Қазақ әдебиетіндегі мінәжат жанры: ежелгі поэзия мен қазіргі әдебиеттегі көрінісі


Қазіргі қазақ поэзиясындағы мінәжат сарынының көріністері



бет2/2
Дата19.06.2016
өлшемі0.53 Mb.
#148413
1   2

Қазіргі қазақ поэзиясындағы мінәжат сарынының көріністері

Жыраулар поэзиясынан кейінгі кезеңдегі ұлт әдебиеті «ХІХ ғасыр әдебиеті», «ХХ ғасыр басындағы әдебиет», «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті», «Тәуелсіздік тұсындағы әдебиет» деген кезеңдерге бөлінетіні белгілі. «Қазіргі» деген ұғым аясында Тәуелсіздік тұсындағы әдебиетті қарастырғанымызбен, оған дейінгі үш кезеңнің басын біріктіретін біртекті ұғым әзірге қалыптасқан жоқ. Зерттеу жұмысындағы негізгі мақсатымыз қазіргі тәуелсіз қазақ әдебиетін тереңірек қарастыру болғандықтан, ХІХ-ХХ ғасыр әдебиетіндегі мінәжат жанрының көріністеріне жалпы шолу жасамақпыз.

Жыраулық поэзия мен бертінгі қазақ ақындарының арасындағы алтын көпір іспетті айрықша шығармашылық иесі – Шал ақын (Тілеуке Құлекеұлы) поэзиясы тақырыптық тұрғыдан ерекше назар аударуды қажет етеді. Ақын өлеңдерінің тематикасы аса бай, оларда бір ғана мінәжат тақырыбындағы жырлардың бірнеше сарында өрнектелуі байқалады:

Құдая, құдіретіңмен сақтағайсың,


Хақ деген пендең болса тастамайсың.
Су құйса төгілмейтін боз жорғаның
Аяғын аңдаусызда қақпағайсың.

Құдая, жаманменен теңді қылма,


Құрбымнан өзім теңді кемді қылма.
Жаратқан барша жанды пәруардігер,
Өзімдей пенделерге пенде қылма .

Бұл мінәжат Шал ақынның өзіне дейінгі жыраулық поэзияның аңсар-мұратын жалғастыруы мен дамытуының көрінісі іспетті. Мұнда сөз киесін қастер тұтатын, тіл өнерін өнер атаулының төресіне балайтын «Тіземнен сүріндірсең, сүріндір, тілімнен сүріндірме» деген ұстанымға ұйыған ұлттың құндылықтары қасиеттелген. Кешегі өткен жыраулардың: «Жаманға жақыным деп сөз айтпа, Күндердің күні болғанда, Сол жаман өз басыңа айғақ-ты» деген өсиеті мен «Жаным – арымның садағасы» деген халықтық нақылдың сілемі осы сыйыну сөзде қайта жаңғырған. Ал ақынның келесі мінәжатының ауаны басқа:

Жер түрлентіп жараттың
Желкілдеген бозымен.
Қой түрлентіп жараттың
Бауырынан емген қозымен.

…Көлдерді де түрленттің


Жағалай біткен құрақпен.
Бір жаратқан пендеңмін,
Перзент үшін жылаттың .

Адам ұлының базбірінің маңдайына жазылатын дауасы жоқ дерттердің бірі – перзентсіздік зары Шал ақынды да айналып өтпеген. Ақын мінәжаты өзінің жан сырын қозғайды, шемен шерін тербейді. Әдебиеттің алғашқы үлгілерінен бастап өнімді қолданылған егіздеу – параллелизм әдісінің адам баласына етене сезімдерді табиғи қалпында жеткізуге қабілетті екенін Шал ақын мінәжаты тағы бір дәлелдейді. Жаратылыстың жарасым тауып, жайнап тұруы тек өніп-өрбуімен, өсімталдығымен ғана мүмкін болатынын күйзеле түйсінген ақын мұның мысалын әрбір құбылыстан аңдап, жабыға жырға қосқан, дерт беруші де, дауагер де өзі болған жалғыз Хаққа сыйынып, жәрдем сұраған.

Шал ақынның ендігі бір мінәжаты мәңгілік рухани құндылықтарды ұстын тұтатын дәстүрлі діни тақырыпқа ойысқан:

Жарлығы екі болмас хақ құдайым,


Жанында серігі жоқ тақ құдайым.
Жанымды алсаң, құдая, иманмен ал,
Шайтанның қазасынан қақ, құдайым .

Иман тақырыбы ақынның ақылгөйлік сарындағы өлеңдерінде де алғашқы орында тұрады. Жаратылыстың ғибраты, тірліктің мәні Алланың әміріне бойұсынумен табылатынын өлеңіне өзек еткен шығармашылық иесінің мінәжат мәніндегі жырларының мазмұны бай болуы заңды да.

ХІХ ғасыр қазақ жұртында жаңа қоғамдық қатынастардың тереңдеп, ғасырлар бойы қадір тұтылған құндылықтарын құнсыздануға мәжбүр еткен алмағайып кезең болды. Руханият жұтаңдап, бодандық тереңдеп, еркін елді еріксіз заңға бағындыру әбден дендеген тұста жасаған ақындардың – заманының дегдар, сезгір жандарының «Зар заман ақындары» атанбасқа амалы жоқ еді. Зар заманда туған мінәжаттардың да мәні өзгеріп сала берген. Төресі азған, қарасы тозған кезең ақындарының Аллаға арнау сөзінде жалбарынудан гөрі назалану басым:

Қайғысы тар заманның өзінен зор,


Бұл күнде адам бар ма кедейден қор?
Жаз ішіп, күз кигені басында жоқ,
Қоршап тұр кедейлерді жоқшылық тор.

Бар болсаң, құдайеке, көрмеймісің,


Кедейге бір жақсылық бермеймісің?
Өмірін мехнатпен өткізгенді
Тағы да о дүниеде тергеймісің?

…Жүрегім ерімейді, езіледі,


Әр нәрсе ойлағанға сезіледі.
Ойласам ел-жұртымды азып-тозған
Көп қайғы бір-біріне кезігеді .
(Қобылан Бәрібайұлы)

Құдаймен құрдасындай сырласатын, ашуына кезіксе «шұнақ құдай» деп тілдеп алып, қайта сыйынып отыратын қазақы менталитеттің бір ұшығы «Тәңірі текті» болмысына күмән келтіріп көрмеген көне түркілердің еркін, азат Тәңірлік сеніміне ұласып жатқаны даусыз. Қобылан ақынның өлеңінде де сол тамыры терең ұлттық мінез көрініс береді.

Адамға ашынудың, заманға амалсыздықтың ақыры тағы да әлемнің әуелі де, ақыры да болған Аллаға алып келері мәлім. Ар-иманнан өзге адамзатты құтқарар ақиқат жолы жоқтығын әлімсақтан терең түсінетін ақындар қауымының Зар заман тұсындағы сыннан өткен сүйікті тақырыптарының бірі дін-иман тақырыбы болды. Олардың Аллаға айтар мінәжаты да, адамға айтар тілегі де осы орайда өрнектелді. Жеке-дара мінәжат жырлары көп кездеспегенімен, аталмыш кезең жырларының өн бойы түгел мінәжат мәнді шумақтармен өріліп жатты. Бір ғана Албан Асан Барманбекұлы шығармашылығынан мұның мысалын көптеп кездестіреміз:

Кем қылмасын құдайым,


Қайтарғай келген пәлені.
…Таупық беріп жақсыға
Түзегей Алла сананы .

…Жамандықтан тыйылсаң,


Бір құдайға сыйынсаң,
Рахметі көп Алланың,
Оңдағай Тәңірім жолыңды . («Өскенбай байға рахмет»)

…Таупық бергей залымға,


Әділет бергей жақсыға,
Түзіктік бергей ілімге,
Ашық қол бергей сақыға,
Қанағат бергей пақырға.
Әдеп, ізет, абиырды
Берсін Алла жақынға.
Амандық бергей құдайым
Алыс, жуық халқыма. («Аспананың асылы»)

ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ел өмірінде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге көз көніп, құлақ үйреніп, ақырзаман аласапыранын күткен ақындардың байсал тартқан тұсы. Бұл кезеңде азаттық аңсап, арпалысқан ерлік күресі де біршама тоқырады. Ресей үкіметінің отарлық саясатының рухани-материалдық салдары да үйреншікті көрініске айналды. Тіршілік ағымы ерікті-еріксіз біршама қалыптана бастаған тұста ұлттық салт-сана да өзінің ғасырлар бойғы қалыбын қайта тауып, құндылықтарын електен өткізіп жатты. Хан Абылайдың қалмақтарға айтқанындай «ежелден мал баққан, ешкімге тиіспей жай жатқан» халықтың елдік мұратының ең негізгісі – қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай бейбіт заман еді. Адамға тілер жақсылығы мен Алладан сұрар игілігін қатар өрнектеген Базар жыраудың мінәжат-бата-тілегі исі қазақтың рухани-дүнияуи аңсар-тілегін бір түйдек жырға тоғыстырған жүрек толғауы іспетті:

«Ақ жарылқап, күн туып,
Күнде қызық болсын!» дер.
«Келін түсіп, ұл туып,
Үйге бала толсын» дер.
«Ел, азамат аман боп,
Басына бақыт қонсын!» дер.
«Жамандық тілек тілейтін
Жауыздық гүлі солсын!» дер.
«Ойын ойнап, жыр жырлап,
Мерекелеп, той тойлап,
Жұрт жиналып келсін» дер.
Бұл – жыраулар тілегі.
Сол тілекті тілейтін,
Мен – солардың біреуі!

Заманының ерен жүйрік жыр-абыздарының бірі, Алласыз сөз бастамаған ақын Мәшһүр Жүсіп мінәжаты сергелдең сәт, талайлы тұста ¬− бір үміт, бір күдікке толы жолсапарда Алла атына айтылған арыз-тілек түрінде жазылған. Тәуекелге бел буып, соңы беймәлім сапарға шыққан ақын сол тәуекелдің Аллаға тәуекел екенін аңдата келіп: «Түңіліп мен жолдастан үздім күдер, Я, Құдай, жаратушы, болыс өзің» деп мінәжат етеді. Байырғы әдебиетімізден ұласып келе жатқан үрдіспен кемшілік-білместіктеріне тәуба ете отырып, ақын: «Досқа күлкі, дұшпанға таба болып, Құдай-ау, көз сүздірме жапан түзде» деп жалбарынады.

Бұл кезең туындыларынан Тәңірге сыйынудан ғана тұратын қоспасыз таза мінәжат жырларын кездестіру қиын. Замананың күрделенуі, тақырыптардың түрленуі, нақты өмірлік мәселелердің көбейе түсуі қоғам өмірінің айнасы іспетті ақындар шығармаларынан да көрініс тауып, көп қабатты құрылымға көп тақырыпты мазмұнды үстеді. Осыған орай аталмыш кезеңде мінәжатты Жаратқанға жалбарыну сөзінен гөрі жан зары, жан сыры деп қабылдау көбірек байқалады. Өз тарапынан «мінәжат» аталған өлеңдерінде ақындар заманын, жұртын, қоғамын айта отырып, жанымен-Жаратушысымен сырласады, соның алдында ағылып шер тарқатып, арманынан арылады. Нұржан Наушабайұлының осы мазмұндас өлеңінде «Замананың қалпына лайық мінәжат» жазуды мақсат тұтуы да бекер болмаса керек:

Ниет һәм құлқы бөлек әр адамның,


Әй, Нұржан, мұнан басқа жоқ табарың.
Мінәжат һәр нақылдан жазып қара,
Қалпына лайық етіп замананың, –
деп басталған өлең ары қарай өзге сарын, басқа ұйқаспен жалғасады:
Қанат байлап қуса да,
Жеткізбеген заман-ай.
Еш пенденің мұратын
Біткізбеген заман-ай.
Болдың ба деп уақытын
Күткізбеген заман-ай.
Ұмтылса да көңілі
Ойлағанын еш уақыт
Еткізбеген заман-ай .

Осы тұста біз әдебиет теорияшысы А.Байтұрсынұлының жоғарыда келтірілген: «Басын алып тастаса, басқасы мұң-толғау болатын өлеңдер» деген анықтамасына лайық шығармаға кезігеміз. Теориялық тұрғыдан алғанда мінәжат жанрының туындысына жатқызылмағанымен, мұндай жырларды да мінәжат ретінде қабылдау сол тұста айтушы мен тыңдаушы немесе жазушы мен оқушы тарапынан қалыптасқаны байқалады. А.Байтұрсынұлы пікірі – шығармаға таза теориялық тұрғыдан келіп, оның құрылымдық тұтастығын сақтауды талап еткен сыншыл ойдың жемісі. Мұның негізінде қазақы ділге (менталитет) тән қабылдау тұтастығы тұрған болуы да мүмкін.

Зар заман ақындарының бірі Әбубәкір Кердерінің «Өткен еміншілік заманды жоқтап айтқан толғауы» дәстүрлі ортағасырлық мінәжат жырларына тән ерекшеліктердің бәрін дерлік қамтиды. Мұнда бастапқы бір түйдек көлемінде Алла атымен сөз бастау, Жаратушыға мадақ айту, оған сыйынып, жалбарыну, зауалды замананың зарын айтып, мұңын шағу, әлсіз пенде ретінде құдіретті күштен медет тілеу сарындары түгел тоғысқан:

Бисмилда деп сөйлесем,


Тілге жәрдем бере гөр,
Тіл жаратқан жәләлім.
Жанға жәрдем бере гөр,
Жан жаратқан жәләлім.
Қаным қайғы бейбәкір
Қайғылы болды заманым.
Заманым бұлай болған соң,
Тайғақ болды табаным.
Патшадан жәрдем болмаса,
Төзуге жоқ-ты амалым .

Мұндай көп қырлы мазмұн төл әдебиетіміздегі ауызекі және жазбаша туындаған көптеген өлең-жырларға тән. Бертіндегі қазақ дастандарында, эпостар мен лиро-эпос жырларында бір шумақ немесе қос тармақ көлемінде Алланы ұлықтау мен оған мінәжат ету мазмұнының қатар көрініс табуы жиі кездеседі. Жаратушыға сыйынып барып сөз бастау тек ислами дәстүрді қасиеттеуден туған үрдіс қана емес. Бұл – адам баласының болмысына біткен әрбір істі бастар алдындағы жауапкершілік пен толқыныс сезімінің құдіретті күшке бір кезек мойынсұндырмай қоймайтын психологиялық сәтімен байланысты жайт. «Сөз – Құдіреттің елшісі¬» деп санайтын ұлттық ұстанымның да осы сыйыну сезімінің бояуын қоюлата түскені анық.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы – қазақ әдебиетінде ақындардың даралық бітімі, тұлғалық ерекшелігі, лирикалық мені барынша айқындалған тұс. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп тәмам елді ғибратқа ұйытқан, «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз жол емес» деп рухани бағдар сілтеген Абай ақынның мінәжат жырлары өзінің жеке мұңына – әкелік зарына құрылып, Алладан тілері де сол сарынға ауысқан:

Я, Алла, бере гөр,


Тілеген тілекті.
Қорқытпай орнықтыр,
Шошыған жүректі.

Шын жүрек елжіреп,


Алладан тілеймін.
Шын қалқам осы күн
Болып тұр керекті.

Жүрегім суылдап,


Сүйегім шымырлап,
Алладан тілеймін
Құпия сыбырлап.

Зар етсе бендесі,


Бермей ме Алласы
Тән саулық қалқама,
Қабыл боп көз жасы?

Нағыз мінәжат үлгісі деуге тұрарлық осы өлеңдегі мұң мен зар, арман мен тілек ақынның басқа да бірқатар жырларына арқау болып, тұтас цикл құраған. Абайдың Әбдірахманға арнаған өлеңдері мен жоқтаулары мінәжат жырларының топтамасы іспетті. Жаратушының хикметін, жаратылыстың ғибратын ақылмен таныған, сезіммен түйсінген кемеңгер ақын күйзеле, күңірене отырып, бойұсына, бағына зар төгеді. «Мунаджат – это монолог, построенный на разговоре человека с самим собой, но обращенный к божественной силе. В них как правила бог и святые изображаются с максимально высоких позиций, в то время как преклоняющий перед ними и просящий прощения у них лирический герой, наоборот, умаляется и порицается. Божество здесь частенько превращается в идеал справедливости, силы-могущества, духовной силы, т.е. абсолютный идеал, а поклонение же к богу превращается в условный, литературный прием» – татар әдебиеттанушысы Х.Ю.Миннегуловтың осы анықтамасы Абайдың мінәжат мәнді өлеңдерінің табиғатын тереңірек ашады.

Діни-ағартушылық бағыттағы ақындар ішінен Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығындағы дүниетаным ерекшелігі зерттеушілер назарын жиі аудартып келеді. Танылған әрбір құбылыстың танымда із қалдырары хақ десек, дінді дендеп білген, өз дәуірінің озық ойлы рухани тұлғасы болған Шәкәрім қажының әдеби мұрасынан иман-ислам тақырыбының көрнекті орын алуы заңды да. «Ойласам, көрген бейнет, тартқан қайғы Болыпты не біреуден не өзімнен» деп, тірліктің мәнін тереңдей ұғынған ақын жырларына жазмышқа мойынсұну, әр істің ғибраты мен хикметін сезінгендіктен заманға шағынбау, таза ақылмен тапқан діннің тағылымынан туған парасатты көнбістік, ғапылдықтың салдарын терең ұғынып, уағыз-насихат пен ақылгөйлік сарынға бейімделу тән. Сарапшыл, сыншыл, зияткерлік деңгейдегі діндарлық дарыған Шәкәрім өлеңдерінде Жаратқанға деген жалбарынуды Жарға деген махаббат алмастырған. Сопылықтың жоғарғы мақамы «Фәна филлаһ» – «Аллада еріп, жоғалу» дәрежесіне тән Тәңірлік махаббат тақырыбы ақын шығармаларының ауанын мүлде өзгерткен. Сондықтан Шәкәрім мінәжатының мәні бөлек, мазмұны ерек:

Бояуы мінсіз,сұлу шын Жар,


Жүрегімде сипатың бар.
Болып ынтық қыламын зар,
Бұл әлемде бармысың шын-ақ?

Көріп көз нұрыңа қанса,


Барып жан ләззатын алса,
Тәнім құрбан бола қалса,
Мұнан артық болар ма бақ?

ХХ ғасыр басындағы әдебиеттегі айрықша сипатты шығармашылық иесі ¬¬¬¬− Мағжан Жұмабаевтың Жаратушыға қарата жазылған жырлары өзіндік бітім-болмысымен ерекшеленеді. Санасында сан түрлі таным тоғысқан, арғы-бергі әдебиеттегі ағым-бағыт атаулыны сын көзбен саралап таныған, поэтикалық біліктілігі мен ақындық қуаты сай қосылған ақынның аталмыш тақырыптағы өлеңдерінде соны сезім, тосын ой, таңсық теңеулер жеткілікті. Мағжанның «Тәңірі» атты өлеңін талдай отырып, әдебиеттанушы А.Жақсылықов: «Это скорее монолог-обращение к Всевышнему, более спокойное по интонации, выстроенное в стиле размышлений, анализа, воспоминаний об историческом прошлом народа. Оно совершенно искреннее по духу, в ней нет и тени искусственности, что не оставляет сомнений в теизме мировоззрения поэта. Как принята у восточных поэтов, автор восхваляет Аллаха, подчеркивает свою покорность и смирение, вместе с тем он и нешуточно вопрошает, в чем вина казахов, что они так обездолены и лишены многого, что есть у других народов… Историзм в мышлении поэта тесно переплетается с теистическим фактором» деп жазады.

Ақынның «Жаралы жан» жырында лирикалық кейіпкер атынан айтылған сөздер шынайы мінәжат табиғатын танытады:

Ойпырым-ай, Алла-ай, жасаған,


Қысылды ғой шыбын жан!
Қуат кеміп барады,
Көп болды мынау аққан қан.

Тәңірі, өзіңе жылайын,


Хәл жоқ, қалай тұрайын?
Жүректі жара жеп барад,
Жасаған-ау, қалай шыдайын?!

…Түсті қысым жаныма,


Тұншықтым ғой қаныма!
Ием болсаң, жаратқан,
Салсайшы құлақ зарыма!

Мағжан өлеңінің шешімі де тосын: «Жаралы құба жонда кім зарлаған? Қансырап, қанын жұтып, кім сарнаған?» деген ақын сұрағының жауабы: «Бұл − қазақ, Тәңірге зар еткен қазақ» болып шығады. «Қанды азаптан құтқарар деп, оқыған азаматын күткен» ұлтының соңғы тұяқ серпуі іспетті жанайқайын, ақтық демі сынды ащы зарын жеткізуге ақын Құдірет-күшке бағышталған мінәжат үлгісін лайық көрген. Мұндай шемен шерлі мазмұнды жеткізу лиризмі аса терең мінәжат жанрының ғана мүмкіндігіне сыярын автор тап басып таныған. Жанрдың осы тектес туындылар арқылы толық қуатында қайта жаңғыруына қоғамдық өмірдің арнасы күрт өзгеріп, діл мен рухқа қатер төнген алмағайып кезең себеп болған.

Мағжан ақынның өзге өлеңдерінен де күрделі таным көріністерін көптеп кездестіруге болады. «Өзім − Тәңірі, табынамын өзіме, Сөзім − Құран, бағынамын сөзіме» секілді мағжандық өлең жолдарының мазмұндық қабаты аса терең: мұнда рухтың өлмейтініне, жанның жасампаздығына деген ақынның алғаусыз сенімі де, өзі таныған, тағылым алған символизм мектебі идеяларының жаңғырығы да, ұлт топырағында ғасырлар бойы тамыр жайып, «Адам-Құдай бір-ақ тұлға» деген ұстанымды тірек еткен сопылық дүниетаным көріністері де, Тәңірлік діннен тамыр тартқан тұсаусыз еркіндік те, шабыттың шырқау сәтіндегі ақындық арынның асау серпіні де тоғысып жатыр. «Бұзушы да, түзеуші де өзіммін, Енді, ескілік, келдің өлер кезіңе!» деген соңғы қостармақтан қоғамның саяси ықпалын сезіну де қиын емес.

Кеңестік саясат дендемей тұрған алғашқы кезеңде туындаған шығармаларда Алланың аты азды-көпті ауызға алынғанымен, бертініректе бұл үрдіс сап тыйылды. «Керітартпа» кейіпкерлердің аузымен айтылған келеңсіз әңгімелерден өзге тұста діни ұғымға жанасатын сөздерді жарыққа шығару мүмкін болмады. «Жеке басқа табыну кезеңі» деген теңеуден-ақ аңғарылатындай, Кеңестік дәуір мінәжаттары – «күн көсемдерге» арналған мадақ жырлары болды. Табиғатты – адамға, адамды жеке тұлғаға табындырып, тіршілік дүниесінен тысқары қасиет-кие атаулыны мансұқтаған аталмыш кезеңде мінәжат мәнді шығармалардың жазылмауы, жазылғанының жарияланбауы заңды да. Мұнымен қоса ғарышқа қол жеткізіп, айға аяқ басқан адам ұлы: «Адамға табын, жер енді!» (О.Сүлейменов) деп аспандап, «құдірет» ұғымын адам-пендеге теңесуге дейін төмендетті.


Кеңестік кезеңде жарияланбай қалған жырлардың бір бөлігімен тәуелсіздіктен кейін қауышқанымыз белгілі. 1976 жылы жазылған Мұқағали Мақатаевтың діни өлеңдер топтамасы да оқырман назарына соңғы жылдары ғана ұсынылды. Аталмыш топтаманың ішінде өршіл рухымен, соны көркемдігімен, ақындық қуатымен ерекшеленетін бір өлең бар. Төменде толығымен келтірілетін осы өлеңде ақынның замана заңына, қоғам құрсауына деген ашынған үні, сүтпен сіңіп, сүйекпен кететін ата-баба дініне деген қалтқысыз құрметі, Жаратушы иесіне айтар жүрек түкпіріндегі арман-зары, дін-мұсылман бауырына айтар алғаусыз ақ тілегі – бәрі бірге көрініс тапқан:

Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,


Өлмейтін, өшпейтұғын күнім, білем.
Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,
Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін.

Бәрі рас айтқанының ақ Алламның:


Құм менен топырақтан жаралғанмын,
Құдайдың құлымын мен, мұсылманмын,
Денемде түйірі жоқ арам қанның,
Ақиқатын аңсаймын ақ арманның!

Мекенім – Ніл дария – Меккем менің,


Келеді мәңгілікке мекендегім.
Шіркін-ай, Зұлпықарды ерттеп мініп,
Көрмеген мекеніме кетер ме едім!
Қылышын Әзірет Әлі ескек жасап,
Жерорта теңізінен өтер ме едім!

Қаны аққан қайран менің мұсылманым!


Осы ма шыбын жаның қысылған күн?
Пейіштің ақ қанатты ақ құстарын
Айырып ұясынан ұшырғаның?
Бірігіңдер, әлемнің мұсылманы,
Құрбан болсын құдайым үшін жаның!

Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін қол жеткізілген тәуелсіздік қазақтың тұсаулы рухына берілген тәуелсіздік іспетті болды. Бұл кезеңде қазақ әдебиетінің бағыты күрт өзгеріп, аңсарлы тақырыптар іркілмей жырға қосылды, дін-иман мәселесіне арналған туындылар өртеңге шыққан алсындай қаулады. «Мінәжат» атын иеленген алғашқы шығармалардың қатарында Е.Раушановтың «Ғайша-бибі» жинағына енген өлеңі болды:

Есік алды беткей-ді,
Беткей жақтан көктем әнін тыңдаймын.
Қармен бірге неге еріп кетпейді,
Мұң-қайғым?!

Артта қалды ақ қыс емес,


Қара қыс.
Шыныменен көктем келді жайнап қыр.
Тереземнің дәл алдында бала құс
Сайрап тұр.

Қара боран, қатыгез жел,


Сірі қар,
Кешіп өттік біз бәрін.
Шүкір, әлі таусылмаған түрім бар
Тұз-дәмім .

Бұл мінәжаттың атынан өзге затынан сыйыну сарыны аңғарылмайды. Сұрапыл дауылдан кейінгі шаршаңқы мұң басқан көңілдің жадау күйін суреттеген жыр арқылы ақын қара боран, қатыгез желді қаһарлы кезеңді – тарих қойнауына сіңіп бара жатқан өткен дәуірді тұспалдайды. Замана аласапыраны, тіршілік түйткілдері тұралатып, құр сүлдері қалған рухымен сырласқан автор мінәжатының мәні мұң мен сырдан құралған. Өткенмен өзектестіретін негізгі сарын да сол мәңгілік мұңнан танылады. Өлең иесінің өз өмірінің сергелдең сырлары да мінәжатына арқау болғаны анық. «Маған неге сонша қатал болдыңдар, Жылдарым?», «Бала құсым, ұшып кетпе пыр етіп, басымнан» деп мөлдір мұңды қимас сезімдермен өрнектейді ақын.

Құрылымдық тұрғыдан келгенде де ақын мінәжатында елеулі өзгерістер бар. Жоғарыдағы талдаулардан аңғарылатындай, қазақ әдебиетіндегі мінәжат жырларының құрылымы біртекті болып келеді: төл поэзиямыздың тарихын жасаған, ғасырлар сынынан сұрыпталып өткен өміршең де икемді 7-8 және 11 буынды өлшем мінәжат өлеңдердің де негізгі өлшеміне айналған. Өлең құрылысын қатаң ережелерге бағындырудан жиі бас тартатын Е.Раушанов өз мінәжатында негізгі өлшемді дәстүрлі 7-8 және 11 буынға құрғанымен, тармақтарды үзу, ұйқасушы компоненттерді дербес тармақтарға айналдыру әдісімен жыр пішінінің ширақтығын, мазмұнының әсерлілігін арттыра түскен. Қазіргі қазақ поэзиясындағы мінәжат жырларында құрылымдық өзгерістердің жиілеуі өзіндік үрдіске айналуда. Мінәжат иелері ерен мазмұнға ерекше пішін дарытуды назардан тыс қалдырмай келеді.

Тәуелсіз қазақ елінің жаңа буын жастары жырлаған мінәжат жырлары мүлгіген жұрттың санасын сілкіп оятқандай екпінді, отты, арынды сипат алды.

Иә, Алла!
Жалбарына тілейін құлдық ұра,
Қажыр-қайрат бере гөр, тұрақ-төзім!
Жүрегімді жебей гөр, жырды мына,
Сезім тұнған ашайын бұлақ көзін.

… Иә, Алла!


Жан беремін ақиқат шындық үшін,
Тіл бере гөр алмастай жарқылдаған.
Туылғам жоқ өмірге құлдық үшін,
Жүрек бергін күресте тартынбаған.

Иә, Алла!


Жүрегіме жылу бер жалындаған,
Қазағымды арылтам қайғы-мұңнан.
Ала көрме шабытты арындаған,
Қалдырсаң да бар бақыт байлығыңнан .

Тек жастыққа ғана жарасатын осындай отты мінәжат жыры жас ақын Дархан Қыдырәлидің қаламынан туындады. Замана шамырқанысын өткір сезінген дарын иесінің бұл туындысы жылдар бойы бұйығып келген сезімдерді буырқана төгіп, айтылмай келген армандарды алғаусыз ақтарған арылу әні болды. «Мінәжатты адам ожданының оянуы, жан тебіренісі, сананың сілкінісі, өзінің нәпсісіне тоқтау салу баспалдағы деп бағалауға болады» деген зерттеуші И.Жеменей пікірі Д.Қыдырәли мінәжатының ішкі тегеурінін тап басып танудан туғаны айқын. Сергек көңілі, ізденгіш жаны тылсым әлемге тоқтаусыз жетелеген ақын өмір өрлерінен асып, тәжірибесі толысқан сайын оның өлеңдеріндегі мінәжат сарыны да тереңдей түсті. Ендігі тұста Дархан жырларынан саф сезімге суарылған жүйелі ой, парасатты мазмұн көбірек аңғарылады:

Тегімді танып, атырапты ұғып,
Күнәмді біліп ақымақ қылық,
Түсіну үшін қайтадан бәрін
Жарата көрші топырақ қылып!

Тас жүректердің қуануы үшін,


Имансыздардың нұр алуы үшін,
Жарата көрші нұрлы дүние
Ұяты барлардан құралуы үшін…

Арманшыл адам болмысы, әсіресе сезгір ақынның сұңғыла жан дүниесі бастау-бұлағына тартпай тұрмақ емес. Өз жанындағы осы аңсарды ерте сезінген Дархан ақынның өмірлік ізденістерін руханият бағытына бұрып, тағылымы терең, болмысы бөлек сопылық ілімді танып-білуге, сопылық поэзияның тұнығынан сусындауға ден қоюы заңды болатын. Жүйелі ғылыми ізденістері жас ғалымның жырларына да тереңдік дарытып, бір кездегі арынды, бертіндегі пайымды мінәжаттары кәнігі сопы ақындарға тән махаббат мінәжатына ұласты:

Апақ-сапақта уыздай уылжып ақ айдын,
Ағарып атқанда арай күн,
Құдіретіңнен шапағат тілеп егілген
Құлақ кесті құлдықты, Сұлтаным, қалаймын.

…Іңкәр жүрегім армандап, аңсап тек Сені,


Тек Саған құл боп өтсе еді.
Көгершін көңілім махаббат жырын мұңлық бір
Қанымен жазуды көкседі…

Туған топырақта терең тарихы бар Жаратушыға махаббат тақырыбын жалғаған бір үзік жыр өзінің барынша табиғи, еркін түзілімімен ерекшеленеді. Буын саны жиі ауытқып (14+9+13+13, 13+8+13+9), бунақ ырғағы дамылсыз өзгеріп отырса да тармақтардың өн бойынан үйлесімсіздік байқалмайды: оларды сезім тұтастығы, сезім шынайылығы біріктіреді. Ақынның алдыңғы мінәжат жыры да («Тегімді танып…») сирек кездесетін 10 буынды өлшемге құрылып, тосын бітімге ие болған. Поэзиялық жинақтары ғылыми еңбектерінен анағұрлым аз Дархан Қыдырәли өлеңдері қазіргі қазақ поэзиясындағы мінәжат мәнді жырлардың үздік бір шоғырын құрайды.

Әдебиет әлеміне қараңғылық пен жарықтың алмасуынан құралғандай күрделі де күрмеулі өзіндік өрнегімен келген Керім Елеместің «Жетінші аспан» жинағы автордың рухани ізденістерін паш етерлік жандауа жырларын қамтыған. Ақын өлеңдерінің ишаралық мәні мол: Болмыс бедерін дүнияуи ұғымдармен өрнектеген алғашқы бөлімді ақын «Алагеуім» атаса, рухани аңсарын берік бағамдап, көнермес құндылықты көңілге тоқытатын екінші бөлім туындылары «Жарық» деген атпен біріктірілген. «Жетінші аспанға дәргәһын іздеп Алланың, Көктерді көктеп, ақылмен самғап өтетін» ақынның «Жарықтағы» жырлары мінәжат мәнді тұтас бір цикл құрайды.

Муминнің жолын қия гөр,


Алла?
Тәуекел еттім Өзіңе!
Жүрегіме иман құя гөр,
Алла?
Нұр сіңірейін өзіме! –

деп, алқына, аптыға мінәжат бастайды ақын. Бірден аңғарылатыны − автор эмоциялық бояуы қалың, экспрессивтік қуаты күшті сөздерді таңдап ала біледі әрі үзік-үзік өлең жолдары арқылы сезімдік тербелістерді күшейте түседі. Базбір ақындар тәрізді «төмендердің төменінде» тұрып, тылсым да жырақ Жаратушыға жалбарына үн қату Құл-Керім туындыларына тән емес. Оның мінәжаттарының өзі еркіндігімен, ерік күшінің, жігерінің молдығымен ерекшеленеді. Бұл − сопылардың парасатты көнбістігінен де өзгерек, махаббат пен парасаттың шарпысуынан туған бір сезім. Бұл − аласапыран арпалыстардан өтіп тапқан аңсаулы әлемі − Жетінші аспанында жүрген ақынның арылған, сергек, қуатты санасының бір сәттік әрі болжаусыз көңіл-күйі:

Жаратқан ием!
Қуат бер?
Қуаттанайын!
Нұр сәулеленген шуақ бер?
Шуақтанайын!
Қараңғыларды қана ішіп,
Суаттанайын…
Ғасырларыма жана ұшып,
Ту-у аттанайын…
…Әмин!

Мінәжаттың жоғары рангалы жанр ретіндегі ерекшеліктерін айқын көрсететін мысалдар талдау назарына алынып отырған ақын туындыларынан байқалады. Адресаттың ең басты маңызға ие болуы, сезім-сырларды жеткізуге мүлтіксіз, мінсіз, үздік лексиканың таңдалуы, құрылымда да қарабайырлыққа жол берілмеуі Құл-Кәрім жырларының деңгейін қабылдаушы назарында сөзсіз биіктетеді. Өлең құрылымында автор буындық тармақтардан гөрі мағыналық тармақтарға басымдық беруге бейім. Негізге алынған өлшем 7 буынды жыр өлшемі болғандықтан, өлең тармақтарының ырғақтық өзгерісі көзбен қабылдауда ғана аңғарылады:

Сан шүкір,
АЛЛА,
Ақ нұрым!
Жыр етіп жырдың жекейін,
Кетіріп жанның дақ-кірін,
Құзырыңа құлдық етейін!
Қабыл ал,
Самғап жетейін!
Әмин!

Қазіргі қазақ поэзиясындағы «мінәжат» атымен аталған шығармалардың бірі ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы қаламына тиесілі. Оралман ақын мінәжатының өзіндік өрнегі бар. Өлеңнен ең алдымен жыраулық поэзияға тән өміршең толғау сарыны аңдалады. Тәухидтің (Алланы ұлықтау), мадақ мен мінәжаттың мазмұндық ерекшеліктері қамтылған туындыда ортағасырлық мінәжаттарға тән жаратылыс бастауынан бергі ғибратты оқиғаларды тізбектей айту арқылы Жаратушының ұлылығын ұқтыру талпынысы да көрініс тапқан. Бірыңғай ұйқасқа құрылған жыр бір деммен оқылып, біртұтас әсер қалдырады:

Қол жаямын Аллаһқа,
Қос тіземді бүктіріп.
Шебер Аллаһ, жараттың
Барлығын да жұпты ғып.
Жалғастырдың біздерді
Хауананы жүкті ғып.
Тамсанттың да таныттың
Жарық дүниені ұқтырып.
Топан судан кейінгі
Бабамызды Нұх қылып.
…Қаһарлансаң бәрін де
Жібересің ықтырып.
Неткен ұлы Раббым,
Сендегі бұл мықтылық !!!

Алла-ақиқат әлемін жарықпен, нұрмен байланыстыратын түйсікпен «Күнәсіз мекен» жинағының имани тақырыптағы жырлар бөлімін ақын «Нұр» деп атаған. «Қия бассам кездесем қиянатқа, Кетсем бе екен күнәсіз мекен іздеп?» деп шынайы шамырқанатын Дәулетбек жырлары орынсыз күрделіліктен аулақ. Қарапайым қазақы таным, орнықты ой, басалқалы сезімдер басым. Аласапыран буырқаныстарға құлшынысы кем ақын өзінің тыныш та әдемі әлемінде дүние құбылыстарын, пенделер пиғылын, адамдық болмысын ой елегінен өткізіп, байыппен бағамдап, иман таразысын тең ұстауға тырысып отыратын тәрізді. Мінәжат мәнді жырларында автордың Алладан ең алдымен тілері де қасиет төресі – сабырлылық:

Біреуді біреу жәбірлеп,
Айнала айғай, дабыр көп.
Жүгенсіз мынау жалғанда,
Сабырлы ет, Аллаһ, сабырлы ет!

Сабырлы ет, Аллаһ, сарқылмас,


Нәжіске баттым, салтым лас.
Жүрекке иман, пәктік бер,
Тотықпас әрі шаң тұрмас.

…Исламға жүйрік, қанық ет,


Иманның асыл дәнін ек.
Анадан туған сәбидей,
Күнәсіз етіп қабыл ет!!!

Қазақта рухы биік, жаны таза, мақсаты айқын, аңсары терең ақындар аз емес. Солардың санатына енуге хақылы Дәулетбек ақынның өткеннен алған өнегесі көп. Өзі таныған ақиқатты өзгеге де жеткізуді Ар-Алла алдындағы адамдық борышына балаған ақын мінәжаттарында насихатшылдық-ақылгөйлік сарын да айқын. Өзгеге айтқан келелі кеңесінен өзі де ғибрат ала отыратын автор жалаулаған ұраншылдықпен емес, сабырлы сарапшылдықпен ой түйіндейді:

Мәңгілік, айтыңдаршы, күн кешті кім?
Білінбей өте шығар бұл бес күнің.
Қоздаған өсек, өтірік, күндестігің,
Аллаһтың ақиқатын білместігің!

Батқанша надандықтың құйына мың,


Жұртыма ұрттам су боп құйыламын.
Адамнан арашалап жүрегімді,
Бас қойып бір Аллаһқа сыйынамын!

Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиетінде мінәжат мәнді тұтас жыр-жинақтарын туындатқан шоқтығы биік бір тұлға − Гүлнәр Шәмшиева. «Тариқат жолы», «Махаббат саздары», «Қызғалдақ жауған әлем», «Рахман нұры» сынды соқталы дүниелер ұсынған ақын шығармалары, атынан белгілі болғандай, бір ғана тақырыпқа − имани құндылықтарға бағытталған. Гүлнәр мінәжаттары өзге ақындар туындыларына қарағанда діни ұғымдарға, сопылық терминдерге өте бай. Жүйелі көзқарасқа ие, сопылық теория («Қал ілімі») мен сопылық тәжірибеден («Хәл ілімі») хабардар ақын мінәжаттары рухани ізденіс үстіндегі дидар-ғашық дәруіштің үміт пен қауіпке («Хауф уа рижа»), махаббат пен мұңға толы жырлары түрінде көрініс тапқан:

Саған кетсем, бір дауа болар ма екен?
Жүрегім шербет үнге толар ма екен?
Баз кешкен байғұс жаным дүниеден
Жамал көрсе, есінен танар ма екен?!

Көкке кетсем, Нұрларға шомар ма екем?!


Жерде гүл ем, мұңымнан солар ма екен?!
Пәк сезімім жәудіреп жауһардайын,
Жәннат бағы жырыммен толар ма екен?!

Парасатты күй тартып отырар ма ем,


Жәннат бақта таңымды атырар ма ем?!
Періштеге Пырақты қосып беріп,
Жаббар ием, жаныңа шақырар ма ең?!

Келтірілген шумақтағы «дауа», «шербет», «дүние», «жамал», «нұр», «жауһар», «жәннат», «періште», «пырақ» ұғымдарының әрбірінің сопылық поэзияда бернелі астары бар. Бұл ұғымдар − бар болмысымен түйсініп болмаған ақынға алдыра қоймайтын, бір түйдектің бойында қиюласуы қиын талғампаз, текті ұғымдар. Рухани ізденістің сан сатысынан өтіп, белгілі бір дәрежеде байырқалаған жан ғана бұл тектес ұғымдарды ақаусыз меңгеріп, поэзиялық мәтінде кетігін тауып, орналастыра алады. Осы ерекшелік Гүлнәр ақынның мінәжаттарына тереңдік пен көркемдік бірдей тән екенін аңдатады.

Сопылық мінәжаттарға тән дәстүрлі сарынның бірі − тариқат ерлерінің тақуалық өнегесін ғибрат етіп, жырға қосу. Көркемдіктен гөрі танымдық, тәрбиелік мақсатты көбірек көздегенімен, бұл әдіс те ақынның айтпақ ой, аңдатпақ сезімдерінің әсер күшін үстемелей түседі:

Ей, Раббым, қалыбымды нұрландыр,


Жыр шашу шашайын жырдан бұл.
Зекет боп кетейін өзіңе,
Мансұр Халлаждай құрбан қыл!

Жер сынды жаралы сұр тандыр,


Тәслим қыл, адал қыл, ұлтан қыл.
Патшалығын Алла үшін тәрк еткен
Ибрәһим Әдһәмдай сұлтан қыл!

Жамалға жете алмай зарықтым,


Қияметте жүзімді жарық қыл.
Тас жастап, жыр жазған қанымен,
Қожа Ахмет Яссауидей ғаріп қыл .

Гүлнәр поэзиясының тосын өрнектерінің бірі ортағасырлық ақындарға тән тахаллус (автор есімі) қолдануынан танылады. Шығарманың аяқталғанын, ойдың қорытындыланғанын білдіріп, соңғы шумақта туынды иесінің өз атын келтіруі –шығыстық әдебиетте қалыптасқан дәстүр. Сопылық поэзияда да осы үрдіс қалтқысыз қадағаланады. Өлеңнің сыршылдығын тереңдете түсетін, даралық бояуын қанықтыратын бұл әдіс Гүлнәр ақын мінәжаттарында да сәтті қолданысқа енген:

Сені іздейді, жүрегім, жарық алаң,
Боздаған ботадайын ғаріп болам.
Гүлнәр құлды қасыңа шақырсаңшы,
Қияметке жетер бұл зарыққан ән…

Қазіргі қазақ ақындарының мінәжаттарында пішіндік алуан түрлілік көбірек көзге түседі. Гүлнәр жырларына тән ендігі бір ерекшелік өлең құрылысынан аңдалады. Ақын мінәжаттарында қолданылмаған буындық өлшем түрлері жоқ деуге болады. Дәстүрлі ең өнімді 7-8 және 11 буынды өлшемдермен қатар салыстырмалы түрде алғанда сиректеу кездесетін 13, 14, 15 буынды өлеңдер мен аралас буынды жырлар Гүлнәр шығармашылығына бірдей тән. Төл поэзиямызда Қожа Ахмет Йасауи хикметтерінен кейін мүлде дерлік қолданылмаған 12 буынды өлшем мысалдары да кездеседі:

Сәждеде құладым, Жаратқан алдыңа,
Егіліп жыладым, ерте-кеш пәктедім.
Тәрк еттім ғұмырды, сен үшін жанды да,
Ләззатты, қызықты, тойды да шектедім .

Өмірді көркем қабылдау сөз болып отырған автордың болмысына, жырларының табиғатына етене қасиет болатын. Сопылық ілім жолындағы ізденістер ақынды классикалық парсы-тәжік поэзиясымен тоғыстырғаны анық. Гүлнәр өлеңдеріндегі сопылық ғашықтық сарынының тереңдеуі, белсенді сөздік қорындағы кірме сөздердің үлес салмағының артуы, бейнелер жүйесіндегі шығыстық реңктің қоюлана түсуі − осы таныстықтың заңды жемісі. Дегенмен тілі мен ділі өзге ұлт әдебиетінің ақын шығармашылығына басқа да әсер қалдырған тұстары бар. Гүлнәр поэзиясының (соның ішінде мінәжаттарының да) жалт-жұлт жарқырауығы көп. Бұрыннан өмірді бейнелі, көркем қабылдайтын ақын парсы-тәжік поэзиясымен тереңдей танысқан соң өлеңдерінің осы сипаты басымдық ала түскен тәрізді. Мұңды мазмұнға жарқыраған әшекей үстелгенде, шабыттың шынайылығына еріксіз күмән тудырады. Шынайылық – мұң тілі. Ақынның жасанды секілді көрінетін жарқырауық мұңын қазақы таныммен қабылдау қиын.

Бертініректе туындаған Гүлнәр шығармаларының көбінде әсер тұтастығы жоқ. Бір өлеңнің жекелеген шумақтарында ой, образ, сурет тұтастығы, содан туындайтын әсер тұтастығы бар болғанымен, сол тұтастық келесі шумаққа жетпей кілт үзіліп, өлең ауаны басқа сарынға ауытқып жатады. Осы себептен көптеген өлеңдердің өн бойы құрау-құрау секілді әсер қалдырады. Экстаз − Аллаға ұласу хәліндегі дәруіштің лықсып төгілген, ығысып шегінген ағыл-тегіл сезімдері дәл сондай ағыл-тегіл әсерлер туғызып, бас-аяғы жиылмай қалған секілді. Сопылық поэзиядан хабары жоқ адам мұндай жырлардан тұтастық таба алмайды. Өлең өлшемі қазақы мәнерден барынша алыстаған. Тұтастық әсерін ол да бұзады. Төселген ақындық машықтың әсерімен ұйқас қана толық сақталған.

Гүлнәр ақынның негізгі назар мазмұнға аударылған мінәжат өлеңдерінде қарапайым оқырманға түсініксіз ақпараттар, символдар, образдар мен ұғымдар өте көп. Өлеңнің тілін ауырлатып, мазмұнын күрделендірген, қабылдануын қиындатқан да осы жайттар. Бұл айтылғандарды Гүлнәр поэзиясының кемшілігі емес, ерекшелігі, ешкімге ұқсамайтын өз әлемінің тосын өрнегі ретінде қарастыруға болады. Ақын әлемін игеруге өзіндік дайындық керек. Дегенмен бұл әлемде өзгеріске ұшыраған менталитеттің, жаттана бастаған сананың көріністері байқалатынын да атап айтқан жөн. Қалай болғанда да Гүлнәр Шәмшиеваның сыршыл шығармашылығы қазақ діни-сопылық поэзиясын бір белеске көтергенін сеніммен айтуға болады.



Төл әдебиетіміздегі мінәжат жанрының дамуы – әдебиет тарихының өн бойына созылып жатқан құбылыс. Алғашқы ауызекі әдебиет үлгілерінен бастап, бүгінгі жаңа ғасыр жырларына дейін жалғасып жатқан мінәжат өлеңдерінің қалыптасқан болмыс-бітімі, мәнер-машығы, көркемдік әдістері бар. Қоғамдық өзгерістерге, әлеуметтік көзқарастарға сәйкес аталмыш жанрға деген сұраныс артып, мінәжаттың дербес жанр ретінде тұлғалана көрінген кезеңдері де, нақты өмірлік тақырыптардың көбірек жырланып, мінәжат жанрының байсал тартқан тұстары да болды. Дегенмен адамның жан дүниесіндегі алғаусыз сезімдермен астасып жататын аса сыршыл мінәжат жырлары ешқашан әдебиет әлемінен ысырылып қалған емес. Қандай қилы кезеңдерде болмасын мінәжат мәнді өлеңдер өміршең қалпын сақтап, тұтастай буын өкілдерін өнегесіне ұйыта білді. Қазақ әдебиетінің алтын қорын байытқан рухани қазынамыздың бірі – мінәжат жырлары ескірмейтін, жоғалмайтын, әдебиет барда бірге жасайтын мәңгілік тақырыптардың бірі екенін жоғарыдағы талдаулар дәлелдейді.


Ақпарат көзі: www.TemaKosan.net интернет сайты




Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет