағып жарытпайтын қойшы бөліп алынса, М. Дулатовта қасқырдың ешқашан қой қорғап опа қылмайтыны еске салынып, екі ақында да, отарлаушы ел билеушілер қастандығынан қазақ халқын сақтандыру жүзеге асқан. Ал, І. Жансүгіров қасқыр мен ала қойларды мүлде сөз қылмай, тек бәрінің төбесінен қараушы арыстанның өзін де сескендірер күш бар екенін қатаң ескерткен. Сөйтіп орыс ақыны И. А. Крылов мысалындағы символдық бейнелерді қазақ ақындары: Мәшhүр-Жүсіп, Міржақып, Ілияс - әрқайсысы өзінше өрістетіп пайдаланған. Мұның бәрі ақын шығармашылығын жеке алмай, әлемдік поэзия дәстүрімен тығыз бірлікте қарастыру керектігін дәлелдейді» [32, б. 92-93].

Осылардың ішінде орыс халқының классик әдебиетін, әсіресе И. Крылов мысалдарын қазақ тіліне көп аударған оларды жинап, жеке кітап етіп шығарған Спандияр Көбеев болды. Ол Крыловтың қырықтан аса мысал-өлеңдерін аударып, 1910 жылы «Үлгілі тәржіме» деген атпен өз алдына жеке кітап етіп бастырып шығарды.

Спандиярдың Крыловтан аударған, «Үлгілі тәржіме» жинағында басылған мысал-өлеңдер еді: «Күйеу таңдаған сұлу қыз», «Өтірікші», «Аң ауласқан қоян», «Емен мен тал шыбық», «Шал мен өлім», «Қасқыр мен тырна», «Маймыл мен айна», «Қасқыр мен мысық», «Шымшық пен көгершін», «Маймыл мен көзілдірік», «Аққу, шортан hәм шаян», «Көлбақа мен өгіз», «Қарға мен түлкі», «Аңға шыққан арыстан», «Маймылдар», «Аю мен мүсәпір шал», «Қасқыр мен қозы», «Құмырсқа мен шегіртке», «Түлкі мен жүзім жемісі», «Екі көгершін», «Әтеш пен меруерт тас», «Арыстан мен Сары масалар», «Арыстан мен кісі», «Арыстан мен тышқан», «Есек пен сандуғаш», «Ағаштың тамырлары мен жапырақтары», «Пәлеге ұшыраған қарашекпен», «Екі төбет», «Ұқыпты достар», «Хакім тілеген көлбақалар», «Көлбақалар», «Қомағай ит», «Етікші мен бір бай кісі», тағы басқалар.

И. Крылов өзінің мысалдарын нағыз орыс тілінің көркемдік байлығын сұрыптап пайдаланып, аса шеберлікпен көркем етіп жазды.

Бірақ Спандияр Крыловтың мысалдарын, Абай сияқты, зор ақындық талантпен, шабытпен, асқан шеберлікпен аудара алған жоқ. Жай ғана қарапайым өлең түрінде кейде еркін, кейде сөзбе - сөз етіп аударды, көбінше мағына-мазмұнын ғана берді. Мысалы, «Разборчивая невеста» деген мысалды «Күйеу таңдаған сұлу қыз» деп, «Листы и корни» деген мысалды «Ағаштың тамырлары мен жапырақтары» деп, «Крестьянин и смерть» деген өлеңді «Шал мен өлім» деп, «Лисица и виноград» дегенді «Түлкі мен жүзім жемісі» деп аударды. «Күйеу таңдаған сұлу қыз» деген мысалдың орысшасы 69 тармақ та, қазақшасы 52 тармақ; «Хакім тілеген көлбақалар» деген мысалдың орысшасы 71 тармақ та, қазақшасы 74 тармақ. Сонда Спандияр алдыңғы мысалды өзінше қысқартып, ықшамдап, кейінгі мысалды жанынан сөз қосып, кеңейтіп аударған; дәлме-дәл аудармай, еркін аударған [50, б. 177-178].

Мақыш мысалдары Қазанда 1910 жылы «Біраз ғибрат сөз...» деген атпен жарық көрді. Онда «Қой, сиыр, ешкі, арыстан...», «Сабырсыздық», «Есектің ойнауы», «Аз үміт көп зарар берер», «Бал құрты мен шыбын», «Жақсылыққа жамандық», «Фақырлық, байлық», «Садақат» атты барлығы сегіз өлең қамтылған [51, б. 19].

Мысал жанрын арнайы зерттеген ғалымдардың көрсеткен деректеріне жүгінсек, Иван Андреевич Крылов, Эзоп (біздің дәуірімізге дейін 6 - ғасырда өмір сүрген грек мысалшысы) Федр (б.д. д. 5-ғасырда өмір сүрген Рим мысалшысы), Лафонтен (1621-1695 ж. өмір сүрген француз мысалшысы) мысалдарының сюжетін пайдаланғанын көреміз. Шығармаларының соңғы бір басылымында Крылов 33 туындысының аударма екенін анық айтады [52, б. 77].

Әр қилы тарихи-әлеуметтік, саяси-қоғамдық өзгерістерге толы кезеңде дүниеге келген Мәшhүр-Жүсіп Көпеев қазақ жазба әдебиеті, соның ішінде мысал жанрының қалыптасуына, көркемдік көкжиегінің кеңеюіне елеулі үлес қосқан.

Мәшhүр-Жүсіп жан-жақты талант иесі. Ақынның көңіл күй лирикасынан басқа мысалдар жазғаны да бар, онысы мол әрі мәні де маңызды.

Мәшhүр-Жүсіп мысал жанрына ден қоюының үлкен мәні бар. Себебі басқа жанр түрлеріне қарағанда ондағы моральдық, адамгершілік тағылымды ол қазақ қоғамы үшін аса қажет үлгі деп түсінеді. Мысал арқылы адам бойында кездесетін намыссыздық, алауыздық, жалқаулық пен жағымпаздық, қулық пен зорлық сияқты келеңсіз мінездерді сынау, шенеу немесе халықтың тұрмыс-тіршілігінің көлеңке жағын көрсетіп, қарапайым халықтың көзін ашып, жігерлендіруге ақын мысал жанрын таңдады. Әр түрлі қарым-қатынастар мен қоғамда болып жатқан әлеуметтік жағдайларға ғибыратты тұжырымдар жасайды. Мысал сюжеті негізінен бар халыққа ортақ қазына. Әлем мысалшылары Эзоптан бастап бүгінгі мысалшыларға дейін бір-бірімен тақырып алмастырып отырған. Ал Лафонтен өз жанынан мысал шығармаған. Өзіне дейінгі мысалшылар сюжетін алып өзгеше жазған ақын. Бір мысалдың өзі әрқайсысының аудармасына ілікті. Оны бір ақын өлеңмен аударса, енді біреуі қара сөзбен аударды. Бұл тәжірибе әдебиет тарихындағы назирагөйлік (ақындық) тәсілді байытты. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, өмір шындығын қамтып ойға қосып отыратын үлгілер ұлттық әдебиеттегі мысал жанрының дамуына жол ашты [53, б. 78].

Бұл арада тұңғыш рет мысал жанрының текстологиясына қалам сілтеген Н.Қ. Жүсіпов «Мәшhүр-Жүсіп жинаған мысал-аңыз үлгілерінің текстологиясын» ғылыми мақаласын ерекше атап өтуге болады.

Әңгімені мысал жанры жайынан басталық –дейді С.Талжанов: И. А. Крылов орыс халқының ұлы ақыны, мысал жанрының атасы. Ол 1769 жылы 13 февральда Москвада туған. Ақынның әкесі А. П. Крылов көп уақыт қатардағы солдат болып жүріп, әрең дегенде капитан шеніне қолы жеткен кедей кісі еді. И. А. Крылов 1782 жылы 13 жасында Петербургке келіп, халыққа әйгілі қалам қайраткерлері А. Н. Радищев, Д. И. Фонвизин, Н. И. Новиковтармен кездесті. Солардың соңынан ере шыққан жас Крылов театрмен әуестенді. Петербург сахнасында Фонвизиннің «Недорослі», Княжнин, Сумараков, Аблесимовтардың комедиялары сол кезеңде жүріп жатты. И. А. Крыловтың «Кофейница» атты комедиялық операсы сахнаға шықты. «Филомела» мен «Клеопатра» деген көне грек өмірінен алынған екі трагедиясын ресми цензура сахнаға рұқсат етпеді де, кейін И. А. Крылов мысал жанрына үзілді-кесілді көшіп кетті. И. А. Крылов мысалдары 1825 жылы француз тіліне аударылған. Осы жинақты Парижде бастырған – граф Орлов. Аударған француз жазушылары: Дарь, Эньян, Жансуль, Арно, Суме, Стассар, Сегюр, Андрие, Сальм, Ле-Балья, Вьенне, Рессегие, Казимир, Делавин, Нодье, Амабль, Тасть, София Ге. Ал, Италия жазушыларынан қатысқандар: Жианноне, Монти, Пиндемонте, Лампреди, Анджелони, Бионди, Риччи және Сальфи болыпты. Бет ашарын французша Лемонте, италиянша Сальфи жазған. Крыловтың 10 мысалын араб тіліне 1863 жылы Абдаллах (Федр Иванович) Келзи аударса, 1867 жылы 41 мысалын Ризкаллах Хассун аударыпты. Келзиде «Түлкі мен қарға», «Емен мен шілік», «Бақа мен өгіз» т.б. бар. Хассун бұларды қайталамай, өзгелерін аударды. Айта кететін нәрсе, олар Крыловты арабша ойлатады, мысалы, Крылов: «Климыч Петрге қарап ымдайды» («Климыч кивает на Петра») десе, Хассун: «Бекр Омарға сілтейді» деп береді, қазақшаға біреу: «Көрсетер көзін қысып ауылнайды» деп те аударған. Арабта: Васька – Вамбуль болады, Моська – Канбура атанады. Самарқан, Андалус қалалары кездеседі. Араб еліне белгілі адамдардың аттары Джухейна, Лұқпан, Сухейль, Хасрой мен Дарий, Деила мен Әмір тәрізділер де жүр. Дозақта той жасалып («Клеветник и змея» мысалында) жатқанда Нерон, Иуда немесе Наполеон аттары да аталады, бұлардың бірде-бірі Крыловта жоқ. Егер араб тілінен қайыра орыс тіліне аударса, И. Крыловты тірі жан танымас та еді, - деп түйеді академик И. Ю. Крачковский.

Қазақ халқы И. А. Крылов шығармаларымен көптен таныс. Ең алғаш Крыловты қазақ тілінде берген Ыбырай Алтынсарин, ал кейін 1898 жылдары ұлы ақынымыз Абай: «Емен мен шілік», «Қазаға ұшыраған крестьян», «Жарлыбай», «Шегіртке мен құмырсқа», «Ала қойлар», «Түлкі мен қарға», «Бақа мен өгіз», «Піл мен қанден» атты мысалдарын өз мүлкіміз етіп тастап кетті. Осы ізді қуалап, XX ғасырдың бас шенінде Ахмет Баржақсин, Есет Өтетілеуов, Спандияр Көбеев т.б. аударып шықты. Әркім өз қадірінше дегендей. Бірақ солардың ішінде Абайдан асқаны әлі көрінбейді. Оған қосымша бізде «Жетпіс жеті мысал» да, «Қырық мысал» да бар. Сапасы қанша төмен болса да, Крыловты қадір тұтпаған бірде-біреуі жоқ [54, 197 - 200].

Мәшһүр Жүсіп мысал жанрларын үшке бөліп қарастыруға болады: біріншісі – мысалдары; екіншісі - мысал айтыстары; үшінші - тұспал өлеңдері. Тұспал да жанрдың бір түрі, оның негізін бірінші рет салған Мәшһүр Жүсіп. Ал зерттеген ақын шөбересі, ф.ғ.к., профессор Гүлнәз Жүсіпова. Г.Қ.Жүсіпова: «Қазақ әдебиетінде, оның ішінде Мәшһүр Жүсіп шығармаларында белгілі бір ойды астарлап жеткізу, шарттылықты пайдалану үлгілері жиі кездеседі. Түркі әдебиетінде діни тақырыптағы әдебиеттің негізін салушы Қожа Ахмет Йассауи / ХIIғ./ десек, ХIХ ғасырда сол бағытты жаңа арнада дамытқан ақын Мәшһүр – Жүсіп Көпейұлы (1858 - 1931) екендігі белгілі» - дейді [55, 383].

Мәшһүр – Жүсіп мысал жанрын шамамен үшке бөлеміз:

1) Мысал- аңыз үлгілері: «Қаршығаны мақтағаны», «Бозторғай», «Киік», «Лашын мен қарға», «Шайтанның саудасы» (бұл өлеңі туралы әңгіме басқашалау). «Тырна мен қасқыр», «Сәйгел, сона, бөгелек туралы», «Жарты нан хикаясы», «Жыл он екі ай», «Аңқау адам туралы» - 10;

2) Айтыс мысалдары: «Сүлеймен мен Байғыз», «Мәшһүр – Жүсіптің Шабдар атпен айтысы», «Мәшһүр-Жүсіптің тырнамен айтысы», «Мәшһүр-Жүсіптің қарғамен айтысы», «Мәшһүр – Жүсіптің ала қарғамен айтысы» - 5;

3) Тұспал мысалдары: «Соқыр, саңырау және жалаңаш», «Нәпсі аждаһа», «Толқын», «Күндіз бен түннің айырмасы» - 4; Барлығы: 19 мысал өлеңдері бар. Зерттеп өлеңдерін жанр түріне қарай анықтаса бұдан да көп болары анық.

Мысалы, Мәшһүр – Жүсіптің өзгеге ұқсамайтын жанрдың бір түрі: Күлдіргі сөздер (анекдот) бар. «Ұлы сөзде ұяттық жоқ» - деген. Оған: «Қыз таңдау», «Жігіттер сыбағасы (бірінші нұсқа)», «Жігіттер сыбағасы (екінші нұсқа)», «Түзеле алмау әңгімесі», «Барпық өнері (бірінші нұсқа)», «Барпық өнері (екінші нұсқа)», «Екі жігіттің өнер салыстырғаны», «Тіней әңімесі», «Екі құрдас әңгімесі», «Бір епті жігіттің өнері», «Бір кедейдің сараңдығы», «Сараңның барып тұрған сараңы» - 12; Қазақ әдебиетінде көзі ашылмаған тың тақырып деп білеміз. Бұған да ең алғаш түрен салған ақын – Мәшһүр – Жүсіп Көпеев.

Мәшһүр – Жүсіп «Тырна мен қасқыр»; А.Байтұрсынов «Қасқыр мен тырна», С. Көбеев «Қасқыр менен тырна» мысалын Крыловтан еркін аудармамен аударған. С. Көбеев «өлімтік», А.Байтұрсынов «жемтік» деп алған. Көбеевтің мысалы еркін аударғанымен жақсы, мәніне келтіріп аударғанын айтуға болады. Ұйқасын да, буын санын да сақтауға тырысқан. Араб – парсы сөздерін: лауахазда* - жаратылысында, тегінде деген мағына береді деген, һәман, зайығ, әм (һәмма) шылауының қысқарған түрі (Абайда ұшырасады), ғибрат, хатта, михнат, хақ т.б. Ауыз әдебиетінің ықпалы: құдыретте (құдіретте), болад (ы), ара – кідік кездесетін лексика: мойнсұнып, қауып – қауып, тамақсау, екі синоним сөздің (әрең зорға) қатар келіп қайталануы ақынның әлсіздігін көрсетеді.

Енді А.Байтұрсыновтың және Мәшһүр – Жүсіптің «Тырна қасқыр» мысалын алайық. Мәшһүр – Жүсіптің кейінгі жинағына бұл мысал кірген жоқ. Бірақ, С.Дәуітов алғы сөзін жазып жариялаған 1990 жылғы ақынның – таңдамалы шығармасында 194 – 195 беттен ұшыратамыз. Мәшһүр – Жүсіп бұл – мысалды А.Байтұрсынов аударғанын білмеді, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинағанда қолжазбаларынан табылды. Ол уақытта А.Байтұрсынов шығармалары түгіл өзінің атын атауға тыиым салынған болатын. А.Байтұрсынов нұсқасында - 19 шумақ. Мәшһүр – Жүсіп нұсқасында - 11. Мәшһүр – Жүсіп нұсқасында, А.Байтұрсынов нұсқасында бұдан былай қысқартылған шартты атаумен М-Ж. Н; А-Б. Н. – деп алатын боламыз.

А-Б.Н: жарап: (қос нүкте), Көңілден және көріп (үтір), ауызға, Шетінде бөлегірек, кемірмей сол қалпынша, тамақта жүрмей, қақалды сүйек жүрмей, түспесін бе, Бұл шумақта өзгеріс бар: Мәнісін баяндауға жайы кеткен, Ойлайды: бұ тұрғанда тіл алмас деп, Көңілін жұмсартпасам алдап еппен. Тырнаға сөз сөйлейді кішілікпен. Жүруші ем кез келгей деп, тілеп көптен, Дүниеде кім бар еді онан өткен?

М-Ж.Н: жарап. (нүкте), аузына, Шеткері жырағырақ, кемірді қалыбынша, тамаққа бармай, қадалды жүрмей сүйек, көрініпті, Бұл шумақта өзгеріс бар: Мен сені жүруші едім тілеп көптен, ал А-Б.Н – ғы соңғы үш жол М-Ж.Н жоқ. М-Ж. Н. Бұрынғы мықтылықпен былай қойып, Жалынып сөз сөйлейді кішілікпен алдыңғы жолдың соңғы екі тармағын құрайды. Ортада тағы да 4 жол қалып қалған. Дүниеде сенен артық досым болмас, Құтқарсаң мені қазір осы дерттен. М-Ж.Н. екі шумақ жоқ, оның үстіне тармақтардың орны ауысқан. Ортада тағы бір шумақ жоқ. Тыныс белгілерінде көптеген өзгешеліктер бар. Соңғы төрт шумағы жоқ. Әрине, біз толық текстологиялық жұмыс жасауға мақсат қоймадық. Оқырманның көңілін аудару ғана. Болашақта, кандидаттық диссертация жазғанда бұл – тақырыпты біраз кеңейтіп: Крылов, А.Құнанбаев, А.Байтұрсынов, Мәшһүр – Жүсіп, С. Көбеев, М.Қалтаев, Б.Өтетілеуов мысалдарының сюжет ұқсастықтарына, ондағы өзгерістерге, текстологияға кеңінен зерттеу жұмысын жасайтын боламыз. Осы бір ғана мысал Мәшһүр – Жүсіпті орыс (еуропа) мысалдары да бей – жай қалтырмағанын аңғартады.

Мәшһүр – Жүсіптің басқа да мысалдары орыс (еуропа) мысалдарымен үндеседі. Әсіресе, шығыс мысалдарына да қатты ден қойғаны байқалады. Мәшһүр – Жүсіп аттарын өзгертіп, қазақ ұғымына лайықтап жазған мысалдары да бар. Бұл - өз алдына бір әңгіме.


Қорытынды
Қазақстан Республикасының егмендігін алып, жаңғыру кезеңінде оның тілін, әдебиетін таным құралы ретінде зерттеудің маңызы ерекше. Себебі, қай ұлттың да өзіндік мәдениеті тілінде, әдебиетінде, тарихында көрініс тапқан. Бұл- қасиет қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларының шығармаларында айшықты түрде байқалады. Сондай тұлғалардың бірі – артында мол әдеби, тілдік, мәдени, этнографиялық, философиялық, тарихи мол мұра қалтырған М-Ж. Көпеев.

Мәшһүр Жүсіптің өмір сүрген дәуірі – ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алдыңғы отыз – қырық жылы. Бұл кезең әлеуметтік, қоғамдық тұрғыдан қандай қайшылықты болса, оның шығармашылық жолы да сондай көп иірімді, күрделі болды. Ғұлама шешен М-Ж. Көпеевтің мұрасын жинап жариялау, зерттеп, ғылыми айналымға ендіру, сөйтіп, халық игілігіне айналдыру жұмыстары еліміз егемендік алған соң ғана шындап қолға алынды. Біздің ойымызша, бұл мәселе – Мемлекеттік «Мәдени мұра» атты бағдарлама аясында жүзеге асырылуға тиіс. Ұлттық мәдениетін, сипатын көрсетіп, толықтыра түсетін маңызды зерттеу мұрасын, соның ішінде ұлттың ежелгі мәдениетін, әдебиетін, фольклорын, салт – дәстүрін зерттеудің біртұтас жүйесін жасап, бай әдеби мұрасын ежелгі шығыс әдебиетімен, қала берді орыс (еуропа) әдебиетімен тығыз байланыста зерттеу күнқұрғатпайтын міндеттердің бірі болып табылады.

Тақырып тегіннен – тегін Қазақ және орыс (еуропа) әдебиеті байланысы (Мәшһүр Жүсіп шығармалары бойынша) деп алынып отырған жоқ. Оның да өзіндік себептері бар. Жуықта ғана Орыс елінің төрінде Мәскеудің нақ жүрегінде Абай ескерткіші орнатылды. Біздің елімізде Пушкин күндері басталды. Әдебиетке шекара жоқтығы осындайда сезілді. Елбасының да көксегені екі елдің тыныштығы, ежелгі достығы болып табылады. Қоғамдық формация бізді ежелден орыс ұлтымен жақындастырып, мәдениетіміз, әдебиетіміз біте қайнасып бірін – бірі байытты, дамытты. Мәшһүр Жүсіптің ресей патшалығын сынағаны шығармаларынан белгілі. Ресей патшалығын сынай отырып, жақсы жақтарын (мәдениетін) да үйренуге шақырды. Демек, Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы орыс (еуропа) мәдениетінің (әдебиеті) үндестігі осы – зерттеу жұмыста тұңғыш рет ғылыми жүйеге түсіп қаралып отыр. Тақырыптың қазақ орыс (еуропа) мәдениетіне, әдебиетіне, халықтар достығына қосар үлесі көп. Мәшһүр - Жүсіп өз шығармаларында орыс тілі арқылы келген сөз үлгілерін де қолданғаны байқалады. Олай болса, тақырып, осы жағынан да ұтымды. Ұлттар достығы – біздің «Алтын заңымызда» да айқындалған. Қазақстанда 130-дан астам ұлыс пен ұлттың өкілдері тұрады екен, соның бірі – орыс халқы. Олай болса, бұл – көтерілген мәселе өміршең екендігін, ел мүддесінен шығады деген үміттеміз.

Екіншіден, орыс мәдениеті қазақ мәдениетін (көне түркі) ауыз әдебиеті арқылы білді. Одан кейін, шығыс әдебиетіне де ден қойды. Түркі мәдениеті де орыс (еуропа) зиялыларын, жиһангездерін бей – жай қалтырмағаны да тарихтан мәлім. Шығыс әдебиеті қазақ әдебиеті мен орыс әдеьиетін (еуропа) екі ортадағы жалғастырып жатқан алтын көпір десе де болады. Тіпті, ағылшын әдебиеті өкілдері де шығысқа табынған. Мәшһүр Жүсіп шығармашылығына арқау болған: бірінші – ауыз әдебиеті, екінші – шығыс мәдениеті, үшінші – орыс әдебиеті. Орыс (еуропа) әдебиетіне ықпалы зор болған шығыс мәдениетінің Мәшһүр Жүсіп шығармаларына әсерін де зерттеу тақырыптың өзектілігін айқындайтын болса керек.

XIX ғасырдың алғашқы жартысында Қазақстан тақырыбы орыс әдебиетінде бірте-бірте көрнекті орын ала бастады. Егер патша үкіметі, орыстың помещиктері мен капиталистері қазақ халқын отар етіп езу мен құл етудің объектісі деп қана есептеген болса, орыстың алдыңғы қатарлы ғалымдары мен жазушылары қазақ халқының тұрмысын, салт-санасын, әдет-ғұрпын, оның бостандық сүйгіш ниетін сүйе зерттеді. Россияның езілген халықтарының праволарын қадірлеу, олардың тұрмысын әділ суреттеу алдыңғы қатарлы, демократиялық орыс мәдениетінің дәстүрі болып табылады. Бұл дәстүрді орыс әдебиетінің классиктері А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, ұлы сыншы-демократ, В. Г Белинский тамаша айқын бейнеледі.

Қазақстан тақырыбымен шұғылданған орыс жазушыларының шығармаларында екі бағыт: реакциялық-шовинвистік және демократиялық-реалистік бағыттар болды Ф. Булгариннің «Иван Выжигин» (1829) деген повесті, И. Скоблевтің әңгімелері (1834) қазақ халқын қорлап кемітеді. Бұларға қарама-қарсы А. С. Пушкин, В. И. Даль (Луганский), В. А. Ушаков және басқалары қазақ халқының ауыр, езілген жағдайын, оның арманын, орыс халқымен достық қарым-қатынастарының басталуын адамгершілік тұрғылардан суреттейді.

Мәшһүр – Жүсіпті өз көзімен көрген, оның барлық еңбегімен таныс – біліс болған сол кездегі орыс оқымыстысы Белослюдов төмендегідей ой айтады: «М. Көпеев халықтың мұңын жырлай бастады. Мәшһүр Жүсіп өлеңді жазып шығарды, мұның өзі қазақ әдебиетінің тарихында халықтық сипаттағы жаңа бағыттың дамуына зор түрткі жасады. Бұрын өлең көпшілік алдында ауызша айтылатын, ал ақын атану үшін біреуімен айтысықа түсетін, жыршы міндетті түрде суырып салма ақын болуы шарт еді. Енді Көпеев өлеңдері оқырманға жазбаша түрде ұсынылды, ақын деген сөз тек ақын – жырауларға қатысты ғана емес, өлең жазуға қабілетті талант иелеріне де қолданыла бастады» - дейді М.Мырзахметов (Абай жүрген ізбенен. ─ Алматы, 1985. ─ 143 б.) [56, 11].

ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы аса күрделі дәуірді басынан өткерді. Қайшылығы мол, алда не болары белгісіз бұлдыр қоғамдық формация әлі пісіп-жетілмеген Қазақстан жағдайындағы толқын Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп т.б. зиялыларды тудырды. Дулат Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп қазақ руханиятының біртұтас галелериясын жасап тұрған адамдар. Бұлардың қоршаған ортаны тану, дүниені ұғыну, сезіну, әлеуметтік- экономикалық жағдайды түсінуі оны жырлауы тақырыпты тану жағы, көзқарасы бір, бір позициядағы адамдар десе болады. Бұлардың қоршаған ортасы, шығармашылығы сол кездегі қоғамдағы болып жатқан әлеуметтік - экономикалық, саяси жағдайлармен тығыз байланысты. Бұл төртеуін қоғамдық формацияда болып жатқан өзгерістерден тыс тағы да қарастыра алмаймыз. Олар өмір сүрген кезде қоғамдық жағдай қандай болып еді? Соған біраз шолу жасалық. М-Ж.Көпеев өмір сүрген орта ХIX ғасырдың бірінші жартысы мен ХХ ғасырдың екінші жартысы екендігі айтылып өтті. Бұл кезең қазақ өміріндегі басқа ғасырларға қарағанда қайшылықтарға толы күрделі дәуір болды. Көп жүріп, көп көргені бар, оқыған-тоқығаны бар М-Ж.Көпеев өз елінің ауыр тұрмысын басқа жұрттың тұрмысымен салыстырып, қорытынды жасап отырған, шығармаларына арқау еткен. Қазақстанның Ресейге қосылуының нәтижесінде қазақ қоғамының экономикасы мен әлеуметтік қатынастарында ХIХ ғасырдың алғашқы жартысында болған елеулі өзгерістер (егіншіліктің, қолөнердің, сауданың дамуы, хандық тәртіптердің жойылуы), сонымен қатар отаршылдық езгінің күшеюі қазақ халқының бүкіл қоғамдық тұрмысына, қазақ мәдениетіне елеулі әсерін тигізді.

Демек, Мәшһүр – Жүсіп шығрмаларын орыс (еуропа) шығармаларымен үндес зерттеу керек екендігін өмір өзі дәлелдеп отыр. Кеңес дәуірінде жабық тақырып болған орыс (еуропа) әдебиеті шығыстан үйренді деген ендігі уақытта басқаша көзқараспен зерттеу қарастыру күнқұрғатпайтын мәселеге айналды.

Әсіресе, Алла, Құдай, Пайғамбар, Құран тақырыбы орыс (еуропа) әдебиетінде кеңінен жырланғаны орыс (еуропа) ақын – жазушылары мұсылман дініне оң көзқараста болғаны, негізгі суреттеп отырған нысаны Мұхаммет пайғамбар болғаны осы – зерттеу жұмыста нақты дәлелденді. Мәшһүр – Жүсіп Көпеев тек қана қазақ (шығыс) әдебиетін ғана біліп қоймаған орыс (еуропа) әдебиетімен өте жақын таныс болған. Мысалы, Билинскиді білген ақын, сол Билинский сынаған шығармаларды, олардың авторларын білмеді дегенге кім сенеді. Ал, Шығыс тақырыбы Мәшһүр – Жүсіп үшін өмірлік тақырып болды. Шығыс әдебиеті Мәшһүр – Жүсіппен орыс (еуропа) әдебиетін жалғастырды. Мұсылман діні тақырыбын көп жырлаған Мәшһүр – Жүсіптің романтикалық бейнесі Алла, Құдай, пайғамбарлар, періште, шайтан, ібіліс т.б. болды. Мұның сыртындағы жұмақ, кәусар бұлақ, фәни өмір, бақи өмір, о дүние, бұ дүние сияқты жай адамның ұғымына ауыр түсініктерді де ең бірінші жырға қосып, қазақ әдебиетінде жаңа бетбұрыс жасаған Мәшһүр – Жүсіп Көпеев. Мәшһүр – Жүсіп Көпеев шығармаларындағы ауыстыру, құбылту, алмастыру, теңеу, салыстыру сияқты (троп пен фигураның) түрлері әдеби қисындық формаларды теріп дәлелдегенде олардың орыс (еуропа) шығармалырында да ұшырасатыны байқалды. Бұл кездейсоқтық болмаса керек. Мәшһүр Жүсіптің шығыс мысалдары зерттелмеді. Көбіне Крылов мысалдарына көңіл аудардық. Кейбір аты басқа мысалдарының сюжеті орыс (еуропа) мысалдарымен шығыс мысалдарының бірігіп кеткен тұстары да баршылық. Мәшһүр – Жүсіп фольклоры мен орыс (еуропа) фольклоршылары жинаған дүниелерді, олардың үндестігін зерттеу өз алдына жеке мәселе ретінде қарастыру керек екендігі анықталды. Болашақта кандидаттық диссертация мазмұнын кеңейтіп: Мәшһүр – Жүсіп және орыс (еуропа) фольклоршылары; Мәшһүр – Жүсіп шығыс және орыс (еуропа) мәдениеті т.б. тақырыбында зерттеу жұмыстарын қолға алғанды жөн көріп отырмыз. Жалпы: «Мәшһүр – Жүсіп және Еуразия» - деген монография дайындау ойымда бар.

Сөз соңында Ә.Тәжібаевтің: «Мәшһүр Жүсіп Көпеев дегенді білмейтін қазақ зиялыларында жан жоқ. Әрі ақын, әрі ақылгөй жан, ұлы Абайға ілесе шықты да осы данышпан ұстаздың ағартушылық жолын берік ұстанды. Ақындығын да өзіне мұрат етті» (Ә.Тәжібев. «Пионер» журналы, 1986 жыл, №4. ) [56, 15] – деген ұлағатты сөзінен артық ештеңе айта алмаймыз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет