Қазақ Қайраткері н. НҰрмақовтың Қоныстандыру саясатына қатысты саяси ұстанымы



бет2/2
Дата03.01.2022
өлшемі26.56 Kb.
#451418
1   2
Нығмет Нұрмақов

Мазмұны:
Кеңестің Қазақ республикасының алдындағы маңызды мәселелердің бірі – қазақтарды отырықшы мал шаруашылығына көшіру үшін оларды отырықшылық тұрмысқа ыңғайлы құнарлы, жайлы жерлерге қоныстандыру қажет болатын. Ол үшін патшалық Ресей тұсында тартып алынған шұрайлы жерлерге қазақтардың қолын жеткізу керек еді.

ХХ ғасырдың басында Ресей империясының қазақ өлкесін отарлауды жедел қарқынмен жүргізуі жерді пайдаланудағы теңсіздікті күшейте түскен болатын. Биік мінбелерден бірнеше қайталанған Н.Нұрмақовтың сөзімен айтсақ: «Қазақтардан ең шұрайлы, егістікке жарамды 40 млн. десятина жері тартып алынды. Нәтижесінде қазақтардың көпшілігі құмды жерлерге, құнарсыз шөл далаларға ысырылып тасталды» [1]. Сол сияқты Қазан революциясы қарсаңында Қазақстан жеріне 1 млн.-нан астам адам Ресейдің европалық бөлігінен әкеліп қоныстандырылған болатын. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де сырттан ағылған қоныс аударушыларды тоқтатып, жерді пайдаланудағы теңсіздікті реттеу мүмкін болмады. Айталық, 1920 жылдың 17 қазанында Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің отарлауды тоқтату туралы декреті жарияланды. 1921 жылдың 7 ақпанында және 19 сәуірінде патша өкіметі тартып алған жерлерді еңбекшілерге қайтарып, беру жайлы Қазаткомның қаулылары қабылданды. Алайда аталған шаралар іс жүзінде жүзеге асырылмады. Қайта Ресейдің орталық губернияларынан қоныс аударушыларға РСФСР Жер ісі комиссариатының рұқсаты беріліп, 1921 жылғы құрғақшылдықтың салдарынан орыс мұжықтарының Ақмола, Семей губернияларына жаппай көшіп келуі басталды. Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің бұл қоныс аударушыларға тоқтату салмақ болған ұмтылысы орталықтың қарсылығына кез болды. Республика үкіметінің атына жолданған БОАК төрағасы М.И.Калининнің қолы қойылған жеделхатта қоныстанушылардың «қазақ өлкесінен кері қайтаруға» қатаң тиым салынды [2]. Осылайша, қоныс аударушылардың ағылып, Қазақстанның шұрайлы жерлерін басып алып орналасуы жалғаса берді. 1922-1925 жылдар аралығында тағы да 200 мыңдай адам жанұясымен көшіп келді.

Н.Нұрмақов Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы ретінде бұл мәселені қолға алғанда, әуелі туған жерінде ұзақ жылдар теперіш көрген қазақтардың өз жерінің құқықтық жағынан толық иесі болуын мақсат тұтты. «Жер мәселесі, – дейді Н.Нұрмақов, – қазақтар үшін аса күрделі әрі негізгі мәселе. Жерге орналастыруды жүзеге асыруда бірінші кезекте қазақтарды орналастыру қажет, содан кейін келімсек европалықтардың мәселесін шешу керек» [3]. Ол өзі басқарған үкіметтің жұмысын осы бағытта жан-жақты, әрі тиянақты іс жасауға жұмылдырды.

1925-1927 жылдар аралығында қазақтарды жерге орналастыру барынша қарқынды, ұйымдасқан түрде жүргізіле бастады. Ең алдымен, орналастыруға қажетті жер қоры туралы мәліметтер республиканың барлық ауыл-селоларынан, уездерінен, облыстарынан жинастырылып, біртұтас деректер алынды. Жерге орналастыруды тиімді ұйымдастыру үшін Жер ісі Халық комиссариаты жанынан арнайы басқармалар құрылып, олардың құзырына кең құқықтар берілді.

1925 жылдың 29 қаңтарында Н.Нұрмақов Қазақстанда Жер съездерін өткізу туралы қаулыға қол қойды [4]. Сол жылдың ақпан айында жерге орналастырушылардың республикалық 1-ші съезі өтті. Съезде жерге орналастырудың ұйымдастыру тәртібі, бөлінетін жердің мөлшерін анықтау әдістері, отырықшы жер шаруашылығымен айналысатын аудандарды бөлу ерекшелігі, жерді тіркеу, суландыру мәселелері көтеріліп, соңында жерге орналастыру жұмысының бағытын анықтап, ретке келтірудегі маңызы зор қарарлар қабылданды. Жер ісі Халық комиссариатының қызметкерлері С.Қаратілеуов, белгілі ғалым М.Сириус және т.б. баяндамаларында жер мәселесін шешуде құнды пікірлер мен нақты тұжырымдар, ғылыми қорытындылар жасалынды [5].

Сол сияқты Жер ісі Халық комиссариатының құрамына мәселені жетік білетін (Т.Жаманмұрынов, С.Қаратілеуов, белгілі ғалым М.Сириус т.б.) қызметкерлер тартылып, Мәскеуден мамандар шақырылды. Алаштың көсемі экономист-ғалым Ә. Бөкейханов, профессорлар С.П.Швецов, С.И.Руденко тағы басқалардың Қазақстанның шаруашылығын терең зерттеуіне жағдайлар жасалынды.

Аз уақыттық ұйымдастыру жұмысының нәтижесінде, Қазақстан территориясындағы құрамы таза орыс поселкелерінен тұратын отырықшы жер шаруашылық аудандары бөлініп алынды. Бұл аудандардағы отырықшы жер шаруашылықтарын өзінің қаржысы негізінде орналастыру белгіленді. Отырықшы жер шаруашылығына Қазақстанның жер көлемінен 11,5 млн гектар жер бөлініп, онда 167 мың шаруашылық орналасатын болды. Ал, Қазақстанның қалған территориясында орналасқан шаруашылықтар көшпелі және жартылай көшпелі деп бағаланып, 1924 жылғы Ережеде көрсетілгендей оларды жаппай және міндетті түрде жерге орналастыру қажет болды. Бұл жаппай орналастыру ауданына кіретін жер көлемі 230 млн. гектар болып, оған 1 млн.-нан астам шаруашылықтың орналасуы көзделді [6].

1925 жылдың мамыр-маусым айларынан бастап жерге орналасушы көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтар Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің қабылдаған ережесі негізінде шаруашылық салығынан 5 жылға босатылды [7].

1926 жылы мамыр айында Н.Нұрмақовтың тікелей басшылығымен әзірленген Ертіс өзені бойындағы он шақырымдық алқапты пайдалану туралы қаулы жарияланды. Қаулыда Халком Кеңесінің төрағасы және Қазақ Атқару Комитетінің төрағасы ретінде де Н.Нұрмақовтың қолы тұр [8]. Қаулы негізінде келімсектер мен қазақтардың арасында жерді пайдаланудағы орын алған қайшылықтарды шешу шаралары белгіленіп, бұл шаруаны жүзеге асыру Жер ісі Халық комиссариатына жүктелді.

Жерге орналастыру науқанының 1927 жылдың соңындағы жалпы барысы мен қорытындысын мына сандардан көруге болады: отырықшы жер шаруашылығымен айналысатын аудандардағы ұжымдарға 137 мың гектар жер бөлініп, оған 3 1/2 мың шаруашылық орналасты; жер қоғамдары мен қоныстанушылардан 1 млн. гектар жер босатылып, 32 мың шаруашылық үшін бөлінді; егістікке және кең алқаптарға бөлу 10 мың шаруашылығы бар 403 мың гектар жер алаңында жасалса, жерді пайдалану шекарасын белгілеу және жерді тіркеу 44 мың шаруашылық үшін 2 млн.-нан астам гектар жерде жүргізілді. Ал жаппай орналастыру белгіленген көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтарды жерге орналастырудың нәтижесі мынадай: жұмыстың бірінші кезеңі бойынша (зерттеу және дайындық жұмыстар) 365 мың шаруашылық орналасқан 28 1/2 млн. гектар алаңда жүргізілген; екінші кезеңі бойынша (жобасын құрастырып және шекараны белгілеу) –150 мың шаруашылығы бар 8 млн. гектар алаңда жүргізілді [6.18]. Бұл өткен 1925 жылға дейінгі кезеңмен салыстырғанда үлкен жылжу еді.

Жерге орналастыру барысында 1926–1927 жылдары туындаған саяси қайшылықтар науқанның бастапқыда көзделген мақсатына жетуіне мүмкіндік бермеді. Орталықтың қыспағымен бұл мәселеде отаршылдық, империялық ой-пиғылдар үстемдік құра бастады.

1927 жылы Қазақстанның Жер ісі Халық комиссариаты және Мемлекеттік жоспарлау комитеті бірігіп, республика жерін шаруашылыққа тиімді пайдаланудың жобасын жасауға қызу кірісті. Жоба Халық Комиссарлар Кеңесінде мақұлданып, оның негізінде Қазақстан халық шаруашылығының дамуының 5 жылдық жоспары жасалды. Алайда Бүкілодақтық қоныс аудару комитеті 1927 жылы 8 желтоқсанда бұл жоспарға қарсы өз хатын жолдайды. Бүкілодақтық қоныс аудару комитетінің 1927 жылы 6 желтоқсанда 2-ші пленарлы кеңесінде Қазақстан үкіметін қоныс аудару жоспарын жасамай, әдейі қоныстандыруға жарамды жер қорын жасырып отыр деп айыптаған болатын [9].

Н.Нұрмақов жедел түрде РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасының орынбасары В.И.Лежаваға және Жоспарлау комитетінің атына жолданған жауап хатында Бүкілодақтық қоныс аудару комитетінің кінәсін негізсіз екенін түсіндіріп, келтірген дәлелдерін жоққа шығарды. Ең алдымен, Қазақстанның ауыл шаруашылығының дамуын ретке келтіру үшін кем дегенде он жыл қоныс аударуға тыйым салыну қажеттігін қайталай отырып, Қазақстанның жерінде екпелі жер шаруашылығының кең дамуына ешқандай отырғандығын атап көрсетеді. Жақсы өнім алу үшін, жерге түсетін жылдық ылғалдылық 350 мм-ден жоғары болу керек дейді. Ал Қазақстанның солтүстік аймақтарында жылдық ылғалдылық 300-ге әрең жетеді. Сондықтан шаруашылықтың мұндай түрін жаппай дамыту ауыр жағдайларға соқтыруы мүмкін деп ескертеді [10].

Алайда мұндай бірқатар құнды пікірлер мен нақты дәлелдерге қарамастан Бүкілодақтық қоныс аудару комитеті Қазақстанның шаруашылығын дамыту үшін бос жатқан жерлерді игеру, бидайдың бағалы түрлерін өсіру, техникалық дәнді дақылдарды егу деген желеумен қоныс аудару жоспарларын жасап, сырттай шешімдер шығарып жатты. Көп кешікпей РСФСР Жер ісі Халық комиссариаты және Бүкілодақтық кеңес 1928 жылдан Қазақстанға жаппай қоныс аудару жөнінде шешім қабылдады. Сондай-ақ солтүстік облыстар мен Түркістан – Сібір теміржол құрылысына қоныстанушыларды көптеп әкелу көзделді.

Әсіресе Қазақстанға Ф.И.Голощекиннің келуімен жер мәселесіндегі ахуал күрт шиеленісіп кетті. Ол ұлттық мүддені қорғауға негізделген шаралардың бәріне қарсы шығып, қазақ халқын қырып-жоюға бағытталған сойқан саясатын біртіндеп өмірге енгізе бастады. Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н.Нұрмақовтың қызғыштай қорып, жүзеге асырудағы жерге орналастыру жоспарын қатты сынға алды.

1927 жылдың маусым айында өткен қазақ коммунистерінің кеңесінде Ф.И.Голощекин 1922 жылдың 31-ші тамызынан кейін қоныс аударған 200 мың келімсек шаруалардың жанұясымен Қазақстанға орнығып жер иемденуін, оларға басқаларымен қатар құқықтар мен ерекшеліктерді беруді қолдады.

1927 жылдың қазан айында өткен Өлкелік партия комитетінің мәжілісінде Ф.И.Голощекин тағы да Қазақстанда бос жатқан мол жер қоры туралы сөз қыла отырып, бұл жерлерге ондаған мың қоныс аударушыларды әкелуге болады деген мәселе көтерді. Әрине, мұның аяғы неге апарып соқтыратынын, әрі ол жоспарланып жүргізіле бастаған жерге орналастыру саясатының күйреуі екенін Н.Нұрмақов және оны жақтаушылар жақсы түсінді. Олар Ф.И.Голощекинге қарсы топ құрып, ашық айтысқа түсті.

1927 жылы қараша айында өткен Бүкілқазақстандық 6-конференцияда қорытынды сөз сөйлеген Ф.И.Голощекин жер мәселесі жайында жіберілген қателіктер жайында ерекше тоқталып, ұзақ сөйледі: «Мен Сәдуақасовшылдықтың ғана емес, Нұрмақовтың да бар тобының тұжырымын жоққа шығарамын, ескерту, бұл топшылдық емес!». Ф.И.Голощекин шеттен қоныс аударушыларды Қазақстаннан қууға Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесі бұйрық берді деп айыптай отырып: «Мәселе Қаратілеуовте емес, менің Нұрмақовпен ісім бар. Өйткені қоныстандыруға қарсы шыққан нағыз сол. Бұлардың сандарды келтіре отырып дәлелдейтіні қоныс аударушыларға бізде жер жоқ дегісі келеді, ал анықтап келгенде қазір ондаған мың қоныс аударушыларға жер бар екен. Жолдас Нұрмақов «Мен қоныс аударушыларға қарсы емеспін, бірақ оларға беретін жеріміз жоқ» дейді. Сонымен жолдастар, бұл айтылғандарды бір-бірімен қалай байланыстыруға болады?



3 қазанда Нұрмақов жолдас менің қарарыммен, яғни Өлкелік партия комитетінің қабылдаған қарарымен келіспегені былай тұрсын, тіпті принципті түрде бізден бөлінгені сонша – анықтап түзетулер енгізетін комиссияға кіруден бас тартты. Менің қарарымды, жолдастар, отаршылдық (ажыратып жазған біз. – Қ.Б.) деп бағалады, ал жолдас Сұлтанбеков бұл қоныстандырушы чиновниктердің пікірі деді» [11]. Өкінішке орай, қазақ коммунистерінің арасында бірауыздылық болмағандығын Ф.И.Голощекин шебер пайдаланды. О.Исаев, І.Құрамысов, М.Тәтімовтар Голощекинді жақтап шықты.

Сөйтіп, 1927 жылы өткен 6-ші конференция жер мәселесін шешудегі Н.Нұрмақовтың тобының «қате бағытын» ащы сынға алып, айыптады. Мәселені шешудегі қазақ коммунистерінің негізгі қателігі «таптық мүддені ескермеуі» деп атап көрсетілді. Шындығында таптық көзқарас тұрғысынан ұлттық мүдде, ерекшеліктер жоққа шығып, бар мәселе қазақтың байы мен орыстың кулагына тірелетін еді. Солай болда да. 1928 жылдың күзінде қазақ байларын тәркілеу, кейін оларды тап ретінде жою науқанына ұласқаны белгілі. Осылайша бұл, Н.Нұрмақовтың тобының ұстанған жерге орналастыру саясатындағы батыл ұлттық қадамының түбегейлі жеңіліске ұшырауы еді. Көп кешікпей Жер ісі Халық комиссариатын ұлтшылдықтан тазарту жүргізіліп, Ж.Сұлтанбеков, С.Қаратілеуов, Г.А.Бөкейханов, Әлімбаев және т.б. қызметінен алынды.

Н.Нұрмақов соңына дейін бұл мәселе бойынша өз пікірінен айныған жоқ. Ол Орталыққа бірнеше ресми хаттар жолдап, өз көзқарасын дәлелдеп те бақты. Тіпті Н.Нұрмақовтың ұйымдастыруымен құрылған топ Орталық Комитетке дейін арызданып, Мәскеуге де барды [11.4].

1927 жылдың желтоқсан айында өткен Өлкелік партия комитетінің мәжілісінде Н.Нұрмақов тағы да жер мәселесін жан-жақты салмақтап, талқылауды ұсынды. Қалыптасқан жағдайларға байланысты жер мәселесінде ұлттық мүддені көздеген ойларын ортаға салып, оны жүзеге асырудың жолдары белгіленді. Сөз соңында Ф.Голощекинмен тағы да бетпе-бет айтысып қалды.

Голощекин: Тағы да келісе алмасақ, не істейміз?

Нұрмақов: Келісе алмасақ шешетін жоғары органдар бар.

Голощекин: (Залды көрсетіп) Міне, жоғары орган!

Нұрмақов: Мүмкін сіз мені сауатсыз деп ойлайтын шығарсыз, бірақ мен партия жарғысын білемін. Жоғарғы орган конференция, одан әрі Орталық Комитет, содан соң партия съезі, сол сияқты Коминтернге жетуге болады. Мен бұл мәселені партия съезі шешсін деп отырғаным жоқ. Мәселені осы конференцияда шешейік, бұл мүмкін болмаса, Орталық Комитетінің жанынан құрылған Қазақстандағы ұлтаралық қатынастарды тексеруші жолдас Киселевтің комиссиясында түпкілікті шешеміз [12]. Бұл Н.Нұрмақовтың өз көзқарасында қалып, соңына дейін күрес жүргізгендігін айғақтайды.

Алайда осы жылдардың өзінде-ақ сырттан ағылған қоныс аударушыларға ешбір тоқтау болмады. 1927-1928 жылдары үздіксіз дабыл қағып Мәскеуге жолданған Н.Нұрмақовтың өтініші, талабына Орталық ешбір шара қолданбады. «Өз еркімен қоныс аударушылар Петропавловск қаласына эшелондармен келіп түсуде. Олар Украина, Солтүстік Кавказдың жер басқармаларының рұқсат қағазын көрсетеді. Осыған қарсы шұғыл шаралар қолданып, Қазақстанға келушілерге қатаң тыйым салсаңыздар екен. Губернияларға қоныстанушыларды кері қайтару жөнінде бұйрық бердік» делінген Н.Нұрмақовтың қолы қойылған бір құжатта [13]. Алайда мұндай өтініштерге орталық құлақ та аспады. Мысалы, Қостанай округтік жер басқармасының хабарлауынша 1927–1928 жылдар аралығында аталған Қостанай округіне 45803 адам келсе, Петропавл округіне 25575 адам келіп үлгерген [14]. Бұл сандардан республикаға қоныстану қарқынының қаншалықты болғанын шамалауға болады.

Осылайша 1928 жылдан жерге орналастыру науқаны ұлттық сипатынан айрылып, таптық мазмұнға көшті. Бұл шын мәнінде қоныстануға еркіндік беріп, отарлауды заңдандыру еді. Кейінгі жаппай ұжымдастыруға бағыт алған шақтағы жерге күштеп орналастыру, яғни отырықшыландыру науқанының қазақ халқына әкелген зардабын айтып жату артықтау болар. Өкініштісі, Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н.Нұрмақовтың басшылығымен жасалған 5-жылдық жоспардағы Қазақстанда мал шаруашылығын дамыту, оның санын ірі-қараға шаққанда 60 млн-ға жеткізу туралы терең тұжырымы аяқ-асты етілді. Асылы, бұл, дәстүрлі шаруашылықты сақтап дамыту, қазақтар үшін жерді қайтарып бекітудің, әрі 30-шы жылдардың апатынан аман алып шығудың жолы болатын.

Өкініштісі, шөлге, шөлейтке қуылған қазақтар Кеңес дәуірінде де өздерінің ата қонысын түгелдей қайтара алған жоқ.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Нурмаков Н. Строительство Казахстана. - Кзыл-Орда, 1929. –С. 9.

2. Советская степь. - 1924. – 4 декабрь. –С. 3.

3. ҚР ОММ, 74 – қор, 2 – тізбе, 188 – іс, 29 – парақ.

4. Советская Киргизия. – 1925. - № 2. – 158-160.

5. Резолюции первого Всекиргизского Землеустройтельного совещания (11-19 февраля 1925 г.) – Оренбург, 1925. – С.19.

6. Токтабаев К. Г. Об основах политики землеустройства в КССР// Народное хозяйство Казахстана. – 1928. – январь. – С.17

7. ҚР ОММ, 30 – қ., 1 – т., 441 – іс, 115 – п.

8. Советская степь. – 1926. – 26 мая. – С.3.

9. ҚР ОММ, 30 – қ., 1 – т., 699 – іс, 6-8 – п.п.

10. ҚР ОММ, 30-қ., 1-т., 728-іс, 110-116-п.п.

11. Советская степь. – 1927. – 25 декабря (№ 272). – С.4.

12. Бұл да сонда, 1927. – 18 декабря (№ 291). – С.4.

13. ҚР ОММ, 30 – қ., 1 – т., 275 – іс, 75 – п.

14. ҚР ОММ, 74 – қ., 4 – т., 619 – іс, 14 – п.


Б. Құдайбергенұлы, А.Е. Каримова

к.и.н., заведующий кафедры психолого-педагогического сопровождения профессионального развития учителей АО НЦПК «Өрлеу» по Павлодарской области, г.Павлодар, Казахстан, e-mail: k.bolat75@mail.ru

к.и.н., заведующий кафедры истории и Ассамблеи народа Казахстана Павлодарского государственного педагогического университета,

г.Павлодар, Казахстан, e-mail: ake073@mail.ru


Аннотация. В статье рассмотрены принципиальные взгляды председателя Народного Комиссара Казахской ССР Н.Нурмакова являющиеся на период 20-х годов ХХ века актуальными земельные вопросы. Показаны взгляды национальной политической элиты на положение казахского народа, отчужденного от исконных земель в силу переселения в казахский край переселенцев. Серьезное внимание также уделено начинаниям Н.Нурмакова относительно возникновения противоречия среди местного и пришлого населения. Акцентировано внимание на принятии решения местных властей о возложении обязанностей по урегулированию конфликтов по земельному вопросу Народному комиссариату. Рассмотрено отсутствие единства среди национальной политической элиты по данному вопросу. Особо выделены вопросы организации съезда, новых органов власти, раскрыта полемика между Н.Нурмаковым и Голощекиным. В целом, показана позиция отдельных политических лидеров национальной элиты в годы правления Голощекина.

Ключевые слова: Н.Нурмаков, земельный вопрос, сьезд, Голощекин, оседание казахов, переселенцы, казахский край.


B. Kudaybergenuly, A.E. Karimova

Candidate of historical sciences, Head of the Department of Psychological and Pedagogical Support of the Professional Development of Teachers at the national center for professional development «Orleu» in Pavlodar Region, Pavlodar, Kazakhstan. E-mail: k.bolat75@mail.ru

Candidate of historical sciences, Head of the Department of History and the Assembly of People of Kazakhstan at Pavlodar State Pedagogical University, Pavlodar, Kazakhstan. E-mail: ake073@mail.ru
Annotation. The chairman of the People's Commissar of the Kazakh SSR N.Nurmakov’s principled views on land issues, which were topical in the 20-ies of XX century, are considered in the article. Views of the national political establishment on the situation of the Kazakh people, alienated from the ancestral lands due to immigration to the Kazakh land are described. Serious attention is also paid to N. Nurmakov’s undertakings regarding tensions between locals and immigrants. The decision of the local government to charge the People’s Commissariat with duty for conflict resolution on the land issue is emphasized.

The disunity within the national political establishment on this issue is also considered. The issues of organizing the congress and new government bodies are highlighted, the controversy between N.Nurmakov and Goloshchyokin is revealed.



Keywords: N.Nurmakov, land issue, congress, Goloshchyokin, settling of Kazakhs, immigrants, Kazakh territory.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет