ҰЛТТЫҚ САНА ЖӘНЕ ТӘРБИЕ
Ұлттық сана – халықтың салт–санасы, тұрмыс–тіршілігі, мәдениеті, заман ағымы, тәлім–тәрбиесі арқылы қалыптасқан ұлттың ұлағатты ерекшелігі болып табылады.
Ұлттық сананың арқауы – халықтың салт–санасы. Салт–сана ізгі әрекет, әдет–ғұрып, әдеп, дәстүр, салт, салт–сана болып қалыптасқан жүйелі құбылыс. Ең әуелі ізгі (игілікті) дара әрекет елге жайылып, әдет–ғұрыпқа (жалпы қолданысқа) айналып, ол халықтық мәдени белгісі ретінде әдеп болып қалыптасады да, жалпы ұлттық қолданысқа (дәстүрге) айналады. Ұлттық дәстүр ұлттық салт болып қалыптасады. Салт – ұлттық заң. Ол заңды орындау – парыз. Ұлттық салт (заң) халықтың санасына сіңіп, мәдени қолданысқа айналғанда, ол салт–сана деп аталады. Ұлттық сананың деңгейі халықтың салт–санасының биігінен көрінеді.
Халықтың тұрмыс–тіршілігі өзінің қолданыстағы әрекеттік әрімен, нәмді мәнімен ұлттық сананың қалыптасуына зор әсерін тигізеді. Ертеде жүздеген қаласы болған қазақ халқының тұрмыс–тіршілігі «көшпенділік» қана емес, кейіннен жартылай көшпенді болған халықтық тұрмыс тіршілігі, «отырықшылық» арқылы өз мәдениетін одан әрі дамытып, ұлттық санасы толыса берді.
Қазақ халқының ұлттық мәдениеті, әдебиеті, көркем өнері заман ағымында, халықтық педагогикаға бай, ұлттық сана өркендеп (өркениетпен) қалыптасты. Сөйтіп, ол құбылыстар ұлттық сананың салтанаттығын қалыптастырды. Ұлы жеңіс, ұлағатты жеміс ұлттық тәрбиенің жүйелілігіне байланысты.
Ұлттық сананың түптамырлары: ұлттық салт–сана, ұлттық мәдениет, ұлттық әдебиет, тарихи күрес, тәрбие, табиғи тіршілік, жағрафиялық жағдай, ұлттық ой–сана, ұлттық болмыс жеке–жеке ұлы тақырып. Ұлттық сананың қалыптасу дәрежесін солар арқылы талдаймыз.
ҰЛТТЫҚ АР-НАМЫСТЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ
Атам қазақтан тумысы бір рулар тарап, таңбасы бір тайпалар өрбіп, ергенелі ел құралып, қаһарман халық болып, ұлы ұлт құралды. Қазақ ұлтының басқа ұлттар сияқты найзалы намысы бар.
Ұлттық тәлім-тәрбие арқылы ер намысы қалыптасып, ол қасиет барлық ер азаматтар мен қаһарман қыздардың бойына сіңіп, халқымызға қайрат беріп, ұлттық ар-намыс құдіреті пайда болды.
Ұлттық ар-намыс жігерлендірген қазақ халқы тарихта қытай, араб, монғол шапқыншылықтарына тойтарыс беріп, орыс патшалығының отаршылдық саясатын ойрандап, ұлағатты ұлт, егеменді ел болды.
Ұлттық намыс – халықтың құдыретті қуаты. Ол адалдық ар, ел бірлігі, ұлттық әдеп, ұлттық рух, қаһармандық, жігерлі еңбек арқылы ғасырлар бойы ғаламат қалыптасқан. Оның өзекті негіздері: адалдық, ел бірлігі, ұлттық әдеп, отансүйгіштік қасиеттер болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |